2 сәуірде футболдан бірінші лига клубтары арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. «Түркістан Арена» стадионында «Тұран» клубы «Оңтүстік Академия» командасын қабылдады. Стадионда жанкүйерлер қатары қалың болды. Кездесуге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жанкүйерлерді құттықтады.
– Баршаңызды Түркістан төрінде «Тұран» футбол клубының кезекті ойынында көргеніме қуаныштымын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында жергілікті футбол клубтарын жекешелендіру және оларды бәсекелестік ортаға беру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Осы маңызды бастаманы қолдап, өңіріміздің басты командасын одан әрі дамытуды қолға алып отырған «Ordabasy Group» компаниясына және Дінмұхаммед Аппазұлына шынайы алғысымды білдіремін! Біздің басты мақсатымыз – өңір намысын абыроймен қорғайтын, халықаралық деңгейде өнер көрсететін және бәсекеге қабілетті команданы қалыптастыру. «Тұран» клубы – өңір намысын қорғап қана қоймай, болашақ футбол жұлдыздарын тәрбиелейтін үлкен клуб болады деп сенім білдіремін, – деді облыс әкімі.
Клубтың жаңа инвесторы Дінмұхаммед Ыдырысов өңір басшысына «Тұран» футбол клубының оныншы нөмірлі жейдесін табыстады.
– Біздің мақсатымыз – тұрақты әрі бәсекеге қабілетті команда қалыптастыру. Негізгі басымдықтарымыз – команданы премьер-лигаға қайтару, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, әйелдер футболын қолдау және клуб инфрақұрылымын жаңғырту, – деді Дінмұхаммед Ыдырысов.
Ойын өте тартысты өтті. Екі команда да алаңда барын салып, жиі шабуыл ұйымдастырып, жанкүйерлерге әсерлі сәттер сыйлады. Қақпа маңындағы қауіпті сәттер кездесудің соңына дейін интриганы сақтап тұрды. Алаң иелері ойын тізгінін қолға алып, шабуылдаумен болды. Бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Есесіне, қарымта шабуылда өткірлік танытқан қонақтар 2:1 есебімен жеңіп кетті.
Матч барысында арнайы ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, жанкүйерлер үшін интерактивті аймақтар жұмыс істеді. Көрермендер арасында PlayStation және iPhone секілді бағалы сыйлықтар ойнатылды. Жанкүйерлер стадионды мерекеге бөлеп, футболшыларға қолдау білдірді.
Қазіргі таңда «Тұран» футбол клубы құрамында елеулі өзгерістер орын алған. Команда сапалы әрі тәжірибелі футболшылармен толықтырылып, бәсекеге қабілетті ұжым жасақталуда.
Команданың бас бапкері қызметіне тәжірибелі маман Виктор Кумыков тағайындалды. Оның қазақстандық футболдағы тәжірибесі клубтың турнирлік мақсаттарына жетуінде маңызды рөл атқарады деп күтіліп отыр.
Айта кету керек, клуб жаңа инвестор — Ordabasy Group холдингінің басқаруына өтті. Жаңа инвестор ұзақ мерзімді даму моделіне басымдық беріп, инфрақұрылымды жаңғырту мен жастар футболын дамытуға ерекше назар аударуда. Сарапшылардың пікірінше, жеке инвестициялардың тартылуы клубтың қаржылық тұрақтылығын арттырып, басқару тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Келесі матч 8 сәуірде Түркістанда өтеді. «Тұран» футбол клубы ел кубогы бәсекесінде өз алаңында «Елімай» командасын қабылдайды.
В Туркестане состоялось историческое событие — стадион «Туркестан Арена» впервые принял официальный матч под эгидой УЕФА. В рамках отборочного турнира чемпионата Европы среди молодёжных сборных (U-21) на поле встретились команды Казахстана и Словакии.
Матч вызвал большой интерес у местных жителей: трибуны были заполнены до отказа. По официальным данным, игру посетили около семи тысяч болельщиков. С первых минут встречи зрители активно поддерживали казахстанскую команду, создавая атмосферу настоящего футбольного праздника.
Несмотря на мощную поддержку трибун, победа досталась гостям. Сборная Словакии продемонстрировала организованную игру в обороне и эффективно использовала свои моменты, завершив встречу со счётом 3:1.
Проведение матчей такого уровня в Туркестане свидетельствует о поступательном развитии спортивной инфраструктуры региона. Эксперты отмечают, что подобные события способствуют популяризации футбола среди молодёжи и формированию нового поколения спортсменов.
«Туркестан Арена» соответствует международным стандартам и требованиям УЕФА. Уже 31 марта здесь состоится следующий матч: молодёжная сборная Казахстана примет команду Ирландии. Начало встречи — в 20:00, вход для зрителей свободный.
2026 жылдың 6–22 ақпаны аралығында Миланда Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының әскери қызметшілері Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның атынан сайысқа түседі.
Ұлттық құраманың қатарына республикалық және халықаралық деңгейлерде айтарлықтай жетістіктері бар жеті армия спортшысы – биатлоншылар мен шаңғышылар кірді.
Биатлон жарысында ефрейтор Владислав Киреев – спринтте 2025 жылғы Қысқы Азия ойындарының чемпионы, Азиада-2025 ерлер эстафетасының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының алтын және қола медальдарының иегері сынға түседі. Әлем Кубогы маусымында ол қазақстандық биатлоншылар арасында үздік нәтиже көрсетіп, кезеңдердің бірінде үздік 20 спортшының қатарына кірген болатын.
Бұдан өзге ел намысын қорғайтындар сапында 2025 жылғы Қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Дүниежүзілік Универсиаданың екі дүркін күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әсет Дүйсенов; «Азия балалары» Халықаралық жасөспірімдер жарыстарының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айша Рақышева; IBU кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін қатысушысы Милана Генева да бар.
Ұлттық команда үшін шаңғы жарыстарында Дүниежүзілік Универсиаданың қола жүлдегері, 2022 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, 2025 жылғы Қысқы Азия ойындары эстафетасының күміс жүлдегері Надежда Степашкина; халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2025 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Дүниежүзілік Универсиаданың екі дүркін қола жүлдегері, 2022 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы Ксения Шалыгина; шаңғы жарысы бойынша Қазақстан Кубогының жеңімпазы, ұлттық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Анна Мельник бағын сынайды.
Әскер спортшыларының Олимпиада ойындарына қатысуы көп жылғы тынымсыз әрі жүйелі еңбекпен келген дйындықтың, темірдей тәртіп пен кәсіби деңгейдің жоғары нәтижесі екені сөзсіз.
Түркістан облысы Жетісай ауданы Асықата кентінде «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен заманауи үстел теннис орталығы қолданысқа берілді. Бұл жоба тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын оятып және салауатты өмір салтын ұстануына сеп болады. Орталықтың ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады.
«–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, ауылдардағы спорт инфрақұрылымын жаңарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл облыс көлемінде 112 спорт нысанның құрылысы басталып, бүгінгі таңда 102-нің құрылысы аяқталуда. Қалғаны 2026 жылғы өтпелі. Бүгін ашылып отырған нысан стандарттарға сай әрі заманауи үлгіде жабдықталған. Спорт нысаны бір мезетте 200-ге дейін спортшыны қабылдай алады. Мұнда үстел теннисімен бірге бокс, күрес спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Жаңа нысан Жетісай ауданының спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Осы ретте бүгінгі нысанның бой көтеруіне демеушілік жасаған кәсіпкер, меценат, Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының президенті Әбілғазин Данияр Рүстемұлына облыс жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға шақырамын! Жаңа спорт нысанынан Олимпиада және әлем чемпиондары шыға берсін!» – деді Нұралхан Көшеров.
ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов елімізде үстел теннисі қарқынды дамып жатқанын айтты. Жетісайдағы спорт нысанынан чемпиондар шығарына сенім білдірді.
« – Соңғы жылдары Қазақстанда спорттың көптеген түрлері өркендеп, халықаралық деңгейде өз орнын қалыптастырып келеді. Солардың арасында үстел теннисі де ерекше қарқынмен дамып, бұқаралық спорт ретінде де, кәсіби деңгейде де танымалдылығын арттыра түсуде. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың, спорт инфрақұрылымының кеңеюінің және жастардың қызығушылығының нәтижесі. Бүгінде еліміздің көптеген аймақтарында жаңа спорт кешендері, арнайы үстел теннисі орталықтары ашылып, балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін және қолжетімді үйірмелер ұйымдастырылуда. Мектептер мен колледждерде бұл спорт түрін кеңінен насихаттау арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен мән берілуде. Сондай-ақ ауылдық жерлерде де үстел теннисіне арналған залдар ашылып, шалғай өңірлердегі балалардың да кәсіби спортқа қадам басуына мүмкіндік беріліп жатыр. Қазіргі таңда қазақстандық спортшылар халықаралық турнирлерге тұрақты түрде қатысып, тәжірибе жинақтаған. Азия және әлем деңгейіндегі жарыстарға шығу – еліміздің спорт мектебінің нығайып, бапкерлер құрамының кәсіби деңгейінің өскенін көрсетеді. Спортшылардың жетістігі жас буынға үлгі болып, жаңа таланттардың қалыптасуына жол ашуда. Үстел теннисі – тек жарыс үшін ғана емес, денсаулықты жақсартатын, зейінді шоғырландыратын, жылдамдық пен ептілікті дамытатын спорт түрі. Сондықтан бұл спорт түрінің бұқаралық сипат алуы еліміздің жалпы спорттық мәдениетінің дамуына оң ықпал етуде. Қазақстандағы үстел теннисі қарқынды дамып, болашағы зор спорт түріне айналып келеді. Мемлекеттік қолдау, спорттық инфрақұрылымның жақсаруы, білікті бапкерлердің еңбегі мен жас спортшылардың ынтасы – осы бағыттағы негізгі қозғаушы күш. Алдағы уақытта да бұл спорт түрінің беделі артып, халықаралық деңгейдегі жетістіктер көбейетіні сөзсіз.» – деді ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов
Облыс әкімі спорт нысанын аралап көріп, жас спортшылармен кездесті. Сайыпқырандарға сәттілік тіледі.
Асықата кентіндегі 1 гектар аумақта орналасқан, құны 1 млрд теңгені құрайтын орталықта бір мезетте 200 адам жаттыға алады. Жаттығушыларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 2 жаттығу залының біріне 9 теннис үстелі, екіншісіне 3 күрес кілемі, бокс рингі, тренажер жабдықтары, сонымен қатар, 30 орындық жатақхана мен асхана орналастырылған. Барлық талаптарға сай салынған ғимаратта енді республикалық, халықаралық байрақты бәсекелерді өткізуге болады.
Бүгінде ауданда мектептер мен арнаулы орта оқу орындарының алаңшаларынан бөлек 77 ашық алаңша болса, оның 49-ы мемлекеттік, 28-і жеке азаматтардың меншігінде. Мемлекеттің мәртебесі мен ұлттың намысын айқындайтын саланы дамыту мақсатында 2023 жылы мемлекет есебінен 5 спорт нысаны салынса, кәсіпкерлер есебінен 5 спорт нысаны бой көтерген.
Ал, өткен жылы мемлекет қаржысына – 6, жеке инвестиция есебінен 4 спорт нысаны қолданысқа берілген. Биыл жылдың соңына дейін жалпы құны 90,5 млн теңгені құрайтын тағы 6 спорт алаңшасының құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Созақ ауылында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған заманауи үлгідегі «Созақ спорт кешенінің» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналған игі шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Салтанатты шарада аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы сөз сөйлеп, ауыл жұртшылығын жаңа спорт нысанының ашылуымен және ел үшін қастерлі Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.
« – Ең алдымен баршаңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік – ата-бабамыздың арманы, халқымыздың баға жетпес қазынасы. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын! Әр шаңыраққа құт-береке, мол табыс, жарқын болашақ тілеймін! Бүгінгі жетістіктеріміз де егемендіктің үлкен сыйы деуге болады. Сондай-ақ, қазіргі таңда Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Президент өз Жолдауларында халықтың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және спортты баршаға қолжетімді ету – ел дамуының маңызды бағыты екенін атап өтті. Бұқаралық спортты дамыту арқылы балалар мен жастарды спортқа тарту, зиянды әдеттердің алдын алу және ұлт саулығын жақсарту көзделеді. Осы мақсатта өңірлерде спорт инфрақұрылымын дамыту, жаңа спорт нысандарын салу, аула және ауыл спортын қолдау жөнінде нақты тапсырмалар берілген. Спортпен жүйелі түрде айналысатын қоғам – дені сау, еңбекке қабілетті және болашаққа сенімді қоғам. Сондықтан бұқаралық спортты дамыту – тек спорт саласының ғана емес, жалпы мемлекеттік маңызы бар міндет. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауданда спорт инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алуда. Жаңа нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік береді,» – деген аудан басшысы спорт саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті.
Сонымен қатар, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт кешенінен еліміздің көк Туын әлемдік ареналарда абыроймен желбірететін дарынды спортшылар өсіп шығарына сенім білдірді. Шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ауыл тұрғындарын құттықтап, жаңа спорт нысаны ел игілігіне ұзақ жылдар қызмет ететініне тілектестік білдірді.
Ауыл қариясы, ауданның Құрметті азаматы Биімбет Байғараев сөз сөйлеп, өскелең ұрпақтың болашағы үшін маңызды нысанның бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға ризашылығын жеткізді. Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар жаңа спорт кешенін аралап, ішкі құрылымы мен көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты.
Айта кетейік, спорт кешенінің жалпы жер аумағы 1,5 гектарды құрайды. Ғимараттың жалпы көлемі – 1356 шаршы метр. Екі қабатты нысанда футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, бокс, күрес және жаттығу залдары орналасқан. Бұған қоса медициналық кабинет, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, қызметкерлерге арналған жеке кабинеттер қарастырылған. Кешен аумағы толық қоршалып, ғимараттың сыртқы фасады заманауи үлгідегі металпанельдермен қапталған.
Жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен жүйелі айналысуына және бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді.
Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Созақ ауданында екі бірдей спорттық нысан пайдалануға беріліп, тұрғындар үшін үлкен қуанышқа айналды. Созақ ауылында заманауи спорт кешені іске қосылса, Жартытөбе ауылында жабық үлгідегі кіші футбол алаңы пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, ауыл тұрғындары мен жастарды жаңа спорт нысанының іске қосылуымен және Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Бұқаралық спортты дамыту мен жастарға қолайлы жағдай жасау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
« – Бүгін еліміз үшін аса қастерлі мерекенің бірі – Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа спорт нысанын ашып отырмыз. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен жүйелі айналысуына барлық мүмкіндік жасалуда. Аядай ауылдардан талай чемпиондар шығып, еліміздің атын әлемдік ареналарда асқақтатып жүр. Спортқа қолжетімділік арта түссе, ауданымыздан әлі де талай биіктерді бағындыратын спортшылар шығатынына сенім мол. Бүгін ашылған алаң ауыл жастарының үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашады. Қазіргі қоғамда халық денсаулығын нығайту, әсіресе балалар мен жастарды спортқа баулу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы тұрғыда жабық футбол алаңдарының салынуы мен пайдалануға берілуі салауатты өмір салтын қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Жабық футбол алаңы – жыл мезгіліне және ауа райына тәуелсіз, тұрақты түрде спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін заманауи спорт нысаны. Мұндай алаңдар тұрғындардың, әсіресе жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, оларды спортқа жүйелі түрде тартуға ықпал етеді. Жабық футбол алаңдары ауылдық жерлер үшін де аса маңызды. Мұндай нысандар спорттық инфрақұрылымды дамытуға, бұқаралық спортты кеңінен таратуға және ауыл жастарының әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Алаңда өткізілетін аудандық, ауылішілік турнирлер тұрғындардың бірлігін нығайтып, спортқа деген ортақ қызығушылықты қалыптастырады. Бұл – тек спорт нысаны ғана емес, салауатты өмір салтын қалыптастыратын, жастарды тәрбиелейтін және қоғамды біріктіретін маңызды орталық. Мұндай нысандардың көбеюі – дені сау ұлт қалыптастыруға бағытталған нақты қадам.» – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Футбол – дене шынықтырумен қатар, тәртіпке, жауапкершілікке және командалық рухқа тәрбиелейтін спорт түрі. Жабық алаңда өткізілетін жаттығулар мен жарыстар балалардың физикалық дамуын жақсартып қана қоймай, олардың шыдамдылығын, ептілігін және өзіне деген сенімін арттырады. Сонымен қатар, ұжыммен ойнау арқылы достық, өзара көмек пен сыйластық қалыптасады. Жабық футбол алаңының тағы бір маңызды артықшылығы – денсаулыққа пайдалы орта қалыптастыруы. Мұнда жүйелі түрде спортпен айналысқан адамдарда артық салмақтың алдын алу, жүрек-қан тамырлары жүйесін нығайту, иммунитетті күшейту сияқты оң өзгерістер байқалады. Бұл өз кезегінде салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылықты арттырады. Сондай-ақ, жабық футбол алаңдары қоғамдық маңызы бар әлеуметтік нысан ретінде де бағаланады. Олар жастарды зиянды әдеттерден аулақ ұстап, бос уақытын пайдалы іспен өткізуге бағыттайды. Спорттық ортада тәрбиеленген жас ұрпақ тәртіпті, мақсатшыл әрі елжанды болып қалыптасады.
Сондай-ақ, шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт нысанының ауыл жастары үшін маңыздылығын атап өтті. Ауыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы Мадияр Бейсенбеков жаңа алаңның жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, игі іске сәттілік тіледі. Шараға арнайы қатысқан Жартытөбе ауылынан шыққан спорт саңлақтары, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып пен белгілі футболшы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Таңат Нөсербаев ауыл жастарына жасалған жағдайға жоғары баға берді. Сонымен қатар, ауыл тумасы, кәсіпкер Дәулет Дүйсебай ауыл жастарына футбол доптары мен жаттығуға қажетті спорттық жабдықтарды сыйға тартты.
Жаңа спорт алаңы барлық қажетті стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда жасанды төсеніш төселген футбол алаңы, жарықтандыру жүйесі, қауіпсіздік қоршаулары, ойыншыларға арналған жылы киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған. Нысан аумағы толық асфальтталып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жабық үлгідегі кіші футбол алаңы ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен тұрақты айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Созақ ауданында жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында аудан әкімінің кубогына арналған шахмат турнирі ұйымдастырылды. Зияткерлік спортты дәріптеуді мақсат тұтатын бұл дода биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов сөз сөйлеп, турнирдің жас буынды ой-өрісі дамуында, логикалық ойлау қабілетін арттыруда ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай бастамалардың алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, спорт ардагері, ауданның Құрметті азаматы Анарбай Шәдібеков және ауыл қариялары жас спортшыларға жүрекжарды ақ тілектерін арнап, бұқаралық спортты дамытуда мұндай жарыстардың орны ерекше екенін айтты. Турнирге ауданға қарасты ауылдар мен елді мекендерден келген 100-ге жуық жасөспірім қатысып, өз өнерлері мен шеберліктерін көрсетуде. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше санат бойынша сынға түсіп, үздік ойыншылар финалдық кезеңге жолдама алмақ.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудан әкімінің кубогымен, медальдар және арнайы сыйлықтармен марапатталатын болады.
Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында Дүйсенбек Жұмаділаұлы атындағы жабық үлгідегі кіші футбол алаңы ашылды. Заманауи талапқа сай салынып, жасыл төсенішпен жабдықталған жаңа нысан тұрғындар үшін спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді. Ашылу шарасында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жиналғандарды жаңа спорт алаңының ашылуымен құттықтап, оның қоғамдағы маңызын атап өтті.
«Дене шынықтыру мен бұқаралық спорт салауатты ұлт қалыптастырудың негізгі тетігінің бірі. Бүгін қолданысқа беріліп отырған нысан жастарымыздың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортқа жақын болуына жағдай жасайды. Осындай игі істі қолға алған кәсіпкер азаматтарға алғысымыз мол», – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, игі тілектерін жеткізді. Ауыл ақсақалдары да алаңның табысты қызмет етуі үшін ақ баталарын берді.
Жобаны жеке кәсіпкер, «Global Brok» компаниясының директоры Данияр Тоқбаев жүзеге асырды. Жалпы аумағы 1250 шаршы метрді құрайтын кешен жыл бойы тұрғындардың спортпен айналысуына мүмкіндік береді.
Алаңның ашылуынан кейін ересектер арасында кіші футболдан турнир басталып, оған 12 команда қатысты. Жалпы жаңа жобаның ашылуы бұқаралық спортты дамытуға, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын дәріптеп, спортқа деген қызығушылығын арттыруға серпін беріп отыр.
Түркістан қаласында заман талабына сай жаңа «A.B.L.» фитнес орталығы ашылды. Қуанышты сәтке облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жұртшылықты құттықтады.
– Түркістан – тек рухани астана ғана емес, сонымен қатар спорт орталығына айналып келе жатқан өңір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірімізде спорт инфрақұрылымының халыққа қолжетімділігін арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, былтыр жалпы құны 73 спорт нысанының құрылысы аяқталса, ал биыл 54 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың қатарында елімізде теңдесі жоқ екі ірі жоба – ипподром мен ескек есу каналы бар. Бұл – спортты дамытуға және ұлт денсаулығын нығайтуға бағытталған мемлекетіміздің берік ұстанымының айқын көрінісі. Біз тек спорттық нысандарды салып қана қоймай, олардың тиімді жұмыс істеуіне және тұрғындар үшін қолжетімді болуына ерекше мән беріп келеміз. Бұл кешен – Түркістан қаласы тұрғындарының денсаулығын нығайтып, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыратын маңызды орынға айналатынына сенімдімін, – деген облыс әкімі қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен жүйелі түрде айналысуға шақырды.
Заманауи талаптарға сай салынған фитнес орталығында спортпен шұғылдануға, саламатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалған. Жаттығу залдары, волейбол және жекпе-жек залы бар. Сонымен бірге бассейн және өзге де дене шынықтыруға қажетті құрылғылармен, бөлмелермен қамтылған.
Түркістан облысы Төлеби ауданы орталық «Нұр» мешітінде құрбан айт мерекесіне орай, аудан тұрғындарының қатысуымен ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті. Дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту мақсатында ұлттық спорттық ойындары – «Қазақша күрес», «Қошқар көтеру», «Асық ату», «Гір тасын көтеру», «Садақ ату», «Арқан тарту» сынды жарыстарда оқ бойы озып шыққандарға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды. Мерекелік шараға келген көпшілікті қазақтың ұлттық спорты қазақша күрес қызықтыра түсті. Боз кілемде өзара мықтыларын анықтаған балуандарға тамашалауға келген тұрғындар қолдау білдірді. Ауданның бас имамы Үсен Сәуірбаев ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні жөнінде насихат айтып, мешіт қызметкерлерімен бірге шараға белсене қатысты.
« – Жалпы, қазақша күрес – қазақ халқының ерте кезден қалыптасқан спорт ойындарының бірі. Басқа халықтардың ұлттық күрес түрлерімен салыстырғанда қазақша күрестің өзіндік ерекшеліктері көп. Кеңес дәуіріне дейін қазақша күрес негізінен әдет-ғұрыпқа байланысты және еңбек процестерінде жеткен жетістіктерін дәріптейтін жиын-тойларда өткізілді. Бұрын қазақша күрес «Күш атасын танымайды» деген түсінікпен салмағына, дәрежесіне, жасына қарамай өткізіле берген. Тіпті, ағасы мен інісі күресіп қалатын кезі де болған. Сондай-ақ, күрестің белгілі бір жүйеге түскен белдесу ережесі де болмаған. Күреске түскендер үлкен-кішілігіне қарамай, қайсысы күшті болса, сол жеңіске жеткен. Жиын-тойларда ғана күш сынасып қоймай, кім жеңеді деп егеске түскен екі балуан кездескен жерде ат үстінен түсе қалып, белдесе кететін болған. Ел ішінде атақтары жайылған Қажымұқан, Балуан Шолақ, Битабар тағы басқа осындай алып балуандар болды. Төреші күресуге шыққан балуандарды қолдарын айқастыра ұстап белдестіреді. Бұл белдесуді қазақтар «қоян-қолтық ұстасу» деп атайды. Белдесу барысында, ереже бойынша, қолды белбеуден босатуға болмайды. Белдесу барысында жеңіске жеткен балуан орнында қалады. Егер ол өзімен белдесуге шыққан жаңа балуанмен күресуден бас тартып, басқамен күресемін десе, онда оған рұқсат етіледі. Бірақ соңында жеңімпаз аталатын балуан біреу ғана. Оның барлық кездесуде де жауырыны жерге тимеуі керек. Жалпы белдесу барысында қарсыластардың біреуі жығылып, жауырыны жерге тисе және қарсыласы оның басынан аттап кетсе, ол жеңілген болып есептеледі. Егер де, қарсыластың біреуі әдіс қолданғанда, екіншісі оған қарсы әрекет жасап, екеуі бірдей құлап түссе, онда бұл белдесу «итжығыс» деп аталады. Мұндайда, төреші оларды қайта күрестіреді. Бұрын белдесу барысында тең түсу немесе ұпай санымен ұту деген болмаған. Белдесудің уақыты шектелмегендіктен, міндетті түрде қарсыластың біреуі жеңіске жеткен. Жоғарыда баяндалғанның бәрі сонау ықылым заманнан бері келе жатқан дәстүрлі спорт ойындарының ерекшеліктері саналады.» – деді Төлеби ауданының бас имамы Үсен Сәуірбаев
Сондай-ақ, бұл күні балалар асық ойындарынан мықтыларын анықтады. Бұл ойынға Кеңес заманында шектеулер болып, ұмытылып, бүгінгі таңда қайтадан түлеп, мемлекет қолдауына ие болып отырғаны – үлкен жетістік. Атап айтқанда, елімізде асық атудан жарыстар ел біріншіліктері өтуде. Ұлт жанашырлары бұл ойынның кең көлемде дамуына зейін танытуда. Ұлттық ойынды насихаттау барысында көптеген сайыстар өткізілуде.
«Асық ойыны – қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Асық ойнап өскен бала мерген, өзгелерден ептілеу, зеректеу, табандырақ, шыдамды болып келеді. Халқымыз «Қой асығы демей-ақ, қолыңа түссе сақа тұт», «Асығың алшысынан түссін» деп мақалдап сөйлеуінде асық ойынының қазақ мәдениетіндегі өзіндік орнын байқатады. Асықтың: алшы, тәйке, бүк, шік, омпа, шоңқа деген түрлері болады. Оның ішінде алшыны өте жоғары бағалаған. Өмірде жолы болған дәулетті адамдарды «Асығы алшысынан түсіп тұр» деп айтады. Жақсы көрген жас буынға «алтын асықтай немесе киіктің асығындай шымыр бол» деп сипаттау тегіннен тегін туындамаған. Өйткені осы ойын арқылы бабаларымыз жас ұрпақты жастайынан жүйке жүйесін шыңдауға, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдыққа, төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелеген.» – деді мерекелік жиындағы ел ағалары.
Осы тұста асықтың түрлерін атап өтсек, асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңның санының орта тұсында орналасқан асық жіліктен алынады. Оның түрлері көп. Атап айтқанда, сақа – асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Бұл асық жеткен еркек қойдан немесе қошқар-текеден алынады. Кеней – көпшілік ойнауға арналған қарапайым асықтар. Шүкейт – жас малдың асығы. Қойлық – қойдың асығы. Ешкімек – ешкінің асығы. Құлжа – құлжаның асығы. Көктабан – қорғасын құйылған салмақты сақа асық. Топай – сиырдың асығы. Жабай – ірі асықты айтады. Қолқар – арқардың асығы.
Төлеби ауданында өткен ұлттық ойындар сайысында жастар қошқар көтеруден және садақ атудан да бақтарын сынады. Білектегі және аяқтағы күшті талап ететін қошқар көтеру ойыны қазақтың төзімділігін, қайсарлығын дәріптесе, садақ ату өнері көне дәуірлерден бері көшпенділерден жалғасып, қазақтың дәстүр-салтынан өзіндік орнын алған құндылығымыздың бірі. Қазақтың арғы-бергі тарихында жай мен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер көп болған. Оны батырлық эпостардан, хисса-дастандардан жақсы білеміз. Қазіргі уақытта тұрмысымызда көп қолданылмауы себепті тек саятшылықта және спорттың осы түрінен жарыстарда ғана көреміз. Жалпы, садақ пен қазақ егіз ұғым. Бұл қару ата-бабаларымыз ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қару ретінде қолданды. Қазанат мінген жау-жүрек батыр оғландарымыздың қорамсаққа қол салып кезеген жебелері нысанадан мүлт кетпегені тарихтан белгілі. Осы орайда ең көне өнер түрі саналатын садақ атуға қазақтың да қатысы барын ешкім жоққа шығара алмайды.Ежелгі ата-баба қоныстарындағы таңбалы тастардағы суреттер бұған бұлтартпас айғақ. Тіпті, өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ағаштан жасалған қарапайым садақты ұстаса, қазақтар оның жетілдірілген күрделі құрама түрін ойлап тапқаны тарихи деректерде бар.
Міне, осындай ұлтымыздың ұлттық дәстүрлері мен мәдениеті, ойындары насихатталған мерекеде Төлеби ауданы, орталық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен Төлеби ауданының әкімі Әлімқұлов Еркеғали Амантайұлының бастамасы негізінде, Ленгір қалалық автобус паркі басшылығы Ғалымжан Жұматұлының тікелей демеушілік жасауымен қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында аудан жұртына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында, халықты тегін тасымалдау шарасы да ұйымдастырылды. Сонымен қатар, балаларға арналған арнайы ойын алаңы құрылып, мерекелік көңіл күй сыйланды.