Все записи автора Admin

Төлеби: Тұрақтылық пен татулықты ту еткен аудан

Ұлтаралық татулық — еліміздегі тұрақтылықтың кепілі. Мемлекет басшысы татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет екенін айтқан болатын. Расында, елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат.

«Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек. Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік», – деді Қазақстан президенті ҚХА отырысында.

Сонымен қатар, Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызды рөліне тоқталып, осыған орай этносаясат мәселесіне байыппен қарау керек екенін атап өткен болатын.

– Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Этносаясатта жаһандық және аймақтық үдерістер ескерілуге тиіс екені айтылды. Бұл – өте орынды ұсыныс. Яғни, этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу керек. Бұл жұмыс ауқымды реформалармен үндес болуға тиіс. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды, этносаралық саясат айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет етеді. Шын мәнінде, азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша, мемлекеттің бірде-бір стратегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес екенін естен шығармаған жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Осылайша, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіндегі бірқатар басымдықты айқындап берді. Атап айтқанда бірлік пен татулыққа қарсы әркеттерге,  арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою, этноәлеуметтік шиеленістің шығу себептерін жою үшін нақты шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Сонымен қатар көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау керектігіне тоқталды.

Бұл бағытта, Түркістан облысындағы түрлі этнос өкілдері көп шоғырланған аймақтың бірі болып саналатын Төлеби ауданында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр? Діни тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты нығайту, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырумен айналысатын Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің  Төлеби аудандық филиал басшысы Есімхан Айтжановпен хабарласып, сұқбат жүргіздік. Маңызды ақпараттар мен мол деректер айтылған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Алғашқы сауалды «Қоғамдық келісім» КММ-нің міндеттерімен таныстырып өтуден бастасақ? Коммуналдық мемлекеттік мекеме қызметінің мәні мен мақсаттары қандай?

— «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің негізгі мақсаты қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша этномәдени бірлестіктермен және өзге де қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты жүзеге асыру, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз ету және оның іс — шараларын өткізу, сондай-ақ этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды түсіндіру мен ілгерілету бойынша ақпараттық іс-шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру болып табылады. Мемлекет басшысы айтқандай экономикалық дамумен қатар, елдің мызғымас бірлігі, ұлттар арасындағы ауызбіршілік пен татулық ең басты құндылық болып табылады. Сондықтан, қоғамдық келісімді қалыптастыру бағытында мекеме маңызды рөлі атқарады.

— Еліміздің болашағы жастар екені бәрімізге белгілі. Саналы, білімді ұрпақ қашанда жаңашылдыққа, өркендеуге ұмытылады. Сондықтан оларды  жат, теріс ағымдардан аулақ болуға шақыру өте маңызды шаралардың бірі. Бұл бағытта Төлеби ауданында қандай іс-шаралар жүзеге асуда?

— Ия, расында бұл мәселе өте өзекті. Себебі, тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесіне келгенде ел ішіне іріткі салатын, теріс пиғылды ұстанымдардан аулақ болғанымыз абзал. Бұл бағытта Төлеби ауданында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Білікті мамандар, теологтар, имамдар да оқушылармен, студенттер және түрлі мекеме ұжымдарымен де кездесулерулер өткізілуде. Атап айтсақ, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалы және аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен аудан аумағында діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмнің және кереағар діни ағымдардың алдын алу мақсатында, Төлеби аудандық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі мүшелерінің қатысуымен облыстық дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы, теолог маманы Б.Өтеген семинар-тренинг өткізіп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Ұл мен қыздың тәрбиесінде ата-ананың маңызды рөл атқаратынын ескерсек, ақжаулықты аналармен болған жиында ақпараттық-түсіндіру тобы келешек ұрпақты отбасыдан бастап дұрыс жолға бағыттау маңызды екенін жеткізді.

Сондай-ақ, Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімі, Адами әлеуетті дамыту бөлімі, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының  ұйымдастыруымен, Алатау жалпы орта мектебі,  Біркөлік негізгі  орта  мектеп, Екпінді , Нысанбек ЖОМ, Қайнар ЖОМ,  Бірінші мамыр ауылдық округі Бірінші мамыр ЖОМ, Ынтымақ елді мекені Ынтымақ ЖОМ, Қамшақ елді мекені Әл-Фараби  жалпы орта мектептерінің 9-11 сынып оқушыларымен «Шетелдік күмәнді теологиялық оқу орындарында білім алудың қауыптілігі туралы» және білім беру мекемелерінде этнос жастарымен арасындағы достықты, түсіністікпен келісімді нығайту мақсатында кездесу ұйымдастырылып, ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Дәл осындай маңызды кездесу Ленгір қаласы №1, №2, №4, №5 оқу орындарында , Ленгір қаласы №1 мектеп-лицейі, Аққұм елді мекені Қ.Тыныбеков, Жаңаұйым  елді мекені Жаңа-ұйым жалпы орта мектебі, Момынай елді мекені Момынай жалпы орта мектептерінің 9-11 сынып оқушыларымен өтті. Жиында оқу ордасындағы этносаралық татулық, достық мәселесі, басқа елдердегі теологиялық күмәнді білім беретін орталықтардың қауіпті ұстанымдары туралы дәрістер айтылды. Айта кетейік,  ақпараттық-түсіндірме жұмыстары Төлеби ауданы әкімінің өкімімен, ауданға қарасты білім беру мекемелері арасында ұдайы өз жалғасын тауып келеді.

Яғни, аталған тақырыпта тағы да Алабас елді мекені Алғабас ЖОМ, Бейнеткеш елді мекені Ы.Алтынсарин ЖОМ, Жаңажол елді мекені Жаңажол ЖОМ, Киелітас елді мекені №16 Ш.Уалиханов ЖОМ, Жыланбұзған ЖОМ, Ақайдар елді мекені М.Әуезов ЖОМ, Тағайна елді мекені Тағайна жалпы орта мектебі, Әңгірата елді мекені, Әңгірата ЖОМ, Ақбастау елді мекені, Ақбастау ЖОМ, Абай елді мекені, Қазығұрт ЖОМ, Көксәйек №9 колледжі, Көксәйек ауылдық округі, М.Х.Дулати ЖОМ, Көксәйек ауылдық округі, Төлеби   ЖОМ,  Көксәйек ауылдық округі, Жеңіс ЖОМ, Қазақстан елді мекені, Қазақстан жалпы орта мектеп, Кенесарық елді мекені, Б.Байболатұлы ЖОМ, Керегесі елді мекені, Керегесі ЖОМ, Мәдени елді мекені, Мәдени ЖОМ, Сарқырама елді мекені, Сарқырама жалпы орта мектептерінің жоғарғы сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырылып, оқушыларды  толғандырған бірқатар сауалдарға жауап берілді. Ақпараттық — түсіндірме тобында ішкі саясат, білім және теолог мамандар бар. Бүгінгі таңда, діни ұстанымдар бойынша жасөспірімдерді түрлі мәселелер қызықтырады. Осындай шақта, оларға тура жол сілтеуде маңызды.

Ал, Төлеби ауданына қарасты этнос өкілдері тығыз шоғырланған Леңгір қаласы және Бірінші Мамыр елдімекенінің тұрғындары арасында «Азаматтық жауапкершілік пен міндеттілік», «Идеологиялық ваккум түсінігі және оны толтырудың маңыздылығы» және «Толеранттылық дегенді қалай түсінеміз» атты тақырыптарда кездесу өтті. Жиынға Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің этносаралық қатынастар саласының мониторингі бөлім басшысы Х.Исақов, сарапшы маман Ә.Палман, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиал ұжымы,  Ардагерлер және Аналар кеңесінің мүшелері, этнос өкілдері, ауыл билері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесу барысында тұрғындар аталған тақырыптар бойынша өз ойларымен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Сонымен қатар аудандық қоғамдық келісім мен қоғамдық кеңес мүшелері және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ауданымызда этносаралық татулықпен достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ауқымды отырыс өтті. Аталған отырыста «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының басшысы ретінде этносаралық келісімді насихаттау бойынша атқарылған жұмыстары жөнінде баяндама жасадым. Бұл кездесуде қатысушылардың ұсыныс-пікірлері ортаға салынып, жан-жақты талқыланды.

«Этносаралық шиеленістердің шығу себептері және оның алдын алу шаралары» мен «Аудан аумағындағы этнос өкілдері арасында ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты нығайту» тақырыптары Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Ақсақалдар кеңесінің І тоқсандық отырысында да талқыға түсті. Аталған кеңес отырысына Төлеби аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бекмұрзаев және кеңес мүшелері, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалы, аудандық мәслихат депутаты Д.Омаров, аудандық этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері және аудан тұрғындары қатысты.

Одан бөлек, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бекмұрзаевтың бастауымен этностар тығыз шоғырланған Киелітас ауылдық округіне қарасты Жыланбұзған елдімекенінің тұрғындары арасында  ұлтаралық татулық пен достықты, түсіністік пен келісімді, бірлік пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында насихаттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.Кездесу барысында аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бекмұрзаев татулық пен бірлікті сақтай отырып ұлтаралық қақтығыстарың алдын алуға және жастар тәрбиесіне де аса мән беру керек екендігін айтып өтті.

Ал, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің өңір тұрғындары арасындағы кездесулері мен фокус-топтық зерттеу жұмыстары Төлеби ауданының Көксәйек, Тасарық ауылдарында жалғасты. Аталған жиында «Ұлт болып ұйысуда мемлекетшілдік ұғымының орны», «Әскери міндет саласындағы заңнамаларды орындау қажеттілігі» тақырыптарында тұрғындармен кездесулер өтсе, «Қоғамдағы этносаяси ахуал бойынша тұрғындардың көңіл күйі» тақырыбында фокус-топтық зерттеу жұмыстары ұйымдастырылды.

Түрлі этнос өкілдерінің өз арасында да татулықты нығайтуға негізделген кездесулер өтуде. Мысалы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Жамол Кадировтың бастауымен аудан аумағындағы  этнос арасындағы ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында, этностар тығыз шоғырланған Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты Зағамбар елдімекенінің тұрғындары арасында татулық пен достықты, түсіністік пен келісімді, бірлік пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында насихаттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

-Ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, отбасы құндылықтарын дәріптеу, ата-бабаларымыздың өмір жолы, Сондай-ақ Мемлекет басшысы атап өткендей мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру де күн тәртібіндегі мәселе. Себебі, ол да елдегі тұрақтылығының бір бөлігі саналады. Осы бағыттағы іс-шараларды атап өтсеңіз? Ауданда қандай жұмыстар атқарылды? 

— Расында да, ең құнды тәрбие – ұлттық тұрғыдан берілген тәрбие деп білемін. Сан ғасырлар бойы сараланған асыл құндылықтарымыз шынайы ізеттілікке жетелейді. Сол себептен ұлттық тәрбиенің негіздерін бір арнаға тоғыстыра отырып, ұрпақ тәрбиесі мәселесінде тиімді пайдалана білуіміз керек. Бұл бағытта Төлеби аудандық әкімдігінің қолдауымен және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыстық «Көшпенділер» сайысы өтті. Аталмыш іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы  жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесі де атсалысып, өз үлестерін қосты. Сайыстың мақсаты жастар арасында қазақ халқының ұлттық ойынын салт – дәстүрін, әдет – ғұрпын дәріптеу, туған елге, жерге, өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру болды. Ұлттық ойындардың мәнін, мақсатын теориялық және іс жүзінде ұғындыру, ұлттық ойын түрлерімен таныстыру, қызығушылықтарын арттыру мәселесінде аудан халқының ұйымшылдығы ерекше болды. Көшпенділер сайысының  келешек ұрпақ үшін берері мол. Мұндай шаралар Төлеби ауданында алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдемін.

Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесі мен Зертас елді мекеніне қарасты, Қ.Мамытов атындағы жалпы орта мектебінің бірлесіп ұйымдастыруымен, жылдық жоспардан тыс оқушылар арасында «Салт- дәстүрім- таусылмайтын байлығым» атты тәрбие сағаты болып өтті. Шараға Төлеби аудандық Аналар кеңесі мүшелері мен мектеп оқушылары және оқытушылары қатысты. Бұл шараның да өзіндік мақсаты айқын. Яғни, оқушыларға қазақ халқының салт — дәстүрлері мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру, баланың бойына адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, халық өнегесін үйрету. Шара барысында жастарға үлгі өнеге көрсетерлік ғибратты сөздер айтылып, аталған тақырыптар бойынша пікірлер ортаға салынды.

Дәстүрді дәріптеу білім ордалары мен аудандағы кітапханаларда да жиі ұйымдастырылып тұрады. Солардың бірі «Салтым –асыл қазынам» атты тақырыптағы іс-шара орталықтандырылған №1 Қалалық кітапханасында ұйымдастырылды.  Аталған кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық  Аналар кеңесінің  төрайымы А.Рахишова және кеңес мүшелері, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының маманы А.Саудебаева, Аудандық музейінің қор сақтаушы жастары, Төлеби аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі» секторының меңгерушісі Қ.Омаров және мамандары қатысты.

Ал, мемлекеттік тілді насихаттау, оның қолданыс аясын кеңейту мақсатында  Төлеби аудандық Аналар кеңесі мен «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» бірлесе ұйымдастыруымен, «Елімізде этникалық, діни, нәсілдік, тілдік және гендерлік кемсітуге жол жоқ» тақырыбында дөнгелек үстел өткізілді. Аталған кездесуге Аналар кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының маманы А.Саудебаева, Төлеби аудандық мешітінің  наиб  имамы  Жандарбек  Жаппаров және Төлеби аудандық мәслихат депутаты Д.Омаров және аудан тұрғындары қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты — Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, ел ішінен талапты, талантты, азаматтарды іздеп табу болды. Сонымен қатар ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Мағжан Жұмабаевтардың қалдырған мол мұралары насихаттаталды.

Жастар арасында да мемлекттік тілдің мәртебесін көтеретін игі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Осындай шараның бірі Төлеби ауданы Леңгір қаласына қарасты, «Lenger Polytechnic» колледжінде өтті. Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай «Тіл – ең асыл қазына» тақырыбында өткен іс-шараны  «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырды.Жиын үш тілде өрбіді. Жастар өте белсенді болды деп айта аламын. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»- деп, қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырзалиев айтып кеткендей бұл кездесудің мақсаты да жас ұрпақты ана тілінің қадір-қасиетін түсіне білуге шақыру болды. Ана тілін сүюге, ана тілін ардақтай білуге тәрбиелеу ең басты міндеттердің бірі деп санаймыз.

Сондай-ақ, дәл осы оқу ордасында Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай мемлекеттік тілде жалпы қазақстандық ашық диктант жазу шарасы өтті. Студенттер жыр пырағы — Мағжан Жұмабаев туралы деректерді оқып, шығармалары арқылы түсініктерін кеңейту және білімдерін одан әрі қалыптастыруға мүмкіндік алды. Бұл шара жастардың ойлау жылдамдығын, есте сақтау қабілетін дамытуға мол септігін тигізді деп есептеймін. Және осы арқылы оларды  елін, жерін сүюге тәрбиелеу басты мақсат болды. Сонымен қатар,  Төлеби аудандық Аналар кеңесі мен Сұлтан-рабат жалпы орта мектебінің ұйымдастыруымен қолөнер бұйымдарының көрмесі және бата беру дәстүрі өткізілді. Аталған шараға мектеп қызметкелері және этнос өкілдері ат салысты.

Отбасы құндылықтарын дәріптеу мәселесіне келер болсақ, Төлеби аудандық Аналар кеңесі мен Ленгір қаласы №8 кәсіптік-техникалық колледжінің бірлесе ұйымдастыруымен, жылдық жоспарға сәйкес студенттер арасында «Отбасы-аялы алақан мекені» атты тәрбие сағаты болып өтті.Шараға колледждің студент жастары мен оқытушылары қатысты. Шарада отбасы құндылықтарын, дәстүрлерін жаңарту, ата-ана мен бала арасындағы және отбасы мүшелерінің бір-біріне жақсы қарым-қатынастарын орнату, қамқоршыларға құрмет әрі қолдау көрсету,адамгершілік қасиеттер қалыптастыру мәселелері айтылды. Ақжаулықты аналар мен ел ағалары жастарды өз ұлтының  әдеп-ғұрыптарын,салт-дәстүрлерін қастерлейтін өз ойын ашық жеткізетін, өзіндік пікірін білдіре алатын, ата-ананы,отбасын,өмір құндылықтарын құрметтейтін тұлға қалыптасуға шақырып, қатысушылармен осы тақырыптар аясында өзара пікір алмасты.

Сонымен қатар, ауданға  қарасты Сұлтан рабат жалпы орта білім беретін мектебінде оқушылар арасында «Отбасы – бақыт мекені!» тақырыбында іс-шара өткізілді. Бұл іс-шараның өтуіне де ақжаулықты аналарымыздың қосқан үлесі орасан. Олар ата-аналар қауымына өсиеттерін айтып, үлгілі отбасы болудың сырларымен бөлісті. Түрлі этнос өкілдері де қатысқан ізгілікке толы кездесуде бала тәрбиесіндегі ата-ананың алатын орны ерекше екендігі түсіндірілді. Расында, қазіргі таңда бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы, өз отбасындағы ата — ана тәрбиесі, өнегесі және ата — ана баланың бас ұстазы екенін түсіндіру маңызды. Ең бірінші отбасы мүшелерінің арсындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым- қатынасты нығайса, отанымыздың да бірлігі бекем болмақ. Отан — отбасыдан басталады деп ата-бабаларымыз бекер айтпаса керек. Сондықтан мұндай шаралар елдің ынтымағы мен тұрақтылығына оң әсерін беріп жатады.

Жанұяның жарасымды, ауызбіршілікте болуы сол шаңырақтың шаттығын еселей түседі. Себебі, ата-ананың игі амалдарын көріп өскен балалары да қайырымды істерге жақын болады. Төлеби ауданында дәл осындай мақсаттағы жиындар, кездесулер көптеп ұйымдастырылады. Солардың бірі «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен, Киелітас ауылдық округ әкімдігінің мәжіліс залында Отбасы күні мен Еңбек күнінің  қарсаңында  «Ұяда не көрсең-ұшқанда соны ілерсің» атты дөңгелек үстел болып өтті. Шараға Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова және кеңес мүшелері мен Төлеби аудандық ауруханасының психо-профилактика бөлімінің маманы З.Құлжанова мен АПБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты А.Боташева қатысты. Қатысушыларға спикерлер тарапынан отбасы құндылықтары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, адам құқықтары, ұлтаралық қарым-қатынас, көршімен тату болу, отбасыдағы әкенің орны, оны құрметтей білу, ұл мен қызға жанұяда дұрыс тәлім-тәрбие беру туралы айтылды.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында өткен  Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің ІІІ тоқсандағы отырысында да дәл осы отбасы құндылығы кеңінен талқыланды. Этномәдени орталықтардың мүшелері мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі» бөлімшесінің мамандары мен ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ж.Рысбаева және ауданымызға қарасты №  16 мектеп ұстаздары және  аудандық аналар кеңесінің мүшелері, қоғамдық келісім мекемесінің ұжымы да қатысқан кездесуде «Қыз инабаттылығымен әдемі, әдептілігімен сәнді» және «Отбасылық жағдайда орын алатын зорлық-зомбылықты жанжалдарды болдырмау және отбасыдағы ынтымақ пен  қарым-қатынасты нығайту түрлері мен қауіп қатері» тақырыптарында кеңінен түсіндірілді. Жиын соңында қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, өз көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алды.

Ұлылардың ұлт болашағы үшін жасаған ерліктері ешқашанда ұмыт қалған емес және ұмытылмайды. Олар еліміздің егемендігін қалыптастыру жолында өз өмірлерін қатерге тікті. Тіпті өз отаны үшін құрбан болды. Міне осындай алаш азаматтарын насихаттау бағытында жылдық жоспарға сәйкес, 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» тақырыбында іс-шара ұйымдастырдық. Төлеби  ауданына қарасты, Алшалы елді-мекенінде орналасқан Ә. Молдағұлова атындағы шағын жинақты негізгі орта мектебінде өткен шарада аға буын өкілдері, ұстаздар қауымы, Аналар кеңесінің  мүшелері мен мектеп оқушылары  саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың өімір жолы мен өнегесі насихатталды.

Ал, 4 маусым–Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай, «Мемлекеттік рәміздер–қасиетті құндылығымыз!» атты тақырыппен Аналар кеңесінің  жылдық жоспарына сәйкес, түрлі этнос жастары арасында дөңгелек үстел мәжілісі болып, еліміздің рәміздерін құрметтеу,жастардың бойына патриоттық рухтағы тәрбиелені сіңіру, отанымызға деген сүйіспеншілікті арттыру туралы маңыналы әңгімелер айтылды. Шараға Аналар кеңесінің мүшелері мен колледж ұстаздары және студенттер қатысты.

Сондай-ақ, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің  Төлеби  аудандық  филиалы және  ауданға  қарасты  Сұлтан рабат  жалпы орта білім беретін мектеп пен Бірінші мамыр ауылдық округіне қарасты Тағайна елдімекенде орналасқан Тағайна мектебінің  ұйымдастыруымен, өзбек этномәдени бірлестігі оқушылары арасында «Еркін ел ұрпағы» атты жалпы ұлттықпатриоттық  диктант жазу шарасы өтті. Ал, «1 наурыз – Алғыс айту күні» мерекесіне орай бекітілген кестеге сәйкес, 1 мамыр елді мекенінде орналасқан Ынтымақ жалпы орта мектебінде сурет  салу байқауын өткіздік. Өздеріңіз білетіндей, «Алғыс айту күні»  2016 жылдан бері жалпыұлттық деңгейде аталып өтілуде. Алғыс айту күні — бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген  құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісім күні. Байқауға қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, қазақ еліне деген сүйіспеншілігі мен ыстық ықыластарын сурет салу арқылы көрсетті.

Сонымен қатар, аталған білім ордасында мемлекеттік тілді меңгерген этнос жастары арасында «Алғыс айту — игілік сыйлау» байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген белсенді өзге ұлт жастарын ынталандыруға бағытталған. Әрбір қазақстандықтың отаны бір және туған жерге деген құрмет еліміздегі әрбір азаматтың бойынан табылуы тиіс. Міне, Төлеби ауданында өтіп жатқан шаралардың барлығы дерлік бір мақсатқа тоғыстырған маңызды істер деп айта аламын.

Тағы бір айта кететін жайт, ауданымызда ұлттық мерекелерді атап өтумен қатар, қайырымды істерді де қолға алып клеміз. Біздің бастамамызға күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы Сулхадин Темуров қолдау білдіріп,  Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты «Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» КММ-нің тәрбиеленушілері Адырбековтер отбасына Ұлыстың ұлы күні — наурыз мерекесіне орай «Наурыз кәде» сыйлықтарын тарту еттік. Балдай тәтті балғындарымыз қуанышқа кенелді.

Ауданымызда жастарды спортқа баулып, дені сау ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай қызмет атқарған азаматтың бірі — кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы қызметін атқарған Кан Лев Петрович болатын. Биыл біздің мекеме ұжымы мен футболдан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Базарбаев Болат Абдуллаұлының ұйымдастыруымен Леңгір қаласының орталық «Жастық» стадионында, Төлеби ауданының құрметті азаматы және бірнеше жылдар ауданымыздың Кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы қызметін атқарған Кан Лев Петровичті еске алуға арналған, кіші футболдан 2010-2013 жылғы жасөспірімдер арасындағы аудандық ашық турнир өтті.  Жарысқа Сайрамнан «Қарабұлақ» командасы, Төлебиден «Леңгір-1» және «Леңгір» командалары, «Бірінші мамыр» командасы қатысты. Турнирге демеушілік жасаған аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы О.Қадіров және Кан Лев Петровичтің достары болады. Жеңімпаздарға арнайы марапаттар үлестірілді.

— Төлеби ауданында ақсақалдар мен аналарымыз өте белсенді екен. Игі істерге ұдайы атсалысып жүргендерін аңғардық. Қариясы бар елдің қазынасы бар деген қазақпыз ғой. Оларға құрмет көрсету, мәртебесін көтеруде қандай шаралар атқарылып келеді?

 -Расында, қарияларымыз — тәрбиенің тал бесігі, біздің сарқылмас дариялармыз. Олай деуге негіз бар. Өзіңіз айтқандай Төлебилік ақсақалдар мен ақжаулықты аналарымыз елдің тыныштығы мен татулығына мол үлес қосып жүр. Осы бағытта өткізілген шаралардың барлығынан табылады. Тіпті, кейбір кездесулер мен мерекелік кештердің өтуіне өздері ұйытқы болып жатады. Жастарға үлгі боларлық әрекеттеріне көпшілік сүйсіне қарайды. Ұлттық тәрбие де, жас отбасыларға ақыл — кеңес те, түрлі этнос өкілдері арасындағы қарым-қатынасты бекемдеуге де біздің қазыналы қарияларымыздың қосып жатқан үлесі орасан. Оларға қандай құрмет көрсетсекте жарасады. Мысалы, ауданымызда Алғыс айту күні қарсаңында Қоғамдық келісім мекемесі мен аудандық мәдениет үйі және этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен мәдениет үйінде арнайы мерекелік кеш өтіп, оған Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев арнайы қатысты. Сол кеште аудан басшысы қарияларымызға ерекше көңіл бөліп, алғысын жеткізді. Іс-шарада ауданның қоғамдық саяси өміріне белсене қатысып, өңіріміздің әлеуметтік – экономикалық дамуы жолындағы қажырлы еңбегі үшін Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова және түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі К.Рустемов алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар ауданымыздың белсенді этнос жастары халық әнін шырқап, концерттік қойылымдарын көрсетті.

Сонымен қатар, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, Ассамблея жанынан құрылған Төлеби аудандық  Аналар кеңесінің мүшелерін, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, этносаясатты жүзеге асыру бағытында беделді жұмыс атқарып жүрген бірқатар азаматшаларды атаулы мерекесімен құттықтап, сыйлықтарын табыс еттік.

Ал, аудан ақсақалдары елдімекендердегі өзекті мәселелер мен тұрғындардың тыныс-тіршілігіне байланысты келелі басқосулар өткізіп, проблемалардың оң шешімін табуына ықпал жасап жүреді. Мысалы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Ақсақалдар кеңесінің ІІ тоқсандық отырысының күн тәртібінде «Көксәйек ауылдық округі тұрғындарының тыныс тіршілігімен танысу» және «Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау» тақырыптары қаралды. Кеңес мүшелері өз ақыл-кеңестерімен бөлісіп, ауыл жастарын адал еңбек етуге, берекелі істер атқаруға шақырды. Жиыннан соң Көксәйек ауылдық округіне қарасты кәсібінен өз нәсібін тауып отырған, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып жүрген бірнеше кәсіпкерлермен кездесті, олардың жай-күймен танысты.

Сонымен қатар ағымдағы жылдың қыркүйек айының 13-і күні Ақсақалдар кеңесінің ІІІ тоқсандағы көшпелі отырысы өтті. Аталған кеңес отырысына Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бекмұрзаев және кеңес мүшелері, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Б.Оралбеков, Тасарық ауылдық округі әкімі Б.Алтынбеков, Аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Б.Смайлхан, Төлеби аудандық білім бөлімінің бас маманы Б.Жакипов, Төлеби аудандық кәсіпкерлерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы А.Жарынбетова, аудандық этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері және аудан тұрғындары қатысты. Бұл басқосуда Тасарық ауылдық округі тұрғындарының тыныс-тіршілігі  және кәсіп бастағысы келетін азаматтарға мемлекеттен көрсетілетін қолдаулар туралы талқыланды.

-Міне, біз осындай қазыналы қарияларымызды мақтан тұтамыз. Олар Төлебидің дамуына, өркендеуіне атсалысып,  өркениетті ұрпақ өсіруде өнегелі істерімен өнеге болып жүр.

-Татулықты ту еткен Төлеби ауданының тыныштығы ешқашан бұзылмасын. Берекесі мен бейбітшілігі арта берсін дегіміз келеді. Аудандағы атқарылып жатқан осындай игі істер өзгелерге үлгі болсын. Ал, сізге толық ақпараттармен бөлісіп, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігін жеткізгеніңізге алғыс білдіреміз.

ТАРИХИ БАСЫЛЫМНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ «ШАМШЫРАҚ» КӨШЕСІ БЕРІЛДІ

Түлкібас ауданы әкімдігі мен ҚР Журналистер одағының қолдауымен аудандық «Шамшырақ» газетінің 92 жылдық мерейтойының құрметіне аудан орталығының атаусыз бір көшесіне «Шамшырақ» атауы берілді. Бұл халықтың құлағы, тілі һәм көзі болған тарихы тереңде жатқан басылымға деген құрметтің ең үлкен белгісі. Көше атауының салтанатты ашылуына аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов, аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек және ардагер тілшілер мен аудан азаматтары қатысты.


Жиында сөз алған аудан басшысы Нұржан Ізтілеуов.

-Жағымды жаңалықтардың жаршысы болып жүрген аудандық басылым «Шамшырақ» газетінің ұжымын кезекті қуанышымен құттықтаймын. Бұл тек газет ұжымының ғана емес, күллі оқырман мен ауданның қуанышы деп білемін.  Сіздерді қандай мақтау, марапатқа болсын лайық деп білемін. Өйткені,сіздер  қаламның күшімен, орақ тілдің өткірлігімен талай дүниелердің аяқталуына, біраз мәселенің шешілуіне тікелей себепкер болдыңыздар.  «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп Шер ағамыз сіздердің ерен еңбектеріңіздің теңеуін дөп басып айтқандай. Ауданымыздың айшықты жаңалықтарын жеткізуде талмай қалам сілтеп келе  жатқан еңбектеріңіз жандана берсін. Қаламдарыңыз ұшталып, жазарларыңыз таусылмасын. Шығармашылық шабыт, мол табыс тілеймін,- деп ізгі тілегін жеткізді.

Жиын барысында ел ағалары «Шамшырақ» көшесінің бойына ағаш егіп, көшенің абаттандырылуына өз үлестерін қосты. Айта кетейік, «Шамшырақ» газетінің ұжымы тарапынан көше бойында орналасқан барлық үйге «Шамшырақ» атауы көрсетілген ангшлактар мен нөмірлер ілінді.

Тамыры тереңде жатқан басылымда «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың, абайтанушы, бауыржантанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлының, сатирик ақын Алпысбай Боранбайұлының, ақын Әбдібек Аралбайұлының тырнақалды туындылары жарыққа шығып, оқырмандарына ұсынылған болатын. 1931 жылы «Социалистік егінші» атауымен жарыққа шыққан басылымда Мархабат Байғұт, Қуантай Аршабаев, Амангелді Ізтілеуов, Қазбек Кейкиев, Сайдулла Саттарханов, Біләл Құлбек, Мұрат Пірәлиев, Әбдісаттар Әлібаев, Кендебай Айтқұлов, Арысбай Айтаманов, Орынтай Көмеков сынды тілшілер еңбек еткен.

Ауданның ақпарат айнасы  бола табылатын басылымда сараптамалық, ақпараттық, талдамалық материалдар жарияланып, халық арасындағы ең өзекті мәселелер де көтеріліп келеді. Тұрғындар тарапынан түскен алғыс та, ұсыныс та назардан тыс қалмайды. Аудан ақпаратын талдап, сараптап халыққа түсінікті етіп жариялап жүрген басылымның бүгінгі легі кейінгі толқын жастармен толыққан. Ұлттық және халықаралық дәрежедегі оқу орындарының түлектері дәл осы тарихи басылымда еңбек етуде.

Аға буынды алыстатпай жас буынға көптеген мүмкіндіктер беріп, заманауи бағытта жаңашылдықтармен толығып отырған редакцияның бүгінгі жетістігі басшының орасан еңбегінің арқасы. Алдағы уақытта редакция тағы да жаңашылдықтармен толығып, жаңа бастамалардың жаршысы болады деген сенім білдіреміз.

ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ТАРИХИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ «БІР ЕЛ» ЖАСТАР ЖОБАСЫ ӨТІП ЖАТЫР

Бүгін Түркістан қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи-ағартушылық «Бір ел» жастар жобасы аясында ауқымды іс-шара өтті. Жиынға «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Нұрлан Шубаев модераторлық етті.

Алқалы басқосуға ҚР Парламентінің депутаттары, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрілігінің, этномәдени бірлестіктердің, «Ассамблея жастары» РҚБ республикалық жастар ұйымдарының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, блогерлер, еріктілер, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын әр түрлі санаттағы жастар қатысты.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы жобаның жастарды ұлттық құндылықтармен тәрбиелеуге зор септігін тигізетінін атап өтті.

– Шамшырағы қайта жанған қастерлі Түркістан шаһарына қош келдіңіздер! Қазақстан халқы Ассамблеясының елімізде тұратын этностарды біртұтас ұлтқа топтастыру мен мәдениетаралық диалогты дамытуды мұрат еткен «Бір ел» жастар жобасы екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Аталған жоба өткен жылы ұлт ұясы Ұлытау төрінен бастау алса, биыл бұл жоба тарихымыздың талай сындарлы сәттерінде халқымызды бірлік пен берекеге ұйыстырған киелі Түркістан облысында жалғасып жатыр. Елге, Отанға деген сүйіспеншілік төл тарихымызды тереңнен танудан басталады. Бұл орайда, күні кеше жобаға қатысушы жастар үшін өңіріміздегі Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Гауһар ана кесенелері және т.б. тарихи жерлерге көшпелі экспедиция ұйымдастырылды. Жалпы, бұл жобаның жастарға берері мол. Іс-шара аясында өтетін пленарлық отырыстар, пікірталастар, интеллектуалды ойындар еліміздің әр өңірінен келген жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, патриоттық рухтарын нығайтуға зор үлес қосады, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Аталған шараға еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық жас қатысты. Жоба аясында арнайы шақырылған танымал тұлғалар мен сарапшылар жиналған жастарға еліміздің рухани және ұлттық құндылықтарын, бай тарихи және мәдени мұрасын, этносаралық татулықты сақтаудың маңыздылығын түсіндіретін арнайы дәріс өткізді.

Келелі жиында Мәжіліс депутаты, ҚХА мүшесі Наталья Дементьева «Отаны бірдің – тілі бір! Тілі бірдің – тілегі бір!» тақырыбында, Сенат депутаты, ҚХА мүшесі Геннадий Шиповских «Тарихты білу – ұрпағымыздың міндеті» тақырыбында, Сенат депутаты, ҚХА мүшесі Алишер Сатвалдиев «Елге қызмет ету – әр азаматтың парызы» тақырыбында, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев «Жастар – еліміздің үкілеген үміті» тақырыбында мазмұнды ойларымен, пайдалы тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, жиында өз ойын білдірген белгілі блогер, «Алға Петербург» жобасының авторы Иван Червинский қазақ тілін меңгеруге деген талпынысты әрдайым қолдап, барша жерде ынталандыру керектігін жеткізді.

Еске сала кетсек, «Бір ел» жастар жобасы ертең де жалғасады. Жоба аясында жастардың қатысуымен Түркістан облысының тарихи орындарына көшпелі экспедициялар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, іс-шара барысында Қазақстан халқының бірлігін бейнелейтін «Шаңырақ» киіз үйі тігіледі.

Төлеби аудандық Аналар кеңесі — ауызбіршіліктің символы

Төлеби ауданында елдің ынтымағы мен бірлігіне, тұрақтылығына бағытталған маңызды іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады. Осындай игі істердің жоғарғы деңгейде өтуіне Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің мүшелері де атсалысып жүр. Ақ жаулықты аналар әрқашанда аудан аумағындағы түрлі этнос өкілдері арасындағы ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізуде. Бұл бағытта Төлеби аудандық аналар кеңесі қандай маңызды  міндеттерді атқарады? Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жыл басынан бері асыл аналардың қатысуымен қанша іс-шара өткізілді?  Осы және өзге де өзекті сауалдармен Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Айдаркүл Рахишоваға хабарласып, арнайы сұхбат жүргіздік. Маңызды ақпарат, мол деректер айтылған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Айдаркүл Айтбайқызы біздің ұсынысымызды қабылдап, қажетті ақпараттармен бөлісуге келісім бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Сұхбаттың алғашқы сұрағын Аналар кеңесінің негізгі міндеттерімен таныстырып өтуден бастасақ?

-«Жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі – Ассамблеяның заңды құрылымдарының бірі болып табылады. Олар өз қызметін еліміздің үлкен қалаларынан бастап, әрбір шағын елді мекендерінде де жүзеге асырады. Кеңестердің құрамында көп балалы аналар,  үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар да бар. Бүгінде еліміздегі Аналар кеңестері біздің ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, жас ұрпаққа тәрбие беретін өзіндік мектепке айналды деуге болады. Сондықтан аналар кеңесінің мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының жас ұрпаққа біздің ұлттық құндылықтарымыздың, әдемі де тәрбиелік мәні зор дәстүрлеріміздің мәні түсіндірілетін жобаларына қуана қатысып келеді. Мүшелікке кіргісі келетін аналардың да саны артып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің басты мақсаттарының бірі – отбасында толеранттылықты тәрбиелеу. Бұл – қазіргі уақыттың ең өзекті мәселелерінің бірі және көпэтносты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ескеретін болсақ, үлкен маңызға ие. Келешек ұрпақты басқа мәдениеттерге, басқа тілдерге құрметпен қарауға, өркениетті елдің талаптарын орындайтын азамат ретінде тәрбиелеуге тиіспіз. Әрбір азаматтың бойына басқа ұлт өкілдеріне деген достық пейілдің, мәдениетті қарым-қатынастың негіздерін қалай отырып, біз толерантты тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеміз. Сондықтан Ассамблея жанынан құрылған әр түрлі деңгейдегі аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады, әр түрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды. Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларды түсіндіру бойынша жұмыстар өз алдына бір төбе деп айтуға болады.»

-Енді, Төлеби ауданы бойынша айтып өтсеңіз. Аналар кеңесі биылғы қызметін неден бастады? Негізі бағыт пен жоспарларды бекіту мәселесі қалай болды?

«Төлеби ауданында Аналар кеңесі әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашыл орталықтармен тығыз және жемісті ынтымақтастық жасап отыр. Біз жыл басында, 2023 жылғы жұмыс жоспарын талқылау, бекіту бойынша дөңгелек үстел өткіздік. Ол отырыстың мақсаты былтырғы жылғы атқарылған жұмыстарды саралап, биылғы жылдың жұмыс жоспарын нақтылап, алдағы мақсат – міндеттерді айқындау болды.  Отырыстың күн тәртібінде  жылдық жоспарды талқылап және мүшелерін жаңарту мәселелерін қарадық, сонымен қатар жиынға қатысушылардың ұсыныс – пікірлерін де тыңдадық. Осылайша жаңа бастамалар мен алдағы атқарылатын жұмыстарды нақтылап алдық.

 

— «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, ең алдымен аналардың келешек үшін, саналы ұрпақ қалыптастыру жолында атқарған қызметтеріне тоқталуды жөн деп отырмыз?

— Өте дұрыс айтасыз, Отанды сүю отбасыдан. Бұл тұста бірінші ата-ананың, екінші саналы ұрпақ болып қалыптасу үшін білім ордалары мен оқу орындарының беретін тәрбиесі маңызды. Аудандық аналар кеңесінің мүшелері де негізгі басымдылықты осындай мекемелермен тығыз байланыс орнатуға арнап келеді. Мысалы, жыл басында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесі және Көксәйек елді мекеніне қарасты Төлеби жалпы орта мектебінің ұйымдастыруымен, жастар мен жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыспен, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жоғарғы  сынып  оқушыларымен түсіндірме  жұмыстары жүргізілді. Кездесудің негізгі мақсаты — жастарды теріс діни ағымдардан, зорлық –зомбылықтың, ерте жүктіліктен, нашақорлық пен ішімдіктен және де қылмыс пен құқықбұзушылықтан бойларын аулақ ұстауға, сондай-ақ жастарды имандылыққа тәрбиелеу болды.

Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесі мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, Ленгір қаласы №8 кәсіптік-техникалық колледжінің студенттерімен «Тәрбие тал бесіктен басталады» атты семинар-тренинг өтті. Іс-шараға Төлеби АПБ ЖПҚБ әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция капитаны А.Боташева, Ленгір қаласы емханасының психолог маманы З.Кульжанова және А.Шертаева, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызыметкерлері қатысты. Іс-шара барысында мамандар студент қыздарымыздың болашақ ана болу, тәлім тәрбиелік ұғым, адамгершілік, сыпайлық, зиянды әрекеттерден аулақ болу жайында толыққанды айтып өтіп, көңіл сергітетін ойындар ойнатты.

Одан бөлек Аналар кеңесі мен Ленгір қаласы №8 кәсіптік-техникалық колледжінің бірлесе ұйымдастыруымен, жылдық жоспарға сәйкес студенттер арасында «Отбасы-аялы алақан мекені» атты тәрбие сағаты болып өтті. Шараға Төлеби аудандық Аналар кеңесінің мүшелері мен колледж студент жастары, оқытушылары қатысты. Ондағы басты мақсат отбасы құндылықтарын, дәстүрлерін жаңарту ата-ана мен бала арасындағы және отбасы мүшелерінің бір-біріне жақсы қарым-қатынастарын орнату, қамқоршыларға құрмет әрі қолдау көрсету,адамгершілік қасиеттер қалыптастыру болды. Бұл тәрбие сағаты жастарды өз ұлтының  әдеп-ғұрыптарын,салт-дәстүрлерін қастерлейтін, өз ойын ашық жеткізетін, өзіндік пікірін білдіре алатын, ата-ананы,отбасын,өмір құндылықтарын құрметтейтін тұлға болуға үндеді.

Дәл осы бағытта Ленгір қаласындағы  №9 Түркістан көпсалалы техникалық колледжінің бірлесіп ұйымдастыруымен, жылдық жопарға сәйкес студенттер арасында «Мейірімділік-анадан, әдептілік-данадан » атты тәрбие сағатты да болып өтті. Тиісінше, шараның мақсаты — тәрбиеленушілерді адамгершілікке, қарапайымдылыққа әдептілікке,кішіпейілділікке, жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеу. Адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды  ажырата  отырып, әдептілік  әліппесін бойына дарыту. Тіл байлығын дамыту, таным белсенділігін арттыру болды. Тәрбие сағатында жастарға үлгі өнеге көрсетерлік ғибратты сөздер айтылып, аталған тақырыптар бойынша пікірлер ортаға салынды.

Қазақ халқы қашанда қыз тәрбиесіне аса мән беріп келген. Оған, «Қызға қырық үйден тыйым салу» мәтелінің түсінігі дәлел.  Міне осыны ескере отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесі мен Тасарық ауылдық округі, «Т.Тоғызбаев» атындағы жалпы орта мектебінің бірлесіп ұйымдастыруымен, жылдық жоспардан тыс оқушылар арасында «Қыздың ары – ұлттың ары» атты тәрбие сағатын өткіздік. Тәрбие сағатында қазақ халқының ұлттық болмысын сақтай отырып, қыздарға жат қылықтарды ажырата білуге, олардың денсаулығына, ұлт болашағына, рухани байлығына, тәрбиесіне келтіретін зияны туралы түсінік берілді. Сонымен қатар, қыздарды ішкі және сыртқы жан дүниесімен әдемі де, арлы болуына шақырдық.

Бүгінгі таңда, жастар мен жасөспірімдердің санасына ұлттық салт-дәстүрді сіңіре білуде өте маңызды істердің бірі.  Бұл бағытта біз  жылдық жоспардан тыс Зертас елді мекеніне қарасты, Қ.Мамытов атындағы жалпы орта мектебімен бірлесе, оқушылар арасында «Салт- дәстүрім- таусылмайтын байлығым» атты тәрбие сағатын ұйымдастырдық. Шараға Төлеби аудандық Аналар кеңесі мүшелері мен мектеп оқушылары және оқытушылары қатысты. Ақ жаулықты аналарымыз оқушыларға қазақ халқының салт — дәстүрлері мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру, баланың бойына адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, халық өнегесін үлгі етуді насихаттады.

Өздеріңіз білетіндей Төлеби ауданында түрлі этнос өкілдері тұрады. Десекте, олардың қазақ халқына деген құрметі, сыйластығы ерекше. Тиісінше әр ұлттың дәстүріне, тұрмыс-тіршілігіне біз де құрметпен қараймыз. Осындай мақсатта Қазақстан  халқы  Ассамблеясы  жанындағы  Төлеби  аудандық  Аналар кеңесі  және  Көксәйек елді мекеніне қарасты Төлеби жалпы орта мектебінің бірлесе ұйымдастыруымен,  бекітілген кестеге сәйкес оқушылар арасында  сынып аралық   «Достық күні»  атты ұлттардың салт дәстүрін дәріптеу мақсатында іс – шара өткіздік.  Халқымыз достық, ынтымақтастыққа әрқашан ерекше мән берген ғой.  «Қырғыз, қазақ-бір туған», «Өзбек-өз ағам», «Түбі бірге түрікмен» деп қырғыз, өзбек, түрікмен және өзге де ұлттарды ынтымақтастыққа үндедік. Бірлік – халық салты. Халқымыздың бірлік салты отбасынан басталып, бүкіл елдің, барлық адам баласының бірлігімен ұласады деген ұғымы осы шарада кеңінен айтылды.

Сөзімнің басында атап өткенімдей, Отанға деген сүйіспеншілік отбасыдан басталады. Жанұяда берген тәрбиенің орны бөлек. Сондықтан оны ұғындыра білу де маңызды екенін айттым. Мысалы, Сұлтан рабат жалпы орта білім беретін мектебінде оқушылар арасында «Отбасы – бақыт мекені!» тақырыбында іс-шара өткіздік.  Іс-шараның негізгі мақсаты: бала тәрбиесіндегі ата-ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіндіру; бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы, өз отбасындағы ата — ана тәрбиесі, өнегесі және ата — ана баланың бас ұстазы екенін түсіндіру. Отбасы мүшелерінің арсындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым- қатынасты қалыптастыру болды.

Сондай-ақ 4 маусым–Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай, «Мемлекеттік рәміздер–қасиетті құндылығымыз!» атты тақырыппен Аналар кеңесінің  жылдық жоспарына сәйкес, түрлі этнос жастары арасында дөңгелек үстел мәжілісі болып  өтті. Шараға ақ жаулықты аналарымыз, колледж  ұстаздары және студенттер қатысты. Жастарды Қазақстан Республикасының Рәміздерін құрметтеуге, патриоттық рухта тәрбие сіңіруге, отанымызға сүйіспеншілікпен қарауға шақырдық. Бұл да еліміздің ынтымағы мен бірлігінің бекем болуына мол септігін тигізетін шаралардың бірі болды деуге болады.

Осындай патриоттыққа тәрбиелейтін іс-шараның тағы бірі Төлеби ауданы Леңгір қаласына қарасты, «Lenger Polytechnic» колледжі және Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының ұйымдастыруымен өтті. Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай «Тіл – ең асыл қазына» тақырыбында іс-шара болып, жас ұрпақты ана тілінің қадір-қасиетін түсіне білуге үндедік. Бұл кездесудің де мақсаты азаматтарға ана тілін сүюге, ана тілін ардақтай білуге тәрбиелеу болатын.

— Ұлттың ұлы тұлғаларын дәріптеу, олардың өмір жолы мен еңбегін насихаттау бойынша да аналар кеңесі бірқатар шараларды ұйымдастырыпты. Жас өрендерге өнеге болған шараларды атап өтсеңіз?

— Жыл басында Қазақстан  халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен бастау алған шаралардың бірі, ол — Ленгір қаласына қарасты №2 Ш.Уалиханов  жалпы орта білім беретін мектепте өткен «Классика жауһарлары» тақырыбында керемет кездесу болды. Жоғарғы сынып оқушылары қатысқан іс-шарада Мұхтар Әуезовтың өмір жолымен жазушылық қызметінен, шығармашылығынан мағлұмат берілді. Жазушының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі туралы оқушылардың білімдерін жүйелеу. Оқушылардың өзіндік ізденіс жұмыстарына баулу, ой-өрісін, рухани жан дүниесін байыту. Ойын ашық білдіру, еркін сөйлеу дағдыларын жетілдіру сынды маңызды тәсілдер осы кездесуде жүзеге асты. Оқушылар Мұхтар Әуезовтың шағармашылығымен жақынырақ танысты.

Сондай-ақ, Орталықтандырылған  №1 Қалалық  кітапханасымен бірге «Бір  ел –бір  кітап  2023»  акциясы  аясында,  «Жазушы Төлен  Әбдіктің  кітаптарын  оқимыз»  атты  тақырыпта  кездесу  болып өтті. Аталған кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық  Аналар кеңесінің мүшелері және  №2 Ш.Уалиханов  атындағы жалпы орта мектебінің 9 сынып оқушылыры мен оқытушылары  қатысты. Кездесудің мақсаты ұлттық әдебиетіміздегі  ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, рухани  мұрамызды сақтау, сондай — ақ  жастарға  рухани — адамгершілік және патриоттық  тәрбие беруге бағытталды.

Төлеби  ауданына қарасты, Алшалы елді-мекенінде орналасқан Ә. Молдағұлова атындағы шағын жинақты негізгі орта мектебінде, биылғы бекітілген жылдық жоспарға сәйкес,  31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» тақырыбындағы іс-шара ұйымдастырдық. Жиынға «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби  аудандық филиал басшысы Е. Айтжанов, Аналар кеңесінің мүшелері, мектеп оқушылары мен ұстаздары қатысып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Олардың ерлігін қазіргі жастардың санасына сіңіру, егемендікті қадірлеуге шақыру сынды жақсы пікірлер айтылды жиында. Өткеннен сабақ алу, арыстармыздың өмірі мен жасаған ерен істерін білу әрбір азаматтың борышы деп білемін. Одан бөлек, Леңгір қаласына қарасты, «Lenger Polytechnic» колледжінің ұйымдастыруымен,   Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай мемлекеттік тілде жалпы қазақстандық ашық диктант жазу шарасы өтті. Шараның мақсаты жыр пырағы — Мағжан Жұмабаев туралы деректерді оқу, шығармалары арқылы түсініктерін кеңейту және білімдерін одан әрі қалыптастыру. Зейінін, ойлау жылдамдығын, есте сақтау қабілетін дамыту. Елін, жерін сүюге тәрбиелеу болды.

—  Қашанда қайырымды істердің ортасынан табылатын ақжаулықты аналамыздың қамқорлығына Төлебиліктердің алғысы қандай?

— «Ана деген бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейді» деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек. Расында ақжаулықты, жүректері мейірімге толы жандар, яғни аналарымыз әрқашан демеуді қажет ететін адамдарға,оның ішінде қыз-келіншектерімізге  қамқорлығын аяған емес. Кез келген уақытта оларға қолдау білдіріп, түрлі іс-шараларда, мерекелерде құрметтеп, игілікті тірліктеріне қолдау білдіріп жүреміз. Мысалы біздің кеңестің жылдық жоспарына сәйкес, кәсіпкер аналардың қатысуымен «Әйел — ана, әйел — кәсіпкер, әйел — басшы» үй шаруасындағы әйелдер тақырыбында семинар-тренинг өткіздік.

Семинарға ауданымызға танымал жас кәсіпкер  Есеналиева Жанеркені шақырдық. Ол көпшілікке өз кәсібі туралы айтып берді.Тәжірбиесімен бөлісті. Отбасының ұйытқысы және табысты әйел бола білуде бақыт қой.  Аналар кеңесінің төрайымы ретінде кәсіпкер ананың жұмысымен танысып, ақ батамды бердім.

Ал, еліміздегі өте маңызды мерекелердің бірі, алғыс айту күніне орай, ардақты аналарымыз, яғни кеңес мүшелерімен бірге Киелітас ауылдық округіне қарасты Достық елді мекенінің тұрғындарына, жалғыз басты зейнеткер кісілерге күнделікті тұрмысқа қажетті азық — түлік заттарын алып бердік. Зейнеткер апаларымыздың иығына орамал жауып тәттілер ұсындық. Апаларымыз ақ батасын беріп, шексіз алғысын білдірді.

Сондай-ақ, дәл осы  Алғыс айту күні мерекесінде  Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Киелітас ауылдық округі, Достық елдімекеніне қарасты «Рауан» балабақшасында «Туған жерге мың алғыс» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. Аталған іс-шара барысында басты құндылығымыз ел тыныштығы мен қазақстандықтардың ауызбіршілігі сақталуына еңбек етіп жүрген азаматтар мен барша округ тұрғындарына алғысымызды жеткіздік. Оларда құрмет көрсетіп, осындай бейбіт елде өмір сүріп жатқандарына шексіз алғыстарын білдірді. «Рауан» балабақшасының бүлдіршіндері өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, ауданымыздың белсенді этнос өкілдері халық арасында ән шырқап, аудан тұрғындарына тәттілер ұсынды. Міне, бұлда біздегі ауызбіршіліктің нағыз үлгісін көрсетеді.

Менің де бұл күні қуанышқа кенелген сәтім болды. Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалы мен аудандық мәдениет үйі және этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен «1 наурыз — Алғыс айту күні» мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде арнайы мерекелік іс-шара өтті. Ауданның қоғамдық саяси өміріне белсене қатысып, өңіріміздің әлеуметтік – экономикалық дамуы жолындағы қажырлы еңбегімді бағалап, Аналар кеңесінің төрайымы ретінде мені  және түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі К.Рустемовті алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар мерекеде ауданымыздың белсенді этнос жастары халық әнін шырқап, концерттік қойылымдарын көрсетті.

Ал, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесінде Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының ұжымы  аудандық  Аналар кеңесінің мүшелерін, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, этносаясатты жүзеге асыру бағытында беделді жұмыс атқарып жүрген бірқатар азаматшаларды атаулы мерекесімен құттықтап, сыйлықтарын табыс етті. Бәріміз керемет қуанышқа кенелдік.

Ұлыстың ұлы күнінде Киелітас ауылдық округі, Жыланбұзған елді мекенінде Төлеби аудандық өзбек және күрді этномәдени бірлестіктерінің ұйымдастыруымен, ауқымды мерекелік іс-шара өткізілді. Аталған іс-шараға Төлеби ауданының белсенді, беделді азаматтары мен ақсақалдары және Жыланбұзған елді мекенінің тұрғындары қатысты. Өзбек және күрді драма театрының өнерпаздары бұл күні әннен шашу шашып, көпшілікті билетіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Көптен бері осындай тартымды шараға шөліркеп қалған тұрғындар серпіліп, жақсы көңіл күймен тарқасты. Сондай-ақ, бізде наурыз мерекесін «ETNO – AYYL» саябағында кең көлемде, жоғары деңгейде атап өттік.  Келген қонақтарға ақ батамызды бердік.  Ұлыстың ұлы күнінде аналарымыз әсем әуен орындап,барша қонақтарға  мерекелік көңіл күй сыйлады.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым бағыты неке және отбасы деп тани отырып, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Неке — ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықты одақ. Жаңадан отау құрған отбасыларға Отанның бір бөлшегі екендігін ұғындыра білу, және де отбасы құндылықтары мен ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында Адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметті» секторымен бірге «Отбасындағы зорлық – зомбылықсыз Қазақстан» тақырыбында жас отбасылармен кездесу өткізіліп, жаңа өмірге қол ұстасып қадам басқан 5  жұпқа  салтанатты  түрде  неке  қию туралы куәліктері табыстадық. Бұл қайырымды шара, жаңа өмірге қадам басқан жас отбасылар үшін үлгі, өнеге болды. Жақсы пікірлер айттық. Оларда ризашылықтарын білдірді.

Төлеби аудандық «Қоғамдық келісім» мекемесімен бірге,  Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты «Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» мекемесінің тәрбиеленушілеріне тәттілер мен  балмұздақ үйлестіріп, қайырымдылық  іс-шарасын өткіздік. Аталған іс-шара барысында Аналар кеңесінің мүшелері өздерінің ыстық ықыластары мен алғыстарын білдіріп бата берді. Сонымен қатар, «1 маусым — балаларды қорғау күні» мерекесіне орай, Ленгір қаласына қарасты «Алина» бөбекжайында «Бар мейіріміміз балада» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. Аталған іс-шараға  «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының маманы А.Саудебаева және Аналар кеңесі мен ата-аналар қатысты. Іс-шарада «Алина» бөбекжайының бүлдіршіндері өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік қойылымдарын көрсетті.

Сондай-ақ,  Төлеби ауданының орталық «Нұр» мешіті  және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби  аудандық Аналар кеңесі  «Мектепке жол» Республикалық қайырымдылық акциясы аясында аз қамтылған және көп балалы, қиын жағдайға тап болған отбасыларында тәрбиеленіп отырған 60 оқушыны мектепке қажетті оқу құрал жабдықтарымен қамтамасыз етті. Акцияның мақсаты–аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін материалдық және басқа да көмек көрсету болды. Достық елді мекеніне қарасты, №16 Ш.Уалиханов атындағы жалпы  орта мектебімен бірге, дәл осы бағыттағы «Жақсылық жаса» қайырымдылық акциясы аясында аз қамтылған және көп балалы 11 отбасыны мектепке қажетті оқу құрал жабдықтарымен қамтамасыз еттік.

Қарияларымыз біздің қазынамыз ғой. Оларға қандай құрмет көрсетсекте жарасады. 1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай, қарттарды ұлықтау мақсатында үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата — бабамыздан келе жатқан салтымыз бағытында  «Қоғамдық келісім» мекемесінің Төлеби аудандық филиалының маманы А.Саудебаевамен, кеңес мүшесі Сыздық Сәуле апамызбен бірге ұйымдастырып,  Қалалық әжелер алқасының төрайымы Есенова Гүлбазар апамызға және қала аумағындағы бірқатар қарияларға барып, сый сияпатын көрсетіп мерекемен құттықтадық. Асыл аналарымызға көңіл бөлсек, одан асқан бақыт жоқ. Ауданның азаматтары да ақжаулықты аналарды бағалай біледі. Әрқашанда елеп ескеріп, құрметтейді. Мен аналар кеңесінің атынан бірлігі жарасқан Төлебиліктерге алғыс айтамын.

— Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби  аудандық Аналар кеңесі қоғамдық тұрақтылықты сақтауда жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен ерлі — зайыптылардың ажырасуының алдын – алу және отбасылық құндылықтарды сақтау, аудандағы түрлі этностардың бейбіт өмір сүруі бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді екен. Бұл бізді де өте қуантады.  Асыл, ақжаулықты аналарымыздың осындай игі істері елдің ынтымағы мен берекесін арттырып отыр. Оған өзіңіз айтқан осындай ауқымды шаралар дәлел. Сондықтан, аналар кеңесінің барлық мүшесіне тек алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Төлебидің төрінде ауызбіршіліктің символы болып, аман-есен жүре беріңіздердер деп тілейміз.

«Әйел әдемі әдебімен» атты 100 кездесу өтті

Түркістан облыстық Дін Басқармасының тапсырысымен дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатымен Сайрам, Сарыағаш, Келес аудандарында «Әйел әдемі әдебімен» атты 100 кездесу өтті. Оған 10 мыңға мыңға жуық мектеп оқушылары, колледж студенттері мен мешіт шәкірттері қатысты.

 

 

Діни сауаттылық пен тұрақтылық мемлекет үшін маңызды мәселе болып тұр. Өкінішке қарай біздің қоғамда деструктивті ағымдарға өкілдері жоқ емес. Мұның бәрі азаматтардың діни сауатты ресми оқу орындарынан ашып алмай, әлеуметтік желі арқылы белгісіз біреулерден үйренуі себеп. Жат ағымдардың жетегінде жүрген адамдар діни білім беретін ресми оқу орындарын місе тұтпай, ілім іздеп шетке шығып кетеді. Оның соңы жиһадшы мен террористік топтарға қосылумен аяқталған жағдайлары бар.

 

 

 

Мектеп оқушылары арасында діни насихат тыңдайтындары баршылық екен. Оларға ҚМДБ имамдары мен РАНТ мүшелерінің, теологтардың уағыздарын тыңдауға, діни білімді тек ресми оқу орындарынан алуға шақырылды.

 

 

 

Бұдан бөлек, қыз тәрбиесі, ерте жүктіліктен, есірткіге еліруден, суицидтен сақтану жолдары айтылды. Жан-жақты білімді әрі еңбекқор болу, уақытты тиімді өткізу сөз болды. Сондай-ақ, мектеп формасы мен әдебін сақтау әрбір оқушының міндеті екені ескертілді.

Фармацевтика саласындағы кәсіпкерлерге заңнамалық актілердегі өзгерістер түсіндірілді

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында өңір аумағында фармацевтика саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру бойынша келелі кездесу өтті. Басқосуға ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті, «ОҚО Даму медициналық және фармацевтикалық ұйымдарының қауымдастығы ЗТБ», Түркістан қаласының прокуратурасының өкілдері қатысты.

 

«ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2023 жылғы 3 сәуірдегі №55 бұйрығымен ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 4 ақпандағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығымен бекітілген тиісті фармацевтикалық практика стандарттарына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, тиісті дәріханалық практика стандарты (GPP) егжей-тегжей пысықталып, редакциялық түзетулер енгізілді. Сондай-ақ, қайталанатын талаптары бар тармақтар алынып тасталды», — деді «ОҚО Даму медициналық және фармацевтикалық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ директоры Хадиша Әлжанова.

 

Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы стандарттарға өзгерістер енгізуге байланысты «ОҚО Медициналық және фармацевтикалық даму ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен бірлесіп аудандарда облыс дәріханаларының қызметіне өзгерістер енгізу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған іс-шаралардың мақсаты – кәсіпкерлерге мораторий мерзімі аяқталған соң оларға айыппұл салуды болдырмау үшін өзгерістер туралы хабарлау.

АҒАЙЫНДЫ ОҚУШЫЛАР 78 ЖАСТАҒЫ ӘЖЕНІ ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ

2023 жылы қазан айының 14 жұлдызы күні сағат 11.30-дар шамасында М.Әуезов атындағы мектептің 9 «А» сынып оқушысы Мейірбек Ален мен ағасы Құрмет екеуі Машат өзенінде ағып бара жатқан адамды байқап қалады. Суға бір батып, бір шығып бара жатқан адамды құтқару үшін ағайындылар өзенге жан ұшыра түсіп, ептілік пен ағып бара жатқан 78 жастағы әжейді көтеріп, судан шығарып алады. Сөйтіп, бірден «Жедел жәрдем» шақырып, әжейдің отбасына хабар береді. Анықтағандай үйінен 600 метрдей қашықтықта ағып бара жатқан әжей Орынкүл Жаңабаева есімді зейнеткер-ұстаз болып шықты. Қазіргі таңда әжейдің жағдайы жақсы. Қарағылық танытып, ержүректілікпен батырлық танытқан ағайынды Құрмет, Ален Мейірбектерге ауыл тұрғындарымен мектеп ұжымы алғыстарын білдіруде.Бұл ағайынды азаматтарды нағыз бейбіт күннің батырлары деуге болады.
Сондай-ақ, Түлкібас ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Б. Азимбаев қызметкерлермен бірге Түлкібас ауданы,Машат ауылы М. Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 9 сынып оқушысы  Мейрібек Ален Ғалымұлымен кездесуге барған.
Мейірбек Ален Ғалымұлы алғашында ағып келе жатқан басқа зат па деп ойлаған.Жақындаған сайын тірі әйел адамы екенін байқаған соң ағасын айқайлап көмекке шақырып ағысы қатты Машат өзеніне секіріп суға тұншыққан қарт ананы аман-есен судан құтқарып алған. Жедел-жәрдем бригадасы келгенше өздері бірінші алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Ален батырымыз өз өмірінің қауіпсіздігіне қарамай қауіп қатерге барған. Ағасы екеуі қарт ананы аман-есен құтқарды. Қазіргі таңда қарт ана Түлкібас орталық ауруханасында ем қабылдауда.Жағдайы тұрақты екен. Өлім мен өмір арасында қас қағым сәттегі іс-әрекет адам өмірін сақтап қалды. Түлкібас ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Б. Азимбаев жас батырларға мектеп ұжымына ата-аналарына ыстық ықласын жеткізді.

Төлеби: Аналар кеңесі жастарға Республика күнінің маңызын дәріптеді

25 қазан республика күніне орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің мүшелері аудандағы  №2 Ш. Уалиханов атындағы жалпы орта мектебінің 11 сынып оқушылыры және оқытушыларымен кездесіп, Республика күнінің маңыздылығын насихаттады. «Менің елім, менің Казақстаным» атты тақырыптағы тәрибиелік маңызы айрықша іс-шара
№1 Қалалық кітапханасының ұйымдастыруымен өтті.  Кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстан елінің жері, рәміздері, тіл саясаты, тәуелсіздік жолындағы белестерге тоқталып оқушылырдың туған елге деген сүйіспеншілігін арттыру. Сондай — ақ жастарға рухани — адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған.
Айта кетейік, 2022 жылдың шілде айында өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндердің тізіміне бірқатар өзгерістер енгізудің уақыты келгенін мәлімдеген болатын. Президент ел тарихындағы маңызды басқосуда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Республика күні еліміздің мемлекеттілікке батыл қадам жасауының символына айналуы тиіс екенін де атап өтті.
«Жалпы өткен тарихқа шегініс жасап, айтар болсақ 1990 жылғы 25 қазанда «Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Декларацияға сәйкес, Республика маңызды мәселелерде – әлеуметтік, экономикалық, мәдени, ұлттық құрылыста шексіз егемендікке ие болды. Республиканың барлық байлығы, оның ішінде жер асты байлығы Қазақ КСР-нің айрықша меншігі болып жарияланды. Осыдан-ақ, бұл күннің еліміз үшін маңыздылығын бағамдай беруге болады. Бұл Декларацияның құндылығы — тәуелсіздік қарсаңында қабылданған тарихи құжат. Бұл құжаттың негізінде қазақтың тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізі бекітілген. Құжатта алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған құл сұғылмайтындығы, Қазақстанда тұрып жатқан этнос өкілдерінің, халқымыздың төл мәдениетін, дәстүрін, тілін сақтау және дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты ережелер бекітілді. Бұл құжатта саяси-экономикалық және әлеуметік мәселелерді өз бетінше шешу қағидасы жарияланды. Міне осындай қадамдар  халыққа ерекше серпіліс берді», —  деді Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова.
Ия,расында Декларация Қазақстанның әлемнің басқа мемлекеттерімен экономикалық, саяси және мәдени қатынастарды дербес дамытуға құқығы бар екенін жариялады.Яғни,  «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларация мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы нақты және нық қадам болды деп толық есептеуге болады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарындағы алғашқы тарихи орын алған датаны атап өту, оны жастарға барынша насихаттау және тарихи оқиғаларды жан-жақты дәріптеу өте маңызды.
«Ұлттық мерекелер қатарына ҚР алғашқы декларациясының қабылданғанын 25 қазанда атап өту Президенттің қолдауымен қайта жаңғыртып отыр. Біздің ата-бабаларымыз сонау ғасырлар бойы осы тәуесіздік үшін күрескен. Біздің елімізде мерекелер үш топқа бөлінеді: ұлттық, мемлекеттік және кәсіби. Жалғыз ұлттық мереке – Республика күні. Бұл күн — Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы ерекше тарихи маңызы бар оқиға. Бұл тәуелсіздік туралы алғашқы құжат болғандықтан, оны барынша кеңінен насихаттау – әрбір қазақстандықтың міндеті. Қазақстан өз егемендігін алғаннан бастап үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Әлемдік қауымдастық ортасынан ойып тұрып орын алдық. Нарықтық экномиканы қалыптастырып,  халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарды. Орталық Азия, ТМД елдерінің арасында көш бастап келеміз. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауға, нығайтуға барлық Қазақстан азаматтары атсалысып, бірлігі бекем ел болуымыз керек. Жастарға атаулы датаның маңыздылығын, Республика күнін басқа мемлекеттерде қалай тойлайтынын, сондай-ақ егемендіктің басты құндылығын айтып, олардың санасына сіңіру бойынша маңызды кездесулерді өткізіп келеміз», — деді кеңес мүшелері.

 

 

Айта кетейік, Қазақстаннан бөлек көптеген елдер де өздерінің Республика күнін атап өтеді. Мысалы, Қытайда бұл күн бес күн бойы ұлттық мереке ретінде тойланады. Ресейде Республика күні 12 маусым күні мерекеленеді екен.

 

 

ҚАЗАҚСТАННЫҢ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАЛАРЫ БІРНЕШЕ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Астана қаласындағы «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ Орталық Кеңесінің отырыс соңы, Астана қалалық мәслихатының жұмыс тәжірибесімен танысып, бірнеше нысандарды аралауға ұласты.
Алдымен қаладағы 700 орынға шақталған оқушылар сарайына бас сұқты. Заманауи үлгіде бой көтерген ғимарат оқушылар үшін толыққанды жағдаймен қамтылған. Мәслихат төрағалары ғимарат ішін аралап, соңғы үлгідегі озық жабдықтар таныстырылды. Осыдан кейін, Астана қалалық «iKOMEK109» орталығының жұмысын көріп, мәслихат жұмысымен танысты.
Айта кетейік, бұл өз кезегінде «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ мен Астана қаласы мәслихатының бірлесіп ұйымдастырған кезекті іс-шарасы. Келер жылдың наурызында елімізде жергілікті өкілді органдар ретінде мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толады. Тараптар осы бағытта да қала аумағында бірқатар жобаларды қолға алуды жоспарлап, тарқасты.