Көпбалалы отбасыларға Қазақстандағы салық жүктемесі азаяды

2025 жылдың қаңтарында Қазақстанда көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған жаңа норма қабылданды.

Салық заңнамасындағы, атап айтқанда ҚР Салық кодексінің 347-бабындағы өзгерістерге сәйкес көпбалалы отбасыларға салықтық жеңілдіктер беріледі.

Көп балалы отбасы үшін салық шегерімі жиынтығында екі ата-анада күнтізбелік жыл ішінде айқындалған айлық есептік көрсеткіштің 282 еселенген мөлшерінен (1 108 824 теңге) аспайтын мөлшерде мынадай тәртіппен қолданылады:

1) көп балалы отбасының ата-аналарының бірі үшін әр ай үшін айлық есептік көрсеткіштің 23 еселенген мөлшерінде (90 436 теңге);

2) көпбалалы отбасының әрбір ата-анасы үшін айлық есептік көрсеткіштің 12 еселенген мөлшерінде (47 184 теңге).

Көп балалы отбасы үшін салық шегерімі жеке тұлғада осындай балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелерімен расталатын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалардың шегерімі қолданылатын күнтізбелік жылдың 1 қаңтарына арналған жағдайда қолданылады.

Салық жеңілдіктерін алу үшін көп балалы отбасылар құжаттарды жергілікті салық органдарына немесе жұмыс орнындағы кадр қызметіне салық шегеріміне өтініш беруі керек.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстанда әлеуметтік төлемдерге 6 триллион теңге бөлінеді.

Алматы қаласындағы банктен 55 млн теңге ұрлаған ер адам Швецияда ұсталды

Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұрауымен Швецияда 38 жастағы ер адам тұтқындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ сілтеме жасап, Taq.kz сайтының тілшісі.

ІІМ мәліметінше, ол аса ірі көлемде ұрлық жасағаны үшін халықаралық іздеуде болған.

2018 жылдың қазан айында күдікті Алматы қаласындағы банктің бірінен аударымдарда махинация жасай отырып, 55 миллион теңге ұрлаған.

Қазіргі уақытта күдікті шетелде қамауда.

Фабриканы әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін 30 мың доллар алған

Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары 30 мың доллар көлемінде аса ірі көлемдегі пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Өскемен қаласының №2 соты Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары азамат Т.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Тергеу мәліметінше, 2023 жылы мамыр айында азамат Т. алтын өндіру фабрикасына экологиялық заңнама талаптарының сақталуын тексеру жүргізген, — деп жазылған хабарламада.

Тексеру барысында құрылыс мерзімдерін аяқтау бойынша жобалық шешімдердің бұзылғаны анықталған. Бұл жағдай Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабына сәйкес, кәсіпорынның қызметін уақытша тоқтата тұруға негіз болатын құқық бұзушылық еді.

Алайда, азамат Т. фабриканы әкімшілік жауапкершілікке тартпау және оң қорытынды шығару үшін фабрика директорынан 30 мың доллар (2023 жылғы 12 мамырдағы бағам бойынша 13 326 600 теңге) көлемінде пара алған, — делінген хабарламада.

Айыпталушы өз кінәсін мойындамағанымен, сот оны ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырды.

ТҮРКІСТАН: ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – БАСТЫ БАҒДАР

Биыл Түркістан облысында 120 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның 60 %-дан астамы тұрақты жұмыс орындары. Бұл жұмыстар «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында және Ұлттық жобалар мен Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде «Жаңа жұмыс орындарын құру және халықты жұмыспен қамту туралы» облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның баяндамасы тыңдалды.
Жұмыспен қамту – басты міндет екенін айтқан облыс әкімі осы жылға бекітілген индикаторлардың мерзімінде толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен барлық аудан, қалада ашылатын «Отбасын қолдау орталығының» жұмысын жүйелеуді міндеттеді. Отбасында зардап шеккендер осы орталықпен байланысып, жаңадан ашылып жатқан орталықтардан психологиялық, құқықтық және консультациялық көмек алады.
– Аудан, қала әкімдері Мемлекет басшысының тапсырмасын мерзімінде және сапалы орындауы қажет. Сондықтан шұғыл түрде нақты шаралар қабылдап, орталықтың ашылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Жұмыспен қамту – басты бағдар. Тұрақты жұмысқа орналастыру жұмыстарын күшейту керек. Қосымша инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етуді, 2021 – 2025 жылдарға арналған Даму жоспарының орындалуы қамтамасыз етілсін, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Тұрғындарды лайықты жұмыспен қамту және әділ төлемақы төлеу – мемлекеттің басты саясатының бірі. Бұл бағытта елімізде бірнеше бағдарлама жүзеге асырылуда. Биыл білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларда жаңадан салынған нысандарға және субсидияланатын жұмыс орындарын аяқтағандарға тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ ТҰРАҚТЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты жүргізілуде. Бекітілген кесте бойынша бүгінгі таңда облыс көлемінде жалпы 800-ден аса ауқымды сенбілік өткізілді. Оған 299 мыңнан астам тұрғын атсалысып, 1500-ден аса техника жұмылдырылды. Сондай-ақ 1 миллионнан аса ағаш отырғызылып, 3 мың тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Өңір басшысы тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырып, бұл бағыттағы жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастыру керектігін айтты. Сонымен қоса елді мекендерде тазалықты сақтау, экологиялық сауаттылықты көтеру, түсіндіру жұмыстары жалғаса беретінін жеткізді.
Жиында облыс әкімінің бірінша орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты қадағалауда тұр.
Бүгінгі таңда осы бағдарламаның өңірдегі «Телеграмм бот» платформасына 859 өтініш пен хат түскен. Оның ішінде, 852 өтініш орындалған. 7 өтінім мағынасыз болғандықтан қайтарылған. Былтырдан бері қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 26 702 мыңнан астам хаттама толтырылған, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып отыр. Жалпы 318,5 млн теңгеге айыппұл салынған. Бұл бағдарлама бойынша жұмыс жалғасады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығында жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасымен Түркістан өңірінде негізгі капиталға инвестция тарту, су үнемдеу технологияларын ендіру, ғылыми негізде минералды тыңайтқыштарды енгізу, заманауи тауарлы сүт фермасын құру жоспарлары толығымен жүзеге асты. Ал жалпы өнім көлемі 1,1 трлн. теңгеге жетті. Бүгінде аймақта көктемгі дала жұмыстарына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
– Түркістан ооблысының негізгі драйверлерінің бірі – ауыл шаруашылығы. Егістін науқаны бізде өзге аймақтардан ерте басталады. Сондықтан көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізген жөн. Мемлекеттік тетіктердің бәрін пайдаланып, диқандарға, шаруаларға тиісті қолдауларды көрсету керек. Ауыл шаруашылығы бойынша бекітілген индикаторлар орындалуы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әлібек Плаловтың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары егетін аумақ өткен жылдан 27 мың гектарға ұлғайып, 896 мың гектарға жеткізіледі. Оның ішінде: жаздық дақылдар – 518 мың гектар, күздік егіс – 204 мың гектар, ескі жоңышқа – 174 мың гектар.
Егіс құрылымын қалыптастыруда рентабельділігі жоғары дақылдарға басымдық берілуде. Атап айтқанда, мақта 31 мың гектарға (137,1 мың га) дәнді дақылдар 3 мың гектарға (333,6 мың га) майлы дақылдар 2 мың гектарға (72,7 мың га) артығымен орналастырылады. Ал бақша дақылдары 8 мың гектарға (66,3 мың га), малазықтық дақылдар 6 мың гектарға (223,3 мың га) қысқартылмақ.
Көктемгі дала жұмыстарына 61,5 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармайға қажеттілік анықталды. Босату жұмыстары ақпан айынан басталады. Тауар өндірушілерде жаздық дақылдардың қажетті тұқым көлемі жеткілікті. Минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін, облыстық бюджеттен 7 млрд теңге қаралды. Отандық тыңайтқыш өндіруші «ҚазАзот» АҚ, «Қазфосфат» ЖШС-мен облысқа жеткізілетін қажетті тыңайтқыш көлемі келісілді. Көктемгі дала жұмыстарын несиелендіруге 13 млрд теңгеге өтініш берілді. Бүгінгі күнге 4 млрд теңгеге өтінім қабылданып, 2 млрд теңгені құрайтын жобалар мақұлданып, қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде.
Дала жұмыстарына қолданыстағы 25 мың техника қызмет атқарады. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 12 мың трактор, 1 мың дән сепкіш, 554 соқа, 1 мың қопсытқыш құралдары бар. Дала жұмыстарына техниканың 98 пайызы дайын. Өткен жылы мемлекеттік қолдаулардың тұрақты көрсетілуінің нәтижесінде, ауыл шаруашылығы техникалары 6,3%-ға жаңарды.

Полицей өліміне қатысты: Желіде жанжал қалай басталғаны түсірілген видео тарады

Telegram желісіндегі арналардың бірінде полиция қызметкері мен Алматыдағы мекемелердің біріне келушінің арасындағы кикілжің қалай басталғаны түсірілген видео жарияланды. Полицейлер бұл видеоның оқиғаға қатысы барын растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ сілтеме жасап Taq.kz сайтының тілшісі.

Telegram-дағы Kozachkov offside арнасында видео жарияланды, видеоның сипаттамасында кадрда полиция қызметкері қатысқан жанжалдың басы көрсетілген. Бейнежазбада 41 жастағы күдікті қасында отырған қызды қылғындырып, қолынан жұлқылағаны көрсетілген. “Полиция қызметкері араласып, агрессия көрсеткен ер адамды алып кетті, кейін олар сыртқа шыққан. Төбелес соңы кісі өлімімен аяқталды”, – делінген видеоға берілген сипаттамада.

NUR.KZ тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, бұл видеоның 11 қаңтарға қараған түні болған полицей қаза тапқан жанжалға қатысы бар-жоғын сұраған екен. Ведомствоның баспасөз қызметі видеоның рас екенін және видеода дәл сол жағдай көрсетілгенін растапты. Сілтемеде видео жүктелген.

https://kaz.nur.kz/society/2210891-almatydagy-politsei-olimi-zhelide-zhanzhal-qalai-bastalgany-tusirilgen-video-tarady/

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕЛДІ МЕКЕНДЕР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАРМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендерде денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды жақсартып, қолжетімділікті арттыруды тапсырған болатын. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылуда. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, өңірде тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында заманауи медициналық нысандар салуға, бейінді мамандар даярлауға басымдық берілуде.
– Түркістан облысында былтыр 55 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қолға алынды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 48 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді. Бірнеше медициналық нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде ауылдар мен елді мекендердің 100 мыңнан астам тұрғыны медициналық көмекпен қамтылмақ. Сонымен бірге өңірдегі ауруханалар мен емханаларға заманауи құрылғылар, жедел жәрдем көліктері алынды. Ауылдарда медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру жұмысы жалғасады, – дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Жаңадан ашылатын нысандарда санитарлық талаптар, өрт қауіпсіздігі сақталған. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл мекемелер ауыл тұрғындарына сапалы алғашқы медициналық-санитариялық көмек түрлерін көрсетеді.
Бүгінгі таңда жалпы 58 медициналық нысанының қажеттілігі анықталып, оның 25 нысанын 2025 жылға іске асыру жоспарлануда.
Облыс тұрғындарын білікті медицина мамандарымен қамту ісі де тұрақты зерделеніп, тиісті жұмыс жүріп жатыр. Өңірде 423 бейінді маман бойынша тапшылық бар екені анықталған. Оның ішінде, 141-і Түркістан қаласындағы салынып жатқан 570 төсек-орындық облыстық көпбейінді ауруханаға тиесілі. Мамандармен қамту үшін 5 жылдық жоспар бойынша резидентураға 639 грант бөлу жоспарлануда. Ал 2023 жылдан бері 176 грант игерілді.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдарында жалпы 24 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Былтыр 40 дәрігер Ресейде, 234 орта буын медицина қызметкері Астана қаласындағы ҚР іс басқармасы медициналық ауруханасында біліктілігін арттырған.