Архив рубрики: Қайырымдылық

СОЗАҚТЫҚ ТҮЛЕКТЕР ҚОС БІРДЕЙ ОТБАСЫҒА БАСПАНА ТАРТУ ЕТТІ

Созақ ауданына қарасты Шолаққорған және Таукент ауылындағы қос бірдей мұқтаж отбасыға тұрғын үй кілті табысталды. Аудан орталығындағы Тәкен Әлімқұлов атындағы мектеп лицей интернаты мен Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептерін бітіргеніне 20 жыл болған түлектер жаңа баспана тарту етті.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков игі іске ұйытқы болған түлектерге жылы лебізін білдіріп, игі іске ұйытқы болған түлектерді арнайы Алғыс хатпен марапаттады.
    
«Бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Маңайыңдағы адамдарға мейірімділік пен ізгілік таныту – адамгершіліктің белгісі. Қайырымды болу – адамның болмысына біткен ізгі амал. Еселі еңбектерімен елдің құрметіне, көптің ыстық ықыласына бөлене білген түлектерге шынайы алғысымды білдіремін»,- деді аудан басшысы.
Тарқата айтсақ, Шолаққорған ауылынан берілген жаңа үй асханамен және үйге қажетті тұрмыстық жабдықтармен қамтылған. Су, жылу сынды коммуналдық қызметтері жүргізілген. Жер учаскесі 15 сотықты құрайды. Арнайы шарбақпен қоршалып, қосалқы шаруашылықты дамытуға және бау-бақша өсіруге мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, Таукент ауылынан берілген баспанада қажетті жабдықтарымен қоса алынып, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.

ТҮЛКІБАСТЫҚ ТҮЛЕКТЕР МҰҚТАЖ ОТБАСЫҒА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

Осыдан 6 жыл бұрын елімізде алғашқы болып Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінің мектепті бітіргендеріне 20 жыл толған түлектері тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы отбасыға үй сыйлаған болатын. Игі дәстүрді кейінгі түлектерде жалғастырып, бүгін міне аталған Абай атындағы білім ошағы мен Б.Садықов мектебінің 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектері қосылып тағыда бір мұқтаж отбасыға аудан орталығынан 6 бөлмелі қорасы мен моншасы, сарайы қарастырылған баспана сыйлап отыр. Ортадан ақша жинап 8 млн. 6 жүз мың теңгеге алынған үйдің ішін қажетті жиһаз-техникалармен де ішінара жабдықтап берген.
Сауапты істі ұран қылған түлкібастықтар бұл жолы үйді Кемелбековтар отбасына табыстады. Отағасы, әйелі және қызының мүгедектігі бар отбасы осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген.
Игі шарада аудан әкімінің орынбасары Е.Орманов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Е.Қадырбек, округ әкімі Қ.Ахметов, ардагер ұстаздар мен аталған білім ордаларын бітірген түлектер сөз сөйлеп, баспаналы болған жас отбасыға ыстық лебіздерін білдірді.
Ауданның бас имамы Серік Мағазы да сауапты іске мұрындық болған жандарға ризашылығын білдіріп, өмірден өткен түлектердің сыныптастарының рухына құран бағыштады.
Шара соңында дәстүр бойынша 2003 жылғы мектеп түлектері эстафетаны 2004 жылғы түлектерге табыстады.
Осылайша киелі құт мекенде көпшілікке үлгі боларлықтай игі істер өз жалғасын табуда.

30 отбасы азық-түлік алды

1-маусым «Балаларды қорғау күні» мерекесі қарсаңында «АMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қалалық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен, осал топтағы аз қамтамасыз етілген 30 отбасыға азық-түлік таратты. Қайрымдылық іс шараға Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов бастаған бір топ елағалары, облыстың бас имамы Ержан Сматұлы Түлепов қатысып, әруақтарға арнап құран бағыштап, Түркістан облыстық «АMANAT» партиясының төрағасы А.Үмбеталиев бастаған ұжымға алғыстарын жеткізді.


Шараға қатысқан партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, бүгінгі күні «АMANAT» партиясының бастамасымен біршама әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып отырғандығын айтты.
Бұл жобалардың басты мақсаты – еліміздегі әлеуметтік жағынан, осал топтағы азаматтарға демеу болып, олардың тұрмыстық жағдайын мейілінше жақсартуға көмек беру болып табылады.
Сондықтан да, Облыстағы кәсіпкерлер мен белсенді партия мүшелері бірігіп, облыстағы тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созып келеді.


— Дана халқымыз «Кісіні кейде таршылық сынайды, кейде баршылық сынайды» демекші, өкінішке орай, тағдырдың тәлкегінен әлі де болса, тұрмысы төмен отбасылардың саны азаймауда. Біз бұл бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз, — деді А.Үмбетәлиев.
Сонымен қатар, партия төрағасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов ақсақал бастаған бір топ елағаларына алғысын білдірді.

«AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ДЕПУТАТ ҮЙ СЫЙЛАДЫ

Созақ ауданы, Шолаққорған ауылының тұрғыны Гүлзат Шайхұстанова облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбековтің демеушілігімен салынған жаңа баспанаға қол жеткізді. Бұған дейін өзінің жеке үйі болмаған, қазіргі таңда жолдасымен бірге жалдамалы пәтерді паналап отырған І топтағы мүгедектігі бар баспана иесіне аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғын үй кілтін табыстап, қоныс тойымен құттықтады.

– Біздің жағдайымызды, жеткізген мұң-мұқтажымызды елеп, ескеріп осы игі істі ұйымдастырып отырған облыс әкіміне, аудан басшысына үлкен рахмет. Қатты қуанып отырмын. Бақытты болыңыздар, – деді қуанышын жасыра алмаған жаңа үйдің иесі Гүлзат Темірханқызы.

Аудан орталығынан берілген жаңа үйге асхана жабдықтары орнатылып, су, жылу сынды коммуналдық қызметтері жүргізілген. Бау -бақша өсіруге арналған жері бар. Жер учаскесі қосалқы шаруашылықты дамытуға мүмкіндік береді. Мүгедектік арбамен үйіне кіріп-шығуға қолайлы болу үшін пандус қойылып, бар мүмкіндік жасалған.

ҚАЙСАРДЫҢ АРМАНЫ ОРЫНДАЛДЫ

Ерекше балалар күн сайын қиындықтарды жеңуге мәжбүр. Оларға көмек, жанашырлық пен көңіл қажет. Дені сау балалар жүгіре алады, секіре алады, ашық ойындар ойнайды, спортпен шұғылдана алады. Ал ерекше балалар арбасындағы бала өмірдің көптеген қуаныштарынан айырылған.
Осындай ерекше баланың бірі Қайсар Қайратұлының арманы орындалды. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев «Армандар орындалады» жобасына арнайы қатысып, қолдау білдірді. 9 жастағы Қайсар есімді ерекше балаға Алтынсары Дүйсенбекұлы өзі армандаған велосипедін тарту етті.

— Меніңше, мұндай балалар өз құрдастарына ұқсағысы келеді. Кейде өздерін жеңе отырып, олар да өз мақсаттарына жетеді. Ерекше балаларға көмектесу керек, оларға мұқият және сезімтал болуымыз керек. Мұндай баланың әр күлкісі — бұл сыйлық. Мен мұндай балаларға өздеріне сену және қоғамның толыққанды мүшесі болу үшін басқаларға қарағанда қарым-қатынас қажет деп санаймын. Сондықтан да, алдағы уақытта партия атынан жобаға қолдау жасауды жалғастыратын боламыз,- деді А.Үмбетәлиев.

«Армандар орындалады» жобасының авторы Әсел Бимырзаеваның айтуынша мұндай жобаның мақсаты, үйден оқытылатын ерекше балалардың қоғамнан тысқары,
елеусіз қалмайтындарын ұғындыру және өмірлеріне өзгеріс енуі үшін қарапайым армандарын орындау арқылы қызығушылықтарын арттыру.


Айта кетейік, бұл күні арнайы ойын жеребесі арқылы 10 ерекше баланың арманы орындалып, қолдау жасалды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ерекше балаларға қуаныш сыйлады.

Қиындықты тек қиындық көрген түсінеді. Иә, бүгінде тағдыр тауқыметін тартып, әйтсе де, әрбір атқан таңына шүкіршілік етіп өмір сүріп жатқан отбасылар көп. Әр ата-ана баласы ауру болып туады деп күтпейді, әр мүмкіндігі шектеулігі бар бала өзінің жарық дүние есігін кемтар болып ашуын қалаған емес, мүмкіндігі шектеулі болып дүниеге келгені үшін кінәлі емес. Олар да ел қатарлы өмір сүріп, білімнен нәр алып, дені сау азамат болуды қалады. Бірақ әр сәбидің маңдайына жазылған өз тағдыры бар. Олар біздің аяушылығымызға тіптен зәру емес. Баланың аты – бала. Тағдыры қиын болғанымен, балалық бақыттың дәмін сезініп өсуге, ел қатарлы, тең дәрежеде білім алып, ешкімнен кем болмай өмір сүруіне әр бала лайықты.

Осы ретте, ерекше қажеттілігі бар балалардың жағдайын тереңінен түсінген партиямыздың белсендісі, Қазығұрт аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Биржан Махсутов қоғамдық қабылдау бөлмесіне, халық қалаулысы Қырықбаев Темір Базарбайұлына балаларға көңілдерін көтеруге Шымкент қаласына ойын-сауық орталығына алып баруға демеушілік көрсетуді сұранды.

Нәтижесінде: ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Базарбайұлының демеушілгімен, мүмкіндігі шектеулі ерекше жандардың көңілін көтеру мақсатында Шымкент қаласына 35 отбасының балаларын сергіту мақсатында демалыс ұйымдастырылды.

Айта кетейк, мүмкіндігі  шектеулі баланың  ата-анасы  мен  мектеп  мұғалімдері  өзара  келісіп, баланы  түрлі жарыстарға, хайуанаттар  саябағына, саябақтарға т.б. апарып, адамдармен қарым-қатынасын  арттыру  баланың  өзіне  деген  сенімін, елдің  ерекше балаларға деген  көзқарасын  тұрақтандыру  психологиясын  қалыптастырады.

Жанар Жапанова: «Мұндай жағдайды теледидардан ғана көретінмін» (видео)

Жапанова Жанар: «Сатып жібердік, үйді босатыңыз, деп шығарып жіберетін»
Қасиетті Рамазан айында Түркістандық бір отбасы баспаналы болды. Күні кеше Оразаның соңғы күні 3 баласы мен 4 немересін бағып отырған жалғыз басты Жанар Жапановаға жаңа үйдің кілті табыс етілді. Мұндай қуанышты әрі сауапты іске Түркістан қаласының Шауғар секторының тұрғындары ұйытқы болды. Қалада ескіден «РМЗ» деп аталып кеткен мөлтек ауданның азаматтары мен бір топ жастары оразада игі іс жасауды жоспарлап, жағдайы төмен отбасы қатарынан сол аумақта тұратын Жанар есімді жерлестеріне ауыл азаматтарының дауысқа салуымен, жер үй салып беруге бел буған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

— Мұндай жағдайды теледидардан ғана көретінмін. Шын мәнінде қамқор ауыл азаматтарының арқасында мүлдем армандамаған баспананың иесі атанамын деп ешуақытта ойыма келмепті. Жолдасым 2 жыл бұрын бақиылық болды. Өзім тойханада еден жуамын. Сол жерден қалған азын-аулақ тамақтар болса уйге бала-шағама әкеліп күн көріп отырмыз ,- деп көзіне жас алды.
Алдымен 10 соттық жер сатып алып, оны екіге бөліп жалпы 12 млн 500 мың теңге қаржы жинаған. Бөлінген 5 соттық жерге жаңа баспана көтеріп, ыдыс-аяқ, үйге қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз еткен.

— Қасиетті айда маған көмек берген жерлестеріме шексіз ризамын. Үй жаңа. Сапалы, өте әдемі! Қажетті заттардың барлығы бар екен. Алладан қайтсын! Жерлесіміз, жақында депутат болып сайланған Самат Рысбековке және Дүкенбай Бақытжан, Ақиқат, Нұрбек, Қазыбек есімді азаматтарға, осы РМЗ тұратын жастардың барлығына рахмет айтамын. Сіздердей азаматтарымыздың арқасында мен сияқты мұқтаж отбасылардың барлығы баспаналы болсын, деп тілеймін деді Жанар.
Айта кетейік, ауызбіршілікі мығым ауылдың азаматтары, қалған 5 соттық жерге баспанаға мұқтаж, жағдайы төмен отбасыға екінші үй салып беруді қолға алуда.

АРЫСТЫҚ АЗАМАТТАР 30 ОТБАСЫҒА ЖЫЛУ СЫЙЛАДЫ

 

Арыстық кәсіпкер Олжас Сансызбайұлы қасиетті және қайырлы жұмада қайырымдылық жасап, елдің алғысын алды. Арыс қаласының белсенді азаматтары бірігіп, 7 тонна көмірді қаптап, 4 ауылда тұратын 30 отбасы мен 2 мешітке таратып берді.

Бұдан бөлек,көпбалалы отбасылар мен асыраушысынан айрылған бірқатар жанұяға 40 қап ұн жеткізіп, онға жуық ананың көңіліне қуаныш сыйлады.

Жүрегінде жылуы мол азаматтар жақсылық жасауға бейім тұрады. Қолындағы барымен бөлісу – мәрттіктің, мырзалықтың белгісі.