ТҮРКІСТАН: ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ӘДІСІМЕН ЕРТЕ ПІСЕТІН КӨКӨНІС ДАҚЫЛДАРЫН ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында қаңтардың қақ ортасында ерте пісетін көкөніс дақылдарын егу жұмыстары басталды. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өңір тұрғындарын сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында биыл аудан бойынша жалпы көлемі 60,3 мың гектар егістік алқапты игеру көзделген болса, оның ішінде 1405 гектар жерге ерте және орта мерзімде пісетін көкөніс дақылдарын егу жоспарланып отыр.

Аталған жұмыстар аясында Мақтаарал ауылдық округінде ерте өнім алуға бағытталған нақты қадамдар жасалуда. Ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол шаруалардың бірі – Күшербаев Шағыр Ертуғанұлы 8 гектар алқапқа ас үй қызылшасын заманауи тамшылатып суару технологиясы арқылы егуде.

Бұл әдіс су ресурстарын үнемдеуге, тыңайтқыштарды өсімдік түбіне дәл жеткізуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы өнім көлемін дәстүрлі әдістермен салыстырғанда екі есеге дейін арттыруға болады. Тамшылатып суару – өнімділікті арттырудың тиімді жолы.

Қазіргі таңда су ресурстарын үнемді пайдалану ауыл шаруашылығындағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Климаттың өзгеруі, жауын-шашын көлемінің азаюы және суға деген сұраныстың артуы егін шаруашылығында жаңа технологияларды енгізуді талап етеді. Осы орайда тамшылатып суару технологиясы тиімділігімен ерекшеленіп, аграрлық салада кеңінен қолданыла бастады. Бұл әдістің басты артықшылығы – су тікелей өсімдіктің түбіріне жеткізіліп, ысырапсыз пайдаланылуы. Нәтижесінде топырақтың ылғалы бірқалыпты сақталып, дақылдың өсуіне қолайлы жағдай қалыптасады.

Сонымен қатар, тамшылатып суару суды 40–50 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе су тапшылығы сезілетін аймақтар үшін аса маңызды. Дәстүрлі арықпен немесе жайып суару кезінде судың бір бөлігі буланып кетсе, енді бір бөлігі топыраққа сіңіп, егістікке толық жетпей қалады. Ал тамшылатып суару жүйесінде әр тамшы есеппен жұмсалады. Тағы бір маңызды артықшылығы – еңбек шығынының азаюы. Бұл технологияны енгізу арқылы шаруалар қол еңбегін қысқартып, уақытты үнемдейді. Сонымен бірге минералды тыңайтқыштарды сумен бірге беруге мүмкіндік туып, тыңайтқыштың тиімділігі артады. Бұл өз кезегінде өнім сапасының жақсаруына оң әсер етеді.

Бүгінде тамшылатып суару көкөніс, бақша, жеміс-жидек және мақта, жүгері секілді бірқатар дақылдарда жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай әдісті қолданған шаруашылықтарда өнім көлемі артып қана қоймай, шығын да едәуір қысқарған. Жалпы тамшылатып суару технологиясы – су үнемдеудің, өнімділікті арттырудың және ауыл шаруашылығын тұрақты дамытудың тиімді тетігі. Сондықтан бұл әдісті кеңінен енгізу – аграрлық саланың болашағы үшін маңызды қадам болып табылады.

Мақтаарал ауданындағы шаруашылықта да барлық агротехникалық талаптар сақталып, егіс жұмыстары белгіленген мерзімде жүргізілген. Қолайлы ауа райы жағдайында ас үй қызылшасының алғашқы өнімі сәуір айында пісіп жетіледі деп күтілуде. Ерте өнім алу нарықтағы бағаның тұрақталуына және тұрғындарды жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізбек. Сонымен қатар ауданда жуық арада қырыққабат дақылын егу жұмыстары да басталады. Бұл көкөніс түрі де ерте пісетін дақылдардың қатарына жатады және ішкі нарықта сұранысқа ие өнім саналады.

Биыл,  Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 919 мың гектар жерге егіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. Оның 536 мың гектары – жаздық, 208 мың гектары – күздік дақылдар, ал 175 мың гектары – көпжылдық жоңышқа.

КЕЛЕС АУДАНЫНДА 51.5 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 7 АГРАРЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Түркістан облысының Келес ауданы – табиғаты мен тіршілігі тұтасып жатқан нағыз аграрлы өңір. Сулы Келес пен Құр Келес өзендерінің арасына жайғасқан бұл аймақтың топырағы аса құнарлы. Халық арасында айтылатын «шыбық қадасаң, тал болатын жер» деген сөз Келес жеріне дәл келеді. Мұнда тек жер ғана емес, сол жердің қадірін білетін еңбекқор тұрғындар да мол.

Келестік диқандар ерте көктемнен бастап жер-ананы баптап, қар түскенше маңдай терін төгеді. Соның нәтижесінде бүгінде ашық алқаптың өзінде жылына үш өнім алу тәжірибесі қалыптасқан. Бұл – өңірдің ауыл шаруашылығындағы әлеуетінің айқын дәлелі.

Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында аудан аумағында ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жобалар іске асырылуда. Жалпы құны 51.5 млрд теңгені құрайтын 7 ірі жоба жүзеге асырылып, 1 467 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл бастамалар Келес ауданы мен жалпы облыстың экономикалық әлеуетін арттырып, ауыл тұрғындары үшін жаңа табыс көзін ашпақ.

Ең ірі жобалардың бірі – «Ecoculture-Eurasia» ЖШС қолға алған заманауи жылыжай кешені. Жалпы аумағы 500 гектарды құрайтын бұл жобаның алғашқы кезеңінде 50 гектар игерілуде. Құны 42 млрд теңге болатын жоба нәтижесінде 1 337 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Құрылыс 2025–2026 жылдары жүргізілсе, 2025 жылы-ақ оның 6,25 гектары пайдалануға берілді. Жоба Ақтөбе ауылдық округінде орналасқан.

Ауданның өзге елді мекендерінде де ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Ошақты ауылдық округінде «EcoPaulownia KZ» ЖШС 100 гектар аумақта павлония көшеттерін отырғызып, 500 млн теңгелік инвестиция тартады. Бұл бастама 30 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Мал шаруашылығы да Келес ауданында қарқынды дамуда. Қошқарата ауылдық округінде «Абдималиков Мейіржан» шаруа қожалығы 15 000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр. 8,0 млрд теңгелік жоба 2026 жылы іске асырылып, 30 адам жұмыспен қамтылады.

Бау-бақша және жүзім шаруашылығы бағытында да тың жобалар бар. Біртілек ауылдық округінде «Умаров» шаруа қожалығы 12 гектар аумаққа шабдалы бауын отырғызуда. 200 млн теңге көлеміндегі бұл жоба 10 адамға жұмыс береді. Сонымен қатар осы округте жеке кәсіпкер «Абдиев» жүзім шаруашылығын дамытып, 3,2 млрд теңге инвестиция салуды көздеп отыр. Нәтижесінде 20 жаңа жұмыс орны ашылады.

Алпамыс батыр ауылдық округінде АӨК «Ер-Тайыр» 67 гектар аумақта жүзім бауын дамытуды қолға алған. 400 млн теңгелік жоба 2025–2026 жылдары жүзеге асып, 30 адамды жұмыспен қамтымақ. Сондай-ақ Ақтөбе ауылдық округінде «Бозсу» шаруа қожалығы балық шаруашылығын дамытып, 200 млн теңге көлемінде инвестиция тартуда. Бұл жоба аясында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Берекелі жері мен еңбекқор халқы бар Келес ауданы бүгінде ауыл шаруашылығы саласында жаңа белестерді бағындыруда. Іске асырылып жатқан жобалар – өңір экономикасының тірегі ғана емес, ауылдың болашағына бағытталған нақты қадам. Келес – аграрлық әлеуеті зор, дамуға даңғыл жол ашқан өңір.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ECO NETWORK БАСТАМАСЫМЕН «ЖАСЫЛ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысында «Жасыл мектеп» жобасы іске қосылды. Бұған дейін облыс әкімдігі мен ECO Network жобасының жетекшілері арасында келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде Созақ ауданындағы 5 жалпы білім беретін мектепте іске асырылуда. Осыған орай бүгін ауданда жобаны таныстыру мақсатында қалдықтарды бөлек жинау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және тұрақты даму қағидаттары бойынша ақпараттық-таныстыру шаралары ұйымдастырылды. Аталған бастама өңірдегі экологиялық ағартуды дамытуға және жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Айта кетсек, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ECO Network жобасының жетекшісі Евгений Мұхамеджановпен кездескен болатын. Кездесу барысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, саналы тұтыну әдеттерін өзгерту, қалдықтарды сұрыптап жинау, сондай-ақ ECO Network бастамасымен «Жасыл мектеп» жобасын Түркістан облысында іске қосу мәселелері талқыланды.

Кездесуде Евгений Мұхамеджанов «Жасыл мектеп» жобасының негізгі мақсаттарына тоқталып, өзге өңірлерде жүзеге асырылған тәжірибелерімен бөлісті. Оның айтуынша, «Жасыл мектеп» жобасы экологиялық білім беру деңгейін арттыруға, оқушылар арасында экологиялық мәдениет пен жанашыр көзқарасты қалыптастыруға бағытталған. Жоба аясында оқушыларға қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды сұрыптау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және тұрақты даму қағидаттары бойынша білім беріледі.

Жоба КАТКО компаниясының демеушілігімен, сондай-ақ Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен қолға алынған. Сонымен қатар жоба «Таза Қазақстан» мемлекеттік бастамасы аясында жүзеге асырылып, ел көлемінде экологиялық сананы арттыруға қосылған маңызды үлес болып саналады.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары экологиялық бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде экология бағытындағы жобаларды қолдау басым бағыттардың бірі екенін жеткізді. Сондай-ақ ECO Network компаниясымен ынтымақтастық орнатып, бірлескен жобаларды іске асырудың тиімділігіне тоқталды.

Жоба аясында жиналған қалдықтардың көлемі туралы барлық дерек econetwork.green «жасыл» компаниялар порталында тұрақты түрде жүктеліп отырады. Жобаның бірінші жылының қорытындысы бойынша мектептерде ғана емес, оқушылардың бастамасымен олардың отбасыларында да қалдықтарды бөлек жинаудың тұрақты тәжірибесін қалыптастыру көзделген. Балалар жинаған сұрыпталған қалдықтардан түрлі бұйымдар дайындалып, қатысушыларға сыйлық ретінде табысталады. Атап айтқанда, брелоктар, телефонға арналған тұғырлар әзірленеді. Басты жүлдесі – қайта өңделген пластиктен жасалған шахмат жиынтығы. Жоба қорытындысы бойынша үздік мектепті орындалған модульдердің нәтижелері негізінде арнайы комиссия анықтайды.

 

ТҮРКІСТАН: БАСҚАРМА БАСШЫСЫ СОЗАҚ, БӘЙДІБЕК АУДАНДАРЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БАРДЫ

Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Тулепов арнайы жұмыс сапарымен Созақ ауданындағы «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барды.

Іссапардың мақсаты – басқармаға қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелердің жұмысын үйлестіру. Сапар барысында тұқымбақтағы көшеттердің сапасына бақылау жүргізіліп, 2026 жылғы көктемгі ағаш отырғызу науқанына дайындық мәселелері пысықталды. Сондай-ақ техникалардың жарамдылығы тексерілді.


Одан кейін басқарма басшысы Бәйдібек ауданындағы «Сырдария – Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде болды. Мұнда материалдық-техникалық базаның жұмысқа жарамдылық жағдайы зерделенді. Сонымен қатар 2026 жылға арналған жұмыс және өндірістік жоспарлар тексеріліп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктелді. Аталған бағыттағы іссапар алдағы уақытта өзге аудандарда жалғасын табады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 2025 ЖЫЛЫ 41 ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

Түркістан облысында соңғы жылдары табиғи газбен қамту мәселесі өңірлік дамудың басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Үкімет бекіткен бағдарламалар аясында облыста газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі әрі қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейтуге зор үлес қосуда. Табиғи газ – қазіргі заманғы ең тиімді әрі экологиялық таза отын көздерінің бірі. Түркістан облысында елді мекендерді газбен қамту арқылы тұрғындар бұрынғыдай көмір, отын немесе сұйытылған газға тәуелді болмай, қолайлы әрі қауіпсіз тұрмысқа қол жеткізуде. Әсіресе ауылдық жерлер үшін көгілдір отынның келуі үлкен жеңілдік әкелді. Үй жылыту, ас дайындау, тұрмыстық қажеттіліктерді өтеу бұрынғыдан әлдеқайда оңай әрі үнемді бола түсті.

Осы мақсатта 2025 жылы 87 нысанның құрылысы қолға алынды. Соның ішінде 45 жобаның құрылысы аяқталса, қалған 42 жобаны биыл аяқтау жоспарланған. Жыл қорытындысымен 70 мың халқы бар 41 елді табиғи газбен қамтылды. Нәтижесінде облыста газдандыру деңгейі 606 елді мекенге жетіп, 75,1 пайызды құрады. 1,9 млн халық «көгілдір отынмен» қамтылып, қамту деңгейі 88,9 пайызға жетті.

Газдандырудың тағы бір маңызды қыры – экологиялық ахуалдың жақсаруы. Қатты отынды пайдаланудың азаюы ауаға таралатын зиянды қалдықтарды төмендетіп, қоршаған ортаны қорғауға оң әсер етуде. Бұл өз кезегінде халық денсаулығын нығайтуға ықпал етеді.

Облыста газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Магистральды және ішкі газ құбырларын тарту, автоматтандырылған газ тарату станцияларын салу, елді мекен ішіндегі желілерді жаңарту сияқты ірі жобалар қолға алынған. Бұл жұмыстар тек ірі қалаларда ғана емес, шалғай ауылдарды да қамтып отыр. Газ инфрақұрылымының дамуы өңірдегі инженерлік желілердің жалпы сапасын арттырып, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың салынуына жол ашуда. Мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен мәдениет үйлерінің газға қосылуы бюджет шығындарын оңтайландырып, мекемелердің үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беруде.

Табиғи газдың қолжетімді болуы кәсіпкерлік пен өндірістің дамуына да оң ықпалын тигізуде. Газ – көптеген өндірістік нысандар үшін негізгі энергия көзі. Осыған байланысты өңірде шағын және орта бизнес субъектілері көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Наубайханалар, жылыжай кешендері, өңдеу цехтары сияқты кәсіпорындар газдың арқасында өнім көлемін арттырып, өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік алып отыр.

Сонымен қатар газ инфрақұрылымының дамуы инвестициялық тартымдылықты арттырады. Инвесторлар үшін дайын инженерлік желілері бар аумақтар аса маңызды. Бұл Түркістан облысының өндірістік және аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануға жол ашады.

Өткен жылы, Созақ ауданындағы автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы толық аяқталып, газға қосылды. Бұл қыс мезгілінде магистральді газ құбырын өшірмей, кез келген уақытта газ алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Еврохим магистральді газ құбырында тазалау, құбыр бойындағы крандарды тексеру, қысымдаудан өткізу жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімдігімен газ құбырын қосу бойынша арнайы жол картасы бекітілді. Одан бөлек, Сайрам ауданындағы Құтарыс және Қызылжар елді мекендерін газға қосу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқталып, газға қосылды.

Газдандыру – тек экономикалық жоба ғана емес, әлеуметтік маңызы бар бастама. Көгілдір отынға қосылған ауылдарда халықтың өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсарып, жастардың туған жерінде тұрақтап қалуына жағдай жасалуда. Бұл өз кезегінде ауылдардың дамуына, әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуына ықпал етеді.

Облыс басшылығы алдағы жылдары газбен қамтуды одан әрі кеңейтуді мақсат етіп отыр. Жоспар бойынша қалған елді мекендерді кезең-кезеңімен газ жүйесіне қосу арқылы өңір халқының басым бөлігін көгілдір отынмен қамтамасыз ету көзделуде.

Түркістан облысында табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды әрі нәтижелі жүргізілуде. Бұл бастама халықтың тұрмысын жеңілдетіп, экологиялық жағдайды жақсартумен қатар, экономиканың дамуына және инвестициялық әлеуеттің артуына зор серпін беріп отыр. Көгілдір отын – өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып қала береді.