Архив рубрики: Жұмыс
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРҒАНДАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІМЕН ТАНЫСУҒА АРНАЙЫ ЖҰМЫСШЫ ТОП БАРДЫ
Еліміздің халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерінен солтүстікке қоныс аударған азаматтар саны жыл санап артып келеді. Бұған себеп — мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалып, тұрақты жұмыс орындарының ашылуы. Көшіп барған азаматтардың жай-күйімен танысу мақсатында түркістандық арнайы жұмысшы тобы теріскейге барды.
Олар алдымен Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында аға дәрігер болып жұмыс істейтін Аян Ерханұлымен кездесті. Түркістан облысы, Кентау қаласының тумасы теріскейге осыдан 5 жыл бұрын қоныс аударған. Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ түлегі 5 жыл ішінде ауа райына әбден үйренгенін айтып, өзге жерлестерін де қоныс аударуға шақырды.
Одан соң жұмысшы топ өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі — «Элеватор Тайынша» ЖШС-да болды. Аталған нысанның директоры — Түркістан облысы Түлкібас ауданында кіндік қаны тамған Шыназбек Балқыбек. Қазір кәсіпорын теріскей тұрғындары мен күнгей өңірден қоныс аударған азаматтарға қолдау білдіріп, олардың еңбек етуіне мүмкіндік жасап отыр. Бүгінгі таңда оңтүстік өңірден көшкен 30-дан астам азамат кәсіпорыннан тұрақты жұмыс тапқан.
Жұмысшы топтың келесі сапары Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылы болды. Онда сарыағаштық Усмановтар жанұясы «Шымкент» атты кафе ашып, жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Олар бұл өңірге 2017 жылы қоныс аударған.
Жеке кәсібін ашып, несібесін көріп отырғандар қатарында Қасым Амангелдин де бар. Шымкенттік жігіт бүгінде Петропавл қаласының қақ ортасынан ер жігіттерге арналған шаштараз ашып, солтүстікке әбден бейімделіп үлгерген.
ТАЙЫНША ЭЛЕВАТОРЫНА 100 ЖҰМЫСШЫ МАМАН КЕРЕК
Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында орналасқан «Тайынша элеваторы» кәсіпорны теріскейдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Астық өндірумен айналасатын өңір үшін элеватордың орны айрықша екені түсінікті. Осы кәсіпорында Оңтүстіктен келген мамандар жемісті еңбек етіп келеді.
Тайынша элеваторының директоры Шыназбек Балқыбек мырзаның өзі де Түлкібас ауданының тумасы. Шынекең алғвш еңбек жолын Түлкібастың ұн комбинатынан бастаған. Қазіргі таңда Тайыншаның элеваторына 100 жұмысшы адам жетіспейді дейді. Өзі басшы болып келгелі Түркістаннан Теріскейге қоныс аударушы еңбек күшіне екпін беріп отыр екен. Бүгінде өндіріс орнында 22 жұмысшы Оңтүстіктен келген мамандар.
Солардың бірі Ерік Үсенбаев бұрын Шымкентте темір жол саласында жұмыс істеген, кейін түрлі салада жұмыс істеп, соңында Тайынша элеваторына тұрақтаған. Отбасымен келген Ерік аға бүгінде жеке тұрғын үйі бар, жұбайы да мектепке орналасқан. Ал, түбі түлкібастық 25 жасар Дәулет те өз ауылынан тұрақты жұмыс таппай, осы элеватордан екі қолға бір күрек алған. Қазір ол басына баспана тауып, осында қоныстаныпты.
Элеватор директоры күні ертең ел үкіметі мен облыстың лауазымды өкілдері келеді деп күтіп отыр. Кәсіпорынның жетістіктері мен қажеттіліктерін жоғары тұрған басқарушы органдар назарына жеткізіп, шаруашылықты дамыту шараларын қарамақ. Шыназбек мырзаның айтуынша, оңтүстіктен келген жұмысшыларын баспанамен толық қамтуға бар мүмкіндігін жасап отырған жағдайы бар.
Нуриддин Балтабаев: Бір күнде жұмысқа орналастым
Нуриддин Балтабаев — Түркістан қаласының тумасы. Бүгінде СҚО, Айыртау аудандық ауруханасында балалар дәрігері қызметін атқарып жүр. Теріскейге қоныс аударғанына екі жылдан асыпты. Оқуды аяқтаған соң досының айтуымен Солтүстікке келген. Қазір жұмысы да, баспанасы да бар. Солтүстік өңірлерде әлі де ақ халаты абзал жандар жетіспейді. Бұл жастар үшін мүмкіндіктер мекені.
«Түркістан қаласындағы ХҚТУ де білім алдым. Одан соң Шымкент қаласында оқуымды жалғастырдым. Солтүстікке келуіме досым себепкер болды. Менен алдын келген ол, бұл жақта мүмкіндіктер көп екенін айтты. Мен де шешім қабылдап, отбасыммен қоныс аудардым. Қызметке орналастым. Мемлекеттік қаржылай қолдауларды алдым. Солтүстік өңірі жұбайыма да ұнады. Қазір екі ұл-қызым бар. Баспанам бар. Негізі, Оңтүстікте бір жұмысқа қанша адам үміткер болып, бәсекелестік көп қой. Ал, мұнда керісінше дәрігерлер тапшы. Басқа да мамандық иелеріне жұмыс орындары көп. Сондықтан мүмкіндікті жібермеңіздер»,-дейді Нуриддин Балтабаев
Оранғай елді мекенінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жаңадан ашылатын «Самғау» оңалту орталығы 150-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Бүгін облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» ұйымдастыруымен Сауран ауданы, Оранғай елді мекенінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Аталған шараға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев қатысып, жұмыссыз жүрген азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасып кетуілеріне сәттілік тіледі.
Орталықтың ашылуына байланысты медициналық, арнаулы әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық, еңбек, мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық, шаруашылық қызмет көрсету персоналдары жұмысқа қабылданады. 200 орындық нысан 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған. Басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрашовтың айтуынша қызметкерлер құрамы іріктеліп, ресми ашылуы қазан айына жоспарлануда.
Арнайы мамандар бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне Сауран ауданы, Кентау және Түркістан қалаларынан келген тұрғындарды қабылдап, кеңес берді. Облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Абзал Казанкапов жәрмеңкеге 250-ден астам адам қатысқанын жеткізді.
Айта кетейік, Түркістан облысында 99 мыңнан астам мүгедектігі бар адам есепте тұр. Оның ішінде 84 мыңнан астамы — ересектер болса, 15 мыңы — балалар. Арнаулы әлеуметтік қызмет алушы санатындағылар саны — 34 370 адам. Облыстық басқармаға қарасты стационарлық жағдайдағы, жартылай стационарлық жағдайдағы, сондай-ақ бейімдеу және сауықтыру, жұмыспен қамту бағытында жалпы 14 мекеме жұмыс істейді.
Қазіргі таңда Сауран ауданының Оранғай ауылында 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылысы жүргізілуде. Ғимаратты 2025 жылдың І тоқсанында пайдалануға тапсыру көзделген.
Сауран: «Самғау» оңалту орталығы 150-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынбақ.
Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы бой көтерді. Оңалту орталығы 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетуге бағытталған.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс алаңында болып, жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берді. Орталықтың техникалық базасына басты назар аударып, сапалы жиһаздармен жабдықтауды тапсырды. Кешеннің жайлы болуына барынша күш салуды, көгалдандыруды жүктеді. Сауықтыру орталығы бір мезетте 200 адамға медициналық, педагогикалық еңбекке баулу бағыттарында қызмет көрсетуге қауқарлы.
Ғимараттың жалпы көлемі — 12,8 мың м2 , 3 қабатты ғимараттың материалдық-техникалық базасы толық жабдықталады. Әлеуметтік орталық қазан айынан бастап штаттық режимде жұмысын бастайды деп жоспарлануда. Қазіргі таңда оңалту орталығы түркістандықтар мен Сауран ауданының тұрғындарын жұмысқа шақыруда. Бұл туралы Сауран аудандық Мансап орталығы жариялады.
« — Құрметті Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының тұрғындары! Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Самғау» оңалту орталығының ашылуына байланысты облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» ұйымдастыруымен 2024 жылғы 21 тамыз күні сағат 10.00-де өтетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне шақырамыз. «Самғау» оңалту орталығына жұмысқа қабылдау үшін медициналық, арнаулы әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық, еңбек, мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық, шаруашылық қызмет көрсету персоналдарына 150-ден астам бос жұмыс орындар ұсынылады. Жәрмеңке Түркістан облысы, Сауран ауданы, Оранғай елді мекені, Бейбітшілік көшесі, 56 «А» мекен-жайында, һ«Самғау» оңалту орталығы ғимаратында өтеді.» — делінген хабарламада.
Сауран ауданында 6840 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған
«Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 қарашадағы № 1050 қаулысы аясында, 2024 жылы Сауран ауданы бойынша 6840 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған және жыл соңына дейін халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жұмыстар жалғастырылатын болады. Бұл туралы Сауран аудандық Мансап оралығының директоры Әуез Азамат Асылбекұлы мәлімдеді.
— «Еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған» аясында 2024 жылдың маусымға дейін, жобадағы бағдарламар бойынша 6368 азамат өтініш білдіріп, оның ішінде 2487 адам әлеуметтік шаралармен қамтылған, орындалу пайызы 39 % құрап отыр. Оның ішінде, санаттары бойынша бөлінісі: жұмыссыздар –1011 азамат, өзін өзі қамтығындар – 1017 азамат, жұмыс іздеушілер–970 азамат, 154 азамат композиттік қызметке тіркелді (композиттік қызмет жоспары — 220). Жұмыс орындарын субсидиялауды ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау шаралары, оның ішінде: Әлеуметтік жұмыс орнына – 260 орын жоспарланған, қамтылғаны 177 азамат, орындалуы 68 %; Жастар практикасына – 460 орын жоспарланған, қамтылғаны 119 азамат, орындалуы 26%; Қоғамдық жұмыстарға – 700 орын жоспарланған, қамтылғаны 774 адам, орындалуы 110.5%; Алғашқы жұмыс орындарына – 100 орын жоспарланған, қамтылғаны 90 адам, орындалуы 90%.; Күміс жас жобасына бойынша 130 орын жоспарланған, қамтылғаны 152 адам, орындалуы 117%; Грант бойынша – 93 орын жоспарланған, орындалуы 46.2%. Грант бойынша инстаграм фэйсбук әлеуметтік парақшаларға 10.05.2024 жылы жарияланды. Құжаттарды қабылдау enbek skills платформасында өтініш беру арқылы жүзеге асырылды. 05.06.2024 жылы үміткер 115 адамның құжаты комиссияда қаралды. 43 адамға оң шешім берілді.«Бастау бизнес» жобасы аясында 900 азамат оқу жоспарланып, орындалуы 133 азамат оқытылды. Орындалуы 14,7 %.
Тұрақты жұмыс орындарына – 3888 орын жоспарланған. Бос жұмыс орындарына 2123 адам жоспарланған, жолданғаны 1296 адам, орындалуы 61%. «Ұлттық жоба» шеңберінде 27 жоба бойынша жаңа жұмыс орындарына 227 адам жоспарланған, 17 жобаға 98 адам жолданды, орындалуы 43% құрап отыр. Маусым айының соңына дейін 97 жаңа жұмыс орнын ашып, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтылады. Әлеуметтік жұмыс бойынша мүгедектігі бар 1 адамды жұмыспен қамту жоспарланған, 2024 жылдың соңына дейін орындалады, квота бойынша — 10 мүгедектігі бар 2 азамат жұмыспен қамтылды. Орындалуы 20%. Бизнес бастау жобасы бойынша жоспар — 900 адам, орындалуы 133 адам оқыды. Мемлекеттік грантқа 93 адам жоспарланған. Бірінші лекте 43 адам грант алды.» — дейді Мансап оралығының директоры Әуез Азамат Асылбекұлы
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттыру үшін басқа да ауқымды іс шаралар қарастыру бойынша нақты міндеттерді айқындап берді. Яғни, еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Дәл осы бағытта, 2023 жылдың 1-шілдесінен бастап, Түркістан облысының аудан, қалаларында еңбек мобильділігін қамтамасыз ететін 17 орталық құрылды. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары, енді мансап орталықтары болып қайта құрылып отыр. Қазіргі таңда, аталған мекемелер «Ұлттық жоба» аясында ұйымдастырылатын жұмыстарды жүзеге асыруда. Қазіргі таңда Еңбек мобильділігі орталығының аудан, қалаларда 17 филиалы – яғни, «Мансап» орталықтары халыққа қызмет көрсетіп келеді. Олар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту шараларын іске асырады.
Биыл, Түркістан облысында «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 33 005 адам субсидияланған жұмыс орындарына жолдау жоспарланып, қажетті қаржы қаралды. Биылғы жылдың І жартыжылдығында жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында 1793 азаматқа 2,6 млрд теңге қаржы жоспарланып, бірінші лек бойынша 897 азамат комиссияның қорытындысымен оң шешімін алды. Соның ішінде, 893 азаматқа мемлекеттік грант 1 млрд 318 млн қаражат ұсынылды. Олардың қатарында 27 АӘК алушы, 623 көпбалалы отбасы, 139 мүмкүндігі шектеулі азамат, 86 мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандар және асыраушысынан айрылған 22 отбасы бар. Грант иелері қаражаттарын мал, құс, бал және балық шаруашылықтарын жүргізуге, қолөнер және тігін, техника жөндеу, құрылыс материалдарын шығару, шаштараз өнері және косметогиялық қызметтер көрсету сияқты кәсіптермен айналысуға бағыттаған.
Ақылы қоғамдық жұмысқа 13605 адам жұмыспен қамтылса, жастар практикасы бағытымен 2329 жас жұмысқа жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 3846 адам жолданса, алғашқы жұмыс орындарына 1396 адам орналасты. «Күміс жас» жобасы бойынша 2208 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 2299 адамға жолдама берілді. Жоспар 104%-ға орындалды. Жалпы бағадарламалар бойынша мүмкіндігі шектеулі 2169 азамат жұмыспен қамтылды.
Түркістан облысында Ұлттық жобалар негізінде жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысы бойынша 397 инфрақұрылымдық жоба аясында 3671 жұмыс орнын ашу жоспарланып, нақты 1259 жұмыс орны ашылды. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 36 жоба бекітіліп, қазіргі таңда 16 жоба іске қосылды. Нәтижесінде, 246 жұмыс орыны ашылды.
Айта кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңадан құрылған еңбек мобильділігі орталықтарының негізгі қызметін де бекітіп берген болатын. Олар:
— Жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімдерін қамтамасыз ету; өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіру; жұмыспен қамтудың барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жасау; жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесу және азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде үйлестіру; жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз азаматтарды тіркеу; халықты, жергілікті атқарушы органдарды және уәкілеттік мемлекеттік органдарды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар ету.
Қазіргі таңда, Сауран ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейін бағдарламасын» іске асыру, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты да басты назарда. Сауран ауданының туристік әлеуеті де өте жоғары. Аудандық Мансап орталығының басшысы мемлекет осындай қолдауларды жасап жатқанда, азаматтар еңбек етуге ұмтылуы керек екенін айтады.
— «Біздің ауданда еңбек етемін деген тұрғындарға, яғни қос қолға бір күрек табылады. Шағын кәсіп, ауылшаруашлығымен айналысу, туризм бағытында қызмет көрсету бойынша да ауданның әлеуеті жоғары. Сондықтан, мемлекет қолдап тұрғанда, жастардың өсуіне көмек көрсетіп тұрғанда, қолдан келгеннің бәрін жасауға міндеттіміз. Біз, барынша көмектесуге, жол көрсетуге дайынбыз. Орталықтың негізгі мақсаты «Ұлттық жоба» арқылы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады. Бұл орталық жұмыссыз азаматтарды есепке тіркейді, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем береді, кейбіріне уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Сонымен қатар, әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын да қоса атқарады. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Негізі, халықтың басым бөлігі мамандығы бойынша еңбек жалақысы жоғары тұрақты жұмыспен қамтылуды қалайды. Ал, ауылдық жерде қыруар қаржы алып, жалақының жоғары болуы екіталай. Ондай мамандықтар бірен-саран. Сол себепті «маған жалақысы жоғары жұмыс қажет» деу орынсыз. Барға қанағат етіп, жұмысыңды жасап, қосымша кәсіп ашып, оны да талапқа сай жүргізіп отырсаң, соның өзі бақыт деп білемін», — дейді Азамат Асылбекұлы
Айта кетейік, бүгінде электронды еңбек биржасының арнайы сайты бар. Порталдың басты жұмысы- жұмыс іздеу және персоналды іріктеуге жәрдемдесу үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң болып табылады. Енді, жұмыс беруші өзінің бос жұмыс орны туралы ақпаратты электронды еңбек биржасында жеке кабинеті арқылы беріп, бос жұмыс орындар бойынша мәліметтерді ұсыну туралы міндетті заңнама қағидаттарының іске асырылуын жеңілдетеді. Жалпы, Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы Ұлттық жобалардың бірыңғай платформасында жұмыс орнын табуға көмектеседі. Сондай-ақ, жұмыс іздеушілер жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға өтінім бере алады.
Сауран: Кәсіпкер құс өсіріп, кәсібін өркендетуде
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталып, жобаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған «Сүлеймен ата» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Аталған өндіріс орны – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір тұрғындарын құс етімен қамтуды көздейді. Құс фабрикасында «Бройлер» тауығының балапандары өсірілуде. Алдағы уақытта жобаны кеңейту арқылы өнімді 120 тоннаға ұлғайту жоспарлануда. Тауарға сұраныс күн сайын артып, Түркістан қаласын толықтай қамтамасыз етіп отыр. Жобаның құны – 400 млн теңге. Сонымен қатар, фабрика жанында арнайы камбикорм бар. Онда күніне 8 тонна жылқы және құс азықтарын өндереді.
Жалпы, құс, соның ішінде тауық атаулыны өсіру қазақ халқы үшін жаңайшыл дүние емес екені анық. Бұл істі өз кәсібіне айналдырып, тауық өсірумен отбасының жағдайын жасап, оған қоса өзге азаматтардың еңбек етуіне септігін тигізіп отырған кәсіпкерлер жетерлік. Мамандардың айтуынша бройлер тауығын өсірген өте пайдалы және табысы мол кәсіп түрі.
Себебі, бройлер – тез өсіп жетіледі екен және еті жұмсақ әрі дәмді болып келеді. Бұл құстың түрі азықтандыру шығындары өсірушіге неғұрлым арзанға түсетіні де дәлелденген. Әдетте бройлер тауығын 6-9 аптаның ішінде, салмағы 1,5-2 килоға жеткен кезде сойып, пайдаланады екен. Бройлер еті диеталық тағам түріне жатады. Оның етінің құрамында 22,5 пайызға дейін белок болады. Бұл белоктардың 92 пайызы адам денсаулығы үшін өте пайдалы амин қышқылдарынан тұрады, дейді мамандар.
«Сүлеймен ата» шаруа қожалығының иесі бройлер тауығын күту үшін ең алдымен оларды орналастыратын орын-жайларды дұрыс таңдап алу қажеттігін де атап өтті.
—» Ең алдымен қорада тауықтар еркін қозғала алатын кеңістік болуы керек. Өйткені, ауа райының қолайсыз жағдайында, әсіресе, қысқы маусым кездерінде тауықтар бұл қорада тәулік бойы ұсталады. Сонымен бірге тауық қора бройлерді сыртқы қолайсыз ауа райы жағдайынан қорғай алатындай жылы әрі жарық болуы тиіс. Сонымен қатар, мұнда ауаны тазартып отыруға мүмкіндік беретін желдеткіштер болып, тазартуға жеңіл болуын да ойластыру керек. Біздің фабрика бүгінде барлық стандарттарға сай жасақталған. Құстарға жем, су беру толық автоматтандырылған. Біз халыққа сапалы, жоғары сұрыпты құс өнімдерін ұсынып жатырмыз. Фабрикада құстар гармондық қоспаларсыз, өсу стимуляторлары қолданылмай, генетикалық түрлендіргіш заттарсыз өсіріледі. Яғни, бұл маңызды процестердің бірі»,— дейді кәсіп иесі
Балапандар алғашқы кезде тор ішінде өсіріледі екен. Мұндай жағдайда балапандар жедел салмақ қосады және қимыл-қозғалыстары шектеулі болғандықтан азықты да аз жейді. Балапандар өсіп жетілген кезде оларды тауық қораларға жөнелтуге болады. Мұнда балапандар тез өсіп жетілу үшін температураның тұрақты болғаны жөн. Балапандарды жиі-жиі азықтандырып отырған жағдайда олар 48-70 күннің ішінде 1,5 кило салмаққа дейін жетеді. Кәсіпкер бройлер балапандарын азықтандыру үшін құрамында қажетті витаминдер мен минералды қоспалары бар арнаулы құрғақ құрамажем пайдаланылатынын және азықтың бұл түрі тауық қорада тәулік бойы тұрақты түрде болатынын айтады.
Кәсіпкер бұл іске кіріспес бұрын өнімді қай жерге өткізуге болатындығына дейін алдын-ала зерттеулер жүргізіп көрген. Сұраныс та өте жақсы болғандықтан, өз кәсібінің несібесін көріп отыр. Мәселен, құс етін кафе-ресторандарда және жекелей тұтынатын адамдар да аз емес. Көбірек тұтынатын сапалы, дәмді өнім түрін тұрақты түрде жеткізіп бере алатын сенімді серіктестің пайда болуы ең алдымен олардың өз бизнесін тұрақтандыруына қолайлы жағдай туғызады. Әдетте, бұл кәсіппен шұғылданған адам тек 30 балапанды сатып алып бағумен шектелмейтіні мәлім. Өйткені, бұл кәсіптен дұрыс пайда көру үшін ең кемінде жүздеген тауық өсіру қажет. Сонда ғана табыста еселеп арта түсетін болады. «Сүлеймен ата» шаруа қожалығы алдағы уақытта фабриканы үлкейтіп, бірнеше кезең бойынша өнім санын арттыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда аталған нысанда 12 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар алдағы кезеңде азаматтарды көптеп еңбекке тарту бойынша да тиісті жұмыстар атқарылмақ.