Архив рубрики: Білім

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментің 2025 жылға арналған міндеттері

Департамент 2 бөлімнен тұрады:

1️⃣ Білім беру қызметін лицензиялау бөлімі
* Лицензиялауды электронды түрде жүзеге асыру;
* Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бойынша қызметті бастау/тоқтату туралы хабарламаларды қабылдау;
* Лицензиялар бойынша біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру;
* Құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар толтыру және сот органдарына жолдау;
* Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау.

2️⃣ Білім сапасын сырттай бағалау бөлімі
* Мемлекеттік аттестаттау (онлайн/офлайн);
* Мектептерге профилактикалық бақылау жүргізу;
* Заңнамалық бұзушылықтарды жою туралы жазбаша нұсқамалар беру;
* Материалдық-техникалық базаны, педагогтардың құқықтарын қорғау және білім сапасын бақылау.

Департаменттің 2025 жылға негізгі міндеттері:
? Мемлекеттік бақылау және лицензиялау шараларын күшейту;
? Жеке білім ұйымдарының жұмысын ерекше бақылауға алу;
? Ауыл мектептерінің материалдық базасын жақсарту;
? Білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін дамыту;
?Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты жою мақсатында ауылдарда орналасқан 108 мектепті 5 бағыт бойынша жаңғырту:

Күрделі және ағымдағы жөндеу;
Пәндік кабинеттермен жарақтандыру;
Мектеп жиһаздарын, асханаларды және кітапханаларды жаңарту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Егер сұрақтарыңыз немесе шағымдарыңыз болса, төмендегі кураторларға хабарласуыңызға болады:
* С.Пахымбет (Жетісай, Отырар)
* Н.Нұрлыбаев (Төлеби, Мақтаарал)
* А.Жантас (Қазығұрт, Шардара)
* Л.Нұртаева (Арыс, Сарыағаш, Келес)
* Г.Медеубек (Түркістан, Кентау)
* М.Тасқұлова (Түлкібас, Сайрам)
* Н. Ошантаева (Сауран, Созақ)
* С.Борибай (Ордабасы, Бәйдібек).

Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы сарапшылармен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында сарапшылармен жасанды интеллектті (ЖИ) дамыту мәселесін талқылады.

Мемлекет басшысы ЖИ қазіргі замандағы прогрестің ең басты қозғаушы күштерінің бірі саналатынын әрі экономиканы түбегейлі өзгерте алатынын атап өтті.

– Қазақстанда жасанды интеллектті ілгерілетуге берік негіз қалау үшін маңызды қадамдар жасалып жатыр. Институционалдық орта қалыптастыруға, инфрақұрылым мен адам капиталын дамытуға баса мән беріліп отыр. Институционалдық құрылым аясында Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес құрылады. Оған өзім жетекшілік жасаймын. Бұл кеңес әлемдік деңгейдегі сарапшылармен диалог жүргізіп, пікір алмасатын стратегиялық алаңға айналады. ЖИ саласындағы ұлттық саясатқа қатысты ұсынымдар әзірлеп, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында оның жұмысына инженерлер, зерттеушілер мен кәсіпкерлер кеңінен тартылады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ЖИ саласына жоғары санатты маман даярлау және қолдау ісіне айрықша басымдық беріп отырғанына тоқталды. Президенттің айтуынша, ЖИ-дің қолданысқа табысты енуі осындай технологияларды әзірлейтін және пайдаланатын адамдардың біліктілігі мен тәжірибесіне тікелей байланысты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде AlemAI озық технологиялар орталығы құрылғанын мәлімдеді. Орталық әлемдегі үздік тәжірибелерді игеріп, инновациялық шешімдердің енгізілуіне ықпал етеді. Президент жасанды интеллектке байланысты бастамаларды жүзеге асыратын хабта мектептерге, университеттерге және кәсіби даярлық орталықтарына арналған білім беру бағдарламалары жасақталатынын айтты. Сондай-ақ онда зерттеушілерге, стартаптар мен компанияларға арналған кеңселер, тәжірибе алмасу алаңдары орналасады.

– Біз ЖИ саласындағы адам капиталын дамыту мақсатында AI-Sana деп аталатын инновациялық білім беру бағдарламасын жасадық. Бағдарлама түрлі сала мамандарының пәнаралық даярлығын қамтамасыз етеді және ЖИ-ге қатысты озық шешімдерді әзірлеуге септігін тигізеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Қазақстан жаһандық жасанды интеллект экожүйесінің белсенді мүшесі болуға ұмтылатынын жеткізді. Сонымен қатар кездесуге қатысушыларды ғылыми зерттеуден бастап этикалық стандарттарды бекітуге дейінгі сан салалы жұмысқа атсалысуға шақырды.

Жиынға Polynome компаниясының негізін қалаушы Александр Ханин, G42 компаниясының жасанды интеллект жөніндегі бас директоры Джексон Эндрю, Абу Дабидегі Халифа ғылым және технология университетінің профессоры Дебба Меруан, БҰҰ-ның «Игілікке арналған ЖИ» бастамасы атқарушы кеңесінің төрағасы Әл Мазруи Эбтесам, Core42 компаниясының мемлекет істері және серіктестік жөніндегі директоры Әл Каисси Талал, Мұхаммед бен Заид атындағы Жасанды интеллект университетінің ректоры және профессоры Тимати Болдуин, Saal.ai компаниясының жасанды интеллект бөлімінің жетекшісі Абдулнаби Абрар, Mubadala Investment Company венчурлық жобалар және даму бөлімінің жетекшісі Әл Мазруи Фарис Сухейл қатысып, пікір білдірді.

САУРАНДА ҰЛТТЫҚ ЖОБА АЯСЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП САЛЫНЫП ЖАТЫР

үркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Әбішов Сауран ауданына іс-сапармен барды.
Мәслихат төрағасы өңір басшысымен бірге аймақтағы маңызды нысандарды аралап, жұмыстарымен танысты. Алғашқы нысан Шорнақ ауылдық округі Аша елді мекенінде салынып жатқан 600 орындық «Жайлы мектеп» жобасы.
Білім ордасы 2023 жылдың қыркүйек айында басталған. Қазіргі таңда мектептің құрылысы аяқтауға жақын. Су, электр, жылу түгелдей жаңартылып, қажетті барлық жағдайлар жасалып жатыр.
“Жайлы мектеп” құрылысына тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы, ал бас мердігері – «Jana KZ Quryrlys» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның аумағы 3 гектарды құрайды, бұл аймақта жаңа білім ошағы үшін жеткілікті орын қарастырылған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мектептің уақытында әрі сапалы аяқталуына ерекше мән берілетінін атап өтті. Себебі, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатқан білім ордасы жергілікті тұрғындардың балаларын сапалы біліммен қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан қаласында 2 мың орындық екі «Жайлы мектеп», Сауран ауданында 600 орындық бір «Жайлы мектеп» пайдалануға берілген болатын.

ТҮРКІСТАН: «ҰСТАЗ» ФИЛЬМІНІҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Түркістандық педагогтар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Ұстаз» фильмін тамашалады. Кинотуындының өңірдегі таныстырылымында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, фильм директоры Думан Алтынбекұлы, продюсері Әбіл Әділбек пен басты рөлді сомдаған актерлері сөз сөйлеп, ұлағатты ұстаздардың қоғамдағы беделі жоғары екенін алға тартты.
– Бүгінгі таңда жаңа заманның талабы да күшейіп, әлем елдерімен бәсекелестікке қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу, білім беру жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Мақтанатын да тұстарымыз жоқ емес. «Ұстаз» фильмі осы ұлы мамандықтың қиындығы мен қызығы мол әр сәтіне терең үңілдіреді. Ұстаз есімінің ең ұлағатты, ең қадірлі мамандық екенін бүгінгі «Ұстаз» фильмі тағы да дәлелдеп өткендей. Шәкірт алдындағы аса жауапкершілік пен оларға білім мен тәрбие беру жолындағы маңызды қадамдардан тұратын мұғалім қызметін айна-қатесіз сипаттаған фильм облыстың барлық аудандарындағы педагогтарға көрсетілуде, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Белгілі журналист Бейсен Құранбектің идеясымен түсірілген фильмнің сценарийін марқұмның жары Гүлмира Зербай жазған. Туындыда өз ауылына қайтып ұстаздық ете бастаған мұғалімнің бастан кешкен оқиғалары баяндалды. Жас маман балалардың білімге деген құштарлығын ояту үшін түрлі тәсіл қолданады. Оқушыларды арман-мақсатқа жетуіне шабыттандырады.
Айта кетейік, фильмнің мақсаты – қоғамдағы педагог мәртебесін көтеру. Толықметражды кино бір айға жуық уақыт ішінде Жетісу облысында түсірілген.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КОЛЛЕДЖДЕРІНЕ 15 МЫҢНАН АСТАМ ГРАНТ БӨЛІНІП, СТУДЕНТТЕРДІҢ ШӘКІРТАҚЫСЫ КӨБЕЙДІ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау керек екенін айтты. Бұл ретте Түркістан облысында сапалы кадрларды даярлау үшін студенттерді әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынған. 2025 жылдан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлем артты. 1 айға 1 студентке орта есеппен 33 943 теңге қарастырылған.
– Студенттердің шәкіртақысы 2024 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап 50 пайызға көтерілді. Яғни, 43 575 теңгеге жетті, ал үздік оқитын білім алушыларға 50 110 теңге беріледі. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған білім алушылар үшін 56 646 теңге қаралған. Мүгедектерге берілетін жеңілдіктерге келсек, көз бен құлақ диагноздары барлар үшін шәкіртақының 75% қосымша көмек ретінде беріледі. Бұл – студенттерді әлеуметтік қолдаудың ең басты жаңалығы. Сондай-ақ жылына 2 рет әр жетім балаға 200 мыңнан теңгеден астам қаржы киім-кешектерге арнайы бөлінеді. Студенттер үшін жол жүру ақысы бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Жылына екі рет әр балаға 8 мың теңгеге жуық қаржы жолақы ретінде беріледі, – дейді Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова.
Түркістан облысында 43 колледжде 5 701 студент тегін жатақханамен қамтылған. Сонымен қатар көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін күнделікті бір реттік ыстық тамақтануға 734 теңге, орта есеппен 1 айға 14 680 теңге беріледі. Студенттерге салауаттылықты сақтауға және нығайтуға бағытталған психологиялық көмектер де қарастырылған.
Айта кетерлігі, өңірдің экономикалық басым салаларына кадрлар даярлауда облыста 50 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымды жұмыс істеуде. Оның 28-і – мемлекеттік, 22-сі – жекеменшік. Тегін кәсіптік білім беру гранттары саны жыл сайын артып келеді. 2023-2024 оқу жылында 15 350 мемлекеттік тапсырыспен орын бөлінсе, биылғы оқу жылында 15 525 грант қарастырылған. Бұл 100 % межеге жетіп, толық қамтамасыз етілді.

ТҮРКІСТАНДА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 2 МЫҢ ОРЫНДЫҚ ТАҒЫ БІР МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Түркістанда «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы бір мектеп ашылды. 2 мың оқушыға арналған білім ұясы «Жаңа қала» ықшамауданында бой көтерді. Мұнда балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған білім ұясының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен білім саласының ардагерлері қатысты.

– Еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтары салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Сіздердің мектептеріңіз жай ғана жаңа ғимарат емес. Бұл – даму мен оқу үшін тамаша жағдайлар жасалған орын. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын! – деді Дархан Сатыбалды.

Аталған білім ордасы қаладағы 2 мектептегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласының «Жаңа қала» аумағында салынған 4 қабатты білім ордасындағы физика, химия, биология және робототехника кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталған. Білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін мектепте спорт залдары, шеберлік залдары, зертханалар мен демалыс аймақтары ұйымдастырылған. Жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жекелеген блоктарда оқиды. Балалардың жас ерекшелігіне орай блоктардың әрқайсысы оқу сыныптарымен, санитарлық тораптармен, спорт залдарымен және жеке шкафтармен қамтылған.

Айта кетейік, елімізде «Жайлы мектептердің» басым бөлігі Түркістан облысында салынуда. Қазір өңірде 29 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның үшеуі ашылып үлгерді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ 900-ДЕН АСТАМ МЕКТЕП ҒАЛАМТОР ЖЕЛІСІНЕ ҚОСЫЛҒАН

Бұл туралы брифингте Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, Түркістан облысындағы 1 082 орта білім беру мекемесінде 554 753 оқушы білім алып жатыр. Шағын мектептерді қоспағанда 826 мектеп 2 201 арнайы пән кабинетімен қамтылған. Сондай-ақ, биыл облыстағы мектептердің кітапханалары 1 522 107 дана оқулықпен және 118 359 дана көркем әдебиетпен толықты.

«Облыстағы 915 мемлекеттік мектептің барлығы интернетпен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, өңірде 2024 жылы бюджет есебінен 50 мектептің құрылысы басталған болатын. Оның ішінде, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен – 29 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын дамыту қоры» және өзге де бюджеттер есебінен – 21 мектеп және жекеменшік 35 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жалпы облыста 2025-2027 жылдар аралығында 13 000 орынды 44 мектептің құрылысын жүргізілу жоспарланған. Ал, мектептерді жаңғырту жобасына облыстан 115 мектеп енгізілген»,- деді Жандос Маханбетов.

Жалпы өңірдегі 915 мемлекеттік мектептің 719-ы жедел басқару орталығына қосылған. Бүгінде қалған білім беру ұйымдарын бейнебақылауға қосу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, биыл облыстағы 217 елді мекенде 17 081 бала арнайы мектеп көлігімен мектепке тасымалданып жатыр. Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылында 11 сыныпты 31 367 түлек бітірсе, 24 538 түлек ҰБТ тапсырған. Оның ішінде жоғары оқу орнына түскендер саны – 19 126, грантқа түскендер – 11 044.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 600 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру бойынша елімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес Сайрам ауданы, Манкент ауылдық округіндегі «Айнабұлақ» негізгі орта мектебі ел игілігіне берілді. 600 орынға шақталған білім ұясы облыстық бюджет есебінен салынды. Білім ордасының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды қос мерекемен құттықтап, ұстаздар мен оқушыларға сәттілік тіледі.

«Бүгін қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ел Президенті білім саласына қолдау көрсету, ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Өңірде осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде. Бұл мектепте білім алуға барлық жағдай жасалған. Мұның бәрі өсіп келе жатқан ұрпақтың игілігі үшін істеліп жатыр», деп атап өтті облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы

Оқу ғимараты 3 қабаттан тұрады. Заманауи үлгіде салынып, материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған. Мектепте асхана, оқу және зертхана бөлмелері, спорт залы соңғы үлгіде жасалған. Ұлдар мен қыздарға арналған шеберханасы мен арнайы дәрігерлік кабинет қарастырылған. Информатика мен робототехника сыныптары да бар.

Айта кетейік, Түркістан облысында биыл 50 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 2 мектеп тапсырылып үлгерді.

ЖАЙЛЫ МЕКТЕП – БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба оқушы орындарының тапшылығы, апатты мектептер және үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуге бағытталған. Міне осындай білім ордасының бірі Созақ ауданында бой көтеруде. Аталған нысанның құрылысы аудан басшылығының басты назарында. Кезекті насандарды аралау барысында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс алаңында болды. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, білім ордасының құрылыс барысымен танысты.

Қазіргі таңда мектеп ғимаратының ішкі және сыртқы жұмыстарының қарқыны арта түскен. Ғимараттың фасадтары травертинмен қапталып, мектептің сыртқы келбеті сәнді әрі заманауи сипатқа ие болуда. Сонымен қатар, құрылыс аймағында абаттандыру жұмыстары да қоса жүргізіліп, аумағына асфальт жабындысы төселіп, көлік тұрақтары ретке келтірілуде. Бұл жоба ауданның білім саласын жаңа деңгейге көтеріп, оқушыларға заманауи және жайлы оқу ортасын ұсынуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Ұлтық жоба аясында Түркістан облысында 2023-2025 жылдары 63 жаңа мектеп бой көтереді. Мектептердің құрылыс жұмыстарына дайындық қалай? Нендей мәселелер бар? Осы және өзге де сұрақтар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының басты бақылауында екенін айта кеткен жөн.

– «Жайлы мектеп» жобасы – өңірімізде мектеп тапшылығын шешуге берілген үлкен мүмкіндік. Енді осы жобаны сапалы жүзеге асыру керек. Жауапты орынбасар, басқармалар, аудан, қала әкімдері білім ұяларының құрылысын уақтылы әрі талапқа сай етіп аяқтау бағытында жұмыс істеңіздер. Мектептердің инфрақұрылымын тарту, газ, су, электр, жылу, ғаламтормен қамту бойынша тиісті шаралар қабылдансын. Мектептердің құрылыс материалдары сыртқы және ішкі көрінісі, сәулеттік жобасы бойынша да барлық мердігерге біріңғай нұсқа берілуі тиіс. Ең бастысы, осы «Жайлы мектептерді» жоғары деңгейлі ұстаздармен қамту аса маңызды. Қазірден бастап білікті басшылар мен мұғалімдер жасақтауды қолға алған жөн, – деген болатын облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы.

«Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында құрылысы салынатын 63 мектептің, яғни жобалық қуаттылығы 49 000 орын болатын нысандардың іс-шара жоспары бекітіліп, бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жаңа мектеп құрылысын салуға тиісті құжаттар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне ұсынылып, жұмыстар атқарылған еді. Сондай-ақ 2023-2025 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілетін елді мекендердегі мектептерді инженерлік инфрақұрылыммен (су, электр, жылу желілері, кәріз жүйелері, кірме жолдар, интернет желілері, қоғамдық көліктер және т.б.) қамтамасыз ету шаралары қабылданып, инфрақұрылым жоспары бекітілген болатын.

Түркістан облысында жалпы екі жылда 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп, 1500 орындық 4 мектеп және 2000 орындық 2 мектеп салынады. Жоба аясында 2023 жылы құрылысы басталатын 29 мектептің жер телімі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ меншігіне өткізіліп, бүгінгі күнге, құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, құрылыс жұмыстары қарқынды атқарылуда. 29 мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал қалған 34 мектептің құрылыс жұмыстары 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Жалпы аталған жоба бойынша елімізде 2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектеп салу жоспарлануда. Негізгі басымдық қала мен ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Осылайша, салынған білім нысандарының жартысына жуығы ауылдық жерлерде орналасады.Үкімет отырысында баяндама жасаған салалық ведомство басшысы жаңа форматтағы мектептерде бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылатынын атап өткен болатын. Яғни, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың кедергісіз жүріп-тұруына да мүмкіндік жасалады. Оқу орындарын жобалау кезінде кіре беріс, жеделсаты, баспалдақ, оқу сыныбы, жуынатын бөлме және тағы басқалары ескеріледі. Заманауи техникалық құрал-жабдықтар орнатылып, қауіпсіздік шараларын арттыруға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, жергілікті бақылау органдарына қосылған цифрлық бейнебақылау, дабыл түймесі және дыбыстық хабарлау, есіктер мен блоктарды автоматты түрде құлыптау, лицензияланған күзет және тағы басқалары.

Қазіргі уақытта министрлік жайлы мектептер үшін кадрлық резерв жасақтауда. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша директорлар корпусына 208 адам резервке алынған екен. Сонымен қатар, педагогтардың базасы жасалып жатыр. Еліміздің жетекші мектептерінің тәжірибесі бойынша оқу процесінің мазмұнын трансформациялаудың жаңа моделі де әзірленуде. Айта кетейік, бүгінде 217 жайлы мектептің құрылысы басталған. Жоба үш тетік арқылы жүзеге асырылады: бірыңғай оператор арқылы нысаналы құрылыс жүргізу, дайын ғимараттарды жеке инвесторлардан сатып алу, сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік серіктестік шеңберінде.

Саурандық жас маман «Жастар практикасы» жобасымен жұмысқа орналасты

Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғыны Халанова Латофат, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетін “Математика пәні мұғалімі” мамандығы бойынша  тамамдаған. Қазіргі таңда Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округінде орналасқан “Дарын kz” орта білім беру мекемесінде математика пәні мұғалімі болып жұмыс жасайды. Жас маман аталған білім ордасына «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында келген. Бүгінде бастауыш сыныптың оқушыларына білім беріп жүр. Математика пәнінің мұғалімі өз дәрістерін заман талабына сай және жаңа әдістермен өткізуді қолға алған. Мұндай тәсілдер шәкірттерінің де қызығушылығын арттыра түскен екен.

« – Есеп шығарудың түрлі тәсілері және логикалық ойындар оқушылардың қызығушылығын арттыра түседі. Кез келген жағдайда тәрибиелеп отырған шәкірттердің көңілін аулап, олардың мұғаліммен бірге шаттана білуі біз үшін үлкен қуаныш. Мен үшін де шәкірт тәрбиелеп, онымен мақтана білу басты мақсатым. Жоғарғы оқуымды аяқтаған соң, осындай мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламалардың барына қуанамын. Жас мамандар үшін елімізде мүмкіндіктер өте көп. Адам өзі еңбектен қашпауы керек деп есептеймін. Сондай-ақ, өзіңіз армандаған, қалаған мамандықты таңдау – бұл сіздің жарқын болашағыңыз. Қазіргі таңда елімізде білім алу үшін  барлық жағдайға  жол  ашық. Міне  сол  білімді саналы  түрде игере отырып, Отанымыздың  бір тетігіне  сапалы  маман  болып  қалану -біздің  басты  парызымыз. Жалпы мамандық дегеніміз – адамның белгілі бір қызмет атқаруына мүмкіндік беретін материалдық не рухани өндірісте алған білімі мен өмірлік дағдысының жиынтығы. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Мамандықтың  бәрі  жақсы. Мамандық таңдау – өте жауапкершілікті қажет ететін маңызды іс және адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, жүрегінің қалауына сүйену керек. Әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді.  Қазіргі таңда мамандықтың түрі өте көп. Таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Мамандық таңдау жасөспірімдік кезеңде қабылданатын жауапты шешімдердің біреуі болып табылады. Белгілі бір мамандық иесі болу әрбір азаматтың арманы. Маман иесі болған соң, әрбір адам өз мамандығы бойынша қызмет етіп еліміздің экономикасын дамытуға халықтың әл-ауқатын жақсартуға өз үлесін қосу керек.» – дейді Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғыны Халанова Латофат

Айта кетейік, Сауран ауданында «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа орналасып, өз тәжірибесін арттырып жүрген жастардың қатары артып келеді. Жалпы «Жастар практикасы» – меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы, алдыңғы бес жыл ішінде оқушының аяқтаған және отыз бес жастан аспаған жұмыссыздарға арналған жобалардың бірі.

Жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие болады. Жастар практикасының ұзақтығы он екі айдан аспайды.Ал, жалақының бір айдағы мөлшері 30 АЕК құрайды. Жастар практикасына қатысу үшін жұмыссыздардың жеке басты куәландыратын құжаты. Еңбек қызметін растайтын құжаттары (бар болса). Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар екенін растайтын құжаты болуы керек. Айта кетейік, жастар практикасынан өту кезеңі жұмыссыздың еңбек өтіліне есептеледі. Бұл оның одан әрі тұрақты жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндіктер береді.