Генерал тоғыз жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады,-деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі Stan.kz ақпараттық агентігіне сілтеме жасап.

58 жастағы полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айып тағылған. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаментінің ғимаратынан шығып кеткен. Тәртіпсіздікке қатысушылар ғимараттағы қару-жарақты қолды қылған.

Серік Күдебаев Алматы облысының полициясын 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол Алматыда алты жылдан астам осындай қызметте болған.

Түркістан және Қызылорда облыстарының аумақтарын су басып қалуы мүмкін

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, жыл басынан бері Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттеуішінде күрделі жағдай қалыптасып отыр.

“Бүгінде Шардара су қоймасын толтыру 5,1 млрд м3 немесе 98%-ды құрайды. Көксарай су реттеуішінде – 1,8 млрд м3, немесе 60%. Бұл ретте Су ресурстары комитетінің тапсырысы бойынша “Казгипроводхоз” институты тексеру жүргізіп, оның техникалық жай-күйі туралы қорытынды шығарылды, оған сәйкес жинақталған су 1,8 млрд м3 аспауы керек. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бірнеше рет хабарлаған болатынбыз”,

“Қызылорда облысының солтүстік өңірлерінде мұздың түзілуі су ресурстары комитетімен төмен су ағындары кезінде белгіленді, бұл су ағындарын арттыруға мүмкіндік бермейді. Біздің ұсыныстарымыз ведомствоаралық жұмыс орнын құру”, – деді Юрий Ильин.

Түркістан облысында 43 300 азамат жұмыссыздар қатарында

Түркістан облысында 43 300 азамат жұмыссыздар қатарында,-деп хабарлайды Таq.kz тілшісі.

Осыған байланысты Түркістан облысы мен Қарағанды облыстары әкімдіктері тарапынан жұмыспен қамту мәселелерін көздейтін өзара міндеттемелер жөнінде меморандумға қол қойылған.

Қарағанды облысында бүгінгі таңда, бос жұмыс орындарының басым бөлігі техникалық және өнеркәсіптік мамандықтар бойынша ұсынылып отыр. Тағылымдама негізінде баратын әйелдер және ер азаматтар үшін жұмыстардың түр-түрі қарастырылады. Мәселен, мекемелерге жүргізуші, күзетші, бақылаушы, тасымалдаушы, құрастырушы, дәнекерлеуші, электрик, жол монтері, инженер-технолог, электроника инженері, шебер, қазандық тазалаушы, жүк тиеуші, меңгеруші, байланыс электромонтері, ағаш ұстасы, ТЖ логисті, геолог, шикізатты немесе жартылай фабрикаттарды және дайын өнімді қабылдаушы, техникалық персонал маман иелеріне қажеттілік туындауда.

Түркістан қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жалпы 112 азамат қатысса, оның 58-і жұмысқа орналасуға ниет білдірді. Арасында мүгедектігі бар азаматтар, студенттер және көпбалалы отбасылар бар.

ТҮРКІСТАНДЫҚ ПАРА СПОРТШЫ БАӘ ЕЛІНДЕГІ САЙЫСТА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Біріккен Араб Әмірлігінің Шардж қаласында пара жеңіл атлетикадан халықаралық ашық біріншілік өтті. Жарыста әлемнің 31 елінен келген 262 спортшы бақ сынады.
Осымен 11-рет ұйымдастырылған додада түркістандық Мұхан Айтмырзаевтың бағы жанды. 3 сайыс бойынша сынға түскен дарабоз найза лақтырудан алтын, диск лақтырудан күміс, ядро лақтырудан қола жүлдегер атанды.
Облыстық мүгедектерге арналған “Сауран” спорт клубының спортшысы жеңіске жетуге бапкері Арыстанбек Отаубайұлының қосқан үлесі мол деген пікірде. Жетісай ауданының тумасы пара жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Айта кетейік, Мұқан Жұмабекұлы “Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы 2022 жылдың үздік спортшысы”. Пара жеңіл атлетикадан ҚР-ның чемпионы. Пара жеңіл атлетикадан Өзбекстан Республикасы ашық біріншілігінің чемпионы.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КОМАНДАСЫ ҚҰСБЕГІЛІКТЕН ӨТКЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА БІРІНШІ ОРЫНДЫ ИЕЛЕНДІ

 «Құсбегілік» спортынан Атырау облысында ересектер арасында ҚР-ның XVI чемпионат өтті. Екі күнге жоспарланған бағдарламаға сәйкес жарыс алаңына ителгі құстары өнер көрсетіп, құсбегілер «Қолға шақыру», «Далбайға салу», «Қоянға салу» сайыстарынан бақтарын сынады. Қорытынды бойынша Түркістан облысының саңлақтары Ибрагим Базарбаев «Ителгі-Қарагөз» лақап атты құсымен және Бағдат Кеуенов «Ителгі-Тұмар» құсымен өнер көрсетіп қола жүлдеге қол жеткізді.
Сайыстың 2-күнінде қаршыға құстарының бәсекесі өтті. 3 түрлі бағдарламадағы жарыста үміткерлер «Қолға шақыру», «Кептерге салу», «Қоянға салу» бойынша бәсекеге түсті. Бұл сында жарыс жолына Түркістан облысының атынан шыққан Дәурен Аршабай «Тұйғын» құсымен жеңімпаз атанса, Бағдат Кеуенов «Тарлан» құсымен екінші орынды қанжығасына байлады.
Тартысты додада командалық есепте Түркістан облысының құрамасы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды Астана қаласы иеленді. Ал Ақмола облысының құрамасы үшінші орынды қанағат етті.
Ұлттық спорттың құндылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған құсбегілік спорт түрі соңғы уақытта елімізде қарқынды даму үстінде. Бүгінде бұл спорт түріне қызығушылық танытқан жастардың да саны артқан. Өңір намысын қорғаған спортшылар – Болат Қонаев жетекшілік ететін Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің шәкірттері.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында 408 заңсыз бей-берекет қоқыс орындары анықталған

Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Қанат Қалмаханұлы «Ғарыштық Сапары» АҚ-ның космос түсірілімдеріне сәйкес 2022 жылы 408 заңсыз бей-берекет қоқыс орындары анықталғанын айтты. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдармен 404 орын тазаланып, 2 орын қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, ал қалған 2-і жеке аймақтарда орналасқаны белгілі болды.
Сондай-ақ, Экология департаментінің тарапынан экологиялық талаптардың сақталуы бойынша 67 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, экологиялық талаптарды бұзудың 168 фактісі анықталды.
Заң бұзушылықтарға жол берген 253 жауапты тұлға айыппұл ретінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдын жалпы сомасы 1 млрд 669 млн теңгеден асты. Жыл қортындысымен мемлекеттік бюджетке 1 млрд 666 млн тенге айыппұл өндірілді. Сондай-ақ, экологиялық талаптарды өрескел бұзып жұмыстарын атқарған 8 субъектінің жұмыстары тоқтатылды.

Мердігерлердің мәселесі сотқа жолданды

Түркістан облысында проблемалық 17 мектеп бар,- деп хабарлайды Таq.kz тілшісі Түркістан облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 17 мектептің қатарындағы 3-еуі (Қазығұрт ауданында 100 орындық мектеп, Отырар ауданында 100 орындық мектеп, Ордабасы ауданында 300 орындық мектеп) бойынша келісімшарт талаптары сақталмауына байланысты мердігер мекемелерімен келісімшарт бұзылып, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа берілген.
Бұдан бөлек, Ордабасы ауданындағы 600 орындық және 300 орындық, Мақтаарал ауданындағы 200 орындық 2 мектептің мердігер мекемелері тарапынан келісімшарт талаптары сақталмауына байланысты оларды келісімшартты бұзу және мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа берілген.
Қалған 10 мектеп бойынша алдағы уақытта құрылыс жұмыстары бәсеңдеген немесе келісімшарт талаптары сақталмаған жағдайда заң аясында келісімшартқа сәйкес шара қолданылатын болады.
Проблемалық мектептердің мәселесін шешу мақсатында келісімшарт талаптарын сақтамай өз міндеттемелерін орындамағаны үшін келісімшарты бұзылған мектеп құрылыстарының ЖСҚ-лары қайта түзетуден өткізіледі.
Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін мемлекеттік сатып алу порталына жарияланып, конкурс нәтижесінде анықталған жаңа мердігер мекемелермен келісімшарт түзіледі. Мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарын қысқа мерзім ішінде аяқтау қажеттігі жөнінде міндет жүктеледі.

Үздік түлектер мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындалады

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді

“Облыс ауданы немесе облыстық маңызы бар қала әкімі және мәслихат аппараттарының төменгі лауазымы (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа); жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыс ауданының және облыстық маңызы бар қаланың (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) атқарушы органының басшы емес лауазымы; аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшы емес лауазымы; орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесінің және оның ведомствосының облыстың ауданындағы немесе облыстық маңызы бар қаладағы (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) басшылық етпейтін мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналаса алады, “- деп атап өтті агенттік басшысының орынбасары.

Қызметкерлеріне үй салып берген кәсіпкерге субсидия беріледі

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап Таq.kz тілшісі

” Заңда кондоминиум объектісін басқарудың жеке нысанын – тікелей бірлесіп басқару нысанын құру көзделеді. Бұл нысан пәтерлер саны он алтыдан аспайтын тұрғын үйге қатысты қолданылады. Жай серіктестік құру үшін де пәтерлер санын шектеу ұсынылады. Ол отыз пәтерден аспайтын тұрғын үйлерде құрылуы мүмкін. Қалған көппәтерлі тұрғын үйлер үшін мүліктің меншік иелері бірлестігі нысаны қолданылуы тиіс. Заңда ауылда, кентте өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салатын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау енгізіледі. Бұл норма Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылда жалға берілетін үйлер салу кезінде жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тетігін ендіру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді,” – деп атап өтті Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев.

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДАҒЫ ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ МУЗЕЙІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

1963 жылы кірпіші қаланған Тұрар Рысқұлов атындағы Түлкібас аудандық тарихи-өлкетану музейі қайта жаңғырды. Соңғы рет 2004 жылы Тұрар Рысқұловтың 110 жылдық мерейтойына байланысты күрделі жөндеуден өткен болатын. Жиырма жылға жуық уақыт жөндеу көрмеген ғимарат бүгінде толығымен рестоврациядан өтіп, іші жаңа жәдігерлермен толықты. Экспонаттар саны – 6692 бірлікке жетіп отыр.
    
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы саналатын аталған музейдің жаңа экспозияциясының ашылу салтанатты өтті. Жиынға Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Ресей Жаратылыстану академиясының академигі әрі ғалым Алаярбек Айдосов, аудан әкімі Нұрлан Байғұт, зиялы қауым өкілдері мен облыстық музей қызметкерлері қатысты. Жиылған қауым аудан жұртшылығын музейдің жаңа экспозициясының ашылуымен құттықтады.
— Былтыр музейге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті қаржы бөлінді. Осы экспозицияны жасауға бел буып, кіріскен едік. Нәтижесі бүгін көз алдарыңызда. Еңбек адамын бағалайтын қазіргі заманда музей қызметкерлері де ескеріліп, құрметтелуі керек. Мұражай тек мәдени нысан ғана емес, Италия еліндегі секілді білім алушылардың ошағы ретінде де қызмет атқаратын болса одан сайын жандана түспек, – деді басқарма басшысы Әзімхан Серікұлы.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен ұласып, қайта жаңғырған мұражайға экскурсия ұйымдастырылды. Музейде мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың әр салада атқарған қызметтері, еңбектері жайлы деректермен қамтитын шығармалар бар.
Тарихи-өлкетану музейі М.В.Симченко, Д.Сәлібеков, П.Н.Левченко, Н.Сарыбеков сынды азаматтардың бастамасымен ашылған. Мұражай 1976 жылы мемлекеттік мекеме мәртебесіне ие болды. Ал, 1983 жылы облыстық тарихи-өлкетану мұрайжайының бөлімшесі ретінде саналады.
Атап өтерлік, қазіргі таңда облыстағы 24 музейде жыл сайын орта есеппен 5 мыңнан аса жаңа жәдігерлер жинақталып, жалпы қоры 165 мың данадан асты. Соңғы жылдары Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай, «Шәмші» музей үйі мен Сайрам ауданында «Ардақты Ана» музейі ашылды. Сонымен қатар, Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілген болатын.

№KZ89VPY00063999 Куәлік нөмірі

Lost your password? Please enter your email address. You will receive mail with link to set new password.