Архив рубрики: Кәсіпкерлік

ТУРИЗМ САЛАСЫНДАҒЫ ІРІ ЖОБАЛАР ӨҢІР ӘЛЕУЕТІН АРТЫРАДЫ – 2

Расын да, Төлеби ауданы туризм саласы бойынша бірінші орында тұруы керек. Оған барлық жағдай бар деуге болады. Сұлу табиғаты мен таза ауасы бар, көрікті орындары жеткілікті. Осы бағыттағы жұмыстарды мамандар барынша зерделеп, нақты іс-шараларды атқарып жатыр. Аудан үшінші мегаполис Шымкент қаласына да жақын орналасқан. Өндірісті, сауданы дамытуға да қолайлы. Сондықтан, кәсіпкерлікті дамытып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру маңызды болып есептеледі. Бұл бағытта, жалпы Төлеби ауданының өңірлік өнім көлемі де жыл санап арта түсуде. Тиісті жұмыстар арқылы 2030 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 369 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Яғни, өнеркәсіп өнім көлемін 49 млрд. теңгеден 115 млрд. теңгеге дейін, құрылыстың көлемін 10 млрд. теңгеден 15 млрд. теңгеге, сауда көлемін 28 млрд. теңгеден 84 млрд. теңгеге, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 62 млрд. теңгеден 154 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2030 жылға дейін өнеркәсіп 2,3 есеге, ауыл шаруашылығы 2,5 есеге, құрылыс 1,5 есеге, сауда 2,9 есеге, туризм саласындағы көрсеткіштер 3,7 есеге артпақ.

2025-2030 жылдар аралығында құны 144 млрд. теңге болатын 73 жобаны іске асырып, 1193 адамды жұмыспен қамтамасыз ету межесі қойылған. Инвестициялық жобалар негізінен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, сауда салаларында жүзеге асырылады. Өнеркәсіп саласында құны 38,2 млрд. теңге болатын 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 392 адам жұмыспен қамтылмақ. Ауыл шаруашылығы саласында құны 22,3 млрд. теңге болатын 20 жобаны іске асырып, 268 адамды жұмыспен қамту межеленген. 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығының өнім көлемі 154 млрд. теңгеге немесе 2,5 есеге артады. Сүт фермалары, мал бордақылау алаңдары ашылып, балық шаруашылығы, жылыжай, бау-бақша, тамшылатып, жаңбырлатып суару, өнім сақтау қоймасы, ет өңдейтін цехтар, құс шаруашылығы және жеміс-жидек өсіру цехы жобаларын жүзеге асыру көзделген. 2024 – 2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 млрд. теңге болатын 23 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Жаңа туристік және демалыс орындары ашылады. Жобалар іске асқан жағдайда туристік аймақтың әлеуеті артып, туристер саны 3,7 есеге артады деп болжануда.

Табиғаты әсем аймақта жеке кәсіпкерлер есебінен демалыс орындарын көбейту жұмыстары да қарқын алған. Осы тұста айта кетейік, өткен жылы Төлеби ауданында жеке кәсіпкер Сакен Сәрсенов жеке қаражаты есебінен «Алтын балық» демалыс орнының құрылысын аяқтап, пайдалануға ұсынды. Киелітас ауылдық округінде орналасқан құны 350 млн теңгені құрайтын демалыс орнында 4 коттедж, 10 сәкі бар. Аумағы 1,6 гектар. Кәсіпкер бұған қоса, балық шаруашылығын дамытып, 0.5 гектар аумақта 10 тоннадан астам сазан балығын өсіруде.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Эко туризм саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысында, оның ішінде таулы аймақтағы Төлеби ауданында эко туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Айта кетейік, соңғы үш жылда еліміздегі экотуристер саны 40%-ға өскен. Соңғы жылдары Қазақстанда экологиялық туризмге деген қызығушылық тұрақты түрде артып келеді. Осыдан үш жыл бұрын экотуристер саны 2 миллион адам болса, жетсе, олардың саны соңғы көрсеткіштер бойынша  2,8 миллионға көбейіп, 40%-ға артқан. Ал 2023 жылы экотуристер саны 2,4 миллион адам болған, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі. Бүгінде еліміздегі 14 ұлттық саябақ тұрақты туризм қағидаттарына сай инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыс істеп келеді. Туристердің жайлы демалысы үшін визит-орталықтар, кемпингтер, глэмпингтер және өзге де нысандар салынып жатыр. Кейінгі жылдары тағы 8 заманауи визит-орталық пайдалануға берілген. Олар ақпараттық жүйелермен, бағыттар көрсетілген навигациямен және негізгі инфрақұрылыммен жабдықталған. Бұл орталықтар келушілерге табиғи экожүйе, жабайы жануарлар мекені, арнайы маршруттар мен қорғалатын аумақта жүру ережелері жөнінде ақпарат ұсынады. Экотуризмді дамыту – табиғи мұраны сақтауға, елдің туристік әлеуетін арттыруға және өңірлердің тұрақты дамуына үлес қосады.

Бұл бағытта Төлеби ауданының әкімдігі экотуризмді дамытудың жолдарын пысықтап, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өкілдерімен әріптестік қарым-қатынас бағытында жұмыс істеу жолдарын қарастыруда. Ұлттық парктың аумағы әртүрлі кіру режимдері бар үш аймаққа бөлінген: қорық режимі (кіру жабық), туристік және рекреациялық. Ұлттық парктің аумағында Сайрам шыңы, оның биіктігі теңіз деңгейінен 4236 м биіктікте, Қырық қыз жартастары, Мақпал көлі теңіз деңгейінен 2100 м биіктікте орналасқан, Сусіңген биік таулы көлі (теңіз деңгейінен 1700 м) бар және Грейг қызғалдақтары өседі. Сайрам-Өгем МҰТП аумағында өсімдіктердің 1635 түрі, оның ішінде Қызыл кітапқа енген 62 түрі кездеседі. Бүгінде парк аумағының рекреациялық аймақтарында туризм саласын дамыту жолдары басты назарда. Мекеме басшысы парктың 17519 гектар жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналатынын, аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылғанын мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген. Рекреациялық аймақтарда демалыс нысандарын көбейту, экотуризмді дамыту мақсатында инфрақұрылым жүргізіліп, жол салынуы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар да жалғасын табады.

ТУРИЗМ САЛАСЫНДАҒЫ ІРІ ЖОБАЛАР ӨҢІР ӘЛЕУЕТІН АРТЫРАДЫ – 1

Төлеби ауданы – шығыс пен батысты жалғастырған әйгілі Жібек жолының күре тамыр даңғылы өткен жер. Өлкеміздің тұмса табиғаты қаншама ақын өлеңіне, суретшілердің қылқаламына арқау болды. Таулы аймақ тамылжыған табиғатымен ғана тартымды емес, ата тарихымыздың куәсі, елдігіміздің тұмары, өркениетіміздің жәдігер мұраларына өте бай өлке. Сондай-ақ, елді мекенде табылған мәдени ошақтар ашық аспан астындағы мұражайға айналды.

Тарихы шежіреге бай аудан таулы аймақта орналасқандықтан, туризм саласын экономиканың негізгі драйверіне айналдыру бағытында бірқатар жобалар қолға алынуда. Ауданда демалушыларға қызмет көрсететін орындар саны 200 нысанға жуықтайды.

Ауданда жыл бойы туристік қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі тау шаңғы курорты «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» құрылысы жүргізілген. Курорт аумағында бірнеше қонақ үйлер, мейрамханалар, арқан жолы, бассейн және тағы басқа нысандар жоспарланып, жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туризм саласындағы ауқымды жоба жылына 120 000 жуық демалушы қабылдай алады. Жоба айналасында туристерге қызмет көрсететін бірнеше нысандар ашылып, жалпы 2000-нан астам адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Жоба бойынша шаңғы трассасы биіктігі 1880-3155 метр (Шымбұлақ 2260-3163метр), трассасының жалпы ұзындығы – 33,4 шақырым болады.

Бұған дейін Төлеби ауданында құны 1,2 млрд теңгеге 4 туристік нысан ашылды. Аталған салаға көптеп инвестиция тарту үшін және дамыту мақсатында Біркөлік, Ақмешіт, Қасқасу елді мекендеріндегі туристік рекреациялық аймақтарының егжей-тегжейлі даму жоспары әзірленген. 2024–2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 млрд. теңге болатын ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Ауданның туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Ауасы таза, табиғаты керемет, тауы, бұлағы бар ауданның болашағы жарқын болары сөзсіз. 2030 жылдарға дейін туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 млрд. теңге болатын 23 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Жалпы Түркістан облысында туризмді дамытуда жаңа идеялар мен тәсілдер қолданылып жатыр. Өңірде туризм саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған іс-шара жоспары әзірленді. Аталған бағыттағы жұмыстар мен жоспарлар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің басты назарында. Өңір басшысы әр аймақтың туристік мүмкіндігін толық пайдалану маңызды екенін айтып келеді. Аймақ басшысы туризм саласы бойынша бекітілген идикаторлар толық орындалуы тиіс екенін және облыстағы туристік нысандарды ретке келтіруді, туризм саласын дамыту мақсатында нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оны жүзеге асыруды тапсыруда.

Ал, Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, 2029 жылға дейін аймақтағы туристер санын 1 млн. адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделуде. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарланған.

Өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсарту бойынша туризм саласына инвестициялар тартылып, жаңа туристік бағыттар мен қызметтерді іске асыру, Түркістан облысының табиғи, мәдени және тарихи байлықтарын тиімді пайдалану арқылы аймақтың туристік тартымдылығын арттыру жоспарланып отыр. Екіншіден, өңірдің туристік кластерін дамыту көзделуде. Жоспар үш негізгі кластерді қамтиды: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Үшіншіден, облыстың туризм саласында жаңа қызметтердің түрлерін кеңейту міндеті қойылған. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Халықаралық туристік дестинацияларда туристерге ұсынылатын бірыңғай қызмет түрде қарқынды дамыған. Соның ішінде City Pass туристік картасы үлкен сұранысқа ие. Бұл ретте өңірдегі мұражайлар, қонақүйлер, ресторандар, такси қызметтері және туристерге көрсетілетін басқа да қызметтерді біріктіре отырып, жеңілдетілген бағада туристік бағдарламаларды сату арқылы экономикалық табысқа қол жеткізуге болады. Сондықтан Turkistan City Pass электрондық туристік карта жүйесі іске қосылады. Өткен жылы Италияның «Alpin Tour», «Tomiris Travel» компаниялары мен серіктестеріне Түркістан облысының туристік бағдарламалары таныстырылып, Италия нарығында сатылымға шығарылған болатын. 2025 жылы Италия нарығынан 24 топ Түркістан облысына 2 күндік бағдарламамен келеді деп күтіліп отыр. Аймақта туризмді дамыту жұмыстары жалғасын табатын болады. Олардың қатарында Төлеби ауданының мүмкіндіктерін пайдаланып, табиғатты әсем аймақтағы демалыс орындарының санын арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру басты назарда.

ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТАТЫН МЕМОРАНДУМ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ҚХР-дың Хэйлунцзян провинциясының вице-губернаторы Цисян Чжанды қабылдады. Кездесуде екі аймақ арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды. Өңір басшысы Түркістан облысының әлеуетін таныстырды.

– Қытай Халық Республикасы – Қазақстан Республикасының сауда-экономикалық саласындағы маңызды әріптестерінің бірі. Бұл ретте Мемлекет басшыларының өзара тұрақты байланыстары екі елдің берік достығы мен тығыз қарым-қатынасының жарқын үлгісі. Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай Халық Республикасы ТОП-5 инвестор елдерінің қатарына кіреді. Түркістан облысының табиғи климаттық жағдайы қолайлы, ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді. Жібек жолының бойында орналасқан аймақ. Өңірдің кадрлық әлеуеті жоғары және қажетті жұмыс күшін ұсына алады. Қазіргі уақытта біздің облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өңіріміздің негізгі инвестициялық алаңдары – 15 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 гектар алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы. Инвесторларға дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда. Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының негізгі драйвері. Осы салада және туризмге басымдық берілген. Мақта, ет экспорты жолға қойылған. Түркістан облысы мен Хэйлунцзян провинциясы арасында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мен өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуды ұсынамыз – деді Нұралхан Көшеров.

Бір топ инвестор мен делегацияны бастап келген Цисян Чжан қонақжай пейілмен қарсы алған өңір басшысына алғысын білдірді. Аймақты дамытуға инвестиция тартуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, өндіріс орындарын ашуға қолдау көрсететінін жеткізді. Кездесу барысында Түркістан облысы мен Хэйлунцзян провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынастарды орнату туралы меморандумға қол қойылды. Хэйлунцзян – Қытайдың солтүстік-шығысындағы аймағы, 30 миллионнан астам халқы бар. Ауыл шаруашылығы, өндірісі дамыған аймақ. Енді осы аймақ пен Түркістан облысы арасында іскерлік байланыс нығаяды. Кездесуден кейін шетелдік инвесторлар облыстағы өндірістік алаңдарды аралап, әлеуетімен танысты. Айта кетейік, соңғы 15 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 24 млрд. АҚШ долларына жетті. Ал Түркістан облысының көрші елмен өзара тауар айналымы 2023 жылдың қорытындысы бойынша 149 млн. АҚШ долларын құрады.

Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының вице-губернаторы Чжан Цисян Түркістан облысындағы кәсіпорындарды аралап көрді. Шетелдік делегация өңірдің өндірістік әлеуеті және инвестициялық жобаларымен танысты. Кәсіпорындарды аралауға облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков қатысты. «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Данияр Бектұрғанов көкөніс сақтау қоймасы, шағын өндірістік парктің мүмкіндіктері мен бүгінгі жетістіктерін сөз етті. Қонақтар жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» өндіріс цехын, мектеп және медицина мекемелеріне арналған жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» компаниясы, тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl Suyq Qazaqstan» зауытында болды. Жуырда іске қосылатын бейнебақылау камераларын жасайтын «Бір белдеу бір жол» кәсіпорнының өкілдерімен пікірлесті. Кездесу соңында әріптестікті нығайту бойынша ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Айта кетейік екі тараптың кездесуінде тек экономиканы дамытуға ғана емес, мәдениет, туризм, білім саласын дамыту тетіктері де қарастырылмақ. Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара қарым-қатынас – достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік қағидаттары негізінде дамып келеді. Ұлы Жібек жолы құрылған сәттен бастап дамып, өркендеп келе жатқан екі ел арасындағы сауда-экономикалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық қатынастардың орны ерекше. Бүгінгі таңда елдеріміздің шекарасы арқылы 5 тұрақты пункт, 5 трансшекаралық мұнай және газ құбыры, 2 теміржол желісі және халықаралық ынтымақтастық орталығы жұмыс істейді.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан өңірінде логистикалық орталық жасауға толық мүмкіндік бар. Инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақ өз қатысушыларына салықтардан, кедендік баждардан жеңілдіктер ұсынады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда. Аталаған өндірістік ғимараттар бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен жалдау және сатып алу құқығымен беріледі.

Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды

Сауран ауданында ауылшаруашылығы саласында 2025 жылдың басынан бері 6,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта өңірде биыл құны 16,4 млрд теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жайында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Ауданға қарасты Шаға ауылдық окугінде келесі жылы «Eco-Chiken» ЖШС жұмысын бастамақ. Ет бағытындағы құс фермасының жоба құны 2,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Өндіріс орны толық іске қосылған соң тек облыс көлемінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне құс етін эспорттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» ЖШС-ң құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 700 гектар аумаққа жаңбырлатын суару қондырғысын орнату жобасы да жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері өңірдегі ауылшаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосарына күмән жоқ»- деді өңір басшысы.

Сонымен қатар Мақсат Асылбекұлы өңірлік өнім көлемін артыру мақсатында, ауданның 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленгенін жеткізді. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Ал, 2025 жылдың соңына дейін медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылады. Салынатын инвестиция көлемі 100 млрд.теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Аудандағы тарихи нысандарға келуші туристер де жыл санап артып келеді. Өткен жылдың қорытындысымен өңірде қонақ болғандар саны 100 мың адамға жуықтаған. Жалпы Сауран ауданында 54 тарихи нысан орналасқан. Оның ішінде, 3 нысан республикалық маңызға ие. Саланы әрмен қарай дамыту мақсатында биыл жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 164 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округіндегі минералды су көздерін тиімді пайдалану мақсатында емдік сауықтыру және демалыс аймағын құруға 20 гектар жер телімі белгіленді. Алдағы уақытта 14 жоба іске асырылып, 5 млрд теңге инвестиция тартылады.

Сонымен қатар аудан әкімі өңірдегі инфрақұрылым саласындағы оң өзгерістерге де тоқтала кетті. Бүгінгі таңда ауданға қарасты 33 елді мекеннің 32-сі ауыз су құбырларымен қамытылған. Өткен жылы 14 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл Ескі Иқан, Жүйнек, Қазақстанның 30 жылдығы, Егізқара елді мекендерінің ауыз су жүйелері ретке келтіріп, 24 сағат ауыз сумен қамтылатын болады. Ал, электр жүйесімен қамту бағытында 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен 56 дана трансформаторлар ауыстырылған. Сондай-ақ, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 17 шақырымды құрайтын электр желілері ауыстырылып, 4 дана трансформатор орнатылды. Биыл бюджет есебінен қосымша 12 трансформатор орнатылады. Ал, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 5 трансформатор орнатылса, 13 шақырым электр желілері ауыстырылады. Өңірдегі табиғи габен қамту көрсеткіші 43,3 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін қосымша 1 790 абонент қосылып, 45,6 пайыз аудан тұрғындары көгілдір отынды тұрақты пайдалануға мүмкіндік алады.

Сауран ауданының даму жоспарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм саласы басым бағытқа ие. Ауданда жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру ісі жақсы дамыған. 2030 жылға дейін құны 174,6 млрд. теңгені құрайтын 151 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы бойынша 52 жоба (жоба құны – 107 млрд. теңге, 390 жұмыс орны), өнеркәсіп саласында 85 жоба (жоба құны 53,1 млрд. теңге, 2 427 жұмыс орны), туризм саласында 14 жоба (жоба құны 14,5 млрд. теңге, 250 жұмыс орны) жүзеге асады. Жалпы 3 067 жаңа жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 321,5 млрд. теңгеге жетіп, 2,4 есе артады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге өндірістік аймақтарды кеңейту, тоқыма өнеркәсібі, жиһаз жасау, пластмасса өнімдерін өндіру жобалары жүзеге асады. Су үнемдеу технологияларына 17,6 млрд. теңге инвестиция тартылады. 14 жобаны жүзеге асыру көзделген. Мал, құс, балық, егін және мақта шаруашылығы да дами түседі.

Туризм саласында 14 жоба енгізілсе, оның 4-еуі биыл ашылмақ. Емдік-сауықтыру және демалыс аймақтары салынады. Аудандағы тарихи орындардың туристік әлеуетін көтеру бағытында да жұмыстар жүргізілмек. Жалпы Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен бой көтерген өндірстік парктің мүмкіндігін толық пайдаланып, индикаторларды еселеу маңызды.  Өзіндік кіріс көздерін молайтып, жұмыс орындарын көбейту басты мақсаттардың бірі.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУДЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді жаңа экономикалық модельге көшіру міндеттерінің маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Бұған әділ және бәсекеге қабілетті экономикалық жүйе құру, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңарту, бизнесті қолдау және инвестиция тарту кіреді. Бірнеше жыл ішінде Қазақстан біртіндеп өңдеуші өнеркәсібін дамытуға баса назар аударуда. Президент ұлттық экономиканы дамыту үшін өңдеуші өнеркәсіптің маңыздылығын белгіледі. Қуатты индустриялық базаны қалыптастыру және еліміздің өңдеуші саласын үдемелі дамыту бойынша басым міндеттерді айқындап берді. Жоғары өңдеу саласын дамытуға баса назар аудару елдің сыртқы тәуекелге осалдығын азайтуға және экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта әр облыста жаңа жобалар жүзеге асырылып, өңірлердің әлеуметтік – экономикалық өркендеуі оң көрсеткіштерге де қол жеткізуде.

Ал, Түркістан облысында жалпы құны 130,3 млрд теңгені құрайтын 100-ге жуық инвестициялық жоба индустриалды аймақтарда жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу жұмыстары Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Қазіргі таңда жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, облыс экономикасына 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық адам жұмысқа орналасып, облыс қазынасына 2,1 млрд теңге салық түсті.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлының төрағалығымен өткен мәжілісте «Turkistan» индустриалды аймақтарындағы жобалар мен олардың жүзеге асу барысы жан-жақты қаралды. Жиында әкім индустриалды аймақтарды кеңейту мен жаңадан құрылатын өндірістік алаңдарға инфрақұрылым жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

– Индустриалды аймақтар – аймақтың экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі, нәтижелі жүргізуді талап етемін, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Аймақта инфрақұрылым жеткізу жұмыстары басты назарда тұр. Индустриалды аймақтардың тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті электр, су, газ және жол желілерімен қамту мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Сонымен қатар облыс әкімі индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру және заманауи стандарттарға сай келтіру қажеттігін атап өтті. Бұл – өндіріс орындарында жайлы орта қалыптастырып, инвесторларға тартымды жағдай жасауға жол ашады.

Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында, сондай-ақ Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Қазіргі уақытта тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Мақсат – әрбір аудан мен қалада өндірістік алаңдарды қамтамасыз етіп, кәсіпкерлікті дамытатын инфрақұрылым құру.

 

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов мәжіліс барысында сала бойынша атқарылған жұмыстар мен негізгі көрсеткіштерді баяндады. Жобалар аудан, қала әкімдіктері мен салалық басқармалар арасында тығыз үйлесімде жүзеге асырылуда. Индустриалды аймақтарда жүзеге асып жатқан жобалардың көпшілігі құрылыс материалдары өндірісі, дайын металл өнімдері, металлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өндірісі бағыттарына бағытталған. 2024 жылы өңірлік үйлестіру кеңесі 18 инвестициялық жобаны мақұлдап, олар тиісті индустриалды аймақтарға енгізілді.

Айта кетейік, жалпы еліміз бойынша 2025 жылы шамамен 1,5 триллион теңгенің 190 индустриялық жобасын іске қосу көзделіп отыр. Бұл 22,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға және отандық экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Басымдық берілетін салалар — металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және басқа да жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын салалар. Сондай-ақ, жаңа жобаларды жүзеге асыру, өндірісті жергіліктендіруді ынталандыру, экспортқа бағытталған салаларды дамыту басым бағыттардың бірі болмақ. Яғни, өнеркәсіп саласындағы бизнесті ынталандыру үшін мемлекет 800 миллиард теңге бөлуді қарастырды, оның ішіне өнеркәсіп алаңдарын құру жобаларына жеңілдетілген қаржы бөлу де кіреді. Импортты алмастыру бағытында импортқа тәуелділікті төмендету және ішкі қосылған құн тізбегін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Экспортты дамыту үшін сыртқы нарықтарды кеңейту және қазақстандық өндірушілерді шетелде қолдау шаралары да жүргізіліп жатыр.

Өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасыӨңірлік кеңесінің төрағасы Н.Әбішовтың төрағалығымен кеңестің кезекті отырысы өтті.

Кеңес отырысына облыс әкімінің орынбасары Қозбеков Талғат Жапарханұлы, өңірлік кеңес мүшелері, Сайрам және Түлкібас аудандарының кәсіпкерлері және тиісті мемлекеттік органдар басшылары мен басқарма өкілдері қатысты.  

Отырыстың күн тәртібіне 3 мәселеқаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойыншаСайрам мен Түлкібас аудандары кәсіпкерлерінжеке-жеке қабылдап, тиісті орган өкілдері түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар, кеңес отырысында«Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кәсіпкерлер палаталарының өңірлік кеңестерін қалыптастыру және делегаттарды (мүшелерді)сайлау қағидаларына» өзгерістер енгізутуралы мәселе қаралды.

Аталған мәселе бойынша Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша директор орынбасары Ауелбеков Ербол Асфандиярұлы хабарлама жасады. Кеңес мүшелері бұл мәселені талқылап, ұсынысты Қазақстан РеспубликасыАтамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасынажолдау туралы шешім қабылдады.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша Өңірлік кеңестің маусым айында көшпелі отырысы өтетін аудандар айқындалды.

Өңірлік кеңес мүшелерінің шешімімен көшпелі отырыс Арыс қаласы мен Отырар ауданында өтеді.  

Алдағы уақытта Өңірлік кеңес кезегімен барлық аудандарды аралайтын болады.

Жиын соңында Н.Әбішов кеңес отырысына белсенді қатысқан кеңес мүшелеріне алғысын білдіре отырып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып,  жиында көтерілген мәселелердің оңтайлы шешілуіне және бағдарламалық құжаттарды іске асыруға жәрдемдесуге, кәсіпкерлік саласын барынша дамытуға атсалысуға шақырды.

ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ МАҚТА-ТОҚЫМА КЛАСТЕРІНІҢ ЖАҢА ДӘУІРІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА

Түркістан облысында 2025–2026 жылдары толық циклді мақта-тоқыма кластері құрылады. Қазақстанда теңдесі жоқ инвестициялық жоба аясында 4 мақта өңдеу зауыты мен толыққанды тоқыма кешені іске қосылады. Атап айтқанда, егіс алқабынан бастап иіру өндірісі, мата шығару мен бояу, өңдеу және дайын өнімге дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

30 000 гектардан астам алқапта заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, мақта өсіріледі. Бұл ірі жоба – тоқыма саласындағы тәуелсіздікке, экономикалық тұрақтылық пен технологияда көшбасшылыққа жетелейтін маңызды стратегиялық қадам. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланумен қатар,ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына мол үлес қосады. Экологиялық бағытта да тиімді тәсіл саналады.

«Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ (SPK Turkistan) және «Алтын дала мақта» ЖШС 2024 жылы Отырар ауданында толыққанды тоқыма кешенін салуды қолға алды. Қазіргі таңда жеке шикізат базасын, ұлттық тоқыма өнеркәсібінқалыптастыруда. Жобаның артықшылығы – шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық берілуінде.Салаға қажет технологиялар, оның ішінде тамшылатып суару жүйелері импортқа тәуелді болмай аталған кешенде өндіріледі.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі — 140 миллиард теңгеден асады. 4 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Жобаның өндірістік қуаттылығы:
Мақта өңдеу – жылына 180 000 тонна;
Мата – 45 миллион погон метр;
Үйге арналған тоқыма бұйымдары – 7 миллион дана.

Бастамаға кеңесші ретінде қытайлық «Lihua Spinning Technology Co., Ltd» ЖШС тартылған.Компания тоқыма және тігін өнеркәсібі секторы бойынша нарықта 20 жылдық тәжірибесі бар Қытайдағы ірі кәсіпорын. Әлемге танымал брендтермен тікелей жұмыс істейді. Бүгіндеөндіріс орнының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар тамшылатып суару жүйелері орнатылып, біршама аумаққа мақтаның элиталық сорттарының тұқымы себілді.


Кластерлік тәсіл – барлық өндірістік тізбекті бір алаңда біріктіретін тиімді модель.Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және технологияның бірлігінен туындайтын синергия. Шығындарды азайту, сапаны жақсарту мен жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында екі зауыт салынады.

Түркістан облысы – елімізде мақта өсіретін жалғыз өңір. Аграрлық әлеуетті ілгерілетуге бағытталған мұндай баламасы жоқ жобалар тұтас ел экономикасына әсер етіп, жаңа даму нүктесіне айналдырады.

 

ӘЛЕМДІК КӨШБАСШЫ КОМПАНИЯ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТОҢАЗЫТҚЫШ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ АШТЫ

Түркістан облысы, Сауран ауданындағы Шағын өнеркәсіптік парк аумағында «UBC» халықаралық компаниясының тоңазытқыш шығаратын «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» зауыты іске қосылды. Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «UBC Group» президенті Игорь Гуменный, өндіріс жөніндегі вице-президент Игорь Бурдыленко, коммерция жөніндегі вице-президент Александр Гуменный, «UBC Group» холдингінің зауыттары мен бөлімшелерінің басшылары, шет мемлекеттердің және еліміздің серіктес компанияларының жетекшілері қатысты.

Салтанатты іс-шарада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, зауыттың жұмысына сәттілік тіледі.

– Бүгін біз тек облысымыз үшін ғана емес, бүкіл ел үшін тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Әлемдік деңгейдегі үздік компанияның зауыты Түркістан облысында іске қосылуда. «UBC Group» компаниясының тынымсыз еңбегі мен осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан команданың жұмысының нәтижесінде жаңа өнеркәсіптік тоңазытқыштар зауытын ашып отырмыз. Бұл бастамалар тікелей Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асуда. Мұндай заманауи өндіріс орнын ашу – Түркістан облысы үшін тек маңызды экономикалық қадам ғана емес, сонымен қатар өңірдің инновациялар және заманауи технологияларға дайын екендігінің көрсеткіші. Кәсіпорын жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірімізге қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік бермек. Бұл бастама – шет елдермен ынтымақтастықтың жарқын көрінісі. Біз жаңа жобаларға, жаңа инвесторларға ашықпыз және қолдау көрсетуге дайынбыз. Сіздерді Түркістан облысына инвестиция құюға шақырамын. «UBC Group» басшылығы мен ұжымына осындай маңызды жобаны жүзеге асыру үшін Түркістан облысын таңдап, көрсеткен сенімдері үшін алғыс айтамын. Жаңа зауыт Түркістан облысының жаңа мүмкіндіктер, инновациялар және тұрақты дамуының символына айналсын! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

«UBC Group» басшысы Игорь Гуменный 2023 жылы өндірістік алаңдарын Қазақстанда орналастыру туралы шешім қабылдап, жаңа зауыт салу үшін бірқатар аймақтың арасынан Түркістан облысы таңдалғанын айтып өтті. Көрсетілген жан-жақты қолдау үшін алғысын жеткізіп, тоңазытқыштар өндірісі жобасының сәтті жүзеге асатынына сенім білдірді.

UBC Group – тоңазытқыш жабдықтарын өндіру саласында жұмыс істейтін және сәтті дамып келе жатқан Украинаның ең ірі өнеркәсіптік холдингтерінің бірі. Компанияның тұтынушылары әлемнің түкпір-түкпіріндегі танымал брендтер мен ірі корпорациялар.

Екі ел арасындағы бірлескен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қысқа мерзімде компания барлық қажетті құжаттарды рәсімдеп, зауыттың құрылысын бастады. Жобаға сәйкес, бір шаңырақ астында өндірістік цехтар, қоймалар, әкімшілік және кеңсе ғимараттары орналасатын заманауи кәсіпорын бой көтереді. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі 30 миллион еуроға дейін жетеді.

Жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде зауыт жылына 40 мың дана сауда тоңазытқышын шығаруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде мұнда 350-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Жоба толық іске қосылғанда 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Өндіріс орнының ашылу рәсімінен кейін қонақтарға зауыт аумағына экскурсия ұйымдастырылды. Өндіріс барысы көрсетіліп, жаңа зауытта өндірілген өнімдер таныстырылды.

Айта кетейік, бүгін Түркістанда 100-ден аса отандық және шет мемлекеттердің бизнес өкілдерінің қатысуымен ауқымды бизнес-форум өтті. Халықаралық форумға қатысушылар қатарында Украина, Түркия, Грузия, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан және еліміздің ірі компания иелері мен өкілдері бар. Онда Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, өңірдегі мүмкіндіктер туралы айтылды. Қатысушылар ашық диалог алаңында жаңа идеялар айтып, пікір аламасты.

2018 жылы құрылған Түркістан облысы сауда-экономикалық байланыстарды және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін үлкен әлеуетке ие. Қазіргі уақытта өңірдің инвестициялық қоржынында 2025-2028 жылдарға жоспарланған 110 инвестициялық жоба бар. Бұл жобалар 4,6 миллиард АҚШ долларына дейін инвестиция тартуға және 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өңірде «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және индустриалдық аймақтар сияқты инвестициялық алаңдар бар. Соңғы 6 жылда Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауының арқасында өңірде инвестиция тарту бойынша ауқымды шаралар атқарылды. 2018 жылдан бері облысқа шамамен 9 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестициялар тартылды. Инвестициялар өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға бағытталды.

Олжас Бектенов кәсіпкерлерді екі апта ішінде салық сомасын әділетті түрде төлеуге шақырды

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен және қаржы министрі Мәди Такиевпен жұмыс кеңесін өткізді. Салық-бюджет реформасы және салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелері қаралды.

Қаржы министрі Мәди Такиев жүргізілген талдау шеңберінде жосықсыз салық төлеушілердің салық міндеттемелерін оңтайландырудың құқықтық схемасы ретінде шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында бұрын енгізілген арнайы салық режимдерін (СРП) пайдалану фактілері анықталғанын баяндады.

Бүгінде елімізде 2,3 млн салық төлеуші тіркелген. Оның 8%-ы немесе 137 мыңы ғана – ҚҚС төлеушілер. Жалпы субъектілер санының 81%-ы оңайлатылған декларацияны пайдалана отырып, арнайы салық режимінде жұмыс істейді, ал олардың 85%-ы 15 млн теңгеге дейінгі кірістерді көрсетеді.

«Біз арнайы салық режимдерін қолданатын субъектілердің жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін компаниялармен өзара есеп айырысуларына талдау жасадық. Талдау көрсеткендей, мұндай режимдер арасындағы өзара есеп айырысу өткен жылы 2 есеге – 5 трлн-нан 10 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл ретте арнайы салық режимдері бойынша 16 трлн теңгенің жалпы айналымынан жалпыға бірдей белгіленген режиммен өзара есеп айырысу 10 трлн теңгені құрайды. Яғни, жүздеген миллиард теңге табыс тауып, салық төлеушілер аз ғана салық төлейді», — деген Мәди Такиев бизнес пайдаланатын бірқатар бөлшектеу схемаларын айтты.

Салықтарды оңтайландыру және пайданы азайту үшін компаниялар «құжаттық» шығындарды арттыру принципін ұстанады. Бір компания тауарларды сатып алады және оны оңтайландырылған режимде жұмыс істейтін басқа заңды тұлғаға өзіндік құны бойынша қайта сатады. Нәтижесінде, бірінші компания шығынды көрсетсе, ал екіншісі жеңілдік шарттарын пайдалана отырып, ҚҚС төлеуден жалтарып отыр.

Сонымен қатар бизнесті бірнеше заңды тұлғаларға бөлу әдісі қолданылуда. Мысалы, бір мекемеде бар, асхана және караоке жеке компания ретінде тіркелген немесе қонақ үйдің әр қабаты әртүрлі жеке кәсіпкерге тиесілі. Олардың бірінің табысы 78 млн теңге шегіне жеткенде, қызметі тоқтатылады, ал оның орнына басқа заңды тұлға келіп, бұл ҚҚС төлеуден жалтаруға мүмкіндік береді.

«Еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту үшін кәсіпорын қызметкерлері штаттан шығарылып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бұрынғы жұмыс берушіге жұмысшы ретінде емес, жеке тұлға ретінде қызмет көрсетеді. Тиісінше, еңбекақы төлеу қорына түсетін салық төлемдері азайып, жұмыс берушіден әлеуметтік жауапкершілік алынып тасталады, одан әрі оны кәсіпкер өз мойнына алады», — деді Мәди Такиев.

Осыған байланысты ҚР Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында бөлшектеуге қарсы күрес бойынша бірқатар шара ұсынады:

  • бизнестің бөлшектенуінің заңнамалық критерийін енгізу;
  • салық дауларында нысаннан мәннің басым болу қағидатын енгізу;
  • мұндай фактілерді бақылау және дәлелдеу әдістерін енгізу;
  • жеке кәсіпкерлер үшін қызмет түрлерін шектеу.

«Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлердің барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниялары жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі. Баршадан екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын.

Егер бұл әрекеттер жасалмаса, онда мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурстарды қолдану құқығын өзіне қалдырады.

Талап қатаң болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындаса, біз диалог құруға дайынбыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

 

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСУШЫЛАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында балық шаруашылығына қызыққан кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны болса, оның 82-сі — балық шаруашылығына бекітілген. Саладағы жұмыстармен танысу үшін БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Шарада журналистер әуелі Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында форель балығын өсіретін шаруашылық жұмысымен танысты. «Қанапия Мақсат Нармаханұлы» шаруа қожалығы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6 млн теңге көлемінде қаржы алған. Жоба құны 9,1 млн теңгені құрайтын қожалықта бүгінгі таңда 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, тур аясында аудандағы «Утепов М» мал бордақылау алаңының жұмысы таныстырылды. Ауданға қарасты Бөржар ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалығы жылқы мен ірі қара малын бордақылаумен айналысады. Сонымен қатар, жылына 350 тоннаға дейін ет өндіреді. 2021 жылы жұмысын бастаған қожалықта 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда алаңда 600 бас жылқы және ірі қара мал бордақылауға мүмкіндік жасалған. Жоба құны 500 млн теңгеге бағаланып отыр.
Ауданда жылыжай шаруашылығымен айналысушылар саны да артқан. Мәселен, Шұбарсу ауылдық округінде орналасқан «Ерімбетов А» жылыжай кешені 2017 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қызанақ және қияр өнімдерін өсіретін кәсіпкерлік нысанда бүгінгі таңда 50 адам тұрақты жұмыс тапқан. Жоба құны 500 млн теңгені құрайтын жылыжай кешенінің өндіріс алаңы 4 гектарды құрайды. Онда өсірілген көкөністер еліміздің бірнеше облыс-қалаларына экспортталады.