Түркістан облысы, Түлкібас ауданында өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі өндірістік жоба – «Састөбе» инновациялық кешені» ЖШС-нің заманауи талапқа сай, сапалы әк шығаратын зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Маңызды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, зауыттың іске қосылуымен құттықтап, жаңа өндіріс орны өңір экономикасының дамуына серпін беретінін атап өтті.
« – Алдымен баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мереке қарсаңында «Састөбе» инновациялық кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа әк зауыты ашылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында экономиканы әртараптандыру, өндіріс орындарын ашу бағыттарына айрықша тоқталды. Ел экономикасының негізгі басымдығы шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Түркістан облысында осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз өндіріс орындарын ашуға, терең өңдеу саласына басымдық бердік. Сол жұмыстар нәтижесінде облысымыз халықаралық талапқа сай заманауи зауытпен толығып отыр. Осыдан бірнеше ай бұрын сіздермен ірі кешеннің құрылысының басталуына куә болып едік. Міне, аз ғана уақыт ішінде зауыт құрылысының алғашқы кезеңі аяқталып, әк шығару зауыты өндірісін бастағалы отыр. Бұл Түркістан облысы ғана емес, тұтас еліміз үшін маңызды оқиға. Жалпы құны 180 млрд теңге болатын жоба арқылы ауданның ғана емес, облыстың өндіріс көлемі артады. Жалпы, мыңға жуық жұмыс орны ашылса, бүгінгі әк зауытының өзінде жүзге жуық жерлесіміз жұмысқа орналасуда. Осы ретте маңызды жобаны жүзеге асырған инвесторға, жауапты азаматтарға алғысымды білдіремін! Зауыт ұжымына сәттілік, денсаулық және берекелі табыс тілеймін! Жаңа зауыттар ашылып, облысымыз дами берсін! – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
«Sinoma-TCDRI» компаниясының жоба басшысы Жу Сианг Го мен «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов та құттықтау сөз сөйлеп, бұл өндіріс орны елімізді отандық өніммен толық қамтитынын жеткізді.
« – Соңғы жылдары Түркістан облысында өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның айқын дәлелі – Түлкібас ауданында іске қосылған заманауи әк шығару зауыты. Бұл жоба өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі өндірістік бастамалардың бірі болып отыр. Әк – құрылыс саласында, жол құрылысы, цемент өндірісі, металлургия, химия өнеркәсібі және ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылатын маңызды өнім. Осыған дейін мұндай өнімдердің бір бөлігі сырттан тасымалданып келсе, жаңа зауыттың іске қосылуы ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға мүмкіндік берді. Зауыт заманауи технологиялармен жабдықталған және экологиялық талаптарға толық сай келеді. Өндіріс үдерісінде қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп, қоршаған ортаға келетін әсерді барынша азайту көзделген. Бұл – бүгінгі өндіріс орындарына қойылатын басты талаптардың бірі. Өндірістік қуаты жағынан алғанда, зауыт толық іске қосылған кезде жылына жүздеген мың тонна әк өндіруге қабілетті. Сонымен қатар, болашақта өндірісті кеңейту арқылы құрылыс материалдарының басқа да түрлерін шығару мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл облыста қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттыруға жол ашады. Әк шығару зауытының іске қосылуы жұмыспен қамту мәселесін шешуде де маңызды рөл атқаруда. Кәсіпорында жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл – әсіресе ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік. Жұмысшылардың біліктілігін арттыру, өндірістік тәжірибе жинақтау бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Экономикалық тұрғыдан алғанда, зауыттың жұмысы өңір бюджетіне түсетін салық көлемін арттырып, шағын және орта бизнеске серпін беріп отыр. Кәсіпорын айналасында логистика, қызмет көрсету, тасымал сияқты қосалқы салалар да дамуда. Бұл – бір ғана зауыттың бірнеше бағытта экономикалық пайда әкеліп отырғанының айғағы.» – деді, «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов
Сонымен қатар, бұл өндіріс орны Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етуде. Ірі жобаның сәтті іске асуы өзге инвесторларға оң әсер беріп, жаңа өндірістердің ашылуына жол ашады. Түркістан облысындағы әк шығару зауыты – өңірдің индустриялық дамуындағы маңызды қадам. Ол ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканың өсуіне нақты үлес қосып отыр. Мұндай жобалар облыстың болашағын айқындап, халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етеді.
Жалпы құны 180 млрд. теңге болатын жобаның құрылысы 2026-2027 жылдары аяқталады деп жоспарланған. Биыл 32 млрд теңге инвестициялық қаржыға әк өндірістік кешені іске қосылды. «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС-нің негізгі мақсаты – әк, каустикалық сода, кальций карбиді, ПВХ және цемент өндірісін жолға қою. Зауыт толық қуатына шыққанда жылына 400 мың тонна әк, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна ПВХ, 200 мың тонна кальций карбиді және 1 млн тонна цемент өндірмек.
Кәсіпорынның іске қосылуы өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге де оң ықпал етеді. Жоба аясында жалпы мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады, оның ішінде биыл 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Салтанатты рәсімде облыс әкімі зауыт аумағын аралап, өндірістік үдерістермен, заманауи технологиялармен және еңбек жағдайымен танысты. Өндірістің экологиялық талаптарға сай жүргізілуі мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды. Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту мен өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жалғасады.
