Абаттандыру мен санитарлық жұмыстар – қоршаған ортаны қорғаудың маңызды бағыты. Қоршаған ортаны қорғау – қазіргі қоғамның басты міндеттерінің бірі. Табиғатты сақтау, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында абаттандыру мен санитарлық жұмыстардың маңызы ерекше. Бұл бағыттағы жүйелі іс-шаралар елді мекендердің көркін жақсартып қана қоймай, адам денсаулығына да тікелей әсер етеді.
«Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қала аумағында абаттандыру, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және тұрғындар қауіпсіздігін сақтау бағытында жоспарлы жұмыстарды жүзеге асыруда.
Атап айтқанда, ойын алаңшалары мен ағаш орындықтарды ретке келтіру және қайта қалыпқа келтіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Алтын бидай көшесіндегі ойын алаңшасы ретке келтіріліп, қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар, Жаңа қала шағынауданы 9-көше, 10/8 үйлер ауласындағы ойын алаңшасында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Каскад шағынауданы, 10/5 үйлер ауласында сынған ойын алаңшалары мен орындықтар қайта қалыпқа келтірілді.
Қыс мезгіліндегі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында қар күреу жұмыстары да жүйелі түрде орындалуда. Жаңа қала шағынауданы 11-көшесінде қар күреу жұмыстары жүргізілді. Саттарханов көшесінде аталған жұмыстар жалғасуда. Қалалық әкімдік аумағында, Қазыбек би көшесінде қар тазалау жұмыстары толық орындалды. Сондай-ақ, Жарылқапов көшесінде қар күреу және тұз шашу жұмыстары атқарылды.
Бұдан бөлек, электр сымдарына тиіп тұрған және апаттық жағдайда тұрған ағаштарды қысқарту жұмыстары жүргізілуде. Абдрахманов көшесі, 3-үй мекенжайында талдарды қысқарту жұмыстары аяқталды. Ықылас көшесі, 3-үй аумағында ағаштарды қысқарту жұмыстары қазіргі таңда жүргізілуде. Ал Құрылысшы көшесі, 17-үй маңында апаттық жағдайда тұрған ағаштар қысқартылды.
Санитарлық жұмыстар қоршаған ортаны қорғауда шешуші рөл атқарады. Оған тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытылы жинау, қоқысты сұрыптау, заңсыз қоқыс орындарын жою, көшелер мен қоғамдық орындарды тазалау жатады. Тазалық сақталған ортада жұқпалы аурулардың таралу қаупі азайып, тұрғындардың денсаулығы жақсарады. Санитарлық талаптардың орындалуы экожүйенің тепе-теңдігін сақтауға да септігін тигізеді.
Осы тұста айта кететін жайт, абаттандыру мен санитарлық жұмыстардың тиімділігі тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, экологиялық сауаттылықты арттыру және ортақ мүлікке ұқыпты қарау – тұрақты дамудың негізгі шарттары. Қоғамдық сенбіліктер, экологиялық акциялар мен еріктілер қозғалысы бұл бағыттағы жұмысты күшейтеді.
