«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЯСЫНДА «ТАЗА АУЫЛ» ЭКОАКЦИЯСЫ ӨТТІ

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Ордабасы ауданында «Таза ауыл» экоакциясы өтті. Тазалық шарасына ауыл әкімдері, зиялы қауым өкілдері, мекеме қызметкерлері, ардагерлер мен жастар, ауыл тұрғындары қатысты.
Сенбілік барысында аудан орталығы Темірлан ауылында көшелерді тазалау, көгалдандыру, абаттандыру және қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, ағаш түптерін әктеу, ретсіз өскен бұта мен шөптерді жинау жұмыстары атқарылды. Жалпы сенбілікке аудан бойынша 1 мыңға жуық адам мен арнайы техникалар жұмылдырып, 17 тоннаға жуық қоқыс жиналды.
Шараға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Бөпешбайұлы ордабасылықтарды республикалық экошараны ел болып қолдауға шақырды.
«Тазалық – денсаулық кепілі, береке бастауы. Тазалық болған жерде құт пен ырыс бар. «Ауылына қарап азаматын таны» демекші, ел туралы пікір оның ауыл-аймағына қарай айтылады. Айналамыз таза, көрікті болса, біз туралы айтылар ой да жақсы болмақ. Сондықтан өңірімізді таза ұстайық, ластамайық, өскелең ұрпаққа үлгі болайық. Республикалық бастаманы бірге қолдайық», — деді ақсақал.
Cондай-ақ, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Зәуре Әбіш шараның маңыздылығына тоқталды.
«Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің көрсеткіші. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, табиғатты таза ұстау — әрбір азаматтың борышы. Қазақ халқы «бірінші байлық – денсаулық» деп тектен тек айтпаған. Міне, сол денсаулықтың мықты болуы тазалыққа қатысты. Деннің саулығы әр адам үшін қалай маңызды болса, тазалық та дәл сондай маңыздылыққа ие болу керек.
Иманыңның жартысы болған тазалықты сақтау өзіңнен басталады. Ауладағы қоқыстарды шығару, қоқысты көшеге тастамау — ең алдымен табиғатқа, кейін ауданның көркеюіне қосқан бір үлес. Көшедегі бей-берекет жататын қоқыстар сіз бен біздің денсаулығымызға қаншалықты кері әсерін тигізіп жатқанын көп жағдайда байқай бермейміз. Сондықтан айналамызды тазартып, абаттандырумен айналысайық», — деді ардақты ана.
Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғауда «Үлгілі аула» жобасы аясында аудандық, ауылдық өңірдегі белсенді азаматтардың бастамасымен көше бойлары, үй аулалары, көп қабатты үйлердің айналасы тұрақты түрде қоқыстан тазартылуда.
Айта кетейік, облыста «Таза Қазақстан» тазалық шарасы басталғалы өткізілген іс-шараларға 80 мыңға жуық ерікті қатысқан. Сондай-ақ, 17 аудан, қала көлемінде 92 мыңға жуық ағаш көшеттері және 10 мыңға жуық гүл отырғызылып, 1 174 тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар, 198 киелі-мекендерде, көше бойларындағы ағаштарды әктеу, сырлау жұмыстары атқарылып, қоқыс қалдықтары шығарылды. Бұдан өзге, Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясы құрылып, «Бұл — сенің өңірің» акциясы негізінде 500 жастың қатысуымен тимбилдинг ұйымдастырылды.

Президент «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысы, Көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құраманың киім үлгісі таныстырылды. Халықаралық іс-шараға 1500 ерікті тартылады.
Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев Ұлттық құраманың әзірлігі жөнінде баяндады.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін халықаралық және республикалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиыны өткен. Сондай-ақ спортшылар 7 халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысқан.
Жалпы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2800 қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді. Сайыстың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Негізгі жарыстар «Астана-арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, «Алау» мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Думан» қонақ үй-спорт кешенінде өтеді. Ал жамбы ату мен теңге ілуге арнайы алаң жасақталған.
Халықаралық дода аясында 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланған. Мәселен, Этноауылда Көшпенділер мәдениеті музейі, қолөнершілер және мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады.
Алдын ала болжамға сәйкес, осы күндері елордаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Осыған орай 20-дан астам қонақ үйдің, сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін абаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Атом электр станциясы-бұл таза, қауіпсіз және қолжетімді энергия

Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы елдің энергетикасын дамытудың жаңа дәуірін ашады, оны неғұрлым тәуелсіз, экологиялық және прогрессивті етеді. Біріншіден, АЭС өнеркәсіптің негізгі салаларының экономикалық өсуі мен дамуын қолдауға қабілетті тұрақты және үздіксіз энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Электр энергиясына деген сұраныстың артуы жағдайында атом энергетикасы көмір мен табиғи газ сияқты дәстүрлі көздерге сенімді балама болып, қоршаған ортаға зиянды әсерді едәуір азайтады.

Екіншіден, АЭС Қазақстанның экологиялық трансформациясының қуатты қозғалтқышына айналады. Парниктік газдар мен зиянды заттардың минималды шығарындылары елге климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күш-жігерді қолдай отырып, “жасыл” болашаққа маңызды қадам жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, атом электр станциясын салу және пайдалану айтарлықтай экономикалық пайда әкеледі: бұл мыңдаған жаңа жұмыс орындары, инфрақұрылымды дамыту және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер. Қазақстан әлемдегі ең ірі Уран өндірушілердің бірі ретінде өзінің энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық аренадағы өз орнын нығайта алады.

Атом электр станциясы-бұл таза, қауіпсіз және қолжетімді энергия елдің тұрақты дамуы мен оның азаматтарының әл-ауқатының негізі болатын болашаққа жасалған қадам.

Халила Тимур Қанатұлы — ядролық, радиациялық және экологиялық қауіпсіздік департаменті радиациялық қауіпсіздік бөлімінің ССР-Қ зерттеу реакторы кешенінің радиациялық қауіпсіздік Қызметінің техник-дозиметристі

Түркістанда «Бір ауыл — бір өнім» өңірлік көрме-жәрмеңкесі өтті

Этно ауыл кешеніне қойылған көрмеде 40-қа жуық кәсіпкер өз өнімін ұсынып, көпшілік назарына ұсынды. Басты талап — өнім жергілікті шикізаттан өндірілуі және де сақтау мерзімі 5 күннен кем болмауы тиіс.

Көрмеде қолөнер шеберлерінің өнімдері, бал, құрт, кептірілген жеміс-жидектер, сүт пен кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикаттар, сабын және тағы басқа тауарлар қойылды. Арнайы құрылған комиссия мүшелері отандық тауар өндіруші кәсіпкерлердің өнімдерін бағалап, үздіктер анықталды.

«Көрме-жәрмеңке «Мен Кәсіпкер» кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылуда. Іс-шара мақсаты — қарапайым азаматтардың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыру, кәсіпкерлерге өз өнімдерін өткізу нарықтарын кеңейтуге, әрі қарай экспортқа шығуға жәрдемдесу. Биыл да ең мықты 3 кәсіп иесі республикалық көрмеге қатысуға мүмкіндік алады», — деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков.

Жалпы былтыр елімізде алғаш рет «Бір ауыл — бір өнім» жобасы жүзеге асырылып өңірлік көрме-жәрмеңкеге облысымыздағы 60-тан астам кәсіпкер қатысты. Өнімдерді бағалау барысында жұмысшы топ 10 көрме үздігін анықтап, 3 кәсіпкердің өнімі «Түркістан облысының үздік тауары» деп танылды.

Үздік ондықтың қатарындағы жеңімпаздар:

1) Бабахан Танакөз Айдарқызы — бал өнімі, ЖК Бабахан, Арыс қаласы;

2) Пазылбекова Жанат Полатханқызы — жүннен жасалған өнімдер, ЖК Рамаз, Түркістан қаласы;

3) Мұсаева Сәуле Әжіханқызы — табиғы косметика, ЖК Мусаева, Түркістан қаласы;

4) Тутаева Гульмира Көпбайқызы — кәдесый өнімі, Тутаева ЖК, Сайрам ауданы;

5) Шынбергенов Амантай Ерманұлы — қымыз, Аманбол и К ЖШС, Бәйдібек ауданы;

6) Ахметов Біржан Анарбайұлы — ағаштан астау, домбыра, Отырар ауданы;

7) Байзакова Раушан Әмірбекқызы — ағаш ыдыстар, ЖК Дильназ, Арыс ауданы;

⁠8) Еримбетов Жанзак Алзақұлы — саздан құмыра, Отырар ауданы;

9) Омарова Нұрбибі Жарқынқызы — жүннен жасалған өнімдер, ЖК Омарова, Мақтаарал ауданы;

10) Маханов Бауыржан — сабын, ЖК Alinur Grup, Жетісай ауданы.

Рухани астанада ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп келеді

Еліміздің мәдени-рухани астанасы Түркістан қаласында қазақ халқының көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері насихатталып, мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Руханияттың ордасы атанған шахардың тұрғындары да ұлттық құндылықтарды ұрпаққа дәріптеп жүр. Солардың ішінде көп дәріптелетіні – «Тұсау кесер» рәсімі. Көбіне азаматтар өз баласының тұсауын елге сыйлы, құрметті, танымал адамдарға кесітіреді. Ырым бойынша өз ұрпағы да сондай тұлғалардың тура жолымен жүріп, халқына абыройлы азамат болсын деген ниетпен осындай шешім қабылдайды. Бала – адамның бауыр еті. Оның дүниеге келгені, езу тартып күлгені, бауырын көтеріп еңбектегені, төсекке, жүкке сүйеніп қаз тұруы, қалбалақтай адымдауы – ата-ана үмітінің жанған оты. Ата-ана перзентінің әрбір елеулі қимылын жіті қадағалап, қылығына сүйсіне қарап, жаратқанға шүкіршілік жасайды. Осындай жанға шуақ, жүрекке шабыт сыйлайтын сәттің, қазақы дәстүрдің әдемісі – «тұсаукесер» рәсімі екені белгілі. Осы тұста «Өнерлі өлке» мәдени іс-шарасында, талай жыл ұстаздық еткен Мариям әжей «тұсау кесер» дәстүрінің маңыздылығын айтып берді.

«Тұсау кесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Ырымшыл қазақ тұсауы кесілмеген бала өмірде сүріншек болады деп, тұсауын елге сыйлы, ортада өзіндік орны бар абыройлы кісіге кестірген. Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кескен. Сәби 5-6 айдан соң талпынып, еңбектеуге бейімделеді. Бала осы еңбектеуден толық өтуі тиіс. Бұл қимыл баланың қол-аяғын, арқасын, бұлшық етін шыңдап, шынықтырады. Сәби еңбектеу арқылы төңірегін таниды. Осы кезде «балам тез еңбектеп кетсін» деген ниетпен анасы көрші-қолаңын жинап, «бауырынан табақ алу» ырымын жасайды. Ауылдың сыйлы адамдарының бірі құрт-ірімшік, бауырсақ, тәттілер салынған табақты баланың бауырынан оңнан солға, солдан оңға қарай «тез еңбектесін» деп жеті рет өткізеді.Бұл мәреден өткен нәресте 9-12 айлығында қаз тұрып жүруге талап қылады. Сәби «тәй-тәйлап» жүре бастаған кезде ата-ана «баламның жүрісі ширасын» деп тұсаукесер тойын жасайды. Халықтың түсінігі бойынша, тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады. Тұсаукесер де ел ішіндегі дәстүрлі қуаныш. Оған арнайы әзірлік жасалады. Қонақтарға табақ тартылып, сый-сияпат әзірленеді. Нәрестеге ізгі тілектер айтылады. Ас мәзірінен соң тұсаукесердің рәсімі басталады. Сәбидің ата-анасы көңілі түскен адамға баланың тұсауын кескізеді. «Шынында өмір есігін жаңа ашқан періштенің өмір жолында ұлттық салт-дәстүрдің сан түрі бар. Тұсау кесу – соның ішіндегі ең керемет жоралғының бірі. Бұл рәсімді адал, мейірімді, елгезек, зиялы, ақылды, көптің көңілінен шыққан ұлықты кісілерге жасатады. Сол қасиет жас балаға дарысын, өмірі өнеге мен жақсылыққа толы болып басталсын, жолында кедергі болмасын деген тілек-батамен астасады. Қазақтың қай ырымын алсақ та, мәні терең, ойы салмақты ұғымға бағытталған. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген қазекең үнемі жақсылық пен ізгіліктің жаршысы болып жүреді емес пе? Қай ата-ана бауыр еті баласының немесе балдан тәтті немересінің көрнекті, көргенді азамат болып өскенін қаламайды дейсіз. Қазақ халқы тұсауды кез келген кісіге кескізбеген. Дімкәс, аурушаң адам, қимыл-қозғалысы ауырлап қалған қарт кісі, «жолы әлі ашылмаған» деп үйленбеген жігіт, тұрмысқа шықпаған қыз бұл рәсімді орындамаған.» — дейді ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған ана.

Тұсау кесер сәті алдында жиналғандар кең дала, таза ауаға шығып, үсті түрлі тәтті дәмге толы бала-шағаға арналған дастарқан маңына, қызық тамашаға жиналады. Дастарқан жанына қазық қағып, аяғы тұсалғанбаланы арқандап қояды.Тойдың негізгі жанкүйерлері – балалар алыстан жаяу жарысқа жіберіледі, озып келгені арқанды қиып, дастарқандағы бар дәмге ие болады, оған арнайы сыйлық беріледі.

Бұдан соң, «Жүйрік бол!», «Шауып кет!» т.б. тілектерді айта отырып, екі қолынан екі адам жетектеген баланың тұсауын таңдалып алынған адам кесіп жібереді. Тұсауы кесілген соң, сәбиді екі адам ортаға алып шығады да, тез-тез жүгіреді. Осы кезде«Тұсаукесер» жыры шырқалады:

Қаз-қаз, балам, қаз балам,

Қадам бассаң, мәз болам.

Қаз-қаз, балам, қаз балам.

Тақымыңды жаз балам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін,

Қадамыңа қарайық,

Басқаныңды санайық,

Қаз-қаз, балам, жүре ғой…

Балтырыңды түре ғой.

Тай-құлын боп шаба ғой,

Озып бәйге ала ғой.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Өмірге аяқ баса бер,

Асулардан аса бер.

Жүгіре қойшы, құлыным,

Желбіресін тұлымың.

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе.

Міне, осыдан бастап шынашақтай қазақтың өмір жолының алғашқы ізі жер бетін шимақтайды, қиындығы мен қызығы мол жаңа өмірі басталады. «Тұсаукесер» – баланың осы өмір сапарының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасаған ырымы, Құдайға деген құлшылығы. Ұлтымыздың ұлылығы, халқымыздың даналығы осынау салт-дәстүрден көрініс табатынына бек сүйсінетініміз рас.

Этносаралық келісім мен ынтымақтастықты, достық қарым-қатынасты нығайту және мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында кездесу өтті

Бірінші Мамыр елді мекенінде аудан аумағындағы этносаралық келісім мен ынтымақтастықты, достық қарым-қатынасты нығайту және мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында кездесу өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жұман Абдиевтің төрағалығымен өткен жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бұқар Оралбеков, үкіметтік емес ұйымдар мен этно-мәдени орталық төрағалары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес аудандық «Қоғамдың келісім» КММ-нің басшысы Есімхан Айтжанов этносаралық келісім тақырыбында баяндама жасады. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асхат Раимбеков ауылшаруашылық саласындағы мемлекеттік қолдаулар туралы айтып өтті. Сонымен қатар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Батырхан Сахов бөлім тарапынан көрсетілетін қызметтер жөнінде хабарлады.
«Төлеби аудандық мансап орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Хайырғали Әміртаев қысқа мерзімді кәсіптік оқу, әлеуметтік жұмыс орны, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, мемлекеттік грант бағдарламалары бойынша түсіндірді. Сондай-ақ аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығы КММ-нің басшысы Ақнұр Жакупова аудандағы жарнама, көрнекі ақпараттың жай-күйі жайында баяндады. «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Беглан Мақұлбек жастарды жұмыспен қамту, оқу гранттары, жаңа бизнес идеялар туралы хабарландыру жасады. Еркін форматта өткен кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, сұрақтарын қойды.

Сауран: «Самғау» оңалту орталығы 150-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынбақ.

Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы бой көтерді. Оңалту орталығы 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетуге бағытталған.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс алаңында болып, жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берді. Орталықтың техникалық базасына басты назар аударып, сапалы жиһаздармен жабдықтауды тапсырды. Кешеннің жайлы болуына барынша күш салуды, көгалдандыруды жүктеді.  Сауықтыру орталығы бір мезетте 200 адамға медициналық, педагогикалық еңбекке баулу бағыттарында қызмет көрсетуге қауқарлы.

Ғимараттың жалпы көлемі — 12,8 мың м2 , 3 қабатты ғимараттың материалдық-техникалық базасы толық жабдықталады. Әлеуметтік орталық қазан айынан бастап штаттық режимде жұмысын бастайды деп жоспарлануда. Қазіргі таңда оңалту орталығы түркістандықтар мен Сауран ауданының тұрғындарын жұмысқа шақыруда. Бұл туралы Сауран аудандық Мансап орталығы жариялады.

« — Құрметті Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының тұрғындары! Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Самғау» оңалту орталығының ашылуына байланысты облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» ұйымдастыруымен 2024 жылғы 21 тамыз күні сағат 10.00-де өтетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне шақырамыз. «Самғау» оңалту орталығына жұмысқа қабылдау үшін медициналық, арнаулы әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық, еңбек, мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық, шаруашылық қызмет көрсету персоналдарына 150-ден астам бос жұмыс орындар ұсынылады. Жәрмеңке Түркістан облысы,  Сауран ауданы,  Оранғай елді мекені,  Бейбітшілік көшесі, 56 «А» мекен-жайында,  һ«Самғау» оңалту орталығы ғимаратында өтеді.» —  делінген хабарламада.

ТҮРКІСТАНДА «KONE TURKI DASTURI» АТТЫ ЭТНОФЕСТИВАЛЬ ӨТТІ

Түркістанда «Kone turki dasturi» этнофестивалі мен «Бір ауыл – бір өнім» атты өңірлік көрме өтті. Көрмеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, қоғам қайраткері Әлихан Байменов, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нұрлан Қоянбаев бастаған өнер адамдары қатысты.

Көне салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарды дамыту және ұлттық ойындарды жаңғырту, өңірдің туризм саласын мақсатында өткен іс-шарада қолөнер шеберлерінің туындылары қойылып, шеберлік сабақтары да өтті. Түркістан облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Open Turkistan» туристік ақпарат орталығы бірлесе ұйымдастырған іс-шарада өңір кәсіпкерлерінің өнімдері де ұсынылды. Атап айтқанда, қолөнер шеберлерінің өнімдері, бал, құрт, кептірілген жеміс-жидектер, сүт пен кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикаттар, сабын және тағы басқа тауарлар қойылды.

– Бұл шараның өңірдегі шағын кәсіпкерлердің әлеуетін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жергілікті шеберлердің бірегей дәстүрлерін, мәдени мұрасын және шеберлігін көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл ұлттық қазақстандық бірегейлікті әлемдік деңгейде сақтауға және ілгерілетуге ықпал етеді деп сенемін, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Аслан Ибадуллаевтың айтуынша отандық өнімдер одан әрі маркетингтік қолдауға ие болып, брендтеліп, сертификатталады. Бұл жергілікті тауарларға деген сұранысты арттырып, оларды экспортқа шығаруға мүмкіндік бермек.

Іс-шара барысында отандық тауар өндіруші кәсіпкерлердің өнімдері бағаланып, үздіктер анықталды. Қатысқан қолөнершілерге алғыс хаттар берілді. Одан өзге, ұлттық ойындарды ұмыт қалдырмау мақсатында қол күрес, гір көтеру, арқан тартыс және қой көтеруден жарыстар өтіп, жеңімпаздар түрлі сыйлықтарға ие болды.

Тарихи нысандарды жаңғырту және елдің мәдени мұрасын сақтау басты назарда

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің маңызды мәдени мұра нысандарындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Сапар барысында Аида Балаева «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Қылует жерасты мешітіне және Яссы-Күлтөбе ортағасырлық қалашығына барды. Министр «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ұлттық» мәртебе беру оның Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау үшін маңыздылығын көрсететін маңызды оқиға екенін атап өтті.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы — археологиялық және сәулет ескерткіштерінің бірегей кешені, мұнда халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар 45 нысан бар. Жыл сайын 350 мыңнан астам адам келетін жер Қазақстанның ең қастерлі мекендерінің бірі», — деп атап өтті министр.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барған кезде оны сақтаудың нақты шаралары талқыланды. Министр 2023 жылы жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижесінде кесене құрылымын нығайту бойынша шұғыл іс-қимылдардың қажеттігі анықтағанын атап өтті. Ол кесене айналасындағы жасыл желектерді шамадан тыс суару нысанға теріс әсер еткенін, нәтижесінде жасыл желектердің бір бөлігін алып тастау туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Бұл процесс қазірдің өзінде автоматтандырылған бақылау жүйесі арқылы бақыланады. Құрылымның одан әрі тозуына жол бермеу үшін 100 тоннадан астам қоқыс пен топырақ шығарылған.

Аида Балаева Қылует жерасты мешітіне ерекше назар аударып, 2021 жылы Түрік Республикасының «TIKA» ұйымы арқылы осы нысанды музей ретінде жаңғыртуды ұсынғанын атап өтті. Дегенмен, Қылуеттің тарихи келбетін сақтау үшін Түрік шеберлерінің жұмысын сүйемелдейтін топ құру туралы шешім қабылданды, бұл шынайылық пен тарихи мұраны құрметтеуді қамтамасыз етеді. Министр Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы қайта құрылған ғимараттардың бірінде ұйымдастырылған мониторинг орталығы жұмысының маңыздылығына да назар аударды. Орталық жұмысы аясында температура мен ылғал режимін, қабырғалардың түзулігін және басқаларын үздіксіз режимде бақылайтын 100-ден астам қондырғысы бар автоматтандырылған мониторинг жүйесі қойылды.

«2023 жылдың желтоқсан айынан бастап автоматты мониторинг жүйесі ескерткіштің сақталуына әсер ететін әртүрлі процестерді, соның ішінде микроклиматты үздіксіз қадағалап отырады. Атап айтқанда, жүйе жасыл желектерді жақында алып тастауға байланысты өзгерістерді тіркейді, бұл кез келген жойылу қаупіне жедел жауап беруге мүмкіндік береді. Мониторинг-орталық сонымен қатар кесененің жай-күйін зерделейтін және оны сақтау шараларын әзірлейтін отандық және шетелдік сарапшыларды қабылдайтын негізгі пункт болып табылады. Мұнда барлық ғылыми-зерттеу және техникалық деректерді жинау, талдау жүзеге асырылады. Бұл ЮНЕСКО-ның осы маңызды Дүниежүзілік мұра нысанын тиімді басқаруға мүмкіндік береді», — деп толықтырды министр.

Сонымен қатар, Аида Балаева Яссы-Күлтөбе ортағасырлық қалашығында болып, бірегей тарихи ескерткішті сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған археологиялық қазбалармен және қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі әрбір маңызды нысандарға қажетінше қолдау мен назар аударуды қамтамасыз ете отырып, елдің мәдени мұрасын сақтау бойынша белсенді жұмысты жалғастырады.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі — ұлттық құндылықтарға толы

Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Келес ауданының мәдени күндері өтті. Екі күнге жоспарланған бағдарлама ұлттық құндылықтарға толы болды. Мерекелік шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, қоғам қайраткері Әлихан Байменов, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нұрлан Қоянбаев бастаған өнер адамдары қатысып, тамашалады.

Іс-шара Этноауыл кешенінен бастау алды. Алдымен мұнда келушілерге ұлттық сусындар ұсынылды. Қонақтар Келес ауданының қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Бұдан бөлек, ұлттық салт-дәстүрлер көрінісін саханалады. «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында қылқалам шеберлері мен кітап көрмесі де жасақталды. Ауданда өндірілетін тауарлар көрмесі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ауданның әлеуетін көрсетті. Салтанатты шара барысында көпшілікке ұлттық тағамдар ұсынылып, қонақтар берекелі дастарханнан дәм татты. Сонымен қатар Келес ауданы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы сахналанып, айтыс, жыр-терме, дәстүрлі әндер шырқалды. Сондай-ақ, Келес ауданының мәдени күндері шарасында этноауылда ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылды және қазақтың көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары насихатталды. Соның ішінде ауданның әжелері киіз басу және жүн тұту өнерін дәріптеп, келуші қонақтарды тәнті етті. Ақ жаулықты аналарымыздан ерекше қолөнердің қыр-сырын сұрап көрдік.

« — Киіз басу – ықылым заманнан келе жатқан халқымыздың көркемдік құндылығы ерекше қолөнерінің бірі. Он саусағынан өнер тамған әжелеріміздің қолынан туған бұл дүние шеберліктің биік үлгісі деп айтуға болады. Оны ешкімде жоққа шығара алмайды.Көздің жауын алатын қызылды-жасылды оюлар қараған жанарды бір мезетке еріксіз тоқтатып, әсемдік әлемін паш ете түсетіні анық. Сондықтан да болар, көшпелі қазақтың күмбезді шаңырағының көркі болған киіз халық арасында қашанда өз маңызын жоймаған. Енді қазіргі таңда ұлттық дәстүрді ауызша айтып, ұрпаққа мұра, аманат ете алмайсың. Оны өзің бастап істеп, бала-шағаңа үйретіп,  қолмен ұстатып көрсетуің керек. Олай болмаса, дәстүрді дамытамын деу – ыдыстың ернеуінен сыртқа төгілген сумен тең. Еңбегің еш кетеді деген сөз.»

— Апа, қазір бұл өнерді насихаттау, дәріптеу қандай деңгейде деп ойлайсыз? Қазіргі жастар бұл салтымызды қаншалықты біледі?

« — Бүгінде  киіз басу өнері – мүлдем жоқ деуден аулақпыз. Мектептердегі технология пәні мұғалімдерінде киіз басу өнерінде ізденушілік бар. Ал, ертеректегі екі үйдің бірінде білекті түріп, әлгі текемет әнін салып жіберетін күннің бізден алыстағаны қашан. Ауылдың түтіні қашан да түзу ұшқан. Адамы кең пейіл, мінезі дархан. Әр үйінде, қымыз-қымыран, айран-ашытпасы дайын. Жазда ауылдың үлкен анасы бас­тап, оны қыз-келіншектер қолдап, бір күнде бірнеше киізді басып тастайтын. Тай қазандағы қайнап жатқан ыстық суды киізге бүркіп, шынтағы күйіп бара жатса да шыдайтын еді жарықтықтар. Қыздар жиденің шыбығымен жүн сабаса, келіншектер иі қанған киізге түр салуға кірісетін. Кеш қараймай тұрып киіз де басылатын, ән де айтылатын. Қазақтың бас тағамы – ет те желінетін, қымыз да ішілетін. Жалпы «Киіз басу» ауыл қазақтары үшін кәдімгі тойдан кем түспейтін үлкен рәсім және ерекше дайындықпен өтеді. Мосқал тартқан кейуаналардан бастап бұрымы желбіреген он жасар қызға дейін бұл қауырт істен шеткері қалмай, бір адамдай атсалысқан. Мұның негізгі астарында қыздарды кішкентайынан қолөнерге баулуға бағытталған тәрбие жатса керек.

Киіз басуға қолы іс білетін де, білмейтін де әйелдер түгел жиналған. Киіз басудың кәнігі шебері болып алған апалар басты жауапкершілікті өздеріне алса, бұл өнермен енді-енді танысып жүрген жас келіншектер су ысытып, қажетті құралдарды дайындап, сол қызу тірліктің басы-қасында жүреді. Екі-үш жылдан кейін олар да киіз басуға әжептәуір жаттығып алады. Ең әуелі киіз басу үшін жүнді жақсылап сабау керек. Оған ірі қара малдың жақсылап керіп кептірген тері-тулағы және жас талдан қиып, арнайы көлеңкеде кептірген сабау-таяқша қолданылады. Киіз басуға іріктеліп алынған жүнді тулақтың үстіне тастайды да, 4-5 адам айнала отырып сабау-таяқпен ұрғылап, көпсітеді. Жүн сабалып біткен соң киіз басу үшін жүнді шиге салып, екі қабаттап тартады. Сонда астына салынатын жүнді тым қатты сабамай-ақ, тек көпсітіп қана сабайды. Ал, бетіне тартылатын жүнді әдемілеп, жұмсақ етіп сабайды. Үстіңгі қабаты тартылып біткен соң, шөмішпен жүннің үстіне қайнаған суды себезгілеп құяды. Сөйтіп, оны орай бастайды. Аз дегенде 5 адам шиге салынған жүнді 30-40 минут білекпен аунатып, салмақ сала домалатады. Межелі уақыт аяқталған соң, шиден шығарғанда жүннің киіз болып біріккенін байқауға болады. Әйелдер дайын текеметтің бетіне қошқармүйізден ою-өрнек салып әспеттейді. Қызылды-жасылды қою түсті мақпалдардан әдемі ою салып, жиек жіппен көктеп шығады. Сөйтіп, текеметке жүнді созып сан түрлі ою-өрнек салғанда, киіздің көркі ашыла түседі. Осылайша көп қолымен бітетін керемет қолөнер туындысын халқымыз құтты қонағына сый ретінде ұсынып немесе қыз жасауына негізгі дүние ретінде апарған. Ендеше, қазақтың аталмыш бұл қолөнері кейінгі ұрпаққа үлкендердің тек естелігімен ғана айтылып, көне жәдігерлер мекенінен іздеп жүріп көретін сирек қолданыстағы өнерге айналып кетпесе екен дейміз.» — дейді Келестік әжелер.

Салтанатты шарада одан бөлек халқымыздың өмір-тіршілігінде кеңінен таралған ағаштан жасалатын бұйымдар көпшіліктің назарына ұсынылды.Айта кетейік, ертеде қазақтың баспанасы киіз үйден бастап, қарапайым қасығына дейін ағаштан жасалып отырған. Неге десеңіз, ағаш бұйымдар ыңғайлы, пайдалануға тиімді, сонымен бірге ол тұрмыстық зат есебінде ғана емес, сән үшін де қолданылып, биік өнер дәрежесіне жеткен. Ерте қазақ халқы мұндай өнердің иесін ұста, он саусағынан өнер тамған шебер деп сыйлай білген,  құрмет көрсеткен. Қазіргі күні бұл кәсіп қолданбалы сәндік өнер деп айтылады. Қазақтың ет тартатын астау-табағы, құрт езетін астауы, сүт, қымыз құятын шарасы, шөміш, саптыаяқ секілді барлық ыдыс-аяғы ағаштан жасалған. Оның ішінде сыйлы, қадірлі қонағына ұсынатын ыдыс-аяқтың жөні тіптен бөлек. Кейінгі кездері ел ішінде осы дәстүрді ұстанатын отбасылардың қатары көбейіп, ағаш бұйымдарды күнделікті тұрмысына қолдана бастады. Қазір қазақтың өз өнерін, байлығын өзіне көрсететін заман. Дегенмен, ағаш бұйымдары табиғи зат болғаннан кейін таза ұстап, орнымен қолдансаңыз ұзақ жылға шыдас береді.

« — Әсілі, бағзы заманда темір ыдыстардың қат кезінде даладағы малшы алдындағы қойын сауып жіберіп, отқа тасты қыздырып, ағаш тостағандағы сүтке қызып тұрған тасты салып жіберіп пісіреді екен. Ата-бабаларымыз ағаштың түрін, жай-күйін өте жақсы білген. Сондықтан, ыдыс-аяқты көбінесе ағаштың безінен, қатты жерінен жасап отырған. Ағаш ыдыс жарылып кетпеуі үшін оны майлап, май сіңіру керек. Сонда оның ішіне су сіңбейді. Екінші әдіс – оны құрсаулау. Күбінің, үлкен шара ыдыстың сыртын темірмен құрсаулап тастайды. Бұл да жарылып кетпеуден сақтайды және ыдыстың сырты, түбі әр затқа соғылып мүжіліп кетпесін дегеннен туған. Ағаш ұсталарының өздерінің арнайы құрал-сайманы бар. Олар ағаш шабатын шот, қашаудың түр-түрі, ыңғыру, үскі секілді құралдар. Бұрынғы уақытта ағашты иіу, жұмсартудың тәсілдері болған. Әкемнен естуімше, ертеде ағашты малдың қиымен араластырып, су құйып жерге көміп тастайды екен. Сол кезде ол қызады да, белгілі бір күйге жеткенде ағаш жұмсарады. Дәл осы сәтте қазып алып, тезге салып, өзіне қажетті қалыпқа иіп жасап алады. Міне, осындай күрделі әдіс-тәсілдердің арқасында бүгінгі күні адам баласының ойы жетпейтін дүниелерді жарыққа шығарып отырған.» — дейді Келестік Лесбек қария

Міне осындай құндылықтарға толы мерекелік жиында Келес ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дәурен Сариев сөз сөйлеп, фестивальдің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, аудан жетістігіне тоқталып, келген көрерменге келестіктердің атынан алғысын жеткізді. Шара барысында Сержанәлі, Әділет Жауғашар және Серік Ибрагимов пен Әбіджаппар Әлқожа сынды эстрада жұлдыздарының және аудан өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өнер сүйер қауым қосыла ән шырқап, әсем биімен кештің сәнін кіргізді.