Архив рубрики: Қоғам

«ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНДА» БАЛАЛАР ШАТТЫҚҚА БӨЛЕНДІ

Түркістанда қала әкімдігі, «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубы және халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «1 маусым – Балаларды қорғау күніне» орай «BalaDay – BalaLand» атты мерекелік іс-шара өтті. Аталған іс-шараға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық мәслихат депутаттары, қалалық «Әйелдер алқасының» төрайымы Ұлжан Мұстафаева, «Оқушылар сарайының» директоры Индира Икапова, сонымен бірге, ата-аналар мен балалар қатысты. 
– Құрметті бүлдіршіндер, ата-аналар және ұстаздар қауымы, сіздерді жаздың алғашқы күнімен қатар келген «Балаларды қорғау күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! «Отан отбасынан басталады» дейтін болсақ, балалар сол әрбір жанұяның, еліміздің болашағы деп білемін. Осы орайда, барлық қиындыққа төзіп, ерекше балаларды өсіріп отырған ата-аналарға да айрықша алғыс білдіргім келеді. Әрбір бала дені сау, үлкен азамат болып өсе берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деді балаларды мерекемен құттықтаған қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Аталған іс-шара аясында балалар алдымен асфальт пен мольбертке сурет салып, аниматорлардың шоу-бағдарламасына қатысып, көңіл көтерді. Содан соң, мерекелік іс-шара «Оқушылар сарайында» тәлім алатын және қаладағы өзге де мектептерден келген жас таланттардың концертіне ұласып, қонақтар әсем ән тыңдап, арнайы сахналанған қойылымды тамашалады.
Сонымен қатар, мерекелік іс-шара аясында қала әкімі мен қонақтар ерекше балаларға сыйлық табыстап, барлық бүлдіршінге балмұздақ үлестірілді.

СОЗАҚТЫҚ ТҮЛЕКТЕР ҚОС БІРДЕЙ ОТБАСЫҒА БАСПАНА ТАРТУ ЕТТІ

Созақ ауданына қарасты Шолаққорған және Таукент ауылындағы қос бірдей мұқтаж отбасыға тұрғын үй кілті табысталды. Аудан орталығындағы Тәкен Әлімқұлов атындағы мектеп лицей интернаты мен Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептерін бітіргеніне 20 жыл болған түлектер жаңа баспана тарту етті.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков игі іске ұйытқы болған түлектерге жылы лебізін білдіріп, игі іске ұйытқы болған түлектерді арнайы Алғыс хатпен марапаттады.
    
«Бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Маңайыңдағы адамдарға мейірімділік пен ізгілік таныту – адамгершіліктің белгісі. Қайырымды болу – адамның болмысына біткен ізгі амал. Еселі еңбектерімен елдің құрметіне, көптің ыстық ықыласына бөлене білген түлектерге шынайы алғысымды білдіремін»,- деді аудан басшысы.
Тарқата айтсақ, Шолаққорған ауылынан берілген жаңа үй асханамен және үйге қажетті тұрмыстық жабдықтармен қамтылған. Су, жылу сынды коммуналдық қызметтері жүргізілген. Жер учаскесі 15 сотықты құрайды. Арнайы шарбақпен қоршалып, қосалқы шаруашылықты дамытуға және бау-бақша өсіруге мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, Таукент ауылынан берілген баспанада қажетті жабдықтарымен қоса алынып, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.

ТҮЛКІБАСТЫҚ ТҮЛЕКТЕР МҰҚТАЖ ОТБАСЫҒА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

Осыдан 6 жыл бұрын елімізде алғашқы болып Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінің мектепті бітіргендеріне 20 жыл толған түлектері тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы отбасыға үй сыйлаған болатын. Игі дәстүрді кейінгі түлектерде жалғастырып, бүгін міне аталған Абай атындағы білім ошағы мен Б.Садықов мектебінің 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектері қосылып тағыда бір мұқтаж отбасыға аудан орталығынан 6 бөлмелі қорасы мен моншасы, сарайы қарастырылған баспана сыйлап отыр. Ортадан ақша жинап 8 млн. 6 жүз мың теңгеге алынған үйдің ішін қажетті жиһаз-техникалармен де ішінара жабдықтап берген.
Сауапты істі ұран қылған түлкібастықтар бұл жолы үйді Кемелбековтар отбасына табыстады. Отағасы, әйелі және қызының мүгедектігі бар отбасы осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген.
Игі шарада аудан әкімінің орынбасары Е.Орманов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Е.Қадырбек, округ әкімі Қ.Ахметов, ардагер ұстаздар мен аталған білім ордаларын бітірген түлектер сөз сөйлеп, баспаналы болған жас отбасыға ыстық лебіздерін білдірді.
Ауданның бас имамы Серік Мағазы да сауапты іске мұрындық болған жандарға ризашылығын білдіріп, өмірден өткен түлектердің сыныптастарының рухына құран бағыштады.
Шара соңында дәстүр бойынша 2003 жылғы мектеп түлектері эстафетаны 2004 жылғы түлектерге табыстады.
Осылайша киелі құт мекенде көпшілікке үлгі боларлықтай игі істер өз жалғасын табуда.

Тұрғындар депутатқа жол, жер, табиғи газ мәселесін айтты

«AMANAT» партиясы Сарыағаш аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыстық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Салимов Алмас Алтайұлы тұрғындардың арыз – өтініштері бойынша қабылдау жүргізді.
Қабылдауға аудандық мәслихаттың депутаты, фракция мүшесі С.Нарбаев қатысты.

Қабылдауға Дербісек, Атамекен елді мекенінің тұрғындары келді. Тұрғындардың негізгі өтініштері жол, бағаналарды ауыстыру, жер, табиғи газ мәселесі жайлы болды.
Барлық мәселе бойынша қабылдау үстінде Алмас Алтайұлы жауапты бөлім басшыларымен хабарласып нақты жауаптарды берді. Сондай-ақ аудан көлемінде атқарылатын жұмыстардың оң шешілуін С.Нарбаевтан ықпал жасауын сұрады.


Қабылдауға келген азаматтар халық қалаулысына алғыстарын білдірді.

Балаларға балмұздақ таратылды

Арыс қаласындағы Төлеген Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылында 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында «AMANAT» партиясы Орталық Аппаратының ұйымдастыруымен салтанатты іс-шара өтті.
Тағдырдың сынына мойымай, асқақ арманға қанат қаққан қаршадай балаларға арналған қуанышты шараға «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков және қалалық мәслихат депутаты Ерғазы Медетбеков арнайы қатысып, бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
Мерекелік шарада сөз алған филиал төрағасы баланың қуанғанынан артық әлемде бақыт жоқ екендігін жеткізіп, бүлдіршіндерге ақ тілегін арнады.

Бұдан кейін балалар ауылындағы бүлдіршіндерге демеушілер тарапынан тәтті балмұздақтар тарту етіліп, оларды шексіз қуанышқа бөледі. Балғындардың кіршіксіз көңілдеріне қуаныш сыйлаған шараның жалғасы концерттік бағдарламаға ұласты. Әрмен қарай мерекелік дастархан жайылып, мереке иелеріне тәттілер таратылды. Іс-шараның соңында мекеме ұжымы мен тәрбиеленушілер игі шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Бала – бауыр етіміз. Болашағымыз. Өміріміздің жалғасы. Балдырғандарымыздың риясыз күлкісіне бөлене берейік. Мереке құтты болсын!

«AMANAT»: ЖОЛ КАРТАСЫ БЕКІТІЛДІ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңес Бюросының отырысы өтті. Онда 5 жылға арналған облысты дамытудың Жол картасы талқыланып, бекітілді.

Саяси Кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, «Жастар Рухы» жастар қанаты мен партияластар қатысқан мәжілістe «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты Сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасы бекітілді.

Жалпы Жол картаның 4 бағыты бойынша 136 іс-шара қарастырылған. Жол картасы – бұл сайлауалды бағдарламаның әрбір тармағы бойынша көрсеткіштерді, мерзімін және орындаушылары көрсетілген нақты іс-қимыл жоспары.

Бағдарламада облысты дамытудағы өзекті мәселелердің шешілу жолдары белгіленіп, бірнеше бағытқа топтастырылған. Оны іс жүзінде тиімді іске асыру үшін арнайы Жол картасы әзірленіп, 136 іс-шарадан тұратын құжатта Сайлауалды бағдарламада аталған барлық іс-шаралар мен көрсеткіштер ескерілген және әр жылға бөлінген. Аталған Жол картасы барлық мемлекеттік органдармен келісілген, халықтың талап – тілегі ескерілген.

Жиында Жол картасын іске асыру жөнінде алда бірлесе атқарылатын жұмыстар айқындалып, күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты нақты қаулылар қабылданды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

 

«Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылықты арттыру жобасы жалғасуда

«AMANAT» партиясы мен Halyk Bank қолға алған «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылықты арттыру жобасы Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауыл округінде өтті.
Аталған шара барысында аудандық пария филиалының төрағасы жобаға қатысушы ауыл тұрғындарына сарапшы Р.Мамытбековты таныстырып, дәл қазіргі уақыттағы қарыздар санын азайтудың қандай жолдары бар екенін, несиелік тәртіп мәселелерін шешу жолдарын сарапшы түсіндіріп беретінін айтып өтті. Шарбұлақта өткен шараға 70 тен аса ауыл тұрғындары қатысты.
Айта кетейік, жобаның негізгі мақсаты – азаматтардың әсіресе, берешегі бар қарыз алушылардың (жеке тұлғалар) қаржылық сауатын арттыру. Оқыту жұмысы жыл соңына дейін жалғасады.

Жобаға қатысушылар, өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды үйренеді. Олар қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын, несиелік қарыздар санын азайтудың қандай жолдары барын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екенін білетін болады.
Қаржы мамандарының дәрісінен бөлек, қосымша оқу процесіне қатысушыларға заңгер көмегі көрсетіледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке-жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша тәжірибелік кеңес береді және бизнес жоспар жасауға көмектер көрсетеді.


Оқуға құжаттар мен өтінімдер жергілікті жерлердегі “AMANAT” партиясы филиалдарының ғимаратында қабылданады.

Болатбек Әлиев: Халық көшеге көлігі болмағандықтан емес, айлығының аздығынан шығады.

Парламент мәжілісінің депутаты Болатбек Әлиев Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында 4 пайыздық жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасына қарсы пікір білдірді, деп хабарлайды ТАQ.KZ ақпараттық агенттігі informburo.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, автонесие бағдарламасымен берілетін көліктер отандық, яғни Қазақстанда құрастырылған дегенмен, оның бөлшектерінің бәрі Қытай, Кореядан әкелінеді. Сәйкесінше, ақша сол елдердің экономикасына кетіп жатыр. Ал, халыққа тұтыну кредитін көптеп беру инфляция көрсеткішін арттыра бермек.

“Мұның бәрі – тұтыну кредиті. Көлік телефонмен алғанмен бірдей, екеуі де өнім шығармайды. Оны тек тұтынасыз. Ал тұтыну кредиті инфляцияны күшейте береді. Үкімет тұтыну несиесін беру арқылы инфляциямен күресудің орнына керісінше жасап отыр. Анығында, халық көшеге көлігі болмағандықтан емес, айлығының аздығынан, табысының төмендігінен шығады. Ал біз адамдардың мойнына тағы да кредит салмағын салып жатырмыз. Қазақстан бүгінде суперәлеуметтік мемлекетке айналып отыр”, – деді Болатбек Әлиев.

Мәжілісменнің айтуынша несиені керісінше, ауыл шаруашылығы техникаларын алуға бағыттау керек.

“Бізде “халықта ақша жоқ” деген түсінік бар. Онда несиеге автокөлік берсеңіз, оның өтеуін қалай төлейді? Несиені адамдар мемлекеттің қолдауымен банктен алады. Неге сол несиені ауыл шаруашылығы техникасын алуға бермеске? Сонда шаруа жұмыс істеп, өнім шығарып, сатып, ақша табар еді. Тапқан қаржысына автокөлігін өзі-ақ алады ғой. Мемлекет 100 млрд теңгені жеңілдетілген автонесиеге бергенше, техника алуға берсін. Керісінше, техникаға бөлінген 30 млрд теңгені жеңіл автокөлік алу үшін бөлсін. Халық шаруашылықпен айналысып, өнім өндіріп, жағдайын дұрыстап жатса қаржысын бала-шағасына, азық-түлікке, көлікке жұмсайды. Есесіне банкке тәуелді болмайды”, – деп түсіндірді ол.

 

 

«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ОҚУ СЕМИНАРЫНА ҚАТЫСУШЫЛАР СЕРТИФИКАТ АЛДЫ

Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінде “Қарызсыз қоғам” атты қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша өткен оқу семинары өз мәресіне жетті. Пилоттық жобаға 70-ке жуық ауыл тұрғындары қатысты. Оқу семинарын сәтті аяқтаған тұрғындарға “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбеталиев арнайы келіп, сертификат табыс етті.


-“Бүгінде 6,3 миллионға жуық қазақстандықтың банктік несиелері өтелмеген. Сонымен қатар 1,2 миллион қазақстандық микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері, ең бастысы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі – жыл сайын халықтың қарызының өсуін арттырады.


Халықтың қарыз ауыртпалық мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді. Қазіргі уақытта 1 миллионнан астам адам кем дегенде бір несиесін кешіктіріп отыр.
Оқыту курсының негізгі мақсаты – елімізде болашақта ел экономикасын қалыптастыратын халықтың, жас ұрпақтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін құру” – деді филиал төрағасы.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Шорнақ бастауыш партия ұйымының төрағасы Сүлейменов Баймахан Тоймаханұлы курсқа қатысып, өз білімін жетілдірген тұрғындарға алдағы уақытта ұрпаққа үлгі боларлықтай сауатымызды арттырып, қарызсыз қоғамды қалыптастыруды үйрену керектігін айтты.

Бұл семинар қатысушыларға қаржылық сауаттылықты арттыру, өз қаражатын тиімді басқаруды үйрену, қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын және алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екендігін үйретті. Курсқа қатысуға ниет білдіріп келген ауыл тұрғындары айтылған мәселелермен толық танысып, қаражатты қалай жұмсау туралы толыққанды ақпараттарын қаржы сарапшысы Жандос Әзімбайдан алды. Жоба мамыр айында басталып, қараша айына дейін жалғасады. Кез – келген оқуға ниет білдірушінің жобаға қатысуға мүмкіндігі бар. Ол үшін тұрғылықты жерде орналасқан «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласып, тіркелуі қажет.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

«Линда» есірткіні тауып берді

Қызметтік иттің көмегімен шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдік ұсталды.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Жібек жолы» шекара бақылау бекетінен хабарлама келіп түсті. Онда «Линда» атты қызметтік ит Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына өтіп бара жатқан шетелдік ер адамға белгі бергені көрсетілген.
Содан полицейлер күдік тудырған ер адамға тінту жүргізді. Нәтижесінде шетелдіктің шалбарының қалтасынан есірткіге ұқсас зат табылды. Сараптамада қорытындысы алынған зат “гашиш” екенін растады. Тексеру кезінде ер адам Өзбекстан елінің азаматы екені анықталды.
Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.