ЗАМАНАУИ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНДАРЫНЫҢ САНЫ АРТУДА

Бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп, жоғарғы қарқынмен дамып келеді. Дәрігерлерге, медицина саласына деген мемлекеттің қамқорлығы нәтижесінде барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау мекемелерінің базасы жаңғыртылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуда. Жылдан-жылға медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы артуда.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесінде Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Алғабас елді мекенінің тұрғындары мемлекеттік қамқорлықтың тағы бір шарапатын көрді. Бұған дейін көрші ауылдардың медициналық бекеттеріне қатынаған тұрғындарға жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілді. Алғабастағы 1607 тұрғынға енді 5 медицина мамандары дәрігерлік көмек көрсетеді.

Сондай-ақ, 34 жылдан бері ауыл тұрғынының ыңғайластырылған жеке тұрғын үйін жалдап жұмыс істеп келген Жаңа ауыл ауылдық округіндегі Қарой елді мекенінің дәрігерлері де жаңа ғимаратқа кірді. 1400-ге тарта тұрғыны бар аталмыш ауылда 4 ақ желеңді қызмет көрсететін болады. Аудан басшысымен өткен есептік кездесулерде айтылып жүрген өтініштерінің орындалып, медициналық бекет салынғанына тұрғындар дән риза.

Ағымдағы жылдың ІІ тоқсанында қазығы қағылып, құрылысы басталған қос ғимараттың ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат депутаттары Мақсат Айнабеков, Хамит Дүйсебаев, «Жетісай» аудандық ауруханасының бас дәрігері Бағила Утеулиева қатысып, тұрғындарды құттықтады. Денсаулық сақтау нысандарындағы заманауи үлгідегі әйелдерді қарап-тексеру, екпе егу, профилактикалық қарау, дұрыс тамақтану мектебі, дені сау бала, стерилизация, қақырық жинау, тұрмыстық шаруашылық және дәріхана бөлмелерін аралап көрді.

Айта кетейік, өткен жылы ауданда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында жаңадан 5 фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілген болса, биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі жоспарланған 7 нысанның 5-і ел игілігіне тапсырылды. Алдағы күндері тағы 2 нысан тапсырылады деп жоспарланып отыр.

ШАЯН ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ 300 ТҮП ТАЛ КӨШЕТТЕРІ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Экологиялық мәдениет пен ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісіне айналған  «Таза Қазақстан» республикалық акциясы – қоғамды тазалыққа, табиғатты қорғауға және ортақ жауапкершілікке үндейтін ауқымды бастамаға айналғаны бәрімізге белгілі.  Яғни Мемлекет басшысы жүктеген біл міндет елді мекендерді қоқыстан тазалау ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың туған жеріне деген жанашырлығын арттыруды мақсат етеді. Бұл бастама арқылы ауылдар мен қалалар көгалдандырылып,  көшелер, саябақтар, қоғамдық орындар абаттандырылып, елді мекендердің санитарлық жағдайы да жақсарып келеді.

Акция аясында ағаш отырғызу, жасыл желекті көбейту, су көздерін тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шаралар табиғи тепе-теңдікті сақтауға, жердің құнарын арттыруға және климаттың қолайлы болуына ықпал етеді.

Осы бағытта, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Бәйдібек ауданының орталығы – Шаян елді мекенінде көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп,  Рысқұлов көшесінің бойына жалпы 300 түп “Айланта” және жеміс ағаштары егілді. Іс-шараға Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев, аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Фазылбек Әуен, сондай-ақ ауданға қарасты түрлі мекемелердің қызметкерлері мен ауыл жастары және жергілікті тұрғындар да қатысты.

« – Соңғы жылдары Түркістан өңірінде және еліміздің оңтүстігінде «Айланта» көшетін отырғызу жиі қолға алынып жатыр. Себебі бұл ағаш табиғатқа да, адамға да пайдалы. Айлантаны кейде «аспан ағашы» деп те атайды. Ол тез өсетін, ыстыққа да, құрғақшылыққа да шыдайтын өсімдік. Айлантаның ең үлкен артықшылығы тез өседі және көшеті отырғызылғаннан кейін көп күтімді талап етпейді. Алғашқы жылдары-ақ бой көтеріп, небәрі 3–4 жылдың ішінде үлкен ағаш болып өседі. 5–6 жылда көлеңке беретін деңгейге жетеді. Бұл – саябақ, көше, ауыл, елді мекендерді жасылдандыру үшін өте тиімді. Біздің өңірде жаз өте ыстық, су да үнемдеуді қажет етеді. Осындай жағдайда айланта өте қолайлы ағаш және 45–50 градусқа дейінгі ыстыққа шыдайды екен, құрғақ климатқа да бейімделген. Бұл ағаштың тамыры мықты. Сондықтан желден қорғаныш жасайды, құмның жылжуын тежейді, сай-жыралардың опырылуын азайтады. Ауыл шаруашылығы жерлерінде жел тосқауыл орман белдеулерін жасауға да өте ыңғайлы. Дұрыс отырғызылып, бақылаумен өсірілсе, айланта Түркістан өңірін көгалдандырудың ең қолайлы шешімдерінің бірі бола алады.» – дейді, аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев.

Көгалдандыру жұмыстарының мақсаты – елді мекеннің эстетикалық келбетін жақсарту, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және тұрғындар үшін қолайлы ортаны қалыптастыру.Аудан аумағында абаттандыру мен көгалдандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Әлеуметтік нысандар ауыл әлеуетін арттырады – 2

«– Бүгін еліміз үшін аса қастерлі мерекенің бірі – Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа спорт нысанын ашып отырмыз. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен жүйелі айналысуына барлық мүмкіндік жасалуда. Аядай ауылдардан талай чемпиондар шығып, еліміздің атын әлемдік ареналарда асқақтатып жүр. Спортқа қолжетімділік арта түссе, ауданымыздан әлі де талай биіктерді бағындыратын спортшылар шығатынына сенім мол. Бүгін ашылған алаң ауыл жастарының үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашады,» – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Сондай-ақ, шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт нысанының ауыл жастары үшін маңыздылығын атап өтті. Ауыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы Мадияр Бейсенбеков жаңа алаңның жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, игі іске сәттілік тіледі. Шараға арнайы қатысқан Жартытөбе ауылынан шыққан спорт саңлақтары, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып пен белгілі футболшы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Таңат Нөсербаев ауыл жастарына жасалған жағдайға жоғары баға берді.

Сонымен қатар, ауыл тумасы, кәсіпкер Дәулет Дүйсебай ауыл жастарына футбол доптары мен жаттығуға қажетті спорттық жабдықтарды сыйға тартты.

Жаңа спорт алаңы барлық қажетті стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда жасанды төсеніш төселген футбол алаңы, жарықтандыру жүйесі, қауіпсіздік қоршаулары, ойыншыларға арналған жылы киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған. Нысан аумағы толық асфальтталып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жабық үлгідегі кіші футбол алаңы ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен тұрақты айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Созақ ауданындағы игі істер мұнымен шектелген жоқ. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылында жаңа тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді. «Жеткіншек» шағын ауданында бой көтерген 2 қабатты тұрғын үйде 16 пәтер бар. Бұл пәтерлердің кілттері апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындарына табысталды. Тұрғын үйдің құрылысы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес компаниялары – «КАTКО» БК ЖШС және «Қазатомпром-Сауран» тарапынан қаржыландырылды.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов әлеуметтік маңызы жоғары жобаның аудан дамуына қосар үлесін атап өтті. Ұлттық компания өңірдегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қолдауды алдағы уақытта да жалғастыратынын айтты. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа қоныс иелерін қуанышты сәтпен құттықтады.

«– Апатты үйлердің мәселесін шешу – басты міндеттеріміздің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бұл жобаны жаңғырту бағдарламасына енгіздік. Қаржы көзін анықтау үшін Қазатомөнеркәсіп компанияларымен келіссөздер жүргіздік. Жобаның іске асуына қолдау көрсеткен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына, «КАТКО» және «Қазатомпром-Сауран» басшыларына аудан жұртшылығы атынан алғыс айтамын. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын!» – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар «КАTКО» БК ЖШС-нің қаржы жөніндегі директоры Алмас Жанқабыл сөз алып, компанияның әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы жұмыстары жалғасатынын жеткізді. Жаңа тұрғын үй аудандағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында салынды. Пәтерлер заманауи талаптарға сай жабдықталған. Инженерлік желілермен толық қамтылған. Ауласы қоршалып, балалар ойын алаңшасы орнатылған. Сыртқы қасбеті металлопанельмен қапталып, талаптарға сай әрленген.

Сонымен қатар, жеке демеушілер есебінен де тұрғындарды қуанышқа бөлеген жаңалықтар болды. Бабата елді мекенінде аз қамтылған отбасыға «Қазфосфат» ЖШС-нің демеушілігімен тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы мақсатта ауылға арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов жаңа баспананың кілтін табыстап, үй иесін қоныс тойымен құттықтады. Салтанатты шара барысында ауыл қариясы Садық Әбдірашұлы аталған игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар баспана иесінің қуанышын бөлісіп, ізгі тілектерін жеткізді.

Айта кетейік, Бабата елді мекенінде табысталған тұрғын үй барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Атап айтқанда, су және жылу жүйелеріне арналған жеке бөлмелер қарастырылып, жылу жүйесі толық орнатылған. Сонымен қатар, 20 сотықтан астам жер телімі арнайы шарбақпен қоршалып, қора-жайы қосалқы шаруашылықты дамытуға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік нысандар ауыл әлеуетін арттырады – 1

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы Ақбастау елді мекенінде жаңа спорт кешені ел игілігіне берілді.  Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев қатысып, ауыл тұрғындарын замануи спорт нысанының ашылуымен құттықтады. ҚР Президентінің салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында ауданда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Нысанның құрылысын «Trendim KZ» ЖШС 2024 жылдың тамыз айында бастаған. 1 гектар аумақта орналасқан ғимараттың ауданы 939 шаршы метр. Мұнда воллейбол, баскетбол, кіші футбол, күрес, дзюдомен айналысуға барлық жағдай қарастылған. Бұл кешен ауыл жастарының бас қосып, кәсіби спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді. Айта кетейік, бүгінде Бәйдібек ауданында 238 спорт нысаны жұмыс істейді.

Оның ішінде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 спорт алаңы бар. Аудан спортшылары биыл түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір намысын абыроймен қорғап келеді. Атап айтқанда, спортшылар тоғызқұмалақ, волейбол және еркін күрес түрлерінен жүлделі орындарға ие болды.

Сондай-ақ, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Созақ ауданы, Созақ ауылында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған заманауи үлгідегі «Созақ спорт кешенінің» салтанатты ашылу рәсімі өтті.  Ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналған игі шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Салтанатты шарада аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы сөз сөйлеп, ауыл жұртшылығын жаңа спорт нысанының ашылуымен және ел үшін қастерлі Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

«– Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауданда спорт инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алуда. Жаңа нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік береді,» – деген аудан басшысы спорт саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті.

Сонымен қатар, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт кешенінен еліміздің көк Туын әлемдік ареналарда абыроймен желбірететін дарынды спортшылар өсіп шығарына сенім білдірді.

Шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ауыл тұрғындарын құттықтап, жаңа спорт нысаны ел игілігіне ұзақ жылдар қызмет ететініне тілектестік білдірді. Ауыл қариясы, ауданның Құрметті азаматы Биімбет Байғараев сөз сөйлеп, өскелең ұрпақтың болашағы үшін маңызды нысанның бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар жаңа спорт кешенін аралап, ішкі құрылымы мен көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты. Айта кетейік, спорт кешенінің жалпы жер аумағы 1,5 гектарды құрайды. Ғимараттың жалпы көлемі – 1356 шаршы метр. Екі қабатты нысанда футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, бокс, күрес және жаттығу залдары орналасқан. Бұған қоса медициналық кабинет, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, қызметкерлерге арналған жеке кабинеттер қарастырылған. Кешен аумағы толық қоршалып, ғимараттың сыртқы фасады заманауи үлгідегі металпанельдермен қапталған.

Жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен жүйелі айналысуына және бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді.

Мерейлі мерекеде Созақ ауданында екі бірдей спорттық нысан пайдалануға беріліп, тұрғындар үшін үлкен қуанышқа айналды. Созақ ауылында заманауи спорт кешені іске қосылса, Жартытөбе ауылында жабық үлгідегі кіші футбол алаңы пайдалануға берілді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, ауыл тұрғындары мен жастарды жаңа спорт нысанының іске қосылуымен және Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Бұқаралық спортты дамыту мен жастарға қолайлы жағдай жасау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«TURAN» АЭА-ның әлеуметтік-экономикалық әсері

Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі — арнайы экономикалық аймақтар . Солардың бірі — «TURAN» арнайы экономикалық аймағы, Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жоба және инвестициялық әлеуеті мен өндірістік драйвері. Бұл аймақ өңірдің өндірістік, логистикалық және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға ықпал етеді.

«TURAN» арнайы экономикалық аймағы 2018 жылғы 29 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №693 қаулысы негізінде құрылды. Бұл аймақ Түркістан облысының аумағында орналасып, бастапқыда 3 987,39 гектарды қамтыған. 2025 жылы Үкіметтің жаңа қаулысы бойынша аймақтың аумағы 4 414,39 гектарға дейін кеңейтілген және 9 қосалқы субаймақтан тұратын болды.  Аймақтың басты мақсаттары: Түркістанды іскерлік-өндірістік орталыққа айналдыру; Тұрақты және жоғары технологиялы өндірістерді тарту; Экспорттық әлеуетті арттыру және халықаралық серіктестікті кеңейту.

Инвестициялық режим және қолдау шараларын да айта кетсем, «TURAN» АЭА инвесторларға тартымды құқықтық және экономикалық режим ұсынады, оның ішінде: 2043 жылға дейін жер учаскесін тегін пайдалану және кейін сатып алу құқығы, жер және мүлік салығынан босату, импортталатын шикізатқа қатысты кедендік және корпоративтік салықтық жеңілдіктер. 2024 жылы аймақта экономикалық қызмет түрлерінің басым бағыттарының саны 19-дан 35-ке дейін кеңейтілді, бұл өңдеу өнеркәсібіндегі 408 өнеркәсіптік нысандарға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда инвестициялар мен нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр. «TURAN» АЭА-ның инвестициялық портфелі 530-550 млрд теңгеден асады және 130-дан астам жоба жүзеге асырылуда немесе іске қосылған.  Олардың ішінде нақты жобалар:  PSI Mineral Technologies LLP – тау-кен металлургиясы жабдықтарын шығаратын зауыт, инвестиция көлемі 8,33 млрд теңге, жоспар бойынша 200 жаңа жұмыс орны болады.  Orzax Nutraceutical Manufacturing Plant – биологиялық белсенді қоспалар шығаратын өндіріс жоспары, 500-ден астам жұмыс орнын құруы күтулі.  CCGT Turkistan LLP – аймақта энергия секторында 1000 МВт-тық газ-турбиналық станция жобасы, бұл өндірістік инфрақұрылымды толықтыруға септігін тигізеді.

Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақта PVC, тамшылатып суару жүйелерін өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу сияқты жобаларға бағытталған инвестициялар жоспарланған. Бұл бизнес-аймақпен шекаралас жерде «Central Asia» халықаралық өндірістік ынтымақтастық орталығы құрылуда, оған 185,1 млрд теңге көлеміндегі инвестиция тартылып, 1 150 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

«TURAN» АЭА өнімдері іске қосылған жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған. Болжам бойынша, аймақта іске қосылатын жобалар мыңдаған жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымдық жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Инженерлік жүйелер, жолдар, теміржол желілері, су және кәріз жүйелері салынуда. Сондықтан «TURAN» аймағының толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі нәтижесінде 50-ден астам кәсіпорынның жұмыс істеуіне мүмкіндік туады деп күтілуде.

«TURAN» АЭА өңірлік инвестициялық серіктестік пен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдері аймақты дамыту жоспарымен танысып, серіктестік мүмкіндіктерін талқылады. Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан сияқты елдердің инвесторлары да бұл аймақта өндіріс пен экспортты дамытуға қызығушылық танытуда.Болашақта аймақтың даму стратегиясы экспортты 30%-ға арттыру, өндірістік кластерлер құру және логистикалық хаб ретінде халықаралық деңгейде танылуға бағытталуда.

«TURAN» арнайы экономикалық аймағы — Түркістан облысының экономикалық дамуындағы стратегиялық маңызды бастама. Қазіргі таңда аймаққа тартылған инвестиция көлемі, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен халықаралық ынтымақтастық оны өндірістік, экспорттық және инновациялық орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанның халықаралық инвестициялық тартымдылығын арттыруға үлес қосуда.

Қарапайым тілмен айтқанда, «TURAN» арнайы экономикалық аймағы – Түркістан облысының жаңа экономикалық жүрегі. Бұл жоба жұмыс орындарын ашып, инвестиция тартып, өңірді дамытады. Тұрғындарға да, кәсіпкерлерге де тиімді.

 

Қанат Шонбасов – Түркістан облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Түркістан: «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр (2-бөлім)

Сондай-ақ, әр аптаның сенбісінде мемлекеттік қызметкерлер де игі іске қолдау білдіріп, тазалық жұмыстарына қатысады. Атап айтсақ, Мақтаарал ауданында республикалық акция аясында 750-ге жуық мемлекеттік қызметші, түрлі мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, белсенді жастар мен аудан тұрғындары қатысып, бірлесіп табиғатты қорғау ісіне үлес қосты.

Сенбілік барысында негізгі назар ағаш егу мен көгалдандыру жұмыстарына аударылды. Ауданның түрлі аумақтарында мыңнан астам көшет отырғызылып, елді мекендердің жасыл желек қорын арттыруға маңызды қадам жасалды. Іс-шараны тиімді ұйымдастыру үшін 5 арнайы техника жұмылдырылып, қатысушыларға қажетті құрал-жабдықтар мен жұмысқа қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілді.

Тек көшет егіп қана қоймай, сенбілікке қатысушылар үлкен жолдардың бойы мен қоғамдық орындарды тазалап, аудан аумағын қоқыстан арылтуға белсене атсалысты. Бұл жұмыстар тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеріп, туған жердің тазалығына деген жауапкершілігін арттыруды мақсат етті.

Аудан әкімі Бақыт Асанов атқарылған жұмыстарды арнайы аралап, сенбілік барысын өз бақылауына алды. Ол көшет егу жұмысына өзі де белсене қатысып, жастармен пікір алмасып, талды дұрыс отырғызу тәсілдері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әкімнің айтқанындай, әрбір отырғызылған көшет – ауданның болашақ экологиялық әл-ауқаты мен көркем келбетіне қосылған үлес. Айта кетейік, аудан басшылығы алдағы уақытта да осындай игі шараларды жалғастырып, көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер де бұл бастамаға қолдау білдіріп жүр. Солардың бірі Сарыағаштық кәсіпкер, «Сұңқар Мед» клиникасының бас директоры Сұңқар Бердалыұлы демеушілік көрсетіп, қажетті құрал-жабдықтар, тал көшеттері және сырлау материалдарын қамтамасыз етті. Бұл абаттандыру жұмыстарының сапалы әрі тиімді жүргізілуіне мүмкіндік берді. Сенбілік барысында аллея аумағы қоқыстан тазартылып, құрғақ шөптер мен сынған орындықтар ретке келтірілді, ағаштардың түптері босатылып, суғарылды, арнайы қоқыс жәшіктері сырланды, шырша көшеттері отырғызылды. Әр талдың түбі қопсытылып, суарылды. Сонымен қатар орындықтар, қоқыс жәшіктері және басқа да инфрақұрылымдық нысандар сырланып, жаңартылды. Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері іс-шараға белсене қатысып, аудан тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды. Сенбілік Сарыағаш қаласының көркейуіне үлес қосып қана қоймай, жастардың қоғам өміріндегі белсенділігін арттыруға бағытталған игілікті шара болды.

Сондай-ақ, Арыс қаласында да жалпықалалық ағаш отырғызу акциясы өтіп, қала әкімі Қайсар Маңқараев бастаған ардақты қариялар, белсенді жастар, мемлекеттік қызметкерлер, мешіт имамдары мен түрлі мекеме ұжымдары Құрметті азаматтар аллеясына көшеттер отырғызды. Мұнда ардагерлер, этно-мәдени орталық өкілдері мен еріктілер бірлесе 50-ден астам қарағай көшетін отырғызса, дайындық жұмыстарын «Жасыл Арыс» КММ ұжымы ұйымдастырып, жер телімдерін әзірледі. Игі іс «Жеңіс» скверінде жалғасты. Мұнда да жұртшылық жұмыла еңбек етіп, 250 түп ағаш отырғызылды. «Арыс әрқашан бірлігімен, жанашыр халқымен мықты. Бүгін соның тағы бір дәлелі болды. Ұрпақтар сабақтастығы деген – осы. Еккен талдарыңыз жайқалып, ел игілігіне айналсын!» – деді қала басшысы.

Одан кейін Арыс–Шардара автожолының бойында мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен белсенді тұрғындардың қатысуымен 3 700 түп қарағаш көшеті отырғызылды. Айта кетейік, егілген ағаштардың барлығы – Арыстағы жергілікті тұқымбақта өсірілген, топырақ пен климат жағдайына толық бейімделген көшеттер.Жаппай ағаш отырғызу шарасы қала экологиясын жақсартуға ғана емес, халықты ұйымшылдыққа, туған жерді сүюге және ортақ іске жауапкершілікпен қарауға шақырған ерекше бастама болды.

Мемлекет басшысының бастамасы тек тазалыққа шығу емес, оны келешек ұрпаққа насихаттауымен де маңызды. Бұл бағытта «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінде қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған кездесу ұйымдастырылды.Іс-шараға Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Н.Садыков, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ш.Надирбаев және оқу ордамыздың белсенді студенттері қатысты. Кездесудің мақсаты – студенттермен тиімді кері байланыс орнату, экологиялық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Іс-шара барысында Нұрбек Садыков қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық заңнама талаптары туралы кең көлемде ақпарат берді. Азаматтардың экологиялық құқықтары мен міндеттері жайлы түсіндірме жасады. Студенттер тарапынан қойылған өзекті сұрақтарға нақты және толық жауаптар ұсынды. Кездесу барысында жастардың экология саласына деген қызығушылығы мен белсенді ұстанымы байқалды. Аталған іс-шара қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді нығайтуға, жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарауды дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болды. Одан бөлек, “Таза Қазақстан” акциясы аясында өңірдің білім ордаларында сынып сағаттары өткізіліп тұрады.

Қорыта айтқанда, «Таза Қазақстан» акциясы – бұл бір күндік шара емес, бұл өмір салты. Ол қоршаған ортаны қорғауға, халықтың денсаулығын сақтауға және елдің көркеюіне бағытталған маңызды бастама. Әрбір азамат тазалыққа өз үлесін қосқанда ғана Қазақстан шын мәнінде таза, көрікті әрі жайлы елге айналады. Таза орта – дені сау ұлттың, жарқын болашақтың кепілі.

Түркістан: «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жылдың төрт мезгілінде де жалғасады. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров  тазалық жұмыстары бойынша бекітілген жоспарлардың орындалуын тұрақты бақылауға алған. Мысалы, өткен аптаның өзінде өңір елді мекендерінде 114 тазалық іс-шарасы өткізіліп, оған 32 945 тұрғын қатысқан. Нәтижесінде 171 тонна қоқыс шығарылған. Өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан-қала әкімдеріне жұмыс қарқынын түсірмеу керектігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеп келеді.

«Таза Қазақстан» акциясы – экологиялық мәдениет пен ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі. Қоршаған ортаның тазалығы – халықтың денсаулығы мен елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Осы бағытта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы – қоғамды тазалыққа, табиғатты қорғауға және ортақ жауапкершілікке үндейтін ауқымды бастама. Акцияның басты мақсаты – елді мекендерді қоқыстан тазалау ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың туған жеріне деген жанашырлығын арттыру. Бұл бастама арқылы ауылдар мен қалаларда көшелер, арық-атыздар, саябақтар, қоғамдық орындар тазартылып, елді мекендердің санитарлық жағдайы жақсарып келеді.

Осындай игі істерге  Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бастаған әкімдік қызметкерлері мен облыстық Сот төрағасы Айдос Едігеұлы бастаған сот өкілдері де қатысып,  «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 150 дана қарағай ағаштарын отырғызды. Қала әкімі көпшілікпен бірге тазалық шарасына белсене қатысып, облыс орталығын көгалдандыру жұмыстарына өз үлесін қосты.

Бұл бастаманың тәрбиелік мәні де ерекше. Балалар мен жастар тазалық жұмыстарына қатысу арқылы табиғатты қорғауды, қоғамдық тәртіпті сақтауды үйренеді. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың санасында экологиялық жауапкершілікті қалыптастырады. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтады. Тазалық шараларына ауыл тұрғындары, жастар, еріктілер, ардагерлер мен мемлекеттік қызметкерлер бірлесе қатысады. Бірге еңбек ету адамдарды жақындастырып, туған жерге деген ортақ жауапкершілікті арттырады.

Одан бөлек, өткен ай соңындағы тазалық іс-шараларына тоқталсақ, Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кең көлемді экологиялық акция ұйымдастырылды. Шара барысында 11 000 түп ағаш отырғызылып, 3 000-ға жуық тұрғын мен мекеме қызметкерлері қатысқан. Сонымен бірге 18 тонна қоқыс жиналды. Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтілген. Бүгінгі күнге дейін 101 билборд орнатылып, 609 бейнеролик әзірленген. Аймақта экологиялық мәселелерге қатысты хабарламаларды қабылдайтын «TazaQazBot» жүйесіне бүгінгі күнге дейін 3 423 өтінім түскен. Оның 3 420-сы орындалған. Осыған байланысты аудан-қала әкімдіктеріне платформаны халық арасында кеңінен насихаттау тапсырылды. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты жыл басынан бері 27 137 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 554,1 млн теңге айыппұл салынған. Оның 317,9 млн теңгесі өндірілген. Ауыл округі әкімдері де өз құзыреті аясында шара қабылдап, 2025 жылдың басынан бері 505-бап бойынша 4 745 хаттама рәсімдеп, 41,9 млн теңге айыппұл салған. Өндірілген қаржы көлемі 21,3 млн теңгені құраған.

Ең алдымен, «Таза Қазақстан» акциясының халық денсаулығы үшін маңызы зор. Тазалық сақталған ортада жұқпалы аурулардың таралу қаупі азаяды, ауаның сапасы жақсарады, балалар мен қарттар үшін қауіпсіз орта қалыптасады. Әсіресе ауылдық жерлерде бұл мәселе ерекше өзекті, себебі табиғатпен етене өмір сүретін ауыл халқы үшін таза орта – күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігі. Акция аясында ағаш отырғызу, жасыл желекті көбейту, су көздерін тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шаралар табиғи тепе-теңдікті сақтауға, жердің құнарын арттыруға және климаттың қолайлы болуына ықпал етеді. Бір тал егілген ағаш – болашақ ұрпаққа қалдырылған аманат.

Бұл бағытта «AMANAT» партиясы да экологиялық жауапкершілікті күшейтіп, өз бастамасы ретінде «Таза бейсенбі» акциясын жүйелі түрде өткізіп келеді. Дәстүрлі экологиялық шара бұған дейін ауқымды түрде Ордабасы ауданында ұйымдастырылған болатын. Акцияға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, партияның аудандық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әділет Әбухайыров, сондай-ақ партия мүшелері, жергілікті билік өкілдері, жастар мен ауыл тұрғындары жалпы 100-ге жуық жан қатысқан.

«Таза бейсенбі» акциясы барысында Темірлан ауылынан Ынталы ауылына дейінгі аралықта жол бойына ағаш егу шаралары қолға алынып,  қатысушылар 200 түп тұя мен арша көшеттерін отырғызды. Бұл тек табиғатты көгалдандыру шарасы ғана емес, елдің экологиялық мәдениетіне қосылған нақты үлес болды.

Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев акцияның қоғам өміріндегі рөлінің маңыздылығын атап өтті. «Президентіміз бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясы – еліміздің экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам. Бұл бастамаға партия да өз үнін қосып, нақты істермен қолдау көрсетіп келеді. Таза орта – салауатты қоғамның кепілі. Әрбір егілген ағаш – келер ұрпаққа аманат. Сондықтан осындай шаралар арқылы адамдардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сана қалыптастыруымыз қажет», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Таза әрі ұқыпты елді мекендер ауылдың да, қаланың да көркін арттырады. Көшесі таза, айналасы жинақы жерлерде өмір сүру қолайлы болып, тұрғындардың көңіл-күйі жақсарады. Бұл – ауылдардың дамуына, жастардың туған жерде тұрақтауына оң әсерін тигізеді. Тазалық жұмыстарын марафонға айналдырған аймақтар да бар. Мысалы, Мырзакент кентінде бастау алған тазалық шарасына аудан әкімі Бақыт Асанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев, «Amanat» партиясының аудандық филиалының төрағасы Мұхтар Сәрсенов, аудан әкімінің орынбасарлары Бауыржан Шомпиев пен Серік Тұрсынқұловтар, барлық қоғамдық ұйымдардың басшылары мен мүшелері, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпкерлік нысандардың ұжымдары және кенттің тұрғындары қатысқан және марафон барысында 12 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылып, бұл қоқыстар аудан аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигонға төгілген. Сонымен қатар шараға 5 техника мен 500-ден аса адам қатысқан. Айта кетейік, Мырзакент кентінде бастау алған марафон басқа да кенттер мен округтерде жалғасын табады. Орталық тұрғындары тазалық бойынша челленджді Жаңажол ауылдық округінің тұрғындарына жолдап, көпшілікті тұрып жатқан өз өлкесін таза ұстауға шақырды.

Отырардағы игі істерге тұрғындар алғысын білдірді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Отырар ауданына қарасты Ақкөл елді мекенінде ауыз су жүйесін жүргізу мен имаратының құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар таза ауыз сумен қамтылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы, Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

-Құрметті жерлестер, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында ауылдық елді мекендерді дамыту, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бойынша берілген тапсырмасына сәйкес Отырар ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда бүгін ауыл халқы сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Нәтижесінде бүгінде аудандағы 38 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізіп отыр,-деді Қайрат Жолдыбайұлы.

Салтанатты шарада аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы жаңа су жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүру жағдайларын жақсартуға оң әсерін тигетінін атап өтті.

Сондай-ақ, салтанатты іс-шарада Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы аталған нысанның құрылысы мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылғанын айта келе, бұл шара заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қайтарылған қаражатты халық игілігіне бағыттаудың нақты үлгісі екенін жеткізді.

Нысанның құрылыс жұмыстары «Exclusive Project company» ЖШС-і мекемесі тарапынан жүргізілген. Жобаға сәйкес, 11 560 метр су құбыры жүргізіліп, 65-ке жуық отбасы ауыз сумен қамтылды. Құрылыс нысанында 1250м (2 дана) су ұңғымасы қазылып, су сорғы станциясының имараты салынған. Аудан әкімі жауапты мамандарға жаңа нысанды күтіп ұстап, ауылды сумен үзіліссіз қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Отырар ауданы, Ш.Қалдаяқов ауылында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған заманауи жабық спорт кешені пайдалануға берілді.

Кешеннің ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Ұзақов, меценат Әбдімәжит Сыздықбеков, еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері мен ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бұл спорт кешені ауыл балалары мен жастарына ғана емес, барлық тұрғындарға арналған маңызды нысан екенін атап өтті.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Қолжетімді спорт нысандары – ұлт саулығының кепілі. Мұндай кешендер ауыл жастарының спортпен жүйелі айналысуына, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Бұл – өңірдің дамуына жасалған нақты қадам. Алдағы уақытта да осындай әлеуметтік маңызы бар жобалар жалғасын табады», – деді.

Іс-шара барысында Отырар аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Жамалханұлы ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту – партия жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту арқылы ұлт денсаулығын нығайту жөніндегі тапсырмалары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ, меценат Әбдімәжит Сыздықбеков ауыл спортының дамуына қолдау көрсету болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашатынын айтып, ел игілігі жолындағы бастамалардың сәтті жүзеге асуына тілектестігін жеткізді. Ауыл ақсақалы Әбсаттар Сатыбалдиев жаңа нысанның ашылуына атсалысқан ел азаматтарына алғысын айтып, ақ батасын берді.

Жаңа кешеннің жалпы аумағы 1474,6 мың шаршы метрді құрайды. Ғимаратта әмбебап спорт зал, мамандандырылған жекпе-жек залдары, спорттық секциялар мен балаларға арналған оқу-жаттығу бөлмелері, футбол, бокс және күрес алаңдары бар.

ЭКОНОМИКА МЕН АГРОСАЛА БАСТЫ НАЗАРДА

«- Облыстың агроөнеркәсіп кешені саласында 2025-2027 жылдарға инвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітілді. Оның аясында 295,5 млрд. теңгеге 78 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Биыл жалпы құны 63,3 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, 1030 жаңа жұмыс орындары құрылды.»

Бұл туралы Түркістан облыстық облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жорабек Жолдасбеков экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңестің отырысында мәлімдеді. Сондай-ақ, басқарма басшысының орынбасары агроөнеркәсіп кешені саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және ауыл шаруашылығын дамыту бойынша баяндап, еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13 пайызы Түркістан облысына тиесілі екенін айтып, бұл салада жыл сайын 1 трлн. теңгеден астам өнім өндірілетінін атап өтті.

Хабарламада үш кластерлік бағыт бойынша жұмыстар басталғаны айтылды. Мақта-тоқыма кластерін дамытуда 5 жобаны іске асыру көзделген. Алғашқы кезеңде «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-гі толық циклды мақта өңдеу, тоқыма өндірісі, жіп иіру, мата және бояу шығару бойынша 4 зауыт салу бастамасы қолға алынған. Жүгері өндірісі кластерінде қуаттылығы жылына 150 мың тонна крахмал шығаратын зауыт іске қосылмақ. Ал ет кластерін дамытуда жалпы құны 48,9 млрд. теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асатыны айтылды.

Жиын барысында крахмал өндіруге қажетті жүгері дақылдарының жеткілікті болуы, тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау мәселелері көтеріліп, мал шаруашылығын жүргізуге бейім аймақтарда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында неліктен балық және құс шаруашылықтарын жүргізуге басымдық беріліп жатқаны сұралды. Созақ, Бәйдібек аудандарында қой шаруашылықтарын дамыту мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды. Облыс көлемінде экономикалық жағынан тиімді жеміс-жидек түрлерін өсіру бойынша салалық жоспар түзілуі керектігіне баса мән берілді.

Кеңес мүшелерінің өңір ауқымындағы шағын және орта кәсіпкерлік саласы бойынша сауалдарына Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Самат Көшкінбай жауап берді. Жиында салалық басқарманың есебінде көрсетілген ашылған жаңа жұмыс орындары санының қаншалықты объективті екені сұралды. Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, шағын және орта кәсіпкерлік саласында ашылған жұмыс орындары санының шынайылығы мемлекеттік кірістер органдарындағы салық түсімдері бойынша расталған.

Жиынның күн тәртібіне енгізілген «Ауыл аманаты» жобасының орындалу барысы жайлы «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Нұрлыбек Исаев есеп берді. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарлмасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында 25,6 млрд. теңгеге 3790 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 3,5 млрд теңгеге 477 жоба қаржыландырылса, мал шаруашылығын дамыту бағыты шеңберінде 2921 жобаға 17,4 млрд. теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Құс шаруашылығын дамыту аясында 27 жобаға 198,6 млн. теңге несие берілсе, балық шаруашылығын дамыту бойынша 53 жоба 398 млн. теңгеге қаржылай қолдау тапқан. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін жабдықтау бойынша 128 жоба 2,8 млрд. теңгеге қаржыландырылса, өз кәсібін ашу бағыты бойынша 185 жобаға 1,3 млрд. теңге несие берілген.

Бағдарламаның орындалуын талқылаған кеңес мүшелері, осы жобаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар жобаның қоғамға берген пайдасын, өзімізде шығарылатын өнімдердің нарықтағы азық-түлік бағасын төмендетуге тигізген нақты әсерін, тиімді нәтижелерін айқындап көрсетуі керек деген пікірлерін жеткізді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілетініне баса мән берілді. Бағдарлама қатысушылары жаңа салық нормаларын қолдануда қандай да бір қиындықтарға тап болмауы керек екені айтылды.

«Ауыл аманаты» жобасының орындалуы бойынша қосымша хабарлама жасаған «Ырыс» микроқаржы ұйымының басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев кеңестің 2025 жылғы 28 наурызда өткен отырысының хаттамалық шешімі бойынша берілген тапсырмалардың орындалуы туралы есеп берді. Микроқаржы ұйымы тарапынан «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар үшін арнайы кепіл саясаты қабылданғанын атап өтіп, несие алушылардың ауылды жердегі жылжымайтын мүліктердің бағалау құнының 70 пайызына дейін несие алуға мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді. Несие алу үшін құжат рәсімдерін жеңілдетуде және процесті жылдамдатуда электронды қызметтер енгізілгенін хабарлады.

Облыс тұрғындары тарапынан мал шаруашылығын дамытуға қатысты көптеген ұсыныстар түсіп жатқанына тоқталған Мұхит Мыңбаев, бағдарлама бойынша мал шаруашылығын дамытуға арналған несиелер беру шегін қазіргі 40 пайыздан 60 немесе 70 пайызға көтеру жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл бастаманы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңестің мүшелері бірауыздан қолдап, тиісті ұсынысты қарау үшін хаттамалар жолдайтын болды.

Жалпы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңестің отырысында  кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салалары бойынша тармақтарының орындалуы, «Ауыл аманаты» партиялық жобасының жүзеге асырылуы, кеңестің алдыңғы отырыстарында қабылданған шешімдердің іске асырылу барысы туралы мәселелер жан-жақты қаралды. Кеңес отырысына Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева да қатысып, өңірімізде шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашуды іске асыру бағыты Жол картасының өзегіне айналғанын айтты.

«- Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған нақты шаралар шаруаларға қолжетімді қаржыландыру тетіктерін кеңейтуді, кооперацияны дамытуды, өңдеу өнеркәсібін жолға қоюды, сондай-ақ ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтуды, еліміздің экпорттық әлеуетін арттыруды көздейді. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып, өнімнің қосылған құнын көбейтуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар өңір экономикасын әртараптандыруға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған. Оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасының іске асуы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, ауыл шаруашылығы саласында жаңа өндірістерді қалыптастыруға арналғаны белгілі», – деді кеңес отырысының маңыздылығын түсіндіріп өткен Қалыйма Жантөреқызы.

Жұмыс жиынын әрі қарай, кеңес төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғани Раймбеков жүргізіп, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің басты тіректерінің бірі екенін айтты. Осыған орай, бағдарламаларды өңірде іске асыру жөніндегі Жол картасында бұл бағыттар маңызды басымдық ретінде айқындалғанын атап өтіп, белгіленген межелі көрсеткіштер халықтың табысын арттыруға және ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге тікелей әсер ететінін жеткізді.

КЕЛЕСТЕГІ 2 ЕЛДІ МЕКЕН САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында маңызды инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгін Келес ауданындағы Кеңдала мен Көгерту елді мекендерінде су нысандары ел игілігіне берілді.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Келес ауданына жұмыс сапары барысында Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Кеңдала және Көгерту елді мекендерінде салынған ауыз су нысандарының ашылу салтанатына қатысып, тұрғындарды құттықтады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қайтарылған активтер қаражаты халық игілігіне бағытталып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға ауыз су нысандарының сапалы жұмысын қамтамасыз етіп, тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Іс-шара барысында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысандардың іске қосылуымен құттықтап, қуанышын бөлісті. Алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жалғасын табатынын жеткізді.

Жаңа ауыз су нысаны арқылы Кеңдала елді мекеніндегі 102 тұрғын үй, 502 тұрғын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтылды. Ал Көгерту елді мекенінде іске қосылған нысан арқылы 91 тұрғын үйдің 611 тұрғыны орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Бұл ауыл халқының тұрмыс сапасын арттырып, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына оң әсер етуде.

Жалпы, Келес ауданы бойынша 13 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Қазіргі таңда 12 ауыз су нысанының құрылысы жүргізіліп, олардың басым бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Жобалар толық іске асқан жағдайда аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту деңгейі айтарлықтай артады.