«АРМАНДАР ОРЫНДАЛАДЫ» ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысында ерекше күтімді қажет ететін балалардың арманын орындауға бағытталған «Армандар орындалады» әлеуметтік жобасы төрт жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында облыстың әр өңірінен өтініш-хат жолдаған 1000-ға жуық баланың тілегі орындалған.

Бүгін «Медина Палас» сарайында жобаның 42-шарасы ұйымдастырылып, Арыс, Бәйдібек және Сауран аудандарынан келген балалардың армандары орындалуда.

Ізгі бастамаға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы, «Respublica» партиясының Түркістан облыстық филиалы Өңірлік кеңесінің төрағасы, «Амина» клиникасының құрылтайшысы Гүлбахрам Сартбаева, облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы және кәсіпкерлер қолдау білдіріп отыр.

Жобаның негізгі мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін балаларға қуаныш сыйлау, олардың арман-тілектерін орындауға қолдау көрсету және қоғамда мейірімділік пен қайырымдылық құндылықтарын дәріптеу.

Гүлбахрам Пернебайқызы Мағжан және Бағжан есімді бүлдіршіндердің арманын орындап, оларға велосипед сыйлап, қуанышқа бөледі. Сондай-ақ, жоба жетекшісі Әсел Бимурзаеваға балалардың арманын орындауға бағытталған еңбегі үшін алғыс білдірді.

«Армандар орындалады» жобасы балаларға үміт сыйлап, олардың өміріне қуаныш ұялатуға бағытталған игі бастамалардың бірі болып табылады. Балалардың тілегін орындап, жүздеріне қуаныш сыйлау – үлкен бақыт.

ТҮРКІСТАНДА РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІНЕ ОРАЙ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ СПОРТТЫҚ ІС-ШАРАЛАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

18 қазан – Рухани келісім күніне орай Түркістан қаласында қоғамдық бірлікті нығайтуға, конфессияаралық татулықты дәріптеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды.

Осыған орай, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Руханият» саябағында ағаш отырғызу іс-шарасы өтті. Оған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, діни конфессия өкілдері мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.

Қатысушылар саябақ аумағына ағаш көшеттерін отырғызып, өңірді көгалдандыруға өз үлестерін қосты. Экологиялық бастама қоршаған ортаны қорғаумен қатар, қоғамдағы бірлік пен ортақ жауапкершілікті дәріптеуге бағытталған.

Сонымен қатар осы күні Түркістан қаласындағы «Аманбай» спорттық-сауықтыру кешенінде діни конфессия өкілдері мен облыста діни саладағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында қызмет атқаратын мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері арасында спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Спорттық іс-шаралардың басты мақсаты – түрлі конфессия өкілдері мен мемлекеттік органдар қызметкерлері арасында достық қарым-қатынасты нығайту, өзара түсіністік пен командалық рухты қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау.

Рухани келісім күніне орай ұйымдастырылған бұл бастамалар – мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға, конфессияаралық татулықты бекемдеуге және қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған.

ТҮРКІСТАНДА «ШЕКСІЗ ӘЛЕМ – ТЕҢ ҚОҒАМ»: ЕРЕКШЕ ЖАНДАРДЫҢ ЖІГЕРІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың мәселелерін жүйелі қарастыратын арнайы кеңес құру туралы ұсыныс айтты. Бастама «Шексіз әлем – тең қоғам» атты мерекелік іс-шарада көтеріліп, қатысушылар тарапынан жылы қабылданды.

Түркістан қаласында өткен жиын ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың жетістіктерін дәріптеуге, қоғамдағы тең мүмкіндіктерді насихаттауға және әлеуметтік қолдаудың маңызын айқындауға арналды.

Іс-шарада облыс әкімі әр адамның қадір-қасиеті оның мүмкіндігімен емес, өмірге деген құштарлығымен, жігерімен және қоғамға қосқан үлесімен өлшенетінін атап өтті. Сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау өңірдегі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін жеткізді.

Осы орайда ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тұрақты қарастырып, өзекті мәселелерінің шешілуіне ықпал ететін арнайы кеңес құру бастамасын ұсынды. Қатысушылар бұл ұсынысты қолдап, жылы қабылдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған әлеуметтік әділдік пен тең мүмкіндік қағидаттарына сәйкес, өңірде азаматтарды оңалту және қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Биыл облыста 1 553 адам оңалту шараларымен қамтылып, 18 916 азамат санаторийлік-курорттық емделуге жолданған. Сонымен қатар 6 200 адам протездік құралдармен, 1 524 адам кресло-арбалармен, 1 377 адам сурдотехникалық және 1 762 адам тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Міндетті гигиеналық құралдар 24 206 адамға берілген.

Мерекелік бағдарлама аясында өнерпаздар мен паралимпиада чемпиондары өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. «Бисұлтан би» ансамблі ұлттық биді ұсынса, «Ер Тұран» этно-фольклорлық тобы халық әндерін орындады. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Оразкүл Дәулетова «Ақмаржан» және «Жұлдызым» әндерін шырқап, Қайрат Тұрсынбеков саксофонмен музыкалық композиция орындады. Әнші Біржан Сапарбековтің халық әндері мен паралимпиада чемпиондарының «Өмір өзен» биі де көпшілік ықыласына бөленді.

«Шексіз әлем – тең қоғам» атты басқосу әр азаматтың қоғамдағы орны мен әлеуетін бағалаудың, тең мүмкіндіктер қалыптастырудың және өзекті мәселелерді бірлесе шешудің маңызын көрсетті.

ТҮРКІСТАНДА “ҚАЗАҚ ГАЗЕТТЕРІ” ЖШС-Ң БАС ДИРЕКТОРЫ ЕРЖАН БАЙТІЛЕСПЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы “Фараб” әмбебап ғылым кітапханасында “Қазақ газеттері” ЖШС-ң бас директоры Ержан Байтілеспен кездесу өтті. Басқосуға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл, ардагер журналист Сейдулла Садыков, «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, журналист Ғалымжан Елшібай, “Түркістан медиа холдинг” ЖШС-ң бас директоры Уәли Қыдыр, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Малик Алмахан және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында мерзімді басылымның бүгінгі жай-күйі, бағыт-бағдары, ертеңі мен бүгіні сөз болды. Алғашқы болып сөз алған Ержан Айтөреұлы серіктестік құрамындағы басылым беттеріндегі жаңалықтарға тоқталды. Сондай-ақ, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Басқосуға қатысушылар қазіргі дәстүрлі медианың бәсекеге қабілеттілігі, оқырман алдындағы жауапкершілігі, цифрлық дәуір кезінде оқырман тарту жолдары жайын сөз етті.

Іс-шара аясында “Фараб” кітапханасының ұйымдастыруымен “Егемен Қазақстан” газетінің 1930-1960 жылдардағы тарихи сандарынан көрме ұйымдастырылды.

Тиісті және тиісті емес сападағы тауарларды қайтару тәртібі қандай?

Тұтынушылардың назарына!

Тиісті және тиісті емес сападағы тауарларды қайтару тәртібі қандай?

Кез келген дүкеннен, базардан немесе онлайн сауда жасағанда тауардың сапасына немесе сатып алғаннан кейін түр түсіне көңіліміз толмай, оны қайтаруға немесе ауыстыруға тырысатынжағдайлар жиі кездеседі.

Алайда, көпшілігіміз тиісті сападағы (сапалы, бірақ өлшемі не түсі сәйкес келмеген) және тиістіемес сападағы (кемшілігі бар) тауарларды қайтаруережелерін шатастырып жатамыз.

Қазақстан Республикасының“Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес бұл екі жағдайдыңөзіндік бөлек тәртібі мен мерзімі бар.

Тиісті сападағы тауарды қайтару (Тауардыңсапасы жақсы, бірақ сізге ұнамады, ойланып қалдыңыз немесе сәйкес келмеді).

Заттың түсі көңіліңізден шықпады, өлшемі не пішіні тура келмеді немесе үйдегі орнына сәйкес келмеді делік. Мұның бәрі – тиісті сападағы тауарлар.

Заңның 14-бабы, тұтынушылардың тиісті сападағы тауарды айырбастау немесе қайтарып беру құқығы.

– Сатып алушы өзіне азық-түлікке жатпайтын тауар берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы (дайындаушы) неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы (дайындаушы) хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габариттегі, пішіндегі, түстегі, жиынтықталымдағы және осы тәріздегі соған ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы.

– Сатушыда (дайындаушыда) айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға (дайындаушыға) қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы.

– Егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды сатып алу орны айырбастау немесе қайтарып беру орны болып табылады.

Ескерпе:

– дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды;

– іш киімді;

– шұлық-ұйық бұйымдарын;

– жануарлар мен өсімдіктерді;

– метрлеп сатылатын тауарларды, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, тоқыма және перделік кенеп матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерді, таспаны, сымдарды, бауларды, кәбілдерді, линолеумды, багетті, пленканы, клеенканы;

– ұялы байланыстың верификациялаудан өткен абоненттік құрылғысын қоспағанда, егер тиісті сападағы азық-түліктік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы) оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.

Тиісті емес сападағы тауарды қайтару(кемшілігі бар сапасыз тауар).

Кемшілік дегеніміз тауардың техникалық регламенттердің, стандарттау жөніндегі құжаттардың міндетті талаптарына, шарттың ережелеріне, сондай-ақ тауар туралы сатушы (дайындаушы, орындаушы) ұсынған ақпаратқа сәйкес келмеуі.

Тиісті емес сападағы тауар сатылған тұтынушы, егер сатушы (дайындаушы) оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаса, өз таңдауы бойынша:

– сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді;

– тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды талап етуге;

– тауардағы кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді;

– соған ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруды;

– сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (моделді, артикулді) сондай тауарға ауыстыруды;

– шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.

Тиісті емес сападағы тауарды сатушы оның дайындаушысы болып табылмаған жағдайда, сатып алушының таңдауы бойынша талап сатушыға не дайындаушыға қойылуы мүмкін.

Верификациялаудан өтпеген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын сатып алған тұтынушы сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді және шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды сатушыға ғана қояды.

Екі жағдайда да йырбастау осы Заңның 30-бабына сәйкес жүргізіледі.

Тұтынушы тауардың кемшіліктерін тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, сатушы (дайындаушы) оны дереу ауыстыруға, ал сатушыға (дайындаушыға) тауардың сапасын қосымша тексеру (сараптама жасау) қажет болған кезде – тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті.

Егер талап қойылған кезде сатушыда (дайындаушыда) ауыстыруға қажетті тауар болмаса, ауыстыру осындай талап қойылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жүргізілуге тиіс.

Тауар сапасын қосымша тексерудің (сараптаманың) құнын сатушы (дайындаушы) төлейді. Егер тауарды тексеру (оның сараптамасы) нәтижесінде тауардың кемшіліктері жоқ екендігі немесе кемшіліктер тұтынушының тауарды пайдаланудың, сақтаудың белгіленген қағидаларын бұзуы немесе үшінші тұлғалардың іс-әрекеттерінен не еңсерілмейтін күштің салдарынан тауар тұтынушыға берілгеннен кейін пайда болғаны белгіленсе, тұтынушы сатушыға (дайындаушыға) тексеру (сараптама) жүргізуге жұмсалған шығыстарды, сондай-ақ оны жүргізуге байланысты тауарды тасымалдауға жұмсалған шығыстарды өтеуге міндетті.

Тұтынушы сапаны тексеруге және тауарға сараптама жүргізуге өзі немесе өзінің өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ тауарды тексеруді (оның сараптамасын) өз есебінен жүргізуге құқылы.

Тауар (жиынтықтаушы бұйым) ауыстырылған кезде, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі оны тұтынушыға берген күннен бастап қайтадан есептеледі.

Тұтынушыларға пайдалы кеңестер!

Чектерді сақтаңыз: Сатып алу кезінде берілген қағаз немесе электронды чекті тауардың кепілдік мерзімі аяқталғанша сақтаңыз.

Жазбаша талап қою: Дау туындаған жағдайда сатушыға екі данада жазбаша наразылық хат(претензия) жолдаңыз (Тұтынушының сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) наразылығы қолма-қол табыс етіледі не табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтімі нысанында не сатушының (дайындаушының, орындаушының) электрондық пошта мекенжайы бойынша, егер мұндай мекенжайды сатушы (дайындаушы, орындаушы) бұрын көрсеткен болса, жіберіледі).

Құқығыңызды біліңіз: Сатушылар “сатылған тауар қайтарылмайды” деп қайтаруға жататын тауарлар тұсына плакат іліп қойса да, бұл заңсыз. Егер тауарда ақау болса немесе 14 күн ішінде сапалы тауардың түрі, өлшемі сәйкес келмесе, заң сіздің жағыңызда.

 

Құрметті тұтынушы тауар сатып алу барысында бұзылған құқықтарыңыз бойынша дұрыс талап қоя білу Сіздің алтын уақытыңыздың кепілдігі!

 

Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы С.Кенжетайұлы

Ардагерлер арасында бильярдтан жарыс өтті

Ардагерлер күніне орай Шымкент қаласында аға буын өкілдерінің басын қосқан тағылымды спорттық шара ұйымдастырылды. «Ауыл» партиясының Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиалының ұйымдастыруымен, партияның Еңбекші ауданы аумақтық партия ұйымының төрағасы Абай Қайратұлының демеушілігімен Қаратау ауданындағы ардагерлер арасында бильярдтан жарыс өтті.

Жарыстың негізгі мақсаты – ардагерлердің қоғамдық және спорттық белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ аға буын өкілдерінің өзара араласуына, достық қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік жасау.

Бильярд бәсекесіне қатысқан ардагерлер өзара шеберліктерін сынап, спортқа деген қызығушылықтарын көрсетті. Жарыс барысында қатысушылардың тәжірибесі мен ептілігі сыналып, тартысты ойындар өтті. Бұл ретте шара тек спорттық сайыс қана емес, үлкен буын өкілдерінің бір-бірімен жүздесіп, пікір алмасуына мүмкіндік берген мазмұнды кездесу болды.

Жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсетіп, алғашқы үш орынға ие болған ардагерлер қалалық деңгейде өтетін жарысқа жолдама алды. Осылайша аудандық кезең жеңімпаздары алдағы бәсекеде Қаратау ауданының намысын қорғайтын болады.

Аға буын – қоғамның рухани сабақтастығын сақтап, кейінгі ұрпаққа өмірлік тәжірибесімен жол көрсетіп келе жатқан қадірлі орта. Сондықтан ардагерлердің белсенді өмір салтын ұстануына жағдай жасау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қоғам өміріне араласуына қолдау көрсету маңызды.

Осындай спорттық әрі қоғамдық шаралар ардагерлердің сергек жүруіне ғана емес, олардың арасында өзара сыйластық пен ынтымақтастықты арттыруға да ықпал етеді. Әсіресе, жастар мен кейінгі буын үшін аға ұрпақтың спортпен шұғылданып, белсенді өмір салтын ұстануы – жақсы үлгі.

Шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен «Ауыл» партиясының Шымкент қаласы бойынша Еңбекші ауданы аумақтық партия ұйымының төрағасы Абай Қайратұлына алғыс білдірілді.

Алдағы уақытта да ардагерлердің басын қосатын, олардың белсенді өмір сүруіне ықпал ететін спорттық және мәдени-танымдық іс-шараларды жүйелі түрде өткізу көзделіп отыр.

ТҮРКІСТАН: «RESPUBLICA» ПАРТИЯСЫ ҚАРИЯЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Облыс орталығы Түркістанда 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Respublica» партиясының Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасы өтті. Игі бастама аясында Түркістан қаласы мен Сауран ауданында тұратын 10-ға жуық ақсақал мен ақ жаулықты әжеге сый-сияпат табысталды.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген халқымыз қашанда үлкенге құрмет көрсетіп, батасын алуды дәстүрге айналдырған. Осы орайда партия өкілдері зейнеткерлердің шаңырағына барып, мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Шара барысында «Respublica» партиясы Түркістан облыстық филиалы Өңірлік кеңесінің төрағасы, «Амина» клиникасының құрылтайшысы Гүлбахрам Сартбаева, облыстық филиал төрағасының орынбасары Жантөре Ералы, партия өкілі Бейбіт Биназаров қарияларға ақжарма тілегін арнап, олардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.

«Қазыналы қарттарымыз – өмірлік тәжірибесі мол, ұрпаққа өнеге, елдің берекесі мен бірлігінің ұйытқысы. Бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған өнегелі ғұмыр иелеріне құрмет көрсету – баршамыздың парызымыз.

Клиника дәрігерлері қариялардың денсаулығын тексеріп, профилактикалық шаралар жүргізуі – олардың денсаулығын нығайтып, өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Аға буын өкілдеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық тілеймін. Ұрпақтарының ортасында сый-құрметке бөленіп, әрдайым жақсылықтың жаршысы болып жүре берсін, – деді Гүлбахрам Пернебайқызы.

«Respublica» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Санат Сапарбайдың айтуынша, партия мүшелерінің демеушілігімен, қайырымдылық бастамалары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Айта кетейік, бұл шараның басты мақсаты – аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп қана қоймай, қоғамда ізгілік пен қамқорлық құндылықтарын дәріптеу. Қоғамның дамуына үлес қосқан еңбек майталмандарына көрсетілген әрбір ықылас – ұрпақтар сабақтастығы мен адамгершіліктің жарқын көрінісі.

«Respublica» партиясының Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі