Бүгін Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері Анартаев Ахмеджан атаны 9 мамыр – Жеңіс күнімен “Ауыл” партиясының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиал төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Қалмұратов Төрегелді Оразалыұлы арнайы құттықтады.
Кездесу барысында майдангерге сый-сияпат табысталып, құрмет көрсетілді. Ел үшін от кешкен ардагердің ерлігі мен өнегелі өмір жолына ризашылық білдіріліп, жылы лебіздер айтылды.
Ахмеджан ата ақ батасын беріп, елге амандық, жұртқа тыныштық тіледі. Ардагерлердің ерлігі – кейінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі. Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!
Бүгін Мақтаарал ауданы, Бірлік ауылдық округіне қарасты Алғабас елді мекенінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай сенбілік ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында ауыл аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, шарбақтар сырланып, айнала шөптерден тазартылды. Бұл игі бастама елді мекеннің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосты.
Аталған сенбілікке “Ауыл” партиясының Мақтаарал ауданы бойынша аумақтық ұйымның төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Бексұлтан Абзал Ермаханұлы, “Бірлік” бастауыш партия ұйымының төрағасы Асқар Елшеев және партия белсенділері белсене қатысып, ортақ іске жұмыла кірісті.
Мұндай шаралар ауыл тұрғындарын бірлікке шақырып, туған жерге деген жанашырлықты арттыруға ықпал етеді.
Астана тағы да әлемдік киберспорттың назарын өзіне аударады. Қалада PGL Astana 2026 халықаралық турнирі өтеді. Counter-Strike 2 бойынша өтетін бұл додаға әлемнің үздік 16 командасы жиналып, миллиондаған аудитория көз тігетін ірі аренаға айналады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Турнир 15-17 мамыр аралығында Barys Arena алаңында өтеді. Оған әлемдік деңгейдегі 16 команда қатысады.
2025 жылы өткен турнир үлкен табысқа жетті: онлайн көру көрсеткіштері рекордтық деңгейге жетіп, халықаралық аудитория тарапынан жоғары қызығушылық болды. Соның нәтижесінде Астана әлемдік киберспорттың жаңа орталықтарының бірі ретінде өз мәртебесін нығайтты. 2026 жылы турнирдің қайта өткізілуі осы жетістіктің логикалық жалғасы болды.
Турнирдің ұйымдастырушысы – PGL Esports SRL, киберспорт жарыстарын өткізетін әлемдегі жетекші операторлардың бірі.
2026 жылы турнирдің жүлде қоры 1,6 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтылды. Бұл оны «Counter-Strike 2» бойынша мейджорлардан (киберспорт турнирлер сериясынан) жоғары жүлде қоры бар жарыстардың біріне айналдырады.
Түркістан қаласындағы №33 жалпы білім беретін «Келешек» мектебінің бітіруші түлектері «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджін өткізді. Игі бастама аясында мектеп ауласына көшеттер отырғызылды. Түлектердің бұл бастамасы – жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, мектеппен байланысын нығайтатын тағылымды шаралардың бірі болмақ.
Биыл аталған білім ордасынан 28 дарынды түлек үлкен өмірге жолдама алмақ. Олардың қатарында Хақназар Шеріпхан «Алтын белгі» иегері атанса, Жасұлан Пернехан «Үздік аттестат» иегері. Сонымен қатар, мектеп шәкірттері білім мен спорт саласында да жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтқанда, Арафат Молдағалиев 2025 жылы Беларусь елінде өткен «Даму кубогы» халықаралық турниріне қатысып, ел намысын қорғаған. Ал Расул Досан өз білімінің арқасында Дания елінде ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі байқауларда үздік нәтижелер көрсеткен.
«Turkestan Night Run – 2026» – тек жүгіру жарысы емес, Ұлы Жібек жолының рухын заманауи форматта жаңғыртқан түнгі фестиваль. Іс-шараның басты ұраны – «Сен жай ғана жүгірмейсің – сен ғасырларға созылған жолдан өтесің». Бұл идея қатысушыларға ежелгі керуен сапарын символикалық түрде сезінуге мүмкіндік береді.
Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жарысқа қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі.
– Бұл іс-шара тек спорттық жарыс қана емес, бұл – бірлік пен жігердің, салауатты өмір салтын дәріптеудің мерекесі. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ шетелден келген кәсіби атлеттер мен әуесқой спортшылар бас қосуда.
Түркістан төрінде осындай ауқымды іс-шараның өтіп жатқанына қуаныштымыз. Марафон арқылы бұқаралық спорт дамып қана қоймай, қаламыздың туристік және спорттық әлеуеті де кеңінен таныстырылады, – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.
Жарыс кешкі уақытта басталып, қала көшелері ерекше жарықпен, музыкалық сүйемелдеумен және театрландырылған қойылымдармен көмкерілді. Трасса бойында «Оазис», «Уақыт құмдары», «Қасиетті Түркістан» секілді тақырыптық аймақтар құрылып, әрбір қашықтық тарихи сапардың кезеңдерін бейнеледі.
Халықаралық деңгейдегі марафонға жалпы саны 3 мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде 6 елден келген 70 шетелдік спортшы және Қазақстанның әр өңірінен жиналған 800-ге жуық адам бар. Жалпы ауқымды додаға 5 мыңнан аса адам жиналды. Марафонға қатысушылар 5,10 және 21 шақырым қашықтықтарда бақ сынасты.
Кеш барысында көрермендер үшін би сайыстары, викториналар және балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары өтті. Жарыс соңында жеңімпаздар марапатталып, қатысушыларға сыйлықтар табысталды.
«Turkestan Night Run – 2026» – спорт, мәдениет және тарихты тоғыстырған ерекше жоба. Бұл бастама Түркістанды халықаралық деңгейдегі спорттық-туристік орталық ретінде дамытуға бағытталған.
Түркістан облысында туризмді дамыту бағытында жаңа әрі ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылындағы көркем тау бөктерінде заманауи капсулалық демалыс орындары алғаш рет бой көтеруде.
Қазіргі таңда «Хантау» демалыс аймағының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба туристерге қолайлы жағдай жасап, өңірдің тартымдылығын арттыруға бағытталған. Жалпы құны шамамен 1 млрд теңгені құрайтын бұл бастама аймақтың туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтермек.
Жоспар бойынша демалыс аймағы бір мезетте 200-ден астам келушіні қабылдай алады.
Сонымен қатар, ай сайын 20 мыңға жуық туристке қызмет көрсету көзделуде. Бұл жоба ішкі туризм мен кіру туризмін дамытуға серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді.
Сондай-ақ, инвестор тарапынан инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілуде. Атап айтқанда, су үстінен көпір салынып, 6 шақырымға дейін электр желілері тартылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта осы аумақта кәсіп бастаймын деген азаматтарға қолайлы жағдай жасап, жаңа жобалардың жүзеге асуына негіз болады.
Аталған демалыс аймағы табиғат аясында сапалы демалыс ұсынатын бірегей орынға айналып, өңір туризмінің жаңа орталығы болары сөзсіз.
Мен бүгінгі мерекеге орай құттықтауымды мақал-мәтелден бастасам деп отырмын.
Ауыл болса-қауым бол, Ауылы бірдің-ауызы бір демекші, елімізде өмір сүріп жатқан әрбір ұлт, дінімізге, тілімізге, нәсілімізге бөлінбей, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып бірлік пен ынтымақты насихаттап бір аспанның астында ғұмыр кешу әрбіріміз үшін өте үлкен мәртебе деп білемін. Бір үйдің балаларындай бір-бірімізге қамқор, жанашыр болып, ауызбіршілігіміз бір жерден шығып, Отанымыздың ұйытқысы болу неткен керемет сезім десеңізші….
Қазақта балаға ЫНТЫМАҚ-БІРЛІК деген егіздердің есімін беру тектен-тек емес екен ғой шіркін-ай….
БАРШАҢЫЗДЫ АТАУЛЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАЙ ОТЫРЫП, ЫНТЫМАҒЫМЫЗ ЫДЫРАМАЙ, БІРЛІГІМІЗ БЕКЕМ БОЛСЫН ДЕП ТІЛЕЙМІН!! ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!!
Түркістан облыстық мәслихат депутаты, Қалыйма Жантөреева!