Архив рубрики: Спорт

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА БОКСТАН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АШЫҚ ТУРНИРІ ӨТТІ

Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Қасқасу ауылында орналасқан «Қозыбақов Жамалбек» атындағы спорт кешенінде 2025ж мамыр айының 08-11 күндері, 9-мамыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай бокстан 2010-2011, 2012-2013, 2014-2015 жылдары туылған жасөспірімдер арасында Түркістан облысының ашық турнирі өтті.

Дүбірлі жекпе-жек сайысына облысымыздың барлық аудандарынан дерлік, сонымен қатар көршілес Өзбекстан елінен, барлығы 300-ден астам жасөспірім былғары қолғап шеберлері қатысты. Солардың қатарында жекпе жек сайысына қатысқан Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жас боксшылары, жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтар болсақ олар:

1.Әбдіраш Арсен 30 кг – І орын

2.Сайлау Бейбарыс 38 кг – І орын

3.Зайдыхадыр Мейіржан – І орын

4.Мухтар Ерқанат 36 кг – ІІ орын

5.Жаңбыр Нұрбақыт 44 – ІІ орын

6.Дүйсенбек Әли 50 кг – ІІ орын

7.Нұржан Нұрәлі 36 кг – ІІІ орын

8.Әбдіраш Бейбіт 46 кг – ІІІ орын

9.Иманбек Ерасыл 52 кг – ІІІ орын

10.Әбдіқайыр Бекназар 36 кг – ІІІ орын

11.Мәжит Нұрбатыр 36 кг – ІІІ орын

12.Әбдіраман Әбдінұр 44 кг – ІІІ орын

13.Жұмабеков Бақдәулет 50 кг – ІІІ орын

14.Адакбар Санжар 50 кг – ІІІ орын

15.Тәңірберген Ержігіт 57 кг – ІІІ орынға ие болып, Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкіртері жүлделі қоржынға 3-алтын, 3-күміс, 9-қола медаль салып, арнайы дипломдармен марапатталды.

Сонымен қатар Жаңбыр Нұрбақыт турнирдің «Үздік боксшысы» болып танылды. Сондай-ақ, спорт мектебінің басшылығы жаттықтырушылар  Қалдыкөзов Нұрғалиды, Сайлау Арманға облыстық ашық турнирдегі жақсы жетістіктері үшін алғысын білдірді. Спортшылар алдағы уақытта да облыстық чемпионатқа жан-жақты дайындықпен барып,  Төлебилік жанкүйерлерге қуаныш сыйламақ.

«ЖЕҢІСКЕ» АРНАЛҒАН ДҮБІРЛІ ДОДА

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай Бірінші Мамыр ауылдық округі әкімдігінің және «Төлеби спорт клубы» КММ-нің ұйымдастыруымен мәдени және спорттық іс шаралар өтті. Аталған шараның мақсаты – тарихи Жеңіске тағзым ету, салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Спорттың төрт түрінен: қазақ күресі, асық ату, арқан тарту және кіші футболдан өткен жарысқа ауыл жастары мен спортсүйер қауым белсенді қатысты. Іс шараға арнайы қатысқан аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров жиналғандарды Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай шаралардың ел бірлігі мен жастардың рухын көтерудегі маңызын атап өтті. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған командалар мен қатысушылар арнайы грамота, медаль, кубоктармен және қаржылар сертификаттармен марапатталды. Аталған мерекелік іс шара спорттық сайыстарымен жалғасын тауып, ауыл тұрғындары мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

« – Қазақ күресі – ұлттық төл спортымыз. Біздің күрес – еш­қандай күрес түрлеріне ұқса­май­ды.  Бүгінгі таңда жүргізі­ліп отырған спорттық-теория­лық және әдістемелік зерттеулер бойынша қазіргі самбо, дзюдо, еркін күрестердегі негізгі айла-тәсілдер қазақ күрес өнерінен алынғаны дәлелденуде. Яғни, дәстүрлі көшпелілер күресі әлем спорты­ның дамуына зор үлес қосты деуге бола­ды. Әсіресе, белбеу пайдаланып күресу тәсілінің бай тәжіри­бесі Ұлы Даладан бастау алып, Шығыс пен Батыс елдеріне та­ны­мал спорт түрі­нің алғы­шарты­на айна­л­ды. Белбеу арқы­лы бел­десу­дің өзіндік сипаты болған, ол белге оралған қайыстан ұстап, тізесі не ала­қаны жерге тигенге дейін күрескен. Бұл күрес жылдамдық, ептілік, күш және айла-тәсілдердің кең диа­пазонды қимыл-қозғалысымен қызықты. Сондықтан да оның адамның көңіл-қуанышын арттыра­тын, қанын қыздырып, ерлікке, елдікке баулитын қасиеті бар. Біз, қазақ халқы жоғарыдағы белбеу арқылы күресудің негізін салған жұрттың біріміз. Көшпелілер күресінің бас­ты қағидасы – әділеттілік болған. Жеңім­пазды анықтау көрермен халықтың көз алдында жарасым тапқан. Жарыс ережесінде кү­ресті ұйымдастырушылар оны мез­гіл және жер таңдамай өткізетін бол­ған. Көшпелілер өнерінің жоталы бір саласы – қазақ күресінің тәрбиелік маңы­з­ы зор, ол ұлттық намысты қоздырып, көрерменге асқан шабыт сыйлайтын құдіреті биік күрес екенін тарихтан білеміз. Ал бүгін­де қ­а­зақтың ұлттық спорты – кү­рес ешқашан тіршіліктен тыс қалмай, бірге жасасып, әлем чемпионаттарын өткізе­тін деңгейге дейін жетіп отыр. Өткен ХІХ ғасырдың ая­ғы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында сайын дала төсінде сайран салып, салтанат құрған бабаларымыз Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Қажымұқан күш-қуатымен бірге ақыл-парасатымен, ақын­дық-әншілігімен де ерек­шеленіп, нағыз ұлт мақтанышына ай­нала білді. Қажымұқан бабамыз төрт­күл дүниенің ең мықты деген балуан­дарын тізе бүк­ті­ріп, өз заманындағы кәсі­би балуан­дық­тың биік шыңына көтеріліп қана қоймай, «мұсылман әлемінің бас балуаны» деген атаққа ие болды. Осындай көрнекті өкілдері әлемді мойындатқан, тарихтың таразысына тү­сіп, әлем спортынан ойып тұрып орын ал­ған қазақ күресінің көші ХХІ ғасырға да аумай-талмай жетті. Сондықтанда біз ұлттық спортымызды дәріптеп, жастарды осындай қайсарлыққа тәрбиелеуіміз керек. Төлеби ауданының балуандары да әлемді мойындатып жүр. Бүгінгі жарыстанда шын мықтылар анықталып, нағыз балуандар жеңіске жете берсін деп тілек білдіремін.» – деді Төлеби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев

 

Сондай-ақ, 10-11 мамыр күндері Бірінші Мамыр ауылдық округіндегі «Төлеби» спорт клубы КММ-де күрестен жасөспірім ұлдар арасында «Байтемір» спорт кешенінің облыстық ашық біріншілігі өтті. Мерекеге орай ұйымдастырылған бұл дүбірлі додаға 2008–2009, 2010–2012, 2013–2014 және 2015–2017 жылдары туған жасөспірім балуандар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыстың ашылу салтанатына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, «AMANAT» партиясының аудандық атқарушы хатшысы Шырынбек Оңғаров, аудандық мәслихаттың депутатары Нұргелді Құлышев, Жанғали Мауленов және аудандық білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Салтанатты шара барысында Төлеби ауданында еркін күрестің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар мен еңбегі сіңген жаттықтырушылар аудандық мәслихаттың Грамотасымен марапатталды. Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша әр салмақта оза шапқан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Төлеби ауданында еркін күрестен турнир өтті

2025 жылдың мамыр айының 09 – 11 жұлдызы аралығында Төлеби ауданы, Бірінші мамыр ауылы «Төлеби» спорт кешенінде еркін күрестен турнир өтті. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай «Ұлы Жеңіс! Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» және «Спорт – нашақорлыққа қарсы» атты ұранымен өткен сайыста 2008-2009, 2010-2012, 2013-2014 және 2015-2017 жылы туылған жасөспірімдер өзара мықтыларын анықтады. Төлеби аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты «Байтемір» спорт кешенінде ұйымдастырылған дүбірлі додада, яғни облыстық ашық біріншілікте Мерке, Тараз, Шымкент, Түлкібас, Тұрлан, Сайрам, Ақсу, Жетісай, Байдібек, Сарыағаш, Мақтаралы және Төлеби ауданының барлық спорт мектептерінен 450-ден астам жас спортшылар қатысып,  бақтарын сынады.

 

Ленгір қаласында орналасқан, білікті басшы еркін күрестен спорт шебері Катаев Алибек басқарып отырған Төлеби аудандық № 2 – ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері өз салмақ дәрежелері бойынша 5-алтын, 3-күміс, 4-қола медальді иемденіп, өте жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтқанда Эргашов Данияр 26кг, Мамыржанов Хазірет 44кг, Ағабек Бақдаулет 45кг, Османов Байрам 57кг, Асанбек Нұржігіт 57кг І-орын, Хайранов Алай 52кг, Отан Жорабек 54кг, Болат Алисұлтан 68кг ІІ-орын, Оспанұлы Ақжұрек 21кг, Тойшыбек Жансерік 25кг, Асамбек Арсен 32кг, Турусметов Рустамбек 68кг ІІІ-орын алып біріншіліктің арнайы диплом, медаль және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Аталған спортшылардың жаттықтырушысы Бектемисов Ғабит. Бұл жеңістер бапкердің талай жылдық еңбегінің арқасы, сондай-ақ тәрбиелеп жүрген жігерлі шәкірттерінің жемісі деуге болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық боксшы Назым Қызайбайды тарихи жеңісімен құттықтады

– Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін Әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік!

Сербияда өтіп жатқан Әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен Ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін, – деп жазды Мемлекет басшысы.

Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес Әскерлерінің Шығарылғанына 36 жыл толуына орай баскетболдан мектепшілік жарыс ұйымдастырылды.

№2 жалпы білім беретін мектебінде Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес Әскерлерінің Шығарылғанына 36 жыл толуына орай баскетболдан мектепшілік жарыс ұйымдастырылды.

Жарыстың мақсаты:
жастар арасында патриоттық тәрбие беру; баскетбол ойынын насихаттау;
оқушылардың спорттық шеберлігін арттыру. Жарысқа 5-8 сынып оқушыларынан құралған 4 команда қатысты.

Жарыс 2 кезеңнен тұрды:
1. Топтық кезең: Әр команда бір-бірімен ойнап, жеңімпаздар анықталды.
2. Финалдық кезең: Үшінші орын үшін және бірінші орын үшін тартысты кездесулер өтті.
Жарыс жоғары деңгейде өтті, оқушылар белсенді түрде қатысып, жеңіс үшін бар күшін салды. Жеңімпаз командаларға арнайы дипломдар табысталды.

Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес Әскерлерінің шығарылғанына 36 жыл толуына орай өткізілген баскетбол жарысы жастар арасында патриоттық сезімді нығайтуға және спортты насихаттауға бағытталған маңызды шара болды. Бұл жарыс келешекте дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын болады.

ЖЕТІСАЙЛЫҚТАР ЧЕМПИОНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Жетісай ауданының спортсүйер азаматтары классикалық белбеу күресінен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Әлем чемпионы Біржан Шаймерденге құрмет көрсетіп, ағайын-туыстары тұлпар мінгізді. Ауыл ақсақалдары баталарын беріп, алдағы дүбірлі додаларда жеңіс тіледі.
Шараға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Талғат Қаржауов, Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, чемпионның ағайын-туыстары мен ел ағалары қатысты.
Шаймерден Біржан Ыдырысұлы 1996 жылы ОҚО, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласында дүниеге келген. 2002 жылы Жетісай қаласындағы «Ю.Гагарин» атындағы мектеп табалдырығын аттап, 2008-2010 жылдары Астана қаласындағы «Қажымұқан Мұңайтпасов» атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатында, 2010-2013 жылдары аралығында Жетісай аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің грек-рим күрес бөлімінде аға жаттықытушы Қанат Сүлейменовтың қол астында жаттыққан. 2014-2018 жылдары Астана қаласындағы «С.Сейфуллин» атындағы Қазақ Агротехникалық университетінде оқыған.
Спорттық мансабында Біржан Ыдырысұлы 2015 жылы грек-рим күресінен ҚР универсиадасының қола жүлдегері, белбеу күресінен ҚР 7 дүркін чемпионы, 2020 жылы Иран елінің Тегеран қаласында өткен Иран ұлттық күресінен Әлем чемпионы, 2023 жылы Бішкек қаласында өткен белбеу күресінен Гран-при турнирігің қола жүлдегері, Краснодар қаласында өткен Әлем кубогінің қола жүлдегері, 2024 жылы Ресей Федерациясының Казань қаласында өткен Белбеу күресі турнирінде Әлем чемпионы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атақтарының иегері. ҚР Спорт және Туризм министрі Ербол Мырзабосыновтың жарлығымен өткен жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
«Спорт – тек дене шынықтыру мен белгілі бір нормативті орындайтын сала ғана емес, сонымен қатар, тәрбие құралы. Жастарды төзімділікке, табандылыққа, достық қарым-қатынасқа, алдына қойған мақсаттарына жете білуге дағдыландыратын күш. Бүгінгі сенің жеткен жетістіктерің үлкендер үшін мақтаныш болса, ізіңнен ерген інілерің үшін үлгі» деген аудан басшысы спортшы мен атасы Шаймерден ақсақалға сый-сияпат жасады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СПОРТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістанда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша үздіктерді марапаттау салтанаты өтті.

Спорт майталмандары бас қосқан шарада үздік спортшылар мен жаттықтырушылар, үздік аудан, үздік балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, үздік спорт мектебі, үздік ауыл спорт клубы және тағы басқа аталымдары бойынша кіл мықтыларға құрмет көрсетілді.

Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, өңіріміздегі жалынды спорт саңлақтарының еселі еңбегін атап өтіп, ел мерейін үстем еткен спортшыларды марапаттады.

–Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған барлық Жолдауларында үнемі дене шынықтыру және спорт саласын қолдап келеді. Өңірімізде спорттың дамуына барынша жағдай жасалынуда. Қазіргі уақытта 122 спорт нысандарының құрлысы жүргізілуде. Биыл облыста 2000-нан аса бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізілді. Бұл іс-шаралар салауатты өмір салтын насихаттауға, спорттық дәстүр мен әдет-ғұрыптарды сақтауға өзіндік зор үлесін қосуда. Спортшыларымыз еліміздің мүддесін халықаралық аренада жоғары дәрежеде қорғай білді. Әрине, біз батырларымызды мақтан тұтамыз, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Сонымен қорытынды бойынша боксшылар Сабырхан Төрехан, Сағындық Тоғамбай, сурдо шахматшы Мейрман Пернеев, жамбы атушы Батыр Бексауыт, академиялық есуші Владислав Яковлев, самбо күресінің шебері Нұрила Асанқызы, сурдо дзюдошылар Айдарбек Тоқтарбек пен Қуандық Шадияр, аударыспақ спортының шебері Дарын Өткелбай, теңге ілу шебері Рахат Қомбаров, қазақ күресінің оғланы Қайсар Шәмшидинов сынды өңіріміздің мақтаныштары жылдың үздік спортшылары атанды. Осындай дарынды спортшыларды дайындаған жаттықтырушылары да марапатталып, құрметке бөленді.

Сондай-ақ жылдың үздік балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі номинациясына Сарыағаш ауданы, «Қажымұқан атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» лайықты деп танылды. Инвестиция тарту арқылы 5 нысан салдырып, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 3 спорт кешенін салдырған Ордабасы ауданы үздік аудан номинациясын иеленді. Сондай-ақ Қазығұрт аудандық спорт клубы жылдың үздік ауыл спорт клубы атанды.

Ал Қазақстан Республикасына еңбегі сіңірген жаттықтырушысы. Түрлі халықаралық жарыс жеңімпаздарын тәрбиелеп, баптаған Илияс Оралбеков пен ҚР еңбек сіңірген жатықтырушысы, ҚР 3 еңбек сіңірген спорт шебері, 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 10 спорт шеберін дайындаған білікті бапкер Мырзағали Құланұылына «Үздік жаттықтырушы» номинациясы табысталды.

Осындай үздіктер номинациялар «Үздік ауыл жаттықтырушысы» Нұрсұлтан Арысбаев, «Үздік ауыл спорт клубы» Қазығұрт аудандық спорт клубы, «Үздік ауыл спортшысы» бокстан екі дүркін Азия чемпионатының жеңімпазы, екі дүркін ҚР чемпионатының жеңімпазы. 2024 жылғы жастар арасында Әлем кубогының жеңімпазы. Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы Шұғыла Нәлібай, «Үздік бұқаралық ақпарат құралы» Төребек Байтасов, «Үздік спорт қызметкері» Жандос Дәуіт, «Үздік спорт дәрігері» Ардақ Мелдехан, «Үздік кәсіпкер» Бауыржан Салимов, «Үздік мемлекеттік-жекешелік әріптес» «ССК Астана», «Үздік өнім беруші» Дара кәсіпкер «Пак Натальяның Кентау қаласындағы гимнастика орталығы», «Үздік ұйымдастырушы» Бауыржан Абдуллаевқа берілді.

Айта кетейік, 2024 жылғы 12 айдың қорытындысы бойынша жерлестеріміз Әлем чемпионаттарында 78 алтын, 54 күміс, 40 қола медальға қол жеткізсе, Азия чемпионатында 110 алтын, 69 күміс және 82 қола жүлдені облыс қоржынына салды. Ал Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 502 алтын, 327 күміс, 360 қола медальді иеленіп, жалпы жыл бойында 1622 жүлдеге қол жеткізді. Биылғы жылы облыстан 616 спортшы ұлттық құрамаға еніп, өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткішке ие болды.

ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені пайдалануға берілді. Заман талабына сай ғимараттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, бапкерлер мен спортшылар және спорт ардагерлері қатысты. Өңір басшысы көпшілікті ғимараттың ашылуымен құттықтады.

– Алдымен баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құтықтаймын! Бүгін Түркістан төрінде қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында спорт саласын дамыту міндетін жүктеді. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет екенін айтты. Осы бағытта Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлінуде. Өңірде 3500-ден астам спорт нысаны бар. Биыл 11 айда облыста 10 ірі спорт кешені пайдалануға берілді. Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері шаһарда «Түркістан-Арена» стадионы, «Olympic Center» спорт кешені, «Теннис орталығы», «Мұз сарайы» ғимараттары пайдалануға беріліп, спортшыларымыз тыңғылықты жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда ескек есу каналы мен халықаралық талапқа сай атшабардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұның бәрі – спорт саласына жасалған қамқорлық әрі үлкен қолдау. Ал бүгін қазақ халқының даңқты перзенті, Түркістаннан шыққан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені ел игілігіне берілуде. Түркістан өңірінде чемпионның атын ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгін ашылғалы тұрған спорт кешенін де ел перзентіне лайықты құрмет деп білеміз. Біз спортты дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова игі іске мұрындық болған азаматтарға алғысын айтып, аймақта «чемпионның ізбасарлары көбейе берсін» деген тілегін жеткізді.

«Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов та көпшілікті құттықтап, жаңа ғимарат чемпиондарды даярлауға үлесін қосатынын атап өтті.

Бұл нысанның құрылысына Түркістан облысы әкімдігі тарапынан 2,7 млрд теңге бағытталды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорынан технологиялық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге, ішкі әрлеуге, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 500 млн теңге бөлінді. Ғимараттың ауданы – 7248 шаршы метр, жалпы жер ауданы – 1,8 гектар.

Бұл спорт кешенінде бокс, қазақ күресі, грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресі, таеквондо, каратэ, үстел теннисі және ойын спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік бар. 300-ден астам жанкүйер сыятын көрермен залы, жаттығу залдарымен қамтылған. Республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге болады.

Айта кетейік, Түркістан облысында спорт қарқынды дамып келеді. Өңірде 29 олимпиадалық, 34 ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлері дамып жатыр. Биыл Түркістан облысының спортшылары әлем чемпионаттарынан 106 медаль, Азия чемпионаттарынан 214 медаль жеңіп алды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 16 алтын, 10 күміс, 5 қола медаль олжалады.

Созақ ауданында өңірлік өнім көлемі арта түскен

Созақ ауданында биыл жалпы өңірлік өнім еселеніп, инвестиция көлемі арта түскен. Сондай-ақ, ағымдағы жылы аудандағы өзекті мәселелер, яғни автомобиль жолдарын жаңарту және жарықтандыру , тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, жалпы инфрақұрылым бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков халықпен кездесулерінде баяндап, алдағы атқарылатын жоспарларды да мәлімдеген болатын.

Жалпы, ауданның бюджет кірісіне ағымдағы жылдың 8 айында 14 млрд. 841 млн. 808 мың теңге қаржы түсіп, жоспар 114 пайызға,1 млрд. 825,3 млн. теңгеге өзіндік кірістер есебінен артығымен орындалған. Оның ішінде; трансферттер 4 млрд. 514,3 млн. теңге, өзіндік кірістер 10 млрд. 327,4 млн. теңгені құрайды. Бюджеттің шығыс бөлігі бойынша жоспары 13 млрд. 253,7 млн.теңгені құрап, оның13 млрд. 049,5 млн. теңгесі,98,5 пайызы игерілген.

Осы орайда, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков 2024 жылдың 8 айында атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы баяндамасын назарларыңызға ұсынамыз.

 ЖАЛПЫ ӨҢІРЛІК ӨНІМ, ИНВЕСТИЦИЯ

Ағымдағы жылдың есепті кезеңінің қорытындысымен ауданда  427 млрд. 593 млн. теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндіріліп, 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнім көлемі 128,3 пайызға немесе 94 млрд. 228 млн. теңгеге артты.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ БОЙЫНША

«Ауыл Аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2024 жылы Қаратау, Қарақұр, Сызған және Шолаққорған ауылдық округтері ұсынылды. Бүгінгі таңға Қарақұр ауылдық округінен «Ran Agro», Сызған ауылдық округінен «Қайнар 1», Шолаққорған ауылдық округінен «Игібай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері ашылды. Несие қаржы алуға Сызған ауылдық округінен «Қайнар 1» АӨК құжаттарын «ЫРЫС» МҚҰ» ЖШС-не тапсырды. Қарақұр ауылдық округінен «Ran Agro» АӨК-і құжаттары әзірленуде.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2024 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 7 млрд. 77 млн. 100 мың теңгені құрап, нақты көлем индексі (НКИ) 86,6 пайыз болды. Нақты көлем индексінің төмендеуі барлық санаттағы мал бастарының кемуі нәтижесінде орын алды. Биылғы жылы алынған барлық санаттағы мал бастарының төлі есебінен нақты көлем индексін орындау жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың есепті кезеңінің қорытындысымен ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 332,4 млн. теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 27,7% орындалды (жоспар 1200 млн. тг).

Тамақ өндірісі негізгі капиталына 67,6 млн. теңге инвестиция тартылып, 32% орындалды (жоспар 211 млн.)

Егістік жер көлемі 14 638 гектарға игеріліп, 101,9 % орындалды, (жоспар 14 363 га).

20 жаңа ауыл шаруашылығы техникалары алынып, жоспар 55% орындалды. (жоспар 36 бірлік).

Жаңбырлатып суару әдісі 201 гектар жерге ендіріліп, жоспар 100% орындалды. (жоспар 201 га.).

Есепті кезеңнің қорытындысымен 4 731,4 тонна ет,  4 747,2 тонна сүт, 1 243,8 мың дана жұмыртқа өндірілді.

Мүйізді ірі қара 39 745 бас, қой 263 254 бас, ешкі 26 290 бас, жылқы 33 842 бас, түйе 16 639 бас, құс 28 692 басты құрады.

 «ЖЕР АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ БОЙЫНША

Созақ ауданының барлық жер көлемі 4 млн. 104 мың 940 гектарды құрайды. Оның ішінде ауылшаруашылығы мақсатындағы пайдаланудағы жерлер 759 мың 563 гектар, өнеркәсіп, көлік байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылық емес басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер 84 мың 157  гектар, босалқы жерлер (ауданның арнайы жер қоры)  1 млн. 960 мың 982 гектар, орман қорының жерлері 1 млн. 034 мың 898 гектар, су қорының жерлері 3 245 гектар, елді мекендердің жерлері  261 мың 296 гектар, ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың жерлері 799 гектар.

«Жер аманаты» жобасы аясында 2024 жылы жоспарға сәйкес жайылымдық жерді ортақ пайдаланымдағы жайылымдарға қайтару бойынша, мақсатына сай пайдаланылмай жатқан 15,0 мың гектар жер учаскесінің ішінен 8 471 гектары, яғни 56,5% мемлекет меншігіне қайтарылды.

 ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Аудан көлеміндегі  33 елді мекеннің 29 елді мекеніндегі 61 937 адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Орталықтандырылған ауыз су құбыры бар 29 елді мекеннің 21 елді мекеніне ауыз су 24 сағат берілсе, қалған 5 елді мекенге  (Сызған, Созақ, Қарақұр, Қаратау, Қозмалдақ) кестемен берілуде.

Созақ ауылы, Шақырық елді мекенін ауыз сумен тәулік бойы қамтамасыз ету үшін қаржы бөлуге (жоба құны – 2 млрд. 88 млн. теңге) облыстық бюджетке ұсынылды. 2024 жылға 151 000,0 мың.тг (АБ-1 000,0 мың.тг ОБ-150 000,0 мың.тг) қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы мердігер «ИНТЕКО ЛТД СТРОЙ» ЖШС анықталып, 01.07.2024 жылы келісім шарт түзіліп, ұңғыма құдықты бұрғылау жұмыстары басталған.

Қаратау ауылын тәулік бойы ауыз сумен қамтуға қаржы бөлуге (жоба құны – 952 млн. 43 мың теңге)  облыстық бюджетке ұсынылып, 2024 жылға 51 000,0 мың.тг (АБ 1 000,0 мың.тг, ОБ-50 000,0 мың.тг) қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы мердігер «ӨСЕН АР» ЖШС анықталып, 20.06.2024 жылы келісім шарт түзілді.

Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз және Сызған елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, 2023 жылы аудандық бюджеттен 9 млн. теңге, облыстық бюджеттен Қарабұлақ, Балдысу елді мекендеріне 34 млн. 400 мың теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Ағымдағы жылы 5 елді мекеннің ауыз су құбыры (Балдысу, Қарабұлақ, Басбұлақ, Сызған, Сарыжаз) құрылысының жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілсе, 1 268 тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 98,1 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, жоғарыда аталған ауыз су құбырының құрылыстары аяқталған жағдайда аудан халқы 100 пайыз қамтылатын болады.

  «АУЫЛ- ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ

Жолдарды жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін облыстық бюджеттен 547 млн. 67 мың теңге қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық  11 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін 371 млн. 127 мың теңге қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

2023 жылы Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, нәтижесінде аталған елді мекендердің көшелері 100% асфальт жабындысымен қамтылды. Бүгінгі таңға ішкі жолдардың асфальт жабындысы 66 пайызды құраса, ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде 69 пайыздан асады деп  жоспарлануда.

2024 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 26,1 шақырымды құрайтын 25 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін облыстық бюджеттен 710 млн. 613 мың теңге қаржы бөлініп, мердігер анықталып шарт түзілді. Қазіргі таңда асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 21,2 шақырымдық 18 көшеге қиыршық тас төсеу және асфальт жабындысын төсеу үшін 493 млн. 289 мың теңге қаржы бөлініп, мердігер анықталып шарт түзілді. Қазіргі таңда асфальт жабындысын және қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.

 ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТУ БОЙЫНША

 «Созақ ауданында АГТС бар магистральды газ құбыры-тармағын салу» нысаны бойынша 2019-2022 жылдар аралығында 2 млрд. 766 млн. 571 мың тг қаржыға Жаңатас қаласы бұрылысынан Шолаққорған ауылына дейінгі  43,8 шақырым магистральды газ құбыры траншеяға 100% көмілген. Газды қабылдау құрылғысы (УПОУ) орнатылды.   АГТС қондырғыларының орындары дайындалып, қоршалған. Электр бағаналары орнатылып, электр желілері жүргізілді. Найзағайдан қорғау прожектор діңгегі (ПМЖ) 5 дана және КТП-10/04кВ дизельдік электростанциясы орнатылды. ВОЛЬС кабельдері жүргізілді.

2024 жылға 700 млн. 624 мың тг. (ҰҚ – 411 млн. 221 мың тг. ОБ – 289 млн 403 мың тг.) бөлініп,289 млн. 403 мың тг игерілді.  Ағымдағы жылдың наурыз-тамыз айлары аралығында АГТС қондырғыларының 6 данасы жеткізілді.

ШОЛАҚҚОРҒАН АУЫЛЫН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТУ

Аудан орталығы Шолаққорған ауылын табиғи газбен қамту үшін «Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу» жұмыс жобасы бойынша 2021-2023 жылдар аралығында 3 млрд. 249 млн. 142 мың теңге қаржыға 216,6 шақырымды құрайтын 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізілді. Шкафты газ реттеу пунктінің орындары дайындалып, 5 дана ШРП орнатылды.Қондырғылардың қалған бөлігі акт түзіліп мердігер мекеменің сақтау қоймасында сақталуда. 2024 жылыға газ тарату желісін салуға облыстық бюджет есебінен 203 млн. 187 мың теңге бөлінді. АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылының тұрғындары табиғи газбен қамтылады.

КӨШЕЛЕРДІ ЖАРЫҚТАНДЫРУ БОЙЫНША

2024 жылға аудандық бюджет есебінен елді мекендерді жарықтандыруға 10 ауылдық округке (57 көшеге) 425 млн.573 мың теңге бөлінді. (Шолаққорған, Жартытөбе, Құмкент, Сызған, Созақ, Қарағұр, Қаратау, Жуантөбе, Шу, Таукент)

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ БОЙЫНША

«Ауыл ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысы жобасына 231,8 млн. теңге (2022 жылдан өтпелі) бөлініп, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылданды. Сонымен қатар, Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысы (сыртқы инженерлік желілері) жобасына 227,6 млн. теңге бөлініп, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.

«Қаратау ауылынан жабық кіші футбол алаңының құрылысы» жобасына 97,5 млн. теңге бөлініп, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. 2023 жылы Шолаққорған ауылынан заманауи спорттық сауықтыру кешені құрылысы басталды  (жобаның құны  1 млрд. 924 млн. теңге) 2023 жылға ұлттық қордан 300 млн. теңге қаралып, игерілді. Нысан 2025 жылға өтпелі. «Тасты ауылындағы 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы» жобасына 176,6 млн. теңге бөлініп, 04.12.2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылданды.

Қарақұр ауылдық округі аппараты әкімшілік ғимараты мен кіші жабық футбол алаңының құрылысы ел игілігіне пайдалануға берілді. Биыл құрылыс жұмыстарын бастауға бірнеше жобаларға қаржы қарастырылды: «Құмкент елді мекеніндегі Жылыбұлақ каналын салу» жобасының құны – 470,1 млн. теңге
2023 жылға 30 млн. теңге игерілсе, 2024 жылы – 250 млн. теңге қаралды. Нысан 2025 жылға өтпелі.  «Қаратау елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» жобаның құны – 201,6 млн. теңге 2023 жылға 6 млн. теңге игерілсе, 2024 жылы – 173 млн.теңге қаралған. Нысанның пайдалануға беру уақытысы 2024 жылдың қыркүйек айы.  «Қарақұр елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» жобаның құны – 303,2 млн. теңге.
2023 жылға 1 млн. теңге игерілсе, 2024 жылы – 128 млн.теңге қаралды. Нысан 2025 жылға өтпелі. «Жуантөбе елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» жобаның құны – 174,6 млн. теңге. 2023 жылға 6 млн. теңге игерілсе, 2024 жылы – 155 млн.теңге қаралған. Нысанның пайдалануға беру уақытысы 2024 жылдың қыркүйек айы.

Шолаққорған ауылындағы «Астана» мөлтек ауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізуге оң сарапта қорытындысы алынды. Жобаның құны 2 млрд. 555 млн. теңгені құрайды. Нәтижесінде жер кезегінде тұрған 435 адам тұрғын үйге жер телімдерін беруге мүмкіндік болады.

Сонымен қатар, «Жартытөбе, Жуантөбе ауылдарынан мал емдейтін станок құрылысы, Абай, Жуантөбе ауылдарынан және Таукент, Қыземшек кенттерінен ұсақ малдарды тоғытатын нысан құрылысы, Шолаққорған ауылынан мал өлекселерін тастайтын шұңқыр құрылысы, «Беккери» шұңқыры құрылысы» жобаларына 2024 жылы – 207 млн.теңге қаралған. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде. Нысанның пайдалануға беру уақытысы 2024 жылдың қазан айы.

 БІЛІМ САЛАСЫ

 Аудандағы 38 балабақшада (17-мемлекеттік, 21-жекеменшік) 4 171 бала тәрбиеленуде (мемлекеттік балабақшалардағы 2 480 бала, жекеменшік балабақшаларда – 1 691 бала тәрбиеленуде).

Қазіргі таңда, 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші – 98%-ды құраса 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 100%-ды құрап отыр. 2024-2025 жаңа оқу жылы қарсаңында 1 сынып табалдырығын 1 452 бала  аттады. Еліміздің ең үздік білім беру мекемелерінің бірегейі “I-Qanat” мектебінде 4 оқушымыз білім грантын иеленіп, өз білімдерін жалғастыруда.

Өткен оқу жылында біздің облыс шәкірттері жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында 14 оқушы І орынды, 15 оқушы ІІ орынды және 15 оқушымыз ІІІ орынды жеңіп алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс»,- деп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғандығын атап өткен болатын. Осы орайда ауданымызда «Жайлы мектеп» жобасы аясында Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектептің 900 орындық құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар, Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектептің 200 орындық жаңа ғимарат құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.2024-2025 жаңа оқу жылында жалпы 6 902 бала ыстық тамақпен қамтылған, оның ішінде 1- 4 сынып оқушылары 5 849 бала.Мектептерге бейнекамералар орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылады.Мемлекеттік 35 білім беру мекемелері 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. Кәсіби күзет қызметімен Н.Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицей, «Созақ» мектеп-гимназия және І.Кеңесбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп қамтамасыз етілді. 700 оқушысы бар 8 мектепке (Алтынсарин, Әлімқұлов, Төреқұлов, Кеңесбаев, Созақ, Науайы, Бөкенов, Сүлейменов)  турникет орнатылды.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ САЛАСЫ

Ұлттық жобалар шеңберінде 2 569 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, жылдық жоспар 63 пайызға орындалды. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасына сәйкес, 750 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, 8 айдың қорытындысымен  279 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. 2024 жылы 8 айдың қорытындысы бойынша – атаулы әлеуметтік көмек 253 отбасына (1 477 адамға) 64 млн.300 мың теңге төленді.

Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы» КММ-де «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорны» демеушілігімен мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсетуге арналған әлеуметтік такси пайдалануға берілді. 2024 жылдың 8 айының қорытындысымен пробация қызметінің есебінде тұрғандар мен бас бостандығынан айырылу мекемелерінен босаған азаматтарға арнап 4 рет жәрмеңке өткізіліп, 2 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп, 126 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды.

 МӘДЕНИЕТ САЛАСЫ

Созақ ауданында қазіргі таңда 40 мәдени мекеме аудан халқына мәдени қызмет көрсетуде. Оның ішінде: 17 мәдениет үйлері мен клубтар болса, 23-і кітапханалар. Ағымдағы жылдың 25 сәуірінде «КАТКО» Қазақ-Француз біріккен кәсіпорны демеушілігімен күрделі жөндеуден өткен Шу ауылдық кітапханасының жаңа ғимараты ашылып, ел игілігіне ұсынылды. 2024 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін                  Ақсүмбе ауылдық клубына бюджеттен 25 млн. 479 мың теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Бабата ауылдық клубына қазандық орнатуға конкурс жарияланып, жеңімпаз анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

СПОРТ САЛАСЫ

 Аудан тұрғындарының спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 148 спорттық нысандар жұмыс жасайды. Ағымдағы жылдың есепті кезеңінің қорытындысымен 3 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтар болсақ Шолаққорған ауылынан «Катко» БК демеушілігімен шағын футбол және балалар ойын алаңшасы, Шаға елді мекенінде сол ауылдан шыққан кәсіпкердің демеушілігімен шағын футбол алаңшасы салынды. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен Қарақұр елді мекенінен төбесі жабық үлгідегі шағын футбол алаңшасы салынып пайдалануға берілді және «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Шолаққорған ауылының Түркістан бағытына қарай тас жол бойынан республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2025 жылы құрылысы аяқталады деп күтілуде.

ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫ

 Аудан халқына 28 емдеу мекемесі қызмет көрсетеді. (1 аудандық аурухана, 1 аудандық емхана, 1 МСАК орталығы, 9 дәрігерлік амбулатория, 4 ФАП, 13 МП) Ағымдағы жылдың есепті кезеңінің қорытындысымен диспансерлік есепте тұратын  науқастар   саны  8 018   болған, 175 млн. 727 мың. 917 теңгеге тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Басты бағыт ана мен бала денсаулығын қорғау болып табылады. Осы мақсатта жүйелі түрде ана мен нәрестелер өлімін болдырмау көрсеткішін барынша төмендетуге арналған іс-шаралар атқарылуда. 2024 жылы 1 жасқа дейінгі нәрестелер өлімі 7 айда 4 нәресте өлімі орын алған. 2023 жылы 1 жасқа дейінгі 12 нәрестелер өлімі орын  алған. (2022 жылы 13 нәрестелер өлімі орын алған).

Ал, туберкулезден болған өлім көрсеткіші өткен жылы да, биыл да тіркелмеді. Денсаулық сақтау саласының әрбір көрсеткішін төмендету бойынша алдын алу шаралары атқарыла беретін болады. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Түркістан облысы әкімі Д.Сатыбалды облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарына 75 дана жедел жәрдем санитарлық автокөлік табыстаған болатын. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған «Hyundai i30» маркалы жедел жәрдем автокөлігінің екеуі ауданымызға жеткізілді. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның демеушілігімен алынған 2 жедел жәрдем автокөлігі алынды. Бұл көліктердің ерекшелігі жол талғамай, құмды жерлер мен шалғай ауылдарға еш қиындықсыз қатынай алады. Науқастарды тасымалдауға арналған көліктің ішінде жататын орын және алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ»

 БОЙЫНША АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР

Елімізде тазалыққа қатысты мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» Республикалық акциясы өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» акциясы тұрақты дағдыға айналатын бастама екенін айтты. Акция аясында ауданда түрлі шаралар іске асырылуда. Аудан орталығының аумағы 5 секторға бөлініп, ондағы 144 көшеге жауапты мекемелер бекітілді. Сондай-ақ аудан аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында жалпы саны 27 500 тал көшеттері отырғызылды. Шолаққорған-Түркістан бағытындағы “Жасыл белдеу” аумағы жолдың екі шетін қоса есептегенде 4,5 шақырымға артып 10 500 дана қара тал егілді. Бұл аумақ қазіргі уақытта толықтай қоршалды. Қазіргі таңға дейін 405 шақырым ішкі көше бойлары тазаланып, 285 шақырымдық облыстық маңызы бар жолдар және 77,4 шақырымдық аудандық маңызы бар жолдар тазаланды. 33 аялдама сырланып, қалпына келтірілді. 1050 ретсіз өскен бұталар алынып, талдардың түптері әктелді. 27 шақырым аяқ жолдар тазаланып, саябақтар және скверлер ретке келтірілді. 58 дана жол белгілері сырланды. Жалпы, сенбілік тазалық жұмыстарына 13 050 адам қатысып, 55 техника жұмылдырылды. Осылайша барлық мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары, жастар қауымы тазалық жұмыстарына көмек қолын созуда әрдайым ниетті екендіктерін білдіріп келеді. Жоғарыда аталған жұмыстар легі алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жүйелі түрде жүргізіліп отырады.

ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫС САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

Түркістанда Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған қазақ күресінен халықаралық жарыстың салтанатты ашылуы өтті. Дүниежүзілік додаға 10 мемлекеттен спортшылар шақырылған. Боз кілемде қарсылас шақ келтірмеген жеңімпазға бас жүлдеге – автокөлік беріледі.

Мықты балуандардың бәсекесіне Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық Қазақ күресінің Құрметті президент Болат Аюбай, облыстық экономикалық тергеп тексеру департаментінің бастығы Асқар Төлешов, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ашылу салтанатымен құттықтады.

– Қайырлы күн, құрметті спортсүйер қауым, спортшылар, төрешілер! Баршаңызды бүгінгі Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған қазақ күресінен халықаралық жарыстың салтанатты ашылуымен құттықтаймын. Қажымұқан бабамыз қазақ күресін әлемдік аренада дамытқан бірден-бір тұлға,- деген Нұралы Әлмаханұлы төл спортымыздың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Қазақ халқының мақтанышы, әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне алдағы екі күн бойы Грузия, Азербайжан, Польша, Тәжікстан, Монғолия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан мен Қазақстан мемлекетінің спортшылары бақ сынайтын болады. Жалпы сегіз салмақ бойынша, 100-ге жуық балуан боз кілемде күреспек.

Айта кетейік, Халықаралық доданың салтанатты ашылу барысында жарыс ұйымдастырушысы Самат Рысбековке, ҚР Туризм және Спорт министрлігінің арнайы Алғыс хаты табыс етілді.