Архив рубрики: Спорт

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА КІШІ ФУТБОЛ АЛАҢЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Созақ ауданында екі бірдей спорттық нысан пайдалануға беріліп, тұрғындар үшін үлкен қуанышқа айналды. Созақ ауылында заманауи спорт кешені іске қосылса, Жартытөбе ауылында жабық үлгідегі кіші футбол алаңы пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, ауыл тұрғындары мен жастарды жаңа спорт нысанының іске қосылуымен және Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Бұқаралық спортты дамыту мен жастарға қолайлы жағдай жасау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

« – Бүгін еліміз үшін аса қастерлі мерекенің бірі – Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа спорт нысанын ашып отырмыз. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен жүйелі айналысуына барлық мүмкіндік жасалуда. Аядай ауылдардан талай чемпиондар шығып, еліміздің атын әлемдік ареналарда асқақтатып жүр. Спортқа қолжетімділік арта түссе, ауданымыздан әлі де талай биіктерді бағындыратын спортшылар шығатынына сенім мол. Бүгін ашылған алаң ауыл жастарының үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашады. Қазіргі қоғамда халық денсаулығын нығайту, әсіресе балалар мен жастарды спортқа баулу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы тұрғыда жабық футбол алаңдарының салынуы мен пайдалануға берілуі салауатты өмір салтын қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Жабық футбол алаңы – жыл мезгіліне және ауа райына тәуелсіз, тұрақты түрде спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін заманауи спорт нысаны. Мұндай алаңдар тұрғындардың, әсіресе жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, оларды спортқа жүйелі түрде тартуға ықпал етеді. Жабық футбол алаңдары ауылдық жерлер үшін де аса маңызды. Мұндай нысандар спорттық инфрақұрылымды дамытуға, бұқаралық спортты кеңінен таратуға және ауыл жастарының әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Алаңда өткізілетін аудандық, ауылішілік турнирлер тұрғындардың бірлігін нығайтып, спортқа деген ортақ қызығушылықты қалыптастырады. Бұл – тек спорт нысаны ғана емес, салауатты өмір салтын қалыптастыратын, жастарды тәрбиелейтін және қоғамды біріктіретін маңызды орталық. Мұндай нысандардың көбеюі – дені сау ұлт қалыптастыруға бағытталған нақты қадам.» – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

 

Футбол – дене шынықтырумен қатар, тәртіпке, жауапкершілікке және командалық рухқа тәрбиелейтін спорт түрі. Жабық алаңда өткізілетін жаттығулар мен жарыстар балалардың физикалық дамуын жақсартып қана қоймай, олардың шыдамдылығын, ептілігін және өзіне деген сенімін арттырады. Сонымен қатар, ұжыммен ойнау арқылы достық, өзара көмек пен сыйластық қалыптасады. Жабық футбол алаңының тағы бір маңызды артықшылығы – денсаулыққа пайдалы орта қалыптастыруы. Мұнда жүйелі түрде спортпен айналысқан адамдарда артық салмақтың алдын алу, жүрек-қан тамырлары жүйесін нығайту, иммунитетті күшейту сияқты оң өзгерістер байқалады. Бұл өз кезегінде салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылықты арттырады. Сондай-ақ, жабық футбол алаңдары қоғамдық маңызы бар әлеуметтік нысан ретінде де бағаланады. Олар жастарды зиянды әдеттерден аулақ ұстап, бос уақытын пайдалы іспен өткізуге бағыттайды. Спорттық ортада тәрбиеленген жас ұрпақ тәртіпті, мақсатшыл әрі елжанды болып қалыптасады.

Сондай-ақ, шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт нысанының ауыл жастары үшін маңыздылығын атап өтті. Ауыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы Мадияр Бейсенбеков жаңа алаңның жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, игі іске сәттілік тіледі. Шараға арнайы қатысқан Жартытөбе ауылынан шыққан спорт саңлақтары, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып пен белгілі футболшы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Таңат Нөсербаев ауыл жастарына жасалған жағдайға жоғары баға берді. Сонымен қатар, ауыл тумасы, кәсіпкер Дәулет Дүйсебай ауыл жастарына футбол доптары мен жаттығуға қажетті спорттық жабдықтарды сыйға тартты.

Жаңа спорт алаңы барлық қажетті стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда жасанды төсеніш төселген футбол алаңы, жарықтандыру жүйесі, қауіпсіздік қоршаулары, ойыншыларға арналған жылы киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған. Нысан аумағы толық асфальтталып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жабық үлгідегі кіші футбол алаңы ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен тұрақты айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

СОЗАҚ АУДАНЫНДА ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ШАХМАТ ТУРНИРІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Созақ ауданында жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында аудан әкімінің кубогына арналған шахмат турнирі ұйымдастырылды. Зияткерлік спортты дәріптеуді мақсат тұтатын бұл дода биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов сөз сөйлеп, турнирдің жас буынды ой-өрісі дамуында, логикалық ойлау қабілетін арттыруда ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай бастамалардың алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.

Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, спорт ардагері, ауданның Құрметті азаматы Анарбай Шәдібеков және ауыл қариялары жас спортшыларға жүрекжарды ақ тілектерін арнап, бұқаралық спортты дамытуда мұндай жарыстардың орны ерекше екенін айтты. Турнирге ауданға қарасты ауылдар мен елді мекендерден келген 100-ге жуық жасөспірім қатысып, өз өнерлері мен шеберліктерін көрсетуде. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше санат бойынша сынға түсіп, үздік ойыншылар финалдық кезеңге жолдама алмақ.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудан әкімінің кубогымен, медальдар және арнайы сыйлықтармен марапатталатын болады.

СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫНДА ЖАҢА СПОРТ НЫСАНЫ АШЫЛДЫ

Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында Дүйсенбек Жұмаділаұлы атындағы жабық үлгідегі кіші футбол алаңы ашылды. Заманауи талапқа сай салынып, жасыл төсенішпен жабдықталған жаңа нысан тұрғындар үшін спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді. Ашылу шарасында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жиналғандарды жаңа спорт алаңының ашылуымен құттықтап, оның қоғамдағы маңызын атап өтті.

«Дене шынықтыру мен бұқаралық спорт салауатты ұлт қалыптастырудың негізгі тетігінің бірі. Бүгін қолданысқа беріліп отырған нысан жастарымыздың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортқа жақын болуына жағдай жасайды. Осындай игі істі қолға алған кәсіпкер азаматтарға алғысымыз мол», – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, игі тілектерін жеткізді. Ауыл ақсақалдары да алаңның табысты қызмет етуі үшін ақ баталарын берді.

Жобаны жеке кәсіпкер, «Global Brok» компаниясының директоры Данияр Тоқбаев жүзеге асырды. Жалпы аумағы 1250 шаршы метрді құрайтын кешен жыл бойы тұрғындардың спортпен айналысуына мүмкіндік береді.

Алаңның ашылуынан кейін ересектер арасында кіші футболдан турнир басталып, оған 12 команда қатысты. Жалпы жаңа жобаның ашылуы бұқаралық спортты дамытуға, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын дәріптеп, спортқа деген қызығушылығын арттыруға серпін беріп отыр.

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА СПОРТТЫҚ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Түркістан қаласында заман талабына сай жаңа «A.B.L.» фитнес орталығы ашылды. Қуанышты сәтке облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жұртшылықты құттықтады.


– Түркістан – тек рухани астана ғана емес, сонымен қатар спорт орталығына айналып келе жатқан өңір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірімізде спорт инфрақұрылымының халыққа қолжетімділігін арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, былтыр жалпы құны 73 спорт нысанының құрылысы аяқталса, ал биыл 54 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың қатарында елімізде теңдесі жоқ екі ірі жоба – ипподром мен ескек есу каналы бар. Бұл – спортты дамытуға және ұлт денсаулығын нығайтуға бағытталған мемлекетіміздің берік ұстанымының айқын көрінісі. Біз тек спорттық нысандарды салып қана қоймай, олардың тиімді жұмыс істеуіне және тұрғындар үшін қолжетімді болуына ерекше мән беріп келеміз. Бұл кешен – Түркістан қаласы тұрғындарының денсаулығын нығайтып, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыратын маңызды орынға айналатынына сенімдімін, – деген облыс әкімі қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен жүйелі түрде айналысуға шақырды.

Заманауи талаптарға сай салынған фитнес орталығында спортпен шұғылдануға, саламатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалған. Жаттығу залдары, волейбол және жекпе-жек залы бар. Сонымен бірге бассейн және өзге де дене шынықтыруға қажетті құрылғылармен, бөлмелермен қамтылған.

Төлеби ауданында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті.

Түркістан облысы Төлеби ауданы орталық «Нұр» мешітінде құрбан айт мерекесіне орай, аудан тұрғындарының қатысуымен ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті. Дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту мақсатында ұлттық спорттық ойындары – «Қазақша күрес», «Қошқар көтеру», «Асық ату», «Гір тасын көтеру», «Садақ ату», «Арқан тарту» сынды жарыстарда оқ бойы озып шыққандарға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды. Мерекелік шараға келген көпшілікті қазақтың ұлттық спорты қазақша күрес қызықтыра түсті. Боз кілемде өзара мықтыларын анықтаған балуандарға тамашалауға келген тұрғындар қолдау білдірді. Ауданның бас имамы Үсен Сәуірбаев ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні жөнінде насихат айтып, мешіт қызметкерлерімен бірге шараға белсене қатысты.

 

 

« – Жалпы, қазақша күрес – қазақ халқының ерте кезден қалыптасқан спорт ойындарының бірі. Басқа халықтардың ұлттық күрес түрлерімен салыстырғанда қазақша күрестің өзіндік ерекшеліктері көп. Кеңес дәуіріне дейін қазақша күрес негізінен әдет-ғұрыпқа байланысты және еңбек процестерінде жеткен жетістіктерін дәріптейтін жиын-тойларда өткізілді. Бұрын қазақша күрес «Күш атасын танымайды» деген түсінікпен салмағына, дәрежесіне, жасына қарамай өткізіле берген. Тіпті, ағасы мен інісі күресіп қалатын кезі де болған. Сондай-ақ, күрестің белгілі бір жүйеге түскен белдесу ережесі де болмаған. Күреске түскендер үлкен-кішілігіне қарамай, қайсысы күшті болса, сол жеңіске жеткен. Жиын-тойларда ғана күш сынасып қоймай, кім жеңеді деп егеске түскен екі балуан кездескен жерде ат үстінен түсе қалып, белдесе кететін болған. Ел ішінде атақтары жайылған Қажымұқан, Балуан Шолақ, Битабар тағы басқа осындай алып балуандар болды. Төреші күресуге шыққан балуандарды қолдарын айқастыра ұстап белдестіреді. Бұл белдесуді қазақтар «қоян-қолтық ұстасу» деп атайды. Белдесу барысында, ереже бойынша, қолды белбеуден босатуға болмайды. Белдесу барысында жеңіске жеткен балуан орнында қалады. Егер ол өзімен белдесуге шыққан жаңа балуанмен күресуден бас тартып, басқамен күресемін десе, онда оған рұқсат етіледі. Бірақ соңында жеңімпаз аталатын балуан біреу ғана. Оның барлық кездесуде де жауырыны жерге тимеуі керек. Жалпы белдесу барысында қарсыластардың біреуі жығылып, жауырыны жерге тисе және қарсыласы оның басынан аттап кетсе, ол жеңілген болып есептеледі. Егер де, қарсыластың біреуі әдіс қолданғанда, екіншісі оған қарсы әрекет жасап, екеуі бірдей құлап түссе, онда бұл белдесу «итжығыс» деп аталады. Мұндайда, төреші оларды қайта күрестіреді. Бұрын белдесу барысында тең түсу немесе ұпай санымен ұту деген болмаған. Белдесудің уақыты шектелмегендіктен, міндетті түрде қарсыластың біреуі жеңіске жеткен. Жоғарыда баяндалғанның бәрі сонау ықылым заманнан бері келе жатқан дәстүрлі спорт ойындарының ерекшеліктері саналады.» – деді Төлеби ауданының бас имамы Үсен Сәуірбаев

Сондай-ақ, бұл күні балалар асық ойындарынан мықтыларын анықтады. Бұл ойынға Кеңес заманында шектеулер болып, ұмытылып, бүгінгі таңда қайтадан түлеп, мемлекет қолдауына ие болып отырғаны – үлкен жетістік. Атап айтқанда, елімізде асық атудан жарыстар ел біріншіліктері өтуде. Ұлт жанашырлары бұл ойынның кең көлемде дамуына зейін танытуда. Ұлттық ойынды насихаттау барысында көптеген сайыстар өткізілуде.

 

 

«Асық ойыны – қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Асық ойнап өскен бала мерген, өзгелерден ептілеу, зеректеу, табандырақ, шыдамды болып келеді. Халқымыз «Қой асығы демей-ақ, қолыңа түссе сақа тұт», «Асығың алшысынан түссін» деп мақалдап сөйлеуінде асық ойынының қазақ мәдениетіндегі өзіндік орнын байқатады. Асықтың: алшы, тәйке, бүк, шік, омпа, шоңқа деген түрлері болады. Оның ішінде алшыны өте жоғары бағалаған. Өмірде жолы болған дәулетті адамдарды «Асығы алшысынан түсіп тұр» деп айтады. Жақсы көрген жас буынға «алтын асықтай немесе киіктің асығындай шымыр бол» деп сипаттау тегіннен тегін туындамаған. Өйткені осы ойын арқылы бабаларымыз жас ұрпақты жастайынан жүйке жүйесін шыңдауға, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдыққа, төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелеген.» – деді мерекелік жиындағы ел ағалары.

Осы тұста асықтың түрлерін атап өтсек, асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңның санының орта тұсында орналасқан асық жіліктен алынады. Оның түрлері көп. Атап айтқанда, сақа – асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Бұл асық жеткен еркек қойдан немесе қошқар-текеден алынады. Кеней – көпшілік ойнауға арналған қарапайым асықтар. Шүкейт – жас малдың асығы. Қойлық – қойдың асығы. Ешкімек – ешкінің асығы. Құлжа – құлжаның асығы. Көктабан – қорғасын құйылған салмақты сақа асық. Топай – сиырдың асығы. Жабай – ірі асықты айтады. Қолқар – арқардың асығы.

 

Төлеби ауданында өткен ұлттық ойындар сайысында жастар қошқар көтеруден және садақ атудан да бақтарын сынады. Білектегі және аяқтағы күшті талап ететін қошқар көтеру ойыны қазақтың төзімділігін, қайсарлығын дәріптесе, садақ ату өнері көне дәуірлерден бері көшпенділерден жалғасып, қазақтың дәстүр-салтынан өзіндік орнын алған құндылығымыздың бірі. Қазақтың арғы-бергі тарихында жай мен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер көп болған. Оны батырлық эпостардан, хисса-дастандардан жақсы білеміз. Қазіргі уақытта тұрмысымызда көп қолданылмауы себепті тек саятшылықта және спорттың осы түрінен жарыстарда ғана көреміз. Жалпы, садақ пен қазақ егіз ұғым. Бұл қару ата-бабаларымыз ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қару ретінде қолданды. Қазанат мінген жау-жүрек батыр оғландарымыздың қорамсаққа қол салып кезеген жебелері нысанадан мүлт кетпегені тарихтан белгілі. Осы орайда ең көне өнер түрі саналатын садақ атуға қазақтың да қатысы барын ешкім жоққа шығара алмайды.Ежелгі ата-баба қоныстарындағы таңбалы тастардағы суреттер бұған бұлтартпас айғақ. Тіпті, өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ағаштан жасалған қарапайым садақты ұстаса, қазақтар оның жетілдірілген күрделі құрама түрін ойлап тапқаны тарихи деректерде бар.

 

Міне, осындай ұлтымыздың ұлттық дәстүрлері мен мәдениеті, ойындары насихатталған мерекеде Төлеби ауданы, орталық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен Төлеби ауданының әкімі Әлімқұлов Еркеғали Амантайұлының бастамасы негізінде, Ленгір қалалық автобус паркі басшылығы Ғалымжан Жұматұлының тікелей демеушілік жасауымен қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында аудан жұртына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында, халықты тегін тасымалдау шарасы да ұйымдастырылды. Сонымен қатар, балаларға арналған арнайы ойын алаңы құрылып, мерекелік көңіл күй сыйланды.

 

ТӨЛЕБИЛІК СПОРТШЫ ДЗЮДОДАН ЕВРОПА КУБОГЫНДА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ.

Португалия елінде, Сан-Жуан-да Мадейра қаласында 2025ж мамыр айының 24-26 күндері дзюдодан жастар арасында Европа Кубогы сарапқа салынды. Байрақты бәсекеге 20-дан астам мемлекеттен 454 жас татами шеберлері қатысқан болатын.  Қазақстан құрама командасы сапында білікті басшы, самбодан спорт шебері Ордабаев Ғани Оңғарұлы басқарып отырған Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Батырғали Ернұр 60 кг салмақта өнер көрсетіп, күміс медальға қол жеткізді. Бұл салмақта 50 спортшы өнер көрсеткен. Яғни Европа кубогындағы жарыстың қаншалықты тартысты болғанын осыдан- ақ айқын аңғаруға болады. Деседе Төлеби ауданының спортшысы Батырғали Ернұр көптің ішінен топ жарып, жүлделі орынға қол жеткізіп отыр.  Байрақты бәсекеде Батырғали Ернұр ақтық сайыста өзіміздің жерлесіміз Алматылық Қабдешов Бақдәулетке есе жіберіп алды. Түркияның Анталия қаласында 2025ж наурыз айының 07-10 күндері өткен Европа Кубогы үшін болған жарыста да, Төлебилік дзюдошы осы Қабдешов Бақдәулетке жол беріп ІІ орынды иемденген болатын. Естеріңізге сала кетейік, Ернұр бұған дейін, 2025ж сәуір айының 25-27 күндері Германияның Берлин қаласында дзюдодан жастар арасында Европа Кубогы үшін болған жарыста жүлделі ІІІ орынға ие болған еді.

« – Португалия елі, Сан-Жуан-да Мадейра қаласында өткен Европа Кубогына әлемнің жиырмадан астам мемлекетінен өте тәжірбиелі спортшылар барды. Төрт жүз елуге жуық татами шеберлері өз елдерінің намысы үшін тартысты. Олардың қатарында өзімде бармын. Қарсыластар оңай жігіттер емес. Дегенмен, жаттықтырушы ағайлардың арқасында жүлдеге қол жеткіздім деп ойлаймын. Дзюдо спорты қателікті кешірмейді. Жетістікке жету талай жылдық еңбекті талап етеді. Мен өзім бұл талапты, жауапкершілікті жақсы сезінемін. Алдағы арманым, Олимпиада ойындарына қатысып, қазақ елінің байрағын желбірету. Ол күндерге де жетерміз деген сенім мол» – дейді Европа кубогында 60 кг салмақта өнер көрсетіп, күміс медальға қол жеткізген Батырғали Ернұр.

 

 

Дүниежүзілік жарыстарда еліміздің көк байрағын желбіретіп жүрген Батырғали Ернұрды  жаттықтырушылары, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мәди Нәбиев,  Мақсат Абутер баптап жүр. Европа Кубогындағы байрақты бәсекедегі жетістіктері талай жылдық еңбектің жемісі деп айтуға болады. Ернұрдың мақсаты да алдағы уақытта биік тұғырлардан көрініп, елдің намысын қорғап, әлемге әйгілі спортшы болу. Бұл бағытта чемпиондар шығару үшін спортшының бапкерлері барынша еңбектеніп келеді.

« – Дзюдо спорты Олимпиада бағдарламасының бөлігі ретінде әлемде кең таралған спорт түрі болып табылады. Қазақстанда бұл спорт 60-жылдарынан бері дамып,спортшыларымыз  халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Бұл спорт елімізде қарқынды дамып жатыр деуге болады. Мысалы 2004 жылы Афинада өткен Олимпиада ойындарында қазақстандық Елбақ Тәштимиров 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Бұл жеңіс Қазақстан үшін тарихи болды және дүние жүзіндегі көптеген дзюдо жанкүйерлерінің жүрегін жаулады.Қазақстандық дзюдошылар халықаралық жарыстардың тұрақты қатысушылары және өздерінің бәсекеге қабілеттілігін бірнеше рет дәлелдеген. Олардың көпшілігі әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында жүлделі орындарға ие болды. Олардың қатарында Жәнетт Ханботаева, Александр Якшабаев, Азамат Мурзабеков және басқалары бар. Міне осындай спортшылардың арасынан бізде өз шәкірттерімізді көргіміз келеді. Бұл бағыттағы жетістіктеріміз де жаман емес. Спортшыларымыз әлемдік бәсекелерде биік белестерден көрініп жүр.» – дейді, Батырғали Ернұрдың  жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мәди Нәбиев.

Расында Қазақстан Тәуелсіздік алған күннен бастап халықаралық, құрлықаралық біріншіліктерге, әлем чемпионаттарына, Олимпиада және Азия ойындарына өзіміздің жеке құрамаларды шығаруға мүмкіндік алды. Отандық татами шеберлерінің алғашқы кездесулері көңілге қуаныш ұялататындай болды. 1993 жыл Макаода өткен Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте осы спорт түрінің негізін қалаушы жапондықтарға ғана есе жіберіп, екінші орынды иеленді. Қазақсанда жыл сайын дзюдоға деген қызығушылық артуда. Ересектер жастар және жасөспірімдер арасында ел біріншіліктері өтіп тұрады, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 10 мыңнан астам спортшы қатысып, дзюдоға қызығушылық танытқандардың саны мен сапасының көтерілгенін көрсетеді.

Төлебилік спортшылар «QAZAQSTAN JUDO LIGASY» турнирінен жеңіспен оралды.

2025 жыл мамыр айының 16-18 жұлдызы аралығында Астана қаласы «Aspan» спорт клубында дзюдо күресінен 2008-2009, 2010-2011, 2012-2013 жылы туылған ұлдар және 2009-2011 жылы туылған жасөспірім қыздар арасында «QAZAQSTAN JUDO LIGASY» турнирі өтті. Тартысы өткен жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 1000-нан аса боз кілем шеберлері бақтарын сынады. Ленгір қаласында орналасқан, еркін күрестен спорт шебері Катаев Алибек басқарып отырған Төлеби аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері өз салмақ дәрежелері бойынша 1-алтын, 2-күміс медальді иемденіп өте жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтқанда Тұрғынбек Хансұлтан 32кг І-орын және Аманқұл Нұрасыл 35кг, Тұрғынбек Бегасыл 55кг ІІ-орын алып «QAZAQSTAN JUDO LIGASY» турнирінің диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар Төлебидің спортшылары дзюдо күресінен «спорт шеберлігіне үміткер»  атағын алды. Шәкірттерін жеңіске жетелеген жаттықтырушылары Нұрғазиев Бекжан пен Сартаев Бекболат ауданнан чемпиондар тәрбиелеп жүрген азаматтар.

« – Әр жарыс біз үшін маңызды. Себебі шәкірттеріміз шыңдала түседі, жеңіске қарай ұмтылады. Мыңнан жүйрік шығып, жеңімпаз атануда оңай емес. Тұрғынбек Хансұлтан өз салмақ дәрежесінде алғыр екенін дәлелдеп, бірінші орынды жеңіп алды. Нұрасыл мен Бегасыл да жақсы нәтиже көрсетті. «QAZAQSTAN JUDO LIGASY» жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Бізді қолдап жүрген барша жерлестерге алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да спортшыларымыз талай белестерді бағындырады деген сенімдеміз.» деді жаттықтырушы Бекжан Нұрғазиев.

Төлебилік спортшы қыз ҚР чемпионатының жүлдегері атанды

2025 жылдың мамыр айының 08-13 күндері Ақтөбе қаласында кикбокстан 2011-2012, 2013 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты өткен болатын. Дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірлеріндегі спорт мекемелерінен 300-ден астам, әр облыстың чемпиондары мен жүлдегерлері болған жас кикбоксерлары қатысты.

Еліміздің аламан бәйгесіне білікті басшы, самбодан спорт шебері Ордабаев Ғани Оңғарұлы басқарып отырған Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Абрамян Индира Түркістан облысы құрамасы сапында 60 кг салмақта өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ орынға қол жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, Индира 2025ж наурыз айының 12-15 күндері Түлкібас ауданы, Азаттық елді мекені «Азаттық» спорт кешенінде кикбокстан Түркістан облысының жасөспірімдер арасында чемпионатында, 60 кг салмақта жеңімпаз атанған болатын.

 

« – Өңірімізде кикбоксинг спортына қызығушылар саны артып келеді. Әсіресе балалардың қызығушылығы жоғары. Спортшыларымыздың жеткен жетістіктері де баршылық.  Жалпы Кикбоксинг спорты баланың ойлау қабілетін шыңдауға көмектеседі. Жылдам қимыл-әрекет нәтижесінде дене бұлшықеттері  қозғалып, түрлі аурулардың алдын алуға көмектеседі. Кішкентай жеткіншектердің өздері спорттың денсаулыққа пайдасын сезінуде. Жекпе-жекке деген құмарлық қазақтың қанында бар қасиет.  Сондықтан өзін ғана емес, өзгені де қорғай ала­тын, шымыр, шыныққан, жас жеткіншектеріміздің қатары артса, ел намысын асқақтатар азаматтарымыз көбейері сөзсіз. Төлебилік спортшы қызымыз, шәкіртіміз Индира Абрамян өте еңбекқор, шымыр, шапсаң спортшы. Үмітімізді ақтап биік белестерді бағындырып келеді. Болашағынан күтеріміз көп, әлі әлемді бағындырып, еліміздің көк байрағын биікке көтереді деп сенемін. Кикбоксинг спорты дамып келеді. Осы жылы әлемдік спорт федерациялары тарапынан кикбоксингті олимпиадалық ойын санатына қосу туралы ұсыныс жолданды. Егер шешімін тапса, 2028 жылы кикбоксинг олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына енгізіледі. Мен жастарды шапшаң қимылдауды қажет ететін спорт түрімен айналысып, оны кәсіби деңгейге көтеруге шақырамын. » – деді Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Рахымжан Тасболатов.

Облыста кик­бок­синг спорты қарқынды дамып келеді. Кикбоксинг — қол мен көздің үйлесімділігі мен тепе-теңдігін жақсартатын, дененің күшін арттыратын спорт түрі. Каратэ, бокс сияқты жекпе-жек өнерінен ерекшелігі — жылдамдық пен дәлдікті қажет етеді. Кикбоксингтің бірнеше түрі бар, олардың әрқайсысының ережелері де әртүрлі. Мысалы, америкалық кикбоксингта қол мен аяқ арқылы қарсыласқа шабуыл жасалады. Осындай әдістерді жақсы меңгерген Индира Абрамянның мақсаты да чемпион болу.

 

« – Мен бұл спорт түрімен біраз жылдардан бері айналысып келемін. Облыстық, республикалық турнирлерде жеңімпаз атандым. Ендігі мақсатым — әлем чемпионатына жолдама алу. Кикбоксингке ең алғаш келгенімде тек жай жаттығуға келген едім. Кейін өзіме бұл спорт түрі ұнап, спорт кешеніне тұрақты келіп, шынығуды әдетке айналдырдым. Жаттықтырушыларымыздың қажырлы еңбегінің нәтижесінде жеңіс тұғырынан көрініп келемін. Отбасымда менің кикбоксингпен шұғылдануыма қарсылық білдірмейді.Мұндай қолдаудың өзі менің жеңіске деген құлшынысымды арттырады, Әрине, спорт жеңістер мен жеңілістерден тұрады. Менің сайыстарға қатысуымның басты мақсаты — денсаулығымды нығайту. «Шынықсаң, шымыр боласың» деп бекер айтылмаған. Облыстық турнирде бірінші орын алдым. ҚР чемпионатына 300-ден аса спортшы қатысып, солардың арасынан жеңімпаз атандым. Жеңіс тұғырынан көрінуіме себепкер болып жүрген бапкер Рахымжан Тасболатовқа, Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ордабаев Ғани Оңғарұлына алғысымды білдіремін. Әрдайым жеңіске жеткен жастарды жігерлендіріп, қаржылай сыйлықтармен ынталандырып тұрады.» – дейді Индира Абрамян

 

Кикбокстан ҚР чемпионатында жеңімпаз атанған Абрамян Индира және жаттықтырушысы Тасболатов Рахымжанды  жақсы жетістіктері үшін  спорт мектебінің ұжымы құттықтап, алғыстарын жеткізді. Алдағы уақытта Азия, Әлем чемпионаттарына жан-жақты дайындық жасап, еліміздің көк байрағын көкте желбірете берсін деп сенім білдірді.

«ОТБАСЫ LIFE» САЙЫСЫНДА ТӨЛЕБИЛІКТЕР ТОП ЖАРДЫ.

15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жас отбасыларға арналған «Отбасы Life» мерекелік-танымдық сайысы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас отбасыларды қолдау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді насихаттау, сондай-ақ татулық пен ұйымшылдықты, өзара сыйластықты нығайту болып табылады. Сайыстың ашылу салтанатына Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев қатысып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

« – Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті.  Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Ата-ананың жүріс-тұрасы, сөйлегені, іс-әрекеттерінің барлығы барлығы бала үшін үлгі. Осы негізде бала алдында ата-ана өте байсалды, сабырлы болып, жақсы тәрбие көрсетуі керек. Заманға сай отбасында бала тәрбиелеу аса үлкен жауапкершілік пен білімді талап етеді. Қазақ үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. Отбасы –сыйластық, жарастық орнаған орта. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбие беру. Тәрбие тал бесіктен басталады. Бүгінде өңірімізде өмірлері өнеге болып жүрген отбасылар аз емес. Бүгінгі сайыста бәсекелестікті емес, татулық пен тәрбиені насихаттайды»  – деді Ернар Бектаев

Сайыстың ашылу салтанатында көрермендер назарына ұлттық нақыштағы өнер бағдарламасы ұсынылды. «Айдай» би ансамблінің би қойылымы мен жас әнші Данагүл Ынтықбайдың «Әкем, анам» әні көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сайыстың үйлесімді өтуіне нұсқаушы ретінде Бекқасым Диас пен Майлыбаев Асылбек өз үлестерін қосты. Облыстың әр түкпірінен келген 14 жас отбасы 4 кезең бойынша сайысқа түсті. Атап айтқанда, эстафеталық жарыс, зияткерлік сайыс, спорттық кезең, шығармашылық өнер байқауы бойынша өзара бақ сынасты. Отбасы мүшелері ауызбіршілік пен бірліктің арқасында өз командаларын жеңіске жетелеп, жоғарғы деңгейде өнер көрсетті. Зияткерлік сайыста әр жанұяның білімі мен алғырлығы сыналса, спорттық кезеңде шапшаңдығы мен төзімділіктері және шығармашылық кезеңде өнерге деген ынталары мен таланттық қасиеттері анықталды.

Сонымен, сайыс нәтижесіне сәйкес Төлеби ауданынан келген Абетаевтар отбасы 1 орынды жеңіп алды. Жүлделі 2 орынды кентаулық Набиевтар және түркістандық Аитметовтар отбасы иеленсе, Сауран ауданынан келген Тойбековтар отбасы және Шардара ауданынан келген Истургановтар отбасы 3 орынды місе тұтты.  Жеңімпаздар мен қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

ЕРКІН КҮРЕСТЕН ОБЛЫСТЫҚ АШЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Түркістан облысы, Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласындағы, «Байтемір» спорт кешенінде, 2025ж мамыр айының 09-11 күндері аралығында, Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай  «Ұлы жеңіс! Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» және «Спорт нашақорлыққа қарсы» атты ұранымен еркін күрестен 2008-2009, 2010-2012, 2013-2014 жылдардағы жасөспірімдер арасында “Байтемір” спорт кешенінің облыстық ашық біріншілігі өтті.

Дүбірлі сайысқа облыс көлеміндегі Жетісай, Келес, Сайрам, Түлкібас, Төлеби аудандарынан сонымен қатар, көршілес Жамбыл облысынан, барлығы 500-ден астам жасөспірім палуандары қатысты.

Өте тартысты өткен палуандар сайысына қатысқан, Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жас спортшылары жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп, жақсы нәтижелерге жетті. Атап айтқанда олар: Каширин Ахан 29 кг – І орын, Сатаев Мухаммед 32 кг – І орын, Құрақбек Алинұр 38 кг – І орын, Байдәулет Мейрамбек 32 кг – І орын, Мырзакерім Аңсар 38 кг – І орын, Валиев Зеитхан 52 кг – І орын. Сонымен қатар, Валиев Мавлюд 41 кг – ІІ орын, Мырзакерім Қайсар 32 кг – ІІ орын, Каримбай Айдос 38 кг – ІІ орын иегері атанса, Сатаев Бахтияр 38 кг – III орын, Әмірбек Дәулет 35 кг – ІІІ орын, Талапбек Ерқанат кг – ІІІ орын, Асанбай Айдос 50 кг – ІІІ орын, Мықтыбай Рақымжан 50 кг – ІІІ орын, Ержан Дінислам 50 кг – ІІІ орын, Әзімхан Мағжан 32 кг – ІІІ орынға ие болып, спорт мектебінің шәкіртері  жүлделі қоржынға 6-алтын, 3-күміс, 7-қола медаль салып, арнайы дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, өз салмақ дәрежесі бойынша бірінші орын алған жас спортшылар чемпиондық белбеуге ие болды.

 

«Біздің спортшылардың бойындағы басты қуантатын қасиет – өте еңбекқорлығы. Қа­зір еліміз спорт­шыларға үлкен қолдаулар танытып отыр. Мемлекеттен қолдаудың көп бол­ғандығы себепті жеңіске деген құштарлық жоғары және жарысқа шығуға мүмкін­діктер ашылып жатыр. Осы орайда күрес жайында айта кететін болсам, күрес – қазақтың оң жамбасына келетін спорттың түрі. Әр күрес түрінің өзіндік ерекшелігі болады. Дегенмен, еркін күрес – күрестің ең қиын түрі деп ойлаймын. Өйткені мұнда бүкіл дене күреседі. Мысалы, грек-рим күресінде тек белден жоғары ұстап, түрегеп жүріп күрессең, ал еркін күресте барлық жерден ұстап күресуге рұқсат. Қарсыласың аяғыңды да, қолыңды да аңдып жүреді. Бұл барлық дене мүшелеріңнің ширақ болуын қажет етеді. Сондықтан бұл спорт түріне көп дайындық қерек. Дайындықтан бөлек әр спортшының бойында шынайы патриоттық сезім болуы керек деп ойлаймын. Жалпы, патриотизм – әр спортшының бойында болуға тиісті қасиет. Жарысқа шығар алдында үнемі елдің намысын арқалап бара жатқанын сезіну үлкен жауапкершілік. Халық үміт артып отырғанын сезіну керек.  Сондықтан біздің, спорт­шылардың алдында бір ға­на мақсат – көк туымызды жел­біретіп, әнұранымызды шырқатсақ деген арман тұрады. Мен өз шәкірттеріме ең бірінші мінезді болуды айтамын. Алға қойған мақсатынан қайтпайтын қай­сар мінез болу қажет. Сосын тынымсыз еңбек керек. Жеңістің бәрі оңай келмейді, еңбекпен келеді. Спорт мектебінің шәкірттері қазір биік белестерді бағындырып жатыр. Жаттықтырушылардың да еңбегі орасан деп айта аламын. Ал еркін күреске келер болсақ, бұл спорт – олимпиадалық спорт түрі, түрлі әдіс-тәсілдерді қолданатын жекпе-жек өнері, мысалы, лақтыру, тартып алу, серпілу, тағы басқа да  әдістері бар. Жалпы бұл спорт түрінің мақсаты қарсыласты иыққа жығу. Аталған жарыста қарсыласын иыққа жығып, жеңіске жеткен біздің спортшыларға ризашылығымды білдіргім келеді.» – деді «Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ордабаев Ғани Оңғарұлы.

Өте тартысты өткен облыстық ашық турнирде, жатықтырушылардың орасан еңбегінің арқасында Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жас спортшылары командалық есепте ІІ орынды иеленді. Енді, жас спортшылар алдағы уақытта өтетін облыстық чемпионатқа жан-жақты дайындықпен барып, биіктен көрінуді мақсат етеді.  Бұл күні турнирді жоғарғы деңгейде ұйымдастырған “Байтемір” спорт кешенінің ұжымына спортшылар өз алғыстарын да білдірді.