Архив рубрики: Төтенше жағдай

ДЕПУТАТ ӨЗ ЖЕРЛЕРІН ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРДІ

Түркістан облысында халық қалаулысы тұрғындарға ең қажетті нысандар салу үшін өз жерлерін тегін тарту етті, — деп хабарлайды TAQ.KZ тілшісі

Нақтырақ айтсақ, Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Жанарыс Талипбеков Жағажай елді мекеніндегі өзінің 2,5 гектар жерін өрт сөндіру бекетін салуға берген. Тиісінше, бұл өрт сөндіру және құтқару бекетінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, Ж.Ералиев және Абай, Қызылқұм ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерде өрт болған жағдайда немесе тұрғындардың суға бату жағдайлары орын алғанда төтенше жағдай қызметкерлерінің уақыттан ұтылмай, дер кезінде көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Осылайша халық қалаулысының Жанарыс Талипбековтың тартуы жалпы жергілікті халықтың әлеуетін арттыруға септігін тигізіп отыр.

Айта кетейік, Жетісайлық депутат бұған дейін де өз иелігіндегі 90 соттық жерін медициналық нысан және спорт алаңшасы мен ауыл тұрғындарына аллея салу үшін тегін берген. Қайырымды азаматтың мұндай игі істеріне жалпы түстік өңірдің халқы өз ризашылықтары мен алғысын білдіруде.

 

Жанарыс Талипбеков Жетісай ауданындағы өзекті мәселелердің шешімін қарастыру, тұрғындардың талап-тілегі мен өтініштерін орындау бойынша да белсенді жұмыс атқарып жүрген депутаттың бірі. Ел аманатын арқалаған халық қалаулысы, өзінің әріптесі Алладин Мырзахановпен бірге ауданның ахуалын Астана қаласына жеткізіп, Мәжіліс депутаттарының назарына ұсынған.

Сондай-ақ, Жетісай ауданындағы өзекті проблемалардың бірі — ағын су. Егіншілікпен айналысатын ауыл тұрғындарына ағын суды жеткізу үшін арық-атыздардың таза болғаны абзал. Осындай маңызды істі елеусіз қалдырмаған белсенді депутат Абай ауылдық округіндегі  ағын су жүйелерін қоқыстан арылтуға бастама болып, «жаздың қамын» ойлауды үйлестіріп жүр. Жанарыс Талипбековтың мұндай бастамаларын жергілікті азаматтарда әрқашан қолдап отырады.

 

Елдің игілігі үшін өз иелігіндегі жерлерін тарту етіп, ауылдардың әлеуеттін арттырып, халықтың сенімі мен үмітін арқалаған Жетісайлық депутаттың бұл істері көпшілікке үлгі болары сөзсіз.

Дәрілік өсімдіктерді шет елге заңсыз шығару тиылмай тұр.

Еліміздің тек Оңтүстігінде өсетін аса құнды — «сасық кеурек» (Ferula L.),«мия» және «дермене» өсімдіктерінің жойылып кету қаупі төніп тұр. Бұл өзекті мәселені ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В. Склярға жолдаған сауалында айтты.
» Экожүйеміздің негізі болып табылатын дәрілік өсімдіктерді қорғау және отандық фармацевтикада қолдану мәселесі қашанда өзекті. Мәселен, тек Оңтүстікте өсетін «сасық кеуректің» 10-нан аса түрі бар, оның барлығы да «Қызыл кітапқа» енген. Соған қарамастан, оның майын шет мемлекеттерге заңсыз шығару тиылмай тұр. Сасық кеурек Қытай, Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан сынды елдерде үлкен сұранысқа ие және бұл елдерде өнімнің бір келісі 100-150 долларға бағаланады. Түркістан облысында сасық кеуректің майын дайындау үшін өндірушілер шетелден мыңдаған жұмыс күшін заңсыз тартып, шикі өнімді жаппай сыртқа шығаруда. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 14 тоннадан асып түскен. Болашақта аса бағалы бұл дәрілік өсімдік азайып қана қоймай, мүлдем жойылмасына кепіл жоқ. Себебі сасық кеурек 10 жыл ғана өмір сүреді және монокарпик, яғни 5-6 жылда бір рет қана гүлдейді. Ал, оның өнімін 8 жылдан кейін пайдалануға болады. Сасық кеурек тек құм және шөлді аймақтарда өседі. Оны түп-тамырымен құрту жердің тозуына, құмның көшуіне, табиғи экожүйенің күйреуіне әкеп соғады,» — деп мәлімдеді Қайрат Рахымұлы.
Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Қ. Балабиев қызыл мия өсімдігін де осы санатқа қосуға болатынын жеткізді. Қызыл мияның тамыры медицина, косметология және тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылады екен. Оның тамырында гликозид, сахароза, эфир майы, органик, қышқылдар, минерал тұздар бар. Сондықтан аталған өсімдікке Қытай, Корея және АҚШ-та сұраныс қызып тұр дейді Қайрат Балабиев.
«Бұл күндері арзан табысты көздегендер мияны түп-тамырымен қопарып жұлып, заңсыз саудалауға көшті. Ал, оның тамырын қазып алған соң, қызылмия қайтып шықпайды. 2016-2021 жылдары Оңтүстік Қазақстаннан 70 мың тонна мия тамыры шетел асырылған. Бұл болашақта отандық фармацевтика өндірісін шикізатпен қамтамасыз ету тапшылығына тап қылады деген сөз.
Тіпті қызыл мия құнды өсімдік ретінде «Қызыл кітапқа» да енбеген.
Дәрілік дермене жусаны да сирек кездесетін шипалық қасиеттері мол өсімдік. Ол да тек Түркістан өлкесінде өседі. Оның құрамында сантонин, майлар, ащы заттар, эфир майлары бар. Дәрілік шикізат ретінде тамырымен есепсіз жұлынғандықтан, бүгінде қатары қатты сиреген.
Дәрілік өсімдіктер шикізатын заңсыз жинап экспортқа шығарушылар бюджетті айналып өтіп, «көлеңкелі экономикаға» тікелей жұмыс істеп жүр.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл мәселеге бейжай қарайды. Осы күнге дейін заң бұзушыларға қарсы бірде-бір шара көрмеген.
Сондықтан, жоғарыда көрсетілген өсімдік түрлерінің жойылып кетуіне жол бермеу мақсатымен төменгі ұсыныстардың қаралуын сұраймын:
1. Мия өсімдігін Үкіметтің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысымен бекітілген сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің тізбесіне кіргізіп, «Қызыл кітапқа» енгізу мәселесін қарастыруды.
2. Сасық кеурек, дермене және мияның қорлары мен рұқсат етілген өндіріс көлемін анықтайтын зерттеу жүргізіп, қазіргі кезде өсімдіктердің қалған санына байланысты оларды жинауға, өңдеуге немесе өндіруге мүмкіндіктің бар жоғын анықтауды.
3. Осы зерттеу жүргізу барысында аталған дәрі өсімдіктерін жинауға, өндіруге және шикізатын экспортқа шығаруға уақытша тыйым салуды.
4. Өсімдік түрлерінің жойылу қаупі анықталған жағдайда, оларды жинауға толықтай шектеу қойып, жедел турде популяциясын көбейтуге бағытталған шараларды ұйымдастыруды.
5. Еліміздің Оңтүстік өңірлерінде фармацевтикалық өндірісте пайдалану үшін сасық кеурек және мия, дермене өсімдіктерін өсіретін арнайы плантацияларды салу мүмкіндігін ойластыруды.
Сауалға заңнамада көрсетілген мерзімде жауап беруін сұраймын» — делінген, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Қ. Балабиев депутаттық сауалында.

Тұрғындар биыл шыбын-шіркейдің көбейгенін айтып, дабыл қағуда (видео)

Шіркейлер қауіпті аурулардың қоздырғыштарын тасымайлдайды. Тіпті, бір жылдары мал бағуға шыққан баланы қос қанатты қансорғыштар талап, жасөспірім көз жұмыпты. Бұл туралы биология ғылымдарының кандидаты Қаршыға Көшкімбаев айтты.
Сырдария өзенінің бойында орналасқан ауыл тұрғындары биыл шыбын-шіркейдің көбейгенін айтып, дабыл қағуда. Айта кетейік, биыл дәл осы бағытағы жұмыстарды атқару үшін бюджеттен 644 млн теңге бөлінген. Сондықтан, жауаптылар бақылауды күшейту керек.

Балықшының қайығы аударылып, мерт болды

Қызылорда облысында 61 жастағы тұрғынның ағаш қайығы көлде аударылып, қаза болды. Оқиға 24 наурызда Қармақшы ауданында болған. Бұл жөнінде Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Дағдарыс жағдайында басқару басқармасына хабарлама түсті.

«Онда Қуаңдария ауылындағы Жетікөл көлінде балық аулау кезінде ағаш қайығы аударылып, оқиға салдарынан 1962 жылы туған азаматтың суға батып кеткені айтылған. Марқұмның денесін жергілікті тұрғындар өз күшімен судан шығарып алған. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаменті, аудандық полиция бөлімінің мамандары тиісті жұмыстар жасады», — деді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Айгүл Нұрманова.

Еліміздің бірқатар аймақтарында жер сілкінісі болады деп күтілуде

Келесі апта Алматы қаласында, Алматы және Жетісу облыстарында 3-3,5 баллға дейін сезілетін жер сілкінісі күтілуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап ТАQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы болжамдық комиссияның қорытындысынан кейін cейсмология институты мәлімдеді.

Институт директоры Дәулет Сәрсенбаевтың айтуынша, биылғы жылы Алматының болжамды диапазон аумағында күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейді.

«Қазіргі таңда Алматы болжамдық полигонының аумағында (Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары) 47 станция жұмыс істеп тұр», – деп хабарлады ТЖМ cейсмология институтының баспасөз қызметі.

Институт базасында төрт ғылыми зертхананың қызметкерлері мен сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясының (СЭМЭ) қызметкерлері кіретін тұрақты болжау комиссиясы жұмыс істейді.

Түркістан және Қызылорда облыстарының аумақтарын су басып қалуы мүмкін

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, жыл басынан бері Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттеуішінде күрделі жағдай қалыптасып отыр.

«Бүгінде Шардара су қоймасын толтыру 5,1 млрд м3 немесе 98%-ды құрайды. Көксарай су реттеуішінде — 1,8 млрд м3, немесе 60%. Бұл ретте Су ресурстары комитетінің тапсырысы бойынша «Казгипроводхоз» институты тексеру жүргізіп, оның техникалық жай-күйі туралы қорытынды шығарылды, оған сәйкес жинақталған су 1,8 млрд м3 аспауы керек. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бірнеше рет хабарлаған болатынбыз»,

«Қызылорда облысының солтүстік өңірлерінде мұздың түзілуі су ресурстары комитетімен төмен су ағындары кезінде белгіленді, бұл су ағындарын арттыруға мүмкіндік бермейді. Біздің ұсыныстарымыз ведомствоаралық жұмыс орнын құру», – деді Юрий Ильин.