Архив рубрики: Кәсіпкерлік

Олжас Бектенов кәсіпкерлерді екі апта ішінде салық сомасын әділетті түрде төлеуге шақырды

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен және қаржы министрі Мәди Такиевпен жұмыс кеңесін өткізді. Салық-бюджет реформасы және салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелері қаралды.

Қаржы министрі Мәди Такиев жүргізілген талдау шеңберінде жосықсыз салық төлеушілердің салық міндеттемелерін оңтайландырудың құқықтық схемасы ретінде шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында бұрын енгізілген арнайы салық режимдерін (СРП) пайдалану фактілері анықталғанын баяндады.

Бүгінде елімізде 2,3 млн салық төлеуші тіркелген. Оның 8%-ы немесе 137 мыңы ғана – ҚҚС төлеушілер. Жалпы субъектілер санының 81%-ы оңайлатылған декларацияны пайдалана отырып, арнайы салық режимінде жұмыс істейді, ал олардың 85%-ы 15 млн теңгеге дейінгі кірістерді көрсетеді.

«Біз арнайы салық режимдерін қолданатын субъектілердің жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін компаниялармен өзара есеп айырысуларына талдау жасадық. Талдау көрсеткендей, мұндай режимдер арасындағы өзара есеп айырысу өткен жылы 2 есеге – 5 трлн-нан 10 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл ретте арнайы салық режимдері бойынша 16 трлн теңгенің жалпы айналымынан жалпыға бірдей белгіленген режиммен өзара есеп айырысу 10 трлн теңгені құрайды. Яғни, жүздеген миллиард теңге табыс тауып, салық төлеушілер аз ғана салық төлейді», — деген Мәди Такиев бизнес пайдаланатын бірқатар бөлшектеу схемаларын айтты.

Салықтарды оңтайландыру және пайданы азайту үшін компаниялар «құжаттық» шығындарды арттыру принципін ұстанады. Бір компания тауарларды сатып алады және оны оңтайландырылған режимде жұмыс істейтін басқа заңды тұлғаға өзіндік құны бойынша қайта сатады. Нәтижесінде, бірінші компания шығынды көрсетсе, ал екіншісі жеңілдік шарттарын пайдалана отырып, ҚҚС төлеуден жалтарып отыр.

Сонымен қатар бизнесті бірнеше заңды тұлғаларға бөлу әдісі қолданылуда. Мысалы, бір мекемеде бар, асхана және караоке жеке компания ретінде тіркелген немесе қонақ үйдің әр қабаты әртүрлі жеке кәсіпкерге тиесілі. Олардың бірінің табысы 78 млн теңге шегіне жеткенде, қызметі тоқтатылады, ал оның орнына басқа заңды тұлға келіп, бұл ҚҚС төлеуден жалтаруға мүмкіндік береді.

«Еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту үшін кәсіпорын қызметкерлері штаттан шығарылып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бұрынғы жұмыс берушіге жұмысшы ретінде емес, жеке тұлға ретінде қызмет көрсетеді. Тиісінше, еңбекақы төлеу қорына түсетін салық төлемдері азайып, жұмыс берушіден әлеуметтік жауапкершілік алынып тасталады, одан әрі оны кәсіпкер өз мойнына алады», — деді Мәди Такиев.

Осыған байланысты ҚР Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында бөлшектеуге қарсы күрес бойынша бірқатар шара ұсынады:

  • бизнестің бөлшектенуінің заңнамалық критерийін енгізу;
  • салық дауларында нысаннан мәннің басым болу қағидатын енгізу;
  • мұндай фактілерді бақылау және дәлелдеу әдістерін енгізу;
  • жеке кәсіпкерлер үшін қызмет түрлерін шектеу.

«Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлердің барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниялары жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі. Баршадан екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын.

Егер бұл әрекеттер жасалмаса, онда мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурстарды қолдану құқығын өзіне қалдырады.

Талап қатаң болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындаса, біз диалог құруға дайынбыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

 

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСУШЫЛАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында балық шаруашылығына қызыққан кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны болса, оның 82-сі — балық шаруашылығына бекітілген. Саладағы жұмыстармен танысу үшін БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Шарада журналистер әуелі Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында форель балығын өсіретін шаруашылық жұмысымен танысты. «Қанапия Мақсат Нармаханұлы» шаруа қожалығы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6 млн теңге көлемінде қаржы алған. Жоба құны 9,1 млн теңгені құрайтын қожалықта бүгінгі таңда 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, тур аясында аудандағы «Утепов М» мал бордақылау алаңының жұмысы таныстырылды. Ауданға қарасты Бөржар ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалығы жылқы мен ірі қара малын бордақылаумен айналысады. Сонымен қатар, жылына 350 тоннаға дейін ет өндіреді. 2021 жылы жұмысын бастаған қожалықта 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда алаңда 600 бас жылқы және ірі қара мал бордақылауға мүмкіндік жасалған. Жоба құны 500 млн теңгеге бағаланып отыр.
Ауданда жылыжай шаруашылығымен айналысушылар саны да артқан. Мәселен, Шұбарсу ауылдық округінде орналасқан «Ерімбетов А» жылыжай кешені 2017 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қызанақ және қияр өнімдерін өсіретін кәсіпкерлік нысанда бүгінгі таңда 50 адам тұрақты жұмыс тапқан. Жоба құны 500 млн теңгені құрайтын жылыжай кешенінің өндіріс алаңы 4 гектарды құрайды. Онда өсірілген көкөністер еліміздің бірнеше облыс-қалаларына экспортталады.

Н.КӨШЕРОВ: «АЛДЫМЕН ЖЕРГІЛІКТІ МАМАНДАРДЫ ЖҰМЫСҚА АЛУ КЕРЕК»

Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу жөніндегі өңірлік жоспар бекітілген. Бұл бағытта ауқымды шаралар жүзеге аспақ. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте Президент тапсырмасын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Онда облыс әкімі барлық жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Облыстағы колледждер мен арнаулы білім орталықтарында мемлекеттік тапсырыспен оқытылып жатқан мамандықтарды қажетті жұмысшы мамандықтарына сәйкестендіруді, инвесторларға алдымен жергілікті мамандарды жұмысқа алу бойынша талап қоюды міндеттеді.
Қазақстан Президенті өз Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл шешім жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру, оларды жастар арасында танымал ету және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мақсатында қабылданды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады»,- деп атап көрсеткендей, еңбек адамы бүгінде көпке үлгі болуы тиіс. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы маңызын дәріптеуіміз керек. Жауапты басшыларға колледждер мен арнаулы білім орталықтарында мемлекеттік тапсырыспен оқытылып жатқан мамандықтарды қажетті жұмысшы мамандықтарына сәйкестендіруді тапсырамын. Өңірімізде іске асырылып жатқан жеке инвестиция жобаларына қажетті мамандықтарды айқындап, колледждерге кәсіби маман даярлауға ұсыныс енгізіңіздер. Жұмысшы мамандақтарын белсенді дамыту керек. Инвесторларға ең алдымен жергілікті мамандарды жұмысқа тарту бойынша талап қою қажет. Жұмысшы мамандардың әлеуметтік қорғалуы, жалақы мен еңбек жағдайларын жақсарту, олардың жұмысқа деген ынтасын арттырады. Осыған байланысты еңбек ақыны көтеру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыруды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өңірде еңбекке қабілетті адам саны 800 мыңнан асады. Соның ішінде 200 мыңнан астамы жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Мәжілісте баяндалғандай, бүгінгі таңда облыстағы жұмыс берушілерден 3600-дей жұмысшы мамандықтарға қажеттілік анықталған. Колледждерге бөлінетін мемлекеттік тапсырыс қалыптастыру барысы осы қажеттілікке қарай реттеледі. Яғни, қажетті мамандар еңбек нарығының сұранысына қарай даярланады.
2025 жылға «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітіліп, 130 769 жұмыс орындарын ашу жоспарланды. Оның 57% -ы жұмысшы мамандықтар болмақ. «Ұлттық жобалар» аясында жүзеге асырылатын 375 жоба шеңберінде 4 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады. «Еңбек» бағытындаға бос жұмыс орындары бойынша ашылатын 57 221 жұмыс орындары мен 32 448 субсидияланған жұмыс орындары бойынша да жұмысшы мамандықтарға басымдық беріледі.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде 125 инвестициялық жоба негізінде 2 мыңнан астам жұмыс орындары ашылуы көзделуде. Олардың тең жартысы – жұмысшы мамандар. Сұранысқа сәйкес жаңа жұмыс орындарына жолданатын азаматтарды қысқа мерзімдік кәсіптік оқытудан өткізу жоспарланды. Яғни, жеке инвестор өз базасында кәсіби оқытуды жүргізсе, оқытудың шығындары мемлекет тарапынан өтеліп, әрі қарай, жеке инвесторда тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, мақта өндіру саласын дамытып жатқан шетел инвесторына 1 400 жұмыс орындары ұсынылды.
Бекітілген кестеге сәйкес, Түркістан облысында барлық аудан, қалаларында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Онда 1500-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынуда.

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 100 МЫҢ ТОННА ҚҰС ЕТІН ӨНДЕЙТІН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жалғасуда. Өңір басшысының тапсырмасымен Түлкібас ауданында да жобалар жоспарлануда.
«Қарқын Трейд» ЖШС биылғы жылдың күз айларында Жабағылы ауылының маңынан жылына 100 мың тонна құс етін өндейтін өндірістің құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Бүгін аталған кәсіпкерлер аудан әкімі Асқар Естібаевтың қабылдауында болып, жобаны іске асыру барысын талқылады. Ауданның басты даму жоспарына енген жалпы құны 28 млрд. теңгені құрайтын жоба 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Бұл жерде өндіріс ошағы негізгі төрт бөліктен яғни, құс ұстау орны, жем шығаратын цех, балапан ашатын орын (инкубатор) және қасапханасынан тұрмақ. Кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда 268 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Кәсіпкелермен жобаны егжей-тегжейлі талқылаған аудан басшысы ол жердегі ашылатын жаңа жұмыс орындарының 95 пайызына жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды ескертті. Жауапты мамандармен осы бастан қажетті инфрақұрылыммен (су, электр желісі) қамту жағын пысықтауды тапсырды.
Жоба иелерінің қосымша жер телімін қарастырып беру мәселесін назарға алып, бүгінгі таңда бөлінген 104 гектар жерге құрылыс жұмыстарын бастай беру керектігін атап өтті. Қажеттілігіне қарай қосымша жер телімі қарастырылатындығын жеткізді.
Айта кетейік, өндіріс орны іске қосылған жағдайда ол жерде жұмысқа қабылданған азаматтар сол мекеме тарапынан мамандығына қарай арнайы курстардан өтеді.

САУРАНДА ЖИҺАЗ КЛАСТЕРІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов Сауран ауданының өндірістік әлеуетімен танысу барысында «EDEM MEBEL» жиһаз фабрикасының жұмысымен танысты. Бұл фабрика корпустық жиһаздар шығару саласында қызмет етуде және аймақтың өнеркәсіптік дамуына маңызды үлес қосып отыр.
Фабриканың директоры Икбол Абишев кәсіпорынның жұмысын таныстырып, фабриканың қазіргі жағдайы мен жетістіктері туралы баяндады. Қазіргі таңда «EDEM MEBEL» фабрикасында 40 тұрақты қызметкер жұмыс істейді, олардың орташа айлық жалақысы 200 000 теңгені құрайды.
Бұл кәсіпорын өңірдегі еңбек нарығында маңызды рөл атқарып, көптеген отбасы үшін тұрақты жұмыс орны болып табылады.
Жиһаз фабрикасының жылдық қуаттылығы 10 000 дана түрлі жиһазды құрайды, бұл көрсеткіш аймақтық нарықта үлкен сұранысқа ие болып отыр. Фабрика шығарған өнімдер Шымкент қаласы мен Түркістан, Қызылорда облыстарында сатылымға шығарылады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов фабрика жұмысын жоғары бағалады. Сондай-ақ, кәсіпорынның дамуына қажетті қолдау көрсету және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында барлық қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

ТҮРКІСТАН: ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – БАСТЫ БАҒДАР

Биыл Түркістан облысында 120 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның 60 %-дан астамы тұрақты жұмыс орындары. Бұл жұмыстар «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында және Ұлттық жобалар мен Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде «Жаңа жұмыс орындарын құру және халықты жұмыспен қамту туралы» облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның баяндамасы тыңдалды.
Жұмыспен қамту – басты міндет екенін айтқан облыс әкімі осы жылға бекітілген индикаторлардың мерзімінде толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен барлық аудан, қалада ашылатын «Отбасын қолдау орталығының» жұмысын жүйелеуді міндеттеді. Отбасында зардап шеккендер осы орталықпен байланысып, жаңадан ашылып жатқан орталықтардан психологиялық, құқықтық және консультациялық көмек алады.
– Аудан, қала әкімдері Мемлекет басшысының тапсырмасын мерзімінде және сапалы орындауы қажет. Сондықтан шұғыл түрде нақты шаралар қабылдап, орталықтың ашылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Жұмыспен қамту – басты бағдар. Тұрақты жұмысқа орналастыру жұмыстарын күшейту керек. Қосымша инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етуді, 2021 – 2025 жылдарға арналған Даму жоспарының орындалуы қамтамасыз етілсін, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Тұрғындарды лайықты жұмыспен қамту және әділ төлемақы төлеу – мемлекеттің басты саясатының бірі. Бұл бағытта елімізде бірнеше бағдарлама жүзеге асырылуда. Биыл білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларда жаңадан салынған нысандарға және субсидияланатын жұмыс орындарын аяқтағандарға тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА БИЫЛ 40 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛҒАН

Ордабасы ауданында 2024 жылдың 11 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 153,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,7 млрд теңгеге артқан. Бұл жайында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Биыл Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 66,8 млрд теңгеге жетті. Ал, егістік көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 591 гектарға артып, 71 591 гектарға жеткен. Сонымен қатар, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 456 гектарға 162 жоба жүзеге асырылып, 19 560 тонна көкөніс және бақша өнімдері жиналды. Одан бөлек, ауданда 6 400 гектар жерге мақта дақылы егіліп, 21 120 тонна өнім алынды. Сонымен қатар, биыл ауданға жыл басынан бері 39,3 млрд теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 93,1 пайызға орындалды. Алдағы 2025 жылы инвестиция көлемін 53 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұдан өзге, алдағы уақытта инвестициялық құны 122,1 млрд теңгені құрайтын 949 жұмыс орнымен 12 жоба жүзеге асатын болады»,- деді аудан әкімі.

Аудан басшысының айтуынша, аймақтағы «Бадам» индустриалды аймағында инвестициялық құны 21 млрд 234 млн теңгені құрайтын 6 кәсіпорын орналасқан. Оның ішінде, 2024 жылы «RZN» газоблок бұйымдарын өндіру жобасы іске асқан болатын. 2025 жылы аталған аймақта инвестициялық құны 6 млрд 800 млн теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылмақ.

Айта кетейік, аудандағы 57 елді мекеннің 54-і сапалы ауыз сумен қамтылған. Келер жылы қалған 3 елді мекен республикалық бюджет есебінен сапалы ауыз сумен 100% қамтылмақ. Сонымен қатар, бүгінде 57 елді мекеннің 27-і табиғи газбен қамтылып, жыл соңына дейін қосымша 8 елді мекенді газға қосу жоспарлануда. Нәтижесінде елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 61,4%-ға жетпек.

ТҮРКІСТАН: «TURAN» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНДА ҚҰНЫ 550 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 140-ҒА ЖУЫҚ ӨНДІРІС ОРНЫ ОРНАЛАСАДЫ

Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасқан бірнеше өнеркәсіп орындары өз жұмысын бастады. Дәл осындай жобалардың бірқатары бүгін БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған пресс-тур аясында таныстырылды. Бүгінде арнайы аймақта инвестициялық құны 550 млрд теңгені құрайтын 137 жоба бар. Нәтижесінде 5000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Тарқата айтсақ, «PSI Mineral Technologies» ЖШС – тау-кен-металлургия кешеніне арналған жабдықтар өндіретін зауыт жұмысы таныстырылды. Бұл жобаның жалпы құны – 8,33 млрд теңге. Жоба толық іске қосылғанда 200 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, аймақта құны 6,7 млрд теңге болатын «Алтын дала мақта» ЖШС – ПВХ құбырларын өндіру зауыты және құны 147 млрд теңгені құрайтын «Түркістан мақта-агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ң мақта кластерін құру бойынша жобалары таныстырылды.

Жалпы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттырады. Сондай-ақ, жобалар ел экономикасын әртараптандыру және инвестиция тарту бағытындағы тиімді қадам болып есептеледі. «TURAN» АЭА жалпы аумағы – 3 987 гектар. Жоспарланған жобалардың іске қосылуы арқылы аймақ Қазақстанның инновациялық және өндірістік хабына айналмақ.

ЖОЛДАУ: ТҮЛКІБАСТЫҚ БАҒБАНДАР 30 МЫҢ ТОННАДАН АСТАМ АЛМА ЖИНАДЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдегі ауылшаруашылық саласына баса назар аударылуы қажеттігі тілге тиек етілген болатын. Аталған сала бойынша Түркістан облысы көш басындағы өңірлердің қатарында.

Тамаша табиғатымен ерекшеленетін Түлкібас ауданының бағбандары 30 мың тонна алма жинап үлгерген. Жалпы Түлкібас ауданында өнім беріп тұрған 3 062 гектар алма бағы болса, соның 700 гектарын қарқынды алма баулары құрайды. Бүгінде ауданда қарқынды бау көлемін ұлғайту мақсатында ауданда жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Биылдың өзінде аймақта қарқынды бау көлемі 55 гектарға ұлғайып отыр. Атап айтсақ, «Алмалы сай» АӨК 25 гектар жерге, «КенТау» ЖШС 30 гектар жерге тамшылатып суғару әдісімен алманың нарықтағы сұранысы жоғары голден және ред делишес сорттарын отырғызған.

Қарқынды алма бауларының бұрынғы дәстүрлі алма бауларынан артықшылығы өнімді 3-4 есе мол береді. Өйткені дәстүрлі алма баулардың түріне қарай 1 гектарға 500-1000 дана көшет отырғызылса, қарқынды алма бауында 1 гектарға 2000 дана көшеттен кем егілмейді. Сондай-ақ, қосымша тіреуіш бағаналар, тамшылатып суғару технологиясы орнатылады. Дәстүрлі алма бау гектарына 10-15 тонна өнім берсе, қарқынды алма бауы 30-40 тоннаға дейін өнім береді.