Архив рубрики: Жұмыс

ТҮРКІСТАНДА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында «Мансап» орталықтарының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шараға пробация қызметі есебінде тұрған азаматтар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғалар мен мүгедектігі бар адамдар қатысты. Жәрмеңкелерде «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Күміс жас» сынды бағдарламалар арқылы бос вакансиялар ұсынылды.

Бұл шара әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуге, олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына және кәсіби бейімделуіне ықпал етуді көздейді. Жұмыс іздеушілер жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, сұхбаттасты. Сондай-ақ, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы толық ақпараттар алды. Нәтижесінде жәрмеңкелерге 529 жұмыс беруші қатысып, 2 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Сондай-ақ, 2318 тұрғын жәрмеңкеге келіп, 1205 адамға тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолдама берілді.

Айта кетейік, жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес, облыста 84 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен 38 рет ашық есік күндерін өткізу жоспарланған. Осы жұмыстардың аясында 14 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген.

Н.КӨШЕРОВ: «АЛДЫМЕН ЖЕРГІЛІКТІ МАМАНДАРДЫ ЖҰМЫСҚА АЛУ КЕРЕК»

Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу жөніндегі өңірлік жоспар бекітілген. Бұл бағытта ауқымды шаралар жүзеге аспақ. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте Президент тапсырмасын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Онда облыс әкімі барлық жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Облыстағы колледждер мен арнаулы білім орталықтарында мемлекеттік тапсырыспен оқытылып жатқан мамандықтарды қажетті жұмысшы мамандықтарына сәйкестендіруді, инвесторларға алдымен жергілікті мамандарды жұмысқа алу бойынша талап қоюды міндеттеді.
Қазақстан Президенті өз Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл шешім жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру, оларды жастар арасында танымал ету және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мақсатында қабылданды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады»,- деп атап көрсеткендей, еңбек адамы бүгінде көпке үлгі болуы тиіс. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы маңызын дәріптеуіміз керек. Жауапты басшыларға колледждер мен арнаулы білім орталықтарында мемлекеттік тапсырыспен оқытылып жатқан мамандықтарды қажетті жұмысшы мамандықтарына сәйкестендіруді тапсырамын. Өңірімізде іске асырылып жатқан жеке инвестиция жобаларына қажетті мамандықтарды айқындап, колледждерге кәсіби маман даярлауға ұсыныс енгізіңіздер. Жұмысшы мамандақтарын белсенді дамыту керек. Инвесторларға ең алдымен жергілікті мамандарды жұмысқа тарту бойынша талап қою қажет. Жұмысшы мамандардың әлеуметтік қорғалуы, жалақы мен еңбек жағдайларын жақсарту, олардың жұмысқа деген ынтасын арттырады. Осыған байланысты еңбек ақыны көтеру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыруды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өңірде еңбекке қабілетті адам саны 800 мыңнан асады. Соның ішінде 200 мыңнан астамы жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Мәжілісте баяндалғандай, бүгінгі таңда облыстағы жұмыс берушілерден 3600-дей жұмысшы мамандықтарға қажеттілік анықталған. Колледждерге бөлінетін мемлекеттік тапсырыс қалыптастыру барысы осы қажеттілікке қарай реттеледі. Яғни, қажетті мамандар еңбек нарығының сұранысына қарай даярланады.
2025 жылға «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітіліп, 130 769 жұмыс орындарын ашу жоспарланды. Оның 57% -ы жұмысшы мамандықтар болмақ. «Ұлттық жобалар» аясында жүзеге асырылатын 375 жоба шеңберінде 4 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады. «Еңбек» бағытындаға бос жұмыс орындары бойынша ашылатын 57 221 жұмыс орындары мен 32 448 субсидияланған жұмыс орындары бойынша да жұмысшы мамандықтарға басымдық беріледі.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде 125 инвестициялық жоба негізінде 2 мыңнан астам жұмыс орындары ашылуы көзделуде. Олардың тең жартысы – жұмысшы мамандар. Сұранысқа сәйкес жаңа жұмыс орындарына жолданатын азаматтарды қысқа мерзімдік кәсіптік оқытудан өткізу жоспарланды. Яғни, жеке инвестор өз базасында кәсіби оқытуды жүргізсе, оқытудың шығындары мемлекет тарапынан өтеліп, әрі қарай, жеке инвесторда тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, мақта өндіру саласын дамытып жатқан шетел инвесторына 1 400 жұмыс орындары ұсынылды.
Бекітілген кестеге сәйкес, Түркістан облысында барлық аудан, қалаларында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Онда 1500-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынуда.

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 100 МЫҢ ТОННА ҚҰС ЕТІН ӨНДЕЙТІН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жалғасуда. Өңір басшысының тапсырмасымен Түлкібас ауданында да жобалар жоспарлануда.
«Қарқын Трейд» ЖШС биылғы жылдың күз айларында Жабағылы ауылының маңынан жылына 100 мың тонна құс етін өндейтін өндірістің құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Бүгін аталған кәсіпкерлер аудан әкімі Асқар Естібаевтың қабылдауында болып, жобаны іске асыру барысын талқылады. Ауданның басты даму жоспарына енген жалпы құны 28 млрд. теңгені құрайтын жоба 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Бұл жерде өндіріс ошағы негізгі төрт бөліктен яғни, құс ұстау орны, жем шығаратын цех, балапан ашатын орын (инкубатор) және қасапханасынан тұрмақ. Кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда 268 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Кәсіпкелермен жобаны егжей-тегжейлі талқылаған аудан басшысы ол жердегі ашылатын жаңа жұмыс орындарының 95 пайызына жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды ескертті. Жауапты мамандармен осы бастан қажетті инфрақұрылыммен (су, электр желісі) қамту жағын пысықтауды тапсырды.
Жоба иелерінің қосымша жер телімін қарастырып беру мәселесін назарға алып, бүгінгі таңда бөлінген 104 гектар жерге құрылыс жұмыстарын бастай беру керектігін атап өтті. Қажеттілігіне қарай қосымша жер телімі қарастырылатындығын жеткізді.
Айта кетейік, өндіріс орны іске қосылған жағдайда ол жерде жұмысқа қабылданған азаматтар сол мекеме тарапынан мамандығына қарай арнайы курстардан өтеді.

Жұмысшы мамандықтары жылы: техникалық мамандарға арналған «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылғаны туралы жарияланды

Үкіметте Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық мамандарды қолдау шараларын қабылдануда. 

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Отбасы Банкі «Наурыз жұмыскер»  жаңа бағдарламасы іске қосылғаны туралы жарияланып, жұмысшы мамандарды баспанамен қамту мәселесі шешілді.

Бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салалары қызметкерлерін қамтиды.

Биыл «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында жұмысшы мамандықтары өкілдеріне 72 млрд теңге көлемінде 2 440 несие беру жоспарланып отыр.

Өтінімдерді қабылдаудың басталуы 2025 жылдың 17 наурызына жоспарланған. «Наурыз жұмыскер» қазірдің өзінде белгілі «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының бір бөлігі болмақ.

Бағдарлама талаптары бойынша азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін) және қалған барлық санаттар үшін 9%-дық (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) мөлшерлемемен несие беріледі. Бастапқы жарна – таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін 10%-дан, әрленбеген бастапқы тұрғын үйді және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алу үшін 20%-дан басталады. Несиенің ең жоғары сомасы облыстар үшін 30 млн теңге, Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн теңге.

Сондай-ақ «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен қатар Отбасы банкі отандық кәсіпорындармен «корпоративтік» өнім шеңберінде жұмыс істейтін болады, бұл кәсіпорындардың өз қызметкерлеріне несие беру үшін қаражат бөлуін білдіреді.

«Президентіміз 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады.  Кеншілер, металлургтер, тас қалаушылар, электриктер құюшылар ауыр жұмыстарды атқарады. Осы және басқа да көптеген мамандық иелері бізді негізгі қажеттілігімізді қамтамасыз етіп отыр. Мұндай мамандарға жасалған қамқорлық – бүкіл қоғамның игілігі үшін жасалған қамқорлықпен тең. Көпшілігі қиын жағдайда жұмыс істейді. Сондықтан олардың баспана мәселесін шешу – қиын еңбек жағдайларының орнын толтыруға септігін тигізеді», — деді «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

САУРАНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ АЙЫНА 100 АДАМҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Сауран аудандағы маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бұл орталық 2023 жылы пайдалануға беріліп, халыққа әлеуметтік қолдау көрсету бағытында белсенді қызмет атқарып жатыр.
Орталықтың жалпы алаңы 750 шаршы метрді құрайды және айына 100 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Күнделікті орталықта 25 адамға қызмет көрсетіледі. Бұл мекемеде 20 адам тұрақты жұмыс істеп, тұрғындарға түрлі әлеуметтік қызметтер ұсынады.
Аталған маңызды нысанға Облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов барып, әлеуметтік қызметтердің кешенді болуы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, психологиялық және құқықтық қолдау көрсетуге бағытталғанын атап өтті.
Өңір басшысы орталықтың қызметкерлеріне халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстары үшін алғыс айтты. Мұндай әлеуметтік жобалар, әсіресе мұқтаж азаматтарға, зейнеткерлер мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына үлкен көмек көрсетеді.
Орталықтың құрамында бірнеше бөлімше бар: «Белсенді ұзақ өмір» бөлімінде 8 қызметкер жұмыс істесе, «Тең қоғам» бөлімінде де 8 маман, ал «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» бөлімінде 4 қызметкер қызмет етеді.

САУРАНДА ЖИҺАЗ КЛАСТЕРІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов Сауран ауданының өндірістік әлеуетімен танысу барысында «EDEM MEBEL» жиһаз фабрикасының жұмысымен танысты. Бұл фабрика корпустық жиһаздар шығару саласында қызмет етуде және аймақтың өнеркәсіптік дамуына маңызды үлес қосып отыр.
Фабриканың директоры Икбол Абишев кәсіпорынның жұмысын таныстырып, фабриканың қазіргі жағдайы мен жетістіктері туралы баяндады. Қазіргі таңда «EDEM MEBEL» фабрикасында 40 тұрақты қызметкер жұмыс істейді, олардың орташа айлық жалақысы 200 000 теңгені құрайды.
Бұл кәсіпорын өңірдегі еңбек нарығында маңызды рөл атқарып, көптеген отбасы үшін тұрақты жұмыс орны болып табылады.
Жиһаз фабрикасының жылдық қуаттылығы 10 000 дана түрлі жиһазды құрайды, бұл көрсеткіш аймақтық нарықта үлкен сұранысқа ие болып отыр. Фабрика шығарған өнімдер Шымкент қаласы мен Түркістан, Қызылорда облыстарында сатылымға шығарылады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов фабрика жұмысын жоғары бағалады. Сондай-ақ, кәсіпорынның дамуына қажетті қолдау көрсету және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында барлық қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

ТҮРКІСТАН: ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – БАСТЫ БАҒДАР

Биыл Түркістан облысында 120 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның 60 %-дан астамы тұрақты жұмыс орындары. Бұл жұмыстар «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында және Ұлттық жобалар мен Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде «Жаңа жұмыс орындарын құру және халықты жұмыспен қамту туралы» облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның баяндамасы тыңдалды.
Жұмыспен қамту – басты міндет екенін айтқан облыс әкімі осы жылға бекітілген индикаторлардың мерзімінде толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен барлық аудан, қалада ашылатын «Отбасын қолдау орталығының» жұмысын жүйелеуді міндеттеді. Отбасында зардап шеккендер осы орталықпен байланысып, жаңадан ашылып жатқан орталықтардан психологиялық, құқықтық және консультациялық көмек алады.
– Аудан, қала әкімдері Мемлекет басшысының тапсырмасын мерзімінде және сапалы орындауы қажет. Сондықтан шұғыл түрде нақты шаралар қабылдап, орталықтың ашылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Жұмыспен қамту – басты бағдар. Тұрақты жұмысқа орналастыру жұмыстарын күшейту керек. Қосымша инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етуді, 2021 – 2025 жылдарға арналған Даму жоспарының орындалуы қамтамасыз етілсін, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Тұрғындарды лайықты жұмыспен қамту және әділ төлемақы төлеу – мемлекеттің басты саясатының бірі. Бұл бағытта елімізде бірнеше бағдарлама жүзеге асырылуда. Биыл білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларда жаңадан салынған нысандарға және субсидияланатын жұмыс орындарын аяқтағандарға тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.

ТҮРКІСТАН: «TURAN» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНДА ҚҰНЫ 550 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 140-ҒА ЖУЫҚ ӨНДІРІС ОРНЫ ОРНАЛАСАДЫ

Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасқан бірнеше өнеркәсіп орындары өз жұмысын бастады. Дәл осындай жобалардың бірқатары бүгін БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған пресс-тур аясында таныстырылды. Бүгінде арнайы аймақта инвестициялық құны 550 млрд теңгені құрайтын 137 жоба бар. Нәтижесінде 5000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Тарқата айтсақ, «PSI Mineral Technologies» ЖШС – тау-кен-металлургия кешеніне арналған жабдықтар өндіретін зауыт жұмысы таныстырылды. Бұл жобаның жалпы құны – 8,33 млрд теңге. Жоба толық іске қосылғанда 200 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, аймақта құны 6,7 млрд теңге болатын «Алтын дала мақта» ЖШС – ПВХ құбырларын өндіру зауыты және құны 147 млрд теңгені құрайтын «Түркістан мақта-агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ң мақта кластерін құру бойынша жобалары таныстырылды.

Жалпы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттырады. Сондай-ақ, жобалар ел экономикасын әртараптандыру және инвестиция тарту бағытындағы тиімді қадам болып есептеледі. «TURAN» АЭА жалпы аумағы – 3 987 гектар. Жоспарланған жобалардың іске қосылуы арқылы аймақ Қазақстанның инновациялық және өндірістік хабына айналмақ.

ЖОЛДАУ: ТҮЛКІБАСТЫҚ БАҒБАНДАР 30 МЫҢ ТОННАДАН АСТАМ АЛМА ЖИНАДЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдегі ауылшаруашылық саласына баса назар аударылуы қажеттігі тілге тиек етілген болатын. Аталған сала бойынша Түркістан облысы көш басындағы өңірлердің қатарында.

Тамаша табиғатымен ерекшеленетін Түлкібас ауданының бағбандары 30 мың тонна алма жинап үлгерген. Жалпы Түлкібас ауданында өнім беріп тұрған 3 062 гектар алма бағы болса, соның 700 гектарын қарқынды алма баулары құрайды. Бүгінде ауданда қарқынды бау көлемін ұлғайту мақсатында ауданда жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Биылдың өзінде аймақта қарқынды бау көлемі 55 гектарға ұлғайып отыр. Атап айтсақ, «Алмалы сай» АӨК 25 гектар жерге, «КенТау» ЖШС 30 гектар жерге тамшылатып суғару әдісімен алманың нарықтағы сұранысы жоғары голден және ред делишес сорттарын отырғызған.

Қарқынды алма бауларының бұрынғы дәстүрлі алма бауларынан артықшылығы өнімді 3-4 есе мол береді. Өйткені дәстүрлі алма баулардың түріне қарай 1 гектарға 500-1000 дана көшет отырғызылса, қарқынды алма бауында 1 гектарға 2000 дана көшеттен кем егілмейді. Сондай-ақ, қосымша тіреуіш бағаналар, тамшылатып суғару технологиясы орнатылады. Дәстүрлі алма бау гектарына 10-15 тонна өнім берсе, қарқынды алма бауы 30-40 тоннаға дейін өнім береді.