Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиынның күн тәртібіндегі алғашқы баяндама жасаған қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ә.Әуелбеков бөлімнің 2024-2025 жылдағы оқу барысына дайындық жайын баяндады.
Кентау қалалық білім бөлімі 3 бағыттағы құрылымнан және 30 мектеп, 32 мектепке дейінгі мекеме, 3 мектептен тыс мекемеден тұрады. 2023-2024 оқу жылында мектептердегі үлгерім пайызы – 100%, білім деңгейінің орта баллы – 4 балл, білім сапасы – 57,3% құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5% жоғары.
«2023-2024 оқу жылында 43 оқушы облыстық пән олимпиадасына қатысып, 37 жүлделі орын иеленіп, 3 оқушы республикалық пән олимпиадасына қатысып, жүлдемен оралды. Былтырғы жылмен салыстырғанда 6,7 пайызға өскен,» — деді қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ә.Әуелбеков
25 мектептің барлық сыртқы әжетханалары жабылып, ішке толықтай орналастырылған. Интернет желісімен толықтай қамтылған. Сонымен қатар, мектептердегі материалдық-техникалық базаны нығайтуға 2024 жылы білім нысандарына химия – 5, физика – 5, STEM – 5,биология – 5, Робототехника – 5 кабинеті берілген. Жалпы бөлімге қарасты 23 мектептің барлығы кітапханамен қамтамасыз етілген.
Мектеп кітапханаларын автоматтандыру мақсатында «Е-КІТАПХАНА» портфолиосы енгізілген. Сонымен қатар, Ә.Бөкейханов атындағы №23 мектеп, Ақын-тұма атындағы №11 мектеп базаларында «COWORKING» орталықтары ашылған. Биыл жаңа оқу жылында да баллардың білім деңгейін көтеру мақсатындағы жұмыстар жалғасатыны айтылды.
Қала әкімдігі аппаратының бас инспекторы-баспасөз хатшысы Ж.Алимбаева ауыл әкімдіктері мен бөлім және мекемелердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері мен тұрғындардан келіп түскен арыз-өтініштердің орындалуына жасалған сараптаманы баяндады.
Енді, ауыл әкімдері мен сала басшыларының жұмыс сапасын бағалауына әлеуметтік желідегі белсенділіктеріде ескерілетін болады. Қала басшысы жасалынған мониторингі бойынша осылай деп тапсырма берді. 109 байланыс орталығының басшысы Ж.Қожахмет секторлардағы берілген тапсырмалардың орындалуы бойынша баяндады. Қала басшысы әр баяндамашыны тыңдап, жұмысты жүйелендіруді, қала тұрғындарымен ұдайы кері байланыста болуды сала басшыларына тапсырды.
— Түркістан өңірі адамзаттың ең ерте қоныстанған аймақтарының бірі саналады. Біздің дәуірімізге дейінгі 500 мыңыншы жылдардан бастап адамдар мекен еткен аймақта, отырықшылық мәдениеті де сөзсіз ерте қалыптасты деп айтамыз. Түркістан аймағында қызмет атқарған археологтар бұл өңірдің тарихы тереңде жатқанын дәлелдеп берген. Түркістан қаласының айналасындағы Шоқтас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерткіштері бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді.
Енді, Түркістан оазисіндегі ерте ежелгі дәуірдің археологиялық ескерткіштері (б.з.д. ҮІ – б.з.д. І ғғ.) туралы қысқаша ақпарат беріп өтуді жөн көрдік:
Қарашық төбе І Ақтөбе қалашығы, б.з.д. ҮІ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан 11 шақырым жерде орналасқан.
Қарашық төбе IІ қалашығы, б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан.
Қарашық төбе ІІІ қалашығы, б.з.д. ІҮ-ІІІ – б.з. ІҮғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 9 шақырым жерде орналасқан.
Қазтөбе қалашығы б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан солтүстік шығысына қарай 13 шақырым жерде орналасқан.
Мейрам төбе қалашығы б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан 11 шақырым жерде орналасқан.
Шаштөбе қалашығы, б.з.д. Ү – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 29 шақырым жерде орналасқан.
Бершін қалашығы, б.з.д.Ү-ІҮ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан шығысқа қарай 17 шақырым жерде орналасқан.
Ақтөбе (Ибата) қалашығы, б.з.д. ІІІ-ІІ – б.з. ІҮ-Үғғ. Түркістан қаласынан шығысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан.
Көксарай І қалашығы, б.з.д. ІҮ-ІІ – б.з. ІҮ-Үғғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 40 шақырым жерде орналасқан.
Құлан төбе қалашығы, б.з.д.ІІ-І – б.з. ІҮ-ҮІІІғғ. Түркістан қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан.
Бұл қалаларға зерттеу жүргізген археологиялық экспедициялар:
— 1969 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К.Ақышев) Қарашық төбе І, ІІ, ІІІ, Шаштөбе, Бершін төбе, Ақтөбе (Ибата) қалашықтарына алғашқы зерттеу жүргізеді. Қалашықтардың координаттары нақтыланып, өмір сүру кезеңдері белгіленеді.
— 1998 жылы ХҚТУ-нің археологиялық экспедициясы (М.Елеуов, Д.Ф.Винник). Қазтөбе қалашығына археологиялық зерттеу жүргізген.
— 1998-2003 жж. Түркістан Археологиялық Экспедициясы (М.Тұяқбаев) 1998 жылдан бастап археолог Марат Тұяқбаев басшылық жасаған экспедиция ерте ежелгі дәуірге жататын барлық қалаларға археологиялық зерттеулер жүргізді. Оның ішінде Мейрамтөбе, Көксарай І, Құлан төбе қалашықтарына алғаш болып археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, ескерткіш туралы алғашқы деректерді ғылыми айналымға ұсынды.
0,5 гектардан 6 гектарға дейінгі өлшемдегі ерте ежелгі дәуір қалаларының сызбаларын түсіріп, археологиялық ескерткіштердің датировкасын нақтылады.
Қорыта айтқанда Түркістан оазисіндегі ежелгі ерте дәуір ескерткіштері отырықшылықтың дамуы мен қала мәдениетінің қалыптасуының алғашқы кезеңі саналады. Және б.з.д. Ү ғасырда пайда болған қалалардың тек кішігірім қоныстар емес, сонымен қатар өзіне тән цитадель, шахарістан бөліктерінің болуы Түркістан өңірінің үлкен өркениет ошағы болғанын айғақтай түседі.
А.Тұрсынов — Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінің инспекторы.
— Түркістан өңіріндегі қалалық мәдениеттің көне тарихы да осы кезеңмен байланысты деген пікірдеміз. ХVІІІ ғасырдың ортасына қарай Ресейдің қазақ сахарасындағы саясатына жауап берген адамдардың бірі П.И.Рычков Түркістанға қатысты Шығыстың ескі мәліметтерін көп жинап, бұл өңірдегі қалалардың көне дүниенің ескерткіші екенін жазады: «Түркістан мен оның аймағындағы жерлердің көнелігі жағынан барлығынан да алда екенін айтқанымыз жөн; себебі Түркістан қаласы татарлардың тарихи шығармаларында Бұхара қаласынан көп бұрын салынған деп айтылады, айтуларына қарағанда ерте замандарда билік осы қаладан басталған және бүкіл Азияға тараған. Оренборда өмір сүретін ахун осы қаланы Яфеттің ұлы Түріктің немерелері салды және сол тұста атын да алды дейді, сол себепті сол аймақтағы қалалар, тіпті Үндістан мен Қытайға дейінгі, атап айтсақ: Кашкар, Табат, Еркень, Ходжант, Ташкент, Мартикан, Фантак, Янгы, Хасар, Хитяк, Утрар, Сабран, Барзягин және басқалары Түркістан билігіне қарап тұрған. Осы аймақты олар ескі заманда Яссы деген атаумен де атаған, ол Түркістаннан да кәрі делінеді. Осы мағлұматтардың барлығын жоғарыда аталған ахун арабша және татарша кітаптардан көшіріп алған».
Жоғарыдағы деректерде аталатын Яссы қорғаны қазіргі күні Ахмет Ясауи кесенесінің алдындағы Күлтөбе. Көне тарих осылайша жаңа заманның қасиетті ғимаратымен астасып, рухани тамырлармен жалғасып жатыр. Осы төбенің жоғарғы қабаттарында жасалып жатқан археологиялық қазбалар біздің жыл санауымызға дейінгі бірталай уақыт мөлшерін береді. Қорғанның орналасқан жері Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 350 метр жерде. Биіктігі 9 метрді құрайтын ауқымды төбешік сопақша пішіндес. Мұнда қазір ғылыми-зерттеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары қатар жүргізілуде. Біздің ойымызша Күлтөбе қорғанының төменгі қабаттары қазіргі жыл санауымызға дейінгі екінші, тіпті үшінші мыңдық жылдыққа қатысты деректерді берсе керек. Себебі П.И.Рычковқа ақпарат берген ғұламалар Түркістанды Бұхарадан гөрі көне қала, өркениет пен мемлекет осы Түркістаннан басталады деп отыр. Ал Бұхара қаласының іргесі б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде қаланған. Бір қызығы, Әзірет Сұлтан күмбезіне таяу орналасқан қасиетті Күлтөбе, ежелгі тарихтағы Яссы Әз Тәуке хан заманында да ел басшыларының бас қосып, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп мемлекет ісін талқыға салатын қасиетті қара орын қызметін атқарды.
Түркістан қаласының солтүстік-батысына қарай 25 шақырым жерде, Қаратау бөктерінде Қарнақ аталатын көне қалашық тарихы да бізді көне заманға жетелейді. Кезінде бұл жерде А.Н.Бернштам, Г.И.Пацевич, Е.И.Агеева сияқты археологтар қазба жұмыстарын жүргізді, бірақ белгілі бір қорытынды шығара алмады. Археологтардың бір тобы Қарнақты ортағасырлық Ишкент деп жорамалдаса, екіншілері Қарнақты Әмір Темір әулеті тұсында салынған деп тұжырым жасады. Біз бұл пікірлер қаланың ең төменгі қабаттары әлі де зерттелмегендіктен туындаған үстірт жорамал деп білеміз. Қарнақтың тарихи қала екендігі, ол жерде оғыздар мекендегені ХІ ғасырда қалам тербеген М.Қашқари сөздігінен белгілі. Біздің ойымызша Қарнақ ерте заманда ғылым мен білімнің дамыған гүлденген үлкен қала болып кейін біртіндеп құлдырай бастаған.
Түркістан аймағында «нақ» жалғауымен Қарнақтан басқа Шобанақ, Суғнақ (Сығанақ), Тошанақ, Шорнақ, Жүйнақ (Жүйнек) қалашықтары кездеседі. Түркістан аймағында «жеті нақ өзара жер асты жолдарымен жалғасқан, жау шапқанда ел бір қаладан екіншісіне жан сақтап кетіп отырады екен» деген аңыз бар. Қазіргі күні осы қалалардың арасын қосқан жер асты жолдары табылып та жатыр және болашақта тарих үшін де, туризм ісі үшін де керемет нысан болады деп сенеміз. «Нақ» жалғауы қазақ тіліндегі «нақты» деген ұғыммен байланысты. Егер бұл сөздің тамырын қуалайтын болсақ, онда тым ерте, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдықтардағы ариан-тұран халықтарының сөздік қорындағы «нақ» сөзіне барып жалғанатынын анықтаймыз. Неміс тарихына қатысты деректерден «Дранг нах остен», яғни «Нақ Шығысқа қарай» деген сөзді кездестіреміз. Сонымен нақ сөзінің көне мағынасын қабылдасақ, Суғнақ – суға жақын қала, Тошанак – тасқа жақын қала, Қарнақ – Қаратау баурайындағы, Қаратауға жақын елді мекен. Оның алғашқы түпнұсқасы «Қара нақ» болса керек деген пікірдеміз. Қара (Хара) – бұл жерде Қаратаудың көне заманнан бергі атауы. Ең бастысы біз осы атаудың этимологиясын іздеу барысында Францияның батыс аймағы Бретаньда орналасқан Қарнақ атты көне қорымның, Мысырдың оңтүстігінде, Ніл дариясының бастауында тұрған Қарнақ ғибадатханасының тарихы өзіміздің Түркістан алқабымен, қасиетті Қаратау мен Сырдария жағалауымен байланысты екенін аңғарамыз. Біздің жыл санауымызға дейінгі ұлы көштердің заманында Қарнақ атауы Түркістан өңірінен Еуропаға да, Африкаға да барып қалғанына дау болмаса керек.
Егер Түркістан қашан қала болып қалыптасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне индустрияны, металлургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Қазақ жерінде өндірілген металл әлем өркениеттеріне Түркістан, яғни тарихи Қырық қақпалы Қарашық арқылы жеткізілді деген пікірдеміз.
2024 жылдың 6 айында облыс бойынша 4 кәсіпорында 358 қызметкер алдында 102,2 млн теңге жалақы қарызының орын алғаны анықталды. Жұмыс берушілерге нұсқамалар беру арқылы 84,8 млн теңгесі өндіріліп, 280 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалды. Бұл туралы брифгинте Түркістан облысының бақылау жөнінде басқарма басшысының орынбасары Берік Ибадуллаев мәлімдеді.
«2024 жылдың 6 айында азаматтардан келіп түскен 683 арыз-шағым қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілді. Арыздардың негізінде мекемелер мен кәсіпорындарға 134 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 242 заң бұзушылық анықталды. Анықталған еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 23,6 млн теңге көлемінде 776 хаттама толтырылып айыппұл салынды. Одан бөлек, соңғы алты айда жұмыс барысында жарақат алу бойынша 23 жағдай орын алып, 7 адам қаза тапқан. Жазатайым оқиғалардың орын алуға байланысты 22 іс-құжат жергілікті құқық-қорғау органдарына жолданды. Сонымен қатар, 2024 жылы облыс аумағында ешқандай да еңбек дауы орын алмады. Алайда әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін болған 157 кәсіпорын анықталып, олармен белгіленген жоспар негізінде жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған кәсіпорындарға тұрақты түрде облыстық еңбек инспекторлары мониторинг жұмыстарын жүргізуде»-деді спикер.
Биыл қыркүйек айында Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Аталған шараға спортшылардан бөлек, облыс өнерпаздары да атсалыспақ. Онда үздік қолөнер шеберлері өнімдерін ұсынып, ақындар айтысы, салт-дәстүрді насихаттайтын қойылымдар сахналады. Өңірдің туристік әлеуеті таныстырылады. Концерттік бағдарлама ұсынылады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісте баяндалды. Өңір басшысы жоспарлы іс-шаралардан бөлек, ерекше форматта тың серпіліс керектігін айтты.
– Түркістанға бүгінде тек еліміздің ғана емес, әлемнің әр түкпірінен қызығушылық білдіруде. Сондықтан да бізге келуші азаматтар өңіріміздің рухани-мәдени өмірімен танысады. Ол үшін тек облыс орталығында ғана емес, әрбір аудан, қаланың өз бренді болуы тиіс. Рухани астанамыздың төріндегі барлық іс-шарадан ұлттық бояудың, төл өнердің бөлшегі алыстан байқалып тұрғаны жөн. Алдағы уақытта іс-шаралар мазмұнына баса назар аударып, қайта қараңыздар, – деген облыс әкімі жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктеді.
Бұдан бөлек, Түркістан өңірінде іс-шаралар легі жоспарға сай жалғасады. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев баяндама жасап, бірқатарына тоқталып өтті. Жыл сайын өткізілетін «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестиваліне биыл өзгерістер енгізілген. Аудан, қала өнерпаздары былтырғыдай үш күн емес, екі күн бойы облыс орталығында өнер көрсетеді. Сондай-ақ, ауарайына байланысты арнайы бекітілген кестеге сәйкес екі кезеңде өткізіледі. Тамыз айының 14-інен бастап қалған аудан, қала өнерпаздары қыркүйек айының соңына дейін жалғастырады. Алғашқы күні «Этноауыл» кешенінде өнерпаздар салт-дәстүрлерден көріністер, қолөнершілер көрмесі, ұлттық нақыштағы қойылымдар қойып, ұлттық ойындардарды насихаттаса, келесі күні көпшілік назарына «Керуен сарай» аумағында гала-концерт ұсынылады.
Мерекелік іс-шаралардан бөлек, күз айларында отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен «Қожа Ахмет Ясауи мұрасына жаңа көзқарас» халықаралық конференциясы, республикалық «Түркістан дауысы» ән байқауы, сонымен қатар Республика күні қарсаңында дәстүрлі «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауы өткізіледі.
Облыстық кітапханада барлық аудан, қалаларында оқырманды кітап оқуға тарту мақсатында ұйымдастырылған «Әлемді кітап арқылы танимын», «Бір ел – бір кітап», «12 айда – 12 кітап», «Ақылдыммен ақылдымын», «Оқырман іздейміз» жобаларының қорытындысы өткізу жоспарлануда. Қазан айында «Тілді оқытудағы өзекті мәселелер» республикалық әдістемелік семинар ұйымдастырылып, семинарға республикалық «Тіл қазына» орталығының мамандары мен осы саланың білікті сарапшылары шақырылады деп күтілуде.
Кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту — бүгінгі күннің басты талабы. Бұл бағытқа мемлекет тарапынан қолдау да көп көрсетілуде. Түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін еңбектенемін деген азаматтарға мол мүмкіндік берілуде. Мемлекет және атқарушы билік тарапынан аудан кәсіпкерлерінің саны күн санап көбейіп келеді. Аудан көлемінде ауылдық округтердегі бизнесін шарықтатуға ниетті іскер тұлғаларға ұсыныстар берілуде.
Осы бағытта аудан әкімі Мақат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округінің шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Онда ұтымды ұсыныстар мен кәсіптерін дамыту бағытында пікір алмасты. Түрлі сала бойынша өз жұмысын бастаған бизнес өкілдеріне арнайы өндірістік аймақ құрып, жер телімдері бөлінетін болды. Басымдық мал бордақылау алаңдары мен балық шаруашылығына және басқада кәсіп түріне беріліп, жалпы 81 гектар жерге өндірістік аймақтың бой көтерілуі жоспарлануда.
Кездесу барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров:
— «Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 7 мыңға жетіп отыр. Кәсіпкерлік — экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Бұл арқылы жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады. Сондықтан сіздермен бірлесіп жұмыс жасауға, әрқашан қолдауға әзірмін», — деді.
Жиында аудан басшысы өңірдің көркеюі мен дамуы тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына ықпал жасайтынын атап өтіп, шағын және орта бизнес субектілерінің қазіргі таңдағы жай-күйі, мүмкіндіктері, проблемалық мәселелері қоса талқыланды.
Түркістан облысында мақта кластерін дамыту бағытында жұмыс жүріп жатыр. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы «Казтекс» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытын дамыту барысымен танысты. Аталған зауытты салу, жаңа технологиямен қамту жобасы биыл басталған. Түркиядан инвестиция тартылған.
Жобаның құны –1500,0 млн. тенге, қуаттылығы – жылына 10 мың тонна мақта өңдеу. Маусымдық кезеңдерде 150 адам жұмыспен қамтылса, 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
– Мақта кластерін дамыту – маңызды іс. Жаңа технологияларды ендіру керек. Іс бастаймын, цех, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетіледі. Өңірде шығатын мақтаны өзіміз өңдеп, шаруалардың табысын арттыруымыз керек, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
Жоба басшысы Туражан Саидовтың айтуынша, аталған ЖШС ұзақ жылдардан бері мақта шаруашылығымен айналысып келеді. Кейін шетелдегі серіктестері тарапынан заманауи мақта өңдеу зауытын салу туралы ұсыныс түскен. Түркиядан арнайы құрылғылар, мақта өңдейтін машиналар әкелінген. Бұлардың ерекшелігі – электр қуатын үнемдейді әрі мақта талшығын сапалы етіп шығарады. Сауран ауданында бұрын-соңды болмаған құрылғылар сатып алынған. Бұл зауыт қыркүйекте ашылып, шаруалардың мақталарын қабылдайды деп күтіліп отыр. Ал 2025-2026 жылдары аталған зауыттың қасынан шитті өңдеп, май шығаратын цех ашу жоспарға енгізілген.
«Ас – адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Өйткені, ол – бойға қуат сыйлайтын тәннің азығы, Алланың нығметі деп білу әрбір иісі мұсылман баласына міндет. Олай болса, ішетін асымыз қалай және неден жасалғанына, құрамына, халал сертификаты бар-жоқтығына мән бергеніміз абзал. Дәл осындай маңызды мәселені қамтыған жиын Төлеби ауданында өтті. ҚМДБ Түркістан облыстық өкілдігі, Төлеби ауданының бас имамы Үсен Мырзаханұлының бастамасымен “Халал-шариғат талабы” тақырыбында аясында аудан кәсіпкерлерімен бірге семинар ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға Түркістан облысының Бас имамы Ержан қажы Сматұлы, іс басқарушы Ә. Тұрлыбеков, кеңесші М.Құлымбетов және Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов, облыстық Халал даму бөлімінің эксперт-технолог маманы Аружан Маратқызы, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Төлеби ауданы филиалының директоры Мусаева Маржан Асқарбекқызы және ауданның кәсіпкерлері қатысты. Оқу-сеинарында халал мен харамға, оның амал-құлшылыққа тигізер әсеріне, дастархандағы астың тазалығы мен адалдығына, адал өнім тұтынудың ұрпақ денсаулығы мен тәрбиесіне тигізер ықпалына қатысты маңызды мәліметтер мен пайдалы ақпараттар айтылды. Мұсылмандық дүниетаным мен қазақи пайымды салыстыра отырып, халал төңірегіндегі өзге де мәселелерді қозғалды. Мамандар әлемдік халал стандарттарында көрсетілген құнды деректерді баяндай отырып, шариғатымыз бойынша харам және күмәнді болып саналатын өнімдерден сақтанудың жолдарын ұсынды.
— «Алла Тағала адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін ажыратып көрсеткен. Адал астың адам рухына, денсаулығына, құлшылығына тигізер ықпалы мол. Дұғамыздың қабыл болуы, деніміздің сау, ұрпағымыздың ұлағатты болуы жеген асымыздың адал болуына тікелей байланысты. Алла пендесі үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз. Адам баласы Құдай бұйыртқан рызық-несібені сенімді түрде пайдаланып, ішіп-жеуіне болады. Алайда, бұл қолына түскеннің барлығын пайдалануына болады деген сөз емес. Оны қандай жолмен тапқаны өте маңызды. Адам ішіп-жейтін нәрселерінің діни тұрғыдан халал, таза болуына және тапқан табысында кісі ақысы болмауына баса мән беруі керек. Ақ адал маңдай термен табыс, пайда табу өте маңызды. Халал, материалдық әрі рухани тұрғыдан таза, нығметтерді рұқсат етілген шеңберден шықпай, өз орнымен, өз жөнімен пайдаланған жөн. Қазақта «Басқа амандық, асқа адалдық берсін» деген сөз бар. Бастың амандығы, астың адалдығы қашаннан мәнін жоймаған құндылық болса, бүгінгі таңда оның өзектілігі тіптен арта түсуде. Шынтуайтында, біз қандай ас жесек, рухымызға сол әсер етеді. Иманың әлсіреп, Құран санаңа қонбай жатса, міне мән беру керек дүние асыңның халал болмағы. Бұл үйде ас дайындап жүрген әйелдерге де, сол азықты тауып келіп жүрген ер адамға да қатысты. Халалға мән бергенде тек асқа ғана емес, тұтынып отырған барлық өнімге мән берген абзал. Мысалы, халал өндірісіне тамақ өнеркәсібі, оның ішінде ет, сүт, нан, сусын, кондитер өнімдері, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп, яғни тері бұйымдары, барлық киім-кешек түрлері, одан кейін білім беру, бұл дегеніміз ислам теологиясы, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, тағы денсаулық саласы, дәрі-дәрмек, перзентхана тағы басқасы, қаржы-қаражат, яғни кредит, өсім бойынша, мәдени орындар, театрлар, демалыс орындары, қонақ үйлер, даяшылық қызмет, яғни асхана, дәмхана, сауна, кемпинг-мотел, туризм тағы басқалары да жатады. Ендеше біз халал стандартын қажет етпейтін құрылым жоқ деп айта аламыз. «Халал стандарты» дегеніміз – бірінші кезекте өнімнің шариғат үкімдеріне сай болуы. Ал шариғат – барлық Ислам қауымының қалай жүріп тұруын, жалпы алғанда өмірлік қағидаларын айқындап көрсететін айқын жол.» — деді Түркістан облысының Бас имамы Ержан қажы Сматұлы.
Семинарда халал мен харамды ажырата білу ауадай қажет екендігі және халал стандартының талаптары мен ерекшеліктері айтылды. Сонымен қатар, жергілікті имамдарға өңірде халал жөнінде ақпарттандыру жұмыстарын жетілдіріп, үгіт-насихат шараларын арттыру маңызды істердің бірі екендігі жеткізілді. Семинар барысында кәсіпорындарға қалай тексеріс жұмыстары жүргізілетіні, халал сертификаттары қалай берілетіні және енгізілген өзгерістер төңірегінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, табиғи қоспалар және өндірілген түрлі заттардың діни және ғылыми негіздерге сүйеніп, харамдығы дәлелденетіні ескертілді. Сонымен қатар халал өнім өндіру технологиясы, тағамдық қоспалардың құрамы мен бөлінісі жөнінде мағлұмат берілді.
Жалпы семинардың негізгі мақсаты – дініміздегі халал мәселесі жөнінде ақпарат беру, халал өнімдерді ҚМДБ жанынан ашылған “Халал даму” сертификатын беру жолдары, оны қолдану, арнайы тексеру жұмыстары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу бағытына негізделді. Сонымен қатар басқосу барысында кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға да жауаптар берілді.
Түркістан қаласында тұратын 3-ші сынып оқушысы Арғынбай Мағжан Ержанұлы бауырлас түрік елі шығаратын отандық электрлі көлік TOGG-тың Бурса қаласының Гемлик ауданындағы зауытын аралап қайтты. Көліктерге деген қызығушылығы ерте оянған Мағжан, алғаш шыққан күнінен бастап-ақ TOGG жайлы жаңалықтарды жібермей көріп келеді. Қазақ баласының Түркияның отандық өнімі TOGG-қа деген осы қызығушылығы түрік телеарнасының назарын да аударған болатын. Түркияның TRT арнасының Қазақстандағы тілшісі Түркістанға арнайы сапары барысында бала Мағжаннан сұқбат алып, қазақ баласының TOGG—қа деген қызығушылығын түрік жұртына жеткізгенді. Бұл репортаж TRT Haberжәне TRT Avazарналары мен TRT қазақша сайтында жарияланды.
Осы жаңалықтан кейін бала Мағжан TOGG-ты өз көзімен көру үшін әкесімен бірге Түркияға барып қайтты. Ұшақтан түскен бойда-ақ әуежайда TOGG-тың үшеуін көріп, қуанышқа кенеледі. Сол күні әкесінің досы Фатих Кескиннің TOGG T10X көлігімен қаланы қыдырып, түрік елінің отандық өнімімен жақыннан танысады. TOGG-пен Түркияның бірнеше қаласын аралаған Мағжан, түрік елінің осы отандық электрлі көлігін шығаратын зауытты көруге Бурса қаласына барады. ОлардыTOGG зауытына кіріп, аралап көрулері үшін алдын-ала арнайы рұқсат алып қойған Айбарс Йылмаз мырза күтіп алып, Мағжанның көптен күткен арманын орындайды. Осылайша, түркістандық Мағжан TOGG зауытын көріп, Түркияның отандық көлігінің қыр-сырымен, ерекшеліктерімен танысады. Қазақ баласы зауыт қызметкерлерін өзінің TOGG жайлы білетін ақпараттарымен таң қалдырып, тәнті етеді.
Түркістандық бала Мағжан осы саяхаты барысында TOGG зауытымен қатар,Бурсада өздерін қонақ еткен Серкан Акын мырза және ұлы Кылычарсланмен біргеBursaspor футбол клубы мен баскетбол клубына да барды. Футболшылар мен баскетболшылардың жаттығу залдары мен алаңдарын, жататын орындары мен спорт клубының ғимаратын аралап көрді. Өмер Кескин және Тансел Ышыккент мырзалар Мағжанды Bursaspor футбол клубының тарихымен таныстырып, футболшылардың жеткен жетістіктерін баяндап берді. Ал баскетболшылардың жаттықтырушысы Мұрат Таныш мырза болса, Мағжанға жаттығу залын аралатып, арнайы сый-сыяпат табыстады.
Сегіз жасар Мағжан болашақта көлік жасап шығаруды армандайды. Көліктерге деген қызығушылығы мен TOGG-ты көруге құштарлығының себебі де осы. Баланың ұшқыр қиялы мен асқақ арманына мән беріп, TOGG-қа деген қызығушылығына назар аударған түрік бауырларымыз Мағжанға өздерінің оң батасын беріп, арманының орындалуын тілеп шығарып салды.
Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Қоғамдағы түйткілді мәселелерде бірлесе қызмет атқаруды пысықтау» тақырыбында семинар болып өтті. Шараға аудан әкімі орынбасары С.Дүйсебаев және Облыс бас имамы Е.Төлепов, Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі Түркістан облысы Сайрам ауданының бас имамы А.Оспанов, ҚМДБ қызметкерлері, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Шыңғысбаев және ішкі саясат бөлімінің маманы А.Құрманалиев, қала, ауылдық округ әкім аппаратының қызметкерлері, емхана қызметкерлері, ақсақалдар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, әжелер алқасы және аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
-Халықтың бақуатты өмір сүруі үшін ең әуелі елдің бірлігі мен ауызбіршілігі маңызды. Ынтымағымыз ыдырамаса, ел үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайтыны бесенеден белгілі дүние. Қай уақытта болмасын бейбітшілік пен тыныштықты сақтаудың мәні мен маңызы зор. Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді өркендету жолында мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағытты ұстану – еліміздің әрбір азаматының міндеті деу артық емес деп есептеймін. Жалпы біздің қоғамға жат діни идеологияны ұстанушылар мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызбен сабақтасып өрілген ұлттық құндылықтарды жою арқылы, ұлттың өзін жойға ниеттенеді. Біз осындай шектен шыққан көзқарастардың алдын алып, мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына қауіп төндіретін теріс ағымдардан сақ болуымыз керек. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді»,- деген ата бабамыз ұрпағына ойлы сөздер қалдырған. Бұл сөз бүгінгі қазақ қоғамына айтылғандай көрінеді. Себебі, бүгінгі күні дін төңірегінде кейбір жастарымыздың бөлінуі тым шектен шығушылыққа алып бара жатқандай. Жасыратыны жоқ, соңғы уақыттары ел ішін ала тайдай бүлдіріп, жаңашылдық әкелмек болған кейбір дін атын жамылған ағымдардың идеологиясы жүріп жатыр. Осындай ағымдардың шырмауына түскен кейбір қандас жастарымыз «дінде жүрмін» деп өздерін дүбәра халге салғанын білмей дал. Олар тар түсінігімен және шариғи білімсіздігімен діннің берік те бекем қағидаларына қарсы шығып, тәлім-тәрбиесі мол қазақтың салты мен дәстүріне дұшпандық жасауда. «Анау болмайды, мынау болмайды» немесе «анау шірк, мынау шірк», онан қалды «анау бидғат, мынау бидғат» деп дінді енді үйренуге келген жандардың санасын мешітке жеткізбей улап-ақ жатыр. «Іштен шыққан жау жаман» деген осы шығар.» — Төлеби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев.
Семинар барысында қоғамдағы келеңсіз нәрселердің алдын алу, жасөспірімдерді түрлі жат қылықтан аулақ қылу, ҚМДБ тарапынан бекітілген «Қазалы үйде қазан көтермеу» ас мәзірін насихаттау және тағы да басқа тақырыптар қозғалды.
— Бүгінгі жастарымыз қоғамдағы келеңсіз нәрселердің алдын алып, жақсы амалдарды көбейтуге, адамдарды күнә істерден аулақ болуға, керісінше, сауапты істерді көбірек жасауға, жақсы азамат болуға, имандылыққа және адамгершілікке сай іс-әрекет қылса дегіміз келеді. Сонымен қатар, жас ұрпақ жалқаулық пен бұзық ойлардан аулақ болып, еліне қызмет етуге, жаратылғанға жанашырлық көрсетуге, адами қасиеттер мен көркем мінез-құлықты болуға ұмтылғаны абзал. Бастысы «қоғамнан не алсам» деп емес, «қоғамға не берсем» деген санаға жетуі маңызды. Егер дін жолын ұстанған жастарымыз өзгеге үлгі боламын десе, алдымен өзі әдепті, мәдениетті, ішкі-сыртқы өзгерістерге дайын, парасатты болуы қажет деп ойлаймын. Ежелден Ислам дінін өмірінің бұлжытпас қағидасына айналдырған ата-бабамыз бөлінуге емес, ұрпағын бірігуге шақырумен келді. Олар береке-бірлігі жарасқан елді жау алмайтындығын білді. Бүгінгідей заманда еліміздің қоғамдық өмірінде діннің рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түскені белгілі. Республиканың барлық өңірлерінде мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіру мақсатында маңызды істер қолға алынып, мемлекет тарапынан ауқымды істер атқарылып келеді.» — деді Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі А.Оспанов
Сондай-ақ, «Қоғамдағы түйткілді мәселелерде бірлесе қызмет атқаруды пысықтау» тақырыбында өткен семинар барысында мамандар өзара пікір алмасып, қойылған сұрақтарға да жауаптар берілді.
ҚМДБ Түркістан облыстық өкілдігі, Төлеби ауданының бас имамы Үсен Мырзаханұлының ұйымдастыруымен аудан имамдарына “Уағыз айтудың әдебі” тақырыбында және “Тәртіптік кеңес” құжаттарын түсіндіру бойынша өңір имамдарына арналған семинар болып өтті. Шараға Облыс Бас имамы Ержан қажы Сматұлы, іс басқарушы Ә. Тұрлыбеков, кеңесші М.Құлымбетов және ауданға қарасты мешіт имамдары қатысты.
— Имам дегеніміз ол ел алдындағы рухани жетілген тұлға. Сондықтан имам әрқашан елдің алдында көркем мінезімен, іс-әрекетімен, тіліменде үлгі болуы керек. ҚМДБ тарапынан арнайы уағыз айтудың тәртібін жетілдіру бойынша құжатта қабылданған. Бұл жүйе қажеттілік. Имам әрқашан ортаға лайықты уағыз-насихат айтуы қажет, сол ортаға лайықты насихатты таңдай білу керек. Имам-діннің айнасы. Имам тек сөзбен ғана емес, амал арқылы да тәлім береді. Жақсы адамның аузынан шыққан сөз, оның әрбір амалы айналасындағы адамдар үшін үлгі-өнеге, ғибрат болуы керек. Біз, дін адамы халықтың осынау құрметіне қаяу түсіріп алмауға тиіспіз. Жамағаттың ілтипатына бөлену ыждаһаттылық пен табандылықты талап ететін болса, сол сенім мен кіршіксіз қарым-қатынасқа сызат түсірмеу екі есе жауапкершілік жүктейді. Өзгені жөнге салу үшін алдымен өзімізді өзгерту қажет екенін естен шығармауымыз керек. Өзгені өзімізге еліктету үшін де ең әуелі біздің бойымызда біреуді баурап алатындай көркем мінез, жақсы қатынас, әдемі сөздер толассыз төгіліп тұруы тиіс. Ең бастысы әдептілік. Әдептілік – адамның басқалардың көңіліне тимейтіндей етіп әрекет етуі. Бұған қашан және қалай сөйлеу керектігін аңғара білу де жатады. Имам жамағатты біреудің намысына тимеуге, оларға қол ұшын беруге шақырады. Мейірімді, момын адам өзгелермен жылы-жұмсақ тілдеседі. Татулықты сүйетін кісі әрқашан басқалармен жақсы қарым-қатынаста болудың жолын іздейді. Сабырлы пенде әлдекім өзімен дөрекі сөйлессе де, төзімділік танытыта біледі және асыл қасиеттердің бәрі жиылып, адам бойынан көрініс тапса, өзгелер үлгі ала бастайды. Әрбір мешітте немесе әрбір ортада болсын айтылған уағыз шынайы ықыласпен, мейірімділікпен, ақиқатымен жеткізілсе, оны сезінген жамағат та өзін жөнге салудың қамына кірісе бастайды. Яғни, басты қадам имамнан болады. Сондықтан әрқашан абыройлы қызмет атқаруды нәсіп етсін.» —деп насихат айтты Түркістан облысының бас имамы Ержан қажы Сматұлы.
Расында шынайы мұсылманның іс-әрекеті мен мінез-құлқы имандылыққа, адамгершілік ұстанымдарына негізделеді. «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік» деген Жүсіп Баласағұн бабамыз Ислам дінінде мұсылман баласын ізгілікке, адамгершілікке жетелейтін көптеген асыл қасиеттер бар екенін айтып кеткен екен. Атап айтар болсақ, шынайы мұсылман – дін талаптарына бекем, жүрегі таза, рухани тұрғыдан жан-жақты жетілген тұлға болуы тиіс.
-Ислам этикасы – көркем мінез-құлық нормалары мен имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік сынды көптеген рухани құндылықтардан тұрады. Бүгінгі қоғамның мұсылмандары ислам этикасын, ондағы адами құндылықтарды ұстана білуі қажет. Осындай тәлімі мол тұғырнамалар арқылы қоғамдағы тұрақтылық сақталып, рухани кемелдену жүзеге асады. Қазіргі қоғамымыздағы діни ахуал жағдайында ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, имани құндылықтарды дамытудың маңызы зор.Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі-бір қалыпқа түсіретін рухани жол. Яғни, адам бойындағы ізгіліктің көрінісі деуге болады. Алла Тағала жіберген әрбір пайғамбардың міндеті имандылыққа шақыру болған. Мұсылмандық дүниетаным бойынша, имандылық – иман келтірген адамға бітетін көркем мінез. Сондықтан таза діннің жолында таза, игі амалдарға жақын болайық және қоғамды ынтымақ пен татулыққа шақыра білейік.» — деді Төлеби ауданының бас имамы Үсен Мырзаханұлы.
Сонымен қатар, Облыстық іс басқарушы Әлімхан Тұрлыбеков ”Тәртіптік Кеңес” қабылданған құжаттың міндеттерін, мақсатын түсіндірді. Семинар барысында имамдар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.