Архив рубрики: Ақпарат

ЕСІК ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ ІСКЕ 60 АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДА

Көзін тапқанға кәсіп көп. «Кәсіп ашып, жұмыс істеймін дейтіндерге» мүмкіндік те жоқ емес. Соның нәтижесінде өнімді шығаратын кәсіп иелері көбейіп, Түркістан облысынан шыққан өнімдерге де сұраныс арта түсуде. Атап айтсақ, Сауран ауданында Ресейдің сапалы есіктерінен кем емес ішкі есіктер шығарылып жатыр. Кәсіпкер ағайындылар Азизбек пен Бахадир Абдужалиловтар өндіріс цехын осы жылы іске қосқан.

«Люкс Двери» шағын цехтың ашылуына аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев пен Еңбекші Диқан елді мекенінің тұрғындары және ауыл ақсақалдары қатысты. Аталмыш цехта 60 маман жұмыс жасап, жылына 150 мың есік шығарады. Бүгінде облыс және ауданның тұрғын үйлері мен ғимараттарға заманауи түрлі үлгідегі және әртүрлі көлемдегі есіктер сатылуда. Заманауи құрылғылармен жабдықталған цех өнімі сапалы, бағасы да қолжетімді.

« – Ауданнан бөлек, ауыл округінде есіктерге сұраныстың жоғары екенін аңғардым. Алдағы уақытта осы салада өнім өндіретін цехтың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын. Нар тәуекел етіп, бастаған ісім өрге басып, сұраныс артқан сайын жұмысымды өрістете бастадым. Қазір жаман емес, кәсібімнің арқасында жетістікке жетіп жатырмын. Сонымен қатар, ауыл әлеуетін арттырып, жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтып отырған жағдайымыз бар. Жалпы Сауран ауданының экономикалық әлеуеті жақсарып келеді. Кәсіпкерлерге де мол мүмкіндіктер беріліп жатыр. Ауданда соңғы жылдары цехтар мен зауыттардың саны да артып келеді. Инвесторлардың да қатары артқан. Бұл кәсіпорындар үшін жақсы жаңалық. Себебі бәсекеге қабілеттілік қалыптасады. Әр түрлі тауарларға да сұраныс көбейеді. Бүгінде аудан тұрғындарының бизнеске деген қызығушылығы жоғары. Соның нәтижесінде, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік саласы дамып жатыр. Өңірдің әлеуетін көтеруге бағытталған кәсіпкерлердің жұмыстарына аудан әкімдігі де әрқашан оңтайлы ұсыныстарын ұсынып жатыр. Бұған дейін аудан әкімі Мақсат Таңғатаров дәл осы бастама негізінде Иассы ауылдық округінің кәсіпкерлерімен кездескен болатын. Онда аталған аймаққа кәсіпкерлік субъектілерінің дамуына қолдау көрсету мақсатында 12 гектар жер телімі бөлінгенін де мәлімдеген еді. Бөлінген аумақта 20-дан астам үлкен, кіші цехтар мен өндіріс орындары ашылатынын және алдағы уақытта кәсіпкерлермен меморандум түзіліп, құрылыс жұмыстары басталатынын жеткізген болатын. Міне, осындай жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп, ауданда кәсіпкерлік нысандардың саны бұрынғыдан да арта түсті.» – дейді цех иесі.

Мемлекет басшысы атап өткендей кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту, аймақтарға инвестиция тарту – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл бағытта  мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да өте көп. Ол үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін, өз туған жері үшін  еңбектенемін, жұмыс жасаймын деген азаматтарға мол мүмкіндік беріліп жатыр. Ал, Сауран ауданында соңғы жылдары осындай мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға белсене қатысып, өзінің шағын және орта  бизнесін өркендетіп отырған аудан кәсіпкерлерінің саны күн санап көбеюде және табыстарын еселеп отырғандар да бар. Мұндай бастамалардың пайдасы жұмыссыздар санын азайтып, жаңа жұмыс көзін ашуға мүмкіндік береді.


Айта кетейік Сауран ауданының әкімдігі бұған дейін қарашықтық жиһаз өндірісімен айналысатын кәсіпкерлерге де арнайы 10 гектар жер беріп, жергілікті азаматтарға тиімді ұсыныстар жасап, бизнеске қолайлы жағдайлар жасаған болатын. Ал, аталған бастамаға дейін түрлі бағытты қолға алған кәсіпкерлер өздерінің үйіргелік жерлерінде өз жұмыстарын жасап келген еді. Қазіргі уақытта Қарашық ауылдық округінің көптеген кәсіпкерлері индустриалды аймақта цехтарының құрылысын бастап, бизнестерін дамытып жатыр. Ол үшін мемлекет тарапынан тиісті инфрақұрылымдар қамтылып, өңірлік бағдарламалар арқылы қолдаулар көрсетілуде.  Тиісінше кәсіпкерлермен кездесуде облыс әкімінің бастамасымен Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров 21 кәсіпкерге арнайы орындарын белгілеп, цехтарының құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат берген болатын. Индустриалды аймаққа мемлекет тарапынан қажетті жұмыстар су, электр энергия тағы басқа шаруалар жүргізілуде. Аудан әкімі кәсіпкерлердің өнімдерінің сапасының жоғары екенін айтып, кәсіпті дамыту үшін қолдау көрсетілетінін де жеткізген еді. Осындай жаңа жоспарлардың жемісі – бүгінде аймақта шетелдік тауарлардан кем түспейтін сапалы, әрі әсем жиһаздар, үстелдер, тұрғын үйге қажетті есік, терезелер де нарыққа сатылымға шығарылып жатыр.

Есіктің қиюын келістіріп, әдемі дүние етіп шығару тек шын шебердің қолынан келеді. «Қимылдағанның қыр асатынын» жақсы білетін Азизбек пен Бахадир де кәсіптің осы түрін қолға алып, жетістікке жетуде. Кәсіпкерлер алдағы уақытта есіктердің түрлерін көбейтіп, цех әлеуетін арттырып, көрші облыс пен қалалардан тапсырыстарды қабылдауды жоспарлап отыр.

ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫ ШЕТ МЕМЛЕКЕТТЕРГЕ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРАТЫН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Енді Түркістан өңірінің тұрғындары Ұлыбритания, Қатар, Оңтүстік Корея елдерінде заңды түрде жұмысқа орналаса алады. Бүгін өңірімізге арнайы келген Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездескен болатын. Содан кейін БҰҰ Көші-қон агенттігінің Қазақстандағы Миссиясының басшысы, Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Серхан Актопрак және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен бірге шетелдерде жұмысқа орналастыруды оқытатын «Алдын ала даярлық орталығының» салтанатты ашылуына қатысты.
Орталық жұмыс іздеушілерге мағлұматтар мен кеңестер беру, тіл үйрету, қауіпсіз көші-қонды қамтамасыз ету, сапарға дайындау, тәжірибе арттыру, жалпы жан-жақты қолдау көрсету мақсатында құрылды.
Өкілдер әуелі облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» қызметі мен жұмысын бастаған оқу орталығы кабинеттерімен танысты. Шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтармен тілдесті. Сондай-ақ «Орталық Азиядан Ұлыбританияға маусымдық жұмысшылардың қауіпсіз көші-қоны» жобасы аясында «Шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтарды алдын ала даярлау орталығы» тақырыбындағы жиында бастаманың маңыздылығы айтылды.
– ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымының бастамасымен, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен мемлекеткаралық игі жобалар жүзеге асырылмақ. Пилоттық жоба әзірге Қазақстанның 3 аймағында қолға алынып, оған халқы тығыз орналасқан Түркістан өңірі де еніп отыр. Түркістан өңірінде қазіргі таңда 2,2 миллионға жуық халық тұрады. Оның 850 мыңы еңбекке қабілетті. Алайда 46%-ы өзі-өзі жұмыспен қамтығандар санатына кіреді. Сондықтан біз үшін жұмыссыздықты азайту маңызды бағыт. Ел азаматтары көп жағдайда тіл меңгермегеннен, баратын елдің Заңдарын білмегендіктен, алаяқ әрі сенімсіз компаниялардың әсерінен түрлі кедергілер мен қателіктерге ұшырайтыны жасырын емес. Бұл бастама арқылы шетелден алдын ала сұраныстарды және бос вакансиялар алдын ала белгіленеді. Осы орталықтың ашылуына орай алғашқы топтарды оқыту басталды. Еңбекші-мигранттардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғау, көші-қонның қауіпсіз әрі сенімді жүргізілуі, қатысушылардың білімін жетілдіру, өзге де ресурстармен қамтуды үйлестіру жұмыстары облыстық «Еңбек мобильділігі орталығына» міндеттеліп отыр. Әрине елшілікпен бірлесе атқаруға тиіспіз. Өңір тұрғындары осындай мүмкіндікті пайдаланғаны абзал, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Кэти Лич арнайы еңбек ұтқырлығы орталығының сенім телефонын іске қосу, мамандарды кешенді оқыту және қажетті жабдықтармен қамту керегін жеткізді. Статистикалық деректерді де ортаға салды.
– Соңғы жылдары біздің маусымдық жұмыскерлер бағдарламасы бойынша Ұлыбританияға келетін қазақстандықтардың саны айтарлықтай өсті. 2019 жылы маусымдық жұмыскердің визасын 4 адам алған болса, 2024 жылдың І жартыжылдығында 4400-ден асқан. Біз үміткерлердің Ұлыбританияда өмір сүру мен жұмыс істеудің оң тәжірибесі бар екеніне көз жеткізуге басымдық береміз. Ол үшін осындай мамандандырылған көшпелі дайындық ақпараттық орталығының ашылуын құптаймыз, – деді Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі.
Ал, Серхан Актопрак көшпелі дайындық жұмыскерлердің жаңа ортаға тезірек бейімделуіне ықпал жасайтынын атап өтті. Бұл тәжірибе Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінде қолданысқа ие. Орталық Азия елдерінің үздіксіз экономикалық ілгерілеуіне, жұмыссыздықты азайтуға, серіктестікті нығайтуға және дүниежүзілік миграциялық қозғалыстарға септігі мол.
Шетелдік қонақтар мұнан кейін ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Түркістан облысы бойынша филиалында тренерлерді даярлау дәрісінің алғашқы сессиясына куә болды. Республиканың әр өңірінен жиналған қатысушылармен еркін пікір алмасып, сұхбаттасты.

МАМАНДАР ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНДА ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН САҚТАУҒА ШАҚЫРАДЫ

Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының жоспарын бекіткен болатын. Соған орай 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» іс-шарасы өтті. Шараның мақсаты – жылу беру маусымы басталар алдында адам өмірі мен денсаулығын, мүлік пен қоршаған ортаны өрттен қорғау, тұрғын үйлерде өрттің туындау және табиғи газдан улану тәуекелдерін төмендету. Бұл жайында департаменттің басқарма басшысы Мұхан Байымбетов брифингте мәлімдеді.
– Қазіргі таңда әлеуметтік жағдайы төмен осал топтағы отбасылардың тұрғын үйлеріне 200 дана газосигнализатор құрылғысы орнатылды. Биыл жылыту маусымы басталғалы улы газдан улану жағдайы орын алмады. Алайда өткен жылыту маусымында улы газбен уланудың 7 жағдайы тіркеліп, салдарынан 5 адам қайтыс болды. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында тұрғын үйлерде қазіргі кезге дейін 20 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 2 адам жарақат алса, қаза тапқандар жоқ, – деді спикер.

ҰСТАЗДАР ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЛҒАН ГАЛЕРЕЯ

Түркістан облысы Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті еліміздің мақтанышы болған педагогтердің есімін ұлықтап, олардың еңбегін ерекше атап өту мақсатында арнайы стенд әзірледі.

Бұл стендте “Қазақстанның Еңбек Ері” және “Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы” атағын иеленген ұстаздардың суреттері мен есімдері көрнекі түрде көрсетілген. Аталған бастама білім саласындағы майталман мамандардың еңбегін бағалап, жас буынға үлгі етуге бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім саласына сіңірген елеулі еңбектері үшін осы ұстаздарды арнайы марапаттаған болатын. Бұл – олардың ұлт болашағы үшін атқарған еңбектерін мойындап, оларға көрсетілген құрметтің белгісі. Осындай ерекше марапат алған педагогтер елдің ең бағалы қазыналарының бірі және олардың еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Ұлт келбеті – ұстаз. Бес жылдың берекелі белестері» атты мақаласында белгілі ұстаздар Аягүл Миразова мен Алина Соловьевадан кейін семейлік мұғалім Алма Шүкежановаға өткен жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілуі отандық педагогтер қауымына көрсетілген үлкен құрметтің тағы бір белгісі болғанын атап өтті. «Мемлекет тарапынан жасалған бұл қадамдар ұлт келбеті болар мұғалімге көрсетілген ерекше қамқорлық екенін педагогтер қауымы сезініп, жылы қабылдады», – деді министр Ғ.Бейсембаев.

Бұл галерея ұстаздарды ғана емес, жалпы педагог мәртебесін асқақтатуға арналған. Түркістан облысы ұстаздарының жетістіктерін насихаттай отырып, жас ұрпақты білім мен тәрбие жолында үлгі тұтуға бағыттайды.

Барлықтарыңызды осындай ұлағатты ұстаз болуға шақырамыз.

Кентаулық ұстаз оқушыларға тарихтың тың деректерін дәріптеп жүр

Тарих – ұлттың жады. Танымды тарихы жадында жатталған халық қана ұлт ретінде сақталып, басқалармен қатар терезесі тең өмір сүре алады. Тарихын қастерлеген ұлт қана өткеннен тағылым алып, келешегіне сеніммен қарайды. Демек, танымды тарих -ұлт тəуелсіздігінің, ұрпақ тəуелсіздігінің кепілі. Дәл осы мақсатта шәкірттеріне сапалы білім мен қазақ тарихын оқушылардың санасына сіңіріп, патриотизмге тәрбиелеп жүрген ұстаздың бірі – Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі Бүрлібаева Гүлнар Нұрлыбекқызы.

Білікті ұстаз қазақ хандарының өмір жолымен, ел басқарудағы саяси құрылымдарын оқушыларға таныстыру, үлкенді сыйлау және ана тілді құрметтеу, салт-дәстүрді сақтауға тәрбиелеу мақсатында “Рухы жоғары халықтың тарихы мәңгілік” атты апталықтың іс-шарасын өткізді. Аталған тағылымды шараға 9 «ә» сыныбының оқушылары қатысып, ән,би , қара сөздермен өздерінің өнерлерін көрсетті.

«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деп М. Әуезов атап көрсеткеніндей, егемен елдің келешегі кемел білім мен ұлағатты тәрбиеге байланысты.

Баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру қажеттілігін әр мұғалім түсінуі керек. Ол үшін дарынды оқушымен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезінуі, нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай ізденуі, жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылуы, ата-анасымен тығыз байланыс орнатуы, оқушымен жиі қарым-қатынаста болуы сияқты талаптарды орындайды.

Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу – екінің біріне бұйыра бермейтін жауапкершілігі зор мамандық. Кентау қаласында терең білімімен, жайдары мінезімен шәкірт жүрегіне жол салған мұғалімдер аз емес. Солардың бірі – Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі Бүрлібаева Гүлнар Нұрлыбекқызы деп айтуға болады.

Мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беру туралы

БАҚ тарапынан мемлекеттік қызметшілерге сыйақыны беруге байланысты жағдайды түсіндіру бойынша өтініштердің келіп түсуіне орай келесіні хабарлаймыз.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылдың 29 тамызындағы №1127 қаулысына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төлеу, материалдық көмек көрсету, лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу бюджет қаражатын үнемдеу есебінен ғана жүзеге асырылады.
Осы қаулы арқылы шығыс баптарының нақты тізбесі айқындалған. Олардың есебінен үнемдеу қалыптасқан жағдайда ғана сыйақы төленуі мүмкін (іссапарларға, коммуналды және көлік қызметтеріне, байланыс қызметтеріне, үй-жайларды жалға алуға және т.б. шығыстар бойынша үнемдеу).
Бүгінде аталған қаулыға, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерге сыйақыларды шектейтін өзгерістер енгізілмегендіктен мемлекеттік қызметшілерге сыйақыларды беруге тыйым салатындай негіз жоқ.
Қаржы министрлігінің осыған дейінгі хабарламасында Үкімет қаулысының нормаларын бұлжытпай ұстану қажеттігі және бағдарлама әкімшілерінің қызметкерлерді тізбеде көрсетілгендерден бөлек бюджеттік баптардан қаражатты сыйақыға пайдалануға жол бермеу туралы айтылған болатын.
Инвестициялық жобаларды іске асырудан және/немесе мемлекеттік аппараттың жұмысына әсер етпейтін материалдық активтерді сатып алудан үнемделген қаражат бюджетке қайтарылуға тиіс.

ҚР Қаржы министрлігі

ТҮРКІСТАН: ТӨРЕХАН САБЫРХАН – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ!

Черногория Республикасы, Будва қаласында 21 қазан мен 3 қараша күндері бокстан жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Жаһандық бокс бәсекесіне 73 мемлекеттен 598 спортшы қатысып, шаршы алаң төрінде тартысты жекпе-жектер өткізді.
Ұлттық құрама сапында түркістандық 5 спортшы қатысып, 1 алтын, 3 қола медаль қанжығалады.
Осындай аламанда жүлде салған Түркістан облысының былғары қолғап шеберлері қатарында 67 келіде қолғап түйістірген талантты боксшы Төрехан Сабырхан ринг төрінде атой салып, барлық қарсыласын тізе бүктіріп, алтын медальді мойынында жарқыратты.
 
Ал қыздар арасындағы жекпе-жекте үш бірдей жерлесіміз қола медаль иегері атанды. Атап айтсақ, 52 келіде Бағжан Отынбай, 63 келіде Аружан Жаңабаева және Шұғыла Нәлібайлар қола медальді қанағат етті.
Әлем чемпионатының жеңімпазы Сабырхан Төрехан мен қола жүлдегерлер – Бағжан Отынбай, Шұғыла Нәлібай Түркістан облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері болса, Аружан Жаңабаева «Түркістан» кәсіби бокс клубының шәкірті.

«Балалар кітапханасы» жобасының маңызы ерекше

Кітап-асыл қазына. Ал, кітапхана-ғасырлар бойы кележатқан шырағы биік парасат пен білімнің киелі шаңырағы. Бүгінде мектеп жасындағы балалардың кітап оқуға деген құштарлығын оятумен қатар, олардың танымдық деңгейін өсіруге жетелейтін “Балалар кітапханасы” жобасының маңызы зор болып отыр.

Балаларды жас кезінен кітап оқуға қызықтырып, отбасылық оқу дағдыларына бейімдеу, көркем әдебиетті қызыға оқитын оқырмандарды көбейту, кітапхана мен отбасы арасындағы тұрақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында Кентау қалалық білім бөліміне қарасты М. Қашғари атындағы мектеп -лицей кітапханасында “Балалар кітапханасы” жобасы бойынша “Бір отбасы-бір кітап” тақырыбында челлендж ұйымдастырылды. Челленджде оқушылар өздері сүйіп оқыған кітаптарын отбасымен бірге оқып, оны талқылап, челленджді әрі қарай басқа отбасыға жолдады.

Сонымен қатар, Кентау қалалық білім бөліміне қарасты “Қарнақ” жалпы білім беретін мектеп кітапханасында «Балалар кітапханасы » жобасын іске асыру негізінде күзгі демалыс кезінде «Күзгі демалыста кітап оқимыз » атты іс- шарасы ұйымдастырылды. Аталған іс-шарада 2 – сынып оқушылары арасында өлеңдерді мәнерлеп оқу сайысы өтті.

Мақсаты: оқушылардың екпінді дұрыс қоя білу , оқу мәнерін меңгеру, дауысты өлеңнің ой-мазмұнына сай баяу,жігерлі оқу немесе тілек ,сұрақ, көңіл күйді көтеріңкі үнде оқи білу машықтарын байқау,бағалау. Сондай-ақ, балалардың дүниетанымын дамыту , өлең сөзге деген қызығушылықтарын арттыру . Сайысқа мектеп директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нафиса Парпиева , кітапханашылар , бастауыш сынып бойынша бірлестік жетекшісі ,сынып жетекшілері қатысып,өз пікірлерін айтты. Ал, оқушылар сайысқа белсенді қатысып марапатталды .

Оқырман белсенділігін қалыптастыру үдерісі мектепте заманауи тиімді технологиялар мен оқыту әдістері қолданылған жағдайда тиімді болады. Мектеп оқушысының кітап оқу іс – әрекетін дамыту Қазақстандағы білімді жаңғыртуда басым бағыттардың бірі болып табылады. Кітап оқу – білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің бір түрі ретінде, тұлғаны тәрбиелеу және білім беру адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейіне әсер ететіні айқын. Ұлттың рухани және интеллектуалды ілгерілеуінің құралы ретіндегі оқылым іс-әрекетіне балаларды және жастарды тарту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасының  үлесі маңызды болып отыр.

Міне дәл осы бағытта Кентау қалалық білім бөліміне қарасты “Қарнақ” жалпы білім беретін мектеп кітапханасында «Оқуға құштар мектеп » жобасы аясында күзгі демалыс кезінде Бердібек Соқпақбаевтың 100 жыл толуына байланысты іс- шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шарада 5-сынып оқушыларымен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым- Қожа» повесты туралы викториналық сұрақтар сайысы өткізілді.

Мақсаты: Оқушыларға жазушы өмірі мен шығармашылығымен таныстыра отырып, әлемге танылған әйгілі шығармасы туралы білімдерін толықтыру; Оқушылардың ой – өрісін, қызығушылығын ояту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Осы мақсатта білім ордасының оқушылары сайысқа қатысып белсенділік танытқаны үшін сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ, «Балалар кітапханасы» жобасын іске асыру мақсатында Кентау қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы N19 ақпараттық технологиялар мектеп лицейі кітапханасы оқушылардың күзгі демалысын тиімді пайдалануы үшін оқушыларға үйге ертегі кітаптар оқуға берді. “Күзгі демалыста кітап оқимыз” тақырыбындағы кітап оқу іс-шарасына отбасыларымен белсенділік танытуда. Бастауыш сынып оқушылары үйлерінде ата-аналарымен ертегілер оқуда.

Ал, Кентау қалалық білім бөліміне қарасты Ш.Қанайұлы атындағы 2-ші жалпы білім беретін мектеп кітапханасында бастауыш сынып оқушыларының “Балалар кітапханасы” жобасы аясында күзгі демалыста белсене кітап оқу, түсінік айту, талқылау, уақытқа мәнерлеп оқып жарысу шаралары өтті. Оқушыларға демеу жасап, қолдап, бағыт-бағдар беріп жүрген мектеп кітапханашысы, сынып жетекшілері және ата-аналары. Бұл өнегеге толы үрдіс алдағы уақытта жақсы дәстүрге айналмақ.

Кел оқырман демалыста кітап оқимыз. Осындай ұранмен Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп- гимназиясы да, «Балалар кітапханасы» жобасы аясында игі іс-шараны қолға алды. Яғни, “Демалыста кітап оқиық ” тақырыбында оқушылар өздерінің ұнатқан кітаптарын алып, білімдерін шыңдады. Мақсаты: кітап оку арқылы оқушылардың бойына ұлтжандылық пен мейірімділікті дамыту, оқырман кызығушылығын арттыру. Осы мақсатта білім ордасының оқушылары күзгі демалыстарын кітап оқып, тиімді өткізуде. Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпау керек дейді, мамандар.

Айта кетейік, «Балалар кітапханасы» бағдарламасының басты мақсаты мектеп кітапханаларын маңызды балалар әдебиетімен қамтамасыз ету. Балалар әдебиеті тізімін қалыптастыру және ұрпақтың кітапқа құштарлығын ояту. Айта кетейік, қазіргі күні мектептердегі балалар әдеибетінің қоры 40 миллионға жуық. Электрондық мемлекеттік кітапхана қорының каталогына 150 жазушының еңбегі енгізілген.

Кентау: Білім ордасының өнерлі және талантты ұстаздары

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман даярлау. Мектеп ұрпаққа білім беріп, білмегенін үйрететін орта десек, оның жүрегі – мұғалім екені анық. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұсы, оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білу. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арыңдай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы десекте болады. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам болса, ұстаздың ұлы қасиеті де осы болмақ.

Міне осындай қасиеттерді дәріптейтін байқаудың бірі «Дарынды бала – талантты ұстаз» байқауы десек болады. 1 қараша күні Кентау қаласының білім бөлімінің бұйрығы негізінде жалпы білім мекемелеріндегі орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің арасында «Дарынды бала-талантты ұстаз» байқауының қалалық кезеңі өтті. Байқауға еңбек өтілі 5 жылға дейінгі педагогтер қатысты. Ал, Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің атынан орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ташполатова Сагдиана Султанқызы қатысып, өз бағын сынады. Байқау 3 шарт бойынша өтті. Яғни біріншісі ұстаз кез келген форматта өзін-өзі таныстырады, сондай-ақ тыңдалым, яғни мәтінмен жұмыс. Ал ең маңыздысы мультимедиялық жоба. Яғни, үш минуттай жаңа технологияларды қолдану арқылы панорамалық сабақтан үзінді көрсетеді.

” – Қазіргі технология заманы оқытудың жаңа тәсілдері мен әдістерін қажет етеді.  Қазіргі кезде әрбір оқушылар телефон, планшет, ноутбук секілді гаджеттерді мобильді құрылғыларды қолданады. Сондықтан мұғалім осы құрылғыларды оқытуда тиімді пайдалана отырып, сол арқылы оқу процесін жан-жақты тиімді әрі әсерлі етіп өткізе алады. Оқыту үрдісінде ақпараттық технологияны қолдану білім сапасын жақсартуға көмектеседі. Сонымен бірге кейде қол жетпейтін көрнекіліктерді пайдалануға, білім мен мəліметтерді əр түрлі формада ұйымдастыруға, қажетті модульге тез арада қол жеткізуге көмектесе алады. Қазіргі ғылым мен техниканың шарықтаған шағында көрнекіліктердің қай түрі болсын молынан пайдалануға мүмкіндік бар. Мектепте жаңа технологиялармен жұмыс істеу өте пайдалы. Өйткені нашар оқитын оқушының өзін онымен жұмыс істеуге қызықтыруға болады. Себебі балаға бұл әдіс арқылы білмеген жерін көрсетуге, көмек беруге болады. Заман талабына сай техникалық құралдарды сабақта қолдану — мұғалім жетістігіне апаратын тиімді жол. Компьютер, ноутбук арқылы оқушылардың пəнге деген танымдық қызығуын арттырып, тиянақты білім алуына жағдай туғызуға болады. Сабақ үстінде өз бетінше берілген тапсырмаларды орындау барысында оқушының оған қызығуы арта түседі. Сабақ барысында компьютерді қолданудың жақсы жақтары: түрлі-түсті иллюстрациялар, аннимациялар есте сақтау процесі үшін тиімді.” – дейді Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің атынан орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ташполатова Сагдиана Султанқызы

Сабақ оқытудың жаңа компьютерлік жүйесін пайдаланудың мынадай ұтымды жақтарын атап көрсетуге болады: оқушылардың ойлану дəрежесіне қарай , материалдық қабылдау ерекшелігіне байланысты əрбір оқушы үшін жеке-жеке компьютерда бағдарлама құрып, оқушылармен дербес жұмыс жасауға болады; компьютер арқылы нашар оқитын оқушылардың өзінің пәнге деген қызығушылығы артады; компьютерді сабақта пайдалану уақытты үнемдейді.

Міне осындай жаңашылдықтарды қамтыған байқауда, жаңа технологияларды қолданудың тәсілдерін айтып, өз тәжірбиесін көрсете білген Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Ташполатова Сагдиана Султанқызы жүлделі ІІ орынды иеленді. Сагдиана Султанқызының мерейлі жеңісіне мектеп ұжымы да ізгі тілектерін жеткізді.

Жалпы өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға болуы керек.  Мұғалімі – өзінің табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дами түседі. Қазіргі таңда мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру саласының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі десек, осындай құндылықтарды арттыра түсетін іс-шараның бірі – «Өнерлі ұстаз» байқауы.

Айта кетейік, 2024 жылғы 29 қазан күні Кентау қаласының білім бөлімінің бұйрығы негізінде қалалық «Өнерлі ұстаз-2024» байқауы өтті. Байқаудың мақсаты: ұстаздың тарихи танымдығын, педагогикалық-психологиялық сауаттылығын, шығармашылық талантын анықтау, тәрбие жүйесінде ұстаздардың жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына ерекше көңіл бөлу, жаңартылған білімдегі тәжірибесімен өзара бөлісу. Осындай маңыздылығы айқындалған байқауға Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің математика пәні мұғалімі Балтабаева Шохида Шухратқызы да  қатысып, өз бағын сынаған. Байқау 3 шарт бойынша өткен. Яғни,  өзін-өзі таныстыру кезеңі, «Дублер күні» кезеңі, «Өнер» кезеңі. Байқаудың қорытындысы бойынша Балтабаева Шохида Шухратқызы жүлделі І орынды иеленіп, білім ордасының абыройын көтерді. Білім ордасының өнерлі және талантты ұстаздары саналы ұрпақ тәрибиелеп, сапалы білім беру жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Жалпы білім мен тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл шәкірттерді тәрбиелеу маңызды. Бұл мақсатта өнегелі, өнерлі және талантты ұстаздардың қызметі орасан.

Кентау: Бір мектептің талантты ұстаздары

Кентау қаласының білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мектептер арасында “Өнерлі ұстаз -2024” байқауы облыстық байқауының қалалық кезеңі өткізілді. Басты мақсат: ұстаздың тарихи танымдығын, педагогикалық–психологиялық сауаттылығын, шығармашылық талантын анықтау және жас ұрпақты өнерге баулу бойынша тәжірибесін арттыру. Сонымен қатар, байқау шарттарында тәрбие жүйесінде ұстаздардың жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына ерекше көңіл бөлуі, жаңартылған білімдегі тәжірибесімен өзара бөлісуі маңызды болды.

Байқаудың қалалық кезеңде ұлттық және жалпыадамзаттық тәжірибені іске асырудың феноменальды құралы ретінде ән шығармашылығын өзектендіруге де баса назар аударылды. Яғни, ән шығармашылығының зерделеу және насихаттау арқылы олардың музыкалық-теориялық пәнге деген қызығушылығын арттыру маңызды қадамдардың бірі. Байқауға А.С.Пушкин атындағы №6 жалпы білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әбдіжалал Нұрай қатысып, жүлделі 1 орынды иеленген. Тиісінше, Кентау қаласының өнерлі және талантты ұстазы облыстық кезеңге жолдама алған болатын. Осылайша кенді қаладан үздік шыққан мұғалім, байқаудың облыстық кезеңінде де топ жарды. Кентаулық Әбдіжалал Нұрай үздік өнерімен танылып облыстық байқауда жүлделі 2 орынды иеленді. Жетістікке жеткен ұстазды білім ордасының ұжымы да шын жүректен құттықтап, мектеп мақтанышына құрмет көрсетті.

Сонымен қатар, 2024 жылы 1 қараша күні Кентау қаласының білім бөлімінің бұйрығы негізінде жалпы білім мекемелеріндегі орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің арасында қалалық «Дарынды бала-талантты ұстаз» байқауы өткен болатын. Байқауға еңбек өтілі 5 жылға дейінгі педагогтер қатысқан. Ал, бұл конкурсқа А.С.Пушкин атындағы №6 жалпы білім беретін мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бақытжанқызы Перина қатысып, өз бағын сынады.

Байқау 3 шарт бойынша өтті. Олар өзін-өзі таныстыру (кез келген форматта), мультимедиялық жоба (жаңа технологияларды қолдану арқылы панорамалық сабақтан үзінді-3 минут), тыңдалым (мәтінмен жұмыс). Байқаудың қорытындысы бойынша Бақытжанқызы Перина жүлделі І орынды иеленді.Міне осылайша бір мектептің ұстаздары толағай табыстарға жетіп, өздері қызмет атқарып жүрген білім ордасының мақтанышына айналып отыр.