Архив рубрики: Ақпарат

Полицейлер есірткі зертханасын анықтады

Алматы облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Еңбекшіқазақ ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, Бөлек ауылының аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде синтетикалық есірткі құралдарын өндірген зертхананы анықтады.

«6 наурызда арнайы операция жүргізу кезінде Қарағанды облысының тумасы, 29 жастағы күдікті ұсталды. Тінту барысында үй аумағынан шыны колбалар түріндегі жабдықтар, кристалды нысандағы ақ түсті заттары бар науалар және прекурсорлары бар 15 канистр табылды және тәркіленді. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің белгілері бойынша Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының СДТБТ-да тіркелді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды,»- деп хабарлады Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 24 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛЕДІ

Түркістан қалалық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Арман Оңалханұлының мәлімдеуінше, биыл шаһардың 24 көшесі асфальтталып, 47 көшеге тас төсеу жоспарланған.
 
Жоспар аясында асфальт төсеу жұмыстары Әйтеке би, Ақниет көшелерінде басталып та кетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, қаланың 18 көшесі асфальтталды, 185 көшесіне тас төселді. Одан бөлек, 150 аялдама салынып, 134 көшеге жарықшамдар орнатылды.
Аталған бағытта биыл 138 көшеге жарықшам қойылып, 100 аялдама жасақтау жоспары жүзеге асырылады. Жалпы Түркістан қаласында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Оның 39 пайызы — асфальтты көше.
Айта кетсек, асфальт төсеу жұмыстары ең алдымен халық тығыз орналасқан және инфрақұрылым жүйесі толық жүргізілген көшелерде атқарылып жатыр. Қалған көшелерге кезең-кезеңімен асфальт төсеу жұмыстары жүргізілмек.

БАСҚА ӨҢІРГЕ АУЫСҚАН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ РОТАЦИЯЛЫҚ ТӨЛЕМ БЕРІЛЕДІ

Елімізде мемлекеттік қызметшілерді ротациялауды жүргізу кезінде тұрғын үйді жалдау мақсатында ротациялық төлемдер енгізіледі.
Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты.
Оның айтуынша, ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік орган келісімшарт бойынша тартатын келісімшарттық қызметшілер институтын заңнамалық бекіту ескерілген. Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында мемлекеттік аппарат штатын оңтайландырғаннан кейін, келісімшарттық қызметшілер институтын енгізу міндеті қойылған.
«Олар мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Бұл салалық жобаларды іске асыру кезеңіне арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Келісімшарттық қызметшілерге қатысты нақты ереже мен тәртіп тиісті Үкімет қаулысында белгіленеді», — деді агенттік басшысы.
Сонымен қатар ол аталған құжатта ротациялық төлем енгізу қарастырылғанын айтты.
«Елімізде мемлекеттік қызметшілердің ротациясы енгізілген. Оның мақсаты – өңірлер арасында тәжірибе алмасу, қызметшінің тәжірибесін жан-жақты жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа тоқсқауыл қою. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша тұрғын үй берілуі тиіс. Алайда қызметтік пәтерлер жетіспегеннен кейін, ротацияланған қызметшілер өз қаражатына пәтер жалдауға мәжбүр. Бұл көптеген қызметшілердің ротациядан бас тартуына алып келеді. Ротациялық төлемді енгізу осы мәселені шешуше бағытталып отыр», — деді Д. Жазықбаев.
Осы орайда ол аталған төлемді енгізу үшін республикалық бюджеттік комиссия 2023-2025 жылдарға қажет қаражатты бөлуді мақұлдағанын жеткізді.

Зорлық-зомбылық, азаптау сынды орын алған фактілерді дәлелдеу, анықтау өте қиын

Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында палата спикері Мәулен Әшімбаев мәлімдеді.

Оныі айтуынша, барлық іс-әрекеттің тіркелуі заңсыз әрекеттерді дәлелдеуге көмек болады.

  • Қылмыстық кодекске азаптағаны үшін жазаны күшейтетін ережелерді енгіздік, бұл – өте дұрыс деп санаймын. Құқық қорғау органдарының әрекеттеріне, кейбір қызметкерлердің зорлық-зомбылығына қатысты көптеген шағым түсетінін айта кету керек. Сенатқа да ондай шағымдар келуде. Бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай істердің басым көпшілігі сотқа дейін жетпейді, өйткені зорлық-зомбылық, азаптау сынды орын алған фактілерді дәлелдеу, анықтау өте қиын. Осыған байланысты, біз жақында ғана прокуратурамен бірлесіп құқық қорғау органдарының барлық қызметтік ғимараттарына бейнебақылау орнатуды талап ететін ереже қабылданғанын білеміз, — деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

ШҚО-да карантин жарияланды

Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған елдімекен әкімінің шешім құжатында жазылған, деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап

«Катонқарағай аудандық аумақтық инспекциясы басшысының 2023 жылғы 7 наурыздағы ұсынысына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Катонқарағай ауылдық округінің Шыңғыстай, Жаңа Үлгі ауылдарында мүйізді ұсақ мал арасында қой күлі (оспа) ауруының пайда болуына байланысты карантин белгіленсін,» — делінген Катонқарағай ауылдық округінің әкімі Қайрат Нұрқанов шығарған шешімде.

ЗАҢ КҮШІНЕ ЕНДІ: БАЛАҒАТ СӨЗ АЙТҚАНДАР 69 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ

Қоғамдық орында балағат сөз айтқаны үшін салынатын айыппұл көлемі 4 есеге өсті. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізілген өзгерістер 6 наурыздан бастап күшіне енеді.
Бұл заңды желіде қызу талқылап, бірі қолдап, бірі қарсы болды. Дегенмен, заңдағы бұл өзгерістерге Президент 3 қаңтар күні қол қойған болатын. Енді балағат сөз айтқандар заң алдында жауап беріп, 69 мың теңге айыппұл төлейді.
Еске сала кетейік, бұған дейін балағат сөздерге салынатын айыппұл нормасы түсіндірілген еді.

8 НАУРЫЗҒА ОРАЙ 58 323 КӨПБАЛАЛЫ АНАҒА БІР РЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫ БЕРІЛДІ

Түркістан облысындағы көпбалалы аналарға 8 наурыз — халықаралық әйелдер мерекесіне орай жергілікті бюджет есебінен бір реттік жәрдемақы төленді. Бұл туралы Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы хабарлады.
Оның ішінде Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш, Түлкібас, Шардара аудандары мен Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында тұратын 58 323 көпбалалы анаға жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай 2-3 айлық есептік көрсеткіш есебінде біржолғы қаржылай көмек көрсетілген.
Бір реттік жәрдемақы еліміздің Павлодар, Ұлытау, Қарағанды, Абай өңірлерінде де көпбалалы аналар мен атаулы көмек алатын отбасыларға төленеді. Бұл төлем жәрдемақы алып жүрген азаматтардың шотына автоматты түрде аударылады.
Түркістан облысында 176 735 көпбалалы ана бар. Оның ішінде 15076 ана «Алтын алқа» алқасымен, 43247 ана «Күміс алқа» алқасымен марапатталған. Сонымен қатар «Ана Даңқы» орденімен 3847, «Батыр ана» орденімен 2528 және төрт және одан да көп баласы бар 112037 ана тіркелген.
Сондай-ақ, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен, «Батыр ана» және «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға 22 080 теңге көлемінде өмір бойы ай сайынғы төлем қарастырылған.
Айта кетсек, 2023 жылдың қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Облыста барлығы 21 347 ана 1,5 жасқа дейінгі бала күтімімен айналысады. Оларға күтім бойынша 1 балаға 19 872 теңге, 2 балаға 23 495 теңге, 3 балаға 27 083 теңге, 4 және одан да көп бала үшін 30 705 теңге жәрдемақы төленеді.

Мәсімов мемлекет қаржысынан 423 млн теңге ұрланған ба?

Мемлекеттік айыптаушы тергеу нұсқасын ұсынды, — деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Айыптаушы тараптың айтуынша, барлығы облыстың бас полицейінің өзіне велотренажер (жатығуға арналған зат) сатып алуынан басталған. Бірақ оны өз қаражатына алмаған. 2020 жылдың сәуір айында ол өзінің орынбасары Сиразидимовтан бұл үшін демеушілердің бірін табуды сұраған. Қызметі үшін ол адамға полиция бөлімшесінің бастығы ретінде қамқорлық жасауға уәде береді. Сондай-ақ жоғары бағамен мемлекеттік сатып алуларға жәрдемдесетінін айтады.

Кәсіпкер Евгений Евкович көп ұзамай Мәсімовке құны 2 миллион теңгеден асатын велотренажер сыйлайды. Бірақ Мәсімов мұнымен шектелмей, тегін заттарды алуды жалғастыра береді.

Айыптаушы тараптың мәліметінше, полиция департаментінің басшысы өзінің орынбасарымен бірлесіп 90,3 миллион теңге көлемінде мүлік түрінде пара алған.

2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі артиллериялық техниканы сатып алуға конкурс жариялаған кезде Павлодар облысының полиция басшылығы оған олардың досы Евкович міндетті түрде қатысуы керек деп есептейді.

Ал көп ұзамай кәсіпкермен павлодарлық тәртіп сақшыларының арасында 607,5 млн теңгеге сауыт, қалқан, амортизатор, резеңке таяқтарды сатып алуға келісім-шарт жасалады.

Айыптаушы тараптың ақпартына сүйенсек, шарт жоғары бағамен жасалған, өйткені іс жүзінде кәсіпкер барлық арнайы техниканы сатып алуға 184 млн жұмсаған. Яғни, мемлекет қаржысынан 423 млн теңге ұрланған.

Алайда Нұрлан Мәсімов тағылған айыппен келіспейді.

Сотталушылардың адвокаттары прокурордың сөзінде олардың қорғауындағылардың пара алудағы нақты әрекеттері айтылмағанын алға тартқан.

Судья мұның барлығы сот отырысы барысында нақтыланатынына сендірген. Келесі сот отырысын куәлардан жауап алудан бастау туралы шешім қабылданды.

Заманбек Нұрқаділовтың ұлы сайлаудан кандидатурасын алып тастады

Заманбек Нұрқаділовтың ұлы Қайрат Нұрқаділов мәжіліс сайлауынан кандидатурасын алып тастады,-деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қайрат Нұрқаділов Алматы облысындағы №11 сайлау округі бойынша журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбаймен бір жерден сайлауға түскен. Үміткерлердің мақсаттары мен бағдарламалары ұқсас. Осы себепті Нұрқаділов Сәрсенбайға жол беруді ұйғарған.

«Ия, бұл мәлімдемем рас. Дүйсенбі күні Қонаевқа барып, арыз беремін», — деді Нұрқаділов.

Нұрқаділов бұған дейін әкесі Заманбек Нұрқаділовтің, ал Сәрсенбай бауыры Алтынбек Сәрсенбаевтың ісін жалғастыруды мақсат еткендерін айтқан.

Зейнетақы жинағының 50 пайызын алуға болатыны рас па?

Желіде зейнетақы жинағының 50 пайызын кез келген мақсатта жұмсауға алып бере алатынын айтып, ақы сұрайтын алаяқтар пайда болған. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі өкілдері айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz сайтына сілтеме жасап TAQ.KZ ақпараттық агентігі.

«Жалған делдалдар өздерін қордың қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткерлерге ақысын төлесе, зейнетақы жинақтарының 50 пайызын кез келген мақсатта жұмсауға алып беруді ұсынған. Бұл ақпарат жалған және шындыққа сәйкес келмейді», — делінген БЖЗҚ хабарламасында.