Архив рубрики: Білім

«Жастар практикасы» – жұмыс табуға мүмкіндік

Сауран ауданында «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жастарды жұмыспен қамту белсенді жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламаның жемісін көрген жастардың бірі – Жолдасова Диляра. Ол, Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округінің тұрғыны. Халықаралық туризм және меймандостық университетінің түлегі, дене шынықтыру және спорт мамандығының иегері. Жас маман жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң, әлеуметтік желіден «Жастар практикасы» туралы хабарландыруды көріп, аудандық мансап орталығына  орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген. Қазіргі таңда Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округінде орналасқан “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің инспекторы болып жұмыс жасайды. Жалпы,«Жастар практикасы» уақытша жұмыс орны болып есептелінеді. Жас мамандар үшін тәжірибе жинақтап, жұмысқа орналасуға зор мүмкіндік.

Жастар практикасы – меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы, алдыңғы 5 (бес) жыл ішінде оқушының аяқтаған және 35 (отыз бес) жастан аспаған жұмыссыздарға арналған жобалардың бірі.

Жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие болады. Жастар практикасының ұзақтығы 12 (он екі) айдан аспайды.

– Жалақының бір айдағы мөлшері 30 АЕК құрайды.

Жастар практикасына қатысу үшін жұмыссыздар:

1) Жеке басты куәландыратын құжат

2) Еңбек қызметін растайтын құжаттарды (бар болса)

3) Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар екенін растайтын құжат. Жастар практикасынан өту кезеңі жұмыссыздың еңбек өтіліне есептеледі.

Міне осындай мемлекеттік бағдарламаның қолдауына ие болғандардың тағы бірі – Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғыны Дарвешова Ақида.  Жас маман Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінде қазақ тілі және әдебиет мамандығын тәмәмдаған. Оқуын аяқтаған соң аудандық «мансап орталығы» мен Сауран ауданы әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастырумен өткен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне барған. Сол жерде жұмыс орнын тауып, жолдама арқылы білім ордасына жіберілген.  Қазіргі таңда Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округінде орналасқан “Дарын kz” орта білім беру мекемесінде қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі болып жұмыс жасайды. Жас маман шәкірттеріне сапалы білім мен трбиелі тәлім беріп, оларды заман талабына сай оқыту мәселесіне де баса назар аударып жүр.

« – Мен өзім мұғалім болуды бала кезден армандайтынмын. Кейін арманымды жүзеге асыру үшін білікті ұстаздардан білім алып, осы бағытта жоғарғы білім алдым. Қазіргі жұмыс орным өзіме қатты ұнайды. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауына шексіз алғыс айтамын. Себебі бұл жастарға берілген мүмкіндік. Өз ойым ұстаз болу деген – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру, шамшырағына айналу. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту және шәкіртке ата-анасындай  тәрбие сыйлау. Лев Толстой айтқандай- ақ: «Егер ұстаз тек өз мамандығын жақсы көрсе, ол жақсы ұстаз болады. Егер ұстаз тек оқушыларын жақсы көрсе, онда ол барлық кітапты оқып шыққан ұстаздан да үздік болады, бірақ жұмысқа қызығушылығы болмайды. Егер ұстаз жанында жұмыс пен оқушыға деген сүйіспеншілігі тоғысса, ол – нағыз ұстаз.» Мемлекетімізді құрметтеу жауапкершілігін шәкірттеріне жеткізіп дарыту білім берушінің басты парызы деп білеиін. Мұғалім дегеніміз – өз ісімен, сөзімен, жүріс- тұрыс мәдениетімен, жұмыс орнында және одан бөлек қоғамда Тәуелсіз еліміздің эталондық бейнесіне айналу екені анық. Міне мен осы мақсатта нағыз маман ретінде танылғым келеді. Жаһандану дәуіріне қадам басып, әлемдік аренаға жол тартып, тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастау- бұлағы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім.  Ахмет Байтұрсыновтың өзі «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Білектің емес, білімнің күшімен ілгерілейтін жаңа заманда ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы ретінде бағалауға болады.  Бұл орайда мемлекетіміз мұғалімдердің беделін көтеруде жан-жақты қолдау көрсетіп, білім саясатына басымдық беріп келеді. Мемлекет басшысының өзі жолдауларында, үлкен жиындарда ұстаз беделін қоғам алдында көтеру бағытында нақты тапсырмаларын беруде. Тәуелсіз еліміз межелеп отырған қандай міндеттерге болса да жас ұрпақты дайындап отырған ұлағатты ұстаздарымызды құрметтеу – адамзаттық ұлы борышымыз деп білемін.» – дейді жас маман Дарвешова Ақида.

Айта кетейік, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бір бағыты колледждер мен жоғары оқу орындарын бітірген және алған мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ бітірушілері үшін жастар практикасы бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастыру. Оған тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуде бар жұмыссыз жастар қатыса алады. Жастар практикасында істейтіндер мемлекет есебінен қаржыландырылады.

Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 275 бұйрығымен бекітілген «Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» қағидаға сәйкес білім беру ұйымдарын алдыңғы 5 жыл ішінде бітірген және 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектер жастар практикасына қатысушылар ретінде белгіленеді.

Жастар практикасын өту үшін жұмыс орындары меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Сонымен бірге, жұмыс орындары түлектің білім беру ұйымында алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес болуы тиіс.

Созақ ауданындағы «Жайлы мектептің» жаңа кезеңі басталуға жақын

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағытта мемлекет басшысы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын жүзеге асыруды жүкетеген болатын. Сонымен қатар, жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс екенін айтты. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылды.

Осылайша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 217 мектептің құрылысы басталып кетті. Олардың қатарында Созақ ауданында бой көтеріп жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылысы да бар. Қазіргі таңда аталған білім ордасының сапалы салынуы мен құрылыс барысы басты назарда. Бұл бағытта Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс барысын бақылауына алып, мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, құрылыс сапасына қойылатын талаптардың сақталуын және жобаның әр кезеңінің мұқият орындалуын ескертті.

Қазіргі таңда құрылыстың ішкі және сыртқы жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп, фасадтары травертинмен қапталуда. Жаңа білім ошағының техникалық жабдықталу деңгейі 4 есеге арттырылған. Мұнда робототехника кабинеттері, зертханалар және хореография залдары қарастырылуда. Оқу кабинеттері заманауи интерактивті тақталар және компьютерлермен жабдықталатын болады.Мектепішілік кеңістікті тиімді әрі жайлы ету мақсатында бастауыш, орта және жоғары буын оқушылары үшін бөлек блоктар жасалмақ. Бұл жоба ауданымыздың білім беру жүйесін жаңа биіктерге көтеріп, оқушыларға сапалы білім мен қолайлы орта ұсынатын болады.

Аталған білім ошағы “Самұрық-Қазына” акционерлік қоғамының қаржыландыруымен қолға алынып, 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.«Жайлы мектеп» жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталады. Сонымен қатар оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасалып, оқушыларға арналған түрлі үйірмелер де ашылмақ. Сондай-ақ жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға барлық жағдай жасалады.

Айта кетейік, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру аясында 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орынды 63 мектеп салу жоспарланған болатын. Яғни, 300 орынды 11 мектеп, 600 орынды 25 мектеп, 900 орынды 15 мектеп, 1200 орынды 6 мектеп, 1500 орынды 4 мектеп, 2000 орынды 2 мектеп салынуда. Биыл пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған. Аталған 29 мектептің 19-ы биыл қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған болатын.

ҰСТАЗДАР ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЛҒАН ГАЛЕРЕЯ

Түркістан облысы Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті еліміздің мақтанышы болған педагогтердің есімін ұлықтап, олардың еңбегін ерекше атап өту мақсатында арнайы стенд әзірледі.

Бұл стендте “Қазақстанның Еңбек Ері” және “Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы” атағын иеленген ұстаздардың суреттері мен есімдері көрнекі түрде көрсетілген. Аталған бастама білім саласындағы майталман мамандардың еңбегін бағалап, жас буынға үлгі етуге бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім саласына сіңірген елеулі еңбектері үшін осы ұстаздарды арнайы марапаттаған болатын. Бұл – олардың ұлт болашағы үшін атқарған еңбектерін мойындап, оларға көрсетілген құрметтің белгісі. Осындай ерекше марапат алған педагогтер елдің ең бағалы қазыналарының бірі және олардың еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Ұлт келбеті – ұстаз. Бес жылдың берекелі белестері» атты мақаласында белгілі ұстаздар Аягүл Миразова мен Алина Соловьевадан кейін семейлік мұғалім Алма Шүкежановаға өткен жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілуі отандық педагогтер қауымына көрсетілген үлкен құрметтің тағы бір белгісі болғанын атап өтті. «Мемлекет тарапынан жасалған бұл қадамдар ұлт келбеті болар мұғалімге көрсетілген ерекше қамқорлық екенін педагогтер қауымы сезініп, жылы қабылдады», – деді министр Ғ.Бейсембаев.

Бұл галерея ұстаздарды ғана емес, жалпы педагог мәртебесін асқақтатуға арналған. Түркістан облысы ұстаздарының жетістіктерін насихаттай отырып, жас ұрпақты білім мен тәрбие жолында үлгі тұтуға бағыттайды.

Барлықтарыңызды осындай ұлағатты ұстаз болуға шақырамыз.

Кентаулық ұстаз оқушыларға тарихтың тың деректерін дәріптеп жүр

Тарих – ұлттың жады. Танымды тарихы жадында жатталған халық қана ұлт ретінде сақталып, басқалармен қатар терезесі тең өмір сүре алады. Тарихын қастерлеген ұлт қана өткеннен тағылым алып, келешегіне сеніммен қарайды. Демек, танымды тарих -ұлт тəуелсіздігінің, ұрпақ тəуелсіздігінің кепілі. Дәл осы мақсатта шәкірттеріне сапалы білім мен қазақ тарихын оқушылардың санасына сіңіріп, патриотизмге тәрбиелеп жүрген ұстаздың бірі – Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі Бүрлібаева Гүлнар Нұрлыбекқызы.

Білікті ұстаз қазақ хандарының өмір жолымен, ел басқарудағы саяси құрылымдарын оқушыларға таныстыру, үлкенді сыйлау және ана тілді құрметтеу, салт-дәстүрді сақтауға тәрбиелеу мақсатында “Рухы жоғары халықтың тарихы мәңгілік” атты апталықтың іс-шарасын өткізді. Аталған тағылымды шараға 9 «ә» сыныбының оқушылары қатысып, ән,би , қара сөздермен өздерінің өнерлерін көрсетті.

«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деп М. Әуезов атап көрсеткеніндей, егемен елдің келешегі кемел білім мен ұлағатты тәрбиеге байланысты.

Баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру қажеттілігін әр мұғалім түсінуі керек. Ол үшін дарынды оқушымен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезінуі, нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай ізденуі, жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылуы, ата-анасымен тығыз байланыс орнатуы, оқушымен жиі қарым-қатынаста болуы сияқты талаптарды орындайды.

Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу – екінің біріне бұйыра бермейтін жауапкершілігі зор мамандық. Кентау қаласында терең білімімен, жайдары мінезімен шәкірт жүрегіне жол салған мұғалімдер аз емес. Солардың бірі – Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі Бүрлібаева Гүлнар Нұрлыбекқызы деп айтуға болады.

«Балалар кітапханасы» жобасының маңызы ерекше

Кітап-асыл қазына. Ал, кітапхана-ғасырлар бойы кележатқан шырағы биік парасат пен білімнің киелі шаңырағы. Бүгінде мектеп жасындағы балалардың кітап оқуға деген құштарлығын оятумен қатар, олардың танымдық деңгейін өсіруге жетелейтін “Балалар кітапханасы” жобасының маңызы зор болып отыр.

Балаларды жас кезінен кітап оқуға қызықтырып, отбасылық оқу дағдыларына бейімдеу, көркем әдебиетті қызыға оқитын оқырмандарды көбейту, кітапхана мен отбасы арасындағы тұрақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында Кентау қалалық білім бөліміне қарасты М. Қашғари атындағы мектеп -лицей кітапханасында “Балалар кітапханасы” жобасы бойынша “Бір отбасы-бір кітап” тақырыбында челлендж ұйымдастырылды. Челленджде оқушылар өздері сүйіп оқыған кітаптарын отбасымен бірге оқып, оны талқылап, челленджді әрі қарай басқа отбасыға жолдады.

Сонымен қатар, Кентау қалалық білім бөліміне қарасты “Қарнақ” жалпы білім беретін мектеп кітапханасында «Балалар кітапханасы » жобасын іске асыру негізінде күзгі демалыс кезінде «Күзгі демалыста кітап оқимыз » атты іс- шарасы ұйымдастырылды. Аталған іс-шарада 2 – сынып оқушылары арасында өлеңдерді мәнерлеп оқу сайысы өтті.

Мақсаты: оқушылардың екпінді дұрыс қоя білу , оқу мәнерін меңгеру, дауысты өлеңнің ой-мазмұнына сай баяу,жігерлі оқу немесе тілек ,сұрақ, көңіл күйді көтеріңкі үнде оқи білу машықтарын байқау,бағалау. Сондай-ақ, балалардың дүниетанымын дамыту , өлең сөзге деген қызығушылықтарын арттыру . Сайысқа мектеп директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нафиса Парпиева , кітапханашылар , бастауыш сынып бойынша бірлестік жетекшісі ,сынып жетекшілері қатысып,өз пікірлерін айтты. Ал, оқушылар сайысқа белсенді қатысып марапатталды .

Оқырман белсенділігін қалыптастыру үдерісі мектепте заманауи тиімді технологиялар мен оқыту әдістері қолданылған жағдайда тиімді болады. Мектеп оқушысының кітап оқу іс – әрекетін дамыту Қазақстандағы білімді жаңғыртуда басым бағыттардың бірі болып табылады. Кітап оқу – білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің бір түрі ретінде, тұлғаны тәрбиелеу және білім беру адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейіне әсер ететіні айқын. Ұлттың рухани және интеллектуалды ілгерілеуінің құралы ретіндегі оқылым іс-әрекетіне балаларды және жастарды тарту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасының  үлесі маңызды болып отыр.

Міне дәл осы бағытта Кентау қалалық білім бөліміне қарасты “Қарнақ” жалпы білім беретін мектеп кітапханасында «Оқуға құштар мектеп » жобасы аясында күзгі демалыс кезінде Бердібек Соқпақбаевтың 100 жыл толуына байланысты іс- шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шарада 5-сынып оқушыларымен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым- Қожа» повесты туралы викториналық сұрақтар сайысы өткізілді.

Мақсаты: Оқушыларға жазушы өмірі мен шығармашылығымен таныстыра отырып, әлемге танылған әйгілі шығармасы туралы білімдерін толықтыру; Оқушылардың ой – өрісін, қызығушылығын ояту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Осы мақсатта білім ордасының оқушылары сайысқа қатысып белсенділік танытқаны үшін сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ, «Балалар кітапханасы» жобасын іске асыру мақсатында Кентау қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы N19 ақпараттық технологиялар мектеп лицейі кітапханасы оқушылардың күзгі демалысын тиімді пайдалануы үшін оқушыларға үйге ертегі кітаптар оқуға берді. “Күзгі демалыста кітап оқимыз” тақырыбындағы кітап оқу іс-шарасына отбасыларымен белсенділік танытуда. Бастауыш сынып оқушылары үйлерінде ата-аналарымен ертегілер оқуда.

Ал, Кентау қалалық білім бөліміне қарасты Ш.Қанайұлы атындағы 2-ші жалпы білім беретін мектеп кітапханасында бастауыш сынып оқушыларының “Балалар кітапханасы” жобасы аясында күзгі демалыста белсене кітап оқу, түсінік айту, талқылау, уақытқа мәнерлеп оқып жарысу шаралары өтті. Оқушыларға демеу жасап, қолдап, бағыт-бағдар беріп жүрген мектеп кітапханашысы, сынып жетекшілері және ата-аналары. Бұл өнегеге толы үрдіс алдағы уақытта жақсы дәстүрге айналмақ.

Кел оқырман демалыста кітап оқимыз. Осындай ұранмен Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп- гимназиясы да, «Балалар кітапханасы» жобасы аясында игі іс-шараны қолға алды. Яғни, “Демалыста кітап оқиық ” тақырыбында оқушылар өздерінің ұнатқан кітаптарын алып, білімдерін шыңдады. Мақсаты: кітап оку арқылы оқушылардың бойына ұлтжандылық пен мейірімділікті дамыту, оқырман кызығушылығын арттыру. Осы мақсатта білім ордасының оқушылары күзгі демалыстарын кітап оқып, тиімді өткізуде. Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпау керек дейді, мамандар.

Айта кетейік, «Балалар кітапханасы» бағдарламасының басты мақсаты мектеп кітапханаларын маңызды балалар әдебиетімен қамтамасыз ету. Балалар әдебиеті тізімін қалыптастыру және ұрпақтың кітапқа құштарлығын ояту. Айта кетейік, қазіргі күні мектептердегі балалар әдеибетінің қоры 40 миллионға жуық. Электрондық мемлекеттік кітапхана қорының каталогына 150 жазушының еңбегі енгізілген.

Кентау: Білім ордасының өнерлі және талантты ұстаздары

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман даярлау. Мектеп ұрпаққа білім беріп, білмегенін үйрететін орта десек, оның жүрегі – мұғалім екені анық. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұсы, оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білу. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арыңдай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы десекте болады. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам болса, ұстаздың ұлы қасиеті де осы болмақ.

Міне осындай қасиеттерді дәріптейтін байқаудың бірі «Дарынды бала – талантты ұстаз» байқауы десек болады. 1 қараша күні Кентау қаласының білім бөлімінің бұйрығы негізінде жалпы білім мекемелеріндегі орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің арасында «Дарынды бала-талантты ұстаз» байқауының қалалық кезеңі өтті. Байқауға еңбек өтілі 5 жылға дейінгі педагогтер қатысты. Ал, Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің атынан орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ташполатова Сагдиана Султанқызы қатысып, өз бағын сынады. Байқау 3 шарт бойынша өтті. Яғни біріншісі ұстаз кез келген форматта өзін-өзі таныстырады, сондай-ақ тыңдалым, яғни мәтінмен жұмыс. Ал ең маңыздысы мультимедиялық жоба. Яғни, үш минуттай жаңа технологияларды қолдану арқылы панорамалық сабақтан үзінді көрсетеді.

” – Қазіргі технология заманы оқытудың жаңа тәсілдері мен әдістерін қажет етеді.  Қазіргі кезде әрбір оқушылар телефон, планшет, ноутбук секілді гаджеттерді мобильді құрылғыларды қолданады. Сондықтан мұғалім осы құрылғыларды оқытуда тиімді пайдалана отырып, сол арқылы оқу процесін жан-жақты тиімді әрі әсерлі етіп өткізе алады. Оқыту үрдісінде ақпараттық технологияны қолдану білім сапасын жақсартуға көмектеседі. Сонымен бірге кейде қол жетпейтін көрнекіліктерді пайдалануға, білім мен мəліметтерді əр түрлі формада ұйымдастыруға, қажетті модульге тез арада қол жеткізуге көмектесе алады. Қазіргі ғылым мен техниканың шарықтаған шағында көрнекіліктердің қай түрі болсын молынан пайдалануға мүмкіндік бар. Мектепте жаңа технологиялармен жұмыс істеу өте пайдалы. Өйткені нашар оқитын оқушының өзін онымен жұмыс істеуге қызықтыруға болады. Себебі балаға бұл әдіс арқылы білмеген жерін көрсетуге, көмек беруге болады. Заман талабына сай техникалық құралдарды сабақта қолдану — мұғалім жетістігіне апаратын тиімді жол. Компьютер, ноутбук арқылы оқушылардың пəнге деген танымдық қызығуын арттырып, тиянақты білім алуына жағдай туғызуға болады. Сабақ үстінде өз бетінше берілген тапсырмаларды орындау барысында оқушының оған қызығуы арта түседі. Сабақ барысында компьютерді қолданудың жақсы жақтары: түрлі-түсті иллюстрациялар, аннимациялар есте сақтау процесі үшін тиімді.” – дейді Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің атынан орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ташполатова Сагдиана Султанқызы

Сабақ оқытудың жаңа компьютерлік жүйесін пайдаланудың мынадай ұтымды жақтарын атап көрсетуге болады: оқушылардың ойлану дəрежесіне қарай , материалдық қабылдау ерекшелігіне байланысты əрбір оқушы үшін жеке-жеке компьютерда бағдарлама құрып, оқушылармен дербес жұмыс жасауға болады; компьютер арқылы нашар оқитын оқушылардың өзінің пәнге деген қызығушылығы артады; компьютерді сабақта пайдалану уақытты үнемдейді.

Міне осындай жаңашылдықтарды қамтыған байқауда, жаңа технологияларды қолданудың тәсілдерін айтып, өз тәжірбиесін көрсете білген Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Ташполатова Сагдиана Султанқызы жүлделі ІІ орынды иеленді. Сагдиана Султанқызының мерейлі жеңісіне мектеп ұжымы да ізгі тілектерін жеткізді.

Жалпы өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға болуы керек.  Мұғалімі – өзінің табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дами түседі. Қазіргі таңда мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру саласының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі десек, осындай құндылықтарды арттыра түсетін іс-шараның бірі – «Өнерлі ұстаз» байқауы.

Айта кетейік, 2024 жылғы 29 қазан күні Кентау қаласының білім бөлімінің бұйрығы негізінде қалалық «Өнерлі ұстаз-2024» байқауы өтті. Байқаудың мақсаты: ұстаздың тарихи танымдығын, педагогикалық-психологиялық сауаттылығын, шығармашылық талантын анықтау, тәрбие жүйесінде ұстаздардың жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына ерекше көңіл бөлу, жаңартылған білімдегі тәжірибесімен өзара бөлісу. Осындай маңыздылығы айқындалған байқауға Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің математика пәні мұғалімі Балтабаева Шохида Шухратқызы да  қатысып, өз бағын сынаған. Байқау 3 шарт бойынша өткен. Яғни,  өзін-өзі таныстыру кезеңі, «Дублер күні» кезеңі, «Өнер» кезеңі. Байқаудың қорытындысы бойынша Балтабаева Шохида Шухратқызы жүлделі І орынды иеленіп, білім ордасының абыройын көтерді. Білім ордасының өнерлі және талантты ұстаздары саналы ұрпақ тәрибиелеп, сапалы білім беру жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Жалпы білім мен тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл шәкірттерді тәрбиелеу маңызды. Бұл мақсатта өнегелі, өнерлі және талантты ұстаздардың қызметі орасан.

Кентау: Бір мектептің талантты ұстаздары

Кентау қаласының білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мектептер арасында “Өнерлі ұстаз -2024” байқауы облыстық байқауының қалалық кезеңі өткізілді. Басты мақсат: ұстаздың тарихи танымдығын, педагогикалық–психологиялық сауаттылығын, шығармашылық талантын анықтау және жас ұрпақты өнерге баулу бойынша тәжірибесін арттыру. Сонымен қатар, байқау шарттарында тәрбие жүйесінде ұстаздардың жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына ерекше көңіл бөлуі, жаңартылған білімдегі тәжірибесімен өзара бөлісуі маңызды болды.

Байқаудың қалалық кезеңде ұлттық және жалпыадамзаттық тәжірибені іске асырудың феноменальды құралы ретінде ән шығармашылығын өзектендіруге де баса назар аударылды. Яғни, ән шығармашылығының зерделеу және насихаттау арқылы олардың музыкалық-теориялық пәнге деген қызығушылығын арттыру маңызды қадамдардың бірі. Байқауға А.С.Пушкин атындағы №6 жалпы білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әбдіжалал Нұрай қатысып, жүлделі 1 орынды иеленген. Тиісінше, Кентау қаласының өнерлі және талантты ұстазы облыстық кезеңге жолдама алған болатын. Осылайша кенді қаладан үздік шыққан мұғалім, байқаудың облыстық кезеңінде де топ жарды. Кентаулық Әбдіжалал Нұрай үздік өнерімен танылып облыстық байқауда жүлделі 2 орынды иеленді. Жетістікке жеткен ұстазды білім ордасының ұжымы да шын жүректен құттықтап, мектеп мақтанышына құрмет көрсетті.

Сонымен қатар, 2024 жылы 1 қараша күні Кентау қаласының білім бөлімінің бұйрығы негізінде жалпы білім мекемелеріндегі орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің арасында қалалық «Дарынды бала-талантты ұстаз» байқауы өткен болатын. Байқауға еңбек өтілі 5 жылға дейінгі педагогтер қатысқан. Ал, бұл конкурсқа А.С.Пушкин атындағы №6 жалпы білім беретін мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бақытжанқызы Перина қатысып, өз бағын сынады.

Байқау 3 шарт бойынша өтті. Олар өзін-өзі таныстыру (кез келген форматта), мультимедиялық жоба (жаңа технологияларды қолдану арқылы панорамалық сабақтан үзінді-3 минут), тыңдалым (мәтінмен жұмыс). Байқаудың қорытындысы бойынша Бақытжанқызы Перина жүлделі І орынды иеленді.Міне осылайша бір мектептің ұстаздары толағай табыстарға жетіп, өздері қызмет атқарып жүрген білім ордасының мақтанышына айналып отыр.

Кентаулық жас ұстаз республикалық байқаулар мен олимпиадаларды бағындырып жүр

Кентау қаласы Ә.Молдағұлова атындағы №19 IT мектеп-лицейдің химия пәнінің мұғалімі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің химия пәні бойынша магистранты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экология пәні бойынша PhD Әбсейт Алтынбек Серікбайұлы “Үздік педагог” конкурсының республикалық кезеңінде топ жарып, жеңімпаз атанды. Марапатты ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үздіктерге салтанатты түрде тапсырды.

Алтынбек Серікбайұлы қала, облыс, республикалық байқаулар мен сайыстарда жүлделі орын иеленіп жүрген білікті ұстаз. Оқушысы Кенжебекова Жанатты ғылыми жобаға дайындап, республикалық кезеңде жүлделі орындар иеленген. Педагогикалық жұмыстағы жетістіктері үшін қала, облыс, республикалық Құрмет грамотасы мен мадақтамалармен, Алғыс хаттармен марапатталған ұлағатты ұстаз! Алтынбектің өзінің Авторлық бағдарламасы мен ғылыми мақалалары – жас мамандарға көмекші құрал болады. Озат іс-тәжірибесі Кентау қаласы көлемінде таратылған тәжірибелі, ізденімпаз мұғалім.

Айта кетейік, Кентау қаласы Ә.Молдағұлова атындағы №19 ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінің химия пәнінің мұғалімі Әбсейт Алтынбек Серикбайұлы жас маман болса да 2 жылдың көлемінде жетістіктерімен облыс, республикалық байқаулар мен олимпиадаларды бағындырып жүр. Алтынбек Серикбайұлы креативті, шығармашыл, ізденімпаз ұстаз. Сабақ барысында түрлі лайфхактар, жаңа техникалар мен инсайттарын көрсету арқылы оқушыларды білімге ынтасын арттыруда. Қазіргі кезде Қазақ Ұлттың Университетінің PhD докторанты. Алтынбек Серикбайұлының оқушылары азғантай уақыт аралығында түрлі олимпиадалардан топ жарып жүр. Атап айтқанда, 2022-2023 оқу жылдарында Камшат Бимолдаева ғылыми жұмыс бойынша облыстан жүлделі І орынды иеленсе, Жанат Кенжебекова республикадан «Алтын медаль» иеленді. Одан бөлек, 10 сынып оқушысы Жанат Кенжебекова облыс көлемінде, облыс әкімінің «Үздік жас ғалым» номинациясын қанжығасына байлады. Жас ұстаз өз пәнінен тек үздіктерді тәрбиелеуді мақсат етіп отыр. Осы бағытта әлі де көптеген жеңімпаздар болатынына сенімді.

Түркістан облысы әкімдігінің «Білім саласын дамытуда қол жеткен табыстары және оған қосқан үлесі үшін» және Кентау қаласы әкімдігінің «Қаланың білім беру саласының дамуына қосқан үлесіңіз үшін» марапаттарының иесі. Республикалық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығы «Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазын дайындағаныңыз үшін» алғыс хатымен, ҚР оқу-ағарту министрлігі «ЖАҢА-МЕКТЕПКЕ ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗ» жас педагогтердің VI Республикалық байқауына қатысып, кәсіби шеберлігін көрсеткені үшін І дәрежелі дипломмен және де осы секілді бірнеше марапаттармен наградталған.

Сонымен қатар, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасында Түркістан облысынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған 8 жас маман ұсынылса, оның ішінде 5 педагог топ жарып, жүлделі орындарға ие болған болатын. Бұл республикалық байқауда да Әбсейт Алтынбек Серикбайұлы 1-орынды жеңіп алған еді.

Білім ордасында 130 жеке қауіпсіздік сабағы әзірленді

Кентау қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы №24 жалпы білім беретін мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша, сынып сағаттарында қауіпсіздік сабақтарын өткізудің әдіс-тәсілдері түсіндіру мақсатында әдістемелік кеңес өткізілді. Жиналыс барысында мектеп директорының тәрбие орынбасары А.Утеева сөз алып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылы 31 тамыздағы №748 қаулы Балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтің алдын алудан қорғау және олардың құқығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді, ол балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі алгоритм мен нұсқаулықтарды әзірлеуді қарастырады. Осы жоспар аясында 130 жеке қауіпсіздік сабағы әзірленгенін атап өтті.

Сабақтардың мақсаты – балаларға күнделікті өмірде қауіпсіздікке ықпал ететін дағдыларды үйрету; жеке басын қорғау мен айналасындағыларға саналы, жауапты көзқарас қалыптастыру. Сабақ міндеттері: жеке қауіпсіздігін қорғау шаралары туралы хабардарлықты арттыру; өзін-өзі қорғау дағдыларын дамыту; жауапты мінез-құлықты қалыптастыру; психологиялық дайындық; әлеуметтік құзыреттілік; ақпараттық қауіпсіздік.

Сабақтарды апта сайын сынып сағаттарында 10 минуттан өткізілуі керек. Сабақ мазмұнына мынадай элементтер енгізілген.

  1. Жеке адам құқығы мен бостандығының қорғалуы, зорлық- зомбылықтың физикалық, психологиялық және моральдық нысандарын қоса алғанда, балалардың құқығы мен бостандығын қорғауды білдіреді.
  2. Тұлғаға қажетті сапа мен тұрмыс деңгейін қамтамасыз ету, бұл балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етудегі білім алуына, медициналық көмек, тұрғын үй және басқа да қажеттi ресурстарға қол жеткiзуiн қамтамасыз ету.
  3. Қоғам мен мемлекетте адамның тұлға ретінде дамуына жағдай жасау, бұл балалардың білім алуға, мәдениетке, спортқа және өзіндік дамудың басқа да нысандарына қол жеткізуін қоса алғанда, жеке тұлға ретінде дамуына жағдай жасауды білдіреді.

Сонымен қатар, негізгі бағыттары:

1–4-сыныптар үшін (40 сабақ):

  1. ТЖ кезіндегі әрекеттер: ТЖҚ нөмірлері, қоңырау шалу скриптері
  2. Үй-жайдағы қауіпсіздік
  3. Көшедегі қауіпсіздік
  4. Бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезінде қауіпсіздік
  5. Қауіпті заттар
  6. Судағы, мұз үстіндегі қауіпсіздік
  7. Интернеттегі қауіпсіздік.

5–11-сыныптар мен ТжКБ үшін (70 сабақ):

  1. ТЖ кезіндегі әрекеттер: ТЖҚ нөмірлері, қоңырау шалу скриптері;
  2. Көшедегі, көліктегі үй-жайлардағы қауіпсіздік;
  3. Құқықтары мен міндеттері;
  4. Судағы, мұз үстіндегі қауіпсіздік
  5. Интернеттегі қауіпсіздік
  6. Жасанды интеллект: қауіптер мен тәуекелдер;
  7. Қаржылық сауаттылық, жұмысқа орналасу кезіндегі қауіпсіздік;
  8. Салауатты әдеттер туралы негізгі бағыттарын түсіндіріп, қауіпсіздік сабағы мен бағдарлама бойынша пайдалы немесе қызықты деп санайтын нақты тұстарын көрсетті.

«Парасат биігінен ой толғаған ғалым»

Түркістан облыстық білім беруді дамыту орталығының және Кентау қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Кентау қаласы Т.Рысқұлов атындағы №24 жалпы білім беретін мектебінде «Парасат биігінен ой толғаған ғалым» тақырыбындағы Немат Келімбетовтың – 90 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді. Ғылыми-практикалық конференция мақсаты: Түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, жазушы Немат Келімбетовтың шығармашылығын насихаттау.

Көрнекті әдебиеттанушы, прозашы, аудармашы Немат Келімбетов 74 жасқа қараған шағында дүниеден өткен. Ол, өмір жасының тең жартысындай бөлігінде ауыр дертпен арпалыса жүріп, рух ерлігінің ерен үлгісін көрсеткен өнегелі тұлға. Немат Келімбетов 1937 жылы туған. 1953 жы­лы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес өңі­ріндегі Абай селосында орта мектеп бітірген соң, алдымен Ташкент қаржы-экономика инсти­тутын, одан кейін Қазақ ұлттық университетін аяқтаған. Еңбек жолын өзінің әуелгі ма­мандығы бойынша бастаған Н.Келімбетов кейіннен журналистика, әдебиет саласына ауы­сып, «Социалистік Қазақстан» , яғни қазіргі «Егемен Қа­зақ­­стан» газетінде әдеби қызметкер, одан кейін республика Министрлер Кеңесінде референт, Әде­­биет, өнер және сәулетшілік салалары бо­йынша Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі ко­мис­сияның жауапты хатшысы, «Қазақстан» бас­пасында редактор қызметтерін атқарған. Филология ғылымдарының докторы, профессор көптеген жылдар бойы Абай атындағы Алматы мемлекеттік универ­си­тетінің қазақ әде­биеті кафедрасында, Қ.Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлт­тық университетінің қазақ тілі ка­федрасында ұстаз­дық еткен.

​Ғылыми-практикалық конференцияда Кентау  қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі А.Мақұлбекова сөз сөйлесе, жас маман Ибадуллаева Дидара “Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосқан тұлға – Немат Келімбетов” тақырыбында баяндама оқыды. Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, педагог-шебер Камал Гулмира “Тағдыр талқысы және талант тегеуріні” тақырыбындағы баяндамасымен таныстырды.

« – Немат Келімбетов қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі жайында жазылған бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Орда бұзар отызында омыртқадан ауыр дертке ұшырап, ұзақ жылдар бойы төсекке таңылған арда азамат өмірге құштарлықтың өнегесіндей, тағ­дырмен тартыстың тағылымындай «Үміт үзгім кел­мей­ді» атты монолог-хикаяты оның қаламгерлік қуа­тын да, күрескерлік күшін де келісті көрсетеді. Кітап­ты арқау етіп жазылған пьеса бойынша қойылған спектакль М.Әуезов атындағы академиялық театрсахнасында табыспен жүрді. Кейінгі жылдарда жарық көр­ген «Ұлы­ма хат», «Қариялар», «Күншілдік» сияқ­ты эссе­лері Немат Келімбетовті ойшыл суреткер ретінде де танытты. «Үміт үзгім келмейді» кіта­бы қазақ әдебиетінің абыройын асырып, ЮНЕСКО аясын­дағы ең мерейлі марапаттардың бірі – Еуро­паның Франц Кафка қоғамының наградасын алып берген еді. Немат Келімбетовтің қазақ әде­биетінің байырғы бастау-бұлақ­тарын зерттеудегі еңбегі де ересен. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» , «Ежелгі дәуір әдебиеті» ,«Ежел­гі түркі поэзиясы жә­не қазақ әдебиетіндегі дәс­түр жал­ғастығы» , «Қазақ әде­биеті бас­тау­лары» , «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» сияқты көп­теген кітаптары ұлт­тық сөз өнері­нің түп-тамыры те­рең­де жатқанды­ғын даусыз дәлел­деді. Ғалымның бұл ба­ғыт­тағы ізденістері оны Күл­тегін атындағы сый­лықтың лауреа­ты атан­дырды, осы тақырыптағы кітап­тары бірнеше шетел тілдеріне аударылды. Немат Келім­бетовтің көркем аударма саласына қосқан үлесі де үлкен. Көрнекті ғалым, тамаша прозашы, өнімді аудар­машы, ұлағатты ұстаздың жарқын бейнесі әрдайым халық жадында сақталатын болады.» – деді Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, педагог-шебер Камал Гулмира

Сонымен қатар, «Немат Келімбетовтың – 90 жыл» толуына орай ұйымдастырылған мектепішілік апталықтың нәтижесін педагог – зерттеуші Әметбек Тоғжан таныстырды. Жазушы галереясы көрмесін Дайрбекова Мөлдірдің жетекшілігімен жас суретшілер қылқаламынан салынған суреттерін көрсетті. Кітаптар көрмесінде жазушының еңбектері таныстырылды.