«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі алаңында Партия Төрағасы Айбек Дәдебай тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарының басшыларымен, мемлекеттік органдардың және салалық қауымдастықтардың өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында саланы дамыту, отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету, жаңа өндіріс орындарын ашу, шикізатты терең өңдеу, инженерлік кадрлар даярлау сынды өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесуді ашқан Айбек Дәдебай Қазақстанның минералды шикізат қоры аса бай екенін атап өтті. Саланың әлеуеті ең алдымен ел экономикасын дамыту жолында қызмет етуге тиіс.
«Бұл – тек экономикалық мәселе емес. Бұл – әділдік мәселесі. Жер байлығы халықтың әл-ауқатына айналуға тиіс. Сондықтан «Әділет» партиясы терең өңдеу ісін дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және жоғары деңгейде өңделген өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған Президенттің стратегиялық бағдарын толық қолдайды», – деді Партия Төрағасы.
Оның айтуынша, табиғи ресурстарды пайдалану тәсілін өзгерту қажет. Мемлекет шикізатты экспорттап, сол шикізаттан өндірілген дайын өнімді сатып алып отырған кезде негізгі табыс, жаңа өндірістер мен жұмыс орындары Қазақстаннан тыс жерде қалыптасады. Сондықтан шикізатты терең өңдеу ісін дамыту қадамы өнеркәсіп саясатының негізгі басымдықтарының біріне айналуға тиіс.
«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ-ның мәліметінше, өткен жылғы қорытынды бойынша тау-кен металлургия кешені мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің шамамен 8%-ын қамтамасыз етті. Өндірілген өнім көлемі 14 трлн теңгеден асып, экспорт көлемі 21,4 млрд АҚШ долларын құрады. «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ басқарма төрағасы Нариман Абсаметовтің айтуынша, бүгінде тау-кен металлургия кешені мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие болып отыр.
«Сирек кездесетін минералдарға қолжетімділік мемлекеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың біріне айналуда. Қазақстан бірегей минералды шикізат базасына ие және оны тиімді игеру қадамы еліміздің әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Нариман Абсаметов.
Талқылау барысында сала өкілдері бірқатар жүйелі мәселені көтерді. Атап айтқанда, Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец теміржол тасымалы сала үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, транзиттік тасымалдан түсетін кірістерді бөлудің неғұрлым теңгерімді тәсілін қарастыруды ұсынды.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі саланы одан әрі дамыту мәселесі мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы тұрақты өзара іс-қимылды талап ететінін атап өтті.
«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі отандық өнеркәсіпті дамытуға және Қазақстан экономикасын нығайтуға бағытталған бастамаларды әзірлейтін тиімді алаңға айналатынына сенімдімін», – деді Руслан Өскенәлі.
Қатысушылар кәсіпорындарды жаңғырту, инвестиция тарту және білікті кадрлар даярлау мәселелеріне де ерекше назар аударды. Кездесуге қатысушылар табиғи ресурстар жаңа өндірістерді іске қосуға, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға негіз болуға тиіс екенін атап өтті.
«Qarmet» АҚ басшысы Вадим Басин кәсіпорында жүргізіліп жатқан ауқымды жаңғырту жұмысы туралы айтып, қауіпсіздікке, еңбек жағдайына және кәсіби кадрларға инвестиция салмайынша өндірісті дамыту мүмкін емес екенін жеткізді.
«Өнеркәсіп секторы үшін әділдік – адамның еңбегін құрметтеу деген сөз. Кәсіпорын қауіпсіздік есебінен емес, өз алдына дамуға тиіс. Инвестиция тек жабдықтарға ғана емес, адамдарға да бағытталуы керек», – деді Вадим Басин.
Кездесуді қорытындылай келе Айбек Дәдебай бүгінде саланы дамыту мәселесін талқылап қана қоймай, оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ету аса маңызды екенін атап өтті. Ол Іскерлік кеңес отырысының қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы тау-кен металлургия саласын дамытуға арналған бірыңғай бастамалар топтамасын әзірлейтінін мәлімдеді. Оның негізіне бизнес өкілдерінің, салалық қауымдастықтардың және сарапшылар қоғамдастығының ұсыныстары енгізіледі.
«Бүгін нақты әрі шын мәнінде аса маңызды өте көп ұсыныс айтылды. Олардың әрқайсысы жан-жақты қаралып, жүйеленіп, Іскерлік кеңестің алдағы жұмысының бір бөлігіне айналады. Біздің міндетіміз – бизнес пен мемлекет арасындағы диалогтың күн сайын жалғасуын қамтамасыз ету», – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.
Кездесу соңында «Әділет» партиясының жаңа мүшелеріне партиялық билеттер табысталды.
Қоғамның тұрақтылығы мен елдің тыныштығы, ең алдымен, әр отбасының берекесі мен адамдар арасындағы өзара сыйластықтан басталады. Адам баласы үшін отбасы – тәрбиенің алтын бесігі, ал отбасыдан басталған тәрбие тұтас қоғамның келбетіне әсер етеді. Сондықтан бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесі, отбасылық құндылықтарды сақтау, жастардың санасына дұрыс бағыт-бағдар беру және қоғамдағы келеңсіз құбылыстардың алдын алу мәселелері аса маңызды болып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Салауатты сана» жобасы аясында ұйымдастырылған көшпелі кездесудің Созақ ауданында бастау алғаны – біз үшін үлкен маңызға ие. Бұл басқосу тек тәжірибе алмасып, атқарылған жұмыстарды саралайтын жиын ғана емес, сонымен қатар қоғамның өзекті мәселелерін бірге талқылап, олардың алдын алу жолдарын қарастыратын маңызды алаң болды. Бүгінгі таңда қоғамда орын алып отырған нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ысырапшылдық сияқты келеңсіз құбылыстардың әрқайсысы үлкен алаңдаушылық туғызады. Мұндай мәселелердің алдын алу тек бір мекеменің немесе белгілі бір ұйымның міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғам болып атсалысуды қажет ететін ортақ мәселе. Әсіресе бала тәрбиесі мен жастардың болашағына келгенде әр ата-ана, әр отбасы, әр азамат жауапкершілікті сезінуі тиіс. «Салауатты сана» жобасының негізгі мақсаты да осындай маңызды мәселелердің алдын алып, қоғам мүшелерінің жауапкершілігін арттыруға, жастардың санасына дұрыс құндылықтарды сіңіруге бағытталған. Жоба аясында көтеріліп отырған мәселелердің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі адамның санасы мен тәрбиесі дұрыс қалыптасса, ол қоғамдағы түрлі зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап, өз өміріне, отбасына және қоршаған ортасына жауапкершілікпен қарайды.
Біз, аналар, ең алдымен, отбасының берекесін ойлаймыз. Өйткені шаңырақтағы тыныштық пен татулық – қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Отбасында мейірім мен сыйластық орнаған жерде бала да дұрыс тәрбие алады. Ал тәрбиелі, білімді, саналы жас – елдің болашағы. Сондықтан бала тәрбиесіне немқұрайлы қарауға болмайды. Жастарымыздың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау, оларды спортқа, білімге, өнерге, еңбекке баулу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Жасөспірімнің ортасы қандай болса, оның көзқарасы мен өмірлік ұстанымы да соған қарай қалыптасатынын жақсы білеміз. Сол себепті жастарды жаман әдеттерден қорғаудың ең тиімді жолы – оларға дұрыс бағыт көрсету, сенім арту, қолдау білдіру және олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру. Созақ ауданында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ауданымыздың ауылдық округтерінде жұмыс істейтін Аналар кеңестерінің мүшелері ел ішіндегі өзекті мәселелерге бейжай қарамай, түрлі кездесулер мен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып келеді. Әр ауылдағы аналар қауымы отбасы құндылықтарын дәріптеп, жастар тәрбиесіне үлес қосып, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты нығайтуға өздерінің лайықты үлесін қосуда.
Созақ – тарихы терең, елдік пен ерліктің өнегесін бойына сіңірген қасиетті мекен. Бұл өңірде атадан балаға жалғасқан салт-дәстүр, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, көршімен тату болу секілді ұлттық құндылықтар берік сақталған. Біз осы дәстүрді қазіргі заман талабымен сабақтастыра отырып, жас ұрпақтың тәрбиесіне пайдалануымыз керек деп ойлаймын. Қазақ халқы ежелден «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп бекер айтпаған. Адамдар бір-бірін түсініп, бір-біріне құрметпен қараған жерде кез келген қиындықты еңсеруге болады. Біздің ауданымыздағы ең үлкен құндылықтардың бірі де – осы ауызбіршілік пен ынтымақ. Әртүрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп, туған жердің дамуына бірге атсалысып келеді. Бұл – елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің нақты көрінісі.
Қоғамдық келісім дегеніміз – тек тыныштықта өмір сүру ғана емес. Ол – бір-бірінің пікірін құрметтеу, өзара түсіністік таныту, ортақ мақсат жолында бірігу. Біз Созақ ауданында осы құндылықтарды жоғары бағалаймыз. Өйткені ауызбіршілік бар жерде береке болады. Бірлігі бекем елдің болашағы да баянды. Ауданымызда өткен кездесуде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Төлебекқызы Тоққұлова «Салауатты сана» және «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобаларының аудан, қалаларда жүзеге асырылуы бойынша баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталған болатын. Бұл жобалардың қоғам үшін маңызы өте зор деп есептеймін. Әсіресе «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының мәні ерекше. Себебі ана – отбасының ұйытқысы, бала тәрбиесінің негізгі тұлғасы. Ана бойындағы мәдениет, парасат, сабыр мен мейірім отбасындағы тәрбиеге тікелей әсер етеді. Ал отбасындағы тәрбие – ұлттың тәрбиесі. Сондықтан мәдениетті, саналы, білімді ана тәрбиелеген ұрпақ та елге қызмет ететін азамат болып қалыптасады. Біз бүгінгі аналарға ғана емес, ертеңгі аналарға да үлкен жауапкершілік жүктелетінін түсінуіміз қажет. Қазіргі қыз бала – болашақ ана. Сондықтан олардың бойына ұлттық тәрбие мен адамгершілік қасиеттерді сіңіру маңызды. Қыз тәрбиесі – ел тәрбиесі. Ұл тәрбиесі де – ел болашағы. Осы екі бағытта да ата-ана мен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Бүгінгі таңда нашақорлық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері де ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл бағытта тек ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен шектелмей, әр отбасының жағдайына, әр баланың тәрбиесіне, әр жастың ортасына көңіл бөлу керек. Қоғамдық ұйымдар, ата-аналар, ұстаздар, құқық қорғау органдары және жастармен жұмыс істейтін мамандар өзара тығыз байланыста болғанда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Сонымен қатар, ол жиында Халықтық Конституцияның маңыздылығы мен оны кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар да сөз болды. Конституция – елдің құқықтық негізі ғана емес, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын маңызды құжат. Оны құрметтеу, заң талаптарын сақтау, өз құқығыңды білу және өзгенің құқығына құрметпен қарау – өркениетті қоғамның басты белгілерінің бірі.
Біздің қоғамымызда үлкенге құрмет, кішіге ізет, көршіге сыйластық, ағайынға жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бар. Осы құндылықтарды жоғалтпай, оларды жастарға жеткізу – біздің басты міндетіміз. Себебі ұлттық құндылықтар мен заманауи тәрбие бір-біріне қайшы емес. Керісінше, екеуін сабақтастыра білсек, саналы әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелей аламыз. Аналар кеңесінің жұмысы да осы мақсатқа бағытталған. Біз ел ішіндегі мәселелерді сырттай бақылап қана қоймай, халықпен бірге жұмыс істеуге тиіспіз. Әрбір ауылдағы ананың сөзі, әрбір отбасының мәселесі біз үшін маңызды. Кейде бір ауыз ақылдың өзі адамға үлкен ой салып, дұрыс шешім қабылдауына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан аналардың қоғамдағы тәрбиелік және рухани рөлі әрқашан жоғары болуы керек.
Менің ойымша, біздің әрбір кездесуіміздің басты нәтижесі – ортақ мәселелерді бірге талқылап, тәжірибе алмасуымызда. Облыстық деңгейдегі Аналар кеңесі мен аудандық, ауылдық округтердегі кеңестердің өзара байланысы нығайған сайын, атқарылатын жұмыстардың да нәтижесі арта түседі. Біз бір-бірімізден тәжірибе алып, жақсы бастамаларды аудан көлемінде кеңінен насихаттауымыз қажет. Созақ ауданындағы Аналар кеңесі алдағы уақытта да «Салауатты сана» жобасы аясындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді. Біз үшін ең маңыздысы – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, жастарды теріс әрекеттерден қорғау, отбасының қадірін арттыру және ел ішіндегі бірлік пен ауызбіршілікті нығайту. Біз аналар ретінде әрбір баланың болашағына алаңдаймыз. Әрбір жастың жақсы білім алып, дұрыс жолды таңдап, елге пайдалы азамат болғанын қалаймыз. Әр шаңырақта күлкі мен қуаныш болғанын, әр отбасында сыйластық пен түсіністік орнағанын тілейміз. Себебі бақытты отбасы – бақытты қоғамның негізі.
Бүгінгі таңда елімізге ең керегі – татулық пен тұрақтылық. Ал оны сақтау үшін әрқайсымыз өз орнымызда жауапкершілікпен еңбек етуіміз керек. Бірлік – тек сөзбен айтылатын ұғым емес, ол күнделікті өмірдегі өзара сыйластықтан, түсіністіктен және ортақ іске жұмыла білуден көрінеді. Созақ жұртының ынтымағы мен ауызбіршілігі – біздің мақтанышымыз. Ел ішінде береке болса, алынбайтын асу жоқ. Сондықтан біз осы татулықты көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат етуіміз қажет. «Салауатты сана» жобасы аясындағы осындай кездесулер қоғамдағы маңызды мәселелерді ашық талқылауға, олардың алдын алуға және ортақ шешімдер іздеуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыстардың барлығы түптеп келгенде елдің ертеңі үшін жасалып жатыр.
Біздің мақсатымыз біреу – саналы ұрпақ, берекелі отбасы, бейбіт қоғам қалыптастыру. Ал мұндай мақсатқа жетудің ең сенімді жолы – бірлік пен ауызбіршілік. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан елдің ғана болашағы жарқын болады. Сондықтан барша аналарды, ата-аналарды, ұстаздарды және қоғам белсенділерін бала тәрбиесіне бейжай қарамауға, жастарымыздың болашағына бірге жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Әр отбасындағы жақсы тәрбие – елдің ертеңіне қосылған үлкен үлес.
Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болсын! Әр шаңырақта тыныштық орнап, әр отбасында береке мен бақыт салтанат құрсын! Ең бастысы, ұрпағымыздың санасы салауатты, жүрегі мейірімді, болашағы жарқын болғай!
Рысты ТӘБЕТҚЫЗЫ,
Созақ аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы
Сайлау – азаматтардың ел мен қоғамның болашағына қатысты өз ұстанымын білдіретін маңызды қоғамдық-саяси үдеріс. Әсіресе ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау жергілікті жердегі халықтың өзіне тікелей қатысты мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, ауыл басқаруындағы жауапкершілік деңгейін арттыра түсті. Бұл үдерістің мәні тек дауыс берумен шектелмейді. Оның ар жағында тұрғындардың таңдауы, үміті және жаңа басшыдан күтер нәтижесі жатыр. Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ ауылдық округінде өткен кезектен тыс әкім сайлауы да осы тұрғыдан маңызды оқиғалардың бірі болды. Тұрғындар өз таңдауын жасап, округтің алдағы кезеңдегі жұмысына жауапты тұлғаны анықтады. Сайлау қорытындысында Құралбеков Нұрсұлтан Рүстемұлы басым дауысқа ие болып, Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Ресми мәліметке сәйкес, ол сайлаушылардың 71,3 пайызының қолдауына ие болған.
Жаңа әкімнің қызметке кірісуі Қайнарбұлақ ауылдық округінің өміріндегі жаңа кезеңнің басталуымен сабақтас. Ендігі уақытта округ тұрғындарын толғандыратын мәселелерді жүйелі түрде зерделеу, елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, инфрақұрылымға қатысты түйткілдерді кезең-кезеңімен шешу және халықпен тиімді байланыс орнату маңызды бағыттардың қатарында болмақ. Осыған байланысты аудан әкімінің орынбасары Сержан Дауылбайұлы Қайнарбұлақ ауылдық округіне арнайы барып, жаңадан сайланған әкімді қызметімен құттықтады. Кездесу барысында жергілікті атқарушы органның алдағы жұмыс бағдарлары талқыланып, жаңа әкімге бірқатар нақты міндеттер жүктелді.
Жиында ең алдымен ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту мәселесіне басымдық берілді. Қай ауылдың да тұрақты дамуы тұрғындардың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты. Сондықтан жергілікті жерде атқарылатын жұмыстың негізгі өлшемі қағаздағы жоспар емес, оның халықтың өміріне әкелген нақты нәтижесі болуы тиіс.
Қайнарбұлақ ауылдық округінің алдағы дамуында инфрақұрылымдық мәселелер де маңызды орын алады. Елді мекендердегі жолдардың жағдайы, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру, тазалықты сақтау, әлеуметтік нысандардың қалыпты жұмыс істеуі секілді бағыттар тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Мұндай мәселелерді шешу үшін жергілікті әкімдікке жүйелі жоспарлау мен тиісті мекемелермен бірлескен жұмысты жолға қою қажет. Бүгінде мемлекеттік басқарудың маңызды қағидаларының бірі – ашықтық пен есептілік. Бұл талап жергілікті деңгейге де тікелей қатысты. Тұрғын өз мәселесінің қай кезеңде тұрғанын, қандай шешім қабылданғанын және нәтижесі қашан болатынын білуі керек. Мұндай ашық қарым-қатынас халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтады.
Қайнарбұлақ ауылдық округінің жаңа әкімі үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. Өйткені ол бұған дейін де осы аумақта қызмет атқарып, жергілікті мәселелермен таныс болған. Құралбеков Нұрсұлтан Рүстемұлының мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы 2019 жылдан басталады. Ол Сайрам ауданы Көлкент ауылдық округі әкімдігі аппаратында бас маман-заңгер қызметін атқарған. Құқық саласындағы кәсіби білімі де мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне негіз болды. Нұрсұлтан Құралбеков 1990 жылғы 6 ақпанда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2012 жылы Шымкент қаласындағы Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Мемлекеттік қызметтің жергілікті деңгейінде тәжірибе жинақтаған ол 2023 жылы Қайнарбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы кезеңде ауылдық округтің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне, жергілікті өзін-өзі басқару жұмыстарына және тұрғындардың өтініштерімен жұмыс жүргізу бағыттарына қатысты тәжірибе жинады. Нұрсұлтан Құралбековтің еңбек жолындағы келесі кезең Сайрам ауданы әкімдігінің ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімшесімен байланысты. 2025 жылғы 30 қыркүйектен бастап ол аталған бөлімшеде бас маман қызметін атқарды. Осылайша жаңа әкімнің еңбек тәжірибесінде құқықтық қызмет, ауылдық округ әкімдігі аппараты, жергілікті атқарушы орган жұмысы және аумақтық даму бағыттары қамтылған. Бұл тәжірибе Қайнарбұлақ ауылдық округін басқару кезінде қажет болатын ұйымдастырушылық және құқықтық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Сондықтан жаңа әкімнің алдында бірнеше бағытта жүйелі жұмыс жүргізу міндеті тұр. Біріншіден, ауылдық округтің проблемалық мәселелерін нақты анықтап, олардың маңыздылығына қарай басымдық беру қажет. Екіншіден, шешімін қажет ететін мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты күшейткен жөн. Үшіншіден, тұрғындарға атқарылған жұмыстар туралы тұрақты ақпарат беріп отыру маңызды.
Ауылдың экономикалық мүмкіндігін арттыру да назардан тыс қалмауы керек. Жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау, ауыл шаруашылығы саласындағы бастамаларды қолдау, шағын және орта бизнестің белсенділігін арттыру – елді мекеннің экономикалық әлеуетін көтеретін негізгі тетіктердің бірі. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен халық табысының өсуі де жергілікті экономиканың жандануына әсер етеді. Әлеуметтік салада да атқарылар жұмыс аз емес. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жастар саясаты секілді бағыттар ауыл тұрғындарының өмір сапасына әсер ететін маңызды салалар. Әкімдік осы салалардағы мәселелерді тиісті мекемелермен бірлесіп шешуге ықпал етуі қажет.
Қайнарбұлақ ауылдық округінің болашағы тек әкімдікке ғана емес, тұрғындардың өз белсенділігіне де байланысты. Қоғамдық мәселелерді шешуде халықтың ұсынысы мен бастамасы маңызды рөл атқарады. Осы ретте жаңа әкім мен тұрғындар арасындағы өзара түсіністік пен серіктестік ауылдың дамуына оң әсер етпек. Тікелей сайлаудың ерекшелігі де осында. Тұрғындар өз таңдауын жасап қана қоймай, сол таңдаған басшысының қызметіне баға беруге мүмкіндік алады. Әкімнің халық алдындағы есептілігі осылайша арта түседі. Ал әкім үшін бұл – тұрғындардың сенімін күнделікті еңбегі арқылы дәлелдеудің қажеттігін білдіреді.
Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жергілікті жерде сапалы жүзеге асыру да жаңа әкімнің жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі болмақ. Мемлекеттік саясаттың нәтижесі ең алдымен өңірлерде, ауылдар мен елді мекендерде көрінеді. Сондықтан республикалық және облыстық деңгейде белгіленген міндеттердің жергілікті жерде нақты іске айналуы маңызды.
Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау және елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым табиғатты қорғау мәселесі тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап келеді. Президент өз Жолдауларында және түрлі деңгейдегі кеңестерде экологиялық ахуалды жақсарту, елді мекендерді абаттандыру, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, қалдықтарды тиімді басқару және азаматтарды табиғатты қорғау жұмыстарына кеңінен тарту мәселелеріне ерекше назар аударып келеді.
Мемлекет басшысы: «Таза Қазақстан – бір күндік науқан емес. Бұл – әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс» деп атап көрсеткен болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қолға алынып, республика көлемінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Аталған бастама бүгінде халықтың кең қолдауына ие болып, елдің барлық өңірлерінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Президент тапсырмасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау тек сенбіліктер өткізумен шектелмей, елді мекендерді кешенді абаттандыру, қоғамдық орындарды күтіп ұстау, жасыл желекті көбейту, өзен-көлдердің жағалауын тазалау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру сияқты ұзақ мерзімді міндеттерді қамтиды. Бұл жұмыстар халықтың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, өңірлердің инвестициялық және туристік әлеуетін көтеруге де ықпал етеді. Осы мемлекеттік бастаманы жүзеге асыру бағытында Түркістан облысында да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Өңірдің барлық аудан-қалаларында санитарлық тазалық пен абаттандыру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып, қоғамдық орындардың көркі жақсарып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Сайрам ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылуда.
Сайрам ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды тазалық жұмыстары Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Қасымбек датқа ауылындағы саябақ аумағында өтті. Бұл шара Мемлекет басшысының экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған нақты жұмыстардың бірі болды.
Сенбілікке аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлының бастамасымен 230 тұрғын белсенді түрде қатысты. Сонымен қатар жұмыстарды сапалы әрі қысқа мерзімде орындау үшін 4 арнайы техника жұмылдырылды. Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және ауылдардың көркін арттыру. Тазалық жұмыстары барысында саябақтағы жарық шамдары мен орындықтар сырланып, қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар саябақ аумағындағы 0,6 гектар жердегі арамшөптер орылып, аумақ толықтай ретке келтірілді. Нәтижесінде 1,3 тонна тұрмыстық қатты қалдық арнайы полигонға шығарылды. Бұл жұмыстар саябақтың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың демалуына қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәдениетті қалыптастыруда мемлекет пен қоғамның, кәсіпкерлер мен еріктілердің өзара ынтымақтастығы ерекше маңызға ие екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы бағыттағы жұмыстарға Сайрам ауданындағы кәсіпкерлік субъектілері де белсенді үлес қосуда. Солардың бірі – «BAVI» мекемесі. Кәсіпорын сенбілікке демеушілік жасап, тазалық акциясына қатысушыларға өз өнімдерін ұсынып, әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Бизнестің мұндай бастамаларға қолдау көрсетуі Президент көтеріп отырған «жауапты қоғам» қағидатының нақты көрінісі болып табылады.
Экологиялық акция тек Қасымбек датқа ауылымен ғана шектелген жоқ. Сайрам ауданының барлық ауылдық округтерінде де санитарлық тазалық жұмыстары қатар жүргізілді. Жалпы аудан бойынша сенбілікке 2 754 тұрғын қатысып, 23 арнайы техника жұмылдырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудан көлемінде 134 шақырым көше тазартылып, 23,4 шақырым жаяу жүргіншілер жолы ретке келтірілді. Сонымен қатар 8,6 шақырым өзен-көлдер мен канал жағалауы тазартылып, табиғи аумақтардың санитарлық жағдайы жақсартылды. Бұдан бөлек 9 саябақ пен сквердің аумағы абаттандырылып, 18 балалар және спорт алаңшасы ретке келтірілді. Сенбілік қорытындысында жалпы көлемі 35,6 тонна тұрмыстық қалдық арнайы полигонға шығарылды. Бұл көрсеткіштер Сайрам ауданында экологиялық жұмыстардың бір реттік акция ретінде емес, жүйелі түрде ұйымдастырылып жатқанын көрсетеді. Мұндай жұмыстар ауданның санитарлық тазалығын қамтамасыз етумен қатар тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыруға да үлкен әсер етеді.
Мемлекет басшысы өз сөздерінде экологиялық мәдениет бала кезден қалыптасуы тиіс екенін ерекше атап келеді. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы сенбіліктер жастардың, еріктілердің, білім беру ұйымдарының, қоғамдық ұйымдардың және кәсіпкерлердің белсенді қатысуымен ұйымдастырылуы үлкен маңызға ие. Бұл – өскелең ұрпақтың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін күшейтіп, ортақ іске жұмыла білу мәдениетін қалыптастырады.
Президент тапсырмасында ерекше айтылған тағы бір мәселе – әрбір тұрғынның өз ауласы мен көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қарауы. Өйткені экологиялық мәдениет тек мемлекеттік бағдарламалармен емес, әр азаматтың күнделікті іс-әрекетімен қалыптасады. Ауладағы тазалық, көшені ластамау, ағаш отырғызу, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға шығару – мұның барлығы экологиялық жауапкершіліктің маңызды көрсеткіштері. Бүгінде «Таза Қазақстан» акциясы қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастырып келеді. Тұрғындардың сенбіліктерге белсенді қатысуы, кәсіпкерлердің қолдау көрсетуі, мемлекеттік мекемелердің үйлесімді жұмысы Президент бастамасының халық арасында кең қолдау тапқанын айқын аңғартады.
Сайрам ауданында ұйымдастырылып жатқан мұндай игі шаралар елді мекендердің көркеюіне, тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына және қоршаған ортаның жақсаруына нақты үлес қосуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрақты түрде жалғасып, ауданның әрбір елді мекенінде тазалық пен тәртіпті сақтауға бағытталған жаңа бастамалармен толықтырыла бермек.
Таза табиғат – ұлт денсаулығының кепілі, ал таза елді мекен – өркениетті қоғамның айқын белгісі. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы әрбір азаматтың ортақ ісіне айналып, экологиялық жауапкершілік қоғам өмірінің ажырамас бөлігі болуы тиіс. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ғана келешек ұрпаққа таза табиғат, көрікті ауылдар мен жайлы өмір сүру ортасын қалдыруға болады.
Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында Қарашық өзенінің бойында 50 гектар аумақты қамтитын «Түркістан» экобағы ашылды. Жаңа демалыс аймағының ашылу салтанатына орай «Жаңа Конституция – халықтың құқықтық мәдениеті» атты ауқымды іс-шара өтті. Салтанатты жиынға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қала тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
– Санаулы күндерден кейін бүкіл ел болып қолдап, дауыс берген Жаңа Конституция күшіне енеді. Осы Ата Заңымызды қолдау мақсатында халықтың ұсынысымен барлық аудан, қалада түрлі іс-шаралар өткізілді. Соның қорытындысы ретінде бүгін барлығымыз ауқымды акцияға жиналып отырмыз. Түркістан жұртшылығы референдумға қатысу бойынша елімізде көшбасшылар қатарында болып, бірлік пен отаншылдықтың үлгісін көрсетті. Осы орайда, Мемлекет басшысы референдумға қолдау білдірген Түркістан халқына шынайы ризашылығын жеткізді. Президентіміз күні кеше ел болып қабылдаған жаңа Конституция туралы «Жалпыұлттық референдум кезінде халқымыз мемлекеттің келешегін айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеріне сенемін» деген болатын. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі болып орнықты. Бұл тарихи қадамды еліміздің саналы қоғамы мен білімді жастары зор ықыласпен қолдауда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған жаңа экопарк жай ғана демалыс орны емес, бүкіл Түркістан жұртшылығы мен қонақтары бас қосып, спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізетін заманауи демалыс орны. Жаңа Конституция – біздің болашағымыздың берік іргетасы. Ата Заңымыз еліміздің айбынын асырып, Қазақстанымыз мәңгілік жасай берсін! – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысының құрылғанына 8 жыл толды. Осы кезеңде Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен өңір қарқынды дамыды. 1991–2017 жылдары 8,7 млн ш.м тұрғын үй, 616 мектеп, 386 денсаулық, 21 мәдениет және 23 спорт нысаны салынса, соңғы 8 жылда оның елеулі бөлігі жүзеге асты: тұрғын үйдің 77%-ы (6,7 млн ш.м), мектептердің 35%-ы (214), денсаулық нысандарының 57%-ы (219) бой көтерді. Сонымен қатар 801 елді мекен 100% ауыз сумен қамтылып, халықтың 90%-ы газға қосылды. Өңірлік өнім көлемі 8 жылда 3 есеге артты.
Салтанатты шараға Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Сабырғали Балғалиев және жастарға қолдау көрсетіп жүрген қоғам белсендісі Ерболат Балғабаев сөз сөйлеп, жастарды заңды құрметтеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және ел дамуына үлес қосуға шақырды.
Жалпы, экобақ аумағында жергілікті климатқа бейімделген тұранғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаштары егілген. Бұдан бөлек экобақта 4 көпір, күн панельдерімен жұмыс істейтін 170 шам, 3 волейбол алаңы, 1 футбол алаңы, 4 мың ш.м. балалар ойын алаңы, балық аулайтын арнайы 3 жағажай, 11 от жағу алаңы, орындықтар, барбекю аймақтары, сондай-ақ тас пен ағаштан жасалған мүсіндер орнатылған. Құрылысқа экологияға зиян келтірмейтін материалдар пайдаланылды.
Мерекелік кеште қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары өнер көрсетті. Сахна төрінде Айдана Меденова, Ұшқын Жамалбек және Alem және тағы басқа өзге де өнер жұлдыздары әннен шашу шашып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Кәсіби мереке қарсаңында Түркістан облысында бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан баспана кілті табысталды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының ғана емес, өңірлік журналистердің де әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бастама жүзеге асырылуда. Осыған орай Түркістан облысының бұқаралық ақпарат құралдары саласында еңбек етіп жүрген азаматтар жаңа баспаналы болды.
Салтанатты рәсімде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының атынан жаңа пәтерлердің кілтін табыстап, журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Президент тапсырмасы аясында Түркістан облысында баспанаға ие болғандардың бірі – «24KZ» телеарнасының Түркістан облысындағы телеоператоры Ерболат Әбішов. Көп жылдық ақпарат саласындағы еңбегімен танылған телеоператорға Түркістан қаласынан қажетті жиһазбен жабдықталған жаңа пәтердің кілті табысталды.
Ерболат Әбішов еңбек жолын 2000 жылы Қазығұрт аудандық телеарнасында бастап, кейін облыстық және республикалық телеарналарда қызмет атқарды. 2012 жылдан бері «Хабар» агенттігінің Түркістан облысындағы телеоператоры ретінде ел өміріндегі маңызды оқиғаларды кәсіби деңгейде көрерменге жеткізіп келеді. Оның көпжылдық тәжірибесі мен адал еңбегі әріптестері арасында жоғары бағаланады.
Екінші баспана Созақ аудандық қоғамдық-саяси «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы Нұрсұлтан Шертаевқа табысталды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі Нұрсұлтан Шертаев 13 жылдан бері аудандық басылымда табысты еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, қоғамдық өмірі мен елдік бастамаларды тұрақты түрде насихаттап келеді. Президент бастамасы аясында ол туған өлкесі – Созақ ауданынан баспаналы болды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің еңбегін әрдайым жоғары бағалайтынын атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ақпарат саласы қызметкерлерінің еңбегін әрдайым жоғары бағалап келеді. Бүгін Мемлекет басшысының атынан өздеріңізге баспана кілтін табыстау – зор мәртебе. Бұл – журналистердің қоғамдағы рөлін айқындайтын, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қолдау. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болып, қаламдарыңыз мұқалмасын. Сіздерге шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Биыл алғаш рет өңірлік журналистерге де баспана беру туралы шешім қабылдануы – ақпарат саласы мамандарының еңбегіне көрсетілген зор құрметтің әрі мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі.
Бұл бастама журналистердің әлеуметтік әл-ауқатын арттырумен қатар, олардың кәсіби қызметіне жаңа серпін беріп, ел дамуы жолындағы жауапты міндеттерді сапалы атқаруына берік негіз қалайды.
Қазақстанда отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау және көпбалалы отбасыларды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде отбасы құндылықтарын сақтау, демографиялық өсімді қолдау және аналардың қоғамдағы мәртебесін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – әрбір отбасының әл-ауқатын жақсарту, ана мен баланың құқықтарын қорғау және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау.
Осы мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі ретінде Сайрам ауданында көпбалалы аналарды мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің №1247 Жарлығына сәйкес ұйымдастырылып, өмірге саналы ұрпақ тәрбиелеп өсірген аналардың еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі болды.
Іс-шара барысында аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлы ауданның 25 анасына мемлекеттік наградаларды салтанатты жағдайда табыс етті. Оның ішінде бес ана «Алтын алқа» иегері атанса, жиырма ана «Күміс алқамен» марапатталды. Бұл марапаттар – тек көп бала дүниеге әкелгені үшін ғана емес, оларды елін, жерін сүйетін, білімді әрі тәрбиелі азамат етіп өсіруге қосқан өлшеусіз еңбектің лайықты бағасы.
Салтанатты рәсімде аудан әкімі марапат иелерін шын жүректен құттықтап, аналардың қоғамдағы орны мен отбасы тәрбиесіндегі рөлі ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларды қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Осы орайда аудан әкімі Мадияр Оразалиев Президенттің әлеуметтік саясаттағы басымдықтарына тоқталып, былай деді:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау, көпбалалы отбасыларды жан-жақты қолдау мәселесін мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде айқындап келеді. Ана – отбасының ғана емес, тұтас қоғамның тірегі. Болашақ ұрпақтың тәрбиесі сіздердің мейірімдеріңіз бен еңбектеріңізден бастау алады. Бүгінгі мемлекеттік марапат – сіздердің ел алдындағы ерен еңбектеріңізге берілген жоғары баға. Баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, ұл-қыздарыңыздың қызығын көруді тілеймін», – деді аудан әкімі.
Президент өз Жолдауларында әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту екенін үнемі айтып келеді. Соның ішінде аналарды әлеуметтік қорғау, көпбалалы отбасыларды қолдау және бала тәрбиесіне қолайлы жағдай жасау мәселелері мемлекеттік бағдарламалар арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінде көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік жеңілдіктер, тұрғын үймен қамтамасыз ету және басқа да қолдау тетіктері қарастырылған. Бұл бастамалар қоғамдағы отбасы құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, демографиялық өсімді арттыруға, ұлттың болашағын қалыптастыруға да оң әсерін тигізуде. Өйткені елдің ертеңі – бүгінгі тәрбиелі ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақты тәрбиелейтін ең басты тұлға – ана.
Сайрам ауданында өткен марапаттау рәсімі де аналарға деген құрметтің, олардың еңбегін бағалаудың және Президент бастамаларының өңірлерде табысты жүзеге асып жатқанының жарқын көрінісі болды. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері – тек өз отбасыларының ғана емес, қоғамның мақтанышы. Олардың өнегелі өмір жолы мен ұрпақ тәрбиесіндегі қажырлы еңбегі кейінгі буынға үлгі болып қала береді.
Мемлекет ананы ардақтаған сайын отбасы нығаяды, отбасы нығайған сайын қоғамның бірлігі мен елдің болашағы берік болмақ. Сондықтан көпбалалы аналарды қолдау мен құрметтеу – Президент айқындаған Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды әлеуметтік басымдықтардың бірі болып қала береді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру барысында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басты қағидаттардың біріне айналдырды. Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында мемлекеттік органдардың басты міндеті – азаматтардың мұң-мұқтажына жедел ден қойып, олардың мәселесін заң аясында тиімді шешу екенін бірнеше рет атап өтті. Президенттің айтуынша, билік пен халық арасындағы сенімнің басты негізі – ашықтық, әділдік және тұрақты кері байланыс. Осы бағыттағы жұмыстар Сайрам ауданында да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Аудан әкімі Мадияр Оразалиевтің тұрғындарды тұрақты түрде жеке қабылдауы – Президент жүктеген міндеттердің нақты орындалып жатқанын көрсететін маңызды қадамдардың бірі.
Аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлы аудан тұрғындарын кезекті рет жеке қабылдап, олардың ұсыныс-пікірлері мен көтерген мәселелерін мұқият тыңдады. Қабылдау барысында жер қатынастары, әлеуметтік көмек, ауыз сумен қамтамасыз ету, табиғи газ жүргізу, электр жарығы және өзге де тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелер көтерілді. Әрбір азаматтың өтініші назардан тыс қалмай, заң талаптарына сәйкес жан-жақты қаралды. Тұрғындарға тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жауапты бөлім басшылары мен сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауларында мемлекеттік қызметтің басты өлшемі – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту екенін ерекше атап келеді. Сондықтан бүгінгі таңда әрбір әкімнің қызметі тек жоспарланған жұмыстармен емес, тұрғындардың нақты мәселелерін қаншалықты тиімді шешуімен бағалануда. Осы тұрғыдан алғанда, азаматтарды жеке қабылдау – жергілікті атқарушы органдар жұмысының ең маңызды бағыттарының бірі.
Жеке қабылдаулар барысында көтерілген мәселелердің басым бөлігі тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттарға қатысты. Ауыз су, табиғи газ, электр энергиясы, жол және жер мәселелері – халықтың өмір сүру сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Сондықтан мұндай мәселелердің уақытылы шешілуі Мемлекет басшысы белгілеген «Әділетті Қазақстан» қағидаттарының жүзеге асуына да ықпал етеді.
Соңғы жылдары Президент бастамасымен мемлекеттік басқару жүйесінде халықпен кері байланысты күшейтуге ерекше назар аударылып келеді. Мемлекеттік органдардың ашықтығы, азаматтардың өтініштерін жедел қарау, әрбір тұрғынның пікірін ескеру – мемлекеттік саясаттың негізгі талаптарының біріне айналды. Бұл бағытта аудан әкімдерінің тұрғындармен тұрақты кездесулері мен жеке қабылдаулары ерекше маңызға ие.
Сайрам ауданында да бұл жұмыстар жүйелі сипат алған. Тұрғындардың мәселелерін кабинетте ғана емес, елді мекендерге барып зерделеу, жауапты мекемелердің қатысуымен нақты шешім қабылдау тәжірибесі қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде халықтың билікке деген сенімін арттырып, мемлекеттік қызметтің тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді. Осы орайда аудан әкімі Мадияр Оразалиев Президент белгілеген міндеттердің жергілікті деңгейде сапалы орындалуы басты назарда екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік қызметтің ең басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру және азаматтардың мәселесін дер кезінде шешу екенін үнемі айтып келеді. Президенттің “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатын басшылыққа ала отырып, біз әрбір тұрғынның өтінішіне жауапкершілікпен қараймыз. Бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайды. Көтерілген әрбір өтініш заң талаптарына сәйкес қаралып, нақты шешімін табуы үшін барлық мүмкіндіктер пайдаланылады. Халықпен ашық әрі тұрақты диалог – біздің жұмысымыздың басты ұстанымы болып қала береді», – деді аудан әкімі.
Президенттің мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған реформалары өңірлерде нақты істер арқылы жүзеге асқанда ғана өзінің тиімділігін көрсетеді. Сондықтан тұрғындардың өтініштерін тыңдап қана қоймай, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі.
Халықтың мұң-мұқтажына бейжай қарамай, әрбір мәселенің шешімін табуға ұмтылу – әділетті әрі тиімді мемлекеттік басқарудың басты көрсеткіші. Сайрам ауданында өткізілетін мұндай жеке қабылдаулар Мемлекет басшысы айқындаған халыққа қызмет ететін мемлекет қағидатын іске асырудың нақты көрінісі болып табылады. Олар тұрғындар мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және елдегі қоғамдық тұрақтылықтың сақталуына өз үлесін қоса береді.
Қоғамның тұрақты дамуы мен ел азаматтарының қауіпсіз өмір сүруі ең алдымен заңның үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуына байланысты. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім де құқықтық тәртіптің берік орнығуынан бастау алады. Осы тұрғыдан алғанда, құқық қорғау органдарының қызметі тек құқық бұзушылықтың алдын алу немесе заң талаптарын орындауды қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Полиция қызметкерлері қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және өскелең ұрпаққа адалдық пен жауапкершіліктің маңызын түсіндіруге де зор үлес қосады.
Осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі – Төлеби аудандық полиция бөлімінде өткен тағылымды кездесу. Іс-шара «Адал азамат күні» аясында ұйымдастырылып, оған Түркістан облысы «Ауған соғысы ардагерлер кеңесі» төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының құқықтық тәрбие және әлеуметтік ісі жөніндегі комиссия мүшесі, запастағы полковник Оналбаев Есенбек Молдатайұлы қатысты. Кездесуге бөлім бастығының орынбасары, әр саладағы полиция инспекторлары мен сержанттық құрам өкілдері қатысып, ұрпақтар сабақтастығы, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Мұндай кездесулердің маңызы ерекше. Себебі елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аға буынның өмірлік және кәсіби тәжірибесі жас мамандар үшін маңызды өнеге бола алады. Әсіресе құқық қорғау саласында қызмет атқаратын азаматтар үшін адалдық, тәртіп, антқа беріктік, жауапкершілік және Отанға деген қызмет ұғымдары күнделікті жұмыстың негізгі қағидатына айналуы тиіс. Кездесу барысында ардагердің қызметтік жолы мен өмірлік тәжірибесі жас буынға үлгі ретінде ұсынылды. Ұзақ жылдар бойы елге қызмет етіп, жауапты міндеттерді абыроймен атқарған аға буын өкілдерінің өнегесі – қазіргі полиция қызметкерлері үшін үлкен мектеп. Өйткені құқық қорғау саласында кәсіби шеберлікпен қатар адамгершілік қасиеттердің де орны айрықша. Азаматтың құқығын қорғау, заң талаптарын сақтау, кез келген жағдайда әділ шешім қабылдау және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну – полиция қызметкерінің басты міндеттерінің бірі.
Бүгінде елімізде «Заң және тәртіп» қағидаты қоғам өмірінің маңызды бағыты ретінде айқындалып отыр. Бұл ұстанымның негізгі мәні – заң талаптарын бәріне бірдей сақтау, құқық бұзушылыққа жол бермеу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Заңның үстемдігі орныққан жерде ғана әділетті қоғам қалыптасып, азаматтардың мемлекет институттарына деген сенімі артады. Осы орайда Төлеби ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған шараларды жүзеге асыруда. Бұл ретте құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет ету емес, оның алдын алу, қауіптің туындау себептерін ерте анықтау және тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды.
Қоғамдық қауіпсіздік – тек полицияның немесе басқа да құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Сондықтан кез келген заң бұзушылыққа немқұрайды қарамау, құқықтық тәртіпті бұзатын әрекеттерге бейжайлық танытпау – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі. Құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатының мәні де осында. Яғни ұсақ құқық бұзушылыққа көз жұма қарау кейіннен анағұрлым ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін екенін ескере отырып, заң талаптарының сақталуына барынша жауапкершілікпен қарау қажет.
«Нөлдік төзімділік» қағидаты азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырумен тікелей байланысты. Көшеде қоғамдық тәртіпті бұзу, айналаға зиян келтіру, отбасындағы жанжал, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылыққа араласуы немесе басқа да заңға қайшы әрекеттер – қоғам қауіпсіздігіне әсер ететін факторлар. Сондықтан осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін полиция мен жергілікті атқарушы органдардың, білім беру ұйымдарының, қоғамдық ұйымдардың және тұрғындардың өзара байланысы маңызды. Төлеби аудандық полиция бөлімінде өткен кездесуде осы мәселелердің барлығы өзара сабақтастықта қаралды. Аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесі мен жас полиция қызметкерлерінің кәсіби міндеттері тоғысып, ортақ құндылықтар айқындалды. Олар – адалдық, тәртіп, заңға құрмет, елге қызмет ету және азаматтардың қауіпсіздігін қорғау.
«Адал азамат» ұғымы да осы құндылықтармен тығыз байланысты. Адал азамат – заңды құрметтейтін, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын, қоғам алдындағы парызын түсінетін және өзгенің құқығына құрметпен қарайтын тұлға. Мұндай азаматтық ұстаным бір күнде қалыптаспайды. Ол отбасындағы тәрбиеден басталып, мектепте жалғасып, қоғамдық ортада орнығады. Ал құқық қорғау саласының қызметкерлері осы құндылықтарды өздерінің күнделікті қызметі арқылы көрсетуі тиіс. Полиция қызметкерінің қоғам алдындағы беделі оның заңды қаншалықты дұрыс қолдануымен ғана емес, азаматтармен қарым-қатынас мәдениетімен де өлшенеді. Тұрғын полиция қызметкерінен ең алдымен әділдік пен кәсібилікті күтеді. Сондықтан құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыру үшін ашықтық, адалдық, заңдылық және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттары басты назарда болуы қажет.
Құқық қорғау және арнайы органдарға деген қоғамдық сенім – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды көрсеткіштерінің бірі. Азамат полицияға сенген кезде құқық бұзушылық туралы ақпаратты дер кезінде жеткізеді, профилактикалық жұмыстарға белсенді қатысады және қоғамдық тәртіпті сақтауға өз үлесін қосады. Ал полиция өз кезегінде тұрғындардың өтініштері мен мәселелеріне жауапкершілікпен қарап, заң аясында нақты көмек көрсетуге ұмтылуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, Төлеби ауданында жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз қоғам» бағытының да маңызы зор. Қауіпсіз қоғам – құқық бұзушылық саны аз қоғам ғана емес. Ол – әрбір азамат өзін қорғалған сезінетін, заң талаптары сақталатын, адамдар бір-бірінің құқықтары мен бостандықтарын құрметтейтін орта. Мұндай қоғамды қалыптастыру үшін полицияның кәсіби қызметі мен тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымы қатар жүруі қажет.
Кездесу барысында жас полиция қызметкерлеріне аға буынның тәжірибесін зерделеу, қызметтік міндеттерді адал атқару және кәсіби біліктілікті үнемі арттырып отыру қажеттігі айтылды. Себебі қазіргі таңда құқық қорғау органдарына қойылатын талап жоғары. Қоғам өзгерген сайын құқық бұзушылықтың түрлері де өзгеріп, жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Мұндай жағдайда полиция қызметкері заңнаманы жетік білуімен қатар, заманауи технологияларды меңгеріп, азаматтармен тиімді коммуникация орната білуі керек. Ұрпақтар сабақтастығы осы тұста ерекше рөл атқарады. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен жас мамандардың жаңа көзқарасы бір-бірін толықтырып, құқық қорғау саласының дамуына ықпал етеді. Ардагерлердің өнегелі жолы – қызметке енді араласқан жас мамандар үшін бағыт-бағдар. Ал жастардың белсенділігі мен жаңашылдығы аға буын қалыптастырған игі дәстүрлерді жалғастыруға мүмкіндік береді.
Төлеби аудандық полиция бөліміндегі тағылымды кездесу де осы сабақтастықтың нақты көрінісі болды. Кездесуде сөз болған ойлар полиция қызметкерлерін өз міндеттеріне жаңаша көзқараспен қарауға, заң талаптарын мүлтіксіз орындауға және азаматтардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті терең сезінуге үндеді. Бүгінде заң мен тәртіпті сақтау – мемлекеттік саясаттың ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті өміріндегі басты қағидалардың біріне айналуы тиіс. Қоғамдық тәртіпті сақтау мәдениеті қарапайым әрекеттерден басталады. Заңды бұзбау, өзгенің құқығын құрметтеу, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу, балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау – мұның бәрі қауіпсіз қоғамның негізін қалайды.
Құқық бұзушылыққа қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру да маңызды міндет. Ол үшін тұрғындар заң талаптарын жақсы білуі, өз құқықтары мен міндеттерін түсінуі қажет. Құқықтық сауаты жоғары қоғамда азаматтар заңсыздыққа бейжай қарамайды. Керісінше, кез келген тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алуға атсалысады. Бұл ретте полиция қызметкерлерінің халықпен тұрақты кездесуі, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі және ашық диалог орнатуы оң нәтижесін береді.
Төлеби ауданында «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру бағытындағы жұмыстардың түпкі мақсаты да – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңның үстемдігін күшейту және әділетті қоғам қалыптастыру. Бұл мақсатқа жету үшін құқық қорғау органдары мен қоғам арасында өзара сенім мен серіктестік болуы қажет. Әрбір полиция қызметкерінің адал еңбегі, әрбір азаматтың заңға құрметі, әрбір ата-ананың бала тәрбиесіне жауапкершілігі – қауіпсіз қоғамның берік іргетасы. Ал аға буынның өнегесі мен жас ұрпақтың жігері осы құндылықтарды одан әрі нығайта түседі. «Адал азамат күні» аясында өткен тағылымды кездесудің негізгі мәні де осында. Ол – өткенді құрметтеу ғана емес, бүгінгі міндетті айқындау және болашаққа бағдар жасау. Аға буынның елге сіңірген еңбегі жас ұрпаққа аманат болса, сол аманатты абыроймен жалғастыру – қазіргі буынның жауапкершілігі.
Заң үстемдік құрған, әділет салтанат құрған, құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қалыптасқан қоғам ғана шын мәнінде қауіпсіз қоғам бола алады. Ал мұндай қоғамды қалыптастыру – бір ғана мекеменің емес, барша азаматтың ортақ міндеті. Төлеби ауданындағы құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту жолындағы жұмыстар да осы ортақ мақсатқа бағытталған. Сондықтан «Заң және тәртіп» қағидаты әр азаматтың санасында орнығып, күнделікті өмір салтына айналғанда ғана қоғамда тұрақтылық пен қауіпсіздік нығая түседі. Ал полиция қызметкерлері мен ардагерлер арасындағы осындай тағылымды кездесулер жас буынның кәсіби және азаматтық ұстанымын қалыптастырып, құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыруға, ұрпақтар сабақтастығын бекемдеуге және Төлеби ауданында қауіпсіз қоғам құру ісіне өз үлесін қоса береді.
Қоршаған ортаның тазалығы мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мәселелеріне айрықша мән беріп келеді. Осы бағыттағы міндеттерді іске асыру жергілікті жерлердегі нақты жұмыстармен тікелей сабақтас.
Осыған орай, Сайрам ауданында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның бірі – Қарамұрт ауылындағы карьер аумағында жинақталған мұнай қалдықтарын шығару және арнайы өңдеуге жіберу жұмыстары. Бұған дейін аудан аумағындағы экологиялық мәселелерді шешу мақсатында Қарамұрт ауылындағы карьер аумағын мұнай қалдықтарынан тазарту жұмыстары басталып, бұл іске арнайы техникалар жұмылдырылған болатын. Қазіргі таңда аталған аумақта жиналған қалдықтарды белгіленген тәртіппен шығару және оларды арнайы өңдеу орындарына тасымалдау кезеңі қолға алынды.
Сайрам ауданынан шыққан алғашқы жүк көліктері Қызылорда облысында орналасқан «Кендор» ЖШС мекемесіне жөнелтілді. Әрбір жүк көлігіне шамамен 25 тоннаға дейін мұнай қалдықтары тиелуде. Қалдықтарды арнайы орындарға шығару арқылы олардың қоршаған ортаға кері әсерін төмендету, топырақтың ластану қаупін азайту және аумақтың экологиялық жағдайын жақсарту көзделіп отыр.
Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмаларымен үндеседі. Президенттің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту және қоршаған ортаны қорғаудың маңызын кеңінен дәріптеу қажеттігі атап өтілді. Бұл ретте экологиялық мәселелерді шешу тек республикалық деңгейдегі ірі жобалармен шектелмей, әрбір өңір мен елді мекендегі нақты проблемаларды жүйелі түрде шешуді талап етеді.
Қарамұрт ауылындағы карьер аумағын мұнай қалдықтарынан тазарту жұмыстары да осы ұстанымның жергілікті деңгейдегі нақты көрінісі деуге болады. Себебі экологиялық қауіпсіздік ең алдымен адам өмір сүретін ортаның тазалығынан басталады. Жердің, ауаның және су көздерінің ластануына жол бермеу – қоршаған ортаны қорғаудың негізгі талаптарының бірі.
Мұнай қалдықтары – қоршаған ортаға әсер етуі мүмкін қауіпті қалдықтардың бірі. Сондықтан оларды белгіленбеген орындарда сақтамай, тиісті талаптарға сәйкес жинау, тасымалдау және арнайы өңдеу орындарына жеткізу маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Қарамұрт ауылындағы жұмыстардың басты мақсаты – экологиялық тәуекелдерді азайтып қана қоймай, ластанған аумақты кезең-кезеңімен тазарту арқылы тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Экологиялық мәселелерді шешуде мемлекеттік органдармен қатар, кәсіпорындар мен жергілікті қоғамдастықтардың жауапкершілігі де ерекше. Өндірістік және басқа да қалдықтарды дұрыс басқару, оларды қоршаған ортаға зиян келтірмейтін тәсілмен кәдеге жарату – тұрақты дамудың маңызды шарттарының бірі.
Мемлекет басшысы экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне де үнемі назар аударып келеді. 2024 жылы басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ел көлемінде абаттандыру, көгалдандыру, аумақтарды тазарту және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған көптеген шаралар жүзеге асырылды. Президент бұл бастаманың мәнін тазалықты бір реттік акция емес, қоғамның күнделікті мәдениетінің бір бөлігіне айналдыру қажеттігімен байланыстырған.
Сонымен қатар қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру, қалдықтарды сұрыптау және полигондарды дамыту мәселелеріне де назар аударылды. Сайрам ауданында атқарылып жатқан жұмыстар осы бағыттағы міндеттердің жергілікті жерде жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Қарамұрт ауылындағы карьер аумағынан мұнай қалдықтарын арнайы өңдеу орындарына шығару – экологиялық қауіптің алдын алуға бағытталған маңызды қадам. Мұндай жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілуі қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға, жер ресурстарын қорғауға және елді мекендердің санитарлық-экологиялық ахуалын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда мұнай қалдықтарын шығару және тасымалдау жұмыстары жалғасып жатыр. Процесс барысында қалдықтарды белгіленген талаптарға сәйкес тиеу, тасымалдау және арнайы өңдеу орындарына жеткізу мәселелеріне басымдық берілуде. Жұмыстар құзырлы мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында жүргізілуде. Экологиялық қауіпсіздік – бір күнде шешілетін мәселе емес. Ол жүйелі бақылауды, жауапкершілікті және нақты іс-қимылды қажет етеді. Сондықтан Сайрам ауданында Қарамұрт ауылындағы карьер аумағын тазарту бағытында қолға алынған жұмыстар қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейдегі маңызды жалғасы болып табылады.
Таза әрі қауіпсіз қоршаған орта қалыптастыру – қазіргі ұрпақтың ғана емес, келешек буынның алдындағы ортақ міндет. Осы тұрғыдан алғанда, әрбір ластанған аумақты қалпына келтіру, өндірістік қалдықтарды қауіпсіз басқару және экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету – елді мекендердің тұрақты дамуына жасалған маңызды қадам.