Жыл басында Түлкібас аудандық ауруханасында балалар хирург дәрігері, жоғары санатты маман Серікжан Ботабекұлы Нұржанов өз қызметіне кіріскен болатын. Бүгінде білікті дәрігерге жергілікті тұрғындар алғыстарын білдіруде. Балаларына жасалған оталар сәтті аяқталып, дертіне шипа тапқандар ақ халатты абзал жандарға ризашылықтарын айтуда. Бұрындары ірі қалалар мен өзге облыстарға сабылатын Түлкібастық тұрғындар енді аудан орталығында ем қабылдауға мүмкіндік алғандарын жеткізіп жатыр.
Айта кетейік, Серікжан Ботабекұлы Нұржанов 1979 жылы маусым айының 21 жұлдызы күні Түлкібас ауданы, Келтемашат ауылында дүниеге келген. 1996-1999 жылдары Шымкент медицина колледжін, 200-2004 жылдары Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын, 2004-2006 жылдары қазақ мемлекеттік медицина академиясының педриатрия факультетін бітірген.
Бұдан бөлек 2006-2007 жылдары Астана қаласындағы балалар хирургия бөлімінде білімін жетілдірген. Алғашқы еңбек жолын Астана қаласындағы көп саласы №2 балалар ауруханасында бастаған. Шымкент қаласындағы облыстық балалар ауруханасында хирург мамандығында қызмет атқарған. Білімін Түркия елінде жетілдірген. Біліктілігі жоғары дәрігер. Балалар дәрігері мамандығына сай түрлі халықаралық сипозиумдарға қатысқан. Медицина саласында жеткен жетістіктері жетерлік. Балалар дәрігері Қазақстан ассоциациясының белді мүшесі.
Түрік мемлекеттері трансплантолог Ассоциациясының мүшесі, басқа да халықаралық жиындарға қатысушы. Бүгінде өзінің кіндік қаны тамған туған жеріне келіп, Түлкібас аудандық орталық ауруханасының балалар хирург дәрігері қызметін атқаруда. Қазіргі таңда көптеген балаларға ота жасап, оның еңбегіне риза болып, алғыс айтушылар қатары көбейіп келеді. Балалар хирург майталманы Серікжан Ботабекұлын өзгелерге үлгі болатын азамат деп айтуға болады.
Түлкібас ауданында медициналық сақтандыру бойынша өзгерістер мен қажетті ақпараттар түсіндірілуде. Осындай шаралардың бірі аудан әкімдігінде ұймдастырылып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша мәселелер талқыға түскен. Аудан әкімінің орынбасары А. Нұрлыбайдың төрағалығымен өткізілген жиынға мемлекеттік қызметшілер, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, аурухана және басқа да мекемелер мен ауыл әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Жиынға арнайы келген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Қыдырбаев Нұрлан Икрамұлы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша өзгерістер мен қажетті ақпараттарға шолу жасап шықты. Жиынға қатысушылар шара барысында аталған тақырып бойынша сұрақтар қойып, арнайы мамандар тарапынан бірқатар талқылаулар мен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Аталған жиыннан соң, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жоғарылату мәселелері бойынша аудандық штабтың құрамының отырысы болып өтті.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі. Көптеген дамыған елдер тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж адамдарға ресурстарды қайта бөлуге мүмкіндік беретін МӘМС жүйесін таңдаған. Сонымен қатар, 2024 жылы МӘМС үшін кім қанша төлеуі керек деген сауалдарға да жауаптар берілді. Мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрайды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерген. Яғни, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы ең төмен жалақы (ЕТЖ) мөлшерімен есептеледі. Биыл ең төмен жалақы 85 мың теңгені құрап отыр.
Жарна төлеушілердің бірнеше санаты бар. Біріншісі – мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 жеңілдік санаты. Олар: балалар; зейнеткерлер; ҰОС ардагерлері; барлық топтағы мүгедектер; «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; декретте отырған аналар; мүгедек бала күтіміне байланысты жұмыс істемейтін азаматтар; студенттер және тағы басқалары кіреді.
Бүгінгі таңда елімізде жеңілдік берілген халықтың жалпы саны 11 миллионға жетіп жығылады. 2024 жылы мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрап отыр екен. Атап айтқанда, биыл жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлер үшін бұрынғыша, жалақының 3% мөлшерінде аударым жасайды. Төлемнің шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 25 500 теңгеден аспайды. Жұмыс беруші аударымды өз қалтасынан төлейді. Ал жұмыскерлер жалақысынан 2% ұстап, қорға аударады. Жарнаның шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 17 мың теңгеден аспауға тиіс.
Одан кейінгі санат – жеке кәсіпкерлер. Нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар да осы санатқа кіреді. Олар бұрынғыша 1,4 ЕТЖ-ның, яғни 119 мың теңгенің 5 пайызын төлейді. Биыл ең төмен жалақының өсуіне байланысты бұл сома 5950 теңгеге жетіп отыр екен. Ал, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндер сақтандыруға бұрынғыша табысының 2%-ын аударады.
«Сондай-ақ, Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Бұл азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылу үшін екі түрлі әдісті пайдаланса болады. Біріншісі – дербес төлеуші ретінде бір ЕТЖ-ның 5% немесе 4250 теңге төлеу. Екіншісі – жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды ЖК ретінде төлеу «, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Қыдырбаев Нұрлан Икрамұлы
Сонымен қатар, кейбір азаматтар екі жерде жұмыс істейді. Бұл жағдайда төлемдерді есептеу үшін шекті табысты ескеру керек – ол 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 000 теңге). МӘМС-ке аударымдар әр жұмыс орнынан аударылады, бірақ 25 000 теңгеден аспауы керек. (850 000 теңгенің 3%). Ал жарналарды есептеу кезінде барлық жұмыс орынанан түсетін ортақ табысы ескеріледі, яғни әр айға жарна 17 000 теңгеден аспауы тиіс (850 000 теңгенің 2%). Қызметкер төлемдерді дұрыс есептеу үшін бірінші жұмыс орнынан екіншісіне анықтама тапсыру керек.
Мысалы, қызметкер 1 ұйымынан 550 000 теңге жалақы алса, 2 — ұйымынан 400 мың теңге түседі. Оның ортақ табысы 950 000 теңге, яғни, шекті салық салынатын кірістен жоғары. Бұл жағдайда бірінші жұмыс беруші 11 мың теңге көлемінде жарна ұстап, 16 500 теңге көлемінде аударым жасайды. Екінші жұмыс орнында оған 6 000 теңге (жарнаның ең жоғары мөлшері 17 мыңнан төленген11 000 теңге жарнаны шегергенде) жарна төлейді.Аударымдардың мөлшері 18 000 теңгені құрайды, -дейді мамандар
Сондай-ақ, ресми қызметінен бөлек, жеке бизнесі бар жеке кәсіпкерлер де бар. Бұл жағдайда қызметкердің жалақысынан қажетті жарналар мен аударымдар төленеді әрі Салық кодексі талап еткендей жеке бизнесі үшін төлеуі қажет.
Айта кетейік, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесін келесі жолдармен тексеруге болады:
Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы; fms.kz ресми сайты; Telegram-дағы @SaqtandyrýBot; 1414 байланыс орталығы; Damumed мобильді қосымшасы; Halyk мобильді қосымшасы; BCC.KZ мобильді қосымшасы; Kaspi.kz мобильді қосымшасы; egov.kz электрондық үкімет сайты – «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі арқылы. Сақтандыру жүйесі мен төлемдер жайлы толық мәліметті fms.kz ресми сайтынан да алуға болады.
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «URKER» жазғы сауықтыру лагері іске қосылды. Жоба құны 400 млн теңге болатын кешенде 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылады. Демалыс аймағының ашылу салтанатына қатысқан Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов тұрғындарды құттықтап, балаларға жазғы демалысты жақсы өткізуге тілектестігін білдірді.
— «Жазғы демалыста осы лагердің іске қосылғаны біз үшін де, балалрымыз үшін де қуанышты жағдай. Енді балаларымыз жазғы уақыттарын ата-анасынан жырақта емес, жақын маңайдағы табиғаты керемет лагерде демалатын болады. Демалып қана қоймай, денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік болады. Осындай игі істі қолға алған азаматтарға алғысымыз шексіз,» — деді қала әкімінің орынбасары.
«URKER» жазғы сауықтыру лагерінде 450 бала үш ай бойы тынығады. Мұнда балаларға жаз бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Лагерь аумағында бассейн және түрлі спорт алаңдары орнатылған. Жалпы аумағы — 20 гектар. Алдағы уақытта бұл жерден қосымша тағы 300 балаға арналған ғимарат бой көтермек. Одан бөлек, жеке кәсіпкер демалыс аймағын, гольф алаңын, үлкен бассейн, ипподром, этно ауыл және үлкен теннис алаңын салуды жоспарлап отыр.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастауымен 9-10 маусым күндері Түлкібаста «Зәр шығару жүйесінің туа біткен және жүре пайда болған патологияларынын емдеудің инновациялық әдістері» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Түлкібас аудандық орталық ауруханасында балалар хирургиясы мен урологиясы бейініндегі дәрігерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған шараға Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласындағы «Медикал Парк» клиникасынан профессор Шейхмус Керем Өзел қатысты.
Алғашқы күні бұл іс-шараны басқарма басшысының «Ана мен бала денсаулығын қорғау ісі» жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы М.Мамбетова және Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Е.Орманов ашып беріп, сәттілік тіледі. Іс-шараға облыстың өңірлерінен және Шымкент қаласының қалалық және облыстық балалар ауруханасынан келген хирургтар мен урологтар қатысты. Жиын соңында қатысқан мамандарға арнайы сертификаттар табысталды.
Шеберлік сағаты барысында бірнеше ота түрлері жасалды. Атап айтқанда, қуық-зәрағар рефлюксіне-видеоцистоскоп арқылы гель енгізу, гипоспадия асқынуын емдеу, крипторхизм асқынуын емдеу. Одан бөлек балалар урологиясы, фетальды хирургия тақырыбында презентациялар жасалып, оталардың видеолары көрсетілді. Сұрақ-жауаптар болды. Түркістан облысының аудандарынан келген 22 балаға кеңестер берілді.
Айта кетейік, негізгі мақсаты – жетекші балалар хирургтарының, урологтарының, бөлім басшыларының күш-жігерін біріктіру, тәжірибе алмасу және жаңа технологиялармен танысу. Шеберлік сағаты соңғы инновацияларды, үрдістерді және мәселелерді, соның ішінде ұйымдастырушылық және технологиялық мәселелерді талқылауға арналған пәнаралық платформаны ұсынды.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталып, жобаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған «Сүлеймен ата» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Аталған өндіріс орны – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір тұрғындарын құс етімен қамтуды көздейді. Құс фабрикасында «Бройлер» тауығының балапандары өсірілуде. Алдағы уақытта жобаны кеңейту арқылы өнімді 120 тоннаға ұлғайту жоспарлануда. Тауарға сұраныс күн сайын артып, Түркістан қаласын толықтай қамтамасыз етіп отыр. Жобаның құны – 400 млн теңге. Сонымен қатар, фабрика жанында арнайы камбикорм бар. Онда күніне 8 тонна жылқы және құс азықтарын өндереді.
Жалпы, құс, соның ішінде тауық атаулыны өсіру қазақ халқы үшін жаңайшыл дүние емес екені анық. Бұл істі өз кәсібіне айналдырып, тауық өсірумен отбасының жағдайын жасап, оған қоса өзге азаматтардың еңбек етуіне септігін тигізіп отырған кәсіпкерлер жетерлік. Мамандардың айтуынша бройлер тауығын өсірген өте пайдалы және табысы мол кәсіп түрі.
Себебі, бройлер – тез өсіп жетіледі екен және еті жұмсақ әрі дәмді болып келеді. Бұл құстың түрі азықтандыру шығындары өсірушіге неғұрлым арзанға түсетіні де дәлелденген. Әдетте бройлер тауығын 6-9 аптаның ішінде, салмағы 1,5-2 килоға жеткен кезде сойып, пайдаланады екен. Бройлер еті диеталық тағам түріне жатады. Оның етінің құрамында 22,5 пайызға дейін белок болады. Бұл белоктардың 92 пайызы адам денсаулығы үшін өте пайдалы амин қышқылдарынан тұрады, дейді мамандар.
«Сүлеймен ата» шаруа қожалығының иесі бройлер тауығын күту үшін ең алдымен оларды орналастыратын орын-жайларды дұрыс таңдап алу қажеттігін де атап өтті.
—» Ең алдымен қорада тауықтар еркін қозғала алатын кеңістік болуы керек. Өйткені, ауа райының қолайсыз жағдайында, әсіресе, қысқы маусым кездерінде тауықтар бұл қорада тәулік бойы ұсталады. Сонымен бірге тауық қора бройлерді сыртқы қолайсыз ауа райы жағдайынан қорғай алатындай жылы әрі жарық болуы тиіс. Сонымен қатар, мұнда ауаны тазартып отыруға мүмкіндік беретін желдеткіштер болып, тазартуға жеңіл болуын да ойластыру керек. Біздің фабрика бүгінде барлық стандарттарға сай жасақталған. Құстарға жем, су беру толық автоматтандырылған. Біз халыққа сапалы, жоғары сұрыпты құс өнімдерін ұсынып жатырмыз. Фабрикада құстар гармондық қоспаларсыз, өсу стимуляторлары қолданылмай, генетикалық түрлендіргіш заттарсыз өсіріледі. Яғни, бұл маңызды процестердің бірі»,— дейді кәсіп иесі
Балапандар алғашқы кезде тор ішінде өсіріледі екен. Мұндай жағдайда балапандар жедел салмақ қосады және қимыл-қозғалыстары шектеулі болғандықтан азықты да аз жейді. Балапандар өсіп жетілген кезде оларды тауық қораларға жөнелтуге болады. Мұнда балапандар тез өсіп жетілу үшін температураның тұрақты болғаны жөн. Балапандарды жиі-жиі азықтандырып отырған жағдайда олар 48-70 күннің ішінде 1,5 кило салмаққа дейін жетеді. Кәсіпкер бройлер балапандарын азықтандыру үшін құрамында қажетті витаминдер мен минералды қоспалары бар арнаулы құрғақ құрамажем пайдаланылатынын және азықтың бұл түрі тауық қорада тәулік бойы тұрақты түрде болатынын айтады.
Кәсіпкер бұл іске кіріспес бұрын өнімді қай жерге өткізуге болатындығына дейін алдын-ала зерттеулер жүргізіп көрген. Сұраныс та өте жақсы болғандықтан, өз кәсібінің несібесін көріп отыр. Мәселен, құс етін кафе-ресторандарда және жекелей тұтынатын адамдар да аз емес. Көбірек тұтынатын сапалы, дәмді өнім түрін тұрақты түрде жеткізіп бере алатын сенімді серіктестің пайда болуы ең алдымен олардың өз бизнесін тұрақтандыруына қолайлы жағдай туғызады. Әдетте, бұл кәсіппен шұғылданған адам тек 30 балапанды сатып алып бағумен шектелмейтіні мәлім. Өйткені, бұл кәсіптен дұрыс пайда көру үшін ең кемінде жүздеген тауық өсіру қажет. Сонда ғана табыста еселеп арта түсетін болады. «Сүлеймен ата» шаруа қожалығы алдағы уақытта фабриканы үлкейтіп, бірнеше кезең бойынша өнім санын арттыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда аталған нысанда 12 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар алдағы кезеңде азаматтарды көптеп еңбекке тарту бойынша да тиісті жұмыстар атқарылмақ.
Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Жеке кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетіліп, өз кәсібін өркендету үшін тиімді мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған. Яғни, қоғам үшін еңбектенемін дегенге азаматтарға мол мүмкіндіктер беріліп жатыр. Осындай мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға қатысып, шағын бизнесін шарықтатып отырған кәсіпкерлерінің саны Сауран ауданында да күн санап көбейіп келеді. Тиісінше, жұмыссыздар саны азайып, жаңадан шағын және орта кәсіпкерлік нысандар ашылып жатыр. Бұл бағытта аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өз кәсібін жасаймын деген әрбір жеке кәсіпкерлерге ұдайы қолдау көрсететіндігін айтып келеді.
Сондай-ақ, өз қаражаты есебінен ісін дамытып жүрген кәсіпкерлер де жетерлік. Солардың бірі — Валид Хайдаров. Сауран ауданы, Иассы ауылдық округінің тұрғыны бүгінде кәсіпкерлік ныснанын іске қосып отыр. Сапалы орындықтар шығаратын «Хайдаров Валид» цехының ашылу рәсіміне аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров, Иассы ауылдық округінің әкімі Сыздық Пірметов, ауыл ақсақалдары қатысты.
Аталмыш цехтың басшысы Валид Хайдаров өз қаражаты есебінен кәсібін дөңгелетіп отыр. Жоба құны 300 млн. теңгені құрайтын цехтың аумағы 0,85 гектар. Бүгінде өндіріс орнында 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айына 400-ге жуық үстел шығартын цехтың өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп, сұраныс артуда. Жеке кәсіпкер алдағы уақытта цех өндірісінің көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылдық округінде демалыс орындарына арналған үстел мен орындықтар, темір есіктер шығаратын «Абдусардар» цехы іске қосылды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров, Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық, ауыл ақсақалдары қатысты.
– Жиһаз өндіру саласы қарқынды дамып, кәсіп жасаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау тауып келеді. Отандық нарықта бәсекеге қабілеттілік өсуде. Жылдан-жылға елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жиһазға деген қажеттілікті арттырады. Осылайша біздің өнімдер сұранысқа ие болып, өз кәсібіміздің кеңейуіне жол ашылуда, – дейді жеке кәсіпкер.
Жеке кәсіпкер Бабир Насиров «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 5 млн. теңге алып, өз кәсібін бастаған. Бүгінде өндіріс орнын кеңейтіп, ашылып отырған цехтың аумағы 0,25 шаршы метрді құрайды. Жобаның жалпы құны – 300 млн теңге. Заманауи технологиялармен жабдықталған цех жылына 3000-нан астам темір есік және үстел шығаруға қауқарлы.
Бүгінде 12 азамат жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 250-300 мың теңге. Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор. Негізгі арнайы жабдықтарды Өзбекстаннан алдыртады. Осылайша, отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие болып, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып отыр.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ауданның кезекті апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі аудан тұрғындарын жұмыспен қамту және еңбек адамдарын қалыптастырып, ауылдардың әлеуетін арттыру болды. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбектің баяндамасы тыңдалды.
Бөлім басшысының мәлімдеуінше Сауран ауданында халық саны — 102 247 мың адамды құрайды. Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес, экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны — 39 903, жұмыссыздар саны — 1974 адам. Жалпы, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз, жұмыспен қамтылған жалдамалы қызметкерлердің саны — 17444 мың адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — 20485 адамды құрайды. Расында, жергілікті халықты жұмыспен қамту ауыл аймақтардың өркендеуі мен әлеуетін көтеруге оң серпін беретін басты бағыттардың бірі. Бұл бағытта Сауран ауданында тиісті шаралар атқарылып, нақты жұмыстар жүзеге асырылуда.
Ал, 2024 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке республикалық бюджеттен 357289,0 мың теңге, оның ішінде қосымша төлемге республикалық бюджеттен 54496,0 мың теңге қаралған. 2024 жылдың 5 айында 357 отбасының 2313 адамына 81060,0 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 55564,9 мың теңге төлем жүргізілгенін мәлім етті.
Сонымен қатар, 2024 жылға облыстық бюджеттен зейнеткерлерге «Ардагерлер» үйіне 160, «Мейір» ардагерлер үйіне 160 жалпы 320 жолдама бөлінген. Оның ішінде: мамыр айына дейін «Ардагерлер» үйіне — 41, «Мейір» ардагерлер үйіне — 74 жолдама мен жалпы 115 зейнеткерлер қамтылған. Жалпы, өтініш берген зейнеткерлер саны — 2920 адам оның ішінде — 1028 зейнеткер қамтылғанын мәлім етті.
Одан бөлек апталық мәжілісте өзге де мәселелер қаралды. Онда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің, жер қатынастары бөлімінің, Бабайқорған ауылдық округі әкімінің ағымдағы жылдың 5 айында атқарған жұмыстары мен алдағы уақытта атқаратын жұмыстары туралы есептері тыңдалды.
Мәжілісті қорытындылыған Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне тиісті жоспарларды жүзеге асырып, орын алған кемшіліктер бойынша шұғыл түрде жұмыс жасауға нақты тапсырмалар берді.
Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылдық округінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарына жәрмеңке болып өтті. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев қатысып, жұмыссыз жүрген азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасып кетуілеріне сәттілік тіледі.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі — келушілерге жұмыс берушімен қарым-қатынас барысында жұмысқа орналасудың қолайлы нұсқалары мен шарттарын таңдауға мүмкіндік беретін, жұмысқа орналасуға көмектесудің тиімді әдістерінің бірі болып есептеледі. Сондықтан аудан, қалаларда ұйымдастырылатын мұндай шаралардың маңыздылығы өте зор.
Сауран ауданында өткен жәрмеңкеде 6 мекемеден 74 бос жұмыс орындары ұсынылған, жыл басынан бері 1110 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. 2024 жылы аудан бойынша 6840 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған болса, жыл соңына дейін халықты жұмыспен қамту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетін болады. Мансап орталығы арқылы өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 125 азамат қатысты. Жәрмеңкеге қатысқан азаматтардың ішінен 20-ы жұмыс орындарымен қамтылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орнына 8, жастар практикасына 6, әлеуметтік жұмыс орындарына 4, алғашқы жұмыс орнымен 2 азамат жұмыспен қамтылды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітілген болатын. Онда ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын 3,6 млн-ға дейін ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға септігін тигізеді.
Тұжырымдама ұлттық басымдықтар мен мақсаттарды, сондай-ақ еңбек және жұмыспен қамту саласындағы халықаралық міндеттемелер мен стандарттарды ескере отырып әзірленген. Бұл 2030 жылға дейінгі кезеңге еңбек нарығын дамыту жөніндегі негізгі бағыттарды, іс-шараларды, индикаторларды және жауапты орындаушыларды айқындайтын стратегиялық сипаттағы құжат болып табылады. Дүниежүзілік банк өкілдерімен бірлесіп, жұмыс орындарын құру динамикасы мен құрылымын ескере отырып, еңбек нарығын шолу, экономика секторларын талдау, өндірістік тізбекті оқшаулаудың қолда бар алғышарттары және т. б. бойынша талдау жүргізілді.
Кешенді және жүйелі түрде шешуді талап ететін еңбек нарығының негізгі проблемалық мәселелері:
— еңбек өнімділігінің төмендігі және табиғи ресурстарды өндіру мен экспортқа тәуелді экономиканы әртараптандырудың жеткіліксіздігі;
— жұмыскерлердің біліктілігі мен дағдыларының еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмеуі, сондай-ақ кәсіптік білім беру мен оқыту жүйесінің жеткіліксіз дамуы;
— формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары үлесі, әсіресе ауылдық жерлерде, сондай-ақ жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың төмен деңгейі;
— әйелдер, жастар, мүгедектігі бар азаматтар, этникалық азшылықтар және басқалар сияқты халықтың әртүрлі топтары арасындағы жұмыс орындарына қолжетімдік пен табыстың теңсіздігі.
2000 жылдардағы демографиялық өсімнің арқасында Қазақстанда
2029 жылға қарай еңбек нарығына қосылатын жастар саны жыл сайын 300 мыңнан астам адамды құрайды. Еңбек нарығын толықтыратын азаматтардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету жаңа сапалы жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді.
Тұжырымдамаға сәйкес сапалы жұмыс орнының негізгі сипаттамалары: тұрақты жұмыспен қамту (жылына кемінде 6 ай), еңбекақының лайықты деңгейі (өңірдегі орташа жалақыдан төмен емес), қауіпсіз еңбек жағдайлары, кәсіби даму және мансаптық өсу үшін мүмкіндіктер, еңбек құқықтары мен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
Сапалы жұмыспен қамтудың өсу драйвері болуы керек:
— өнеркәсіп (тау-кен өндіру, өңдеу, энергетика, сумен жабдықтау), құрылыс, көлік саласы, сауда және қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, IT-сала, өнер және туризм, сондай-ақ қорғаныс қызметі сияқты экономиканың негізгі нақты секторларын индустрияландыру;
— жаңа технологияларды енгізу және ілгерілету;
— жұмыс уақытының икемділігіне негізделген жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін құру.
Тұжырымдамада елдің оңтүстік өңірлерінде бастапқы индустрияландыру, орталық және шығыс облыстарда қайта индустрияландыру, республиканың солтүстігінде агробизнесті кластерлеу және батыс өңірлерде офтейк-келісімшарттарды дамыту жөніндегі шаралар көзделген.
Еңбек нарығындағы негізгі сұраныс орта білікті мамандарға тиесілі екенін ескере отырып, алдағы жылдары техникалық және кәсіптік білім адами капиталды дамытудың драйвері болады. Алынған білім мен дағдылардың жұмыс берушілердің талаптарына сәйкестігін кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу және білім мен дағдыларды тәуелсіз бағалау арқылы ұлттық біліктілік жүйесін дамыту есебінен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Сондай-ақ, Тұжырымдамада платформалық қызметкерлерді ресімдеудің жаңа тәсілдеріне көп көңіл бөлінді, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда шамамен 1 млн адам платформалық жұмыспен айналысады. Платформалық жұмыспен қамтудың басты артықшылықтары: жұмыс уақытының икемділігі, негізгі қызметпен ұштастыру мүмкіндігі, мансап пен жеке өмірдің тепе-теңдігі. Сондықтан платформалық жұмыспен қамту спектрі жыл сайын ауқымын кеңейтіп, қызмет көрсету, туризм, IT, сауда, құрылыс, жылжымайтын мүлік және т.б. салаларға енетін болады. Мемлекеттің негізгі міндеті – платформалық жұмыспен айналысатын жұмыскерлер үшін еңбек құқықтарын қорғауды және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету.
Еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік қорғау саласында мемлекет көрсететін барлық қызметтерді жаппай цифрландыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Негізгі критерийлер ашықтық және барлығына қолжетімділікті арттыру.
Автоматтандыру және цифрландыру нақты уақыт режимінде еңбек нарығындағы жағдайды бақылауға және талдауға, кадрларға деген қажеттілікті анықтауға, білім беру бағдарламаларын экономиканың нақты қажеттіліктеріне қарай түзетуге және өзектендіруге, сондай-ақ экономикалық ынталандыру шараларының тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға әкеледі. Ел экономикасында 2029 жылға қарай 3,6 млн сапалы жұмыс орнын қамтамасыз ету жоспарлануда, бұл жұмыспен қамтудың жалпы құрылымында 45%-ды құрайды. Жыл сайын табысы медианалық табыстан асатын адамдардың саны орта есеппен 250 мыңға артады.
Бүгінде Сауран ауданында “Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған” тұжырымдамасы аясында 2024 жылдың маусымға дейін, жобадағы бағдарламар бойынша 6368 азамат өтініш білдіріп, оның ішінде 2487 адам әлеуметтік шаралармен қамтылған, орындалу пайызы 39% құрап отыр. Оның ішінде, санаттары бойынша бөлінісі: жұмыссыздар — 1011, өзін өзі қамтығындар — 1017, жұмыс іздеушілер — 970, 160 азамат композиттік қызметке тіркелді (композиттік қызмет жоспары — 220).
Білесіздер, биылғы көктем еліміз үшін оңайға соқпады. Еліміздің бірқатар өңірлерінде су тасқыны болып, тұрғындар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Айтарлықтай материалдық шығындар келтірілді.
Халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы осындай сын сағаттарда көрініс беретіндігі көңіл қуантады. Алғашқы күннен бастап облыста штаб құрылып, аудан, қалалардан жүк керуендері жіберілді.
Төтенше жағдай орын алған облыстарға Ассамблеяның «Жүректен – жүрекке!» акциясы аясында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің қолдауымен жалпы 150 млн теңгеге 630 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Игі істен «Ассамблея жастары» да шет қалмай, 6,5 млн теңгеге гуманитарлық көмек жіберді.
Жалпы өткен жылы облыстық Ассамблея жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер мүшелері 870 мұқтаж отбасыға 156 млн теңге, «Мектепке жол» акциясы аясында 882 балаға 25 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті.
Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің «Үлес» қайырымдылық қоры мұқтаж отбасыларға 2010 жылдан бері 40 үй салып берді. Сондай-ақ биыл наурыз айында мақтааралдық жомарт жан, «Cotton мақта» ЖШС-нің директоры Абдухашим Боев көмекке мұқтаж екі отбасыны қуантып, оларға екі баспана сыйлады.
Өздеріңіз куәсіздер, өңір тұрғындары Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы топан су басу кезінде бір-бірінен көмегін аямады. Төтенше жағдай тұсында қиналған халыққа қолдан келгенше көмек берді.
Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінде үлкен мән бар. Достық пен татулықты темірқазығындай ұстанған елдің ең басты құндылығы – бірлік.
2020 жылы Мақтаарал ауданында да су тасқыны болғаны есімізде. Көптеген азаматымыз үй-жайынан айырылды. Дегенмен мемлекет бірде-бір азаматын далада қалдырмады. Барлығына шығынын өтеп, үй салып берді. Сол кезде де отандастарымыз ел болып, бір кісідей жұмылып ол апаттан аман-есен шықтық.
Биылғы су тасқыны одан да көлемді, алайда, әр қиындықпен бірге жеңілдік бар демекші, біз бұл сынақты ауызбіршілік пен мейірімділік, қамқорлықтың арқасында бірлесе еңсереміз.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Ассамблея өзінің ұлт бірлігі мен ынтымағы құндылықтарының тиімді жолбасшысы екенін іс жүзінде тағы да көрсетті.
Жақсылық жасау имандылықтың, тәрбиеліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Мұны мемлекетіміздің әрбір азаматы жақсы біледі, жақсы сезінеді деген ойдамын.
Сонымен қатар, ел азаматтарын, кәсіпкерлер мен меценаттарды еліміздегі көмекті қажет ететін қоғамның әлсіз топтарына көмек көрсетуге, қайырымдылық шараларына белсене атсалысуға шақырамын. Себебі әрбір жан жақсы өмір сүріп, бақытты болуға лайықты.