ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 280 ЖҰМЫСШЫНЫҢ ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗЫ ӨНДІРІЛГЕН

2024 жылдың 6 айында облыс бойынша 4 кәсіпорында 358 қызметкер алдында 102,2 млн теңге жалақы қарызының орын алғаны анықталды. Жұмыс берушілерге нұсқамалар беру арқылы 84,8 млн теңгесі өндіріліп, 280 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалды. Бұл туралы брифгинте Түркістан облысының бақылау жөнінде басқарма басшысының орынбасары Берік Ибадуллаев мәлімдеді.

«2024 жылдың 6 айында азаматтардан келіп түскен 683 арыз-шағым қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілді. Арыздардың негізінде мекемелер мен кәсіпорындарға 134 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 242 заң бұзушылық анықталды. Анықталған еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 23,6 млн теңге көлемінде 776 хаттама толтырылып айыппұл салынды. Одан бөлек, соңғы алты айда жұмыс барысында жарақат алу бойынша 23 жағдай орын алып, 7 адам қаза тапқан. Жазатайым оқиғалардың орын алуға байланысты 22 іс-құжат жергілікті құқық-қорғау органдарына жолданды. Сонымен қатар, 2024 жылы облыс аумағында ешқандай да еңбек дауы орын алмады. Алайда әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін болған 157 кәсіпорын анықталып, олармен белгіленген жоспар негізінде жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған кәсіпорындарға тұрақты түрде облыстық еңбек инспекторлары мониторинг жұмыстарын жүргізуде»-деді спикер.

ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ӨНЕРПАЗДАРЫ V ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫНА АТСАЛЫСАДЫ

Биыл қыркүйек айында Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Аталған шараға спортшылардан бөлек, облыс өнерпаздары да атсалыспақ. Онда үздік қолөнер шеберлері өнімдерін ұсынып, ақындар айтысы, салт-дәстүрді насихаттайтын қойылымдар сахналады. Өңірдің туристік әлеуеті таныстырылады. Концерттік бағдарлама ұсынылады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісте баяндалды. Өңір басшысы жоспарлы іс-шаралардан бөлек, ерекше форматта тың серпіліс керектігін айтты.

– Түркістанға бүгінде тек еліміздің ғана емес, әлемнің әр түкпірінен қызығушылық білдіруде. Сондықтан да бізге келуші азаматтар өңіріміздің рухани-мәдени өмірімен танысады. Ол үшін тек облыс орталығында ғана емес, әрбір аудан, қаланың өз бренді болуы тиіс. Рухани астанамыздың төріндегі барлық іс-шарадан ұлттық бояудың, төл өнердің бөлшегі алыстан байқалып тұрғаны жөн. Алдағы уақытта іс-шаралар мазмұнына баса назар аударып, қайта қараңыздар, – деген облыс әкімі жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктеді.

Бұдан бөлек, Түркістан өңірінде іс-шаралар легі жоспарға сай жалғасады. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев баяндама жасап, бірқатарына тоқталып өтті. Жыл сайын өткізілетін «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестиваліне биыл өзгерістер енгізілген. Аудан, қала өнерпаздары былтырғыдай үш күн емес, екі күн бойы облыс орталығында өнер көрсетеді. Сондай-ақ, ауарайына байланысты арнайы бекітілген кестеге сәйкес екі кезеңде өткізіледі. Тамыз айының 14-інен бастап қалған аудан, қала өнерпаздары қыркүйек айының соңына дейін жалғастырады. Алғашқы күні «Этноауыл» кешенінде өнерпаздар салт-дәстүрлерден көріністер, қолөнершілер көрмесі, ұлттық нақыштағы қойылымдар қойып, ұлттық ойындардарды насихаттаса, келесі күні көпшілік назарына «Керуен сарай» аумағында гала-концерт ұсынылады.

Мерекелік іс-шаралардан бөлек, күз айларында отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен «Қожа Ахмет Ясауи мұрасына жаңа көзқарас» халықаралық конференциясы, республикалық «Түркістан дауысы» ән байқауы, сонымен қатар Республика күні қарсаңында дәстүрлі «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауы өткізіледі.

Облыстық кітапханада барлық аудан, қалаларында оқырманды кітап оқуға тарту мақсатында ұйымдастырылған «Әлемді кітап арқылы танимын», «Бір ел – бір кітап», «12 айда – 12 кітап», «Ақылдыммен ақылдымын», «Оқырман іздейміз» жобаларының қорытындысы өткізу жоспарлануда. Қазан айында «Тілді оқытудағы өзекті мәселелер» республикалық әдістемелік семинар ұйымдастырылып, семинарға республикалық «Тіл қазына» орталығының мамандары мен осы саланың білікті сарапшылары шақырылады деп күтілуде.

Кәсіпкерлік – жұмыссыздықты жоюдың негізгі шешімі

Кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту — бүгінгі күннің басты талабы. Бұл бағытқа мемлекет тарапынан қолдау да көп көрсетілуде. Түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін еңбектенемін деген азаматтарға мол мүмкіндік берілуде. Мемлекет және атқарушы билік тарапынан аудан кәсіпкерлерінің саны күн санап көбейіп келеді. Аудан көлемінде ауылдық округтердегі бизнесін шарықтатуға ниетті іскер тұлғаларға ұсыныстар берілуде.

Осы бағытта аудан әкімі Мақат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округінің шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Онда ұтымды ұсыныстар мен кәсіптерін дамыту бағытында пікір алмасты. Түрлі сала бойынша өз жұмысын бастаған бизнес өкілдеріне арнайы өндірістік аймақ құрып, жер телімдері бөлінетін болды. Басымдық мал бордақылау алаңдары мен балық шаруашылығына және басқада кәсіп түріне беріліп, жалпы 81 гектар жерге өндірістік аймақтың бой көтерілуі жоспарлануда.

Кездесу барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров:

— «Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 7 мыңға жетіп отыр. Кәсіпкерлік — экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Бұл арқылы жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады. Сондықтан сіздермен бірлесіп жұмыс жасауға, әрқашан қолдауға әзірмін», — деді.

Жиында аудан басшысы өңірдің көркеюі мен дамуы тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына ықпал жасайтынын атап өтіп, шағын және орта бизнес субектілерінің қазіргі таңдағы жай-күйі, мүмкіндіктері, проблемалық мәселелері қоса талқыланды.

Сауран: Мақта өңдейтін зауытта 185 адам жұмыспен қамтылады

Түркістан облысында мақта кластерін дамыту бағытында жұмыс жүріп жатыр. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы «Казтекс» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытын дамыту барысымен танысты. Аталған зауытты салу, жаңа технологиямен қамту жобасы биыл басталған. Түркиядан инвестиция тартылған.

Жобаның құны –1500,0 млн. тенге, қуаттылығы – жылына 10 мың тонна мақта өңдеу. Маусымдық кезеңдерде 150 адам жұмыспен қамтылса, 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

– Мақта кластерін дамыту – маңызды іс. Жаңа технологияларды ендіру керек. Іс бастаймын, цех, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетіледі. Өңірде шығатын мақтаны өзіміз өңдеп, шаруалардың табысын арттыруымыз керек, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

Жоба басшысы Туражан Саидовтың айтуынша, аталған ЖШС ұзақ жылдардан бері мақта шаруашылығымен айналысып келеді. Кейін шетелдегі серіктестері тарапынан заманауи мақта өңдеу зауытын салу туралы ұсыныс түскен. Түркиядан арнайы құрылғылар, мақта өңдейтін машиналар әкелінген. Бұлардың ерекшелігі – электр қуатын үнемдейді әрі мақта талшығын сапалы етіп шығарады. Сауран ауданында бұрын-соңды болмаған құрылғылар сатып алынған. Бұл зауыт қыркүйекте ашылып, шаруалардың мақталарын қабылдайды деп күтіліп отыр. Ал 2025-2026 жылдары аталған зауыттың қасынан шитті өңдеп, май шығаратын цех ашу жоспарға енгізілген.

Төлеби: “Халал-шариғат талабы” тақырыбында аясында семинар өтті

«Ас – адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Өйткені, ол – бойға қуат сыйлайтын тәннің азығы, Алланың нығметі деп білу әрбір иісі мұсылман баласына міндет. Олай болса, ішетін асымыз қалай және неден жасалғанына, құрамына, халал сертификаты бар-жоқтығына мән бергеніміз абзал. Дәл осындай маңызды мәселені қамтыған жиын Төлеби ауданында өтті. ҚМДБ Түркістан облыстық өкілдігі, Төлеби ауданының бас имамы Үсен Мырзаханұлының бастамасымен “Халал-шариғат талабы” тақырыбында аясында аудан кәсіпкерлерімен бірге семинар ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға Түркістан облысының Бас имамы Ержан қажы Сматұлы, іс басқарушы Ә. Тұрлыбеков, кеңесші М.Құлымбетов және Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов, облыстық Халал даму бөлімінің эксперт-технолог маманы Аружан Маратқызы, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Төлеби ауданы филиалының директоры Мусаева Маржан Асқарбекқызы және ауданның кәсіпкерлері қатысты. Оқу-сеинарында халал мен харамға, оның амал-құлшылыққа тигізер әсеріне, дастархандағы астың тазалығы мен адалдығына, адал өнім тұтынудың ұрпақ денсаулығы мен тәрбиесіне тигізер ықпалына қатысты маңызды мәліметтер мен пайдалы ақпараттар айтылды. Мұсылмандық дүниетаным мен қазақи пайымды салыстыра отырып, халал төңірегіндегі өзге де мәселелерді қозғалды. Мамандар әлемдік халал стандарттарында көрсетілген құнды деректерді баяндай отырып, шариғатымыз бойынша харам және күмәнді болып саналатын өнімдерден сақтанудың жолдарын ұсынды.

— «Алла Тағала адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін ажыратып көрсеткен. Адал астың адам рухына, денсаулығына, құлшылығына тигізер ықпалы мол. Дұғамыздың қабыл болуы, деніміздің сау, ұрпағымыздың ұлағатты болуы жеген асымыздың адал болуына тікелей байланысты. Алла пендесі  үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз. Адам баласы Құдай бұйыртқан рызық-несібені сенімді түрде пайдаланып, ішіп-жеуіне болады. Алайда, бұл қолына түскеннің барлығын пайдалануына болады деген сөз емес. Оны қандай жолмен тапқаны өте маңызды. Адам ішіп-жейтін нәрселерінің діни тұрғыдан халал, таза болуына және тапқан табысында кісі ақысы болмауына баса мән беруі керек. Ақ адал маңдай термен табыс, пайда табу өте маңызды. Халал, материалдық әрі рухани тұрғыдан таза, нығметтерді рұқсат етілген шеңберден шықпай, өз орнымен, өз жөнімен пайдаланған жөн. Қазақта «Басқа амандық, асқа адалдық берсін» деген сөз бар. Бастың амандығы, астың адалдығы қашаннан мәнін жоймаған құндылық болса, бүгінгі таңда оның өзектілігі тіптен арта түсуде. Шынтуайтында, біз қандай ас жесек, рухымызға сол әсер етеді. Иманың әлсіреп, Құран санаңа қонбай жатса, міне мән беру керек дүние асыңның халал болмағы. Бұл үйде ас дайындап жүрген әйелдерге де, сол азықты тауып келіп жүрген ер адамға да қатысты. Халалға мән бергенде тек асқа ғана емес, тұтынып отырған барлық өнімге мән берген абзал. Мысалы, халал  өндірісіне тамақ өнеркәсібі, оның ішінде ет, сүт, нан, сусын, кондитер өнімдері, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп, яғни тері бұйымдары, барлық киім-кешек түрлері, одан кейін білім беру, бұл дегеніміз ислам теологиясы, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, тағы денсаулық саласы, дәрі-дәрмек, перзентхана тағы басқасы,  қаржы-қаражат, яғни кредит, өсім бойынша, мәдени орындар, театрлар, демалыс орындары, қонақ үйлер, даяшылық қызмет, яғни асхана, дәмхана, сауна, кемпинг-мотел, туризм тағы басқалары да жатады. Ендеше біз  халал стандартын қажет етпейтін құрылым жоқ деп айта аламыз. «Халал стандарты» дегеніміз – бірінші кезекте өнімнің шариғат үкімдеріне сай болуы. Ал шариғат – барлық Ислам қауымының қалай жүріп тұруын, жалпы алғанда өмірлік қағидаларын айқындап көрсететін айқын жол.» — деді Түркістан облысының Бас имамы Ержан қажы Сматұлы.

Семинарда халал мен харамды ажырата білу ауадай қажет екендігі және халал стандартының талаптары мен ерекшеліктері айтылды. Сонымен қатар, жергілікті имамдарға өңірде халал жөнінде ақпарттандыру жұмыстарын жетілдіріп, үгіт-насихат шараларын арттыру маңызды істердің бірі екендігі жеткізілді. Семинар барысында кәсіпорындарға қалай тексеріс жұмыстары жүргізілетіні, халал сертификаттары қалай берілетіні және енгізілген өзгерістер төңірегінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, табиғи қоспалар және өндірілген түрлі заттардың діни және ғылыми негіздерге сүйеніп, харамдығы дәлелденетіні ескертілді. Сонымен қатар халал өнім өндіру технологиясы, тағамдық қоспалардың құрамы мен бөлінісі жөнінде мағлұмат берілді.

Жалпы семинардың негізгі мақсаты – дініміздегі халал мәселесі жөнінде ақпарат беру, халал өнімдерді ҚМДБ жанынан ашылған “Халал даму” сертификатын беру жолдары, оны қолдану, арнайы тексеру жұмыстары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу бағытына негізделді.  Сонымен қатар басқосу барысында кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға да жауаптар берілді.

Түркістандық бала Мағжан TOGG зауытына барды

Түркістан қаласында тұратын 3-ші сынып оқушысы Арғынбай Мағжан Ержанұлы бауырлас түрік елі шығаратын отандық электрлі көлік TOGG-тың Бурса қаласының Гемлик ауданындағы зауытын аралап қайтты. Көліктерге деген қызығушылығы ерте оянған Мағжан, алғаш шыққан күнінен бастап-ақ TOGG жайлы жаңалықтарды жібермей көріп келеді. Қазақ баласының Түркияның отандық өнімі TOGG-қа деген осы қызығушылығы түрік телеарнасының назарын да аударған болатын. Түркияның TRT арнасының Қазақстандағы тілшісі Түркістанға арнайы сапары барысында бала Мағжаннан сұқбат алып, қазақ баласының TOGGқа деген қызығушылығын түрік жұртына жеткізгенді. Бұл репортаж TRT Haber және TRT Avaz арналары мен TRT қазақша сайтында жарияланды.

Осы жаңалықтан кейін бала Мағжан TOGG-ты өз көзімен көру үшін әкесімен бірге Түркияға барып қайтты. Ұшақтан түскен бойда-ақ әуежайда TOGG-тың үшеуін көріп, қуанышқа кенеледі. Сол күні әкесінің досы Фатих Кескиннің TOGG T10X көлігімен қаланы қыдырып, түрік елінің отандық өнімімен жақыннан танысады. TOGG-пен Түркияның бірнеше қаласын аралаған Мағжан, түрік елінің осы отандық электрлі көлігін шығаратын зауытты көруге Бурса қаласына барады. Оларды TOGG зауытына кіріп, аралап көрулері үшін алдын-ала арнайы рұқсат алып қойған Айбарс Йылмаз мырза күтіп алып, Мағжанның көптен күткен арманын орындайды. Осылайша, түркістандық Мағжан TOGG зауытын көріп, Түркияның отандық көлігінің қыр-сырымен, ерекшеліктерімен танысады. Қазақ баласы зауыт қызметкерлерін өзінің TOGG жайлы білетін ақпараттарымен таң қалдырып, тәнті етеді.

Түркістандық бала Мағжан осы саяхаты барысында TOGG зауытымен қатар, Бурсада өздерін қонақ еткен Серкан Акын мырза және ұлы Кылычарсланмен бірге Bursaspor футбол клубы мен баскетбол клубына да барды. Футболшылар мен баскетболшылардың жаттығу залдары мен алаңдарын, жататын орындары мен спорт клубының ғимаратын аралап көрді. Өмер Кескин және Тансел Ышыккент мырзалар Мағжанды Bursaspor футбол клубының тарихымен таныстырып, футболшылардың жеткен жетістіктерін баяндап берді. Ал баскетболшылардың жаттықтырушысы Мұрат Таныш мырза болса, Мағжанға жаттығу залын аралатып, арнайы сый-сыяпат табыстады.


Сегіз жасар Мағжан болашақта көлік жасап шығаруды армандайды. Көліктерге деген қызығушылығы мен TOGG-ты көруге құштарлығының себебі де осы. Баланың ұшқыр қиялы мен асқақ арманына мән беріп, TOGG-қа деген қызығушылығына назар аударған түрік бауырларымыз Мағжанға өздерінің оң батасын беріп, арманының орындалуын тілеп шығарып салды.

@Ербақыт Нығмет

Республикалық ақпараттық түсіндіру тобы Төлеби ауданында

Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Қоғамдағы түйткілді мәселелерде бірлесе қызмет атқаруды пысықтау» тақырыбында семинар болып өтті. Шараға аудан әкімі орынбасары С.Дүйсебаев және Облыс бас имамы Е.Төлепов, Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі Түркістан облысы Сайрам ауданының бас имамы А.Оспанов, ҚМДБ қызметкерлері, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Шыңғысбаев және ішкі саясат бөлімінің маманы А.Құрманалиев, қала, ауылдық округ әкім аппаратының қызметкерлері, емхана қызметкерлері, ақсақалдар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, әжелер алқасы және аналар кеңесінің мүшелері қатысты.

-Халықтың бақуатты өмір сүруі үшін ең әуелі елдің бірлігі мен ауызбіршілігі маңызды. Ынтымағымыз ыдырамаса, ел үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайтыны бесенеден белгілі дүние. Қай уақытта болмасын бейбітшілік пен тыныштықты  сақтаудың мәні мен маңызы зор. Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді өркендету жолында мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағытты ұстану – еліміздің әрбір азаматының міндеті деу артық емес деп есептеймін. Жалпы біздің қоғамға жат діни идеологияны ұстанушылар мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызбен сабақтасып өрілген ұлттық құндылықтарды жою арқылы, ұлттың өзін жойға ниеттенеді. Біз осындай шектен шыққан көзқарастардың алдын алып, мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына қауіп төндіретін теріс ағымдардан сақ болуымыз керек. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді»,- деген ата бабамыз ұрпағына ойлы сөздер қалдырған. Бұл сөз бүгінгі қазақ қоғамына айтылғандай көрінеді. Себебі, бүгінгі күні дін төңірегінде кейбір жастарымыздың бөлінуі тым шектен шығушылыққа алып бара жатқандай. Жасыратыны жоқ, соңғы уақыттары ел ішін ала тайдай бүлдіріп, жаңашылдық әкелмек болған кейбір дін атын жамылған ағымдардың идеологиясы жүріп жатыр. Осындай ағымдардың шырмауына түскен кейбір қандас жастарымыз «дінде жүрмін» деп өздерін дүбәра халге салғанын білмей дал. Олар тар түсінігімен және шариғи білімсіздігімен діннің берік те бекем қағидаларына қарсы шығып, тәлім-тәрбиесі мол қазақтың салты мен дәстүріне дұшпандық жасауда. «Анау болмайды, мынау болмайды» немесе «анау шірк, мынау шірк», онан қалды «анау бидғат, мынау бидғат» деп дінді енді үйренуге келген жандардың санасын мешітке жеткізбей улап-ақ жатыр. «Іштен шыққан жау жаман» деген  осы шығар.» — Төлеби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев.

Семинар барысында қоғамдағы келеңсіз нәрселердің алдын алу, жасөспірімдерді түрлі жат қылықтан аулақ қылу, ҚМДБ тарапынан бекітілген «Қазалы үйде қазан көтермеу» ас мәзірін насихаттау және тағы да басқа тақырыптар қозғалды.

— Бүгінгі жастарымыз қоғамдағы келеңсіз нәрселердің алдын алып, жақсы амалдарды көбейтуге, адамдарды күнә істерден аулақ болуға, керісінше, сауапты істерді көбірек жасауға, жақсы азамат болуға, имандылыққа және адамгершілікке сай іс-әрекет қылса дегіміз келеді. Сонымен қатар, жас ұрпақ жалқаулық пен бұзық ойлардан аулақ болып, еліне қызмет етуге, жаратылғанға жанашырлық көрсетуге, адами қасиеттер мен көркем мінез-құлықты болуға ұмтылғаны абзал. Бастысы «қоғамнан не алсам» деп емес, «қоғамға не берсем» деген санаға жетуі маңызды. Егер дін жолын ұстанған жастарымыз өзгеге үлгі боламын десе, алдымен өзі әдепті, мәдениетті, ішкі-сыртқы өзгерістерге дайын, парасатты болуы қажет деп ойлаймын. Ежелден Ислам дінін өмірінің бұлжытпас қағидасына айналдырған ата-бабамыз бөлінуге емес, ұрпағын бірігуге шақырумен келді. Олар береке-бірлігі жарасқан елді жау алмайтындығын білді. Бүгінгідей заманда еліміздің қоғамдық өмірінде діннің рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түскені белгілі. Республиканың барлық өңірлерінде мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіру мақсатында маңызды істер қолға алынып, мемлекет тарапынан ауқымды істер атқарылып келеді.» — деді Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі А.Оспанов

Сондай-ақ, «Қоғамдағы түйткілді мәселелерде бірлесе қызмет атқаруды пысықтау» тақырыбында өткен семинар барысында мамандар өзара пікір алмасып, қойылған сұрақтарға да жауаптар берілді.

Төлеби: “Уағыз айтудың әдебі” тақырыбында семинар өтті

ҚМДБ Түркістан облыстық өкілдігі, Төлеби ауданының бас имамы Үсен Мырзаханұлының ұйымдастыруымен аудан имамдарына “Уағыз айтудың әдебі” тақырыбында және “Тәртіптік кеңес” құжаттарын түсіндіру бойынша өңір имамдарына арналған семинар болып өтті. Шараға Облыс Бас имамы Ержан қажы Сматұлы, іс басқарушы Ә. Тұрлыбеков, кеңесші М.Құлымбетов және ауданға қарасты мешіт имамдары қатысты.

— Имам дегеніміз ол ел алдындағы рухани жетілген тұлға. Сондықтан имам әрқашан елдің алдында көркем мінезімен, іс-әрекетімен, тіліменде үлгі болуы керек. ҚМДБ тарапынан арнайы уағыз айтудың тәртібін жетілдіру бойынша құжатта қабылданған. Бұл жүйе қажеттілік. Имам әрқашан ортаға лайықты уағыз-насихат айтуы қажет, сол ортаға лайықты насихатты таңдай білу керек. Имам-діннің айнасы. Имам тек сөзбен ғана емес, амал арқылы да тәлім береді. Жақсы адамның аузынан шыққан сөз, оның әрбір амалы айналасындағы адамдар үшін үлгі-өнеге, ғибрат болуы керек. Біз, дін адамы халықтың осынау құрметіне қаяу түсіріп алмауға тиіспіз. Жамағаттың ілтипатына бөлену ыждаһаттылық пен табандылықты талап ететін болса, сол сенім мен кіршіксіз қарым-қатынасқа сызат түсірмеу екі есе жауапкершілік жүктейді. Өзгені жөнге салу үшін алдымен өзімізді өзгерту қажет екенін естен шығармауымыз керек.  Өзгені өзімізге еліктету үшін де ең әуелі біздің бойымызда біреуді баурап алатындай көркем мінез, жақсы қатынас, әдемі сөздер толассыз төгіліп тұруы тиіс. Ең бастысы әдептілік. Әдептілік – адамның басқалардың көңіліне тимейтіндей етіп әрекет етуі. Бұған қашан және қалай сөйлеу керектігін аңғара білу де жатады. Имам жамағатты біреудің намысына тимеуге, оларға қол ұшын беруге шақырады. Мейірімді, момын адам өзгелермен жылы-жұмсақ тілдеседі. Татулықты сүйетін кісі әрқашан басқалармен жақсы қарым-қатынаста болудың жолын іздейді. Сабырлы пенде әлдекім өзімен дөрекі сөйлессе де, төзімділік танытыта біледі және  асыл қасиеттердің бәрі жиылып, адам бойынан көрініс тапса, өзгелер үлгі ала бастайды. Әрбір мешітте немесе әрбір ортада болсын айтылған уағыз шынайы ықыласпен, мейірімділікпен, ақиқатымен жеткізілсе, оны сезінген жамағат та өзін жөнге салудың қамына кірісе бастайды. Яғни, басты қадам имамнан болады. Сондықтан әрқашан абыройлы қызмет атқаруды нәсіп етсін.» —деп насихат айтты Түркістан облысының бас имамы Ержан қажы Сматұлы.

Расында шынайы мұсылманның іс-әрекеті мен мінез-құлқы имандылыққа, адамгершілік ұстанымдарына негізделеді. «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік» деген Жүсіп Баласағұн бабамыз Ислам дінінде мұсылман баласын ізгілікке, адамгершілікке жетелейтін көптеген асыл қасиеттер бар екенін айтып кеткен екен. Атап айтар болсақ, шынайы мұсылман – дін талаптарына бекем, жүрегі таза, рухани тұрғыдан жан-жақты жетілген тұлға болуы тиіс.

-Ислам этикасы – көркем мінез-құлық нормалары мен имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік сынды көптеген рухани құндылықтардан тұрады. Бүгінгі қоғамның мұсылмандары ислам этикасын, ондағы адами құндылықтарды ұстана білуі қажет. Осындай тәлімі мол тұғырнамалар арқылы қоғамдағы тұрақтылық сақталып, рухани кемелдену жүзеге асады. Қазіргі қоғамымыздағы діни ахуал жағдайында ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, имани құндылықтарды дамытудың маңызы зор.Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі-бір қалыпқа түсіретін рухани жол. Яғни, адам бойындағы ізгіліктің көрінісі деуге болады. Алла Тағала жіберген әрбір пайғамбардың міндеті имандылыққа шақыру болған. Мұсылмандық дүниетаным бойынша, имандылық – иман келтірген адамға бітетін көркем мінез. Сондықтан таза діннің жолында таза, игі амалдарға жақын болайық және қоғамды ынтымақ пен татулыққа шақыра білейік.» — деді Төлеби ауданының бас имамы Үсен Мырзаханұлы.

Сонымен қатар, Облыстық іс басқарушы Әлімхан Тұрлыбеков ”Тәртіптік Кеңес” қабылданған құжаттың міндеттерін, мақсатын түсіндірді. Семинар барысында имамдар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Төлеби: Медиаторлар тұрғындарға ашық есік күнін өткізді

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының ұйымдастыруымен 5-тамыз медиация күніне орай аудандық ардагерлер үйінде «Елдесу және татуласу» жобасының аясында ашық есік күні өтті. Аталмыш шарада Төлеби аудандық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бекмұрзаев, Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова тұрғындарға қабылдау жүргізді. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысындағы басым бағыттардың бірі медиация болып саналады. Себебі, ол жанжалды достық жолмен реттеуге, оның барлық тараптарын тиімді шешім қабылдауға тартуға бағытталған. Кейде соттағы шешім тараптардың бірін қанағаттандырмауы мүмкін. Яғни, мұнда жеңілгендер мен жеңімпаздар жоқ, өйткені жағдайдан шығу жолы өзара қолайлы.Бүгінгі таңда медиация институты еңбек дауларын, этносаралық қақтығыстарды шешудің танымал құралына айналып, өзінің тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдеді. Соңғы уақытта медиацияға деген сенімнің айтарлықтай артқандығы да байқалады. Адамдар даулы жағдайды шешу үшін медиатордың қызметіне бұрынғыдан көбірек жүгінуде. Қазіргі уақытта «Қоғамдық келісім» КММ медиация кабинеті жұмыс істейді. Төлеби аудандық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бекмұрзаев татулық пен достықты нығайту, қоғамда болып жатқан жанжалдарды азайту, отбасылық құндылықтарды сақтау және медиация жолмен шешілетін дау–дамайларды түсіндіру, елдің бірлігін сақтау жолында да өте маңызды мәселе екенін атап өтті.

— Негізі Қазақстан халқы Ассамблеясының әр сессиясы еліміздің бейбітшілік және келісім мәдениетін нығайтып, ел стратегиясының маңызды қадамын белгілейді. Бір мақсат пен бір мүдде аясында ортақ іске ұйысқан мемлекетіміздегі барлық халықтар үшін бірлік пен татулықтың қадірі жоғары тұрады. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық құрылымдарымен бірлесе ҚХА-ның 13 арнайы жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Атап айтар болсақ, «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар», «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі», «Бірлігіміз – әралуандықта», «Жомарт жан», «Ассамблея айнасы», «Біртұтас қоғам: келісім және сенім», «Этномәдени бірлестіктер: реформалардың әлеуметтік базасы», «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елдесу және татуласу», «Жаңа толқын», «Тамырлас» «Қазақстан халқы Ассамблеясының академиясы» деген жобалар. Бүгінде бұл жобалар мемлекеттік органдармен, мәслихаттармен өзара іс-қимылын күшейтуге, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, жалпыазаматтық бірегейлікті, қоғамдағы сенім мәдениетін нығайтуға, қоғамның әлеуметтік кеселдеріне қарсы іс-қимылға, жастарды тәрбиелеуге және жас кадрлар даярлауға мол септігін тигізіп жатыр. Маңызды бастамаларды іске асыруға бағытталған жұмыстар облысымызда да қолға алынуда. Бүгінгі біздің ашық есік күні де «Елдесу және татуласу» жобасының аясында ұйымдастырылып отыр. Жалпы, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының аудан, қалаларда 19 медиация кабинеті жұмыс істейді екен. Оларда 17 кәсіби, 39 дан аса кәсіби емес медиаторлар азаматтарға құқықтық көмектер, даулы мәселелерді сотқа дейінгі шешу жұмыстарымен айналысуда.Бүгінгі Төлеби ауданының төрінде өткізіліп отырған шараның өзінде қатысушылар өңіріміздегі этносаралық тұрақтылықты сақтау бойынша өз ойларын ортаға салып, сұрақ-жауап түрінде пікір алмасып жатыр. Ауданымызда этномәдени бірлестіктердің жетекшілері аймақтарға шығып, түйткілді мәселелерді шешуге және медиация жұмысын жандандыруға өзіндік үлесін қосып, белсенділік танытып жүр. Бұл өте дұрыс қадам, өте маңызды істердің бірі деп есептеймін. Елімізде  дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде  Қазақстан Республикасының «Медиация туралы»  Заңы қолданылып келеді. Аталған Заң жеке және заңды тұлғалар қатысатын  азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан, сондай ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және де сотқа дейінгі дауларды шешуге, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар бойынша қолданылады. Сондай-ақ медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, жүргізу қағидаттары  мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін анықтап береді. «Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға»  деген мағынаны білдіреді екен. Яғни, медиация тәсілі сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден- бір жолы. Бұл тараптарды қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз рәсімі. Жалпы медиация деген сөздің  мағынасын  екі  жақты татуластыру рәсімі  деп түсіндіруге болады.» — дейді Төлеби аудандық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бекмұрзаев

Халыққа медиациялық құқықтық көмек көрсету мен құқықтық мәдениетті арттыруды мақсат еткен жиында медиаторлар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға көптеп жұмыс атқарды. Жиын татулық пен достықты нығайту, қоғамда болып жатқан жанжалдарды азайту, отбасылық құндылықтарды сақтау және медиация жолмен шешілетін дау–дамайларды түсіндіру бағытында өткізілді. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі деп айтуға болады.  Ұлы қазақ даласының белгілі дара тұлғалары, әділдіктің төрелері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған даналарымыз ел арасындағы кез келген дауды ынтымақпен, бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен назар аударғаны баршамызға белгілі. Медиация туралы заңымыздың  аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Халқымыздың дарабоз билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы екендігін түсінгеніміз абзал. Қазіргі уақытта татуласу, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықтың дауды сотқа дейін реттеуге мүдделі етуге, қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ықпал ететін медиация тәсілі қарқынды жалғасын табуда. Жалпы, еріктілік, тараптардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі және бейтараптығы, медиация рәсіміне араласуға жол берілмеуі, құпиялылық. Міне дәл осылар медиатор басшылыққа алатын, негіз болатын 5 қағида.

-Тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптардың өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады. Медиаторлар екіге бөлінеді: олардың бірі медиация мәселесі бойынша арнайы білім алып, тәжірибе жинақтаған кәсіби медиаторлар, ал, екіншісі – кәсіби емес медиаторлар. Заңда атап көрсетілгендей, медиаторлықты таңдаған адам өз қызметін кәсіби де, кәсіби емес те негізде жүзеге асыра алады. Жоғары білімі бар, жасы 25-ке толған, Қазақстан Республикасы Медиаторлар одағынан арнайы оқудан өткен кез келген тұлға кәсіби медиатор бола алады. Ал кәсіби емес медиаторлықпен 40 жасқа толған, халық арасында беделді, адамгершілігі жоғары, ары кіршіксіз адамдардың айналысуына толық мүмкіндіктері бар. Олар тұрғындар жиынының ресми хаттамасы арқылы жергілікті атқару органдарына тіркелуі тиісті және де заңгер мамандығы болуы міндетті емес. Медиаторлар өз қызметтерін тек қана жеке құқықтық қатынастар бойынша жүргізеді. Мыналар: мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген, заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған, оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды. Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі, яғни медиация – үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдісі, оны тараптарды өзара келістіру тәсілі немесе мәмілегер, бітімгер деп түсіну абзал. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық, тең құқылығын сақтай отырып, тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады. Медиацияның мақсаты — дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар медиацияның қолданылу саласы болып табылады. Қылмысты жасағаны үшiн ең ауыр жаза екi жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет және ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын абайсызда жасалған әрекет онша ауыр емес, сондай-ақ ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет және бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген абайсызда жасалған әрекет ауырлығы орташа қылмыс санатына жатады. Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргiзу кезiнде тараптар қол жеткiзген дау-дамайды реттеу туралы келiсiм жәбiрленушiге келтiрiлген залалдың орнын толтыру және қылмыс жасаған адамның жәбiрленушiмен татуласуы жолымен дау-дамайды реттеу туралы келiсiмдi бiлдiредi.
Соттың қарауында жатқан жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу бойынша медиация туралы шарт іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға негіз болып табылады. Ең бастысы, медиатордың бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен ерекшеленеді. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады. Қылмыстық істерді қарау аясында тараптар келісімге келгеннен кейін, іс сотта бейбіт келісім ретінде мақұлданады. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Қорытындылай келгенде, Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» Заңның қабылдануы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды.Негізінен айтқанда, бұл заң қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі, оның тиімділігі мол деп есептесек қателеспейміз. Дегенмен медиатордың көмегіне жүгінушілер әлі де аз, мүмкін халыққа заңды түсіндіру жұмыстарын әлі де жетілдіру керек шығар. Сондықтан, елдегі медиация институтының дамуына мемлекеттік билік органдары барынша қолдау көрсетіп, институттың кең құлаш жаюына ықпал етуі қажет. Өйткені, медиацияның біздің елімізде болашағы зор. Оны бір деңгейде қолдасақ, медиация халқымызға игі әсерін тигізеді» -дейді мамандар.

Төлеби ауданында 5-тамыз медиация күніне орай ұйымдастырылған «Елдесу және татуласу» жобасының аясындағы ашық есік күні де тұрғындарға бейбіт шешімді насихаттап, елдің бірлігі мен ынтымағын сақтауда маңызды шаралардың мән-мағынасын дәріптеді.

Табысқа жетудің жолы – еңбек ету

Игілікке жетудің жолы – аянбай еңбек ету. Еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік болады. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеледі. Бақуатты, бәсекеге қабілетті болып, табысы артады және нығая түседі. Қазіргі таңда, өңірімізде адал істі кәсіп етіп, қара жерден өз несібесін тауып жүрген азаматтар жетерлік. Яғни ауыл шаруашылығына бейімделіп, берекелі өнім алып жүрген шаруалар бар.

Солардың бірі — Сауран ауданы Майдантал ауылдық округіндегі “Ақсақ-керіз” шаруа қожалығының иесі Нұржан Бексейтов. Бүгінде су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы аграрлық саланың дамуына жол ашатын негізгі бастамалардың бірі тамшылатып суару технологиясын ұтымды пайдаланып жатқан шаруа қожалықтың жұмысы көпке үлгі деуге болады. Нұржан Бексейтовтың жаңа бастамасы суды үнемдей отырып, егін көлемін арттыруға септігін тигізіп отыр екен. Бүгінде ол 25 гектар жерге тамшылатып суару әдісі арқылы қарбыз өсіруде.

« — Ауыл шаруашылығы саласында кеңінен тарала бастаған тәсілдің тиімді тұстары көп екен. Осы әдістің арқасында арықпен суарылған жерлерге қарағанда астық молырақ жиналады. Артық шығынды қажет етпейді. Жалпы айтқанда шығыным аз, табысым берекелі болатынына сеніммен қараймын. Тиісінше, суды үнемдеу жұмыс күшін де қысқартады. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде ағын су мәселесі өзекті болып отыр. Ағын суды барынша үнемдеп, тиімді пайдалану еліміз үшін қашан да маңызы зор. Әсіресе шөлейтті аумақта тамшылатып суару әдісі арқылы мол өнім алуға қолайлы.Заман ағымына қарай заманауи техникаларды пайдалана отырып егін өсіріп, одан мол өнім алу үшін, тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістеріне баса мән беруіміз керек. Тамшылатып суарудың тиімділігі сол, егістік көлемі қанша үлкен болса да, су аз шығындалады. Екіншіден, басқа зиянды шөптер дәннің өсіп, күш алып кетуіне кедергі бола алмайды. Биылдан бастап 1 гектар жерге тамшылатып суару әдісін қолданып көруді ойладық. Әуелі аздан бастап, пайдасы мен қиын тұстарын бағамдап көргенді жөн санадым. Бірақ әзірге жаман емес, алдағы жылдары тұтастай осы әдіске көшу жоспарымызда бар. Негізі бұрын егінді арық арқылы су жіберіп, суарып келдік. Онда су көп кетеді, әрі арамшөп мол шығады, оны уақытылы жұлып отыру керек. Ал мына әдістің тиімділігі сол, су аз шығындалады, арамшөп деген болмайды.» -дейді “Ақсақ-керіз” шаруа қожалығының иесі Нұржан Бексейтов

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында агросектор саласында еңбек өнiмдiлiгiн арттыру мiндетiн қойғаны белгілі. Сондықтан дала төсінде жүрген егіншілер бүгінгі күнгі ең озық технология саналып жүрген тамшылатып суару әдісіне арқа сүйеп отыр. Шыны керек, бүгінде аудандағы бірқатар шаруа қожалықтар осы әдіске көшіп үлгерді. Бүгінде бірқатар шаруа қожалығы арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп екенін айтып отыр. Тиісінше  тыңайтқыш көлемі де 5-6 есе азаяды екен. Есесіне бұл тәсілмен мол өнім алуға болады. Ең бастысы, ағын су үнемделеді. Қазіргі таңда мамандар ауыл шаруашылығын дамыту үшін озық технологияны пайдалану көрсеткішін көтеру маңызды екенін айтады. Шет мемлекеттерде өсімдіктерді тамшылатып суару әдісімен жылыжайларда, сондай-ақ аспалы бақтарда өсіру тәсілі кең қолданыста.

Тамшылатып суару – өсімдіктің тамырына суды, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды дәл әрі біркелкі жеткізу үшін қолданылатын өндірістік әдіс. Тамшылатып суаруға арналған құбырлар топырақ үстімен немесе астымен де орналастырылуы мүмкін. Сонымен қатар, құбырлар арқылы фертигация әдісін, яғни тыңайтқыштарды суға қосып қолдануға да болады. Суарудың мұндай түрі тыңайтқышты да, суды да қажет мөлшерде пайдалануға мүмкіндік береді, бұл дегеніңіз ең бастысы суды үнемдеуге мүмкіндік береді және егіннің еселі болуына септігін тигізеді.

Расында басқа егістік алқаптарға қарағанда, тамшылатып суарумен піскен дақылдардың дәмі ерекше болады дейді мамандар. Тың жоба арқылы мол өнім алуды көздеп отырған “Ақсақ-керіз” шаруа қожалығы бүгінде үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр екен. Сонымен қатар, тамшылатып суару әдісіне пайдаланылатын заттарды да өз қолдарымен жасап шығыпты. Адал еңбектің иесі Нұржан Бексейтов елімізде іс бастаймын деген азаматтарға қашанда қолдау болатынын айтады. Сондай-ақ, аймақтың әлеуетін көтеру үшін әрбір азамат еңбек ету керектігін атап өтті.

№KZ89VPY00063999 Куәлік нөмірі

Lost your password? Please enter your email address. You will receive mail with link to set new password.

Exit mobile version