Архив рубрики: Мәдениет

САЛТ ДӘСТҮРІМ- ТАУСЫЛМАЙТЫН БАЙЛЫҒЫМ!

Арыс қаласының білім бөліміне қарасты МҚКҚ “№11” Арыс бөбекжай- бақшасында бала-бақша әдіскері Турдалиева Гулжамалдың ұйымдастырыуымен тәрбиешілер арасында «Салт дәстүрім- таусылмайтын байлығым!» тақырыбында байқау өткізілген болатын. Байқаудың мақсаты: Қазақтың салт- дәстүрлері мен әдеп- ғұрпын насихаттау, топпен жұмыс істеу дағдысын, дамыту, ұлттық салт – дәстүр үлгісінде ұқыптылыққа, ұйымшылдыққа, жинақылыққа тәрбиелеу.

– Бүгінгі болашақ ұрпақ ертеңгі қоғамның иесі, сол қоғамның иелері халқымыздың тұрмыс қажеттілігінен туындаған ұлттық өнер мұраларын сақтап, сұрыптап, қазіргі уақытта сәнді етіп, ұлттық мәдениетімізді қолданбалы сәндік қолөнермен өркендету. Тәуелсіз мемлекетімізде ертеңгі ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениетіне, саналы ұлттық ойлау қабілеті мен біліміне, іскерлігі мен кәсіби шеберлігіне байланысты фабрикалар шығаратын бұйымдарға қарағанда халық шеберлері жасаған бұйымдар жоғары бағалануда. Қазіргі кезде жаңа өмір өзінің жаңа талаптарын қойып отыр. Оның міндеті өнердің бұрынғы келбетін бүгінгі күнге табиғи етіп жаңарту. Бүгініміз бен келешегімізді нәрлі қайнарына айналдыру әрқайсымыздың борышымыз.

Қолөнер халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатыр. Сан алуан түрлі қолөнер бұйымдар әсемдігі, өрнегі тұрмысқа мән берумен адамдарға рухани ләззат әкелген. Көз салып байыптап қараған адамға бұйымдардағы түрлі – түсті ою – өрнек, оның орналасуы адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан сонау заманнан келе жатқан қарым – қатынасын, көңіл – күйін, жан дүниесіндегі тылсым күштердің бірлігін аңғаруға болады.Қолөнер шеберлері табиғат сұлулығын өнер туындыларын арқау еткен. Өнер туындыларының бет бедеріне ширатыла түскен ғажайып өрнектер өзгеше бір тілмен ақтарыла сыр шерткендей.  Қазақ қолөнерінің түрі, сапасы, өрнегі, бояуының өмірге келуі көшпелі өмірмен тығыз байланысты. Шебердің келуі көшпелі өмірмен тығыз байланысты. Шебердің қолынан шыққан бұйымдар күнделікті тіршілікпен қатар сол заманның ортақ қолөнер мәдениетінің баға жетпес үлгісі. «Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Нағыз шеберлікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық, білім қажет. Шығармашылық ізденіс үстіндегі халық шеберлері тұрмысқа қажетті қолөнердің алуан түрлерін ойлап тапты. Өз ұрпағының “сегіз қырлы, бір сырлы”өнегелі, өнерлі болып өсуін мақсат еткен ата – анамыз өз бойындағы бар асыл қасиеттерін ұрпақтан ұрпаққа үйретіп келген. – дейді әдіскер Турдалиева Гулжамал.

Байқаудың негізгі кезеңдері:

1.Қатысушылардың өзін-өзі таныстыру,

2.Қолөнер,

3.Салт дәстүрді білесіңбе? деген сұрақ-жауап түріндегі бағыттардан тұрды.

Бұл үшінші кезеңде халықтық педагогиканы негізге ала отырып, қатысушылардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру ұстанымы маңызды рөл атқарды.

«- Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері, салт – дәстүрі, тілі болатыны белгілі. Біздің тәрбиеміз де ананың ақ сүтінен, әлдиінен, атаның қасиетті сөздерінен бастау алады. Бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті қағидалары мен ережелерін жасағандардың бірі – өзіміздің қазақ халқы. Халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт – дәстүр, әдет – ғұрып үлгілері мен өнегелерінің үлгілерін тамашалап көрелік.» – деген әділ қазылар алқасы қатысушылардың ұлттық дәстүрлер бойынша баяндамаларын тыңдады.

Бірінші «Шаңырақ» төбының мүшелері қазақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгенін жеткізіп, оған қатысты салт-дәстүрлерді атап өтті.

 «Шілдехана халықтың ескі сенімінде жаңа туған нәрестені жалғыз қалдырса, әртүрлі «жын – шайтан», «перілердің» салқыны соғуы мүмкін. Сондықтан да одан оны қорғау үшін сәби дүниеге келген күні кешкілік ауыл жастары шілдеханаға жиналып, ән айтып, күй тартады. Қыз – келіншектер мен бозбалалар айтысып, жеңгендері тоғызын алып, әртүрлі ойындар өткізіледі. Кейде шілдехана үш күнге созылады. Шілдеханаға жастар жиналады. Оған үлкендер бата беру үшін ғана келеді. Шілдехана тойында жаңа босанған әйел үшін қалжаға сойылған малдың еті ортаға келгенде жөн білетін бір кісі омыртқаны қолына алып, оның етінен әйелдердің бәріне ауыз тигіздіртіп, әбден мүжіп, тазартады да, сүйекті тобылғыға тізіп, үй ішіндегі биік жерге іліп қояды. Мұнысы – баланың мойны тез бекісін деген ырым.

Бесік жыры — тұрмыс – салт жырларының көне түрінің бірі. Әлемде бесік жырын айтпайтын халық жоқ. Халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным – сенімінің, дүниетанымының көрінісі бар. Бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Әлем халықтарының бесік жырылары әр елде әр түрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы, поэтикалық құрылымы мен саз – әуені жағынан үндесіп жатады. Бесік жырының басты қызметі — бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Бесік жыры баланың сәби кезінде, яғни 1 — 5 жас аралығында, бала жанына жағымды әуенмен айтылады, әуен – сазсыз Бесік жырының мәні де, сәні де келмейді. Қазақ Бесік жырының үлгілерін алғаш Ә. Диваев хатқа түсіріп, 1905 ж. жариялаған. Содан бері там-тұмдап жиналып келе жатқанымен, халық жырларының асыл үлгілері әлі де толық хатқа түсе қойған жоқ.» – деп жауап берді «Шаңырақ» тобының мүшелері

Сондай-ақ, «Асыл мұра» тобының мүшелері бала тәрбиесіндегі қазақ халқының ұстанымдарын айтып, бірқатар әдет-ғұрыптардың маңыздылығына тоқталды.

«Бала дүниеге келгенде әр саналы отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Есімін атау (ат қою) – бұл рәсім ұлағатты кісіге жүктеледі. Қазақ аттарының көптігі басқа халықтардан ерекшелігі. Қыз балалардың есімдері олардың көркемдігі. Ат қою «көз тимесін» деген оймен қойылады. Ат таңдалғаннан кейін баланың құлағына 3 қайтара айтылады.

Бесікке салу – бұл кішігірім той ретінде өтеді. Келушілер тарту, шашу, жоралғыларыналып келеді, бесікке салу немесе бөлеу тәжірибелі әжеге немесе анаға жүктеледі. Бесікті түбегімен, жабдығымен кіндік шеше алып келеді, сумен бала шыланады, ыдыстары отырғандарға таратылып беріледі. Баланың «ит көйлегі» жүгіртіледі, яғни тәтті дәм толтырылған кішкене дорба иттің мойынына көйлегімен байланады да жүгіртіледі, соңынан қуып жеткен бала дорбаға ие болады. Бесіктің түбегі орналасқан жерден кішкене бұршақ тәрізді тоқаштар өткізіліп, оны «тыштырма» деп айтады. Осы жерде жиналған аналар бесік жырларын айтады.
Бесік жырының сөздері естияр балалардың ой-қиялына жыр етіп, ананың мейір-шапағатын арттырады. Ондай отты жырларды балалар да жаттап алу керек.

Тұсау кесер – бір жасқа толып еркін жүре бастаған бал бөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей жақсы жүріп кетуіне тілек білдіру салтанаты ретінде өтеді. Бөбектің тұсауын ата-ананың қалауы кеседі. Тұсауы кесілген баланы «Ақ жол болсын» деп ақ орамалдың үстімен немесе жұмсақ болсын деп кілем үстімен жүргізеді.

«Қой басты» дәстүрі дегеніміз қандай дәстүр?                                                             

Ауылда киіз басу – ауыр жұмыстардың бірі болған. Алдымен жүнді сабайды, сосын бояйды, қайнатады, құрғатады, орайды. Ораудың астынан арқан өткізіп, жіптің ұшынан ұстап, аяқпен теуіп отырып, үй-үйдің арасынан өткізеді. Кез келген үйдің жанына келгенде “қой басты-қой басты” деп айқайлайды. Мұны естіген үйдегі әйелдер киіз басушыларға бауырсақ, қымыз, құрт береді. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, ата-бабаларымыз ұл-қыздарын жасынан бастап сан алуан іс-әрекетпен, жауапкершілікті талап ететін еңбекпен тәрбиеленген. Ер баланы бес жасынан тай жалын тартып мінуге жарағаннан бастап, оны қолғанат деп есептеген. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» деп халқымыз ер баланы төрт түлік малды бағып-күтуге, жер қыртысын, өсімдік түрлерін білуге, қараңғы түндерде жұлдызды аспанға қарап бағыт-бағдарды белгілеп, қоныс-суды дәл табуға үйреткен» – дейді байқауға қатысушылар.

Сонымен қатар, «Салт дәстүрім- таусылмайтын байлығым!» тақырыбымен ұйымдастырылған байқауда үй тапсырмасы, ас мәзірі, сөйлемнен сөз құрау деген кезеңдер де болды. Балабақша тәрбиешілерінен құрылған «Шаңырақ» және «Асыл мұра» топтары байқау кезеңдері бойынша тапсырмаларды жоғарғы деңгейде орындай білді. Үй тапсырмасы кезеңінде екі топ қатысушылары да ұмыт қалған салт дәстүрлерді жаңартып “Шаңырақ” тобы “Танабау” салт дәстүрін, “Асыл мұра” тобы ” Ұрын бару” салт дәстүрін көрсетті. Ал, әділ қазы алқалары әр кезеңге ұпай сандарын беріп отырды. Байқау өз дәрежесінде өткізіліп, әділ қазы алқалары екі топты да тең бағалап мақтау қағазымен марапаттады.

Қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері (2-бөлім)

Некеге құруға байланысты дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар

Қазақтарда жеті атаға толмаған туыстар арасында неке қиюға қатаң тыйым салынған, мұндай тыйым салу қандас-туысқандық араласулардың алдын алуға ықпал етеді және соның салдарынан болашақ ұрпақтардың денсаулығына жағымды әсер етеді. Қазақ қоғамындағы кез-келген үйлену тойы құда түсуден басталады. Құдалық дегеніміз екі отбасының туыстық қатынасқа апаратын маңызды қадам, ал жалпы қазақ халқы үшін бұл маңызды дәстүр болып есептеледі. Бұрынғы заманда екі отбасының құдаласуы үкі тағу салтыннан басталатын. Үкі тағу – керек болса бесікте жатқан қызға да (егерде қызды атастырып қойса) тағылатын. Үкі тағылған қыз – қыздың басы бос емес екенің білдіреді.Үкі тағу үшін қыздың үйіне, жігіт жақтан 4-5 адам барады. Қызға үкі тағылғаннан кейін, екі жақ келісімге келіп, құдалықтың нақты уақыты анықталады. Бұрын қызға үкі тағылса, қазіргі кезде қызға сырға тағылады. Қыз айыттырылғаннан кейін, екі жақ үшін маңызды сәт – құдалық басталады. Қыз жақтан құдалыққа 7 адам барады. Қазіргі кезде құдалыққа баратын адамдардың саны көбейіп кеткен. Бұрыңғы кезде құдалыққа көп адамның баруы әдепсіздік болып есептелетін. Құдалықта ең беделді адамды – бас құда деп атайтын. Жігіттің әкесі бел құда болып есептеледі. Жігіт жағындағы аға інілері, омыртқа құда деп аталады.Әйел адамдардың жасы үлкені құдағи болса, жасы кішілері құдаша болады. Қыз бен жігіттің інілері құда бала болады. Екі жақ жиналғаннан кейін құдалықтың кәделері басталады. Кәде дегеніміз арнайы жасалатын дәстүрлердің жиынтығы Бірінші кәде «Киіт кигізу», құдалардың бір біріне құрмет ретінде, киім және т.б. қымбат бұйымдар сыйлауы. Екінші жасалатын кәде «Өлі-тірі». Өлі-тірі дегеніміз әруақтартардың ризашылығына сойылатын мал. Екі жақтың туыстық қарым қатынасы ұзақ болуы үшін, өлілердің алдында және тірілердің алдында ант береміз деп мал сояды. Кейін сойылған малдың еті құдалардың арасында тарқатылады.

Құйрық бауыр асату – қазақ халқында ежелден бері келе жатқан дәстүрлердің бірі. Дәстүрдің өзіне тән орындалу шарттары бар. Тойға келген құдаларға жасы үлкенінен бастап құйрық бауыр асатады. Ас – қойдың құйрық майы мен бауырынан дайындалады. Арнайы құдаларға арнап сойылған қойдың майы мен бауырды қонақтарға арнап пісіріп, жұқа тілімдеп кесіп әзірлейді. «Бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп құйрық бауырды қалыңдық пен күйеу жігіттің жеңгелері келген құдаларға әндетіп жүріп кезекпен өз қолдарымен асатады. Келген басқа қонақтар (мысалы, жігіт жақтың тойына келген қыздың туыстары) астан ауыз тиеді. Жеңгейлердің құйрық бауыр салынған табақшаларын бос қайтармас үшін, құйрық бауырдан дәм татқан әрбір қонақ оларға ырым жасап өз кәделерін береді. Бүгінгі күні ол ақшалай түрде беріледі. Бұл жаңа таныс болып жатқан туыстардың арасын жақындату мақсатындағы ырымдардың бірі. Құйрық бауыр асату құдалық, той кезінде жасалатын басты әрі маңызды дәстүрлердің бірі және ол тек қазаққа тән. Сондықтан да, халық арасында «құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» деген сөз қалған. Қыз ұзату – ертеден келе жатқан екі елдің арасындағы байланыс болар ер адам мен әйел адамның ағайын мен халықтың алдында бата алып, отау құруға бастау болар салт-дәстүр. Қыз ұзату дәстүрі осы сөйлеммен шектелмейді. Қыз баланы болашақ жарына аттандыру үшін, бірнеше міндеттелген делік ұғымдар мен сатыдан тұрады. Келін түсіру қазақ халқының маңызды дәстүрі болып саналады.Ал отбасын құрғысы келетін жастар үшін бұл маңызды қадам болып есептеледі. Бұрынғы заманда келін түсіру дәстүріне бүкіл ауыл қатысқан.Үлкен жиын болған. Келінге арнайы шашу шашылған. Ауыл тұрғындары келінге, отау тіккен. Шаңырақты бала шағалы, балалары ер жетіп өскен, салиқалы ана көтеру керек. Келін ауылға келгеннен кейін, оның бетіне шымылдық жабылады. Одан кейін түрін ешкімге көрсетпей, қайын атасынының үйіне кіргізеді. Келін үйдің босағасын оң аяғымен аттауы керек. Кейін атасына сәлем береді.Сәлем беріп болғаннан кейін, атасы келінге батасын береді. Атасы батасын бергеннен соң, келін отқа май құяды. Бұл да қазақтың ерекше ырымы. Бұл ырымның жасалуы – «Жаңадан түскен келін, үйге майдай сіңіп кетсін» деп құйғызады.Сосын келінді арнайы тігілген ақ отауға кіргізіп, оған шашу шашады. Беташар дегеніміз келін түскенде жасалатын арнайы дәстүр. Келінің бетіне орамал жабылып, оның жеңгелері тігілген отаудан алып шығады. Сосын арнайы шақырылған жырау келеді. Жырау беташарға келген күйеу жігіттің жақын, алыс болған туыстарын, ұйқастап шумақтап атап шығады. Аттары аталған туыстар келінге сый ретінде ақша, мал мүлік береді. Бұл да отбасы құрайын деп жатқан жастарға, үлкен көмек болып есептеледі. Себебі қазақта «үйлену оңай, үй болу қиын» деген мақал бар. Екі жастың үй болуын, жеңілдету мақсатында туыстары сыйлық береді. Бұдан кейін беташардың екінші бөлімі басталады. Екінші бөлімінде жаңадан түскен келіннің үй шаруашылығындағы міндеті, атқаратын жұмысы, өзінің туыстарымен қарымқатынасын, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, үлкендерді, жолдас-жораны, қонақты сыйлауы сөз болады. Әдепті, сыпайы бол, өсек таратпа, өзінен үлкен болған адамдарды сыйла, ерінбей үйдегі жұмыстарды жаса деген сияқты өсиеттер айтылады. Беташар айтылып болған соң, жыршыға ат міңгізіп, үстіне шапан жауып жібереді. Беташар біткеннен кейін той басталады.

 

Қазақ халқының ежелгі әдет-ғұрыптары

Туған жерге аунату – Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Бұл – туған жерінен ұзақ уақыт бойы алыс тұрған адам отанына оралғаннан кейін жерге «аунайтын» дәстүр. Мұның мән мағынасы көп. Біріншіден «Сен осы жерде тудың, ұмытпа, перзенттік қарызыңды өте» деген мағынада. Екінші «Туған жер ата-анаң, Отаның, оның жақсы қасиеттері бойыңда, ойыңда жүрсін» деген тәлім жатыр. Қалай дегенмен де халықтың осы бір әдемі дәстүрінде «Бәрібір сен туған жерге баласың» деген ұлы ұғымды білдіретін, оның отаншылдық сезім – сенімін арттыратын тәрбиелік қызметі өте зор екендігін көру қиын емес. Аузына түкірту – Аты аңызға айналған, ел таныған ақындар мен шешендер, дуалы ауыз билер мен ақсақалдарға сәбидің аузына түкіртіп алу ежелгі дәстүрлі ырымдардың бірі. Бұл сенім ырымы болғандықтан ел ішінде әлі де жасалады және жиі айтылады. Оның орындалуы, ишара түрінде, ауызға түкіру нышаны ғана жасалады. Халқымыздың ырымы және сенімі бойынша жоғарыда аталған адамдардың қасиеті мен өнері сәбилер мен жас балаларға қонады деген түсінік болған.

Ашамайға мінгізу – Қазақ салтында сәбилер балалық шақтың бірінші сатысына жеткен кезде ер бала мен қыз бала ретінде алғаш рет жыныстық жағынан жіктеледі: қыз балаға тұлым қою, құлақ тесу рәсімдері өткізіліп, қызша киіндіріледі. Сондай-ақ, ер балаларды сүндетке отырғызып, айдар қойған, соның ішінде алғаш рет жеке атқа мінгізу рәсімін өткізген. Бұрыңғы заманда еркек адамдар, өмірлерінің басым бөлігін аттың үстінде өткізетін. Сол себептен, баланы ашамайға міңгізудің мәні зор. Себебі бұл дәстүр жас балаларды атқа мініп, нағыз еркек, ересек болуға үйрететін. Ал бұрынғы заманда атқа міне алмаған бала, болашақта еркек деген атқа лайық болмайтын. Сол үшін барлық ата – анаға, осы ғұрыпты істеу міндет болатын.

Бастанғы – қазақ халқының көне дәстүрі. Бір шаңырақтың үлкендері бір себептермен сапарға шығып кеткен кезде, сол шаңыраққа ауылдың жастары жиналады. Бастаңғыны шаңырақтың бойжеткені ұйымдастыруы керек. Бойжеткен алдын ала әке шешесінен рұқсат сұрауы керек. Рұқсат берген жағдайда ғана, бастаңғыны ұйымдастыруға болады. Бастаңғы болатынын білген қыздың ата-анасы мал дайындап қояды. Бастаңғыға келген ауыл жастары өздерімен бірге сарқыт, тамақ алып келеді. Осы жиынға өнерпаздар да келетін. Келген жігіттер қой сояды, қыздар болса дастархан жаяды. Мал сойылып, дастархан жайылып болғаннан соң, барлығы дастарханның басына жиналады. Дастарханға жиналған жастар ән айтады, ойын ойнайды. Ойындардың ішінде алтыбақан, ақсүйек жиі ойналады. Осы ойындар көбінесе түнде ойналған. Алтыбақанға әдетте бір біріне сезімін білдіргісі келген қыз бен жігіт жұптасып тұратын. Олар алтыбақанды тербетіп, бір біріне жырларын, сырларын айтады. Өнерпаздар домбырамен өлең айтатын. Оларға сыйлық ретінде үстілеріне шапан жабатын. Бастаңғы қызық болу үшін жастар ән-айтыс жасаған. Өлең айтып, айтысып болғаннан соң, қызықты оқиғалар айтып, әдептін шегінен шықпай әзілдескен. Түнде басталған бастаңғы, таңға дейін жалғасатын. Жиналғандар бір бірлеріне қисса, дастандар айтатын. Таңға жақын жастардың жиыны аяқталатын. Бұрыңғы кезде қазақтың жастары, осылайша бос уақыттарын өткізетін.

Қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері

Қазақ халқы ата-бабаларынан қалған салт-дәстүрлерді қастерлейді. Уақыт өте келе ұлттық сипатқа айналған қазақтардың негізгі дәстүрі қонақжайлылық болып табылады. Қазақтардың қанына ана сүтімен даритын қазақ ұлтына ғана тән асыл қасиет. Сондықтан да қонақты сыйлау, құрметтеу, қонаққа деген ілтипат көрсету бала кезден қалыптасады. Қазақ қоғамында көне заманда айтылған бейресми заң бар. Ол былай дейді – келген адамды құдайы қонақ ретінде қарсы ал. Қазақ қоғамындағы қонақжайлылық қасиеті міндет болып саналады. Барлық уақытта дала тұрғындары қонақты қуанту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған. Сондықтан әрбір жолаушы жол жүруге аттанып бара жатып, оны қазақ жерінің кез келген бұрышында қарсы алатынын білген.

Үлкендерге құрметпен қарау – қазақ халқының тағы бір жағымды қасиеті. Дәстүр бойынша, жас кезінен бастап балаға ересектермен, өмірлік тәжірибесі бар адамдармен қарым-қатынас кезінде ұстамдылық пен парасаттылық үйретіледі. Алайда, жоғарыда аталған ұлттық ерекшеліктер, қоғамдық қатынастардың жалпыланған нормалары мен принциптері, олардың пайда болуына негіз болды, бақытымызға орай, тек қазақ халқының өкілдеріне ғана тән емес. Сондықтан, сіздердің назарларыңызға қазақ қоғамында кеңінен таралған негізгі әдет-ғұрыптардың тізімі ұсынылады.

  1. Сыйлықтарды ұсынумен байланысты дәстүрлер мен әдетғұрыптар

Сүйінші – үйге қуанышты хабар әкелген жолаушыға алғыс ретінде үй иелерінен бағалы сыйлық алатын әдет. «Ат мінгізіп шапан жабу» – жоғары құрмет. Дәстүр бойынша, құрметті қонақ, ол ақын, батыр немесе ауылға келген өте құрметті адам болуы мүмкін, сіңірген еңбегін мойындау белгісі ретінде жергілікті тұрғындардан жылқы мен қымбат шапан (түйе жүнінен тігілген шыттан астары бар халат) алады. Бес жақсы – бір мезгілде бес бағалы заттан тұратын сыйлық. Оған қара нар, жүйрік ат, қымбат кілем, алмас қылыш, сондай-ақ бұлғын ішік кіреді. Бес жақсы «ат мінгізіп шапан жабу» сияқты қазақ қоғамындағы ең құрметті адамдар марапатталады. Байғазы – қазақ дәстүрінде үлкеннің кішіге, негізінен балаға беретін сыйлығы. Байғазыны, көбінесе, жасөспірім балалар, бойжеткен қыздар, бозбалалар жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда ағалары мен жеңгелерінен, әпке, әке-шеше, жанашыр жақын туыстарынан сұрайды. Үлкендер Байғазы (ақша, малдың төлі, т.б.) берумен бірге құтты болсын айтып, ізгі тілек білдіреді.

  1. Өзара көмекке байланысты дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар

Асар – Ежелгі заманан бүгінге дейін сақталған дәстүрлерің бірі осы – Асар. Оның негізгі мақсаты көмек көрсету. Отбасында үй-жай, қора-қопсы салып жатқан адам немесе егін науқанында жалғыз шамасы келмей жұмысы өнбей жатқанда көрші-көлең, ағайын-туыс, дос-жарандар келіп еш қайтарымсыз көмек көрсетіп бірлесіп «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» тез-ақ бітіріп тастауға тырысады. Бірлесіп істеген жұмыс тез әрі, қарқынды болады. Соған орай, жұмыс та тез бітеді. Жылу жинау – Бұл да көмекке бағыталған дәстүрдің бір түрі. Мұнда бүтін бір отбасы қайғылы жағдайға ұшырап үй-жайынан айырылғанда (өрт немесе зілзала және т.б апаттар), мал-жанынан қапыда айырылғанда ауыл болып жиналып қолдарынан келген көмекті беруге тырысады. Ол қаржылай, заттай, немесе мал беру арқылы жүзеге асырылады. Осылайша көмек көрсету үшін арнайы бір адам «Жылу жинайды». Бел көтерер – дәстүрлі ортадағы ғұрыптық ас атауы. Ұзақ жасаған, тісі қаусаған қарияларға құнарлы тағам түрлерін араластырып, ұсақтап, шайнамай-ақ жей (жұта) беруге лайықтап дайындалады. Бел көтерер – адамға мол күш беретін нәрлі ас, көңіл жақын жандар арнайы дайындап, қарияларға алып келеді. Үлкендерді сыйлау, оларға күтім жасау керектігін көрсететін бұл дәстүрдің жастарға берері мол.

  1. Қонақ күтуге байланысты салт-дәстүрлер

Қонақасы – қонақты сыйлап ішіп-жегізумен байланысты әдет. Қазақ халқы ежелден қонақжайлығымен танымал болған. Ең дәмдісін қазақтар әрқашан қонақтар үшін сақтаған. Қонақтар үш түрге бөлінді. «Арнайы қонақ» – арнайы шақырылған, «құдайы қонақ» – кездейсоқ жолаушы, «қыдырма қонақ» – күтпеген қонақ. Айта кету керек, егер үй иесі қандай да бір себептермен қонақасы дәстүрін сақтаудан бас тартса, оған қатысты (ежелгі уақытта) айыппұл санкциялары қолданылатын болған. Қонақкәде – көңілді отырудың, үй иесінің, сонымен бірге қонақтың риясыз көңілін білдіретін белгі. Үй иесінің қонағына қонақкәде айтыңыз деп өтініш жасауға хақы бар. Бұл «өлең айтыңыз, өнер көрсетіңіз» дегенді білдіреді. Екіншіден, бұрынғы адамдар жастарды өлең айтуға, айтысқа, шешендікке, домбыра үйренуге ерте баулыған. Олардың «сегіз қырлы, бір сырлы» өнерпаз болып өсуіне қолдау көрсетіп отырған. Өйткені қонақкәде айта алмай қалу – ыңғайсыз жағдай болып қалыптасқан. Ерулік – дәстүрлі халықтық жоралғының жарқын үлгісі. Жаңадан көшіп келген, жапсарлас қонған отбасына бұрыннан отырған көршілері қонақасы береді, дәм-тұз татырып, ықылас-пейіл білдіреді. Ерулік беру арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін өздеріне етене жақындастыруды, бөтенсітпеуді де көздейді. Ерулік қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен (қазы-қарта, жал-жая, т.б.) пісіріледі немесе қой сойылып шақырылады. Той дастархан – мерейтойға немесе оның барысында ұйымдастырылған мерекенің ерекше түрі. Дастарқан басында отырудан басқа, сол дастархан кезінде спорттық, музыкалық, ән жарыстары (айтыс), ат жарыстары өткізіледі.

  1. Баланың туылуымен және тәрбиесімен байланысты дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар

Шілдехана – нәрестенің дүниеге келу құрметіне арналған той, қазақ халқының көптеген салт-дәстүрлердің бірі баланың дүниеге келгендегі алғашқы тойы. Шілдеханаға шақырумен де, шақырусыз да баруға болады. Қонақтар Перзентіңнің (ұлыңның немесе қызыңның) «бауы берік болсын!» деген тілек айтады. Бесікке салу – нәрестені алғаш бесікке бөлеу рәсімі. Бесікке саларға шақырылған ауыл-үйдің әйелдері шашуын, жол-жоралғысын ала келеді. Баланы алғашқы бөлеу үлгілі ұрпақ өсірген қадірменді әйелге тапсырылады. Ол өзінен басқа тағы бір-екі келіншектің көмегімен бесікті жабдықтайды, сәбидің әжесі не шешесі түбектің тесігінен балаларға тәтті үлестіреді. Осыдан кейін бесікті отпен аластап, баланы бөлейді. Бесікке салған әйелдерге көйлек, жаулық сияқты сый тартылады. Есім қою, ат қою – жаңа туған сәбиге есім таңдауға қазақтан дана, қазақтан шебер халық жоқ. Ырымға байланысты ат қою қазақтың салты бойынша, жас нәресте туған кезде ата-анасы ең сыйлы, қатты құрмет тұтатын адамына өз сәбиінің есімін қойғызады. Қырқынан шығару – Дәстүрлі ортада бала дүниеге келгеннен кырқынан шыққанға дейінгі алғашқы қырық күндік «өтпелі кезеңді» қауіпті, қатерлі санап, жаңа туған нәрестені шырақ жағып күзетіп, қасынан адам үзілмей бағады. Бала қырқынан шыққанша «сүт тырнағын», «қарын шашын» алмайды. Қырық күннен аман өткен нәрестені «қарақұлақтанды» деп қуанып, «қырқынан шығару» тойын жасайды. Таңдалған күні үйге туған-туыстардан, ауылдан әйел адамдар жиналады.

Бұл салтқа ер адамдар қатыстырылмайды. Жиналған қонақтар арасынан елге сыйлы, қадірлі үш әйел таңдалып қойылады. Олардың бірі – тырнағын, бірі – шашын алады. Үшіншісі нәрестені қырық қасық суға шомылдыру рәсімін өткізеді. Қайнаған суды суытып, ішіне қырық бұршақ не басқа да дәндер мен күміс тиындар салады. Сәбиді осы суға отырғызып қырық қасық суды бұршағымен баланың басынан денесіне санап құяды. Тұсау кесу – бала ертерек жүріп кетсін деген ниетпен, жасалатын салт. Ол бала еңбектеуден, қаз тұруға (екі аяқпен тұруға) ауысып, жүруге жақын қалғанда жасалады. Баланың тұсауын кесу үшін аранайы, кішігірім той жасалады. Баланың аяғын салт бойынша ала жіппен байлайды. Бұны «ешкімнің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырата алсын, адал азамат болсын» деген ниетпен байлайды. Тұсау кесетін адамды баланың ата-анасы таңдайды. Осы рәсім көбінесе, көп балалы, салиқалы анаға, немесе абыройлы ақ жаулықты әжеге тапсырылады. Баланың тұсауын кескен адам ширақ қимылдайтын, тез жүретін адам болу керек, себебі оның осы қасиеттері балаға сіңеді деп сенеді біздің халық. Сүндетке отырғызу – Халық түсінігінде баланы сүндетке тақ жасында отырғызады. Яғни үш жаста, бес, жеті, тоғыз, одан тым кешіккенде он үш жаста. Бұл жастан кешіктіруге болмайды. Баланың сүндетке отыруы – оның азаматтық өмірге қадам басуымен тең. Сүндетке отырғызу – тазалықтың, пәктіктің, мұсылмандықтың белгісі. Қазақ салтында, сүндетке отырған баланың нағашылары «нағыз азамат, мұсылман болдың» деп тай мінгізсе, ата-әжелері түрлі базарлығын сыйға тартқан.

ТҮРКІСТАН ОАЗИСІНДЕГІ ЕРТЕ ЕЖЕЛГІ ДӘУІРДІҢ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕРІ

–  Түркістан өңірі адамзаттың ең ерте қоныстанған аймақтарының бірі саналады. Біздің дәуірімізге дейінгі 500 мыңыншы жылдардан бастап адамдар мекен еткен аймақта, отырықшылық мәдениеті де сөзсіз ерте қалыптасты деп айтамыз. Түркістан аймағында қызмет атқар­ған археологтар бұл өңірдің тарихы те­рең­де жатқанын дәлелдеп берген. Түр­­кістан қаласының айналасындағы Шоқ­­­тас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерт­­­кіштері бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді.

Енді,  Түркістан оазисіндегі ерте ежелгі дәуірдің археологиялық ескерткіштері (б.з.д. ҮІ – б.з.д. І ғғ.) туралы қысқаша ақпарат беріп өтуді жөн көрдік:

  1. Қарашық төбе І Ақтөбе қалашығы, б.з.д. ҮІ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан 11 шақырым жерде орналасқан.
  2. Қарашық төбе IІ қалашығы, б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан.
  3. Қарашық төбе ІІІ қалашығы, б.з.д. ІҮ-ІІІ – б.з. ІҮғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 9 шақырым жерде орналасқан.
  4. Қазтөбе қалашығы б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан солтүстік шығысына қарай 13 шақырым жерде орналасқан.
  5. Мейрам төбе қалашығы б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан 11 шақырым жерде орналасқан.
  6. Шаштөбе қалашығы, б.з.д. Ү – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 29 шақырым жерде орналасқан.
  7. Бершін қалашығы, б.з.д.Ү-ІҮ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан шығысқа қарай 17 шақырым жерде орналасқан.
  8. Ақтөбе (Ибата) қалашығы, б.з.д. ІІІ-ІІ – б.з. ІҮ-Үғғ. Түркістан қаласынан шығысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан.
  9. Көксарай І қалашығы, б.з.д. ІҮ-ІІ – б.з. ІҮ-Үғғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 40 шақырым жерде орналасқан.
  10. Құлан төбе қалашығы, б.з.д.ІІ-І – б.з. ІҮ-ҮІІІғғ. Түркістан қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан.

 

 

Бұл қалаларға зерттеу жүргізген археологиялық экспедициялар:

– 1969 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К.Ақышев) Қарашық төбе І, ІІ, ІІІ, Шаштөбе, Бершін төбе, Ақтөбе (Ибата) қалашықтарына алғашқы зерттеу жүргізеді. Қалашықтардың координаттары нақтыланып, өмір сүру кезеңдері белгіленеді.

– 1998 жылы ХҚТУ-нің археологиялық экспедициясы (М.Елеуов, Д.Ф.Винник). Қазтөбе қалашығына археологиялық зерттеу жүргізген.

– 1998-2003 жж. Түркістан Археологиялық Экспедициясы (М.Тұяқбаев) 1998 жылдан бастап археолог Марат Тұяқбаев басшылық жасаған экспедиция ерте ежелгі дәуірге жататын барлық қалаларға археологиялық зерттеулер жүргізді. Оның ішінде Мейрамтөбе, Көксарай І, Құлан төбе қалашықтарына алғаш болып археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, ескерткіш туралы алғашқы деректерді ғылыми айналымға ұсынды.

0,5 гектардан 6 гектарға дейінгі өлшемдегі ерте ежелгі дәуір қалаларының сызбаларын түсіріп, археологиялық ескерткіштердің датировкасын нақтылады.

Қорыта айтқанда Түркістан оазисіндегі ежелгі ерте дәуір ескерткіштері отырықшылықтың дамуы мен қала мәдениетінің қалыптасуының алғашқы кезеңі саналады. Және б.з.д. Ү ғасырда пайда болған қалалардың тек кішігірім қоныстар емес, сонымен қатар өзіне тән цитадель, шахарістан бөліктерінің болуы Түркістан өңірінің үлкен өркениет ошағы болғанын айғақтай түседі.

 

А.Тұрсынов – Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінің инспекторы.

 

 

–  Түркістан өңіріндегі қалалық мәде­ниет­тің көне тарихы да осы кезеңмен байла­нысты деген пікірдеміз. ХVІІІ ғасыр­дың ортасына қарай Ресейдің қазақ саха­расындағы саясатына жауап берген адамдардың бірі П.И.Рычков Түркістанға қатысты Шығыстың ескі мәліметтерін көп жинап, бұл өңірдегі қалалардың көне дүниенің ескерткіші екенін жазады: «Түркістан мен оның аймағындағы жерлердің көнелігі жа­ғы­нан барлығынан да алда екенін айт­қа­нымыз жөн; себебі Түркістан қа­ла­сы татарлардың тарихи шығар­ма­ла­рында Бұхара қаласынан көп бұрын салынған деп айтылады, айтуларына қарағанда ерте замандарда билік осы қаладан басталған және бүкіл Азияға тара­ған. Оренборда өмір сүретін ахун осы қаланы Яфеттің ұлы Түріктің неме­ре­лері салды және сол тұста атын да алды дейді, сол себепті сол аймақтағы қала­лар, тіпті Үндістан мен Қытайға дейінгі, атап айтсақ: Кашкар, Табат, Еркень, Ходжант, Ташкент, Мартикан, Фантак, Янгы, Хасар, Хитяк, Утрар, Сабран, Барзягин және басқалары Түр­кістан билігіне қарап тұрған. Осы ай­мақ­ты олар ескі заманда Яссы деген атау­мен де атаған, ол Түркістаннан да кәрі делінеді. Осы мағлұматтардың бар­лығын жоғарыда аталған ахун арабша және татарша кітаптардан көшіріп алған».

Жоғарыдағы деректерде аталатын Яссы қорғаны қазіргі күні Ахмет Ясауи кесенесінің алдындағы Күлтөбе. Көне тарих осылайша жаңа заманның қасиетті ғимаратымен астасып, рухани тамырлармен жалғасып жатыр. Осы төбенің жоғарғы қабаттарында жасалып жатқан архео­логиялық қазбалар біздің жыл сана­уымызға дейінгі бірталай уақыт мөл­шерін береді. Қорғанның орналасқан жері Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оң­түс­­­тікке қарай 350 метр жерде. Биік­ті­гі 9 метрді құрайтын ауқымды төбешік сопақша пішіндес. Мұнда қазір ғылыми-зерттеу және қайта қалпына келтіру жұ­мыс­тары қатар жүргізілуде. Біздің ойы­мыз­ша Күлтөбе қорғанының төменгі қабат­тары қазіргі жыл санауымызға де­йін­гі екінші, тіпті үшінші мыңдық жыл­дыққа қатысты деректерді берсе керек. Себебі П.И.Рычковқа ақпарат берген ғұламалар Түркістанды Бұхарадан гөрі көне қала, өркениет пен мемлекет осы Түркістаннан басталады деп отыр. Ал Бұхара қаласының ірге­­­­­­­­сі б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде қаланған. Бір қызығы, Әзірет Сұл­тан күмбезіне таяу орналасқан қа­сиет­ті Күлтөбе, ежелгі тарихтағы Яссы Әз Тәуке хан заманында да ел басшы­ла­ры­ның бас қосып, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп мемлекет ісін талқыға салатын қасиетті қара орын қызметін атқарды.

Түркістан қаласының солтүстік-баты­сына қарай 25 шақырым жерде, Қаратау бөк­терінде Қарнақ аталатын көне қа­ла­­­шық тарихы да бізді көне заман­ға же­телейді. Кезінде бұл жерде А.Н.Бернштам, Г.И.Пацевич, Е.И.Агеева сияқ­ты археологтар қазба жұмыстарын жүр­гізді, бірақ белгілі бір қорытынды шығара алмады. Археологтардың бір тобы Қарнақты ортағасырлық Ишкент деп жорамалдаса, екіншілері Қарнақты Әмір Темір әулеті тұсында салынған деп тұжырым жасады. Біз бұл пікірлер қаланың ең төменгі қабаттары әлі де зерттелмегендіктен туындаған үстірт жорамал деп білеміз. Қарнақтың тарихи қала екендігі, ол жерде оғыздар мекендегені ХІ ғасырда қалам тербеген М.Қашқари сөздігінен белгілі. Біздің ойымызша Қарнақ ерте заманда ғылым мен білімнің дамыған гүлденген үлкен қала болып кейін біртіндеп құлдырай бастаған.

 

Түркістан аймағында «нақ» жалға­уы­мен Қарнақтан басқа Шобанақ, Суғнақ (Сы­ғанақ), Тошанақ, Шорнақ, Жүйнақ (Жү­й­нек) қалашықтары кездеседі. Түр­­кістан аймағында «жеті нақ өзара жер асты жолдарымен жалғасқан, жау шап­­қанда ел бір қаладан екіншісіне жан сақтап кетіп отырады екен» деген аңыз бар. Қазіргі күні осы қалалардың арасын қосқан жер асты жолдары табылып та жатыр және болашақта тарих үшін де, туризм ісі үшін де керемет нысан болады деп сенеміз. «Нақ» жалғауы қазақ тіліндегі «нақты» деген ұғыммен байланысты. Егер бұл сөздің тамырын қуалайтын болсақ, онда тым ерте, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдықтардағы ариан-тұран халықтарының сөздік қорындағы «нақ» сөзіне барып жалғанатынын анықтаймыз. Неміс тарихына қатысты деректерден «Дранг нах остен», яғни «Нақ Шы­ғысқа қарай» деген сөзді кездес­тіреміз. Сонымен нақ сөзінің көне мағы­насын қабылдасақ, Суғнақ – суға жақын қала, Тошанак – тасқа жақын қала, Қарнақ – Қаратау баурайындағы, Қара­тауға жақын елді мекен. Оның алғашқы түпнұсқасы «Қара нақ» бол­са керек деген пікірдеміз. Қара (Хара) – бұл жерде Қаратаудың көне заман­нан бергі атауы. Ең бастысы біз осы атау­дың этимологиясын іздеу бары­сын­­да Францияның батыс аймағы Бре­тань­да орналасқан Қарнақ атты көне қорымның, Мысырдың оңтүстігінде, Ніл дариясының бастауында тұрған Қар­нақ ғибадатханасының тарихы өзі­міз­дің Түркістан алқабымен, қасиетті Қаратау мен Сырдария жағалауымен байланыс­ты екенін аңғарамыз. Біздің жыл санауымызға дейінгі ұлы көштердің заманында Қарнақ атауы Түркістан өңі­рі­нен Еуропаға да, Африкаға да барып қалғанына дау болмаса керек.

Егер Түркістан қашан қала болып қалыптасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне индустрия­ны, металлургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Қазақ жерінде өндірілген металл әлем өркениеттеріне Түркістан, яғни тарихи Қырық қақпалы Қарашық арқылы жеткізілді деген пікірдеміз.

 

Жамбыл Артықбаев – Профессор

ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ӨНЕРПАЗДАРЫ V ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫНА АТСАЛЫСАДЫ

Биыл қыркүйек айында Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Аталған шараға спортшылардан бөлек, облыс өнерпаздары да атсалыспақ. Онда үздік қолөнер шеберлері өнімдерін ұсынып, ақындар айтысы, салт-дәстүрді насихаттайтын қойылымдар сахналады. Өңірдің туристік әлеуеті таныстырылады. Концерттік бағдарлама ұсынылады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісте баяндалды. Өңір басшысы жоспарлы іс-шаралардан бөлек, ерекше форматта тың серпіліс керектігін айтты.

– Түркістанға бүгінде тек еліміздің ғана емес, әлемнің әр түкпірінен қызығушылық білдіруде. Сондықтан да бізге келуші азаматтар өңіріміздің рухани-мәдени өмірімен танысады. Ол үшін тек облыс орталығында ғана емес, әрбір аудан, қаланың өз бренді болуы тиіс. Рухани астанамыздың төріндегі барлық іс-шарадан ұлттық бояудың, төл өнердің бөлшегі алыстан байқалып тұрғаны жөн. Алдағы уақытта іс-шаралар мазмұнына баса назар аударып, қайта қараңыздар, – деген облыс әкімі жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктеді.

Бұдан бөлек, Түркістан өңірінде іс-шаралар легі жоспарға сай жалғасады. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев баяндама жасап, бірқатарына тоқталып өтті. Жыл сайын өткізілетін «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестиваліне биыл өзгерістер енгізілген. Аудан, қала өнерпаздары былтырғыдай үш күн емес, екі күн бойы облыс орталығында өнер көрсетеді. Сондай-ақ, ауарайына байланысты арнайы бекітілген кестеге сәйкес екі кезеңде өткізіледі. Тамыз айының 14-інен бастап қалған аудан, қала өнерпаздары қыркүйек айының соңына дейін жалғастырады. Алғашқы күні «Этноауыл» кешенінде өнерпаздар салт-дәстүрлерден көріністер, қолөнершілер көрмесі, ұлттық нақыштағы қойылымдар қойып, ұлттық ойындардарды насихаттаса, келесі күні көпшілік назарына «Керуен сарай» аумағында гала-концерт ұсынылады.

Мерекелік іс-шаралардан бөлек, күз айларында отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен «Қожа Ахмет Ясауи мұрасына жаңа көзқарас» халықаралық конференциясы, республикалық «Түркістан дауысы» ән байқауы, сонымен қатар Республика күні қарсаңында дәстүрлі «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауы өткізіледі.

Облыстық кітапханада барлық аудан, қалаларында оқырманды кітап оқуға тарту мақсатында ұйымдастырылған «Әлемді кітап арқылы танимын», «Бір ел – бір кітап», «12 айда – 12 кітап», «Ақылдыммен ақылдымын», «Оқырман іздейміз» жобаларының қорытындысы өткізу жоспарлануда. Қазан айында «Тілді оқытудағы өзекті мәселелер» республикалық әдістемелік семинар ұйымдастырылып, семинарға республикалық «Тіл қазына» орталығының мамандары мен осы саланың білікті сарапшылары шақырылады деп күтілуде.

Түркістандық аналар ою-өрнек өнерін насихаттауда

Түркістандық аналар қазақ халқының сөнбес мұрасы болып, ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып, ұзақ жылдар өзіндік тарихымен мәдени қол өнері болып қалыптасқан, далалық өркениеттің белгісі болған ою-өрнек өнерін кейінгі ұрпаққа насихаттап келеді. Жалпы қазақ халқы мол байлығымен республика жерінде ескіден қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді, салтты өркендетуші, ары қарай жаңғыртып, байытушы деуге болады. Ата-бабамыздың қолөнер мұраларын жақсарту – қазіргі заман жастарының ісі және осындай игі істер жарасымды жалғасын тапса, ұлттық өнер өркендей түсетіні анық. Ал, осындай өнегелі шараларды Түркістан облысының ақ жаулықты аналары қолға алып, кейінгі ұрпаққа насихаттап келеді. Солардың бірі – Төлеби аудандық аналар кеңесінің төрайымы Рахишова Айдаркүл Айтбайқызы. Асыл анамыз өңір жастарына үлгі болсын деген мақсатта салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттайтын игі шараларға бастамашы болып жүр. Бұған дейін домбыра күнінде ұлттық аспаптың қадір-қасиетін жас өрендерге дәріптесе, одан бөлек бесік жыры, тұсау кесер, қыз тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар бойынша түрлі жиындар өткізіп, аналар ақыл-кеңестерімен бөліскен. Ал, жақын күндері кеңес төрайымы Төлеби ауданында жастарға қазақтың ою-өрнектері туралы насихаттап, Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіндегі ұлттық өнердің керемет сырларымен бөлісті.

 

– «Қазақ халқы «өнер алды-қызыл тіл» дейді емес пе? Бірақ тілден бұрын, сурет өнері пайда болған секілді. Себебі, сонау тас ғасырынан адам баласы таңбалы тастарға өзінің ойын дәл осы ою-өрнектермен жеткізген десек болады. Ал, тіпті ұлт болып қалыптаспай тұрғанның өзінде ою-өрнектің тілі қазіргі біздің ою-өрнектің тілімен бірдей болып тұрғандығы Ұлы далада мекен еткен ұлттың мәдениеті мен руханияты қандай деңгейде болғандығын көрсетеді. Жалпы, ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қазақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді.Ою деген сөзбен өрнек деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатыр. Қазақ көбінесе бір өрнекке салып қиып алған үлгіні, үлгіге салып кескен сырмақтың қиығын, сондай-ақ барлық қошқар мүйіз өрнектерін де ою дейді. Ал өрнек дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы іспеттес. Сондықтан, ою-өрнек деп қосарланып айтылады. Қазақтың өрнекті әшекеймен істелетін қолөнердің түрлері де, атаулары да өте көп. Солардың ішінде халық арасына көбірек тарағаны – ою-өрнек. Қазақ халқында түзу және ойқастыра тоқу тәсілдері көп қолданылады. Ал, түркі халықтарының қолтаңбаларында өрнексіз заттың мәні жоқ. Жалпы қазақ халқы ою-өрнекті қадір тұтқан. Бас киімдегі ою-өрнекке қарап, қай ұлттың ұрпағы екенін таныған, кімнің қазақ, кімнің ұйғыр, татар екенін білген екен. Қырғыздарда «қошқар мүйіз», «тұмар», «теке мүйіз», ұйғырларда «бадам», «шәдә», өзбектерде «пахта гүл», «бадам» деп аталады.

Мен, өзім Қазақстан халқы Ассамлеясы жанынан құрылған Аналар кеңесінің төрайымы болғандықтан, түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлерінде жақсы білемін. Ал,қазақтардың оюын сипатына қарай теңдеме, жүздеме, сыңар ою деп үш топқа бөледі. Қазақтар өздері жасаған ою-өрнектің атауын таба білген. Осы атауларды олар өз тіршілігіне лайықты қолдана түскен. Әрбір тарихи кезең өзіндік ою-өрнектермен ерекшеленген. Ескіден келе жатырған мешіт, күмбез ою-өрнексіз жүзеге аспаған. Қазақ ою-өрнегінің табиғаты халық өнерінің тарихын, өмір тіршілігінің сұлулығын және әсемдігін айқындайды.

«Мүйіз» оюы қазақ халқының ою-өрнегінің төркіні деуге болады. Мысалы: «қошқармүйіз», «арқармүйіз», «бүғымүйіз», «қырықмүйіз», «қосмүйіз», «сыңармүйіз», «сынықмүйіз», «төртқұлақ», «түйетабан», «сыңарөкше», «қосалқа», «қүсқанаты», «қаз-табан». Біздің қолөнер шеберлері осы түрлерін ұтымды пайдаланып келеді. Қазақ оюларының мазмұны мал өсіру, аңшылықты жер-су, көшіп-қону көріністерін, күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі заттардың сыртқы бейнесін тұспалдайды, бірақ қолөнер саласындағы қай бұйымды алсақ та, сол заттың бетінде түрлі нүсқада бейнеленген «мүйіз» элементін байқаймыз. Әрбір оюшы ою-өрнек жасап, оған ат беріп, оны тұрмыста қолданған. Сондықтан қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің ең басты мәнері, әртүрлі мәнер жасауда жиі қолданылатыны «мүйіз» тектес ою-өрнектер. Мүйіз тектес ою-өрнектер кейде өте ұсақ, кейде өте ірі болып келеді. Ұсағы зергерлік, кесте тігу, ағаш, сүйек, мүйіз ұқсату сияқты нәзік істерге қолданылса, ірісі кілем, алаша, терме алаша, текемет, сырмақ, ши орау, қоржын, киім-кешекке қолданылады.

Сондай-ақ, ою-өрнек бойынша, бірқатарын атап өткенді жөн санап отырмын. Халқымыздың мұндай құндылығын әрбіріміз білуіміз керек. Мысалы:  «Тоғызтөбе» ою-өрнегі ең көне оюлардың бірі болып саналады. Бұл өрнек қимақтар мен қарлұқтардың қолөнерінде сақталған және кезінде «тоғыз-төбе» ою-өрнегі Айша-бибі күмбезінің кірпіштерін өрнектеу үшін қолданған. Ал қазіргі кезде қазақ, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ қолөнерінде кездеседі. «Арқармүйіз» деп аталатын ою-өрнек қойдың мүйізін бейнелейтін оюдың түрі. Бұл элемент «қошқармүйізге» өте ұқсас, бірақ, оған қарағанда шиыршықтанып, тармағы одан көбірек болып келеді.  «Сыңармүйіз» «қосмүйіз», «қошқармүйіз» деп аталатын оюдың тек бір жақ сыңарын ғана бейнелейтін өрнек түрі. Шебер орналастырылған «сыңармүйіз» өрнек композициясында дараланып тұрмай, жымдасып келеді, үй-жиһаздары мен тұрмыстық заттарға, сондай-ақ киім-кешек, қару-жарақ т.б. бетіне салынатын ою-өрнектің бәрінде кездеседі және текемет, сырмақты әшекейлейтін, жиегіне жүргізілетін өрнектің бір түрі.

«Қошқармүйіз» ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келіп, оның қолтық тұсынан қойдың құлағын долбарлайтын тағы бір шолақ мүйіз тәрізді екі буын шығып тұрады. Одан байқаған адамға қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады. Текемет, сырмақ, басқұр, алаша, кілем, былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдардың барлық түрлерінде кездеседі. Киізден жасалған бұйымдарда бұл ою түсті шүберектермен ойылып, құрақ, яғни аппликациялық өрнек түрінде де тігіледі. «Қырықмүйіз» ою-өрнегі біріне-бірі жалғаса, тармақтала қосылған, көп мүйізден құралған ою-өрнектің бір түрі. Ол көбінесе дөңгелек не төрт-бүрыш ішінде бейнеленеді, кейде бұтақтың ағашы тәрізді тармақталып, жайылып бейнеленеді. Бір-бірімен қосылған бірнеше тармақты көп мүйізді оюлардан құралады. «Сынықмүйіз« морт сынған тік төртбұрыш жасап, төрт рет ішке қарай иіледі. Бұл ою-өрнек кілемдерді, шилерді, басқұр мен алашаларды, сондай-ақ әртүрлі қалталарды безендіру үшін пайдаланылады, ал сырт көрінісі малдың сынған мүйізіне үқсайды.

«Төртқұлақ» ою-өрнегінің төрт тармағы зооморфты немесе көгеніс оюларынан құралған, ортасы крест бейнесін жасайды. Төрт тармақтан дөңгелек, «төртбұрыш», «төртжапырақ» құрайтын ою-өрнектер жасалады. Бұл оюлар, кебеже, жүк-аяқ, аяққап, батырлардың шапанының жауырынына, қалқанға, шалбардың тізе тұсына, дөдегенің ортасына немесе шет бүрыштарына салынады.  «Түйемойын« ою-өрнегі түйенің мойнына ұқсап иіле көтеріліп барып тармақталатын мүйіз оюы. Мұндай өрнек мәнері көбінесе күрделі бір мүйіз оюларымен түтас келеді де,»түйемойын» өрнегі сол топта өз алдына оқшауланып өзге денелерден озып тұратын түйенің ұзын мойнына ұқсайды. «Өркеш» ою-өрнегі түйенің қос өркешін бейнелейді. Сырмақ, текемет, түскиіздерге салы­натын ою-өрнек композициясында көбірек кездесетін элемент. Қазақ оюында мал мен аңның қос мүйізін, түйенің қос өркешін, биенің қос емшегін бейнелеу тек симметриялық тепе-теңдік үшін ғана емес, сонымен қатар береке-бірліктің, көбеюдің символын білдіреді. «Айыр» ою-өрнегі «ашатұяқ», «айыртұяқ» өрнегі кейде «айыр» өрнегі деп те аталады. Пішен ашалайтын айыр құралға ұқсас болып келеді. «Каңқа» ою-өрнегі тоқыма бұйымдарында қолданылады. Малдың құрап қалған сүйегін тұспалдайды. Алаша, басқұр бау т.б. тоқыма бұйымдар негізінде өрнек ретінде салынды.

Қорта айтқанда ою-өрнек – дәлдік, есеп, теңдік, теңеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, сәйкестік, тазалық, нәзіктік, сүйкімділік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, шуақты шақ, арайлы кезең, жарқын әлем, көңілге шабыт, шаттық ұялатады, шабыт береді, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Өнерге деген махаббат, сұлулыққа деген ғашықтық, құштарлық жинағы ою ойған адамның жүрегі жылы, жаны нәзік болады. Бұл мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық қоңыр ою-өрнектерімізді, кәзіргі жаһандық заманда аман сақтап, жастарымыздың бойына ұялата білу біздің парызымыз.

 

Айдаркүл АЙТБАЙҚЫЗЫ  – Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы

Ұлттық бірегейлікті дамытуда салт-дәстүрдің маңызы зор

Ұлттық бірегейлікті сақтап, мәдениетті дамытуда салт-дәстүрдің  маңызы зор. Рухани құндылығымызға айналған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табуы, ұлт дамуының негізі екенін айтады.Түрлі мәдениет тоғысқан жаһандану кезеңінде ұлттық рух пен қасиетті сақтайтын салт-дәстүр мен әдет-ғұрып басты қызмет атқарады.

Әр ұлттың өзіндік болмысымен, тарихымен үндескен ұлттық құндылықтары сақталған. Ал қазақ халқы салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа бай халық. Әр заманның өзіне тән салты мен дәстүрі қалыптасқан. Біз ата-бабаның домбырасының үнімен, әсем әуендерімен, жыр дастандарымен жеткізген рухани мұраға бай халықпыз.

Қазақ халқының әрбір салты мен дәстүрінің тәрбиелік мәні тереңде. Ұрпаққа адамгершілікті дәріптеу, ақыл мен білімге шақыру үлкенді сыйлау сияқты насихатымен құнды. Нәресте болып  өмірге келгеннен бастап қарттық шағына дейінгі аралықта орындалатын салт – жоралары жеткілікті. Мұның бәрі адам өміріне бей – жай қарамағандығыныңкөрінісі.

В.И.Белинскиий «Әдет-ғұрып замандар бойы сыннан өтеді. Өз дәуірінде ардақталып,ата-бабадан әулетке мұра болып ауысып,рудан-руға, ұрпақтан- ұрпаққа жетеді. Олар халықтың сыртқы бейнесі болып табылады. Онсыз халық бет-әлпетсіз бейне, болымсыз тас-мүсін тәрізді» деп салт-дәстүрдің ғұмырлы екенін көрсетеді.

Қазақта ең жақсы сақталып қанға сіңді қасиетке айналған дәстүрдің бірі – жеті атаны білу. Оның ішінде, жеті атаға жетпей қыз алыспау. Қазақ «жеті атасын білмеген жетесіз» деп бұл дәстүрдің маңыздылығын айшықтап берген. Жеті атаға толмай қыз алыспау ертеден келе жатқан құқықтықереже. Бұл дәстүр – ұрпақ саулығын, қан тазалығын, тектілікті сақтаудың ең ұлы жолы. Келер ұрпақтың қан тазалығы мен денінің саулығын сақтау мақсатында жеті атаға дейін қан араластырмау заңы – ата бабамыз қалыптастырған институты болды. Тәуке ханның жеті жарғысында некелік қатынастар туралы бабында шарт етілген. Бұл дәстүр физиологиялық және психологиялық ауру тудыратын ген бұзылуының алдын алуы болып табылды.

Заманның ағымына қарай дәстүрдің озығының қолданыста қалып, тозығы жеткеннің ұмытылары даусыз. Соның айқын көрінісі ретінде бүгінде кей саот-дәстүрлер ұмыт болып, немесе өзгеріске ұшырағандары жетерлік. Алайда қазақ ұлтының өміршеңдігін көрсететін мына салт-дәстүрлер кәу бола алады. Себебі, төменде аталған жөн-жоралғылар ата-бабадан бүгінгі ұрпаққа аманат болып жеткендегінің бір дәлелі.

Сүйек жаңғырту(салт)

Қазақтың некеге қатысты тағы бір жақсы салты сүйек жаңғыртып құда болу. Мұнда құдандалы болған әулет ұзақ уақыт өткен соң, туыстық байланысты үзбеу мақстында бір біріне қыз беріп келін алысатын болған.Құдалық қатысы бар қыздар мен жігіттерді үйлендіріп отырған.  Бұл дәстүрді сүйек жаңғырту деп атаған. Біз бұдан «құда мың жылдық» деп туыстықты ары қарай жалғағандығын көреміз.

Асату

Ақсақалдар табақта қалған бешпармақты өз қолдарымен алып, балаларға беретін. Балалар қонақ шақырған үйдің жанында жүріп, ішіне шақырғанын күтетін.

Бұл салт жайында жазушы Сәбит Мұқановтыңшығармаларынан көп байқаймыз.

Біз шаншар (салт)

Еліміздің шығыс, оңтүстік аймақтарында  «жаушы» орынына осы «біз шаншар» салты қолданылады. Бір топ ер азамат бойжеткен қызы бар үйге түсе қалады. Қандай шаруамен жүргенін айтпайды, ел шаруасын, амандық білген болып, қонақасын ішіп аттанып кетеді. Әдеп бойынша ел ішінде бір топ адам бұлай жүрмейді. Олар кеткеннен кейін отағасы мен анасы қонақтар отырған жерді қарап, одан шаншулы бізді тауып алады. Бұл «бізде ұл, сізде қыз бар» құда болайық дегенді білдіреді.

Қыз қашар (дәстүр)

Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатысатын болған. Күйеуден «қол ұстаттар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» сияқты сыйлықтар беріледі. Бұл тойда қыз бен жігіттің тілдесуімен қатар қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні-қарындастарына да түрлі сыйлықтар берген.

Өңір салу

(кей жерлерде «үй көрсету» немесе «есік ашар» дейді)

Мұнда тек әйелдер жиналады. Ниеттері келінге шашу шашып, құтты болсын айту. Шашудың сыртында өңір әкеледі. Өңір киім, бұйым дептерме бау немесе бүркіт тұяғы, үкі сияқты заттар іледі.

Ұлт тәрбиесінде ұлтжанды, иманды,саналы ұрпақ өсіру үшін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие берудің маңызы зор. Тарихын, салт дәстүрін, ұлттық құндылықтарын біліп, бойына сіңіріп өскен бала ғана шынайы патриотизм үлгісін көрсете алады. Ұлтымыздың тарих  сахнасынан мәңгі жоғалмауы үшін ұлттық құндылықтарымызды сақтап, дәріптей білуіміз қажет. Өйткені тарихымыз, тіліміз,дініміз түп-тамырымыз жатыр.

Шәрібай ТОБЖАНОВ

Тарихи дерек: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және Дінмұхамед Қонаев.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев көзі тірісінде-ақ ерен еңбегінің арқасында халық сүйіспеншілігіне бөленген жан еді. Күллі қауымның «Димекең», «Димаш аға» деп еркелетіп атауынан-ақ оған деген зор ықыластың бар екенін, көпшіліктің Димаш атамызға арқа сүйегенін аңғаруға болады.

Басшылық қызмет атқарып жүрген кезде Дінмұхамед Ахметұлы ғылым, денсаулық, спорт, мәдениет салаларын назардан тыс қалдырмай, оларды дамыту мақсатында зор еңбек сіңірді.

Д.Қонаевтың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келгені жайлы Әділ Сасбұқаев былай дейді: «1959 жылдың күз айы. Мен ол кезде Түркістан аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасымын. «Димаш Ахметұлы Шымкент қаласына келіп, онда жаңадан салынып жатқан алып цемент зауытының құрылысымен танысып, Кентау қаласына келетін болды»- деген хабарды сол кездегі Ащысай полиметалл комбинатының директоры Печенюктен естідім. Күздің суық күні еді. Кешке қарай суық желдің ызғары күшейе түскен. Соған қарамастан Димекең қасындағы адамдармен бірге Қожа Ахмет Ясауидің мешітіне барып тәу етіп, бір жарым сағаттай асықпай, мұқият танысып шықты. Абырой болғанда, мешіттегі керекті кісілердің бәрі де орнынан табылды. Ол кезде Түркістан қаласы ауданға қарайтын еді. Оның басшылары да сол жерде екен.

Жасыратыны жоқ, мешіттің жағдайы өте нашар болатын. Әсіресе соғыс жылдарында кейінгі дінге қарсы үгіт насихаттың кесірінен бұл ғимараттың сұқбыты адам көргісіз тозып кеткен еді. Мұны байқаған Димекең қатты қынжылды. Алматыға оралған соң тиісті комиссия құрып, Министрлер Кеңесінде арнайы мәселе етіп қарайтынын, қажетінше қаржы бөліп, арнайы шеберхана құрып, жөндеу мәселесін қолға алатынын айтты. Ол солай болды да. Сол кездегі игілікті бастама көп кешікпей қолға алынып, осы күнге дейін жақсы жалғасын тауып келеді».

Естеліктен көріп отырғанымыздай, кесенеде жөндеу жұмыстарын жүргізу, оны келешек ұрпаққа жеткізуінің қажеттілігі ең алғаш Димекеңнің ойына келіп, сол кісінің бастамасының негізінде, кесенені қалпына келтіру жұмыстарына ең алғашқы алғышарттар жасалып, ол іс күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

Д.А.Қонаевтың Түркістанға келгені туралы Түркістан қаласының құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеген Жақыпбаевтың естелігінде мынадай қызықты деректер бар. “Түркістанға келгенде Димаш аға көбіне Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне кіріп шығатын. Біздер мұсылманбыз ғой, ағамыздың бұл қадамын ішімізден сүйсініп, жақсы көретінбіз. Сезетініміз, ол кісі Түркістанның бұрын да рухани астана болғандығын, келешекте де солай болатынын қолдайтын. Қожа Ахмет Ясауидің кесенесінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына үлкен мән беретін. Белгілі ақын, жазушы, мәдениет саласының қайраткері Орынбай Дастанов ағамыз түсініктемелер беріп жүріп, Димекеңнен көмек сұрап, тілектерін білдіретін-ді. Бір ретте Димаш аға: «Орынбай інім, сенің мына бабамыздың кесенесін сақтау үшін жөндеу шеберханасын ашып, оны басқарып жатқаныңды білем, зерттеу еңбектеріңнен де хабарым бар. Саған көп рахмет. Әзірет Сұлтан бабамыздың әруағы қолдасын, – деп Орекеңнің арқасын қағып, көңілдендіріп тастағаны есімізде.

Кесененің ішіндегі үлкен залында істеліп жатқан жұмыстармен танысып болған соң Димаш аға көрханаға кіріп, бір-екі минуттай болып, құлыптасын сыйпап, өзінше ішінен күбірлеп, бетін сипайтын-ды. Одан шығысымен «Құдық» бөлмесінің жағдайымен танысайық деп кіріп, байлаулы тұрған шелекті құдыққа салмас бұрын қалтасынан тиын шығарып: «Жігіттер, тыңдап көріңдерші» дейтін де құдыққа салып жіберетін. Құдықтың суына шолп етіп түскен дыбысын құлағымызды тігіп бәріміз де еститінбіз.

Содан кейін қауғаны өзі құдыққа салып тартып алып, суды өзі бір ұрттап, қасындағыларға да ішкізетін. «Жігіттер, мына су өзгеше, таза, мөлдір, қасиетті зәм-зәм су, мұны ішсеңдер армандарың орындалады» дейтін. Бір жолы ізеттік сақтап па, әлде басқа бір жедел тапсырма беріп пе, кейінірек тұрған Жалмағамбетовке қарап: «Әй , Тәңірберген, сен де зәм-зәм судан іш, тезірек генерал болар ма екенсің» – деп күлдірген-ді.

Д.А.Қонаев әулиелер сұлтаны Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне жөндеу жұмыстарын бастап, бүлінген жәдігерлерді қалпына келтірудің жоспарын қадағалады… Кесенені «тарихи ескерткіш» деп тізімге кіргізіп, Үкімет қаулысымен оның қорғалуын назарда ұстады. Түркі ойшылы, сопы, Мұхаммед Пайғамбар ілімін уағыздаушы Әзірет Сұлтан есімін ұлықтап, ұрпақ ұмытпауы үшін, осылай жол тапқан оның әрекеті көрегендік іс еді.

Жоғарыдағы естеліктерден сол жылдарға Дінмұхамед Ахметұлының партияның дінге деген қатаң саясатын байқатпай, шебер, ақыл-оймен айналып өтіп, адамгершіліктің, қазақылықтың мұсылмандықтың, ар-ұяттың талаптарына сай өмір сүргендігін байқаймыз.

 

Дина Әділбаева – мұрағатшы

Баб Араб кесенесі – Түркістанның мәдени мұрасы

Түркістан қаласы діни-рухани орталық болғаны ортағасырлық Қазақстан тарихынан белгілі. Ықылым заманнан бері жартылай көшпелі, жартылай отырықшылық мәдениетті ұстанған, Сырдың орта ағысын мекендеген халықтың дінге деген көзқарасы түзу болған. ХІV ғ. Әмір Темір бұйрығымен бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңызы Түркістан және оның айнала шетіндегі қала, қоныстарға ислам мәдениетінің берік орнығуына септігін тигізді. Қалаларда сол заманда-ақ көптеген мешіттер салына бастады. Әйтсе де, олардың  біразы бертін келе бұзылып жермен жексен болып кетті.

Тарихи деректерге сүйенсек, ортағасырлық Түркістан қаласында 1864 ж. 20 мешіт болған Ал, 1908 ж. 41 мешітке көбейсе, жалпы өңірде 22- мектеп-медреселер жұмыс істеп тұрған Қоқан хандығы билігі (1819 – 1864 жж.) тұсында Түркістанда жаңадан құрылыс салу жағынан өзгерістер болды. Қаланы қоршаған қорған, қақпалар қайта тұрғызылды. Қаланың әрбір шағын, магистралды көшелерінде махәлләлық мешіттер бой көтеріп ислам дінінің артуына одан да жақсы ықпалын тигізді. Бұл ретте, Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағат деректеріндегі тізімге сүйенсек 1920 ж. Түркістан өңірінде 62 мешіт болған. Бұлардың көбісі дерлік бертін келе 1930 ж. Кеңес өкіметінің солшыл саясатының әсерінен бұзылып қиратылды. Бұған сталиндік қуғын – сүргін жылдары молдалардың қамауға алынып, жер аударылып, босып кеткені де өз әсерін тигізбей қоймады. Жәудір мешіт- медресесі, Хан мешіті, Сейітмұрат мешіт-медреселері де осылайша жойылды. Міне, сондай аты аңызға айналған осы мақалаға тақырып болып отырған Баб Араб әулиенің кесенесі мен мешіті де сол кезде бұзылған болатын.

-Баб Араб кесенесі Ескі Түркістан қаласының Жеті ата қақпасының қасында орналасқан және салынған уақытын ғалымдар ХІХ ғасырға жатқызады. 2009-2010 жылдары Жеті Ата қақпасы маңында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған кесене, 2011 жылы қайта қалпына келтірілді. 2011 жылы Жеті Ата қақпасын тарихи деректер негізінде сақталған іздері бойынша қалпына келтіру жұмыстары барысында кесектен қаланған Баб Араб кесенесі қабырғасы да анықталған болатын. Сондай-ақ, Баб Араб кесенесі ізімен бірге төртбұрышты кірпіштен тұратын еден мен құлпытасы да табылды. Бұл құлпытас еденінің ортасында күйген қыштан қаланған және сырты кейінгі кездері бірнеше рет қара сыбақпен, соңыра құм сыбақпен сыланып, ақталған. 1910 ж. түсірілген фотосуреттен кесененің қабырғалары мен күмбезі қам кесектен қаланғандығын байқаймыз, қалай болғанда да, сырты қалың етіліп қара сыбақпен сыланған, биіктігі шамамен 5м (күмбезінің ұшына дейін). Кесененің еденіне төселген кірпіштері көне заманға жатады, шамамен XIV-XVғғ.

Кесененің салыну тарихы жайында мынадай аңыз тараған: Түркістаннан бір кісі Меккеге барады, алайда қайтуға ақшасы жетпейді. Әбден шаршаған ол Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбардың қабірін құшақтап жылайды екен. Күндердің бір күнінде оған бір адам келіп ертеңгі жұма намазы кезінде бір ағашқа қара ат байланатындығын және сол аттың иесі кез келген арманын орындай алатындығын айтады. Еліне оралуды қалаған кісі айтылған ағашқа барып байланған қара атты көреді. Аттың шылбырын ұстап, оның иесін күтуге қалады. Жұма намазы аяқталған соң аттың иесі келеді, алайда күтіп тұрған кісі шылбырын жібермей оны тастамауын жалына айтады. Кісіні аяған ат иесі оны артына отырғызып, көзін жұмып және сол сәтте ашуын сұрайды. Көзін ашқан кезде олар Түркістанда болады. Ат иесі Әзірет Сұлтанға қарай кетіп бара жатқан кезінде оның есімін сұрағанда «мен Баб Арабпын» деп айтады да сол сәтте ғайып болып кетеді. Еліне оралған кісі бұл оқиғаны халқына айтып, атпен түскен жерінде Баб Арабқа арнап күмбез салады делінген аңызда» – дейді қорықшы Н.Әкімқұлов

Ш. Әшімұлының «Әзиз Әулиелер» атты еңбегінде – «Баб Араб» мешіті Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 300 м – дей жерде орналасқанын айтады. Домалақ ана әулиенің бабасы Махтым Ағзам Қожа осы Баб Араб мешітінің имамы болады. Бұл кісінің баласының, яғни, Домалақ ананың әкесінің есімі Әлисман, шежіре кітаптарда осылай делінген. Кейбір деректерде Сайрамдағы Мір Араб мешіті де Баб Араб салдырған мешіт, бұл екі кісі бір адам деп көрсетеді.  Ал, Қызылорда қаласы Қазбек би көшесі №43 үйдің 6 пәтерінде тұратын Жолдыбаев Өтеген Ысқақұлы өзін Баб Арабтың ұрпағы екенін, ондағы Баб Араб есімі лақап ат екенін, оның шын есімі Сабыр Мәлік болғанын айтады. О.Дастанов өзінің «Әулиелі жерлер туралы шындық» деген еңбегінде Баб Араб аңызын айта келіп әулиенің жатқан жері жайлы хабар береді.

-Ш. Әшімұлы, О.Дастановтардың аңыз әңгімелері мен жергілікті халықтың ауызша берген дерегіне сүйеніп Қ.А.Ясауи кесенесінен батысқа қарай 300 м жердегі Ескі Түркістан қаласының Жеті ата деп аталатын қақпасының оңтүстік мұнарасының артында орналасқан Баб Араб кесенесі мен мешіті орынына 2009 – 2011 жж. аралығында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргіздік.

«Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес жүргізілген 2009 ж. жұмыс барысында оңтүстік мұнараның арт жағына орналасқан кесене едені аршылды, тұрғындар Баба Ғаріп (Баб Араб) деп атайтын бұл кесененің ортасында қыштан қаланған құлпытас орнатылған Бөлменің ішкі жағында күйген қыштан төселген едені бар. Қабырғалардың іргесін «патша кірпіші» деп аталатын кірпішпен бекіткен екен. 2011 ж. археологиялық қазба жұмыстары қайта жалғасын тауып, 2009 ж. зерттелген Баб Араб кесенесінің солтүстік-шығыс бетінде орналасқан, тарихта Баб Араб мешіті аталған төбешікке қазба жүргіздік. Реперлік нүктеден 2 м тереңдіктен өлшемі 6 х 6 м мешіт бөлмесінің орны анықталды. Бөлме еденіне өлшемі 28 х 28 х 5 см жалпақ қыш төсеген. Еден қышы 4,6 х 3 м шамасында сақталған. Еден үш рет жөндеуден өткен. Әуелгі едені реперлік деңгейден 2,25 м, екіншісі 2,15 м, соңғысы 2,1 м төмендікте орналасқан. Өлшемі 1 х 1 м етіп патша қышымен қаланған мешітке енетін қақпаның шығыс пилоны мен қабырғасы да табылды. ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. басында мешіттің кіре беріс қақпа пилоны қабырғалары және едендері қайта жөндеуден өткен. Мұны А.И. Добромысловтың «Города Сыр – Дарьинской области» атты еңбегіндегі дерек қуаттай түспек. Онда: Соңғы рет мешітті 1908 ж. Шейх әл-ислам атағынан үміткер Атахан қожа Асқар Қожынов қайта салғызғаны айтылған. Осы кезден бастап мешіт Атахан қожа мешіті деп атала бастаған, мұны 1920 ж. Түркістан өңіріндегі аталып өткен мешіттердің тізіміндегі картаға жазылған мазарат ішіндегі Атахан қожа мешіті деген атау да растайды.

Кейінірек (ХХ ғ. басы) мешіт 1930 ж. бұзылып ішіне адам жерленіп, құрылыс кешенді кесенеге айналған. Мұны  археологиялық  зерттеу барысында анықтадық. 2009 – 2011 жж. қазба барысында байқағанымыздай оңтүстік мұнара құрылысы түгелдей кешенді кесенеге айналып кеткен. Мұның себебі, ХІІ – ХVІІІ ғғ. бұл маңда Жеті ата деген қала сыртындағы мазарат болған. Оның Жеті ата аталу себебі бұл жерде Ахмет Ясауидің (өз өтініштері бойынша) бір молаға жерленген жеті мүридінің кесенесі орналасқан. Бір кездері бұл жерде қалың тұт бағы мен орасан үлкен мазарат болғандығын, ол мазаратқа өтетін Бабырат ата көпірі болғанын Наушарбай ақсақал айтып кеткен болатын. Бұл мазарат кейін қақпаның да «Жеті ата қақпасы» деп аталуына және аталған қақпаға алып баратын Бас көшенің де Жеті ата көшесі деп аталуына негіз болған.Қақпаның оңтүстік мұнарасының ішіне және сыртына бірнеше мәйіттің жерленуіне қарағанда (бір кездері сүйектерді Ясауи кесенесі маңына жақын жерлеуге тырысқандай, сүйектерді Баб Араб және осы қақпа мұнарасының түбінде жатқан Үндемес ата әулиелердің маңына жақын қою да ғұрып болған секілді.» – дейді тарихшы, өлкетанушы Қайрат Мұсабаев.

Қазіргі таңда, Баб Араб кесенесі мен мешітінің онда орналасқан Үндемес ата кесенелерінің эскиздік жобасы жасалынуда, болашақта Ескі Түркістан қаласының тағы басқа ескерткіштерін қайта қалпына келтіріп, Түркістанды туризм қаласына айналдыруымыз қажет деп есептейміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Тұяқбаев М., Мұсабаев Қ., Өсеров Т. Археология және тарихи ескерткіштерді қорғау бөлімінің 2013 ж. Жәудір мешіт-медресесі орынында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының Есебі.
  2. Тұяқбаевтың жеке қоры.
  3. Смағұлов Е., Тұяқбаев М., Өсеров Т., Күмісбаева Ұ., Мұсабаев Қ., Мүташев Е. Ескі Түркістан қаласының Жеті ата қақпасының тарихи орынында 2009 ж. жүргізілген археологиялық зерттеу жұмысының Есебі. Түркістан, «Әзірет Сұлтан» қорығы мұрағаты.

Бесік жыры – бар тәлімнің бастауы

Түркістан облысының әжелері “Даналық мектебінің клубы” сабақтарын өткізу бойынша, «Бесік жыры – бар тәлімнің бастауы» тақырыбында бесікке салу салт-дәстүрін орындады. Аталған мәдени-рухани шаралар өңірдің білім беру мекемелерінде ұйымдастырылып келеді. Басты мақсат, қазақтың салт-дәстүрін насихаттау, «Салт-дәстүр», «Әдеп –ғұрып» ұғымдарының мәнін ашу және оларды сақтап, құрметпен қарау, сондай-ақ өркениетке барар ұлт болашағын айқындайтын факторлардың бірі екендігін ұғындыру.

 

«Қазақ халқы бесікті тәлім – тәрбиенің қайнар көзі, бабамыздан  қалған  киелі  мүлік,  қой үстінен бозторғай жұмыртқалаған мамыражай тіршіліктің белгісі деп есептеген. Бесікті қатты қадірлейтіндігі  соншалықты, қазақ атасы жатқан бесікке бала, немере, шөбере, шөпшек, тіпті туажатына  дейін  бөлеген екен. Яғни, ол сан ғасырлардан бері құндылығын жоғалтпаған ұлттың алтын ұясы. Баланы бесікке бөлеу – қазақ халқына тән ұлттық қасиет. Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш болады, бойы жылы және тәні таза болады. Жас сәбиді бесікке бөлеу халқымыз үшін елеулі дәстүрлердің бірі болған. Бесікке салу жолы көпті көрген ақжаулықты аналарымызға, елдің тәрбиелі, өнегелі әжелеріне тапсырылған. Әжелеріміз бесікті отпен аластап, «тыштырма» жасап, баланы бесікке бөлейді. Дәстүрге сәйкес бесіктің үстіне жеті түрлі қадірлі, қасиетті таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға «бесікке салар» кәде сыйы да беріліп, бөлеген сәбиді тербетіп отырып аналарымыз бар мейірімін төгіп, бесік жырын айтқан. Бесік – сәбидің алтын ұясы, «Ел іші алтын – алтын бесік» деген сөз бесіктің құдіретін көрсетеді.  Бесік жырының басты қызметі —тербелісіне ыңғайлас сазды әуен және ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, сәдидің жан дүниесі мен оның санасына  ұлттық  тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Қазақ  халқының  бесік  жыры  «Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!» деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын, ана арманы қиялға ұштасып, баланың болашағына жол сілтейтін шумақтарға ұласып отырған. Бұл дана халқымыздың ұрпағына және оның тәрбиесіне деген басты назары, мейірімі мен құндылығы деуге болады.  Қазіргі таңда кейбір әжелеріміз немерелері мен шөберелеріне ертегі, жыр айтпақ түгілі ұрпағының денсаулығына да алаңдамайтын секілді. Бірақ бұл дұрыс емес. Ал, кейбір дәрігерлер баланы бесікке бөлемеуге кеңес береді. Баланы бесікке салу зиян, шүмектерінің тазалық тұрғыдан талапқа сай емес деген секілді пікірлерді ұстанып жүргені баршамызға аян. Бірақ, данышпан халқымыз «тәрбие – тал  бесіктен», «есік  көргенді  алма, бесік  көргенді ал», деп ұрпағының тәлім –тәрбиесіне баса назар аударғанын ұмытпағанымыз абзал. Себебі, ата-бабамыздан қалған құнды мұра бесіктен қазақтың атақты ұл -қыздары еш кедергісіз өсіп-дамып, еліміздің талай батыл азаматтары шыңдалғандарын атап өткім келеді.» – дейді Арыс қалалық әжелер құрамының төрайымы Айымхан Тәшімбетова

Расында, Айымхан апамыздың айтқанын орынды пікір деп қабылдауға болады. Бесік жырын естіп, ұғынып өскен ұлы даланың талай дана азаматтары дүниежүзіне танымал тұлғалар атанды. Бесіктің және бесік жырының пайдасын атақты академик, ғалымдар да дәлелдеп берген екен. Мысалы, кейбір деректерге сүйенсек 1916 жылы психоневрология институтының негізін қалаған академик Владимир Бехтерев «Балалардағы невроз ауруының алдын-алу үшін, бесік жырын тыңдату керек» деген тұжырым айтқан екен. Ал, психолог Виталий Леутиннің бесік жырын тыңдау сәбидің ми қыртыстарындағы нейрондардың дұрыс дамуына түрткі болады деп атап өтіпті. Ал, Америкалық психолог, медицина ғылымдарының докторы, трансперсоналды психология ғылымының негізін салушы Станислав Гроф өзінің ғылыми кітабында бесік жыры баланың психотерапевтік аурудан жазылуына бірден-бір себеп бола алатынын мәлімдеген екен. Жалпы бесік жырының ерекше маңызы туралы сөз қозғаған беделді ғалымдар аз емес және олар бұл бағытта нақты зерттеулер жүргізіп, бесік жырының сәбидің дамуына оң әсер ететінін айтып кеткен.

Сондықтанда, өңірдегі білім ордаларында ұйымдастырылып жатқан игі шаралардың кейінгі ұрпаққа берер тәлім – тәрбиесі ерекше. Себебі асыл аналарымыз жас өркендерге қазақ халқының өркениеті мен руханиятын насихаттап, оларға үлгі – өнеге көрсетіп жүр. Ананың балаға берер тәрбиесі, мейірімі дәл осы бесік жырымен үндеседі.

« Баланың  психологиясына әсер етіп, өмірге деген сүйіспешілігін оятуға әсер ететін алғашқы қадамдардың бірі – аналардың бесік жыры. Ал, әрбір баланың алғашқы ұстазы, ол – ана. Ешбір ана баласының жаман болғанын қаламайды. Баланың жақсы болуы аналардың қолында, сондықтан ғасырлар бойы жалғастығы үзілмей келе жатқан салт-дәстүрлерді санадан шығармай, баламыздың бойына дарытуға көңіл бөліп, білмегенімізді ізденіп  тауып, тәрбиеге аса көңіл бөлетін жағдайға жетіп отырмыз. Айтпағым, бесік жырында ұлттық тәрбиенің үздік үлгісі жатыр. Қазіргі таңда көп ата-ана баласының бойында ашушаңдық, мейірімсіздік бар екенін байқап, оның қайдан пайда болғанына таң қалып жатады. Бұл сізбен біз берген бастапқы тәрбиеден. Интернет және жат қылықтар баланың даму жүйесіне осылай әсер етеді. Бұл мәселе турасында, қазір ғана емес, әр кездері үлкен мінберлерде айтылып келеді. Ал, біз осындай игі істермен жастарымызға ой сала отырып, халқымыздың салт-дәстүрлері мен шешендік сөз өнері маңыздылығын жеткізуге тырысып келеміз. Себебі, жастарға біліммен қатар дұрыс тәрбие беру де маңызды. Білім мен тәрбие қатар берілсе ғана жастардың бойына адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, елдік сана мен ұлттық рухты, халқымыздың мәңгілік ұлттық идеясын қалыптастыра аламыз. Ал оның таусылмас қоры ұлттық тәрбие, ұлттық санада екені анық. Ұлттық тәрбиеден нәр алып, санасына сіңірген адам жалпы адамзаттық тұрғыдан мәдени және рухани құндылықтарды бағалап, кемел адам сатысына көтеріле беретіні сөзсіз» – дейді әжелер құрамының мүшесі Исаева Несібелі

 

«Бесік жыры – бар тәлімнің бастауы», деген әжелеріміз бесікке бөлеудің пайдасы ерекше екенін айтады.Біріншіден, қолы мен аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды,  жиі шошынады. Ол сәбидің жүйке жүйесінің дұрыс жетілмеуіне әсерін тигізеді. Сонымен қатар, ұйқысы қанбаған  баланың санасы мен ой зердесі өз уақытында толық  жетілмейді. Екіншіден, баланың мазасыздығы ананың психологиясына да әсер етедi. Ал, мұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі.

Сондықтан бесікке жатпаған  бала  болашақта  сабырсыз, мейірімсіз болуына себеп болуы мүмкін. Керісінше бесікке бөленген сәбиді бесiктен шешкен кезде, сәбидің керiлiп, созылып рахаттануы, денесінің әр түрлі күйде болуы оған ерекше демалыс сыйлайды емес пе?! Бесікте жатқан баланың тұла бойы  таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Сәбидің денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Бесікке бөлеу әдісі құрғақ табиғи таза мақтадан жасалған жұмсақ дәке, шыт сияқты материалдарды пайдалану арқылы жүзеге асатындықтан бала денсаулығына да зияны болмайды. Сондықтан бесікке бөлеу – мықты денсаулық  кепілі деп айтуға негіз бар. Себебі қазіргі қолданыстағы памперстер, тек химиялық жолмен алынған заттар, оның бала денсаулығына тигізер зияны туралы туралы айтпаса да түсінікті. Негізі бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңсе,оның бойында қайырымды мінез қалыптасады,  бесік  жырын  тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Сырлы сөз бен сазды әуен астасып келетін бесік жыры халық педагогикасының бастау бұлағы ғана емес, қазақ әйелінің жан дүниесін танытатын, кезеңдік ел тұрмысынан мол мағлұмат беретін шалқары кең жанр. Бесік жырының баланың көкірек көзін ашып, жан-жүйесін тербейді, сезімін сергітеді.  Жалпы бесік жырында қазақ халқының төл тарихы, мәдениеті мен дәстүрі, наным-сенім мен дүниетанымының көрінісі бар. Бесік жырын халқымыз ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Тіпті ананың бесік жырын сәби ғана емес, ауыл балалары, тіпті үлкендерде құлағын салып тыңдап отыратын. Яғни, ананың балаға деген мейірі, махаббаты, ой-арманы, ізгі ниеті, халықтың ақыл өсиеттері бесік жырында айқын керінеді.