ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАРУДЫ ҚАБЫЛДАП АЛУ АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ
Бұл жайында брифингте Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқарамасының инспекторы Абдулла Аманбаев мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, биыл 21 сәуірден бастап Республика көлемінде заңсыз сақтауда тұрған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акция өтеді. Іс-шара ҚР ІІМ-нің нұсқауына сәйкес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
«Заңсыз сақтаудағы қару-жарақ құралдарын сатып алу жөніндегі акция ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы бұйрығымен бекітілген. Ерікті түрде тапсырылатын атыс қаруына, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарға дәрежесіне қарай ақшалай сыйақы беріледі. Яғни, автоматты ойық қаруға – 393 200 теңгеге дейін, ұзын ойық ұңғылы қаруға – 196 600 теңгеге дейін, қысқа ұңғылы ойық қаруға – 157 280 теңгеге дейін, тегіс ұзын ұңғылы қаруға – 117 960 теңгеге дейін беріледі. Одан бөлек, травматикалық тапанша немесе револьверге – 39 320 теңгеге дейін, жарылғыш зат және артериялық снарядқа – 27 524 теңгеге дейін, жарылғыш заттың 1000 граммына – 23 592 теңгеге дейін беріледі. Одан бөлек, 5,6 мм калибрден жоғары ойық ұңғылы қарудан атуға арналған оқтың данасына – 112 теңгеден, 5,6 мм калибрлі кіші ойық ұңғылы қарудан атуға арналған оқтарға данасына – 34 теңгеден беріледі. Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсырылған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады»,- деді Абдулла Аманбаев.
ТҮРКІСТАНДА ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Түркістан қаласында жалпықалалық сенбілік өтті.
Тазалық шарасына Түркістан қаласына қарасты дербес бөлімдер, 6 сектор, коммуналдық мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, облыстық басқармалар мен департаменттердің қызметкерлері белсенді қатысып, жалпы саны 800-ге жуық адам қала тазалығына өз үлестерін қосты. Сонымен қатар сенбілікке 18 арнайы техника жұмылдырылды.
Сенбілік барысында Кентау тас жолы және Б.Саттарханов даңғылының қиылысындағы көшелерде шөптер шабылып, аяқжолдар сыпырылып, қоқыстар жиналды.
Нәтижесінде 50 тоннаға жуық тұрмыстық және табиғи қоқыс қалдықтары тазаланды.
Қала аумағында экологиялық тұрғыдан маңызды деп танылған 18 белгіленген аумақта сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.
Түркістан қаласы әкімдігі мен тиісті мекемелер бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, өңір экологиясын жақсарту жолында белсенді жұмыс атқаруда.
ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ
Жетісай ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпықалалық тазалық шарасы өтті. Шара – ауданның экологиялық жағдайын жақсарту, тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымдарын дамыту және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған.
Аудандағы тазалық жұмыстары таңғы сағат 09:00-ден басталып, оған қала, кент, ауылдық округ тұрғындары мен түрлі ұйымдардан, аудандық мәслихат депутаттары мен ерікті жастардан, кәсіпкерлік нысандардан 2500 адам және 15 арнайы техника жұмылдырылды. Сенбілік барысында көшелер мен қоғамдық орындар, шет аймақтар қоқыстан тазартылды.
«Ауламыз бен ортамызды таза ұстау – әрбір тұрғынның міндеті. Әр аула таза болса, ауыл таза болады. Ал, ауыл таза болса, ауданның тазалығы. Аудан тұрғындарын денсаулық кепілі болған тазалықты сақтауға шақырамын» деді жетісайлық тұрғын Ұлықпан Абиров.
Ауданда тұрақты түрде жүргізіліп отырған тазалық жұмыстары аудан басшысының жіті бақылауында. Өйткені, шара ауданның тазалығын ғана сақтауға емес, тұрғындардың экологиялық санасын да қалыптастыруға бағытталған.
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ОРДАБАСЫЛЫҚТАР ӨЗЕН ЖАҒАСЫНДА СЕНБІЛІК ӨТКІЗДІ
Елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы Ордабасы ауданына қарасты Темірлан елді мекеніндегі Арыс өзенінің жағасында жалғасын тапты.
Тазалық шарасына аудандық әкімдік өкілдері, «Аманат» партиясы, «Таза су» және «Темірлан» абаттандыру мекемелері, аудандық орталық аурухана мен аудандық білім бөлімінің қызметкерлері және жастар мен ардагерлер жұмылдырылды.
Сенбілік аудан халқының тазалық жұмыстарына белсенділігі мен құлшынысын арттыру бағытында арнайы ұйымдастырылған іс-шарамен бастау алып, аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы Лесбек Жүсіп сөз сөйлеп, аудан халқын экологиялық тәртіп пен санитарлық тазалықты сақтауға, мұндай игі жұмыстарға әрдайым белсенді болуға шақырып, үндеу тастады.
Сонымен қатар тазалық шаралары жалпы аудан көлемінде атқарылып басқа ауыл округтерінде де жаппай сенбіліктер жүргізілді. Тазалық акциясына жалпы аудан бойынша 1200-ден астам адам жұмылып, арнайы техникалар тартылды.
Айта кетсек, ауданда экологиялық сауаттылықты көтеру, тазалықты сақтау жұмыстары жалғасады.
ШҰҒЫЛ ШТАБТЫҢ ТӘУЛІК БОЙҒЫ ЖҰМЫСЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ ЖОЮ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУДЕ
Биыл Түркістан облысы бойынша аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы өңдеу шаралары 372,0 мың га аумаққа жоспарланған. Әр ауданға облыстық басқармалар мен мекеме басшыларынан жауаптылар бекітілді. 4 жедел штаб құрылып, жұмыс күші жасақталды.
Шұғыл штаб төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Марокко шегірткесіне қарсы өңдеу шаралары бойынша штаб жұмысын жіті қадағалауға алған.
Шегіртке зиянкесіне қарсы 1 058,0 мың га аумақ зерттеу жоспарланып, қазіргі таңда 391 680 га зерттелді. Оның ішінде, 137 507 га аумақ экономикалық зиянды шегінен (ЭЗШ) асты. Бүгінгі күнге 126,4 мың га өңделді.
Шегіртке зиянкесі қоныстанған 9 аудандағы жайылым жер алқаптары 65 аймаққа бөлініп, картасы әзірленді, 65 аумақта жұмысшы топ жасақталды.
2 990 жайылым жер иелеріне хабарлама берілді.
Шегіртке дернәсілдерінің алғашқы шығуы 3-сәуір күні Арыс қаласы аумағында анықталды.
Жұмысшы топ 24/7 режимінде жұмыс атқаруда.
Сонымен қатар, 65 жұмысшы топты тасымалдауға микроавтобустар, су жеткізуге 45 арнайы автокөлік (водовоз), жанар-жағармай жеткізуге 30 арнайы автокөлік (бензовоз) әзірленді.
Жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету аудан-қала әкімдіктері мен демеушілер тарапынан ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ, анықтаушылар мен химиялық улы препараттармен жұмыс істейтін азаматтардың денсаулығы тұрақты бақылауда.
Алғашқы анықталған дернәсіл сатысында аспалы бүріккішпен өңдеу тиімділігі анықталып, жоспарланған 475 дана бүріккішке қосымша 386 дана бүріккіш алынып, жалпы 861 дана аспалы (ранцевый) бүріккішпен жұмыс жүргізілді. Химиялық өңдеу жоспарының 317,8 мың га 257 жер үсті бүрку техникаларымен, 54,2 мың га әуемен 4 бірлік «АН-2» ұшағымен өңдеу жоспарланып, жүзеге асырылуда.
Қосымша 41 техника, 5 газогенератор, 12 дрон жұмылдырылды.
Химиялық өңдеуде «Тиаметрин», «Каратэ»препараттары пайдаланылуда.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНА 30 ЖЫЛ» МЕРЕКЕЛІК МЕДАЛЬДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ
Түркістандағы «Достық үйінде» Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медальдарын тапсыру рәсімі өтті.
Салтанатты шараға өңірдің өркендеуіне және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар қатысты. Марапатқа ие болғандар арасында ҚХА мүшелері мен ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері бар.
Бірлікке үндеген жиында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Ассамблеяның игілікті істеріне тоқталып, қуаныш иелерін марапатымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мерекесімен құттықтады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық белесі бізге өткенімізді саралап, жетістіктерімізді бағамдауға мүмкіндік береді. Бұл мерейтой – барша халықтың бірлігі мен келісімінің жемісі. Өңірдегі Ассамблея мүшелерінің, этномәдени бірлестіктердің ел ынтымағын сақтау жолындағы еселі еңбегі зор. Бүгінде облыстық Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елтану», «Мың бала», «Қайырымдылық керуені», «Жаңа толқын», «Шаңырақ» жобаларын тиімді іске асыруда. Баршаңызды ҚХА мерейтойымен құттықтаймын! – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жалпы өңірлік Ассамблеяның ұйытқы болуымен жыл басынан бері 27 мыңға жуық адам қатысқан 440 іс-шара, 15 қайырымдылық акциясы өткізілген. Сонымен қатар, 134 ақпараттық-насихаттық кездесулер өткізіліп, оған 7000-ға жуық тұрғын қатысты.
Мерекелік шара соңында облыс әкімінің орынбасары марапат иелеріне жемісті жұмысы үшін алғысын білдіріп, алдағы жоспар-жобаларына табыс тіледі.
ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР 18 ШАҚЫРЫМ ӨЗЕН БОЙЫН ТАЗАЛАДЫ
Төлеби ауданында “Таза Қазақстан” республикалық бағдарламасының “Жасыл толқын” шеңберінде аудан көлемінде жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды.
Сенбілікке аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, мемлекеттік қызметшілер, еріктілер, жастар қатысып, Сайрамсу өзені жағалауын күл -қоқыстан тазартты. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру және аудан аумағын абаттандыру мақсатында сенбілікке 300-ге жуық адам қатысты.
Игі шараға ат салысқандар 18 шақырым өзен жағалауын шыны, пластикалық бөтелкелерден, тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Тазалық шарасына 10 техника жұмылдырылып, 5 тонна қоқыс арнайы орынға жеткізілді.
Сондай-ақ, аудан халқы тұрғылықты мекенжайындағы балалар ойын алаңшалары, ішкі көшелер, саябақ, аллеяларды тазалап, қоқыстар арнайы орынға жеткізілді. Еріктілер, жастар аудандағы су қорғау аймақтары, өзен жағалаулары, жол жиектері тазаланды. Бұдан бөлек, аудандық, облыстық маңызы бар жол бойларына көшеттер отырғызылып, қураған талдар кесіліп, әктелді.
Түркістан қаласы Ішкі саясат бөліміне жаңа басшы тағайындалды
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының өкімімен Ішкі саясат бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметіне Тоймахан Шоқан Баймаханұлы тағайындалды. Жаңа басшыны ұжымға қала әкімі аппаратының басшысы Әлібеков Қуаныш Нұржанұлы таныстырып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Тоймахан Шоқан Баймаханұлы 1992 жылы 3 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, мемлекеттік қызмет саласында жинақтаған мол тәжірибесімен танылған білікті маман.
Еңбек жолы:
• 2013–2014 жж. – Түркістан қаласы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімінің инспекторы;
• 2014–2015 жж. – Шорнақ ауылдық округі әкімі аппаратының Ұйымдастыру бөлімінде бас маманның міндетін атқарушы;
• 2015–2016 жж. – Шорнақ ауылдық округі әкімі аппаратының Ұйымдастыру бөлімінің бас маманы;
• 2016–2021 жж. – Түркістан қаласы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімінің бас маманы;
• 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін – Түркістан қаласы әкімі аппаратының Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы.
Ол түрлі деңгейдегі әкімшілік құрылымдарда абыройлы еңбек етіп, өзінің кәсіби біліктілігін, ұйымдастырушылық қабілетін және жауапкершілік қасиетін іс жүзінде дәлелдеген.
Басшылық қызметінде Тоймахан Шоқан Баймаханұлы ішкі саясаттың негізгі бағыттарын жүйелі түрде дамытып, қоғамдық ұйымдармен тиімді әріптестік орнатуға және тұрғындармен байланысты нығайтуға баса мән беретін болады.
Жаңа басшыға зор сенім білдіріліп, алдағы қызметіне сәттілік пен табыс тілейміз.
ТАЗА ҚАЗАҚСТАН АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА САУРАНДА 600 АДАМ ҚАТЫСҚАН АУҚЫМДЫ ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ
Сауран ауданында көктемгі көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды шара Түркістан – Кентау автомобиль жолының бойында, атап айтқанда Оранғай және Иассы ауылдық округтерінің аумағында өтті.
Тазалық акциясына Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров бастаған аудан активі, мемлекеттік қызметкерлер, денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері, дін өкілдері, белсенді азаматтар мен ерікті жастар, сондай-ақ жергілікті тұрғындар — барлығы 600-ге жуық адам қатысты.
Шара барысында ұзындығы 21 шақырымға созылған Қарашық өзенінің бойы тазартылып, қоқыс қалдықтары жиналды. Сонымен қатар ретсіз өскен ағаш бұталары кесіліп, ағаш түптері әктелді. Жалпы тазалық жұмыстарына 20 дана техника жұмылдырылды.
Аудан әкімі тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақырып, табиғатқа жанашырлықпен қараудың маңыздылығына тоқталды.
Айта кетейік, аудан аумағында көктемгі санитарлық тазалық жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта ауылдық округтерде де осындай ауқымды экологиялық шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
