Инвестициясы дамып, әлеуеті артқан Сауран (3-бөлім)

Сонымен бірге, «Zhongzhi Mayson Technology Co., Ltd.» компаниясы Орталық Азиядағы өнеркәсіптік әріптестік мүмкіндіктері жөніндегі толық таныстырылым ұсынды.Инвесторлар Сауран ауданымен ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдары, тоқыма өндірісі және жер қойнауын пайдалану бағыттарында бірлескен жобалар құруға дайын екенін жеткізді. Табиғи шикізаттың молдығы, инфрақұрылымның қолжетімділігі, өндірістік алаңдардың болуы және инвесторларға әкімшілік қолдау өңірдің басты артықшылықтары ретінде атап өтілді.

Кездесу барысында Шаньдун «Zhongzhi Mayson» технологиялар компаниясы құрған халықаралық платформаның жұмысы таныстырылды. Платформа құрамында 1600-ден астам қытайлық өнеркәсіптік кәсіпорын бар екені, сондай-ақ Қытайдың мемлекеттік және ірі жеке компанияларымен бірлесіп 4 млрд АҚШ долларын құрайтын өнеркәсіптік қор құрылғаны айтылды. Бұл қор Орталық Азиядағы жобаларды қаржыландыру, бөліп төлеу және несиелеу арқылы қолдауға бағытталған. Инвесторлар өнеркәсіптік жабдықтарды 15 жылға дейін бөліп төлеу, Қазақстан аумағында зауыт салу, технология трансферін іске асыру, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі бойынша толық өндірістік тізбекті енгізу сияқты ұсыныстарын ортаға салды. Қызанақ, ет, жарма, нан, фри, шырын, балық, құс өнімдері, консерві желілері және санитарлық-экологиялық жабдықтар бойынша жобалар таныстырылды. Міне осындай кездесулердің қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.

Одан бөлек, Сауран ауданында мал шаруашылығын дамыту мақсатында заманауи бордақылау алаңдарын салу бойынша инвестициялық жобалар іске асырылуда. Бұл бағытта инвестиция салуға ниетті жергілікті кәсіпкерлер де жетерлік. Мысалы Ескі Иқан ауылдық округінде 15 мың бас ірі қараға арналған 30 мал бордақылау кластерінің алаңы қалыптасып жатыр. Бұл кешен аудандағы мал шаруашылығы инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Алдағы уақытта аталған аумақта 10 мың бас ірі қараға арналған 20 қора салу жоспарланған. Бұл өз кезегінде ауданның өндірістік қуатын арттырып, мал шаруашылығын қарқынды дамытуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтің аумағынан жалпы көлемі 185 гектар жер телімі бөлініп, 2026-2027 жылдар аралығында 292 мал бордақылау алаңының құрылысы жоспарланып отыр. Жобаның басты ерекшелігі – инфрақұрылым мен қызметтерді бір орталыққа шоғырландыру арқылы тиімділікті арттырып, өндіріс шығындарын азайту және сапаны жоғарылату.

Сауран ауданы кәсіпкерлік саласында тағы бір айтулы жетістікке қол жеткізді. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурс, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесі және «Адал Азамат» премиясы бойынша аудан кәсіпорындары үздік деп танылып, ұлттық деңгейде жоғары марапаттарға ие болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы Жарлығына сәйкес жыл сайын өткізілетін «Алтын сапа» конкурсы еліміздің ең үздік өндіріс орындарын анықтауды мақсат етеді. Конкурс талаптарына сәйкес сапа менеджменті жүйесі, өнімнің жоғары стандарттарға сәйкестігі және инновациялық шешімдер басты назарға алынады. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша Сауран ауданынан «Ақниет Holding» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Іскер 2025» арнайы номинациясының жеңімпазы атанды. Компания білім беру ұйымдарына арналған жиһаз өндірумен айналысады және соңғы үш жылда 50-ге жуық мектепті қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткен. Қазіргі уақытта кәсіпорын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сәйкес стандартталған жиһаз үлгілерін шығарып, оларды республикадағы оқу мекемелеріне жеткізіп отыр. Сонымен қатар мекеме «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесе отырып, денсаулық сақтау саласына арналған медициналық жабдықтарды өндіруді жүзеге асырады.

Сонымен қатар, 2025 жылы өткен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесіне 180 кәсіпорын қатысып, нәтижесінде «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша 9 кәсіпорын жеңімпаз деп танылды. Солардың ішінде Сауран ауданын танытқан «Sem Brand» жеке кәсіпкерлігі бар. Кәсіпорын металл қаңқалы үстелдер мен орындықтар өндірісімен айналысып, аймақтық және республикалық нарықта тұрақты сұранысқа ие өнім шығарып келеді.

Бизнес саласындағы жоғары этикалық стандарттарды дәріптейтін «Адал Азамат» премиясы да өңір кәсіпорнына бұйырды.«Идеал Туркестан» ЖШС биылғы марапатқа лайық деп танылды. Пластик жиһаз өндіретін кәсіпорын экологиялық технологияларды қолдану, ашықтық қағидаларын сақтау және қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыру бағытында үздік тәжірибеге ие.

Бұл табыстар Сауран ауданындағы кәсіпкерліктің қарқынды дамуының, сапалы өнімге деген сұраныстың артуының және адал еңбек принциптерінің орнығуының нәтижесі болып табылады. Аудан алдағы уақытта да жергілікті кәсіпорындарды қолдап, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жұмыстарды да жалғастыра бермек.

Инвестициясы дамып, әлеуеті артқан Сауран (2-бөлім)

Cауран ауданындағы “өндірістік парк” аймақтары өндіріс орналастыруға қолайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Аудан аумағындағы өндіріс бағыттары да айқын әрі сан салалы.

Мысалы: Құрылыс материалдары шығаратын – 36 цех; Жиһаз өндірісі – 35 цех; Азық-түлік өнімдерін өндіру – 25 цех; Резеңке және пластмасса бұйымдарын өңдеу – 8 цех; Тігін өндірісі – 5 цех; Электротехникалық өндіріс – 5 цех; Дәрі-дәрмек өндіретін – 1 өндіріс орны; Ауылшаруашылық жабдықтарын жасайтын – 8 цех; Қағаз өңдейтін – 1 цех іске қосылатын болады. Өндірістік жобалардың қарқынды дамуы Сауран ауданының индустриалдық әлеуетін өсіріп, өңірдегі экономикалық белсенділікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға кең мүмкіндік беруде. Негізі облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаңдары құрылған. Бүгінгі таңда, 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Айта кетейік, Түркістан қаласында өткен халықаралық «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» форумында жалпы құны 432,2 млрд теңге болатын 7 маңызды меморандум бекітілген болатын. Оның бірі Сауран ауданында іске асатын 16 млрд теңгелік агроөнеркәсіптік жоба. Жоба аясында шетелдік «Xiang Hopi i Ma Aerial Machinery» компаниясымен екіжақты меморандумға қол қойылды. Бұл жобаның Сауран ауданында жүзеге асырылуы – ауыл шаруашылығы саласын технологиялық жаңғыртуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, заманауи агротехникалық шешімдер енгізуге мүмкіндік беріп отыр. Компания – топырақ өңдеу, егін жинау және агроөндірістік процестерді автоматтандыруға арналған жоғары технологиялы ауыл шаруашылығы техникасын өндіруге маманданған. Олардың өнімдері тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар көрші елдерге де экспортталады. Енді алдағы уақытта, Сауран ауданы инвесторлармен серіктестікті нығайтып, ауыл шаруашылығы саласын технологиялық тұрғыда жаңғыртуға дайын.

Жалпы облыста 2025-2028 жылдар аралығында 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар биыл 10 айдың қорытындысымен облыстың капиталына 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылыпты. Облысқа 2025 жылға 475 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалған.

Айта кетейік, Түркістан облысының әкімдігі жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өткізіп, Қытай, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырды. Нәтижесінде арнайы аймақтарда белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісі, кеңселік қағаз өндірісі, сэндвич-панельдер мен еден жабындарын өндіру, тамшылатып суару жүйелерін енгізу, балыққа арналған құрама жем өндіру және өсімдік майын өндіру бойынша ауқымды жобалардың тізімі айқындалды. Сонымен қатар, энергетика саласына да ірі инвестициялық жобалар бағытталуда. Күн электр станциясы сияқты жасыл энергетика нысандарының салынуы – өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, экологиялық тұрғыдан таза әрі тұрақты даму мүмкіндігін береді. Бұл – болашақ ұрпақ үшін жасалған маңызды қадам.

« – Түркістан – еліміздегі халық тығыз орналасқан облыс. Өңірде еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар үлесі 33,7% деңгейінде, бұл Түркістан облысының кадрлық әлеуетін күшейтіп, инвесторлар үшін тұрақты еңбек ресурстарын қамтамасыз етеді. Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүктің 85 пайызы Түркістан облысынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі арқылы тасымалданады. Бұл дәліз әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сонымен қатар, Қытайдағы Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы және Сианьдағы құрғақ порт сияқты бірлескен жобалар біздің транзиттік әлеуетімізді одан әрі нығайта түседі. Қазіргі уақытта облыста инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін ұсынатын индустриалды аймақтар және дайын ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалдау немесе сатып алу құқығымен берілетін шағын өнеркәсіптік парктер бар. Арнайы экономикалық аймақта да инвесторларға мүмкіндік мол. Түркістан облысында инвестициялық ахуал өте жақсы. Маңызды жобаларды сүйемелдеп, толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Мақсатымыз – өндіріс орындарын көбейту,» – деген облыстың әкімі Нұралхан Көшеров инвестиция тарту, өңір экономикасын әртараптандыру және өндіріс саласын дамыту бойынша жаңа жобалар қолға алынып, олардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын да айтып келеді.

Сондай-ақ, өңір басшысы аудан әкімдеріне инвесторлармен кездесулер өткізіп, аймақтың мүмкіндіктерін таныстыру және жаңа жобаларды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын құру бағытында белсенді жұмыс атқаруды тапсырған болатын. Бұл бағытта Сауран ауданы жүйелі іс-шараларды атқарып жатыр. Атап айтар болсақ, аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Қытай Халық Республикасының өнеркәсіптік жабдықтар мен тамақ өнімдерін өңдеу саласында жұмыс істейтін жетекші 9 компаниясының басшылары ресми кездесулер өткізіп, металл құю жабдықтары, бөтелке қалыптау машиналары, қуыру желілері, макарон өндірісі, сүт өңдеу, мұздатылған тағамдар, орау машиналары салаларында қызмет ететін компаниялардың жетекшілерімен келіссөздер жүргізді.

Инвестициясы дамып, әлеуеті артқан Сауран

Сауран ауданы бүгінде тек тарихи және мәдени құндылығы жоғары өңір ғана емес, сонымен бірге экономикалық тұрғыдан әлеуеті зор, болашағы жарқын инвестициялық аймақ ретінде қалыптасып келеді. Түркістан облысындағы жаңадан құрылған Сауран ауданы қысқа уақыт ішінде қарқынды дамып, инвестиция тарту бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ауданның инфрақұрылымдық мүмкіндіктері кеңейіп, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика және кәсіпкерлік салаларында жаңа жобалар жүзеге асуда. Бұл өз кезегінде өңір экономикасын жандандырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлкен серпін беруде.

Соңғы жылдары ауданға қомақты көлемде инвестиция тартылып, бірнеше ірі жобалар іске қосылды. Атап айтқанда, құс шаруашылығы, мал және егін шаруашылығы бағытында жаңа өндірістер дамып, агроөнеркәсіп кешені заманауи технологиялармен жабдықталуда. Сауран аумағында құс етін өндіретін жоғары қуатты ферма құрылысы қолға алынып, ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспорттық мүмкіндік қалыптастыруға жол ашылды.

Жобаны «Eco-Chiken» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатыр. Жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын бұл өндіріс орны толық қуатында жұмыс істегенде, еліміздегі құс етіне деген сұранысты өтеуге елеулі үлес қоспақ. Құс фермасының басты ерекшелігі – оның заманауи талаптарға сәйкес салынуы. Өндіріс алаңы автоматтандырылған жүйелермен қамтамасыз етіліп, құстарды күту, жем-шөп беру, санитарлық жағдайды бақылау толықтай жаңа технологиялар негізінде жүзеге асырылған. Мұндай мүмкіндік жоғары сапалы өнім шығаруға, шығынды азайтуға және еңбек өнімділігін арттыруға жол ашады. Жоба толық іске қосылған кезде аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың табыс көзі артады. Сонымен бірге, Сауран ауданында өндірілетін құс еті өңірдің ішкі қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, облыс және республика деңгейінде нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, болашақта көрші мемлекеттерге де экспортталмақ. Экспорттық бағытта Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан елдерінің нарығына шығу жоспарланып отыр. Бұл – өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда маңызды қадам. Жоба аясында шамамен 150-200 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл – Шаға және оған жақын маңдағы елді мекен тұрғындары үшін жаңа табыс көзі.

Сонымен қатар, құс шаруашылығы саласына салынған инвестиция аудандағы кәсіпкерліктің дамуына, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға және инвестициялық климаттың жақсаруына оң әсерін тигізуде. Мұндай өндіріс орындарының ашылуы инфрақұрылымның дамуына, қосымша сервистік қызметтердің қалыптасуына және экономиканың тұрақты өсіміне ықпал етеді. Сауран ауданындағы құс фермасы – тек бір кәсіпорын ғана емес, өңірдің болашағына салынған маңызды инвестиция. Ол ауданның экономикалық қуатын арттырып, әлеуметтік жағдайды жақсартуға, сапалы отандық өнім өндіруге зор мүмкіндік беретін стратегиялық жоба ретінде бағаланады.

Сонымен қатар, Сауранда өндірістік және кәсіпкерлік инфрақұрылым да қарқынды дамып келеді. Ауданда шағын индустриалды аймақтар мен өндірістік парктер құрылып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалуда. Инженерлік инфрақұрылым тартылып, заманауи кәсіпорындар ашуға мүмкіндік берілуі – Сауранды инвестиция үшін тартымды аймаққа айналдырып отыр. Бұл жобалар жергілікті бизнестің дамуына жол ашып қана қоймай, аудан экономикасын әртараптандыруға ықпал етуде.

Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. 1 220 жұмыс орны ашылды.

Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар ашылған. Отандық өндірісті дамыту есебінен 27 млрд теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткізілді. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елімізді қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік болады. Шағын өндірістік алаңдарды дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысып келеді. Әрбір аудан мен қалада, халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде өндірістік алаңдарын құрып, кәсіпорындар мен зауыттар ашу жұмыстары да басталып кетті.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы жұмыстар нәтижесінде Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылды. Мұнда 30 млрд теңгеге 115 жобаны іске асырып, 1 124 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізіліп, нақты жұмыстар атқарылып жатыр.

Экотуризмнің маңызы және Түркістан облысының әлеуеті

Түркістан облысында экотуризм қарқынды дамып келеді. Облыстың әкімі Нұралхан Көшеров туризм саласын, оның ішінде экологиялық туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөліп, жауапты басқарма мен аудан,қала әкімдеріне бұл бағыттағы жобаларды қарқынды түрде дамытуды тапсырған болатын.

Жалпы Түркістан облысы – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ірі өңір, тұрғын саны бойынша да республикадағы көшбасшы аймақтардың бірі. 2025 жылғы дерек бойынша облыс халқы шамамен 2,147,9 мың адамды құрайды.   Оның бай табиғи ресурстары мен тарихи-мәдени мұрасы аймақты экотуризм үшін перспективалы бағытқа айналдырады. Экотуризм – табиғатты сақтай отырып, тұрғындарға кіріс көзін қалыптастыруға көмектесетін тұрақты даму секторларының бірі.

Түркістан облысында экотуризмді дамыту: көрсеткіштер, мүмкіндіктер және даму болашағына тоқталар болсақ. Өңір табиғи, тарихи және мәдени байлықтарға кенде. Облыста бірнеше ерекше қорғалатын табиғи аймақтар бар, соның ішінде: «Ақсу–Жабағылы» қорығы, «Қаратау» қорығы, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі бар. Бұл аймақтар экологиялық туризмге арналған негізгі бағыттарды құрайды. Өзінің әр түрлі ландшафттарымен және табиғи ерекшеліктерімен олар экотуристердің қызығушылығын арттыруда.

Соңғы жылдары өңірге келетін туристер саны артқаны байқалады. Мысалы, облысқа өткен жылы 470 мың турист келсе, биылғы бұл көрсеткіш еселенеді деп бағаланған. Өңірдің табиғи көрікті орындары мен климаты экотуристер үшін тартымды таулы және жайлы серуен аймақтарын ұсынады. Сонымен қатар өңірде экотуристер саны өсуде: өткен жылғы таулы аймақтарға барған туристер саны шамамен 75 мың болса, биыл жыл соңына қарай 100 мыңнан асуы мүмкін деп болжануда.

Түркістан облысында туризмді дамыту үш негізгі бағытта жүргізілуде. Олар тарихи-танымдық туризм мен емдік-сауықтыру туризмі және экологиялық туризм кластерлері. Экотуризмнің дамуы үшін инфрақұрылымды жаңарту, абаттандыру, кіру бағаларын реттеу, қауіпсіздік және навигациялық жүйелерді енгізу сияқты іс-шаралар белсенді түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, өңірлік билік пен туризм саласының өкілдері табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті көтеру және қауіпсіздік талаптарын насихаттау мақсатында арнайы іс-шаралар ұйымдастыруда. Мысалы, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Түркістан таулары» атты белсенді экотуристік фестиваль өткізілді, онда қатысушылар экотуризм негіздері, қауіпсіздік ережелері, табиғатты қорғау мәселелері бойынша білім алды

Экотуризмнің дамуы Түркістан облысының табиғи қорларын сақтау мен тұрғындардың экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, экологиялық туризи бағыты табиғатты сақтау мен тұрақты пайдалануды насихаттайды, аймақ экожүйелерін қорғауға септігін тигізеді. Әлеуметтік-экономикалық тиімділігін айтар болсақ, елімізде жаңа жұмыс орындарын ашып, ауылдық тұрғындар үшін қосымша табыс көзін қалыптастырады. Жалпы экотуризм арқылы Түркістан облысын әлемге таныстырып, халықаралық туристерді тартуға мүмкіндік туындап отыр.

Ал, жалпы Қазақстандағы экотуризм тенденциялары да оң бағытта дамып, өткен жылы шамамен 2,8 миллион адамға дейін артқан. Оның ішінде, Түркістан облысында экотуризмнің дамуын қолдау мақсатында инфрақұрылымды жетілдіру жоспарлары қарастырылуда. Яғни, туристік бағыттарды белгілеу және абаттандыру, қонақжайлар мен эко-кемпингтер салу, ұлттық парктер аймағында сервистік қызметтерді дамыту сияқты шараларды қамтиды. Өңірдегі экологиялық туризімді дамытуға қолайлы аймақтардың бірі – Төлеби ауданы болып саналады. Қазіргі таңда Төлеби ауданы және басқа да қалалар экотуризмді дамыту бойынша әріптестік қарым-қатынастарды нығайтуға, ұлттық парк аумақтарын тиімді басқаруға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда.

Ал, Төлеби аумағында бірнеше ерекше қорғалатын табиғи аймақтар, соның ішінде «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бар. Бұл паркте жалпы 17 519 гектар жер туристік және рекреациялық аймақ болып саналады.  Бұл аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Қазіргі таңда парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген. Ауданда экологиялық туризм жақсы дамып келеді: соңғы жылдары 100 000-нан астам адам саяхаттап келгені туралы ресми ақпараттар бар, соның ішінде табиғатқа қызығушылық танытатындар көп. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру бойынша Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өкілдерімен кездесіп, әріптестік қарым-қатынас орнату бағытында жұмыс істеу жолдарын қарастырған болатын.

Ұлттық парктың аумағы әртүрлі кіру режимдері бар үш аймаққа бөлінген. Ұлттық парктің аумағында Сайрам шыңы бар, ол теңіз деңгейінен 4236 м биіктікте орналасқан. Сонымен қатар Қырық қыз жартастары, Мақпал көлі теңіз деңгейінен 2100 м биіктікте орналасқан, Сусіңген биік таулы көлі де бар, ол теңіз деңгейінен 1700 метрде және ұлттық табиғи паркінде Грейг қызғалдақтары өседі. Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында өсімдіктердің 1635 түрі бар. Оның ішінде Қызыл кітапқа енген 62 түрі кездеседі.

Түркістан облысында туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасау мақсатындағы жұмыстар жалғасын табуда

Түркістан облысында туризмді дамыту, туристер мен келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жол инфрақұрылымын қамту жұмыстары ұдайы жалғасып келеді. Солардың бірі М-32 «Самара – Шымкент» автомобиль жолының бұрылыс алаңы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. 2056 шақырымдағы жол айрығы «Самара– Шымкент-Орал-Ақтөбе-Қызылорда» қалаларына бағытталады.

Айта кетейік, Түркістан қаласы маңында орналасқан Сауран кешеніне келушілер саны жыл сайын артып келеді. 2024 жылы келген туристер саны 2683 адам болса, 2025 жылдың 11 айдың қортындысымен келген туристер саны 9925 құрады. Туристер мен келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралынан Сауран қалашығына бұрылатын жол бөлігін ашу жұмыстары белсенді жалғасуда. Өңірде туристік бағытты дамыту мен саланың кірісін көбейту, сондай-ақ жергілікті турбизнес субъектілерін қолдауды қамтамасыз ету үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы тарапынан өңірге келуші туристердің жайлылығын қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, жұртшылықты айтулы күнмен құттықтады.

“– Бүгін өңіріміз үшін үлкен маңызға ие инфрақұрылымдық жоба – республикалық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолынан Сауран қалашығына бұрылыс жолы пайдалануға берілмек. Бұл нысан – тек жол инфрақұрылымының жаңаруы ғана емес, тарихи-туристік «Сауран археологиялық-сәулеттік кешеніне» кіреберіс пен шығаберісті айтарлықтай жеңілдетіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды объект. Сапалы жол – туристің алғашқы әсерін қалыптастыратын басты фактор. Сондықтан бүгін іске қосылып отырған бұл жол нысаны туристік ағымды көбейтуге, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, кәсіпкерлік нысандарының дамуына және жалпы өңірлік инфрақұрылымның жақсаруына үлкен серпін береді. Өздеріңізге белгілі, Сауран қалашығына келушілер бұрын шамамен 30 шақырым айналма жол жүріп келуге мәжбүр болатын. Енді осы бұрылыс жолының іске қосылуымен бұл мәселе толық шешімін тауып отыр. Біз бұл жобаның іске қосылуы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, жол қауіпсіздігін арттырып, халқымыздың игілігіне қызмет ететініне сенімдіміз,” – деген Зұлпыхар Жолдасов жобаны іске асыруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

Маңызды жол айрығының құрылысын «Қыран» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Жолдың ұзындығы 1955 метрді құрайды. Құрылыс барысында қолданыстағы жол жамылғысы фрезерленіп, су өткізгіш құбыр орнатылды. Сонымен қатар жолды абаттандыру, жол белгілері мен таңбалау, жарықтандыру жұмыстары толық аяқталған.

Жалпы Шымкент–Қызылорда жолының қарқыны жоғары. Мұнда тәулігіне 11 000 жеңіл автокөлік, 3 000 автобус және 8 000 жүк көлігі жүріп өтеді. Сондықтан жол инфрақұрылымын дамыту, қауіпсіздік шараларын күшейту және жолды сапалы жөндеу, көлік қатынасын қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді.

ТҮЛКІБАСТАҒЫ ҚЫЗЫЛБАСТАУ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ТІРЕК ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылдардағы әлеуметтік меселелерді шешу, әсіресе медициналық нысандарды ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытты Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгін, осы орайда Түлкібас ауданына қарасты Қызылбастау ауылында көптен күткен жаңа медициналық тірек ел игілігіне берілді. Шараға арнайы облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Тұрғындарға денсаулық сақтау қызметінің жақсарып, ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігі артатынын айтты.

« – Қызылбастау ауылында ашылған жаңа медициналық тірек жергілікті халық үшін үлкен қуаныш әкелді. Бұрын дәрігерге қаралу үшін алыстағы ауруханаға баруға мәжбүр болған тұрғындар енді сапалы медициналық көмекті өз ауылынан алатын болды. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бұл нысан алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге, науқастарды дер кезінде тексеріп, ем-дом жүргізуге зор мүмкіндік береді. Медициналық тіректе енді тәжірибелі дәрігерлер мен медбикелер де жұмыс істейді.«Халық денсаулығы – ең басты байлық» қағидасын негізге алған бұл бастама ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыра түсетіні сөзсіз.» – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев.

Бұған дейін ауыл халқы жалдамалы ғимаратта медициналық көмек алып келген. Енді жаңа, заманауи талаптарға сай салынған медициналық тірек халыққа сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге толық мүмкіндік береді. Жаңа медициналық тірек – тек денсаулық сақтау нысаны ғана емес, ел игілігіне қызмет ететін маңызды әлеуметтік жоба. Оның жұмысына разы болған тұрғындар алғыстарын білдіріп, медицина қызметкерлеріне табыс тілеп отыр. Биыл ауданда жыл басынан бері тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында Мақталы, Тастұбұлақ, Шақпақ-Баба ауылдарында жаңа медициналық тіректер іске қосылса, жуырда ғана Азаттық ауылында да жаңа медициналық нысан қолданысқа берілді. Ауданда медициналық нысандарды арттыру үшін келесі жылы Қараағашты, Жаңұзақ, Майтөбе және Еңбек елді мекендерінде де заманауи медициналық тіректер салу жоспарлануда.

Айта кетсек, өткен жылы Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында жалпы құны 10 млрд теңге құрайтын 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізіліп, толық іске қосылған болатын. Осы бағыттағы жұмыстар осы жылы да жалғасын табуда. Атап айтқанда облыс көлемінде қайта жаңғырту қажет ететін 73 медициналық нысанның, биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен 34 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді.

МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА 200 ОРЫНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы Мақтаарал ауданына қарасты Ынталы елді мекенінде жаңадан салынған 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Тұрғындар үшін маңызды ғимараттың ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты сәтімен құттықтады.

«– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Жаһан жұрты елімізді өнеріміз, мәдениетіміз арқылы танып біледі» деп атап өткен болатын. Сондықтан мәдениет саласына қолдау көрсетудің маңызы зор. Биылғы 13 наурызда Мақтаарал тұрғындарымен өткен кездесуде халық тарапынан бірнеше маңызды мәселе көтерілген болатын. Сіздер құрылысы басталып, қаржының толық бөлінбеуіне байланысты тоқтап қалған екі мәдениет үйінің құрылысын аяқтау туралы ұсыныс бердіңіздер. Бұл – Ж.Нұрлыбаев және Достық ауылдық округіндегі мәдениет үйлері. Аталған нысандарды өз бақылауыма алып, құрылыс жұмыстарына қажетті қаражат толық қарастырылды. Нәтижесінде бүгінде бұл мәдениет ошақтары халық игілігіне табысталуда. Сонымен қатар А.Қалыбеков ауылдық округіндегі бір мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ халықпен кездесуде көтерілген тағы бір маңызды мәселе – Мырзакент кентіндегі орталық саябақты қайта жаңғырту еді. Халықтың осы өтініші де назардан тыс қалмай, бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, жоба толық жүзеге асырылды. Ауылдарды, өңірді дамыту жұмыстар жалғасады,» – деді Нұралхан Көшеров.

Мәдениет үйінің құрылысын «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС жүргізген. Құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. Жер телімінің жалпы алаңы – 1 гектар, ғимараттың жалпы ауданы – 1 273 шаршы метр. Конкурстық құны – 794 002,7 мың теңге. Нысанның ашылуымен 70-тен астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Мұнда түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелер, концерттер мен мәдени іс-шаралар өткізуге толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар ғимарат ішінен заманауи талаптарға сай кітапхана да ашылып, оқырмандарға есігін айқара ашты. Спорттық үйірмелерге де орын қаралған.

Айта кетсек, бүгінгі таңда ауданда 10 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Аталған мәдени мекемелерде жастар мен оқушылар би, домбыра, қолөнер, эстрада және тағы басқа бағыттар бойынша өз өнерлерін шыңдап келеді.

МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА 1500 ОРЫНДЫҚ ЗАМАНАУИ МЕКТЕП ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің білім саласын жаңа деңгейге көтеру мақсатында «Келешек мектептері» жобасын қолға алуды тапсырған болатын. Түркістан облысында осы жоба арқылы 29 мектептің құрылысы жүргізілді. Бүгін солардың бірі Мақтаарал ауданына қарасты Атакент кентінде ашылып, 1500 орындық мектеп қолданысқа берілді. Білім ошағының ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жұртшылықты ғимараттың ашылуымен құттықтады.

«– Бүгін Мақтаарал өңірінде сүйінші жаңалық болып жатыр. Ауданда тағы да заманауи мектеп бой көтеріп, оқушыларға есігін айқара ашты. Бұл – мемлекетіміздің білім мен ғылымға бағытталған стратегиялық саясатын көрсететін мәні зор оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған бағдарлы қадам. Мақтаарал ауданында ашылып отырған 1500 орындық жаңа мектеп – ауылдағы балаларға жасалған үлкен қолдау. Бұл заманауи білім ордасында оқушылардың терең білім алуына, шығармашылықты дамытуына барлық жағдай жасалған. Мұнда келешектің ойлы, парасатты және бәсекеге қабілетті жастары тәрбиеленеді. Бұл мектеп – тек оқу орны ғана емес, жас ұрпақтың азамат болып қалыптасатын айбынды ордасы. Мақтаарал – еңбекқор халқы бар, қарқынды дамып келе жатқан қасиетті мекен. Бүгін бой көтерген жаңа білім ұясы – осы өңірдің адами капиталын жақсартып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа белеске жетелейді. Бізге білімді, отаншыл, рухы биік, жаңашыл буын керек. Міне, жаңа мектеп сол асыл міндетті орындауға қызмет етеді. Бұл – ұлт болашағына салынған инвестиция. Сондықтан ұстаздарымыз үнемі ізденіп, сапалы білім берулері керек. Сіздерді жаңа мектептің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мақтааралдың білімге құштар жастары ғылым мен мәдениеттің биік шыңдарын бағындырып, елге қызмет ете берсін!» – деді облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлы.

Айта кетейік, Түркістан облысы білім беру саласын жаңғырту және оқушы орындарының тапшылығын шешу мақсатында «Келешек мектептері» ұлттық жобасын белсенді жүзеге асырып жатыр. Бұл жоба — еліміздің білім жүйесін заманауи талаптарға сай қайта құру, сапалы және қауіпсіз білім беру инфрақұрылымын қамтамасыз ету бағытындағы ауқымды бастама.

Мақтаарал ауданына қарасты Атакент кентінде ашылған 1500 орындық мектеп жобасының құны 5,2 млрд. теңгені құрайды. Ал ғимарат 14 710 метр аумақта орналасқан. Сыйымдылығы – 1500 бала. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен құрылыс жұмыстарын «BCN Group» ЖШС компаниясы жүргізді. Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Спорт залы, мәдениет залы, асхана, акт залы, оқу бөлмелері мәжіліс залы, арнайы пән кабинеттері бар. Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» жобасымен 29 білім ұясы салынды.

«Келешек мектептері» — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып отырған ұлттық жоба. Оның негізгі мақсаты — жаңа мектептер салу, білім беру кеңістігін кеңейту, үш ауысымды оқыту мен оқушы орнын жетіспеу мәселелерін шешу, сондай-ақ оқушыларға заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қамтамасыз ету. Бұған дейін де  Түркістан облысында «Келешек мектептері» аясында бірнеше жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. Атап айтқанда Төлеби ауданының Достық ауылында 900 орындық және Сайрам ауданының Ақсу ауылында 600 орындық мектептер ашылды.  Келес ауданында Абай ауылында 600 орындық жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Сонымен қатар Сауран ауданында 300 орындық жаңа мектеп те ашылды.  Бұл мектептер заманауи стандарттарға сай салынған: оқу кабинеттері, спорт залдары, кітапханалар, кең акт залдары, асхана және қауіпсіздік жүйелері бар. Мұндай инфрақұрылым оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.  Облыстағы мектептердің ақпараттық инфрақұрылымын дамыту да маңызды назарда тұр. Мысалы, кейбір мектептерде интернетке тұрақты қол жеткізу, соның ішінде ауылдық жерлердегі білім беру ресурстарына қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін халықаралық бастамалар да қолға алынып жатыр. Бұл оқушылар мен мұғалімдерге онлайн ресурстарға кіруді жеңілдетеді және білім беру сапасын арттыруға септігін тигізеді.   «Келешек мектептері» жобасы Түркістан облысында мектеп тапшылығын жоюға айтарлықтай үлес қосуда. Заманауи мектептердің ашылуы жаңа оқу орындарының санын арттырып қана қоймай, оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қамтамасыз етеді. Бұл — өңірде білім сапасын көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстардың айқын көрінісі.

Қазіргі кезеңдегі әлемдік өзгерістер білім беру жүйесіне де түбегейлі жаңаруды талап етуде. Ғылым мен технологияның дамуы, цифрлық орта, жасанды интеллекттің кең қолданылуы – болашақ мектептерінің бейнесін түзіп, олардың жаңа бағытта дамуына жол ашып отыр. Сондықтан келешек мектебі – тек білім беретін орын ғана емес, тұлға қалыптастыратын, шығармашыл ойлауды дамытатын, өмірге бейімдейтін заманауи орталық болмақ.

Болашақ мектептерінде дәстүрлі оқыту әдістерімен қатар толыққанды цифрлық платформа қолданылады. Интерактивті тақталар, виртуалды зертханалар, онлайн білім беру ресурстары, қашықтан оқу жүйесі оқушыларға кең мүмкіндік береді. Жасанды интеллект әр оқушының қабілеті мен қызығушылығына сай жеке оқу бағдарламасын ұсына алуы мүмкін. Келешек мектебі тек ақпарат берумен шектелмейді. Ең басты міндет – оқушыны ойландыру, талдауға, шешім қабылдауға, жаңа идея ұсынуға үйрету. Жобалық жұмыс, зерттеу жүргізу, тәжірибе жасау сияқты оқу формалары көбейеді. Бұл балалардың сын тұрғысынан ойлау дағдысын қалыптастырып, шығармашылық қабілетін дамытады.Тек білімді ұсыну жеткіліксіз. Болашақ мектебі – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, әлемдік мәдениетке бейім тұлға қалыптастыру ортасы болуы тиіс.

Құрмет, жауапкершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік секілді қасиеттерді бойға сіңіру – мектеп жұмысының маңызды бөлігі болып қала береді. Келешек мектебінің табысы – мұғалімге байланысты. Болашақ ұстаз тек пән үйретуші емес, бағыт беруші, кеңесші, мотивация беретін тұлғаға айналады. Заманауи технологияны меңгерген, үздіксіз ізденісте болатын, оқушымен тең дәрежеде сұхбат құратын жаңа форматтағы педагог қажет. Келешек мектептері  жай ғана оқу ғимараты емес, қауіпсіз, қолжетімді, психологиялық тұрғыдан жайлы кеңістікке айналады. Спорт, өнер, ғылыммен айналысуға арналған заманауи кабинеттер мен орталықтар оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.Озық технология, сапалы білім, адамгершілік құндылық және жас ұрпақтың қабілетін ашуға бағытталған жаңа жүйе – елдің дамуына негіз болады.

Түркістан облысындағы «Келешек мектептері» жобасы — елдің білім беру жүйесін жаңғыртудағы маңызды стратегиялық қадам. Жаңа мектептердің ашылуы аймақтағы оқушыларға сапалы білім алу мүмкіндігін кеңейтіп, білім саласындағы инфрақұрылымның дамуына серпін беруде. Жоба болашақта да оқушы орындарының тапшылығын жойып, заманауи талаптарға сай білім беру ортасын қалыптастыруды жалғастырады деп күтілуде.

ТҮРКІСТАН: НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ МАҚТААРАЛДАҒЫ МАҚТА ӨҢДЕУ КӘСІПОРЫНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мақтааралға жасаған жұмыс сапары барысында мақта кластерін дамыту бағытында іске асырылып жатқан бірқатар өндірістік нысандарды аралады. Аймақ басшысы «Cotton Makta» ЖШС мақта шикізатын өңдеу зауытының және «Хамро ата» ЖШС мақта майын өңдеу зауытының жұмыс барысымен танысты.

«Cotton Makta» ЖШС мақта зауыты 2016 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. 2023 жылы зауыт өндірістік қуатын арттыру мақсатында Қытай Халық Республикасынан әкелінген заманауи өндірістік құрал-жабдықтармен толықтай жаңғыртылған. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 90 мың тоннаға жуық. Қазіргі таңда кәсіпорында 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал маусымдық кезеңде 250 адамға дейін қосымша жұмыс орындары ашылады. Жобаның жалпы құны – 3 млрд теңге.

Биыл зауыт 57 мың тонна мақта шикізатын қабылдап, мақта дақылын еккен 800-ден астам шаруа қожалығымен келісімшарт жасаған. Шаруа қожалықтарынан қабылданған мақта шикізатының 1 келісі сорттық ерекшелігіне қарай 250-270 теңге аралығында бағаланған. Биыл 11 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп, барлық шаруалармен толық есеп айырысу жүргізілген.

Мақта кластерін дамыту бұл өңірлік экономиканы қолдайтын стратегиялық бағыт. Мақта шаруашылығы – Қазақстанның оңтүстігі үшін экономикалық, әлеуметтік әрі өндірістік тұрғыдан ерекше маңызға ие сала. Әсіресе Түркістан облысындағы Жетісай және Мақтарал өңірлері осы бағыттың орталығы саналады. Мақта тек ауыл шаруашылығы өнімі ғана емес, ол – тұтас өндірістік тізбекті қамтитын, қосымша құн қалыптастыратын үлкен экономикалық жүйе. Сондықтан мақта кластерін дамыту – өңірдің тұрақты дамуына серпін беретін маңызды міндет.

Бүгінгі күнге дейін 13 мың тонна мақта талшығы өңделіп, дайын өнімнің 80 пайызы Қытай Халық Республикасына экспортталса, қалған бөлігі Түркия мемлекетіне жөнелтілуде.

Мақта кластері – егіс алқаптарынан басталып, мақта талшығын өңдеу, жіп иіру, мата тоқу, дайын тоқыма және тігін өнімдерін шығару сияқты бірнеше кезеңді қамтитын жүйе. Мұндай кешенді модель шикізатты тек сатумен шектелмей, оны терең өңдеу арқылы жоғары табыс алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар салада жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлік дамиды, бюджетке түсетін түсім көлемі артады.

Облыс басшысына «Хамро ата» ЖШС-ның мақта майын өңдеу зауытының жұмысы туралы да баяндалды. Қазіргі таңда өндірістік нысанның құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Өндіріске қажетті барлық құрал-жабдықтар Қытай Халық Республикасынан толық көлемде сатып алынған. Бұл бастама толық іске асса, кәсіпорын жылына 5 мың тонна мақта майын өндіреді. Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталған. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпорын басшылары мен басқарма басшыларына, аудан әкіміне өндірісті әртараптандыру, қосымша жұмыс орындарын ашу және дайын өнім экспортын ұлғайту бағытында нақты тапсырмалар беріп, мақта кластерін дамыту өңір экономикасы үшін маңызды екенін айтты.

 

« – Мақта өсірудің табысты болуы ең алдымен технологияға байланысты. Су үнемдеу жүйелерін енгізу, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін қолдану, заманауи ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану – өнім сапасын арттырудың негізгі жолдары. Сонымен бірге цифрлық бақылау, агроаналитика, смарт-фермерлік жүйелері еңбек өнімділігін арттырып, шығынды азайтады. Жалпы өңдеу саласын дамыту – басты басымдықтардың бірі.  Мақта өнімін терең өңдеу – кластердің негізгі өзегі. Мақта тазалау зауыттарын жаңғырту, жіп иіру және мата өндіру кәсіпорындарын көбейту, тігін және тоқыма фабрикаларын дамыту арқылы ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті күшейтуге болады. Бұл жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтып, әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға жол ашады.» – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

 

Мақта кластерін дамытуда мемлекет қолдауы үлкен рөл атқарады. Инфрақұрылым тарту, субсидиялау, жеңілдетілген несие беру, арнайы экономикалық аймақтар мүмкіндіктерін пайдалану – инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. Мемлекет, кәсіпкерлер және фермерлер арасында өзара әріптестік орнағанда ғана кластердің тиімділігі артады. Халықаралық нарыққа сапалы, стандартқа сай дайын өнім шығару – басты мақсаттардың бірі. Брендтік тоқыма және тігін өнімдерін дамыту, сыртқы нарықтармен тұрақты байланыс орнату арқылы Қазақстан мақтасының беделін көтеруге мүмкіндік бар.

Мақта кластерін дамыту – тек ауыл шаруашылығы саласын жетілдіру емес, өңірлік өнеркәсіптің дамуы, жаңа өндірістердің ашылуы, халықтың табысының артуы деген сөз. Жүйелі жоспар, заманауи технология, инвестиция және тиімді басқару – табысты кластердің негізгі кепілі. Осы бағыттағы нақты жұмыстар өңір экономикасына жаңа серпін беріп, елдің агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайта түседі.

ЖЕТІСАЙДА ИНВЕСТ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жетісай ауданында инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасы аясында Жетісай ауданында аумағы 59 га құрайтын «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ пен 1 га жерге өндірістік парк құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыған орай Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аталмыш аймақтардың инвесторларымен кездесті. Атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларды талқылады. Айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша тиісті сала басшылары жауаптар берді.

Аудан әкімдігі тарапынан әлеуетті жобаларды іске асыруға ынталы инвесторларымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде бүгінде индустриялды аймақта жалпы құны 31,2 млрд теңгені құрайтын сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты, полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу зауыттары секілді 9 жобаны, өндірістік паркте құны 210 млн теңгені құрайтын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, құрғақ, сұйық ұнтақ, кір сабын мен сусабын өндіру, әжетхана қағазы мен майлықтар өндіру сынды 5 өндіріс орындарын іске қосу жоспарланған. Аталмыш жобаларды жүзеге асыру арқылы 1200-ге тарта тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп көзделуде.

«- Біздің ауданымыз егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласы дамыған аудан. Сондықтан, алдағы күндері іске қосылатын зауыттар мен өндіріс орындары шикізаттан тапшылық көрмейді деп сенеміз.Өңір басшысының бастамасымен қолға алынып жатқан аталмыш жобаларды жүзеге асыру арқылы ауданда кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашатын, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартып, өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған нақты істерді жүзеге асыратын боламыз. Жетісай ауданы Түркістан облысының оңтүстік бөлігінде орналасқан, ауыл шаруашылығы мен өндірістік салалардың үйлесімді дамуына негізделген аймақ. Соңғы жылдарда аудан экономикасы қарқынды түрде өзгеріп, инвестиция тарту бағытында нақты қадамдар жасалып келеді. Соңғы бес жылда ауданға 90,2 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды, бұл ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік жобалар, инфрақұрылым мен шағын өндіріс салаларын дамытуға бағытталуда. Жетісай ауданына инвестиция тарту 2030 жылға дейін 419,6 млрд теңгеге дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр.  Аудандағы «Жетісай» индустриалды аймағы – инвестициялық саясаттың басты драйвері. Аумағы 59 гектар жерді қамтитын бұл аймақ кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасайды, яғни инфрақұрылым, жер бөлу және әкімшілік қолдау қамтамасыз етілген. 2025 жылы индустриалды аймақта 33 млрд теңгеге 11 жоба жүзеге асырылмақ, оның нәтижесінде 1 870 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.  Бұл жобалар әртүрлі өндірістік бағыттарды қамтиды. Мысалы материал өндіру, өңдеу, агроөнеркәсіптік өнімдерге қызмет көрсететін кәсіпорындар және басқа да өндірістер. Қазірдің өзінде бірнеше жоба мақұлданып, құрылыс жұмыстары басталған.  Жетісай ауданының экономикалық өсімі өңірдегі жалпы өнім көлемінің артуымен байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша айтар болсақ, өңірлік өнім көлемі 184,1 млрд теңгеге жетті, бұл одан алдыңғы жылмен салыстырғанда өсу екенін көрсетеді.  Инвестициялық жобалардың іске асуы нәтижесінде мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады, жергілікті тұрғындар тұрақты табысқа ие болады, ауданның өндірістік қуаты артады, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Сонымен қатар Ауыл – Ел бесігі мемлекеттік бағдарламасы аясында 15 елді мекенде газдандыру, жол жөндеу, мәдениет үйлерін жаңарту сияқты жобалар іске асырылып, тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсаруда.  Жетісай ауданы ауыл шаруашылығы бойынша да үлкен әлеуетке ие. Мұнда диқандар қауын, қарбыз және басқа да дақылдарды өндіріп, өнімнің басым бөлігін Ресей, Белоруссия, Қырғызстан елдеріне, сонымен қатар республиканың Алматы, Астана, Шымкент қалаларына экспорттайды. Аудан шаруалары 1,2 мың гектардан екі есе өнім алу жобаларын іске асырып, тұқым және өнім сапасын арттыру бойынша шаралар қолдануда.  Жетісай аудан әкімдігі инвесторларға толық қолдау көрсетуде. Атап айтқанда жобаларды іске асыруға әкімшілік көмек көрсетіледі,бизнес бастау үшін қолайлы жағдайлар жасалған, сондай-ақ жер және инфрақұрылым бойынша жеңілдіктер беріледі. Бұл жағдайлар инвесторларды тартуға және жаңа кәсіпорындарды ашуға мүмкіндік береді.» – деді аудан басшысы Серік Мамытов өз сөзінде.

Жетісай ауданы бүгінгі таңда қарқынды экономикалық өзгерістерді бастан өткеріп отыр. Инвестициялық жобалардың жүзеге асуы, индустриалды аймақтың дамуы, ауыл шаруашылығының экспортқа бағдарлануы — барлығы да ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономикалық өсімге серпін береді. Ауданның стратегиялық даму жоспары бойынша 2030 жылға дейін инвестиция көлемін едәуір ұлғайту көзделген. Бұл Жетісайды Түркістан облысының ғана емес, бүкіл Оңтүстік Қазақстан аймағының өндірістік және экономикалық әлеуеті жоғары өңіріне айналдырады.

Соңғы 30 жылда ешқандай өндіріс орны салынбаған ауданда алғаш рет іске қосылғалы тұрған зауыттар аудан экономикасының дамуына тың серпіліс беріп, мақталы өлкенің индустриялық әлеуетін арттыруға, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасайды деп күтілуде. 2020 жылдан бері 90,2 млрд теңгенің инвестициясы тартылған ауданда бұл көрсеткіш 2030 жылы 419,6 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.