— «Шынықсаң — шымырсың» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Спорт тек денсаулық кепілі ғана емес, түрлі этностар арасындағы ынтымақтастықты, достықты нығайтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде Ассамблея маңызды рөл атқаратынын айтқан болатын. Бүгінгі жарыстың негізгі мақсаты осы — өңірдегі этнос жастарының Отанға, елге деген құрметін арттыру, этносаралық бірлікті насихаттау және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Білесіздер, қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Ата-бабаларымыз осы ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке-бірлігі мен ынтымағын жалғастырып отырған. Бұл спорттық шара жыл сайын өткізіліп келеді.Жарысқа жастардың көптеп қатысуы олардың спортқа деген қызығушылығы зор екенін көрсетеді. Мұндай жарыстардың ел бірлігін бекемдеуде маңызы жоғары, — деді Ерлан Бахытжанұлы.
Архив за месяц: Июль 2024
ТҮРКІСТАНДЫҚ БАЛУАН ҚҰДІРЕТ ЕРІМБЕТОВ ЕЛГЕ ОРАЛДЫ
VIII «Азия балалары» халықаралық ойындарының күміс жүлдегері Құдірет Ерімбетовті отбасы мүшелері мен туған-туыстары құрмет-қошеметпен күтіп алды. Түркістан темір жол вокзалындағы күтіп алу іс-шарасының бел ортасынан табылған қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы мен қалалық мәслихат депутаты Жандос Арыстанов спортшыны жеңісімен құттықтады.
Ресей Федерациясының Якутск қаласында өткен дүбірлі жарыста түркістандық балуан 38 келі салмақта бақ сынап, күміс медальды қанағат тұтты. Чемпиондар мектебінің спортшысы Тәжікстан, Беларусь, Ресей, Әзірбайжан елдерінің балуандарын жеңіп, финалдық белдесуде өзбекстандық балуанға ғана есе жіберді.
Жеке бапкері — Асхат Орынбасаров. Балуан бұған дейін облыстың жеңімпазы, ҚР-ның 2 дүркін және халықаралық турнирлердің жүлдегері атанып үлгерген. Күміс медаль тағынған балуанға туған-туыстары қаржылай сый-сияпат ұсынып, ақжарма тілегін жеткізді.
Түркістанның мақтанышы Құдірет Назарбекұлы 10 жасынан бастап грек-рим күресімен айналысады. Әбдісалан Нұрмаханов атындағы ОРМБЖСМ сайыпқыраны облыс орталығындағы Жұмабек Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясында 9-сыныпта білім алады.
Нұртас МҰХТАРҰЛЫ.
Сержан Дүйсебаев: Төлеби ауданында тұрақтылық пен бірлікті сақтау басты назарда
Төлеби ауданы түрлі этнос өкілдері шоғырланған аймақтың бірі болып есептеледі. Сондықтан ауданда халықтың ауызбіршілігі мен бірлігін бекемдей түсетін түрлі іс-шаралар күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде еліміздің әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем, ынтымағы берік. Түрлі ұлттың өкілдері татулық пен достықтың буынын бекітіп, әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылуда және туған жеріне деген сүйіспеншілік пен мемлекеттік тілге деген құрметі де ерекше. Бұл туралы қоғамдық-саяси ахуал және этносаралық қатынастар мәселелерін талқылау мақсатындағы штаб отырысында Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев баяндап берді.
« — Қазақ елінің дархан көңілі мен бейбіт ұсанымының арқасында, Қазақстан жерінде 130-дан аса ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп жатыр. Тиісінше Төлеби ауданында да этносаралық қарым-қатынас пен түрлі ұлт өкілдерінің бірлігі тұрақты деп айтуға болады. Бұл мақсатта аудандық қоғамдық келісім, аналар кеңесі, ақсақалдар кеңесі және діни ахуалға жауапты мамандар да, сондай-ақ этномәдени орталықтардың мүшелері де игі істер атқарып, елді ынтымақ пен бірлікке үндеп, ұдайы түрде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Екі адамның арасында болатын кейкілжіңдерді пайдаланып, халықтың арасына іріткі салуды ойлайтын арам пиғылды азаматтар болуы мүмкін. Мұндай мәселелерді аудан басшылығы мен жауапты мамандар басты назарда ұстап, дер кезінде нақты әрекеттер атқаруда. Тұрғындарға бұл бағытта түсіндірме жұмыстары да жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бекітілген жоспарлар да өз уақытында орындалуда.
Киелі қазақ шаңырағын қадірлей білетін түрлі этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» дегенді ұранға айналдырып, қазақ халқының мәдениеті мен әдет-ғұрпын қадірлеп, шынайы сыйластықтарын білдіріп жүр. Ұлтаралық татулықты нығайтуға ауданда тұрып жатқан әр ұлттың өкілі де өз үлестерін қосып, келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, атсалысуда. Бүгінгі біздің басты мәселеміз достықты нығайту ғана емес, оған қоса әр ұлттың тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бағытында түрлі іс-шаралар өткізу болып табылады. Этнос өкілдері де қазақ тілін, тарихын, мәдениетін, дәстүрін жетік меңгеріп келеді. Мысалы Түркістан облысы бойынша түрлі ұлт өкілдерінің 90 пайыздан астамы мемлекеттік тілді үйренген, еркін меңгерген десек болады. Сонымен қатар, олар өз ұлтының құндылықтырын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін де ұмыт қалдырмай, қазақ халқымен біте қайнасқан, бейбіт елдің жетістіктерін жоғары бағалай біледі» , -деді Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев.
Сондай-ақ, басқосуда жастар, этносаралық қатынас, жер дауы мәселелері де талқыға түсті. Мәжіліске құқық қорғау органдарының өкілдері, жауапты басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда тұруы керектігін, басқарма, аудан әкімдігінің қызметкерлері өзіне жүктелген міндетті сапалы орындауы тиіс екенін айтты.
«– Облыстағы қоғамдық ахуал тұрақты бақылауда болуы тиіс. Тұрғындардың талап-тілегі мен өтініштеріне жедел үн қату керек. Халық көп шоғырланған ауылдарға талдау жасалып, жастар арасында жұмыссыздықты жою, мемлекеттік бағдарламаларға тарту шаралары күшейтілсін. Елімізге танымал бизнес, өнер, спорт саласының майталмандарын шақырып, жаңаша форматтағы кездесулерді аудандар мен ауыл округтерінде ұйымдастырылған жөн. Бұдан бөлек жастарға ерекше назар аударып, қолдау көрсету маңызды. Биыл колледжге 15 мыңнан мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр. Грант жеткілікті. Жастарды білімге тарту бағытындағы жұмысты да жандандырыңыздар, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев
Сондай-ақ ол нақты жұмыс жоспарын ұсынуды тапсырып, аталған бағыттағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді. Мәжілісте ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов пен қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев маңызды мәселелер бойынша баяндады. Жиын барысында Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Cәдибаев та аудандағы ахуал туралы айтып өтті.
Жалпы мамандар облыс көлемінде халықтың мұң-мұқтажына жедел назар аудару, мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары екені ескеріліп, тиісті жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Дәрігерлер жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Бүгінгі таңда қоғамдағы өзекті мәселелердің бір жастар мен жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алу, оларды салауатты өмір салтын ұстануға үндеу және жат қылықтардан бойын аулақ ұстауға шақыру. Себебі, зиянды заттардың зардабы еліміздің өркендеуі мен дамуына, білім мен ғылымға құштар азаматтарымыздың қалыптасуына, тіпті халықтың берекесі мен бірлігіне кері әсерін тигізіп жатады. Бұл туралы Мемлекет басшысы да өз жолдауларында, үндеулерінде, халықпен кездесулерінде басты назарға алып, онымен қатаң күресу керектігін мәлімдеген болатын.
«Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам. Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет.», — деген болатын Мемлекет басшысы
Тиісінше еліміз бойынша білім беру мекемелерінде жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын-алу, оларды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, темікінің зияндығы мен қанты көп сусындардың денсаулыққа кері әсері, дұрыс тамақтануды дәріптеу мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Осындай игі мақсатты бастама еткен іс-шаралардың бірі Түлкібас ауданында орналасқан А.Гайдар мектебінде де ұйымдастырылды. Мамандар «Нашақорлық -қоғам дерті» тақырыбында 8-9 сынып оқушыларымен кездесіп, білім алушылармен тренинг өткізді.
Түлкібас аудандық орталық аурухананың дәрігерлері нарколог дәрігер — Г.Есеева, СӨС маманы — Л.Ермағанбетова, психолог — А.Жайшибекова, ВОП дәрігер — Қ.Сейдуахам оқушыларға дәріс берді. Сондай-ақ кездесуде жас ұрпақтың білімдерін тиянақтауға, салауатты өмір салтын ұстануға, темікі затының зияндығын, қанты көп сусындардың зияны, тамақтануды дұрыс жолға қою, стресстің алдын-алу туралы кеңестер берілді. Әлем дерті нашақорлық ауруынан сақтануға және Конго Қырым қанды қызбасының алдын- алу бойынша ескертулер де жасалды.
«Бүгінде қоғам алдындағы тұрған басты міндеттің бірі-балалар мен жасөспірімдерді шылым шегу, маскүнемдік, нашақорлықтан қорғау. Яғни жат әдеттерге қарсы төзбеушілікті қалыптастыру. Қоғам дерті саналатын нашақорлықпен күрес ешқашан күн тәртібінен түспеуі керек деп есептеймін. Дәл осыны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да айтқан болатын. Бұл дерт адам баласын құрдымға алып кетеді. Нашақорлыққа шалдыққан адамның мінезі өзгеріске ұшырап, өзін өзін ұстауы да басқалай бола бастайды. Көңіл-күйі жиі төмендеп, себепсіз ашуға булығып, тұйықталып, жеке кеңістігін тарылтады. Ұйқысы дұрыс болмай бұзылады, күні бойы маужырап жүреді. Оған бойұсынған адам ойына келгенін істеп, өз дегенімен ғана жүріп-тұрады, мезгілімен демалудан алшақтап кетеді. Тамақтану, тамақ ішу уақыты да мүлдем өзгеріске ұшырап, оған дұрыс тағам емес, есірткі керек болып тұрады. Түптеп келгенде нашақорлыққа шалдығып, одан бас тартпаған адамдар, соңында өз өміріне балта шабумен аяқтайды. Бақытсыздыққа душар ететін, өлімге итермелейтін нағыз қасіретті дертке ешқашан жол бермеңіздер. Себебі бұл жат қылық ешқандай жақсылыққа жетелемейді. Қазір сіздер жаңа өмір мен жаңа баспалдақтың алдында тұрсыздар. Болашақ сіздердің қолдарыңызда. Алға қойған мақсаттарыңыз бен армандарыңыз бар. Ата-аналарыңыздың қуанышы мен сенімі сіздер. Сондықтан ең бастысы осындай зиянды заттардан, есірткі тектес заттардан аулақ болыңыздар дегім келеді. Ең басты байлық денсаулық. Сондықтан өздеріңізді, өз денсаулықтарыңызды қадірлей біліңіздер», — деді Түлкібас аудандық орталық ауруханасының нарколог дәрігері Г.Есеева.
Сонымен қатар білім алушылармен өткен тренингте салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану бойынша да мамандар ақыл-кеңестерін айтты. Жалпы салауатты өмір салтын ұстанатын азаматардан мықты ұрпақтар қалыптасады, мықты ұрпақ мықты мемлекетті қалыптастырады деген сөз бар. Яғни, еліміздің ертеңі жастар болғандықтан оларға үгіт-насихат жұмыстары ұдай жүргізілуі тиіс. Бұл бағытта мамандар денсаулықты нығайтуға бағытталған тәсілдерді де атап өтті.
« — Расында, әрбір адамның денсаулығы өз қолында екенін барлығымыз жақсы білеміз. Салауатты өмір салты — бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет болып табылады. Адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды, ал салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасып отырады. Салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты қозғалыс белсенділігін дұрыс ұйымдастыру, организмнің өсу мен дамуына белсенді ықпал етіп, тәніміздің жұмысқа қабілеттігін жоғарылату және әр түрлі ауруларға төзімділікті арттырудан басталады. Яғни адам денсаулығының негізінің мықты болуы оның тамақтануына байланысты, балалық шақта қаланған денсаулықтың іргесі адамның бүкіл кейінгі өмірінің сапасына әсер етеді. Дұрыс тамақтану және салауатты өмір салты – бала организмінің ауруларға жоғары тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін міндетті шарттар екенін естен шығармағанымыз абзал. Жасөспірімдердің күнделікті дұрыс тамақтануы қуатқа қажеттіліктерін толығымен қанағаттандыруы және күні бойы жұмсайтын күштерін толығымен қалпына келтіруі керек. Осыған байланысты мектеп оқушысына арналған негізгі салауатты тамақтану ұстанымдары туралы білу аса маңызды. Баланың жасының әр кезеңі алдыңғысынан өсу қарқыны және физиологиялық жүйелердің жетілуімен, өсу үстіндегі организмнің тіндері мен ағзаларында өтетін өзгерістердің сапасымен ерекшеленеді. Сондықтан, баланың жасының әр кезеңіндегі тамақтануы айрықша талаптармен сипатталады, осы талаптарды ескеру арқылы баланың ақыл-ойы мен денесінің қалыпты дамуына, өмірлік әлеуетін арттыруға ықпал етуге болады. Салауатты тамақтану – өнімдердің пайдалы қасиеттерін ескеріп, қолданатын тамақтану. Салауатты тамақтану ұстанымдарын қадағалау организмнің ақуыздарға, майларға, көмірсуларға, дәрумендерге, басқа да көптеген қоректік заттектерге барлық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Керісінше, салауатты емес тағам асқазан-ішек жолдары ауруларының, семіздіктің, қан айналымы жүйесі ауруларының, апаруы мүмкін. Дұрыс тамақтанбаудың жағымсыз салдары бірден білінбейді. Организм ағзалар мен жүйелердің қызметінің бұзылысын өтей алмайтын болған кезде ауру дами бастайды. Жылдар бойы жинақталған өзгерістердің бетін қайтару қиын. Бұл үшін сәйкес емдеу, уақыт және науқастың тарапынан дәрігердің ұсыныстын қатаң орындау қажет. Ең бастысы – адамның өз денсаулығына көзқарасын өзгерту. Сондықтан, баласына өмірінің басынан бастап дұрыс тағамдық дағдыларды қалыптастырған ата-аналар баласының денсаулығының мықты іргесін қалайды. Мамандар біз тұтынатын тағамды «тірі» және «өлі» түрге бөлуге болатынын айтады. «Тірі» тағам бізді өмірлік қуатпен және күшпен толтырып, денсаулықты нығайтады, семіздіктен, жүрек және қантамыр ауруларынан, диабеттен, қатерлі ісіктерден және басқа аурулардан қорғайды екен. «Тірі» тағамға жататындар: тұтас дәндер, көкөністер, жемістер, жидектер, бұршақ тұқымдастар. Олар дәрумендерге, минералдық заттектерге, өсімдік талшықтарына бай келеді. Өндірілетін азық-түлік тауарларының сақтау мерзімін ұзарту үшін «өлі» тағамды «тірі» тағамнан технологиялық өңдеу арқылы алады. Нәтижесінде «өлі» тағам коммерциялық тұрғыдан пайдалы болады, бірақ, өмірлік қуаттан, көптеген қоректік заттектерден, мысалы, дәрумендерден, минералдар мен талшықтан айырылады.Сонымен қатар, нарықта өтімділігін арттыру мақсатында дайындалатын өнімнің сыртқы және дәмдік ұнамдылығын арттыру үшін оларға түрлі бояғыштарды, дәмді күшейткіштерді, қант пен тұздың үлкен мөлшерін қосады. Сондықтан, «өлі» тағам иммунитетті төмендетеді, ауруларды туындатып, өмір жас ұзақтығын қысқартады. Сонымен қатар, «өлі тағам» өнімдеріне балалар тез үйреніп, тәуелділік те пайда болуы мүмкін. Денсаулығымыз мықты болу үшін бүкіл отбасы болып дұрыс тамақтана біліңіздер. Салауатты өмір салтын ұстанайық», — деді СӨС маманы Л.Ермағанбетова
Сондай-ақ, бұл күні психологиялық тренинг те өткізілді. Сонымен қатар, оқушылар өз ойларын ортаға салып нашақор адамдардың өмірін аянышпен немесе өліммен аяқталатыны туралы фотосуреттер көрсетті. Ақ жейделі абзал жандар оқушыларға денсаулыққа кері әсерін тигізетін зиянды заттардан аулақ болуын ескертіп, оларды салауатты өмір салтын сақтау үшін тек пайдалы тағамдар қолданып, спортпен айналысуға шақырды.
Білікті дәрігерлер Түлкібас ауданының тұрғындарына тегін кеңестерін берді
Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының «Түлкібас аудандық орталық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында және оған қарасты емханада «Ашық есік күні» акциясы өткізілді.
Аталған іс-шараның мақсаты, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 31.12.2022 жылғы «Әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозицияланған ақпараттық жұмыс жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №1147 Қаулысын іске асыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жобалар картасы негізінде бекітілген 2024-2026 жылдарға арналған облыстық іс-шара жоспарына сәйкес, келушілерді профилактикалық тексеруден тегін өткізіп, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.
«Ашық есік күні» акциясы аясында аудандық ауруханада және емханда күту залында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша бейне роликтер қойылып, бөлімше дәрігерлері ауруханада жатқан науқастарға, емхана бөлімінің дәрігерлері барлық келушілерге сыбайлас жемқорлықтың, яғни пара беріп, пара алудың салдарын түсіндіріп, денсаулық сақтау саласында жиі кездесетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы жадынамаларды медициналық қорытындымен бірге таратты.
Іс-шарада Түлкібас аудандық орталық ауруханасының жоғары санатты, білікті дәрігерлері Түлкібас ауданының тұрғындарына тегін кеңестерін берді.
Сауран қалашығы қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің айқын көрінісі
Сауран қалашығы қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің айқын көрінісі деуге болады. Сан ғасырлық тарихы бар мекен туралы тарихи зерттеулер мен мәліметтер де жетерлік. Сонымен қатар, алғашқы деректер Х ғасырдағы еңбектерде де кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария өзені маңындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған деген жазбалар да бар. Мысалы Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазылған. XIII ғасырдың орта шенінде Сауран қаласы Ақ Орданың астанасы болған. XIV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырыпты. Мұндағы үлкен мешіт Қазақстанға ислам діні мен мәдениетінің тарауына ықпал еткен. Тарихи деректерде, Сауран XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында әлсіреп, XIX ғасырдың басында біржолата күйрегені айтылады.
Қазіргі кезде Сауран қаласының қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550-800 м дөңгелек алаңы да бар. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың VII-XVIII ғасырларға жататынын дәлелдеген екен. Шаһар ұзақ уақыт бойы Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды. Ортағасырлық Сауран қаласының Дала мәдениеті мен Орталық Азия қалаларының мәдениеті түйіскен жерде орналасқан «сауда-саттық айлағы» әрі Жібек Жолы бойындағы маңызды торап ретінде Қазақстан тарихында алар орны ерекше.
Бүгінде, Түркістанның іргесіндегі аса құнды тарихи қаланы қайта жаңғыртып, туризм орталығына басты назарда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көне Сауран қалашығына барып, жай-күйімен танысып, оны қайта түлету жолдарын қарастыруда. Сонымен қатар, ғалымдар және зерттеушілермен бірге Сауранның тарихи маңызын дәріптеу, туристік мүмкіндігін молайту, рухани және туризм орталығына айналдыру жолдарын саралады.
«–Дәл Түркістанның іргесінде аса құнды тарихи қаламыз тұр. Сауранды туристік бағытқа енгізіп, тұрақты түрде насихаттау керек. Салынып жатқан «Сапар орталығында» осы қала туралы толық мағлұмат беріліп, туристерге сапалы материалдар мен жәдігерлер ұсынылуы тиіс. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келетін туристерді осы жаққа да бағыттаған жөн. Жауапты басқарма басшылары жұмысты үйлестірсін. Сауранның туристік әлеуетін арттыру бойынша жоспар, іс-шара бекітіңіздер. Жол, инфрақұрылымын реттеуді де жүйелі түрде атқарған жөн. Қазіргі кезде көне қаладағы археологиялық жұмыстар шамамен 50-70 гектарды құрайтын территорияны алып жатыр және олар «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде өткізіліп жатыр. Орталық бөлігінде табылған заттар, яғни күйіктастың, гипстің сынықтары осында мешіт пен медресенің болғандығын дәлелдейді. Тарихшылардың пікірінше, осы себептен бұл жерді мекендеген адамдар айтарлықтай жоғары білімді болған. Дәл Сауранда осы аймақтағы алғаш оқу орны ашылған. Бірегей қаланы сумен қамтамасыз ету технологиясы да болған. Яғни мұнда білім мен ғылымның дамығанын дәлелдейді. Түркістан – Қызылорда трассасы бойымен жүрген көптеген жолаушылар әрқашан бекініс қабырғаларының көңіл тартарлық өркеш-өркеш пішініне назар аударады. Бұл Сауран – көне және құпияға толы қала, 100 жылдан астам уақыт бойы ғалымдардың назарын өзіне тартып келеді. Талай зерттеулердің арқасында өткен уақыттың көптеген шешілмейтін құпияларды табылды. Өзінің ерекше стратегиялық, сауда-экономикалық және мәдени-тарихи мәнінің себебінен, Сауранды Сырдария бойында және қазақ даласында болған оқиғалар жайында жазған барлық ортағасырлық авторлар атап өткен,» – деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ғалымдардың ұсыныстарын да тыңдады.
Тарихшы-археолог Марат Тұяқбаев Сауран қалашығының тарихынан ой қозғап, бұл Орталық Азиядағы ең жақсы сақталған тарихи қалалардың бірі екенін атап өтті. Арнайы суландыру жүйесі болған. Көне құдықтардың орны сақталған. Тарихшы осы аймақтың инфрақұрылымын жақсартып, жақын тұста көгалдандыру керектігін айтты.
« — Түркісан қаласынан батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан Сауран қаласы жайлы ортағасырлық деректерде көптеген мәліметтер кездеседі. Қаланың тарихы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі моңғол шапқыншылығына дейінгі VІ-ХІІІ ғасырларды қамтыса, екінші кезеңі ХІV-ХVІІІ ғасырларды алып жатыр. Сауран қаласы — тылсым сыры мен тарихы тереңге тартқан, кезінде талай адам бақытын тапқан көне қалалардың бірі. Көне қалашық республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш ретінде есепке алынған. Сырдарияның оң жағалауы мен темір жолдың батыс беткейіндегі дуалдары опырыла құлағанымен, баяғы еңселі биіктігін аңғартқан ескі қаланың орны алыстан көз тартады. Қаланың тағы бір ерекшелігі мұнда әлемнің жеті кереметінен кем түспейтін тербелмелі мұнара болған деседі. Өкінішке орай аталған жәдігерлер бүгінгі күнге жетпеді,сақтаулы қалмады.Алайда ол туралы жазылған деректер сақталған. Х ғасырда өмір сүрген арабтың географ-ғалымы Макдиси Әл-Мутаххар Таһир жиырма екі тараудан тұратын «Дүниенің басталуы мен тарихы» деген кітап жазған. Осы еңбегіне ол: «Сауран – бірінің сыртынан бірі 7 қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде күмбезді, сарай, мешіт бар», — дейді. Сондай-ақ қала ішінде теңселмелі 2 мұнарасы бар ғажап медресе де болған. Биіктігі 15 метр болатын мұнараның біріне шығып азан шақырғанда екіншісі тербеліп тұрады екен. 1871 жылдарға дейін сақталған осы керемет мұнараларды әлдекімдер қышын пайдалану үшін бұзған көрінеді. Жергілікті халық өткен ғасырдың 60-70 жылдарында шаһар қорғанынан 4-5 аттылы қатар жүретінін айтады. Осыдан-ақ қала қорғанысының қалай құдіретті болғанын елестете беріңіз. Бұл күндері сол ежелгі Сауран қаласының орны қаншама ғасырлар бойы сабалаған жаңбырдың асты мен уілдеген желдің, борап соққан боранның өтінде мүжілгенімен, әлі де жер бетінен тып-типыл болып құрып кетпей, ел қорғаған ерлігіміздің тұмарындай боп тұрған, сонау мұнарланған ғасырлар қойнауынан сыр тартып жатқан қорған.» — деді Тарихшы-археолог Марат Тұяқбаев
Профессор Мадияр Елеуов тарихи нысанды бизнеске тапсыру, туризм орталығына айналдыру маңызды екенін жеткізді. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова Сауран қалашық емес, үлкен қала екеніне тоқталды. Сауранды туристік нысанға айналдыру үшін кешенді шаралар атқарылуы тиіс екенін атап өтті. Біріншіден, ғалымдар жүйелі зерттеу жұмысын жалғастырғаны жөн. «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбековтың да ұсыныстары тыңдалды. Сондай-ақ, Сауран қаласына қатысты маңызды мәселелер айтылды.
« — Сауранның ескі орны Қазақстандағы ортағасырлық қала мәдениетінің маңызды ескерткіштерінің бірі болып табылады.Оны бәрі мойындайды деп ойлаймын. Ал сақталу дәрежесі бойынша археология жағынан бірегей болып табылады. Мамандардың айтуынша, ескі қаланың қалдықтарына үлкен қауіп төніп тұр. Яғни, оның бұзылуына баса назар аудармасақ, бір кезде жауға қарсы тұра алған қала уақыт қысымына қарсы тұра алмайтын секілді. Осыған байланысты, қазіргі кезде Сауранда кешендік археологиялық жұмыстар жүргізіліп, жалғасын табуы қажет-ақ. Біздің ұрпақ үшін көне қаланың қалдықтарын сақтау мақсатында жаңғырту және сақтау, қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алу маңызды. Бүгінде тарихи нысанды туризмге айналдыруға мүмкіндіктер жетерлік. Қызықтыра алсақ қызығатын адамдадың да қатары көп болатынына сенімдімін. Жаңа жобаларды жүзеге асырып, заман талабына сай әркеттер жасау керек деп ойлаймын. Көне қалашыққа бизнес өкілдерін тарта білсек және шет елдік туристердің де назарын аудара білсек өте жақсы.»- деді Профессор Мадияр Елеуов
Ал, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбеков көне Сауран қаласының археологиялық зерттеуі жүз жылдан астам уақыт бұрын басталғанына тоқталды. Ол жайында орыс ғалымдары П. И. Лерхтың шығармаларында, П. И. Пашиноның жол естеліктерінде, А. П. Федченконың есептерінде айтылғанын атап өтті. Сондай-ақ, сол кезеңдегі археологиялық жұмыстардың нәтижесінде табылған басты дүниелердің қатарына биіктігі он метр құрайтын, құмнан салынған Сауран сарайының тарихи мұраларын жатқызуға болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ қаланың орналасуы мен тарихи деректеріне тоқталды.
« 3-тен 6 метрге дейінгі биіктіктегі жер телімдері бар, қабырғаларымен қоршалған ескі қала жобасы жағынан сопақ алаң болып келеді. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 800 метрдей және солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 550 метрдей тартылған алаң, қоршап тұрған жерден 2-2,5 метрге көтеріліп тұр. Ескі қаланың қабырғасы 2-3 метр биіктіктегі стилобаттың үстінде тұр. Олар өңделмеген кірпіш пен пахсадан салынған, сонда қабырға сызығынан шығатын 4 дөңгелек 2 қабаттық мұнара бар. Мұнараның үстіңгі қабаты қазіргі уақытқа дейін жетіп сақталған қалдықтары бар бағаналарға тіренген, күмбезімен жабылып тұр. Мұнара жазықтығында атыс ойығының тар тесіктері бар. Ескі қаланің ішіне екі қақпа апарады. Басты қақпасы қабырғаның солтүстік-шығыс бөлімінде орналасқан және 2 қабаты бар сыртқа шығатын 2 мұнарамен екі жақ қапталдан қапталған мықты фортификациялық құрылыс болып келеді. Оның кіреберісі қабырғаның шығатын бөліктерінен құрылған 20 метрлік дәліз тәрізді болып тұр. Екінші қақпасы ескі қала қабырғасының оңтүстік-шығыс бөлігінде салынған. Мұнараның ішінде шығыс бөлігінде доғалық өтпе жолы түріндегі ескі қалаға кіретін есік бар екен. Оның ені 1,2 метр, биіктігі 1,7 метрді құрайды. Сыртындағы қабырға айналасында тереңдігі шамамен 1-3 метр және ені 15-20 метрді құрайтын ор да бар. Солтүстік-шығыс қақпадан басталатын магистраль көше солтүстік-шығыс — оңтүстік-батыс бағытындағы қала территориясын тең 2 бөлікке бөліп жатыр. Қабырғаның оңтүстік-батыс бөлігіне 150 метр жетпей, ол солтүстік-батыс — оңтүстік-шығыс ендік бағытында жүретін перпендикуляр көшесіне тіренеді. Бөліктерінің бірі оңтүстік-шығыс қақпасына шығады. Ескі қаланың топографиясында 2 магистраль көшелерінен басқа, қаланың күрделі тармақталған көше жүйесін құрайтын көптеген шағын көшелер мен тұйық көшелер де кездеседі. Солтүстік-шығыс кірер ауыздан 210 метр ара қашықтықта магистраль көшесінің сол жағында жобасы жағынан үшбұрышты көлемі жобамен 100 метрді құрайтын төбе бар, ол қиратылған кірпіш пен алып ғимараттан қалған қырдың бөліктерімен қапталған. Ал тарихи деректерге сүйенсек, 14-ғасырда Сауран Ақ Орда құрамына кірген, кейде оның астанасы болып аталған екен. Ал 15-16 ғасырлардың деректеріне келсек Сауран жайында Түркістандағы билік үшін қазақ хандықтары мен шайбаниліктер арасындағы күресімен байланысты айтылған. Ғалымдар Сауран Түркістанның бекіністері арасында ең үздік бекіністерінің бірі болғанын атаған. Сондай-ақ қалаға түрлі сипаттағы мәлімет берген. Оның климаты, қорғаныс құрылыстарының құрамы, қаланы көркейту, суландыратын егіншілігі жайында көптеген мәліметтер айтылған. Яғни, көне мекен қазақ халқының мәдениеті мен ғылымын, ілімін дамыту бағытында маңызды рөл атқарып, ата-бабаларымыздың қасиетті ордасы болған деуге болады. Қазақтың тарихынан алшақ емес ғұмыры бар қадірлі қаланы біз дүниежүзіне насихаттап, туризмнің орталығы ретінде дамытсақ, өте керемет қадамдардың бірі болмақ»,- деді «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбеков
Сонымен қатар, облыс әкіміне Дархан Амангелдіұлына Сауран қалашығына баратын жолды қысқарту жобасы да таныстырылды. Алдағы уақытта Түркістаннан Сауран қалашығына бұрылатын қысқа бағыт ашылмақ. Бұл бағытта тиісті қүрылыс жұмыстары басталады. Бұрын саяхатшылар Сауранға бару үшін Қызылорда облысының аумағына өтіп, қайтып келетін болса, енді тарихи қалаға баратын жол қысқарып, барлық мүмкіндіктер жасалады.
Айта кетейік, Сауран туралы алғашқы жоба деректер Х ғасырда жазылған. Көне қаланың тарихы жүзжылдықтарға жетелейді. Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған Қазақстандағы қорған дуалдары неғұрлым толық қалпында сақталған әйгілі ортағасырлық қалалардың бірі деген деректер де бар. Сауранды жаулап алмақшы болған Абдаллах ханның әскери жорығын суреттеген авторлар қамал-қала туралы былай деп жазған екен.
«Сауран қамалы – өте берік бекітілген қорған, оның мықты және күшті қамал болғандығы соншалықты, тағдыр тәлкегінің қолы оның қорғанының түбіне жетіп көрген емес және көктегі аспанның өзі де әлем жерінің төрттен бірінде мұндай берік қамал көрген емес. Оның биіктігі соншалықты, күннің көзі де одан асып көрген емес. Қамалдың беріктігі соншалықты, оның мұнаралары мен дуалын қирату ешкімнің ойына да кіріп шықпайды».
Міне, сырттағы жау мен көш бастағандар Сауранды ұлан-ғайыр Дешті-Қыпшақ даласын мекен еткен тайпалар мен халықтарға үстемдік орнатуға мүмкіндік беретін стратегиялық бекініс ретінде қарастырған. Кезінде Түркістан Қазақ хандығының астанасы саналып, ал Сауран мен Сығанақ қалалары әкімшілік орталықтары болып есептеліпті. Сауран қаласы XVIII ғасырларда жоңғарлардың шапқыншылығына ұшыраған. Одан кейін Қоқан хандығының езгісіне де түскен. Осыдан бастап қаланың құлдырау дәуірі басталады. «Жұттан, жаудан жаяу басын алып қашқан ел шұбырған шұбырындысы аппақ сүрлеу болып қалады екен» – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде жоңғарлардан үштен екісі қынадай қырылып, үдере қашқан қазақ халқы Сауран айналып, Бұхараға ауған. Ел аузында «Сайран айналған» деген тіркес содан қалып, жау қолында қалып бара жатқан туған жерін, ұлы отанын аңсаған зар мен мұңға толы «Елім-ай» әні туған. Бұл оқиға жайында қазақтың белгілі қаламгері Ілияс Есенберлин өзінің «Көшпенділер» атты тарихи трилогиясында Сауран қаласының ғажайыбын суреттеп берген болатын. Сауран қаласы жайлы алғашқы деректер Х ғасырдағы араб саяхатшыларының жазбаларында да кездеседі екен. Демек, бұл қала тарихшылардың айтуы бойынша VI ғасырда пайда болғандығын аңғартып отыр. Ал, сол заманның тарихшысы Рузбихан Сауран туралы:
«Бұл қала керемет сұлу және шексіз көңілді, ауасы өте таза, адам жанын көңілдендіріп, сергітеді. Маңайы құлпырған бау-бақша, әртүрлі ағаштар, қаланы айналдырып биік дуалдар қоршап тұр, ешқандай жау ала алмайды. Бұл қаланың топырағы — білім мен ғылымның ордасы. Халқы ерекше білімқұмар, зеректік және қонақжайлылық олардың табиғатына әбден сіңген», — деп көрсетеді.
Бүгінде, «Әзірет-Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Сауран қалашығы аумағынан «Сапар орталығының» құрылысы қолға алынған. Бөлінген жер көлемі – 1 гектар, құрылыс аумағы – 968,41 шаршы метр. Қазіргі таңда ғимарат қабырғалары тұрғызылған.
САРЫАҒАШТЫҚТАРҒА САҚАЛДЫ ЕМЕС, САПАЛЫ ҚҰРЫЛЫС ҚАЖЕТ
Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Алмас Салимов және Жомарт Әбдібаев Сарыағаш ауданына барып, құрылыс нысандарын аралап, жәй-күйімен танысты. Нақтырақ айтқанда, ауданға қарасты жаңадан салынып жатқан мектеп құрылысы мен дәрігерлік амбулаторияның құрылыс барысын көрді.
-Өздеріңіз білетіндей біз AMANAT партиясының осы Сарыағаш ауданынан сайланған депутатымыз. Сондықтан да, аудан тұрғындары, халық үшін жасалып жатқан әр бір құрылыс нысандарының сапасы біз үшін маңызды,-деді халық қалаулылары.
Түркістан облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимов пен Жомарт Әбдібаев бірлесіп құрылыс жүріп жатқан нысандарға барып жұмысты көзбен көрді. Нысандардың біршама кемшіл тұстары да жоқ емес. Депутаттар жауаптыларға жұмысты жүйелету қажеттігін айтып, құрылыс сақалды емес, сапалы болу керектігін ескертті.
Депутаттың игі ісі
Күй – қазақ халқының рухани байлығы
Күй — өте көне өнер. Оның шығарма ретінде қалыптасуы ұлт емес, сонау ұлыстық дәуірден бастау алатынын айтады тарихшылар мен өнер майталмандары. Ұлыстық дәуір дегеніміз Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы замандарындағы мәдениет. Қазіргі аңыз күйлердің ішінде сол замандардан қалған туындылар да кездесіп жатады. Яғни сол кезеңдерден ата-бабаларымыздың әдеби мұралары сақталған. Қазақ хандығының заманында күйдің ұлттық дәуірі қалыптасты деп айтуға болады. Бұл кезең жыраулық дәстүрдің салтанат құрған кезі, күйдің де ұлттық сипатқа лайық аспаптық шығармаға толық айналып болған кезеңі болды. Яғни қазақ халқының сол дәуірдегі күйлері — тарихи күйлер қатарына жатады, мұнда хандық мемлекеттің басынан өткерген салтанаты мен қайғылары, ерліктері мен елдіктері, бірлік пен ынтымақтың туын көкке көтерген дархан даладаның мәдениеті баяндалады. Күй – ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың асыл мұрасы және мәдени байлығы. Оның өміршеңдігі әр заманның рухани тілегіне сәйкес, жоғары интеллектуалдық парасаттылығымен табындырып, өзгеше өрнегімен таразыланып келеді. Күйлер халықтың тарихи тағдырымен тамырлас болған өнер. Күй өнері – ұрпақ арасындағы сабақтастықтың алтын арқауы, ұлттың ұмытылмас мұрасы. Оған дәлел еліміздегі күй өнеріне қатысты ұйымдастырылып жүрген түрлі додалар мен сайыстар, байқаулар мен игі іс-шараларды айтуға болады.
Дәл осындай мақсатта, Түркістан облысының орталығы рухани және мәдени орталыққа айналған Түркістан қаласында мәдениет және туризм басқармасы мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауы өтті. Облыстық «Фараб» кітапханасында өткен байқауды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып, байқаудың маңыздылығын атап өтті.
« Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен өңірімізде руханиятқа, өнерге айрықша көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, облыстың барлық аймақтарында ақындар айтысы ұйымдастырылып, терме өнерінің дамуына жағдай жасалып, ұлттық құндылықтарымыз насихатталуда. Осы үрдістердің заңды жалғасы ретінде ұйымдастырылған бүгінгі байқауда байтағымыздың әр аймағынан келген 30-дан астам күйшілер бақ сынауда. Оңтүстік өңірінен шыққан дәулескер күйшілердің жарыққа шықпаған туындылары өте көп. Бұл байқаудың мақсаты – сол құндылықтарды қайта жаңғыртып, өзіндік орындау мақамымен қолданысқа енгізу. Қазақ халқының рухани дүниесінде күй өнерінің алатын орны ерекше. Күй-қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының асыл тұғыры және биік мұрасы. Халық күйлерінің әуендік сипаты, көркемдік образы, философиялық ой тереңдігі, халықтың талғамы мен танымының ерекшелігін көрсетеді. Күй өнері – қазақ халқының, оған қоса түркі жұртының жансерігі және ажырамас асыл қазынасы. Күйдің кереметтілігі, ол тарихтан сыр шертеді, өмірдің мән-маңызын тыңдаушыға жан-жақты ұқтырады және ұғындырады. Күй түрлі қиялға және ұшқыр ойға жетелейді. Өмірде адам болып қалыптасуға, жақсылыққа, мейірім мен ізгілікке ұмтылдырады. Күй тыңдап, күйді түсінген адамдар ешқашан жамандыққа, жат әрекеттерге, арамдық пен қатігездікке бармайды, оған жол бермейді.Міне күйдің құдіреті деген осы шағар. »– деді өз сөзінде Бейсенбай Дәулетұлы.
Еліміздің мәдени, рухани орталығында өткен күй байқауында ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрінің көркемдік жетекшісі Батыржан Мықтыбаев, ҚР Мәдениет қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, «Халық күйшісі» төсбелгісінің иегері Мұрат Әбуғазы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Күләш Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Нұрбек Тапалов, танымал дирижер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ерлан Дәуренбеков және ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сүгір» атындағы ұлт-аспаптар оркестірінің дирижеры Шыңғыс Исаевтар қазылық етті.
Байқауға қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңнің талаптары мен шарттарына сәйкес үміткерлер Сүгір Әлиұлының күйлерінен бір күй және Төлеген Момбековтың күйлерінен бір күй орындады. Ал екінші кезеңде Айтқали Жайымовтың «Шалқыма», Ермұрат Үсеновтың «Майра», Нұрғиса Тілендиевтің «Ақсақ құлан» және Қаршыға Ахмедияровтың «Хамаң толғауы» күйлерінен билет бойынша біреуін таңдап, қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің сүймелдеуімен және жеке домбырамен орындап шықты.
Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, халқымыздың дарынды ақыны, өлең жолдарын өміріне арқау еткен тұлға Қасым Аманжолов күй өнеріне, қазақтың ұлттық аспабы домбыраға өз өлеңімен баға беріп:
«Домбыра, мұнша шешен болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе», — деген екен.
Міне осындай асыл азаматтарымыз қазақ өнеріне үлес қосқандығын, өзінен бұрынғы дәстүрлі күй, жыршылық өнерне жаңа серпінмен серпіліс беріп, лайықты бағалағанын көреміз. Киелі өнер қашанда өзіне тән ерекшеліктермен қазақ халқының шаңырағындағы төрінен орын алғандығын аңғаруға болады. Рсында да халқымыздың дәстүрлі музыкасында бірнеше күйшілік мектептің түйіскені белгілі. Ол мектептердің қалыптасуы мен өркендеуі де белгілі тұлғалардың есімімен тығыз байланысты болып келеді. Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дәулеткерей, Байжігіт, Қожеке, Сүгір күйлері ұрпаққа мәңгілік өнеге, ұлттық сарын сыйлаған дәстүрлі күй бұлақтары десек қателеспейміз. Қазақтың күй өнеріне деген құрметте, қызығушылық пен ыстық ықылас та жылдар өткен сайын жаңғырып, тереңдей түсуде. Жалпы, күйшінің шеберлігі мен қазақтың шертпе күйлерінің шығу тарихы мен құдіреті турасында ғалымдар мен ел ағаларының пікірлері сан алуан.
Қазақтың заңғар жазушысы, көсемсөз зергері, қоғам қайраткері М. Әуезов:
«Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің ішкі сезім байлығын білдіретін болса,соның ішінде ең толғаулысы, ең сырлысы – күйі» – деп атап өткен екен. Ол — халқымыздың ұланғайыр музыкалық қазынасының ең бір мол саласы, құрылымы, мазмұны, басқа да көп сипаттары жөнінен кемел дамып, биік өреге жеткен жанрларының бірі деп лайықты бағасын берген.
«Қазақ музыка шығармаларының ішіндегі ең ірі жанрлардың бірі – күйлер. Композиция жағынан, музыка мәдениетінің басқа өлшеулері жағынан қарағанда да, күйлер халық музыкасының жетіскен ірі тарауы екендігіне дау болмауы керек. Жоғарғы аспан немесе «Көк Тәңiрi» ұғымы «күй» деген сөзбен мағыналас. Ескi жазба үлгiлердiң iшiнде бұл сөз нұсқадан Махмұт Қашқаридың “Дивани Лұғат ат Түрiк” деген ХI ғасырдан қалған кiтабында «Күг – күй, саз дегенді білдіреді» делінген. «Күй деген сөздің арғы тегі «көк» пен байланысты болғанын көреміз. Көк пен су екеуі бір кезде бір ұғым болған. Бірі – жоғарғы, бірі – төменгі аспан болып саналған. Алғашқы адам ұғымында екеуі де космос. Бізде барлық табиғат адамның сыртқы табиғатымен араласуы, сонымен байланысуы болса, мына сөздiң өзiнiң аспан мағынасында болуы, осы пiкiрдi тағы да дәлелдеп отыр», – дейді Қ.Жұбанов.
Сондай-ақ, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбаев күй деген бүкіл түркі халықтарына ортақ өте көне түбірлі сөз екенін айтқан болатын.
«Бүгінде мемлекетіміздегі маңызды үлкен мерекелерінің бірі – домбыра күні болып табылады. Бұл күн ұлттық мереке ретінде халқымыздың руханиятын көтеріп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап келеді. Ал, біздің тарихшылар, энографтар мен фольклористер күйдің пайда болу тарихы және өзге де сан алуан сұрақтарды қазып түрлі еңбектер жазды. Мысалы, біз оқыған кезең – кеңес дәуірі. Ол дәуірдің идеологиясының өзі басқаша еді. Дегенмен сол кезеңнің өзінде күйдің мәселесін қолдаған Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбанов деген мықты ғалымдар болды. Орыстан шыққан А.В. Затаевич, Арабин тағы да басқа ғалымдар сол жылдары күйді түбірлете кәдімгідей зерттеді. Одан бергі заманды алатын болсақ, Мұхтар Мағауин, Ақселеу Сейдімбеков сияқты үлкен ғалымдарымыз осы күйдің түбірі қайдан шықты деген әңгімелерді жазды. Қазақтың атақты ғалымы Ахмет Жұбановтың туған ағасы Құдайберген Жұбанов Кеңестің қылышынан қан тамып тұрған кезде күй деген сөзді талдады.«Күй» деген сөздің мағынасы Махмұт Қашқаридың «Түркі тілдерінің сөздігінде» көк деген сөздің түбірінен шығады екен деген керемет бір революциялық үлкен жаңалықты кеңес заманында жазды. Одан кейін күйдің түбірін біздің қазақы сөздің жадысымен зерттеген – Ақселеу Сейдімбек. Ағамыз да күйді жан-жақты түрлеп зерттеді. Жалпы күй деген қалай болғанда да, бүкіл түркі халықтарына ортақ өте көне түбірлі сөз. Сондықтан мұның біздің заманымызда аты шыққан миф зерттеуші ғалымдардың ішінде ғалым Ерік Көкеев 90-шы жылдары «Күй –тәңірдің күбірі» деген үлкен бір анықтамалы сөз айтты. Ол қалай болғанда да арғы мағынасы Құдайберген Жұбановтардың сөзінен қалған деп ойлаймын. Жалпы Кеңес дәуірінде тыйым салынған күйлердің көп бөлігі жойылып кетті. Себебі олардың көбісі діни күйлер еді. Әсіресе қобыз, сыбызғы мен домбырадығы күйлерді айтуымызға болады. Оларға шынында да тыйым салынды, жойылды және аттары өзгеріп кетті. Тек күйлер ғана емес, сол күйлердің тарихына қатысты мәселелерге де тиым салынды. Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың күйлері – халық күйі деп аталды. Мысалы, атақты «Ақсақ құланды» шығарған Кетбұғаның аты өшірілді. Содан «Ақсақ құлан» халық күйі болды. Кейбір кітаптарда жаңағы Шыңғыс ханның алдында күй тартқан Жошының өлімін естірткен оқиғаны бұрып алып, өзгеше жазған кездер де болды. Осындай тыйымдар өте көп еді. Бергі біздің күйшілердің ішінде отаршылдыққа қарсы шыққан қазақтың зиялы қауымдары да бар. Кенесарының азаттық көтерілісіндегі күйлердің оқиғасын айтуға да тыйым салынған. Сонымен бірге қарапайым «Бестөре» деген күйді алайық. Сол Қасымнан қалған бес бөрі азаттық сұраған. Ақырып, теңдік сұрап, орыс отаршылдығына қарсы шыққан. Ақмоланың бекінісін өртеп жіберген. Қазір теңдік алған заманымызда оның барлығы зерттеліп, жас ғалымдардың тарапынан үлкен жұмыстар атқарылуда. Болашақта да сол жұмыстар өз жалғасын табады деп ойлаймын,» – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбаев.
XX-ғасырдың 20-шы жылдары қазақтың ән-күйін жинақтаған А. Затаевич өзінің әйгілі «Қазақ халқының 1000 әні» кітабының алғы сөзінде: «Сырт көзге қарапайым көрінетін домбыра шебер орындаушының қолына тигенде өз шамасынан әлдеқайда асып түсіп, құлпырып шыға келетініне қайран қаласыз» — деп өзінің таңдансын жасырмаған. А.Затаевич сонымен қатар егер осы жұмысымды ары қарай дамытуға, тереңірек айналысуға мүмкіншілік болса сөз жоқ майталман домбырашылардың орындауындғы күйлерді қолға алар едім деген ойында атап өткен екен.
Міне, осындай қазақтың тарихымен тамырлас қасиетті өнерді Түркістандықтар да ұмыт қалдырмай, ұрпаққа ұғындырып, насихаттап келеді. Сондай-ақ, талабы мен таланты бар азаматтарға лайықты құрмет көрсетіп, күй өнерінен сайысқа түскендерге арнайы марапаттар тапсырылды. «Күй құдіреті» күйшілер байқауының нәтижесі бойынша Түркістан облысының күйшісі Ернар Сәтім жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысынан келген Аяна Сатаева І орынға ие болса, Шымкент қаласынан Әліби Нышан және Алматы қаласынан Ержанат Жарқыннұр жүлделі ІІ орындарды бөлісті. Алматы қаласынан келген Нұрдана Тоқтан, Түркістан облысының өнерпазы Сұлтан Дінмұхамед және Алматы қаласының өкілі Сырым Шонбаев ІІІ орындарды иеленді. Сондай-ақ Қарағанды облысынан қатысқан Сейілхан Сайлауов Сүгір атындағы арнайы жүлдемен, Астана қаласынан келген Бауыржан Жолдыбеков Төлеген Момбеков атындағы арнайы жүлдемен және Алматы облысынан келген Серік Жұмағали Нұрғиса Тілендиев атындағы арнайы жүлдемен марапатталды. Ал Маңғыстау облысынан келген Берік Сатов, Атырау облысынан келген Әнуар Зинединов және Қарағанды облысынан Темірлан Кубат дипломант атанды.
Жалпы байқауға қатысқан әрбір өнерпаз өз жолын айқындаған, өз стилі әбден қалыптасқан, талмай еңбек етіп, домбыра тартуға машықтанып, сарыла үңіліп, дәстүрлі өнердің жақсы үлгілерінен үйренген азаматтар болды. Күйді тыңдаушыларға тартымды әрі әсерлі етіп жеткізіп, қазақ халқының мәдени мұрасын дәріптей білді. Байқаудың мақсаты да күй өнерін дамыта отырып, талантты күйшілерді анықтау болатын.
ДОМБЫРА ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАЙДЫ
Түркістан облысының орталығында Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Тұран даласының күйлері» атты күйшілер байқауы өтті. Ұлттық домбыра күніне арналған шараға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев және Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов және Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Мұстафева, сондай-ақ Сауранбек Елеуов, Несіпкүл Өтебаева, Рыс Ташиметова, Гүлжанат Дюсенбаева тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
Талантты жастар арқылы елдің рухын оятатын, жігерлендіретін, отаншылдықты насихаттайтын күйлерді ел арасына кеңінен насихаттайтын байқаудың қазылар алқасының құрамында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «Спорт және өнер» факультетінің кафедра меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор Әлімбай Ботақарев, Түркістан балалар саз мектебінің ұстазы, оқушылар оркестрінің дирижері, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Яссы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Ерлан Жақыпбеков, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, Райымбек Сейтметов атындағы театр актеры Қанат Садықбеков болды.
Айта кетейік, қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш академигі, атақты жазушы Мұхтар Əуезов: «Жалпы музыка атаулы нəрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген болатын. Сондай-ақ, жазушы «…қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның да екі ішекті ғана емес, әдейі күйге арналған үш ішекті тіліне оралған көп күйлердің ескі-жаңасы тегіс — тарих үшін елеулі бұйым», — деген қанатты сөзін қазақ халқының ұлттық музыкасына арнап айтқан болатын.
Негізі қазақтың музыкалық мәдениетінің басты символы әрі ұлттық аспабы ол – домбыра. Қасиетті қара домбыраның аты қазақпен қатар аталады. Қос ішекті аспаптан шыққан күмбірлеген дыбыс терең ой-толғауларды сөзден артық жеткізе алады. Қазақ халқы домбыраны көне заманнан бері қуанышта да, қайғыда да бірдей қолданып келеді. Аспаптың үнімен елдің тарихын, салт-дәстүрін, мызғымас құндылықтарын жеткізген. Домбырада ойнау өнері мен күйлер ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып отыр. Бүгінде жеткіншектерді ұлттық аспапта ойнауға баулитын үйірмелер, музыкалық мектептер жетерлік. Кейбір мәліметтерге сүйенсек еліміздің ғалымдары мемлекет пен халықтың рухани дамуына, соның ішінде қалыптасуына ықпал еткен 7 ерекше мәдени құбылысты анықтаған екен. Бұл тізімге домбыра да кірген. Ал, 2010 жылы домбыра Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Тарихи мәліметтерде домбыраның 4 мың жылдық тарихы бар екендігі жазылады. Домбыра – қазақтың жаны, ұлттың нағыз байлығы. Рухани кемелденуіміздің бірден бір жолы – ұлттық құндылықтарды ұлықтау және насихаттау болып табылады. Аспаптың сүймелдеуінде жыр орындап, төкпелетіп терме орындауға, күмбірлете күй шертуге де болады. Яғни, тактикасы мен орындау техникасына қарай шертпе және төкпе күй деп бөлінеді. Төкпе драмалық оқиғаларды, жауынгерлік, күшті бейнелерді жеткізеді. Шертпе күйлер әлдеқайда еркін, олар өзіндік импровизациямен ерекшеленеді, адамның терең сезімдерін жеткізіп, әйелдің нәзік бейнесін де сипаттайды.
«Әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұруы тиіс домбырамыз ұлттық өнерімізді ұлықтайды. Оны ұлтымыздың жаны десекте артық айтқандығымыз емес. Халқымыз бабаның көзіндей, қазақтың өзіндей болған қастерлі дүниенің қадір-қасиетін қашанда құрметтей білген. Ғасырлар бойы сақталған даланың рухы мен бабаның ғұрпын бүгінге жеткізген ұлттық құндылықтың тамыры тым тереңде жатыр. Домбыраның өзіне тән үні бар, сол қоңыр үнді нағыз шебер ғана өз нақышына келтіріп орындай алады. Қазақ пен домбыра егіз ұғым деп айтқым келеді. Екеуінің біртұтас ұғымға айналып кеткеніне тарихымыз куә. Сол қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні талай қазаққа рух беріп, жігерін, намысын оятты. Оның шанағынан төгілген әсем әуен мен тәтті күйге тәнті болып, құлақ құрышын қандырамыз ғой. Дегенмен домбыраның да алуан түрлі болатынын біле бермейді екенбіз. Қазақ даласының әр өңіріндегі домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен өнерпаздың орындаушылық мәнеріне қарай өзгеріп отырған. Міне осындай ұлттық құндылығымызды, ұлттық жәдігерімізді сақтай білейік, қадірлей білейік ағайын. Түркістан қаласы, жалпы облыста да ұлттық өнерден сусындаған талантты, талапты азаматтарымыз көп. Ал, бүгінгідей ұйымдастырылып жатқан байқау өнер майталмандарының қатарын аттыруға, тұнып тұрған таланттарды жарыққа шығаруға, өзіміздің мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды насихаттауға үлкен мүмкіндік береді, сеп болады. Бұл байқауды сайыстан өтемін деп емес, осынау далаға қазақ өнерін үлгі етемін, бабалардың ізін жалғап, сабақтастық пен үндестіктің негізін қалаймын деп қатысу керек деп ойлаймын. Барша талантты азаматтар мен азаматшаларға сәттілік тілеймін»,- деді Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов
Айта кетейік, Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Тұран даласының күйлері» атты күйшілер байқауына кіші топ бойынша (10-16 жас аралығындағы) үміткерлерден 22 адам қатысса, үлкен топ бойынша (17-24 жас аралығында) 7 үміткер өзара бақтарын сынады. Шертпе және төкпе күйлерді домбыра, одан бөлек жетіген, қобыз аспаптарының көмегімен де байқау шартына сәйкес орындап шықты.
Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Яссы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Ерлан Жақыпбеков рухани мұра, қазақы құндылығымыз сақталған құнды дүниелердің бүгінгі қоғам бедерінде күнбе-күн көрініс бергені дұрыс деп есептейді.
«Көк сандықтан домбыра үнімен астастырылған салмақты дүниелердің көптеп жарық көруін де жанымыз қалайды.Өзінің қоңыр үні мен қоңыр болмысына сай, ұлтымыздың жадын қайта бір жаңғыртатындай күн болуы тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, әр қазақ ұлты, қазақ баласы домбыраның тарихын біліп, оны көпшілікке насихаттай білуі тиіс. Қазақтың халық аспабы домбыра негізінен XIV ғасыр жазбаларында да кездеседі.
Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар деген мәліметтер де бар. Мәселен, ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар кең шанақты, балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер. Домбыра аспабы халықтық кәсіби өнердің туып қалыптасуына, өркендеуіне негіз болған. Байжігіт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Қазанғап, Сүгір, Тоқа секілді даңқты күйшілердің төкпе, шертпе күй дәстүрлерінің тууы, дамуы осы домбыра аспабымен тікелей байланысты. Олардың мұрасын бүгінгі күнге жеткізген Дина Нұрпейісова, Әбікен Хасенов, Науша Қашағанов, Махамбет Бөкейханов, Төлеген Момбеков, Мағауия Хамзин, Қали Жантілеуов, Сәдуақас Балмағамбетов, Лұқпан Мұхитов сынды күйшілерді айтуға болады. Домбыра – тек күй тартуға ғана емес, ән айтқанда сүйемел үшін қолданылатын аспап. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәди, Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Қайрат Байбосынов секілді есімі елге белгілі әншілер домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеді. Бүгінде «Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби» музейінде қазақтың атақты ақын-домбырашылары Әселхан Қалыбекова, Қызыл жырау, Елеусіз Байырбеков, Көпбай Омаров, Төлеген Момбеков, Сүгір Әлиұлының домбыралары сақтаулы тұр», деді Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Яссы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Ерлан Жақыпбеков.
Жыл сайын өтетін үрдіске айналған байқауда жүзден жүйрік таланттардың есімін қазылар алқасы сараптап, қорытындысын шығарды. Сонымен байқау қорытындысы бойынша Үлкен топ арасында Бас жүлдені Абылайхан Нұрқұл иеленді. Жүлделі І орынға Нұржауған Рысқұлбекова лайық деп танылса, үш бірдей ІІ орынға Сейдуллақызы Зарина, Азамат Кудайберген, Олжас Есемхан ие болды. Қос ІІІ орынды Арман Әкетай мен Дәурен Елубай иеленді.
Ал кіші топ бойынша байқау жеңімпазы Дәурен Маханбет атанды. І орынға Жомарт Әбдірахман тұрақтаса, үш бірдей ІІ орынға Ұлбала Қуат, Мұхамедәлі Құрманғали, Балнұр Калыбай ие болды. Үш ІІІ орын Айнара Марат, Садир Сабиров, Алмаз Момиш бұйырды.
Байқауда арнайы номинациялар да қарастырылған. Дина Нұрпейісова атындағы номинациямен Аружан Амангелді марапатталса, Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы номинация Дархан Жетібай ұсынылды. Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы номинацияға Заңғар Мұхтар лайық деп танылса, Нұрғиса Тілендиев атындағы номинация Бақдәулет Егенберді бұйырды. Ал, Төлеген Момбеков атындағы номинациямен Айзере Байбосын марапатталды. Барлық жүлдегерлерге қаржылай сияпаттар мен дипломдар табысталды.
Айта кетейік, байқаудың мақсаты – дарынды жастарды насихаттау, музыкалық шеберлікті шыңдау, елдегі ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосу, төл өнерді насихаттау.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев домбыраға тіл бітсе, тебіренбейтін қазақ жоқ екенін, қандастарымыз мекендейтін қай елге барсақ та, домбыраның қоңыр үні күмбірлеп тұратындығын атап өткен болатын. Байтақ даланы дүбірлеткен күйшілердің асыл мұрасы – рухани қазынамыздың баға жетпес байлығы екенін мәлімдеп, ұлттық құндылықтарымызға ерекше құрметпен қарау керек екенін айтқан болатын.
«Бұл – халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам. Қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді. Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз, – деді Президент.
Құдіретті қос ішектің үнінде ұлы даланың жыры, бабалардың сыры сақталған. Халқымыз қуанышы мен қайғысын, арман-тілегі мен үмітін күй арқылы жеткізген. Байтақ даланы дүбірлеткен күйшілердің асыл мұрасы – рухани қазынамыздың баға жетпес байлығы.
– Құрманғазының «Сарыарқасы», Тәттімбеттің «Саржайлауы» күй өнерінің шыңы саналады. Нұрғисаның «Аққуы» – қазақтың қанына сіңген бекзат өнердің бірегей туындысы. Сондай дарын иелерінен аманат болған киелі мұра бүгінде адамзаттың асыл қазынасына айналды. Күй өнері ЮНЕСКО шеңберіндегі құндылықтар қатарына қосылды. Домбыраны ұлықтап, күй өнерін дамыту үшін елімізде көптеген игі істер атқарылуда. Елордада күй атасы Құрманғазының ескерткіші ашылды. Ал кеше ғана күйші Дина апамыздың құрметіне сәулет туындысы бой көтерді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент озық мәдениеті бар ұлттың рухы әрдайым биік болары сөзсіз екенін айтып, өскелең ұрпақ осы киелі өнерді лайықты жалғастыруы қажеттігін мәлімдеген. Мектепте домбыра үйренуге арналған факультатив сабақтарын енгізу жөніндегі бастаманы қолдаған Қасым-Жомарт Тоқаев, бұл сабақтар балаларымыздың ұлттық санасының күшеюіне және олардың көзқарасы мен мәдени танымының кеңеюіне оң ықпал ететініне сенім білдірген еді.
– Биыл бірінші мамырдан шығармашылық үйірмелер мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істей бастады. Балалар мұндай үйірмелерге тегін қатысатын болды. Осының барлығы жастардың ұлттық құндылықтарды игеруі үшін қажет. Сондықтан домбыраның қадір-қасиетін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – өте маңызды міндет. Қазір жастарымыз домбыраны заманауи музыкамен ұштастырып, жер жүзіне танытуда. Бұл төл тарихымыз бен мәдениетімізге әлем халықтарының қызығушылығын арттырады, Қазақстанның бірегей бет-бейнесін қалыптастырады, – деді Мемлекет басшысы.