Архив рубрики: Мәдениет

«Зере әженің ізімен» атты әжелер байқауы өткізілді

Жас ұрпақты тәрбиелеудің маңыздылығын қазақ халқы ерте бастан түсінген. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі болса, бала – өмірдің жалғасы, халықтың мұрагері. Ал, жас ұрпақты ата-баба дәстүрімен тәрбиелеп, әже тәрбиесін үлгі етіп, ұлттық тәрбие беру – баршамыздың міндетіміз.

Бала тәрбиесі тал бесіктен басталатыны анық. Қазақ отбасында қашаннан ер азығы түзде болғандықтан, бала тәрбиесімен әйел адамы айналысқан. Соның бір көрінісі – Зере әжеміз бен Ұлжан анамыз. Осыған орай Абай күнінің қорытындысы аясында қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын бойға сіңіру арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу, әже тәрбиесін үлгі ету, әрі олардың өнегесін күнделікті өмірде пайдалану, насихаттау мақсатында Отырар аудандық орталық кітапхана және аудандық әжелер алқасының ұйымдастыруымен «Зере әженің ізімен» атты аудандық әжелер байқауы өткізілді. Бұл іс-шараның мақсаты ұлы Абайдың әжесі Зере бейнесі арқылы ұрпақ тәрбиесіндегі әжелердің рөлін арттыру арқылы балалардың бойындағы шығармашылық қабілеттерді және ұлттық құндылықтарды дәріптеу және А.Құнанбайұлының шығармаларымен таныстыру болып табылды.

«Алып анадан, тұлпар биеден туады» деген даналықты негізге алсақ, осындай дала данышпанын өмірге әкелген ұлы ана – Зере әже болатын. Ақылды, мейірімді Зере әже Құнанбайға ғана емес, өзінің сү­йікті немересі Абайға да үлкен әсер еткен. Міне, атадан алып туған Құнанбайдың анасы, ғұлама Абайдың әжесі Зере апа­мызды бүкіл Алаш жұрты мақтан тұта­ды, ұлтымыздың ұлы перзенттерін тәр­биелеген абзал ана рухына тағзым етеді. Мейірбан әже осылайша немерелері ішінде Абайды ерекше жақсы көріп еркелеткен, оны бала күнінен өлең-жырға шыңдап, ақынның болашағына үлкен әсер еткен. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында Зере бейнесін өте мейірімді, қамқор ана ретін­де шынайы сомдаған.

Зере Бектемірқызы (азан шақырып қойған аты – Тоқбала) 1785 жылы Шы­ғыс Қазақстан облысындағы Жарма ауда­нының табиғаты әсем Қалба тауы бөк­терінде туған. Матай руы ішінде Бақы деп аталатын атаның Қойгел табы­нан шыққан. Сол Қойгелден туған Бектемір өз кезінің атақты байы, еліне беделді азаматы ретінде танылыпты. Бектемірдің Құттықадам, Теңізбай деген балалары болған. Теңізбайдың қызы осы Зере апамыз. Әкесі Теңізбай өз шаруасын ғана білген орта дәулетті момын адам болса керек. Жастайынан сүйкімді, зерек болған Зере атасы Бектемірдің бауырында өскендіктен байдың қызы атанған. Сол себепті өз әкесінің аты ұмытылып, Бек­темірдің қызы ретінде ел есінде қалған.

« – Атақты айтыс ақыны, сұңғыла шежі­реші Қалихан Алтынбаевтың айтуынша, Бектемір бай: «Ұл ұрпақтарымнан үміттенбеймін. Шықса қыз ұрпағымнан шығады» деп айтады екен. Шынында да солай болды. Бектемірден өрбіген ұрпақ­тар ішінен Тоқбала ақылдығымен, кө­семдігімен дүйім елге танылды. Шың­ғыс­таудағы атақты Ырғызбай би ауылына ұзатылып барғанда жас келін Тоқбала мұрнына алтын шығыршық әшекей – зере тағып жүргендіктен қайын жұрты оны Зере атап кеткен екен. Зереден Құт­тымұхамед (жастай қайтыс болған), Құнан­бай, Тайбала туған. Өскенбайдың Зереден басқа төрт әйелі болған. Сонда ел берекесін ойлаған аса зейінді, ақылды Зере ана отбасының бірлігін сақтап, күн­дестікке бой бермеген, өте бауырмал болған. Құнанбайдың жалғыз өс­пеуін ойлап, Өскенбайдың Таңшолпан деген тоқалынан туған Майбасарды, ақса­қалының аталас ағайыны Ералының баласы Бөжейді, бозбала кезінде барымтада қаза болған Болсамбекті және өз қызы Тайбаладан туған Ізқұттыны бауырына салып өсірген.

Құнанбай қажы алған бетінен қайт­пайтын қатал би, болыс болғанымен ана­сының алдынан өтпеген. Жұрттың айтуына қарағанда, «Құдайдан да қорықпайды» дейтін Құнанбайдың именетін жалғыз адамы – өз анасы Зере болған. Қанша қатал болғанымен Құнанбайдың шешімін Зере ғана бұза алған. Сол себепті Құнан­байға ісі түскен кісілер ең алдымен оның шешесіне жолығады екен. Дала данасы Құнанбай дүниеге келгенде өте ірі, толық, зор болады. Ол туарда анасы түс көреді. Сол түсінде ері Өскен­бай алтын сақаны үйіріп отыр екен. Анасы ол алтын сақа – Құнанбай деп жо­риды. Зере ана Құнанбайды нәресте кезінде бір күн емес, бір сәтке де омырауын жумай, тазалап сүртпей, дәретін алмай емізбеген. Зеренің өзі бертінде: «Мен Құнашты бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісмілла айтпай емізген мезгілім болған жоқ» деп айтыпты. «Олай істемесем, сү­тім арам болады, адал ақ сүт емген балам­ның бойы да, ойы да адал болады» деп зерделі ой түйген. Сол адалдықтың, пара­саттылықтың айқын белгісіндей Алаш­тың арда азаматы Құнанбай туса, одан пәктік пен адалдық негізіндей ұлы Абай өмірге келді.

Зере кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған деседі. Ол кісі көп жасап, қартайған кезінде өмірден озыпты. Ырғыз­бай тұқымдары, бүкіл Шыңғыстау жұрты Зерені құрметтеп «кәрі әже» деп атаған. Кәріліктен құлағы есітпейтін болады. Балаларына дұға оқытып, үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі Абай кәрі әженің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен. Немересі Абайдың молда алдына са­баққа барғанына ең бірінші қатты қуанған әжесі Зере ана болған. Ғабитхан молдадан әріп танып, сауатын аша бастаған немерелерін қадағалаған кәрі әже бала­ларға оңаша киіз үй тіккізіп, оның жы­лы болуын әр кез қаперінде ұстаған. Абай­дың оқуға зеректігін байқап, оған жете көңіл бөлген Ғабитханды қажы баласының үйінің төріне отыратын ең сыйлы адамының дәрежесіне жеткізген де зерделі Зере әже еді. Абаймен бірге оқыған балалардың бәріне де бірдей қараған қарт әже неме­ресін бұрынғыдай бөлек тамақтан­ды­руды ыңғайсыз көріп, бәріне де ортақ дастарқан жайғызған. Қара суық түскен кез – күзде үнемі киіз үйде сабақ оқитын балалардың тоңатынын байқап жүрген Зере әже Құнанбайға Найзатас күзегінен жеке там үй салып беруді тапсырады. Анасының айтқанынан шықпайтын қажы арада бір жыл шамасында үш бөл­мелі мектеп үйін салдырған. Асты-үсті тақ­тайланған там үйдің екі бөлмесі шәкірт­тердің сабақ оқуына арналса, бір бөлмесінде Зере әже тұрыпты. Осылайша өз немерелері ғана емес, көршілес ауыл­дардың балалары оқыған Ғабитхан молда мектебінің ашылып, өнімді жұмыс іс­теуіне, сөйтіп Шыңғыстаудағы оқу-ағар­ту ісіне Зере әже де өзіндік үлесін қосқан.» – дейді Талапты ауыл округінен байқауға қатысушы әже Гүлзейнет Асанқызы.

Абай өзінің балалық шағын әжесі Зере мен анасының қасында өткізді. Абайдың бойында табылатын барлық жақсы қасиеттер мен өнерге деген құштарлық анасы мен әжесінің тәрбие өнегесінде жатыр. Отбасындағы «әже» тұлғасы-ұлы өнеге бұлағы. Немересін бесік жырымен тербеткен, тұсауын кесіп, ертегі-жырмен сусындатып өсірген Зере әженің жолын тәрбиелік кеште әжелеріміз көрсете білді.

Байқау ІY кезең бойынша өтті:

І кезең: «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» – /өзін таныстыру/

ІІ кезең: «Салтын сыйлаған ел озар» – /салт-дәстүрден көрініс көрсету/

ІІІ кезең: «Шебердің қолы алтын» — /өз қолымен бұйымдар жасау /

ІV кезең: «Сыр сандық»/Абай Құнанбайұлы туралы сұрақтарға жауап беру немерелерімен бірге/.

Байқауға әр ауыл округтерінен 8 үміткер әжелер немерелерімен бірге қатысып, байқау ережесі бойынша төрт кезеңде де өз қарым-қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білді. Әжелеріміздің өнерін бағалап, баға беріп, қазылық жасаған әділ қазылар алқасының шешімі бойынша Талапты ауыл округінен Асан Гүлзейнет Бас жүлде иеленсе, Балтакөлдік Төлеш Мәрзия І орын, Маяқұм ауылынан Арынова Мәриям ІІ орын, Қарғалы ауылының тұрғыны Полатова Сәуле мен Шойманов ауылынан келген Тұрсынбекова Күлдан ІІІ орындарды иеленді. Жеңімпаздар мен басқа да үміткерлерге алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетейік, Ұлы Абайдың санасына сәуле түсі­ріп, көңілінің аспанын ақылымен арай­ландырған рухани ұстазы Зере әже көп жасап, тоқсанға жетіп қайтыс болған. Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесіне келіп, зиярат етушілер, осы қасиетті орынға барар жолдағы ұлы ақынның әжесі Зере мен анасы Ұлжанның зиратына бірінші болып тәу етіп, құран бағыштайды. Данышпан Абайдың жүрегінде ізгі­лік­тің шырағын жаққан, өмірдің ізгілік жолына бастаған Зере әженің туған жері – Жарма ауданының орталығы – Қалбатау ауылында 2016 жылы ұлы анаға ескерткіш қойылып, үлкен құрмет көрсетілді.

Міне осындай тағылымды шараларды ұйымдастырып, бала бойына ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды сіңіре отырып тәрбиелейтін Зередей дана, өнегелі аналарымыз көп болсын дейміз!

КЕНТАУДА ҚУАНДЫҚ МЫРЗАҚАСЫМОВТЫҢ «ЖҮРЕКТЕГІ ЖАЗУЛАР» АТТЫ КІТАБЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Бүгін қазақтың кітап қоржыны тағы бір жыр жинақпен толықты. Кентау қаласының тумасы, ақын Қуандық Мырзақасымовтың «Жүректегі жазулар» атты кітабы оқырманға жол тартты. Жаңа туындының тұсау кесу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысты.
– «Жақсының аты өлмейді» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Қуандық көкеміз оңтүстік өңірде туылып, осы өлкенің өркендеіне өлшеусіз үлес қосқан азамат. Бұл кітап жастарға, өскелең ұрпаққа өнеге деп сенемін. Өйткені ол кісінің қалдырған еңбегі ұмыт қалмай, жарық көріп жатқанының өзі бір ғанибет деуге болады, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жинаққа ақынның өлеңдері, қаламдастары мен туған-туыстарының естеліктері енген. Аталған кітап алдағы уақытта өңірдің ақындарын зерттеу жұмысымен айналысатын жас ғалымдарға, өлкетану, филология және әдебиеттану мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге, жас ақындар мен қалың оқырманға арналған.

«Ақ кимешек — аналардың ақ тəжі» тақырыбында ауқымды іс-шара өтті

Ордабасы ауданында «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі Ордабасы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ақ кимешек — аналардың ақ тəжі» тақырыбында ауқымды іс-шара өтті. Жиынға республикалық «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісова бастаған бір топ аналар қатысты.  Сондай-ақ, аудандағы Темірлан, Бөген, Бөржар, Шұбарсу, Қараспан ауылдарындағы осы филиал мүшелері белсене қатысып, жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дəстүрімізді, сонымен қатар шашбау тағу, бесікке салу, көршілермен дұрыс қарым-қатынас жасау, абысын-ажындардың тату тұруы сияқты қазақтың түрлі ұлттық құндылықтарын көпшілікке насихаттай білді.

Қазақ қоғамында ұлттық киім мен зергерлік, қолөнері бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан үрдіс. Қазақы киімнің әдемілігі мен өю-өрнегінде, әрбір әшекейінде бабаларымыздың қайталанбас қолтаңбасы сақталған деуге болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін ұлттық киім түрлеріне тоқталайық:

Шекпен – су өтпеу үшін киетін сырт киім. Ең бағалысы түйе жүнінен тігіледі. Жақы (құлын жақы, тай жақы) – жылқы терісін жүнін сыртына қаратып тігетін кәделі киім. Жадағай – түйе жүнінен тоқылған астарсыз шапан. Тон – аң, мал, қой терілерінен тігілетін жылы киімдер. Түрлері: қырмызы тон, қамқа тон тағы да басқасы бар. Тұлып – қасқыр, қой терісінен тігілген, қыста тоңбау үшін киім сыртынан киетін кең киім.
Бабалардың көзіндей болған осы ұлттық киімге үлкен құрметпен қарайтын халқымыз баскиімнің киесі бар деп есептеп, оны ешкімге кигізбеген, жерге тастамаған, жоғары іліп қойған және сыйға бермеген. Бас киімдердің ішінде кимешекті ханның тәжіндей құрметтеген. Жаулық – әйелдердің басына тартатын орамалы. Жібектен, матадан, жүннен, мақтадан тоқылады. Жүннен тоқылғанын «бөкебай» деп атайды. Жібектен шашақтап тоқығанын «бөртпе» десе, шашақ шығармай тоқыған түрін «салы» деп атаған. Жібек жіпті, торғын тектес, үлпілдек жұмсақ маталардан немесе ешкі түбітінен жасалған түрін «шәлі» деген. Күндік кимешектің үстінен орайтын ақ матаны жас әйелдер жолай босана қалса, жөргекке қолданған. Ел аналарының күндігінің қарқарадай мол оралу себебі, жол-жөнекей бір адам қаза болса, кебін болған немесе жаугершілікте жарақат­ты байлауға қажет болып қалуы мүмкін екенін естен шығармаған.

– Бағзыдағы ғұн бабаларымыздың әйелдерінің шошақ бөрікке ұқсас орамалды бастарына орап жүрген бейнелерін тарихи кітаптардан талай көргенбіз. Сондықтан, әрбір жас қазақ әйелге тән әдемі кимешектің тарихы тереңде екенін жақсы білуі тиіс. Кимешек кигізетін адамды да арнайы ниетпен сайлап, көне қазақ ғұрпының ретін сақтаған. Үлкендердің айтуынша, қызының отау құрып, көп ұзамай құрсақ көтеріп, ана болуын тілеген аналар кимешекті алдын ала тіктіріп, сақтап қоятын болған. – Анам емші әженің кимешегін ырымдап әдейі сұрап алғаны есімде. Бірақ, оны не істегенін, қайда қойғанын өзі біледі. Кейін маған сыйлайтынын айтқан болатын, – дейді қарағандылық тұрғын Мөлдір. Кимешектің жас анаға абырой, бедел сыйлайтыны бағзыдан белгілі. Қазақ даласында туып өскен дарабоз тұлғалардың өзі ар-ұятты қорғайтын жаулықтың астында омырау еміп, бетін күн көзінен көлеңкелеп өскен. Сондай-ақ, кимешекке қарап әйелдің жасына, қандай әулеттің, рудың отын тұтатып отырғанын білген екен. Тарих беттері ертеде екі тайпа ел жауласып өзара бітімге келе ал мағанда ақ жаулықты аналарымыз араша түсіп, кимешектің үстіндегі жаулығын басынан сыпырып алып екі араға тастағанын айтады. Содан киелі баскиімнен ешкім аттап өте алмағанын білеміз. Бұл – кимешектің саяси әрі тарихи мәнін айшықтап тұр. – Негізі жаңадан босаға аттаған жас келінге кимешек кигізбейді. Ол алдымен орамалын орап, келіндік міндетін атқаруы тиіс. Құрсақ көтеріп, бөбегін аман-есен бауырына басқан соң кей аймақтарда қырқынан шыққан кезде ауыл әжелері, абысындары жиналып, кішігірім той жасайды. Тойда жас анаға «сен де ана болдың» деп, кестелеп тігілген кимешек кигізеді. Жас келiншектер қызыл, жасылмен көркемделген кимешек кисе, егде әйелдердің кимешектері ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жасы ұлғайған әйелдер жасыл, қоңыр жiптермен иiр кестелер тiгiлген кимешек киеді. Кимешек ақ бұлдан тігіліп, жиегі астарланады. Кимешектің иекті айнала маңдайды жауып тұратын екі жағын «шықшыт» десе, алдын «жақ» деп атайды. Адамның арқасына түсер жері ұзыншақ жағын «құйрықша» деп атайды. Кейде кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылады. Бұл кимешекке сән береді, – дейді «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісова

«Кимешек киген келін таза жүреді. Ол басын, омырауын жылы ұсатуға септігін тигізеді. Бала емізгенде де шашы қобырамайды.» – дейді аналар.

-Ағарту порталы ұсынған мәліметке сүйенсек, «Орама кимешекті Ақмола жақтың қазақтары ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін киген. Мата тігілмей, ерекше пішілген бет-әлпеті шығын тұратын бөлігіне ойықша жасалған, оны басқа ораған кезде кәдімгі кимешектерден айырмашылығы болмаған. Ал, Сырдария бойындағы Кіші жүз руының бірінде пішіні өз бетінше бөлек, бүрмелі кимешек түрі болған. Оның алдыңғы жағы кеудеге түсіп, ал жоғарғы жағы бүктеліп, бетті екі жағынан қоршап тұру үшін басқа байлап, бекітіліп қоятын болған. Кейде арқа бөлігінің жоғарғы бұрышына төбешік тігілген. Келесі бір түрі матаның тұтас кесегінен пішіліп, бір жақ қырынан келетін жағынан бас сұғатын орын қалдырылып, бір-ақ тігіспен тігілетін болған түрі Омбы, Атбасарда, Әулиеата өңірінің теріскейінде және оңтүстіктегі қоңыраттарда сақталған. Солтүстік және Орталық Қазақстанда кимешектердің алдыңғы жағы трапеция немесе үшкірленіп пішіліп, жоғарғы бөлігінде бетке орын қалдырылған. Арқа жағы дұрыс ромба түрінде келеді де, тізеге, тіпті өкшеге дейін түсетін болған. Оңтүстік қазақ әйелдерінде кеңінен тараған кимешек түрі ұзынынан екіге бүктеліп пішілген мата кесегінен жасалатын болған. Көп тараған түрі мұнара тектес болған. Ол үшін бүкіл мата біртіндеп басқа оралып, ұштары орам арасына кіргізіледі немесе желке жақтан түйіледі». Аналардың беделін арттыратын, жүзіне иман ұялататын кимешек – қазақ әйелінің көркем бейнесін аша түседі. Осы орайда асыл дініміздегі Құранның Нұр сүресінің 31 аяты «Әуелгі муһажир әйелдерді Алла мейіріміне бөлесін! Олар «Және орамалдарын басына салып, онымен омырауларын жапсын!» – делінген екен. Үлкендер Шоқанның Шоқан болуы, Абайдың Абай болуы Айғаным мен Зере, Зейнеп пен Ұлжан секілді «ақ кимешек киген аналардың арқасы» дегенді жиі айтады. Рас, ерекше назар аударуға лайықты төл туынды – Ұлы дала аналарының алтын тәжі іспетті.»- дейді Ордабасылық ақ жаулықты ана Ботакөз Мосқалова

Айта кетейік, биыл Ордабасы ауданына 60 жыл толып отыр. Оған əрбір ордабасылық тұрғын өз мүмкіндігінше еңбекпен де, өнерімен де ойдағыдай өтуіне үлес қосуда. Ал, осындай мерейлі мерекеге аясында тағылымды іс-шара ұйымдастырған  «Қазақ аналары-дəстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі, қазақ аналарын бір жерге ұйыстырып, жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарымыздың, салт-дəстүріміздің жоғалып кетпеуі жолында айтарлықтай табысқа қол жеткізіп келе жатқан ұйым. Айтулы күнде меймандар біртуар палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың кесенесіне де барып, зиярат етті.

Сондай-ақ түрлі қолөнершілер жасаған бұйымдар да көпшілікке ұсынылды. Əншілер Мəнзура Есетова Сандуғаш Əбілдаева əн шырқаса, ақындар Роза Сейдахметова, Бибайым өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты. Айнұр Жүгінісова үш жылдан бері тынбай қазақ халқының ұлттық салт-дəстүрін насихаттап үш жылдан бері насихаттап келе жатқан аудандық филиал төрайымдарына дипломдармен, сыйлықтармен марапаттады. Ал оларды ұйымдастырып жүрген Ордабасы ауданының төрайымы Ұлбосын Əбілдаеваның кеудесіне алтын медальді жарқырата тақты. Ордабасылық Ботакөз Мосқалова осы қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрайымы болып сайланды.

Тарихи деректер: Тарихи қалаларды археологтар төрт кезеңге бөліп қарастырады

Түркістан оазисінде орналасқан тарихи қалаларды археологтар төрт кезеңге бөліп қарастырады: ерте ежелгі дәуір, кейінгі ежелгі дәуір, ерте ортағасырлық және кейінгі ортағасырлық. Әр кезеңнің саяси, экономикалық және мәдени даму мен құлдырау сатыларын бастан кешкен бұл қалалар қазіргі таңда толықтай қирап, төбеге айналған.

Кезекті жазбамызды Түркістан оазисіндегі кейінгі ежелгі дәуірдің археологиялық ескерткіштеріне (б.з.д. І – б.з. ІҮ-Ү ғғ.) арнамақпыз. Жалпы бұл кезеңге жататын қалалар мен қоныстар: Шорнақ төбе қаласы (б.з.д. І – б.з.ІҮ-ҮІ ғғ), Байбалық (Майбалық) қалашығы (б.з.д. ІІ-І – б.з.ІҮ-ҮІІІ ғғ), Қорыс төбе қалашығы (б.з.д. І – б.з.Ү-ҮІ ғғ), Ақтөбе (Абай) қалашығы (І-ҮІ ғғ), Оқжетпес қонысы (б.з.д. І – б.з.ІҮ-Ү ғғ), Ақтөбе (Теке) қалашығы (б.з.д. І – б.з.ІҮ-Ү ғғ), Сидақ ата қаласы (б.з.д. І – б.з.ІҮ-ҮІ ғғ), Қарауыл төбе (Ү-ҮІІғғ), Қалашық (І-ІҮғғ), Шаш ана қалашығы (І-ҮІғғ), Үштөбе (шығыс) қонысы (І-ІҮғғ), Үштөбе (орталық) қонысы (І-ІҮғғ), Үштөбе (батыс) қонысы (І-ІҮғғ), Шаға ІІ қонысы (І-ІҮғғ), Шаға ІІІ қалашығы (І-ІҮғғ), Дәулетбайтөбе қалашығы (І-ҮІғғ), Ибата қалашығы (І-ІҮғғ), Оғыстау ІІ қалашығы (ҮІ-ҮІІІғғ).

Бұл қалалар туралы алғашқы зерттеу Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының (А.Н.Бернштам) зерттеудерінде кездеседі. 1946-1951 жж. ұйымдастырылған экспедиция бұл кезеңнің Шорнақ төбе, Байбалық (Майбалық), Сидақ ата қалаларын алғаш болып зерттейді. Қалалардың өмір сүру уақыты туралы алғашқы деректер ұсынып, кейінірек 1960 жылы бұл қалалар «Қазақстанның археологиялық картасына» енеді.

1966 ж. С.П.Толстовтың бастамасымен Хорезм экспедициясының отряды Шорнақ төбе, Сидақ ата қалаларын зерттеді. Ал Қорыс төбе, Ақтөбе (Теке) қалаларына алғаш болып зерттеу жүргізді.

1970 ж. Отырар археологиялық экспедициясы зерттеп, Оңтүстік Қазақстан археологиялық кешенді экспедициясының отряды (Б.Әділгереева) І-ҮІ ғғ аралығында өмір сүрген Дәулетбай төбе қалашығына қазба жұмыстарын жүргізеді.

1980 ж. К.А.Ақышев басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы Ибата, Шаға І, ІІ, ІІІ, Үштөбе қонысы, Ақтөбе (Теке) және Қорыс төбе қашалықтарына археологиялық қазба, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының археологы т.ғ.к. М.Қ.Тұяқбаевтың басшылығымен Түркістан Археологиялық экспедициясы кейінгі ежелгі дәуір ескерткіштеріне жататын 18 қала, қоныстарға зерттеу жүргізеді. 1999-2004 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде ескерткіштердің жоспарлары түсіріліп, қалалардың датировкалары нақтыланған болатын.

А.Тұрсынов, тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторы.

Президент «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысы, Көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құраманың киім үлгісі таныстырылды. Халықаралық іс-шараға 1500 ерікті тартылады.
Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев Ұлттық құраманың әзірлігі жөнінде баяндады.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін халықаралық және республикалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиыны өткен. Сондай-ақ спортшылар 7 халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысқан.
Жалпы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2800 қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді. Сайыстың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Негізгі жарыстар «Астана-арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, «Алау» мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Думан» қонақ үй-спорт кешенінде өтеді. Ал жамбы ату мен теңге ілуге арнайы алаң жасақталған.
Халықаралық дода аясында 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланған. Мәселен, Этноауылда Көшпенділер мәдениеті музейі, қолөнершілер және мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады.
Алдын ала болжамға сәйкес, осы күндері елордаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Осыған орай 20-дан астам қонақ үйдің, сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін абаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Рухани астанада ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп келеді

Еліміздің мәдени-рухани астанасы Түркістан қаласында қазақ халқының көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері насихатталып, мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Руханияттың ордасы атанған шахардың тұрғындары да ұлттық құндылықтарды ұрпаққа дәріптеп жүр. Солардың ішінде көп дәріптелетіні – «Тұсау кесер» рәсімі. Көбіне азаматтар өз баласының тұсауын елге сыйлы, құрметті, танымал адамдарға кесітіреді. Ырым бойынша өз ұрпағы да сондай тұлғалардың тура жолымен жүріп, халқына абыройлы азамат болсын деген ниетпен осындай шешім қабылдайды. Бала – адамның бауыр еті. Оның дүниеге келгені, езу тартып күлгені, бауырын көтеріп еңбектегені, төсекке, жүкке сүйеніп қаз тұруы, қалбалақтай адымдауы – ата-ана үмітінің жанған оты. Ата-ана перзентінің әрбір елеулі қимылын жіті қадағалап, қылығына сүйсіне қарап, жаратқанға шүкіршілік жасайды. Осындай жанға шуақ, жүрекке шабыт сыйлайтын сәттің, қазақы дәстүрдің әдемісі – «тұсаукесер» рәсімі екені белгілі. Осы тұста «Өнерлі өлке» мәдени іс-шарасында, талай жыл ұстаздық еткен Мариям әжей «тұсау кесер» дәстүрінің маңыздылығын айтып берді.

«Тұсау кесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Ырымшыл қазақ тұсауы кесілмеген бала өмірде сүріншек болады деп, тұсауын елге сыйлы, ортада өзіндік орны бар абыройлы кісіге кестірген. Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кескен. Сәби 5-6 айдан соң талпынып, еңбектеуге бейімделеді. Бала осы еңбектеуден толық өтуі тиіс. Бұл қимыл баланың қол-аяғын, арқасын, бұлшық етін шыңдап, шынықтырады. Сәби еңбектеу арқылы төңірегін таниды. Осы кезде «балам тез еңбектеп кетсін» деген ниетпен анасы көрші-қолаңын жинап, «бауырынан табақ алу» ырымын жасайды. Ауылдың сыйлы адамдарының бірі құрт-ірімшік, бауырсақ, тәттілер салынған табақты баланың бауырынан оңнан солға, солдан оңға қарай «тез еңбектесін» деп жеті рет өткізеді.Бұл мәреден өткен нәресте 9-12 айлығында қаз тұрып жүруге талап қылады. Сәби «тәй-тәйлап» жүре бастаған кезде ата-ана «баламның жүрісі ширасын» деп тұсаукесер тойын жасайды. Халықтың түсінігі бойынша, тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады. Тұсаукесер де ел ішіндегі дәстүрлі қуаныш. Оған арнайы әзірлік жасалады. Қонақтарға табақ тартылып, сый-сияпат әзірленеді. Нәрестеге ізгі тілектер айтылады. Ас мәзірінен соң тұсаукесердің рәсімі басталады. Сәбидің ата-анасы көңілі түскен адамға баланың тұсауын кескізеді. «Шынында өмір есігін жаңа ашқан періштенің өмір жолында ұлттық салт-дәстүрдің сан түрі бар. Тұсау кесу – соның ішіндегі ең керемет жоралғының бірі. Бұл рәсімді адал, мейірімді, елгезек, зиялы, ақылды, көптің көңілінен шыққан ұлықты кісілерге жасатады. Сол қасиет жас балаға дарысын, өмірі өнеге мен жақсылыққа толы болып басталсын, жолында кедергі болмасын деген тілек-батамен астасады. Қазақтың қай ырымын алсақ та, мәні терең, ойы салмақты ұғымға бағытталған. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген қазекең үнемі жақсылық пен ізгіліктің жаршысы болып жүреді емес пе? Қай ата-ана бауыр еті баласының немесе балдан тәтті немересінің көрнекті, көргенді азамат болып өскенін қаламайды дейсіз. Қазақ халқы тұсауды кез келген кісіге кескізбеген. Дімкәс, аурушаң адам, қимыл-қозғалысы ауырлап қалған қарт кісі, «жолы әлі ашылмаған» деп үйленбеген жігіт, тұрмысқа шықпаған қыз бұл рәсімді орындамаған.» – дейді ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған ана.

Тұсау кесер сәті алдында жиналғандар кең дала, таза ауаға шығып, үсті түрлі тәтті дәмге толы бала-шағаға арналған дастарқан маңына, қызық тамашаға жиналады. Дастарқан жанына қазық қағып, аяғы тұсалғанбаланы арқандап қояды.Тойдың негізгі жанкүйерлері – балалар алыстан жаяу жарысқа жіберіледі, озып келгені арқанды қиып, дастарқандағы бар дәмге ие болады, оған арнайы сыйлық беріледі.

Бұдан соң, «Жүйрік бол!», «Шауып кет!» т.б. тілектерді айта отырып, екі қолынан екі адам жетектеген баланың тұсауын таңдалып алынған адам кесіп жібереді. Тұсауы кесілген соң, сәбиді екі адам ортаға алып шығады да, тез-тез жүгіреді. Осы кезде«Тұсаукесер» жыры шырқалады:

Қаз-қаз, балам, қаз балам,

Қадам бассаң, мәз болам.

Қаз-қаз, балам, қаз балам.

Тақымыңды жаз балам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін,

Қадамыңа қарайық,

Басқаныңды санайық,

Қаз-қаз, балам, жүре ғой…

Балтырыңды түре ғой.

Тай-құлын боп шаба ғой,

Озып бәйге ала ғой.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Өмірге аяқ баса бер,

Асулардан аса бер.

Жүгіре қойшы, құлыным,

Желбіресін тұлымың.

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе.

Міне, осыдан бастап шынашақтай қазақтың өмір жолының алғашқы ізі жер бетін шимақтайды, қиындығы мен қызығы мол жаңа өмірі басталады. «Тұсаукесер» – баланың осы өмір сапарының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасаған ырымы, Құдайға деген құлшылығы. Ұлтымыздың ұлылығы, халқымыздың даналығы осынау салт-дәстүрден көрініс табатынына бек сүйсінетініміз рас.

ТҮРКІСТАНДА «KONE TURKI DASTURI» АТТЫ ЭТНОФЕСТИВАЛЬ ӨТТІ

Түркістанда «Kone turki dasturi» этнофестивалі мен «Бір ауыл – бір өнім» атты өңірлік көрме өтті. Көрмеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, қоғам қайраткері Әлихан Байменов, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нұрлан Қоянбаев бастаған өнер адамдары қатысты.

Көне салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарды дамыту және ұлттық ойындарды жаңғырту, өңірдің туризм саласын мақсатында өткен іс-шарада қолөнер шеберлерінің туындылары қойылып, шеберлік сабақтары да өтті. Түркістан облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Open Turkistan» туристік ақпарат орталығы бірлесе ұйымдастырған іс-шарада өңір кәсіпкерлерінің өнімдері де ұсынылды. Атап айтқанда, қолөнер шеберлерінің өнімдері, бал, құрт, кептірілген жеміс-жидектер, сүт пен кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикаттар, сабын және тағы басқа тауарлар қойылды.

– Бұл шараның өңірдегі шағын кәсіпкерлердің әлеуетін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жергілікті шеберлердің бірегей дәстүрлерін, мәдени мұрасын және шеберлігін көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл ұлттық қазақстандық бірегейлікті әлемдік деңгейде сақтауға және ілгерілетуге ықпал етеді деп сенемін, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Аслан Ибадуллаевтың айтуынша отандық өнімдер одан әрі маркетингтік қолдауға ие болып, брендтеліп, сертификатталады. Бұл жергілікті тауарларға деген сұранысты арттырып, оларды экспортқа шығаруға мүмкіндік бермек.

Іс-шара барысында отандық тауар өндіруші кәсіпкерлердің өнімдері бағаланып, үздіктер анықталды. Қатысқан қолөнершілерге алғыс хаттар берілді. Одан өзге, ұлттық ойындарды ұмыт қалдырмау мақсатында қол күрес, гір көтеру, арқан тартыс және қой көтеруден жарыстар өтіп, жеңімпаздар түрлі сыйлықтарға ие болды.

Тарихи нысандарды жаңғырту және елдің мәдени мұрасын сақтау басты назарда

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің маңызды мәдени мұра нысандарындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Сапар барысында Аида Балаева “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Қылует жерасты мешітіне және Яссы-Күлтөбе ортағасырлық қалашығына барды. Министр “Әзірет Сұлтан” музей-қорығына 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша “Ұлттық” мәртебе беру оның Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау үшін маңыздылығын көрсететін маңызды оқиға екенін атап өтті.

“Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы – археологиялық және сәулет ескерткіштерінің бірегей кешені, мұнда халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар 45 нысан бар. Жыл сайын 350 мыңнан астам адам келетін жер Қазақстанның ең қастерлі мекендерінің бірі”, – деп атап өтті министр.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барған кезде оны сақтаудың нақты шаралары талқыланды. Министр 2023 жылы жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижесінде кесене құрылымын нығайту бойынша шұғыл іс-қимылдардың қажеттігі анықтағанын атап өтті. Ол кесене айналасындағы жасыл желектерді шамадан тыс суару нысанға теріс әсер еткенін, нәтижесінде жасыл желектердің бір бөлігін алып тастау туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Бұл процесс қазірдің өзінде автоматтандырылған бақылау жүйесі арқылы бақыланады. Құрылымның одан әрі тозуына жол бермеу үшін 100 тоннадан астам қоқыс пен топырақ шығарылған.

Аида Балаева Қылует жерасты мешітіне ерекше назар аударып, 2021 жылы Түрік Республикасының “TIKA” ұйымы арқылы осы нысанды музей ретінде жаңғыртуды ұсынғанын атап өтті. Дегенмен, Қылуеттің тарихи келбетін сақтау үшін Түрік шеберлерінің жұмысын сүйемелдейтін топ құру туралы шешім қабылданды, бұл шынайылық пен тарихи мұраны құрметтеуді қамтамасыз етеді. Министр Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы қайта құрылған ғимараттардың бірінде ұйымдастырылған мониторинг орталығы жұмысының маңыздылығына да назар аударды. Орталық жұмысы аясында температура мен ылғал режимін, қабырғалардың түзулігін және басқаларын үздіксіз режимде бақылайтын 100-ден астам қондырғысы бар автоматтандырылған мониторинг жүйесі қойылды.

“2023 жылдың желтоқсан айынан бастап автоматты мониторинг жүйесі ескерткіштің сақталуына әсер ететін әртүрлі процестерді, соның ішінде микроклиматты үздіксіз қадағалап отырады. Атап айтқанда, жүйе жасыл желектерді жақында алып тастауға байланысты өзгерістерді тіркейді, бұл кез келген жойылу қаупіне жедел жауап беруге мүмкіндік береді. Мониторинг-орталық сонымен қатар кесененің жай-күйін зерделейтін және оны сақтау шараларын әзірлейтін отандық және шетелдік сарапшыларды қабылдайтын негізгі пункт болып табылады. Мұнда барлық ғылыми-зерттеу және техникалық деректерді жинау, талдау жүзеге асырылады. Бұл ЮНЕСКО-ның осы маңызды Дүниежүзілік мұра нысанын тиімді басқаруға мүмкіндік береді”, – деп толықтырды министр.

Сонымен қатар, Аида Балаева Яссы-Күлтөбе ортағасырлық қалашығында болып, бірегей тарихи ескерткішті сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған археологиялық қазбалармен және қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі әрбір маңызды нысандарға қажетінше қолдау мен назар аударуды қамтамасыз ете отырып, елдің мәдени мұрасын сақтау бойынша белсенді жұмысты жалғастырады.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі – ұлттық құндылықтарға толы

Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Келес ауданының мәдени күндері өтті. Екі күнге жоспарланған бағдарлама ұлттық құндылықтарға толы болды. Мерекелік шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, қоғам қайраткері Әлихан Байменов, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нұрлан Қоянбаев бастаған өнер адамдары қатысып, тамашалады.

Іс-шара Этноауыл кешенінен бастау алды. Алдымен мұнда келушілерге ұлттық сусындар ұсынылды. Қонақтар Келес ауданының қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Бұдан бөлек, ұлттық салт-дәстүрлер көрінісін саханалады. «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында қылқалам шеберлері мен кітап көрмесі де жасақталды. Ауданда өндірілетін тауарлар көрмесі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ауданның әлеуетін көрсетті. Салтанатты шара барысында көпшілікке ұлттық тағамдар ұсынылып, қонақтар берекелі дастарханнан дәм татты. Сонымен қатар Келес ауданы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы сахналанып, айтыс, жыр-терме, дәстүрлі әндер шырқалды. Сондай-ақ, Келес ауданының мәдени күндері шарасында этноауылда ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылды және қазақтың көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары насихатталды. Соның ішінде ауданның әжелері киіз басу және жүн тұту өнерін дәріптеп, келуші қонақтарды тәнті етті. Ақ жаулықты аналарымыздан ерекше қолөнердің қыр-сырын сұрап көрдік.

« – Киіз басу – ықылым заманнан келе жатқан халқымыздың көркемдік құндылығы ерекше қолөнерінің бірі. Он саусағынан өнер тамған әжелеріміздің қолынан туған бұл дүние шеберліктің биік үлгісі деп айтуға болады. Оны ешкімде жоққа шығара алмайды.Көздің жауын алатын қызылды-жасылды оюлар қараған жанарды бір мезетке еріксіз тоқтатып, әсемдік әлемін паш ете түсетіні анық. Сондықтан да болар, көшпелі қазақтың күмбезді шаңырағының көркі болған киіз халық арасында қашанда өз маңызын жоймаған. Енді қазіргі таңда ұлттық дәстүрді ауызша айтып, ұрпаққа мұра, аманат ете алмайсың. Оны өзің бастап істеп, бала-шағаңа үйретіп,  қолмен ұстатып көрсетуің керек. Олай болмаса, дәстүрді дамытамын деу – ыдыстың ернеуінен сыртқа төгілген сумен тең. Еңбегің еш кетеді деген сөз.»

– Апа, қазір бұл өнерді насихаттау, дәріптеу қандай деңгейде деп ойлайсыз? Қазіргі жастар бұл салтымызды қаншалықты біледі?

« – Бүгінде  киіз басу өнері – мүлдем жоқ деуден аулақпыз. Мектептердегі технология пәні мұғалімдерінде киіз басу өнерінде ізденушілік бар. Ал, ертеректегі екі үйдің бірінде білекті түріп, әлгі текемет әнін салып жіберетін күннің бізден алыстағаны қашан. Ауылдың түтіні қашан да түзу ұшқан. Адамы кең пейіл, мінезі дархан. Әр үйінде, қымыз-қымыран, айран-ашытпасы дайын. Жазда ауылдың үлкен анасы бас­тап, оны қыз-келіншектер қолдап, бір күнде бірнеше киізді басып тастайтын. Тай қазандағы қайнап жатқан ыстық суды киізге бүркіп, шынтағы күйіп бара жатса да шыдайтын еді жарықтықтар. Қыздар жиденің шыбығымен жүн сабаса, келіншектер иі қанған киізге түр салуға кірісетін. Кеш қараймай тұрып киіз де басылатын, ән де айтылатын. Қазақтың бас тағамы – ет те желінетін, қымыз да ішілетін. Жалпы «Киіз басу» ауыл қазақтары үшін кәдімгі тойдан кем түспейтін үлкен рәсім және ерекше дайындықпен өтеді. Мосқал тартқан кейуаналардан бастап бұрымы желбіреген он жасар қызға дейін бұл қауырт істен шеткері қалмай, бір адамдай атсалысқан. Мұның негізгі астарында қыздарды кішкентайынан қолөнерге баулуға бағытталған тәрбие жатса керек.

Киіз басуға қолы іс білетін де, білмейтін де әйелдер түгел жиналған. Киіз басудың кәнігі шебері болып алған апалар басты жауапкершілікті өздеріне алса, бұл өнермен енді-енді танысып жүрген жас келіншектер су ысытып, қажетті құралдарды дайындап, сол қызу тірліктің басы-қасында жүреді. Екі-үш жылдан кейін олар да киіз басуға әжептәуір жаттығып алады. Ең әуелі киіз басу үшін жүнді жақсылап сабау керек. Оған ірі қара малдың жақсылап керіп кептірген тері-тулағы және жас талдан қиып, арнайы көлеңкеде кептірген сабау-таяқша қолданылады. Киіз басуға іріктеліп алынған жүнді тулақтың үстіне тастайды да, 4-5 адам айнала отырып сабау-таяқпен ұрғылап, көпсітеді. Жүн сабалып біткен соң киіз басу үшін жүнді шиге салып, екі қабаттап тартады. Сонда астына салынатын жүнді тым қатты сабамай-ақ, тек көпсітіп қана сабайды. Ал, бетіне тартылатын жүнді әдемілеп, жұмсақ етіп сабайды. Үстіңгі қабаты тартылып біткен соң, шөмішпен жүннің үстіне қайнаған суды себезгілеп құяды. Сөйтіп, оны орай бастайды. Аз дегенде 5 адам шиге салынған жүнді 30-40 минут білекпен аунатып, салмақ сала домалатады. Межелі уақыт аяқталған соң, шиден шығарғанда жүннің киіз болып біріккенін байқауға болады. Әйелдер дайын текеметтің бетіне қошқармүйізден ою-өрнек салып әспеттейді. Қызылды-жасылды қою түсті мақпалдардан әдемі ою салып, жиек жіппен көктеп шығады. Сөйтіп, текеметке жүнді созып сан түрлі ою-өрнек салғанда, киіздің көркі ашыла түседі. Осылайша көп қолымен бітетін керемет қолөнер туындысын халқымыз құтты қонағына сый ретінде ұсынып немесе қыз жасауына негізгі дүние ретінде апарған. Ендеше, қазақтың аталмыш бұл қолөнері кейінгі ұрпаққа үлкендердің тек естелігімен ғана айтылып, көне жәдігерлер мекенінен іздеп жүріп көретін сирек қолданыстағы өнерге айналып кетпесе екен дейміз.» – дейді Келестік әжелер.

Салтанатты шарада одан бөлек халқымыздың өмір-тіршілігінде кеңінен таралған ағаштан жасалатын бұйымдар көпшіліктің назарына ұсынылды.Айта кетейік, ертеде қазақтың баспанасы киіз үйден бастап, қарапайым қасығына дейін ағаштан жасалып отырған. Неге десеңіз, ағаш бұйымдар ыңғайлы, пайдалануға тиімді, сонымен бірге ол тұрмыстық зат есебінде ғана емес, сән үшін де қолданылып, биік өнер дәрежесіне жеткен. Ерте қазақ халқы мұндай өнердің иесін ұста, он саусағынан өнер тамған шебер деп сыйлай білген,  құрмет көрсеткен. Қазіргі күні бұл кәсіп қолданбалы сәндік өнер деп айтылады. Қазақтың ет тартатын астау-табағы, құрт езетін астауы, сүт, қымыз құятын шарасы, шөміш, саптыаяқ секілді барлық ыдыс-аяғы ағаштан жасалған. Оның ішінде сыйлы, қадірлі қонағына ұсынатын ыдыс-аяқтың жөні тіптен бөлек. Кейінгі кездері ел ішінде осы дәстүрді ұстанатын отбасылардың қатары көбейіп, ағаш бұйымдарды күнделікті тұрмысына қолдана бастады. Қазір қазақтың өз өнерін, байлығын өзіне көрсететін заман. Дегенмен, ағаш бұйымдары табиғи зат болғаннан кейін таза ұстап, орнымен қолдансаңыз ұзақ жылға шыдас береді.

« – Әсілі, бағзы заманда темір ыдыстардың қат кезінде даладағы малшы алдындағы қойын сауып жіберіп, отқа тасты қыздырып, ағаш тостағандағы сүтке қызып тұрған тасты салып жіберіп пісіреді екен. Ата-бабаларымыз ағаштың түрін, жай-күйін өте жақсы білген. Сондықтан, ыдыс-аяқты көбінесе ағаштың безінен, қатты жерінен жасап отырған. Ағаш ыдыс жарылып кетпеуі үшін оны майлап, май сіңіру керек. Сонда оның ішіне су сіңбейді. Екінші әдіс – оны құрсаулау. Күбінің, үлкен шара ыдыстың сыртын темірмен құрсаулап тастайды. Бұл да жарылып кетпеуден сақтайды және ыдыстың сырты, түбі әр затқа соғылып мүжіліп кетпесін дегеннен туған. Ағаш ұсталарының өздерінің арнайы құрал-сайманы бар. Олар ағаш шабатын шот, қашаудың түр-түрі, ыңғыру, үскі секілді құралдар. Бұрынғы уақытта ағашты иіу, жұмсартудың тәсілдері болған. Әкемнен естуімше, ертеде ағашты малдың қиымен араластырып, су құйып жерге көміп тастайды екен. Сол кезде ол қызады да, белгілі бір күйге жеткенде ағаш жұмсарады. Дәл осы сәтте қазып алып, тезге салып, өзіне қажетті қалыпқа иіп жасап алады. Міне, осындай күрделі әдіс-тәсілдердің арқасында бүгінгі күні адам баласының ойы жетпейтін дүниелерді жарыққа шығарып отырған.» – дейді Келестік Лесбек қария

Міне осындай құндылықтарға толы мерекелік жиында Келес ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дәурен Сариев сөз сөйлеп, фестивальдің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, аудан жетістігіне тоқталып, келген көрерменге келестіктердің атынан алғысын жеткізді. Шара барысында Сержанәлі, Әділет Жауғашар және Серік Ибрагимов пен Әбіджаппар Әлқожа сынды эстрада жұлдыздарының және аудан өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өнер сүйер қауым қосыла ән шырқап, әсем биімен кештің сәнін кіргізді.

Түркістан облысында 704 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетеді

Түркістан облысында қазіргі таңда жалпы 11 мәдениет нысаны салынып, 6-на күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 мәдени нысанның құрылысы мен 6 клубқа күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәлімдеді.
«Облыс бойынша 704 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Оның 681-і аудан-қала әкімдіктеріне, 23-і мәдениет басқармасына қарасты. Одан бөлек, биыл 7 айда үш кәсіби театрда 183 спектакль қойылды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде 150 концерт және мәдени шаралар өткізілді. Ал басқармаға қарасты «Оңтүстікфильм» мекемесінде 137 бейнеролик, 38 әлеуметтік және деректі бейнефильм дайындалды.
Сонымен қатар, облыста қызмет көрсететін 24 музейге 225 472 адам келген. Соңғы жеті айда облыс кітапханаларында оқырмандар саны 279 646-ға жетті. Өңірде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Өнерлі өлке», «Voice of Turan» сынды мәдени іс-шаралар биыл да өз жалғасын таппақ. Жыл сайын дәстүрге айналған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі биылғы жылы да сәтті басталды»-деді басқарма басшысы.
Айта кетерлігі, қыркүйек айында Астана қаласында өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойындарына облыс атынан тек спортшылар ғана емес, мәдениет майталмандары да өз өнерлерін көрсететін болады.