Бәйдібек ауданы инвестиция тарту үшін тартымды аймақ болып табылады. Ауыл шаруашылығының жоғары көрсеткіштері, өндіріс орындарының өсуі, инфрақұрылымның дамуы, стратегиялық жоспарланған жобалар – инвесторлар үшін нақты мүмкіндік.
Осы бағытта аудан әкімі аппаратының басшысы Фазылбек Әуеннің төрағалығымен инвестор тарту мәселелері бойынша жиын өтті. Жиынға ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер және тиісті сала мамандары қатысты. Кездесу барысында ауданның инвестициялық әлеуетін арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ экономиканың басым бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі және шағын және орта бизнесті дамыту бағыттарында атқарылатын жұмыстар талқыланды.
Жиында инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен қолданудың маңыздылығына айтылды. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдеріне өз аумақтарындағы инвестициялық жобаларды нақтылап, әлеуетті инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді.Аталған жиын аудан экономикасының тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық белсенділікті арттыруға бағытталған.
« – Бәйдібек ауданына инвестор тарту – өңір дамуының маңызды тетігі. Ауданның кең байтақ жері, табиғи байлығы, ауыл шаруашылығына қолайлы климаты бар және туризмге әлеуеті зор өңірлердің бірі. Аталған аймақты өркендетудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартудың ең тиімді жолдарының бірі – инвестор тарту. Инвестиция – тек қаржы құю емес, жаңа технология, заманауи басқару тәжірибесі, инновациялық идеялардың келуі. Аудан жері мал және егін шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Сондықтан мал бордақылау алаңдары,ет және сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар,жем-шөп өндіру кешендері инвесторлар үшін тиімді бағыт бола алады. Сондай-ақ, Бәйдібек ауданы табиғатымен, тарихымен, киелі орындарымен танымал өңір. Туристік маршруттар, демалыс аймақтары, қонақ үйлер мен этноауылдар салуға үлкен мүмкіндік бар. Бұл бағыт тек табыс көзі емес, аудан беделін арттыратын маңызды жоба.Бізде табиғи ресурстар мен шикізат қоры жеткілікті. Тиімді ұйымдастырылған жағдайда кірпіш, құрылыс материалдары өндірісі, шағын өнеркәсіп нысандары іс жүзінде табысты жобаға айнала алады. Бұл бағытта ауданның мүмкіндіктерін нақты көрсететін, жобалар тізімі, бос жер телімдері, инфрақұрылым жағдайы енгізілген ақпараттық база дайын болуы керек. Жол, су, газ, электр, интернет – инвестор үшін шешуші факторлар. Инфрақұрылымы дайын аймаққа инвестиция тез келеді. Ауданның инвестициялық мүмкіндігін таныстыратын форумдар, кездесулер, бизнес-брифингтер ұйымдастыру да маңызды. Сонымен қатар әлеуметтік желі және ақпараттық алаңдарды тиімді пайдалану керек. Инвестор үшін білікті жұмыс күші керек. Сондықтан аудан жастарын кәсіптік білімге баулу да маңызды қадам. Инвестициялық жобалардың арқасында экономика өседі, бюджет күшейеді, инфрақұрылым дамиды. Халыққа жаңа жұмыс орындары ашылады, табыс артады, әлеуметтік жағдай жақсарады. Бәйдібек ауданы – мүмкіндігі мол, болашағы зор өңір деп айта аламын. Оны дамыту үшін жоспарлы жұмыс, дұрыс саясат және белсенді бастамалар қажет. Инвестор тарту – ауданның экономикалық қуатын арттырып, халықтың тұрмысын жақсартатын маңызды бағыт. Сондықтан бұл істі жүйелі түрде ұйымдастырып, нақты жобалар арқылы жүзеге асыру – басты міндет.» – деді аудан әкімі аппаратының басшысы Фазылбек Әуен.
Бәйдібек ауданында биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша экономиканың негізгі салаларында оң серпін байқалады. Әсіресе аудандағы егін шаруашылығының әлеуеті өте жоғары: облыс бойынша егілген 282 мың гектар масақты дақылдардың 23 пайызы немесе 65 мың гектары дәл осы Бәйдібек ауданына тиесілі. Биылғы жылы шаруаларды қолдау мақсатында 6 547 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. 10,6 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді. 40 жоба жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылды.
Су үнемдеу – заман талабы. Аудан аумағындағы 105 мың гектар егістік жердің өнімділігін арттыру үшін су үнемдеу технологияларына басымдық берілуде. Су үнемдеу технологиясы енгізілген алқап биыл 2 459 гектарға жетті. Тағы бір жақсы жаңалықтың бірі – құрылысы жүріп жатқан «Бәйдібек ата» су қоймасынан тартылатын 21 шақырымдық канал 1261 гектар суармалы жердің жағдайын жақсартады. Сондай-ақ, 618 гектар жайылымдық жерді суармалы алқапқа айналдыру бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Ауданда жайылым мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылға жоспарланған 13 000 гектар жердің орнына, қазірдің өзінде 14 508 гектар жайылым жер мемлекетке қайтарылып отыр. Сонымен қатар аудан экономикасын дамыту мақсатында 2025–2027 жылдарға жоспарланған 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар арқылы 481 жаңа жұмыс орны ашылуы күтілуде. Бәйдібек ауданы бүгінде тек аграрлық аймақ емес, өндірісі мен жаңартылған энергия көздері қатар дамыған, инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірге айналып келеді.
