Архив рубрики: Ақпарат

Түркістанда қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті

Түркістандағы «Этноауыл» қалашығында Наурыз мерекесі аясында қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубы және «Turkistan Qol Oner Одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, салт-дәстүрге қатысты қойылымдар мен көрме-жәрмеңкені тамашалады.

Іс-шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова арнайы қатысып, көрмедегі бұйымдармен танысып шықты.

Іс-шара барысында «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубының директоры Индира Икапова да көрме-жәрмеңке қонақтарына жылы лебізін білдірді.

— «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубы біраз уақыт бұрын «Этноауыл» жобасын қолға алған болатын. Одан бөлек, «Turkistan Qol Oner Одағы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Нәтижесінде бүгін Түркістандағы этно-қалашықта Әз Наурыз мерекесіне орай алғашқы іс-шарамыз өтіп жатыр. Бүгін сіздер үшін өңірдегі ең үздік қолөнер шеберлері өз бұйымдарын ұсынады. Мұндағы мақсат — ұлттық өнеріміз бен құндылықтарымыздың маңызын арттырып, кеңінен насихаттау. Бұл қазақ халқының мәдениетін әлемге танытып, Түркістандағы туризмді дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта да біз «Этноауыл» жобасын одан әрі дамытып, өңірімізді дамытуға үлес қосатын боламыз. Сіздерді Ұлыстың ұлы күні — Әз Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ағайын тату, ұлыс оң, ақ мол болсын. Ынтымағы жарасқан еліміздің абыройы асқақтап, ұлттық құндылықтарымыз мәңгі жасай берсін!, — деді Индира Сарқытқызы.

Атап өтсек, көрме-жәрмеңке аясында өңірдің әр ауданынан келген қолөнершілердің және «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубында жасалған зергерлік, қолөнер, керамика, ағаш бұйымдарынан көрме жайылды. Сонымен бірге, іс-шара қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, мерекелік концерт көріп, салт-дәстүрлерге қатысты қойылымдарды тамашалады.

Туысы жоқ адамдарды жерлеу шаралары бюджет есебінен жүргізіледі

Астана қаласы әкімдігі Ашық НҚА порталында қайтыс болған адамды жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастыру қағидаларын қоғамдық талқыға ұсынды. Жобада адамды жерлеу тәртібі баяндалған, — деп хабарлайды informburo.kz сайтына сілтеме жасап taq.kz тілшісі

Ережеге сәйкес, Астана қаласының әкімдігі әрбір қайтыс болған адамды жерлеу үшін зират қорымынан кемінде 6 шаршы метр жер учаскесін тегін бөледі. Зират қорымындағы бос жер учаскелері туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органның ресми интернет-ресурсынан алуға болады.

Қайтыс болған адамды жерлеу үшін оның жақындары зират әкімшілігіне «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған қайтыс болу туралы куәлікті немесе №045/у нысаны бойынша қайтыс болу туралы медициналық куәлікті өткізуі тиіс. Оның негізінде зират әкімшілігі қайтыс болған адамды жерлеу туралы есеп жүргізеді. Ол келесі мәліметтерді қамтиды:

  • жерлеу жылы, айы, күні;
  • зираттың нөмірі;
  • қайтыс болған адамның тегі, аты, әкесінің аты;
  • туған және қайтыс болған күні;
  • өлімнің себебі;
  • «электрондық үкімет» порталы арқылы алынған қайтыс болу туралы куәліктің нөмірі, күні және кімнің бергені;
  • марқұмның жақын туыстарының тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН, жеке басын куәландыратын құжаттың берілген күні мен нөмірі, мекенжайы, туыстары болмаған жағдайда, жерлеуді жүргізген адамның мекенжайы не жерлеуді жүргізген ұйымның атауы, БСН, мекенжайы.

Пітір садақа мөлшері 535 теңге болып белгіленді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы 2023 жылғы пітір садақа мөлшерін жариялады.

«Биыл пітір мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады», – деді бас мүфти.

Түркістан облысындағы 62 елдімекенде байланыс жоқ

Түркістан облысында интернетпен қамтылмаған 177 ауылдық елдімекенде небәрі 145 968 тұрғын тұрады. Ол елдімекендердің 115-і 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған, қалған 62 елдімекенде байланыс мүлде жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов мәлімдеді.
«Аталған 62 елдімекеннің 43-і министрлікпен айқындалған талаптарға сәйкес келмеуіне, халық санының аздығына байланысты ұялы байланыс операторлары базалық станция орнатудан бас тартып отыр. Қалған 19 елдімекенді алдағы жылдары ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне енгізу пысықталып жатыр. Жалпы Түркістан облысы бойынша сапалы интернетпен қамтуды қажет ететін, бірақ техникалық мүмкіндігі жоқ 134 елдімекен бар. Қазіргі уақытта осы елдімекендерді сапалы интернетпен қамту мақсатында салалық министрлікпен және Түркістан облысы әкімдігі арасында жол картасын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2023-2027 жылдар арасында облыста сапалы интернетпен қамту деңгейі 99,8% жетеді деп жоспарлап отырмыз. Түркістан облысы бойынша 3G стандартын қолданатын 437 елдімекеннің базалық станцияларын 2023-2029 жылдар аралығында 4G стандартына модернизациялау жоспарланған. Тұрғындарды қосымша интернетпен қамтамсыз ету бойынша тиісті мекемелермен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленуде», — деді басқарма басшысы.

Елімізде мүфтилер алқасы құрылды

ҚМДБ жанында жұмыс істейтін алқаға Наурызбай қажы Тағанұлынан бөлек, бұрынғы үш мүфти мүше болып енді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған мүфтилер алқасы өз жұмысын бастады. Оған бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, мүфтиятты әр жылдары басқарған Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Ержан қажы Малғажыұлы және Серікбай қажы Ораз мүше болып енді. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.

«Мүфтилер алқасының мақсаты – мұсылман жамағатының рухани бірлігін нығайту, дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау, еліміз бен жеріміздің рухани дамуына үлес қосуда мүфтилердің дін саласындағы тәжірибесі мен ақыл-кеңесін пайдалану.»

Үкімет отставкаға кетіп, жаңа құрам жасақталады

Мәжіліс сайлау өткен соң, үкімет отставкаға кетеді. Бұл туралы сенат кулуарында Мәулен Әшімбаев айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Taq.kz сайты

“Біздің конституциямызға сәйкес жаңа сайланған мәжіліс жұмысына кіріскеннен кейін үкімет отставкаға кетеді және жаңа үкімет жасақталады. Президент кімді премьер-министр етіп ұсынады, қандай министрлер тағайындалатыны бұл президенттің құзіретінде. Келесі аптада бұл мәселе шешіліп қалар. Қазір үлкен сайлаудың алдында тұрмыз. Сайлаудан кейін президентіміз үкіметке байланысты шешімдер қабылдайды. Сондықтан осындай жауапты кезең алдында мен баға бермеймін”, — деді сенат төрағасы.

Полицейлер заңсыз аңшылыққа қатысты 100-ден астам құқық бұзушылық анықтады

Түркістан облысы аумағында браконьерлікті анықтау және жолын кесу, заңсыз аң аулау мен балық аулау жайттарына қарсы 24 ақпан мен 13 наурыз күндері аралығында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау тобының қызметкерлерінен арнайы мобильді топтар құрылып, өзендер, су айдындары және т. б. жағалауларда кешенді рейдтік іс-шаралар жүзеге асырылуда. Тәртіп сақшылары атқарған жұмыс нәтижесінде, табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 101 дерегі анықталды. Оның ішінде жануарлар дүниесін пайдалану талаптары мен аң аулау ережелерін бұзудың 47 жайты мен балық аулау бойынша 43 дерек анықталды.
Сондай-ақ 10 құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Полицейлер браконьерлерден барлығы 18 келі балық, резеңке қайық, балық аулауға арналған 8 шанышқы мен балық аулау торларын тәркіледі.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды табиғатты қорғауға шақырады. Сондай-ақ табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Балалар ауруханасының есепшісі 109 миллион теңгені құмар ойынға жұмсаған

Талдықорғандағы балалар ауруханасының есепшісі құмар ойынға бюджеттің 109 миллион теңгесін жұмсап тастаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Таq.kz тілшісі

«Балалар ауруханасының» есепшісі Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе жымқыру фактісі бойынша сотталды.

Сотта анықталғандай, 2021 жылдың 1 наурызынан бастап есепші болып жұмыс істейтін А. 109 миллион теңгеден астам ақшаны ұрлап, құмар ойындарға салған.

«Сотталушының кәмелетке толмаған баласының болуын, келтірілген залал ішінара өтелгенін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сот күдіктіге бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға, мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында тиісті лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге жазасын бекітті”, – деп мәлімдеді Талдықорған қалалық сотының баспасөз қызметі.

Сот Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігін «Осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен жеңілірек жаза тағайындау» қолданып, ең төменгі жаза тағайындағанын атап өтті. Баптың санкциясы жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.

Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Мұғалімге де, оқушыға да ұялы телефон пайдалануға тыйым салынуы мүмкін

Сабақ барысында мұғалім мен оқушының ұялы телефон қолдануына тыйым салынуы мүмкін деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап TAQ.KZ сайты

Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы “Ашық НҚА” порталында жарияланды. Жоба 28-наурызға дейін қоғамдық талқылауда болады.
“Мұғалімнің шешімі бойынша сабақта оларды қолдану қажеттілігін есепке алмағанда, білім алушылар мен педагогтар сабақтарда мобильді байланыс құралдарын пайдаланбайды”, — делінген құжатта.
Сонымен қатар бұйрықта оқушыларға ата-ана мен ұстаздың қай кезде жауапты болатыны, әрі тәртіп бұзған жағдайда қандай шара көзделетіні жазылған.
“Білім алушылар білім беру ұйымынан тыс болған кезде білім алушылардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері жауапты болады. Білім беру ұйымында оқу-тәрбие процесін және білім беру ұйымынан тыс жерде өткізілетін оқу-тәрбие іс-шараларын өткізу кезінде білім алушылардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілік білім беру ұйымы басшысының бұйрығына сәйкес педагогтерге жүктеледі. Білім алушы теріс қылықтар жасаған, мектептің ішкі тәртіп қағидалары талаптарын бұзған кезде оны сабақтардан шеттетуге, сондай-ақ ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің қасында еріп жүруінсіз білім беру ұйымынан шығаруға жол берілмейді”, — деп жазылған жобада.

Еліміздің бірқатар аймақтарында жер сілкінісі болады деп күтілуде

Келесі апта Алматы қаласында, Алматы және Жетісу облыстарында 3-3,5 баллға дейін сезілетін жер сілкінісі күтілуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап ТАQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы болжамдық комиссияның қорытындысынан кейін cейсмология институты мәлімдеді.

Институт директоры Дәулет Сәрсенбаевтың айтуынша, биылғы жылы Алматының болжамды диапазон аумағында күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейді.

«Қазіргі таңда Алматы болжамдық полигонының аумағында (Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары) 47 станция жұмыс істеп тұр», – деп хабарлады ТЖМ cейсмология институтының баспасөз қызметі.

Институт базасында төрт ғылыми зертхананың қызметкерлері мен сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясының (СЭМЭ) қызметкерлері кіретін тұрақты болжау комиссиясы жұмыс істейді.