Все записи автора Admin

МӘСЕЛЕ — ШЕШІЛУІМЕН ҚҰНДЫ

`AMANAT` партиясы Ордабасы аудандық филиалында облыстық мәслихат депутатының қатысумен қоғамдық қабылдау өтті. «Өңірдегі өзекті мәселелер — шешілуімен құнды», — деген депутат Дулат Әбіш жергілікті азаматтардың мәселесін тыңдады.
Мәселен қабылдауға келген тұрғын Бибарыс Рыскұлбек, Бөген ауылындағы шаруа қожалықтарының егістік науқанында тиісті деңгейде ағын сумен қамтамасыз етілу мәселесін көтерді.


Ал, Садуардин Исақ ақсақал — Аққойлы, Жусансай, Сарытоғай ауылдарында 2019 жылы құрылысы басталып, сол жылы бітуі тиіс ФАП құрылысының мәселесін айтты. Төрт жылдан бері жырға айналған проблема облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына айтылған.
— «Оңтүстік қыш» ЖШС-нің қызметкері Айбек Бекбаев кәсіпорынға электр қуатын алу бойынша заңды көмек сұрады. Халыфқ қалаулысы аталған мәселе бойынша жергілікті билік пен «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-нен сұрап, тиісті шара көретінін айтты.
-Темірлан ауылының тұрғыны, білім ұясының алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру бойынша ауқымды шаралар ұйымдастыруды сұрады.
-Ерғали Әліпбайұлы Аққойлы ауылындағы тозығы жеткен электр бағаналарын жаңарту бойынша тұрғындар атынан өтініш білдірді.


Қабылдауға келген өзге де азаматтар түрлі әлеуметтік мәселені алға тартты. Ол жағдайды депутат қабылдау барысында нақтылап, инфрақұрылым мен медицина саласы бойынша жауапты мамандарға жолдады.
“AMANAT” саяси партияға арыз-шағыммен келген сегіз азаматтың мәселесі — әлеуметтік көмек, денсаулық, білім саласы, инфрақұрылым, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жайында болды. Облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш айтылған проблемаларды назарға алып, кейбірі бойынша жауапты орындарға хабарласып анықтады. Нәтижесінде қабылдау барысында бірқатар азаматтардың мәселесі оң шешімін тапты.


Сонымен қатар, депутат кездесуде көтерілген мәселелерді толық зерттеп, депутаттық сауал жолдайтынын да жеткізді.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ ЕКІЖАҚТЫ ВИЗАСЫЗ РЕЖИМ ЕНГІЗЕДІ

Қазақстан азаматтары мемлекеттік шекарадан өткен соң Қытай аумағында 30 күнге дейін визасыз бола алады. Мұндай ереже Қытай Халық Республикасының азаматтарына да қатысты.
Сыртқы істер министрлігі дайындаған қаулыға сәйкес екі ел азаматтары туризм, емделу, транзит немесе іскерлік кездесу мақсатында көрші елде 30 тәулікке дейін болса, виза талаптарынан босатылады.
Егер Қазақстан мен Қытай азаматы көрші елде белгіленген мерзімнен ұзағырақ қалғысы келсе, шекараны кесіп өткенге дейін визаға өтініш беруі қажет.
Сонымен қатар қаулы бойынша тараптардың бірі ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын сақтау мақсатында елге кіру кезінде құжат беруден бас тартуға құқылы. Екі ел арасындағы келісімге 2023 жылдың мамырында, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Қытайға сапары кезінде қол қойылады. Ал құжаттың мәтіні 26 сәуірге дейін қоғам талқысында болмақ.

ЖАНАРМАЙ ҚҰЮ БЕКЕТТЕРІНДЕГІ БЕНЗИН БАҒАСЫ

ҚР Энергетика министрі А.Сатқалиевтің «Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес, бүгіннен бастап еліміздегі барлық жанармай құю бекеттерінде сұйық отын бағасы өсті.
Мәселен, Аи-80 маркалы бензин 1 литр үшін – 89 теңге, Аи-92 және Аи-93 маркалы бензин 1 литр үшін – 205 теңге, дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – 1 литр үшін 450 теңге.
Айта кетерлігі, дизель отыны қазақстандықтар жеңілдетілген бағамен сатылады. Отандастарымыз жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде 1 тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде 1 литр үшін –295 теңгеге сатып ала алады. Ал жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде 1 тәулігіне 300 литрге дейін көлемде литріне – 295 теңгеге алады.

Қ.А.Ясауидің 930 жылдық мерейтойына орай халықаралық байқау өтті

Түркістандағы «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубының ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауидің 930 жылдық мерейтойына орай қылқалам шеберлері және кәсіби, әуесқой фотографтар арасында «Көне мен келешек көпірі» атты халықаралық байқауы жарияланған болатын. Бүгін Түркістандағы «Этноауыл» қалашығында сол өнер бәйгесінің қорытынды іс-шарасы өткізілді. Аталған байқауға түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанның тарихы мен бүгінгі көрінісі бейнеленетін туындылар қабылданған.


«Байқаудың мақсаты – Түркістанның тарихи маңызын ашып, қатысушылардың ұлттық құндылықтарға деген ерекше құрметін, елжандылық, Отансүйгіштік сынды патриоттық сезімдерін қалыптастыру. Сондай-ақ, дарынды жастар шығармашылығына және әуесқой фотограф мамандығына жол ашу. Байқауға қатысушылардың жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмады. Бүгін міне, ұсынған жұмыстары қазылар алқасының сұрыптауынан өткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер қорытынды кешке шақырту алып, марапаттау салтанатына қатысып отыр. Рухани астананың мәртебесін асырып, тарихын жаңғыртуға үлес қосқан барша азаматқа алғыс білдіремін!», — деді ауқымды іс-шара жайлы айтқан «Оқушылар сарайының» директоры Индира Икапова.


Атап өтсек, бұл байқауға Түркістан, Қызылорда облыстары мен Алматы, Орал, Атырау, Ақтау қалалаларынан 30-дан астам фотограф пен қылқалам шеберлері қатысқан. Ережеге сәйкес, байқаудың марапаттау салтанаты екі бағытта өткізілді. Біріншісі – көне және жаңа Түркістанның көрінісінен сыр шертетін фотосуреттер болса, екіншісі — рухани астананык келбеті бейнеленген қылқалам шеберлерінің картиналары.


Байқау нәтижесінде, «Фотосурет» номинациясы бойынша Серікболсын Шері бірінші, Жұмаханов Асыл екінші және Антон Лищенко мен Ұлпан Әбдірахман үшінші орынға ие болды. Ал, «Қылқалам шеберлері» номинациясы бойынша Темірбек Нұрмашев жеңімпаз атанса, Шаханбаев Мұрат екінші және Қинабаев Серік пен Рысымбетов Ержан үшінші орынды місе тұтты. Тиісінше, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы алғыс хат және қаржылай сыйлықпен марапатталды

Серік Күдебаев Манас әуежайы арқылы Түркияға қашып кеткен

«Күдебаевқа қатысты мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің маңыздылығын ескере отырып Бас прокуратура өз қарауына алды. Ең мықты, тәжірибелі тергеушілер тартылып, іздеу жалғасып жатыр. Біз Қырғызстанға сұрау жібердік, енді іздеу жұмыстарын бірлесіп жүргізетін боламыз», ­– деді Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәжіліс кулуарында.

«Күдебаев Бішкектегі Манас әуежайы арқылы Ыстанбұлға ұшып кетті деген мәлімет бар. Қырғыз тарапы да мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту бойынша қылмыстық істі тергеуді бастады. Бізде Түркиямен келісімшарт бар және қазір олармен жұмыс істейміз. Барлық ақпаратты бере алмаймыз, деректерді ашып айта алмаймыз, себебі іздеу нәтижесіне кері әсер етуі мүмкін», – деді Бас прокурордың орынбасары.

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҒАТЫН КҮНІ ӨЗГЕРДІ

2022-2023 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы Оқу-ағарту министрінің бұйрығы қабылданды. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова өзінің Facebook парақшасында жазды.
Бұйрыққа сәйкес меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары 2023 жылғы 31 мамырда аяқталады. 9 (10) — сыныптарда білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары 2023 жылғы 2-13 маусым аралығында өткізіледі. Ал, 11 (12) — сыныптарда білім алушылардың мемлекеттік бітіру емтихандары – 2023 жылғы 5-19 маусым аралығында өткізіледі.
Қорытынды аттестаттауды өткізудің мынадай мерзімдері бекітілген:
9 (10)-сынып оқушылары үшін:
1) оқыту тілі бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектептер үшін – жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 2023 жылғы 2 маусым;
2) математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан (бақылау жұмысы) – 2023 жылғы 6 маусым;
3) өзге тілдерде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) – 2023 жылғы 9 маусым;
4) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2023 жылғы 13 маусым;
11 (12) — сынып оқушылары үшін:
1) оқыту тілі бойынша жазбаша емтихан – 2023 жылғы 5 маусым;
2) алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан – 2023 жылғы 8 маусым;
3) Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан – 2023 жылғы 12 маусым;
4) өзге тілдерде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан – 2023 жылғы 15 маусым;
5) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзілік тарих, құқық негіздері, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2023 жылғы
19 маусым.
Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары оқу жылын ұйымдасқан түрде аяқтау бойынша тиісті шараларды ұйымдастырады.

«Ауыл аманаты» жобасында қандай мүмкіндіктер бар?

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында партия бағдарламасында көрсетілген «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы туралы отырысы өтті. Аталмыш жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы төрағалық етіп жүргізді. Басқосуға басқарма басшылары мен «Ауыл аманаты» партиялық жобасын жүзеге асыру бойынша мониторингтік топтың мүшелері қатысты. Жобада халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретіні айтылған.


Жиында алғаш болып Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов баяндама жасады.

— Бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы Республикалық бюджеттен бағдарламаға жыл басында 11,0 млрд. теңге, қосымша 8,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Жалпы бөлінген 19 772 410 мың теңге қаржыға 4 000 бірлікке жуық жобаға қолдау көрсетіледі. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде — деді өз баяндамасында Т.Оспанов.

Сонымен қатар, «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мыңбаев Мұхит Мамытұлы жобаның жүзеге асырылу барысына кеңінен тоқталды. Айтуынша, Түркістан облысы халқының саны 2 млн. 115 мың адамды құраса, олардың 75,5 пайызы немесе 1 млн 596 мың адам ауылда тұрады. Олардың ішінде:
— атаулы әлеуметтік көмек алушылар (аз қамтылғандары) 181,3 мың адам;
— аз қамтылған отбасылар саны 30,9 мың отбасы;
— жұмыспен қамтуды қажет ететін адам саны 93,5 мың адамды құрап отыр.
Осы орайда, ауылды жердегі халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтерудің бір жолы – ол қосалқы шаруашылыққа қолдау көрсетіп, дамыту екендігін айтты.

Жиынға қатысушылар «Ауыл-Аманаты» жобасы халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретін жоба екендігін алға тартты. Біршамасы жобаның іске асырылуы кезінде тап болатын проблемаларды да назарға алды. «Ауыл аманаты» партиялық жобасын жүзеге асыру бойынша мониторингтік топтың мүшесі Жандос Әзімбай аталған бағдарламалық жобаның халыққа қолжетімділігі дұрыс болуына бақылау қажет деді. Яғни, төмен пайызбен несие аламын деген азаматтарға мүмкіндік толық жасалу қажеттігін жеткізді. Жиында орта жолдан қосылып халықты алдау мен арбауға салынатын құйтырқы әрекеттерден сақ болу керектігі де айтылды.
Жиынның қорытындысы бойынша «Ауыл аманаты» партиялық жобасының орындалуына талдау жасау үшін ағымдағы жылдың мамыр айында облыстық партия филиалына қайта жиналуға шешім қабылдады

Жемқорлықты анықтау. «Кезек жоғары лауазымды тұлғаларға келді»

Жемқорлықты анықтау мен оның жол кесу бойынша жоғарғы лауазымды тұлғаларға бақылау қатаң болады, — деп хабарлайды Taq.kz тілшісі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиді қабылдаған Президент жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы сыбайлас жемқорлықты анықтауға және оның жолын кесуге баса мән беруді тапсырды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

Мемлекет басшысының алдында есебін берген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали бірінші тоқсанда 500-ден астам жемқорлық қылмыс тіркеліп, 400-ден аса тұлғаның жемқорлық әрекеті әшкереленгенін, оның 53-і әртүрлі деңгейдегі басшылар екенін мәлімдеді.

 

«Жарты жыл уақыт берші». Энергетика министрі уәде берді

Бұған дейін қазақ тілінде сөйлей алмай ұятқа қалған энергетика министрі алты айда тілді меңгеруге уәде берді,-деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап ТАQ.KZ тілшісі

Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев қазақ тілін меңгеру үшін алты ай уақыт беруді сұрады

«Ана тілімді білемін, бірақ тілді білу деңгейімді көтеру керек. Маған жарты жыл беріңіз, мен қазақша барлық сұраққа жауап беремін. Жарты жыл уақыт берші. Сапалы болғанша, мен орысша жауап беремін», – деп мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Алмасадам Сатқалиев депутаттардың сауалына қазақ тілінде жауап бере алмай, сынға ұшыраған болатын. Қазақша сөйлеуге келгенде іркіліп, әбден қысылған министрге депутат Бақытжан Базарбек мемлекеттік тілде сөйлеуі керектігі жөнінде ескертпе айтқан.

Түркістан облысында есірткі контрабандасы 7-ден 58 фактіге артқан

2023 жылдың 3 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 158 дерек тіркелген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 42 дерекке өскен, — деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы өңір көлемінде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабының кезекті отырысында айтылды. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы А.Әмірбековтің айтуынша Түркістан облысында есірткі контрабандасы 7-ден 58 фактіге артқан. Заңсыз айналым барысында 105 кг 647 гр есірткі тәркіленіпті.  Ал, 2022-2023 жылдарына арналған бірлескен профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, мектеп оқушылары мен студент жастар арасында 22 мыңнан астам қатысқан 44 нашақорлыққа және есірткіге қарсы шара өтізілген.

Айта кетейік, аталған штабқа Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев төрағалық етеді.