Таразда студенттерден пара алған жоғары оқу орнының оқытушысы ұсталды, — деп хабарлайды ТAQ.KZ сайты Tengrinews.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 46 жастағы оқытушыны кабинетінде студенттен 200 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінен ұстаған. Аталған оқиға, Тараз қаласындағы жоғары оқу орнының бірінде орын алған.
Полиция қызметкерлері аға оқытушының бұған дейін 4-курс студенттерінен үш айлық тәжірибелік сабақтардан және емтиханнан өткізіп беру үшін, әрқайсысынан 50 мың теңге көлемінде ақша талап еткені анықталды.Ұсталған ер адам кінәсін толық мойындаған. Оған қатысты қолхатпен босату туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.
Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (Екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған алаяқтық) бойынша соталды тергеу амалдары басталды.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шымкент қаласының әкіміне жаңа терминал құрылысын жеделдетуді тапсырды, — деп хабарлайды Тaq.kz ақпараттық порталы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар, Премьер-министр Шымкент әуежайының жағдайы халықаралық мәртебеге сәйкес келмейтінін атап өтті. «Жаңа терминал салу 2018 жылы тапсырылған болатын. Не себептен әлі күнге дейін пайдалануға берілмей отыр? Қалаға немесе елге келген туристер мен қонақтар ең алдымен әуежайдың жағдайына назар салады. Сол себепті тез арада жаңа терминалды пайдалануға беру керек», — деді Әлихан Смайылов.
Шымкент қаласының әкімі Марат Әйтенов бүгінгі таңда жоба 80 пайыздан аса аяқталғанын, құрылыс 40 мың шаршы метр алып жатқанын айтты. Ал, терминал 2023 жылдың соңында толығымен пайдалануға берілетінін мәлімдеді.
Үкімет басшысы әкімдікке жұмыстардың барлығын мүмкіндігінше тезірек аяқтап, құрылыстың одан әрі созылуына жол бермеу қажеттігін атап өтті.
«Тең қоғам» бөлімде — мүгедектерге санаторлы курортты емделумен, инватакси және әлеуметтік такси қызметімен, құлағы кеміс еститін мүгедектерге ымдау тілі маманымен, мүгедек балаларға күндізгі қатынау бөлімшесі мен оңалту орталықтарымен қызмет көрсетеді. Жалпы онда І және ІІ топтағы мүгедектерге 4 инватакси қызмет көрсетеді, ІІ топтағы мүгедектер мен 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 3 әлеуметтік такси бар.
Сондай-ақ, алдағы уақытта мүгедектерге арналған кітапхана, дойбы, шахмат инвентарлары және йога бөлмесі қарастырылуда. Мүгедектігі бар адамдармен кәсіпкерлік бағытта тренинг пен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Биыл санаторлы курортты емделумен 856 мүгедекке қаржы қарастырылып, шипажаймен қамтамасыз етілу жоспарлануда. Санаторлы курортты емделуге мүгедектер өздерінің электронды цифрлы қолтанбасы (ЭЦҚ) арқылы әлемуеттік қызметтер порталынан шипажай түрін таңдап, бара алады.
Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына 15 жедел жәрдем автокөлігі тапсырылды. Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын аталған мекемеге 122 автокөлік беріліп, жедел жәрдем автокөлік паркі жаңартылған болатын. Енді жаңа автокөліктер Түркістан облысының аудан, қалаларына жіберіледі. Ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға, жедел емдеу шараларын көрсетуге үлес қосады.
Жалпы Түркістан облысы бойынша жедел медициналық жәрдем станциясының 5 бекеті және 17 бөлімшесі, жалпы 22 нысаны бар.
Жедел медициналық жәрдем станциясы 2 миллионнан астам тұрғынға қызмет етеді. Жаңа ғимарат заманауи технологиямен жабдықталған. Қызмет көрсету радиусы 100 км шақырымды құрайды, рациямен толық қамтамасыз етілген.
Санитарлы автокөліктердің барлығы GPS навигациясымен 100% қамтылған. Түркістан облысы бойынша ЖМЖС-да 140 жедел жәрдем бригадасы бар, оның 34-і дәрігерлік болса, 106 фельдшерлік бригада елге қызмет етіп жатыр.
Шардара аудандық прокуратурасы мен полиция бөлімінің бірлескен іс-қимылының арқасында 2023 жылы қаңтар айының 23-нен 24-не қараған түні Шардара қаласында «Р.М.»-деген тұрғынның үйін тінту қорытындысымен: өткізуге әзірленіп, дайындалған 12-бөлшекке бөлінген есірткі затына ұқсас заттар тәркіленіп алынған. Сот-сараптамасына сәйкес, тәркіленіп алынған заттың есірткі зат екені бекітілді. Осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен (есірткі заттарды өткізу мақсатында заңсыз сақтау және бірнеше рет өткізу) тергеу амалдары басталды.
«Р.М.» есімді азаматша 24.01.2023ж. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына күзетпен ұсталып, тергеу судьясының санкциясымен 2 айға, яғни 24.03.2023 жылға дейін қамауға алынды.
«Есірткі затын өткізу мақсатында сақтау ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады, бұл қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша ең ауыр жаза ретінде 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы көзделген»-деп хабарлайды Шардара ауданының прокуратурасы.
Қарағандыда 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер үшін қалалық көлікте жол жүру тегін болады. Ақпаратты облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселені пысықтауды тапсырды. Бұл шара бірқатар жанұяларға, әсіресе көп балалы отбасыларға үлкен қолдау болып табылады.
– Қарағандыда 7 жастан 18 жасқа дейінгі 110 мыңға жуық тұрғын бар. Автобустарды жаңарту мен электронды билеттердің енгізілуіне байланысты мен оқушылар үшін Қарағанды бойынша тегін жол жүруді қамтамасыз етуді тапсырдым, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. Өңір басшысы өзінің шешімі туралы № 44 апатты мектептің педагогикалық ұжымымен және оқушыларының ата-аналарымен кездесу барысында хабарлады.
1948 жылғы ғимарат қалпына келтіруге келмейді. Оның орнына жаңа оқу орнын салу жоспарлануда. Оқушылар мен мұғалімдер № 64 мектепке ауыстырылды. Ол 600 адамға арналған, сондықтан орын тапшылығы жоқ.
Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2023 жылға арналған кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.
«Халықты оятқың келсе, оның тарихын оят» деген сөздің мәні тереңде. Медресе-колледждердің оқу бағдарламасына факультатив дәріс ретінде «Алаштану», «Тұлғатану» пәнін енгізу туралы шешім қабылдадым. Мақсатымыз – болашақ дін мамандарын ұлтжандылық пен отансүйгіштікке баулу», — деді ҚМДБ Төрағасы дін қызметкерлеріне жолдаған бағдарлық баяндамасында.
Шымкент қаласының Тұран ауданына жақында тағайындалған Боранбай Булатбековтің тұрғындармен кездесуі «тойдан» кем түспеді. «Қазығұрт» шағын ауданының тұрғындары жаңа әкімді әнмен қарсы алып, «шашу» шашқан. Бұл туралы журналист Мақсұт Айтжанов өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялады.
Сондай-ақ, журналист бұған дейін тазаланбаған көше мен жаяу жүргіншілер жолының мәселесін айтқан. Әкім келеді деген соң, тазалық мамандары көшедегі мұдарды ойып, іске кіріскенін айтқан ол, «БАЛА ЖЫЛАСА ДА, ӘКІМ ЖЫҒЫЛМАСЫН»- деп жазба қалдырған.
Түркістан облысы, Төлеби ауданында қымыз құйғыш робот бар. Оның есімі — «Асылбек». Кез келген адам аталмыш роботқа арнайы пластикалық картаны жақындатса «Асылбек» сөйлей бастайды. Содан кейін робот қымыздың шипалы қасиеті туралы мағлұмат береді. Осыдан соң, ыдысқа шөлді басатын пайдалы сусынды құйып береді. Ұлттық сусынды насихаттайтын бұл роботты
Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жансұлтан Төребек жасаған. Оған ұстазы, информатика пәнінің мұғалімі Лаура Жақсыбекова көмек берген екен.
Жансұлтанда мұндай идея мектепте өткен роботтар көрмесі кезінде туындаған. «Асылбек» қазір оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын арттырумен қатар, емдік қасиеті бар қымыз арқылы жастардың арасында салауатты өмір салтын дәріптейді.
«Ұлттық сусынымызды насихаттайтын болғандықтан, «Асылбектің» ұлттық киімде болғаны дұрыс деп шештік,» – дейді Жансұлтан Төребек.
Оның қымыз құйғыш робот жобасы ғылыми жобалар байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлделі орындарды иеленген.
Енді журналистің сауалына міндетті түрде жауап беріледі. Жауап беру мерзімі қысқарады. Қазір 7 күн болса, енді ол 3-5 күн болып қысқарады.Бұл туралы Өңірлік мерзімді басылымдар форумында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты.
Сонымен бірге, министр алдағы уақытта журналистерге жауап бермейтін мемлекеттік қызметшілер жауапкершілікке тартылатынын мәлім етті. «Мұның барлығы журналистің ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында жасалып отыр», — деді Дархан Қыдырәлі.