ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭКОТУРИЗМ САЛАСЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

2026 жылдың І жартыжылдығында Түркістан облысындағы «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» аумағында «Парктер шеруі – 2026» акциясы аясында 32 экологиялық іс-шара өткізіліп, оған жалпы 10 мыңнан астам адам қатысты. Бұл туралы өткен баспасөз мәслихатында «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының» өкілі Ақбота Айтуғанқызы мәлімдеді.

«Туризмді дамыту бағытында да нақты нәтижелерге қол жеткізілді. 2026 жылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша қорыққа 744 турист келіп, ақылы қызметтерден 1,14 млн теңгеден астам кіріс түсті. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк қолдауымен жүзеге асырылып жатқан визит-орталықтың құрылысы жалғасуда. Нысан іске қосылғаннан кейін келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, экологиялық туризмді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қорық аумағында 205 шақырым минералды жолаққа күтім жасалып, 65 қызметкер мен 12 техникадан тұратын арнайы топтар жасақталды. Сондай-ақ, шекаралас ауылдарда 106 адамнан құралған ерікті өрт сөндіру жасақтары құрылып, тұрғындар арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілді»-деді спикер.

Брифинг барысында «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының» бөлім басшысы Үсен Жапаров қорық аумағындағы қауіпсіздік шаралары туралы баяндады.

«Қорық инспекторлары жыл басынан бері «Охотзоопром» ӨБ, Түркістан облыстық аумақтық инспекциясы, полиция және төтенше жағдайлар бөлімдерінің қызметкерлерімен бірлесіп рейдтер жүргізді. Нәтижесінде заңсыз аң аулау дерегі анықталып, Қаратау арқарына қатысты қылмыстық іс тіркелді. Сонымен қатар, қорық аумағына заңсыз кірген тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, салынған айыппұл толық өндірілді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізілген іс-шаралар барысында дәрістер, ашық сабақтар, ағаш отырғызу акциялары, сенбіліктер, шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға мектеп оқушылары, студенттер, жергілікті тұрғындар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері белсенді қатысты» – деп мәлімдеді бөлім басшысы.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

«Заң және тәртіп» қағидаты – мемлекетті ілгерілететін маңызды фактор

Қазіргі таңда мемлекетіміздің стратегиялық бағдары жаңаша түрде айқындалып, ауқымдыреформалар жүзеге асырылуда. Тек құқық қорғау жүйесін жетілдіруге ғана емес, барлық салада заң мен тәртіп тетігінің орнығып, түбегейлі жаңғыруына баса мән берілуде. Ал бұл сөзсіз, ел ішінде жоғары құқықтық мәдениеттің қалыптасуына, азаматтық жауапкершілік идеологиясының берік орнығуына ықпал етері анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  айқындаған «Заң және тәртіп» қағидаты соңғы жылдары мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды, қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты тетігі ретінде бекітілді.

Бұл ретте, құқық қорғау органдарының аталған қағидатты сақтауға және азаматтардың құқығын қорғауға айтарлықтай үлес қосатыны, қазіргідей құбылмалы кезеңде қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету айрықша маңызға ие міндет екені анық. Демек, құқық қорғау жүйесіндегі барлық жауапты құрылымдар осы қағидаттың қатаң сақталуы жолында жұмыла жұмыс істеуі қажет.

Президент айрықша назар аударған, соған сәйкес, мемлекет тарапынан жүзеге асырулы тиіс маңызды міндеттердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдер мен балаларды қорғау. Қазіргі таңда бұл бағытта заңнамалық, институционалдық тұрғыдан батыл қадамдар жүзеге асырылуда. Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Тиісті заң қабылданды. Бүгінде заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар өз нәтижесін бере бастады.

2025 жылдың басынан бері орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс 30 пайызғатөмендеді. Жалпы, кейінгі 5-6 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Алдағы уақытта қоғамдық сана түбегейлі өзгеріп, азаматтардың бойында отбасындағы қатыгездік пен озбырлыққа мүлдем төзбеушілік қасиетті берік орнықтыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасын табуы қажет.

Сонымен қатар, өскелең ұрпақтың мүддесін қорғауға арналған маңызды тетіктер де іске қосылуда. Мысалы, жастардың болашағына қауіп төндіретін нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жұмыс атқарылып келеді. Осы бағытта есірткі зертханалары жойылып, айналымнан алынған есірткі заттарының көлемі ұлғайды. Тиісінше, есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатаңдатылды.

Бұған қоса, елімізде кірісті жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің халықаралық озық стандарттарға сай тиімді жүйесі қалыптасып, жемқорлыққа қарсы күрес бағытында нақты, жүйелі шаралар қабылдануда.

Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыруымыз қажет. Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуға тиіс», – деді. Президенттің бұл сөзі Түркістан өңірінде де нақты іс-әрекетпен жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда Түркістан облысында Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама» негізінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктеліп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті көтеру, заң бұзушылықтың алдын алу бағытында кешенді шаралар қолға алынып келеді. Құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша аудандар мен қалаларда, соның ішінде шалғай ауылдық елді мекендерде үй-үйді аралау, азаматтарға құқықтық кеңес беру, интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары кең көлемде ұйымдастырылуда, есірткіге қарсы үгіт-насихат жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, бұл шараларға оқушылар, студенттер, ата-аналар және жергілікті тұрғындар белсенді қатысуда.

Биыл сәуір айының соңында аймақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізілген ауқымды рейдтің алғашқы тәулігі қорытындыланды. Облыс полицейлері республиканың үш өңірінен келген әріптестерімен бірлесіп жұмыс атқарып, нәтижесінде 1600-ден астам құқық бұзушылықтың жолын кесті. Заң талаптарын бұзған азаматтарға қатысты тиісті әкімшілік шаралар қабылданып, 129 автокөлік айыптұраққа қойылды. Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде ұялы телефон пайдалану – 113 дерек, жүргізу құқығынсыз көлік басқару – 28, бағдаршамның қызыл түсіне өту – 18, қарсы бағытқа шығу – 2 және мас күйде көлік жүргізу бойынша 2 жағдай тіркелген.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында заң мен тәртіп идеологиясын қоғамға терең сіңіру, құқықтық сауаттылықты арттыру, қылмыстың алдын алу, заңгерлік қолжетімділікті қамтамасыз ету секілді бағыттардағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Бұл – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды міндеттердің орындалу барысын көрсететін айқын дәлел.

«Заң мен тәртіп» қағидаты – барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі екені белгілі. Ол үшін қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, құқық қорғау жүйесін жан-жақты жетілдіру қажет. Бұл ретте, елімізде бұл қағидатты ілгерілетуге қоғам өкілдерінің қосар үлесі орасан зор екенін атап өткен жөн.

Мысалы, «Заң және тәртіп» атты цифрлық сервистің іске қосылуы азаматтардың кез келген құқық бұзушылық туралы Egov Mobile қосымшасы арқылы құқық қорғау органының мамандарына дер кезінде хабарлауға мүмкіндік береді. Бұл сервис арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы немесе балаға төнген қауіп сияқты кез келген жағдай туралы дабыл бірден полицияға түседі. Демек, еліміздің әрбір азаматы аталған қағидаттың ілгерілеуі жолында еңбек етсе, бұл әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыруға сеп болары анық.

Осы орайда, атап кетерлік ең бастысы мәселе құқық бұзушылықтың алдын алу ол, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші тәртіп болашақтың бастауы.

Ал тәртіп болашақтың бастауы болса, құқықтық сауаттылықты мектеп қабырғасынан бастап дамыту қажет деп танып, алдағы уақытта бұл пәнді енгізу жоспарлануда.

 

Қазақстан Республикасы

Бас Прокуратурасы Құқықтық  

статистика және арнайы есепке

алу жөніндегі комитетінің Түркістан

облысы бойынша департаменті бастығы                

А.Б. Торебеков

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛЕРІ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУДА

Түркстан облысында кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастыру, халықтың қаржылық және бизнес сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта «TÚRKISTAN»

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында «Кәсіпкерлік негіздері және агроқұзереттілік» тақырыбында оқыту семинарлары өткізілуде.

Оқыту бағдарламасы кәсіп ашуды жоспарлаған азаматтармен қатар, өз кәсібін жаңа деңгейге көтеруді көздейтін кәсіпкерлерге де арналған. Семинар барысында қатысушылар кәсіпті неден және қалай бастау керектігін, бизнес-жоспар әзірлеуді, салық жүйесінің ерекшеліктерін, мемлекеттік қолдау тетіктерін, заманауи маркетинг пен қаржылық жоспарлаудың негізгі қағидаларын меңгеріп, бизнесті тиімді жүргізуге қажетті практикалық білім мен дағдыларға ие болады.

Ең бастысы – әрбір қатысушы тек теориялық білім алып қана қоймай, өз бизнес-идеясын жан-жақты талдап, оны жүзеге асырудың нақты қадамдарын айқындауға мүмкіндік алады. Оқыту барысында қойылған сұрақтарға жеке кеңестер беріліп, кәсіпкерлердің күнделікті қызметінде кездесетін мәселелердің тиімді шешу жолдары ұсынылады.

Бүгінде өңірлерде өтіп жатқан оқыту семинарлары өңір тұрғындарының үлкен қызығушылығына ие болып, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтардың белсенділігін арттыруда. Бұл бастама жаңа кәсіпкерлік субъектілерінің құрылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуде.

Білімді кәсіпкер – табысты кәсіпкер. Ал табысты кәсіпкер – өңір экономикасының басты тірегі! «TÚRKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы алдағы уақытта да өңір кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, білім беру алаңдарын кеңейту арқылы кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.

ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ – ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА НАҚТЫ ҚАДАМ

Мақтаарал ауданында жастарды жұмыспен қамту, олардың еңбек нарығына белсенді араласуына мүмкіндік жасау және тұрақты жұмысқа орналасуына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта аудандық мансап орталығының ұйымдастыруымен жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Аталған шараның басты мақсаты – жұмыс іздеп жүрген жастарға еңбек нарығындағы нақты мүмкіндіктерді таныстыру, жұмыс берушілер мен жас мамандардың тікелей байланысын қалыптастыру және мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары туралы кеңінен ақпарат беру. Жәрмеңкеге қатысқан жастар өздеріне қажетті мәліметтер алып қана қоймай, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарымен танысып, еңбекке орналасу мүмкіндіктерін қарастырды. Бүгінде жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуы – әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды бағыттарының бірі. Жас буынның еңбекке араласуы олардың жеке әлеуетін жүзеге асыруына, кәсіби тәжірибе жинақтауына және қоғамдағы белсенділігін арттыруына жол ашады. Сондықтан жастарға бос жұмыс орындарын ұсынумен қатар, алғашқы еңбек жолын бастауына жағдай жасау ерекше маңызға ие.

Жәрмеңке барысында қатысушыларға аудан аумағындағы еңбек нарығының жағдайы, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және жұмыс берушілер тарапынан ұсынылып отырған бос жұмыс орындары туралы түсіндірілді. Сонымен бірге жастарға еңбек қатынастары, жұмыс іздеу жолдары және мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде кеңестер берілді. Шараның маңызды бағыттарының бірі – «Жастар практикасы» бағдарламасы болды. Бұл бағдарлама оқу орындарын жаңадан тәмамдаған жастар үшін кәсіби тәжірибе жинақтап, еңбек жолын бастауға мүмкіндік беретін тиімді тетіктердің бірі саналады. Жәрмеңке барысында бірқатар жасқа «Жастар практикасы» бағдарламасына жолдамалар берілді.

Жастар практикасы арқылы жас мамандар өз мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтап, еңбек ұжымының ішкі тәртібіне бейімделіп, теориялық білімін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде жастардың кәсіби қабілетін шыңдап қана қоймай, болашақта тұрақты жұмысқа орналасуына да оң ықпал етеді. Жалпы, мұндай бос жұмыс орындары жәрмеңкелері жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Жастар бір жерден бірнеше жұмыс берушінің ұсынысымен танысып, өз білімі мен қабілетіне сәйкес келетін жұмыс түрін таңдауға мүмкіндік алады. Ал жұмыс берушілер өздеріне қажетті кадрларды тікелей іздеп, жас мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін бағалай алады.

Мақтаарал ауданында жастардың жұмыспен қамтылуына бағытталған шаралардың өткізілуі еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты үйлестіруге де ықпал етеді. Әсіресе оқу орнын енді аяқтаған, жұмыс тәжірибесі аз жастар үшін кәсіби ортаға алғашқы қадам жасау оңай емес. Осындай кезде мансап орталықтарының жұмысы мен мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері маңызды қолдау болып табылады. Жастарды жұмыспен қамту – тек жұмыс орнын ұсынумен шектелмейтін кешенді бағыт. Оның құрамына кәсіби бағдар беру, еңбек нарығына қажетті мамандықтарды түсіндіру, жұмыс іздеу дағдыларын қалыптастыру, тәжірибеден өтуге мүмкіндік жасау және жұмыс берушілермен байланысты жолға қою секілді жұмыстар кіреді. Осы тұрғыдан алғанда, ұйымдастырылған жәрмеңке жастардың еңбекке араласуына нақты мүмкіндік берген маңызды алаң болды.

Еңбекпен қамтылған жас – өзінің болашағын жоспарлай алатын, кәсіби тұрғыдан дамуға ұмтылатын және қоғамның экономикалық өміріне үлес қосатын азамат. Сондықтан жастардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау ауданның әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды факторларының бірі болып қала береді.

Мақтаарал ауданында алдағы уақытта да жастарды қолдауға, олардың кәсіби дамуына және еңбек нарығына бейімделуіне бағытталған жұмыстарды жалғастырудың маңызы зор. Әрбір жасқа өз қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік беру – болашаққа салынған инвестиция. Ал бүгінгі еңбекке араласқан жас маман ертең ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосатын білікті кадрға айналмақ.

1–7 тамыз – Дүниежүзілік ана сүтімен қоректендіру апталығы

Жыл сайын 1–7 тамыз аралығында әлемнің көптеген елдерінде Дүниежүзілік ана сүтімен қоректендіру апталығы атап өтіледі. Халықаралық ақпараттық науқанның негізгі мақсаты – ана сүтімен қоректендірудің ана мен бала денсаулығы үшін маңызын кеңінен түсіндіру, қоғамда емізуді қолдау мәдениетін қалыптастыру және жас аналарға қажетті ақпараттық әрі практикалық қолдау көрсету. Осы маңызды науқан аясында Кентау қаласында ана сүтімен қоректендірудің маңыздылығына арналған іс-шара өтті. Кездесу барысында мамандар ана сүтінің бала денсаулығына пайдасы, нәрестені дұрыс емізу ерекшеліктері, алғашқы айлардағы тамақтанудың маңызы және ана мен баланың денсаулығын сақтаудағы емшек сүтінің рөлі туралы кеңінен түсіндірді.

Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың, әсіресе жас ата-аналардың ана сүтімен қоректендіру жөніндегі білімін арттыру, дұрыс ақпарат тарату және сәбиді өмірінің алғашқы кезеңінен бастап табиғи жолмен қоректендірудің артықшылықтарын түсіндіру. Мамандардың айтуынша, ана сүті – нәрестенің алғашқы айларындағы ең табиғи әрі құнды тағам. Оның құрамында баланың өсіп-жетілуіне қажетті қоректік заттармен қатар, иммундық жүйенің қалыптасуына көмектесетін биологиялық белсенді компоненттер бар. Ана сүті баланың жасына және қажеттілігіне қарай өзгеріп отырады. Сондықтан емшек сүті нәрестенің физиологиялық ерекшеліктеріне барынша бейімделген табиғи қорек болып саналады.

Емізудің бала үшін пайдасы өте көп. Ана сүті нәрестенің қалыпты өсуі мен дамуына қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге оның құрамындағы қорғаныш факторлары баланың иммундық жүйесін қолдауға ықпал етеді. Емшек сүтін қабылдаған сәби алғашқы кезеңде түрлі инфекцияларға қарсы тұру қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ ана сүті баланың ас қорыту жүйесіне жеңіл сіңеді. Кездесу барысында нәрестені емізудің алғашқы сағаттары мен күндеріне де ерекше назар аударылды. Мамандар ана мен баланың ерте байланыста болуы және баланы ана сүтімен мүмкіндігінше ертерек тамақтандырудың маңызын атап өтті. Әсіресе алғашқы күндері бөлінетін уыздың бала ағзасы үшін маңызы зор екені түсіндірілді. Уыздың құрамында нәрестенің иммундық қорғанысын қалыптастыруға көмектесетін маңызды компоненттер бар.

 

 

Іс-шарада емізу техникасына қатысты да пайдалы кеңестер берілді. Баланы емізу кезінде оның анасының омырауына дұрыс орналасуы, ауызға емізік пен оның айналасындағы бөліктің жеткілікті қамтылуы маңызды. Дұрыс орналасу анаға да, балаға да жайлы жағдай қалыптастырып, емізу барысында туындауы мүмкін кейбір қиындықтардың алдын алуға көмектеседі. Мамандар жас аналар арасында жиі кездесетін сұрақтарға да тоқталды. Атап айтқанда, ана сүтінің жеткіліктілігін қалай бағалауға болады, баланы қаншалықты жиі емізу қажет, емізу кезінде қандай жағдайларға назар аудару керек және қосымша тағамды қашан енгізген дұрыс деген мәселелер түсіндірілді.

Сонымен қатар ана сүтімен қоректендіру тек баланың денсаулығына ғана емес, ананың денсаулығына да оң әсер ететіні айтылды. Бала емізу босанғаннан кейінгі кезеңде ананың ағзасының қалпына келуіне ықпал ететін табиғи физиологиялық үдерістермен байланысты. Ең бастысы, емізу ана мен сәби арасындағы эмоционалдық байланысты нығайтып, баланың өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне мүмкіндік береді. Кездесу барысында ана сүтімен қоректендіру мәселесінде ананы қолдаудың маңызы ерекше екені атап өтілді. Өйткені баланы емізу – тек ананың міндеті емес, бұл отбасы мүшелерінің қолдауын қажет ететін ортақ үдеріс. Анаға тыныштық, түсіністік, демалыс және тұрмыстық жағынан көмек көрсету оның сәбиін емізу кезеңін жайлы өткізуіне жағдай жасайды.

Қоғамдық қолдаудың да орны ерекше. Жас ана емізу мәселесінде өзін жалғыз сезінбеуі керек. Отбасы мүшелері, медицина қызметкерлері және қоғам тарапынан көрсетілетін дұрыс ақпарат пен қолдау әйелдің өзіне деген сенімін арттырады. Әсіресе алғашқы рет ана атанған әйелдер үшін тәжірибелі мамандардың кеңесі маңызды. Дүниежүзілік ана сүтімен қоректендіру апталығының негізгі идеяларының бірі де – емізуді қолдайтын қолайлы орта қалыптастыру. Бұл бағытта медициналық ұйымдарда түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі, болашақ және жас аналарға қажетті ақпараттың қолжетімді болуы маңызды.

 

Кентау қаласында өткен іс-шара барысында қатысушыларға ана сүтімен қоректендірудің артықшылықтары туралы ақпарат беріліп, олардың көкейіндегі сұрақтарға жауаптар ұсынылды. Мамандар ата-аналарды медициналық тұрғыдан дұрыс ақпаратқа сүйенуге және бала денсаулығына қатысты мәселелер туындаған жағдайда медицина қызметкерлеріне жүгінуге шақырды. Айта кетейік, Дүниежүзілік ана сүтімен қоректендіру апталығы – ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды халықаралық ақпараттық бастамалардың бірі. Бұл апталық аясындағы жұмыстар бір ғана аптаға шектелмей, жыл бойы жалғасатын ақпараттық-ағартушылық жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады. Ана сүтімен қоректендіруді қолдау – дені сау ұрпақ қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Нәрестенің дұрыс тамақтануы оның алғашқы күндерінен бастап денсаулығы мен дамуына әсер етеді. Сондықтан әрбір анаға қажетті ақпаратты уақытылы жеткізу, дұрыс кеңес беру және қолдау көрсету – медицина қызметкерлері мен қоғамның ортақ міндеті.

Кентау қаласында өткен іс-шара да осы мақсатқа бағытталып, тұрғындардың ана сүтімен қоректендіру туралы сауатын арттыруға, дұрыс ақпарат қалыптастыруға және ана мен бала денсаулығын нығайтуға үлес қосты. Дүниежүзілік ана сүтімен қоректендіру апталығы аясындағы ақпараттық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындарға ана мен бала денсаулығын сақтау, дұрыс тамақтану және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында пайдалы кеңестер ұсынылатын болады.

ДИҚАНДАРҒА ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН БАҒАМЕН ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫ БЕРІЛЕДІ

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Әсіресе, егін шаруашылығымен айналысатын шаруалар үшін өндірістік шығындарды азайтып, көктемгі және күзгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізудің маңызы зор. Осы ретте мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көрсетіліп отырған қолдаудың бірі – дизель отынын жеңілдетілген бағамен жеткізу тетігі.

Арыс қаласында да агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жұмысын қолдауға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде егістік алқаптарындағы жұмыстарды уақытылы жүргізуге қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылғы күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан Арыс қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 3 494 тонна дизель отыны бөлінді. Бұл – егіс науқанының үздіксіз әрі уақытылы жүргізілуіне мүмкіндік беретін маңызды қолдау.

Бөлінген жанар-жағармайды агроқұрылымдарға жеткізіп беру бойынша арнайы операторлар белгіленді. Атап айтқанда, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан Арыс қаласы аумағында орналасқан агроқұрылымдардың егістік жерлеріне байланысты бөлінген дизель отынын жеткізуші операторлар ретінде «Жібек Жолы 2» ЖШС, «Munay 2020» ЖШС және «Қаз Петрол Трейд» ЖШС бекітілді. Мемлекеттік қолдаудың бұл түрі шаруалар үшін айтарлықтай маңызға ие. Себебі жанар-жағармай бағасының өндірістік шығындарға тікелей әсер ететіні белгілі. Егістік алқаптарын жырту, тұқым себу, жерді өңдеу, өнімді жинау және басқа да технологиялық жұмыстардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы техникалары арқылы атқарылады. Сондықтан дизель отынын қолжетімді бағамен алу шаруалардың шығынын оңтайландыруға және өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Арыс қаласында ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуы жергілікті экономиканың нығаюына да ықпал етеді. Қала аумағында егін шаруашылығымен айналысатын көптеген шаруа қожалықтары мен агроқұрылымдар жұмыс істейді. Олар жерді тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге, ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге және өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға өз үлесін қосып келеді. Бүгінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тек өнім көлемін арттырумен шектелмейді. Оның құрамына өндіріс шығындарын азайту, заманауи агротехнологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, су ресурстарын тиімді пайдалану, еңбек өнімділігін арттыру және шаруалардың мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділігін қамтамасыз ету секілді бағыттар кіреді. Осы жұмыстардың барлығы ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Арыс қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан да шаруалардың қажеттіліктерін ескере отырып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Күзгі дала жұмыстарына бөлінген дизель отынын нақты қажеттілікке сәйкес жеткізу үшін агроқұрылымдар тарапынан ұсынылған мәліметтер зерделеніп, бөлінетін жанар-жағармай көлемін нақтылау жұмыстары атқарылуда. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қолдаудың нақты әрі мақсатты бағытталуына мүмкіндік береді. Күзгі егіс науқаны – ауыл шаруашылығы саласы үшін жауапты кезеңдердің бірі. Диқандардың уақытпен санасып жұмыс істеуі, техниканың толық дайындығы, тұқым қорының жеткіліктілігі мен жанар-жағармайдың дер кезінде қамтамасыз етілуі егіс жұмыстарының сапалы жүргізілуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан жеңілдетілген дизель отынын бөлу шаруалардың маусымдық жұмыстарын ұйымдастырудағы маңызды қолдау тетігі болып отыр.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай қолдаулар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өндірістік мүмкіндігін арттырып қана қоймай, жалпы агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді. Шаруалардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырудың, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және ауылдық аумақтардың экономикалық әлеуетін көтерудің негізгі алғышарттарының бірі. Арыста бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда. Ауыл шаруашылығы саласын қолдау, егістік жерлерді тиімді пайдалану, шаруалардың мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктерді пайдалану мүмкіндігін кеңейту және аграрлық өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз ету – жергілікті деңгейдегі маңызды міндеттердің бірі. Күзгі дала жұмыстарына бөлінген 3 494 тонна дизель отыны Арыс қаласындағы диқандар үшін нақты қолдаудың бірі болмақ. Жеңілдетілген бағамен берілетін жанар-жағармай шаруалардың шығынын азайтып, егіс жұмыстарын белгіленген мерзімде жүргізуге және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – Арыстың агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың маңызды бөлігі.

Осыған орай, Арыс қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі 2026 жылғы күзгі егіс алқабында жүргізілген жұмыстар жөніндегі мәліметті тапсырған агроқұрылымдардан бөлінген дизель отынын нақтыланған уақытта алуларыңызды сұранады. Анықтама үшін телефон нөмірі: 5-92-19

Кентауда профилактикалық егуден бас тартқан азаматтармен вакцинацияның маңызы талқыланды

Кентау қаласында профилактикалық егуден бас тартқан азаматтардың қатысуымен вакцинацияның маңыздылығын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында халықты иммундаудың маңызы, жұқпалы аурулардың алдын алу, вакцинацияға қатысты қалыптасқан түрлі пікірлер мен тұрғындарды алаңдататын сұрақтар кеңінен талқыланды. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындарға вакцинация туралы ғылыми негізделген, түсінікті әрі жан-жақты ақпарат беру, профилактикалық егуден бас тартудың себептерін талқылау, азаматтардың көкейіндегі сұрақтарға білікті мамандар тарапынан жауап ұсыну және иммундау жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту.

Вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған медицинаның маңызды құралдарының бірі. Екпе арқылы адам ағзасында белгілі бір инфекцияға қарсы иммундық жауап қалыптасады. Бұл инфекцияның таралу қаупін азайтып қана қоймай, ауру асқынуының алдын алуға да ықпал етеді. Сондықтан профилактикалық екпелер мәселесі жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның денсаулығына қатысты маңызды бағыттардың бірі болып саналады.

Дөңгелек үстелді Кентау қалалық емханасы бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары А.С. Өтегенова ашып, вакцинацияның қоғамдық денсаулықты қорғаудағы маңызына тоқталды. Ол профилактикалық иммундаудың мақсаты – жұқпалы аурулардың алдын алу және олардың таралу қаупін төмендету екенін атап өтті. Кездесу барысында ата-аналар мен азаматтардың вакцинацияға қатысты шешім қабылдау кезінде медициналық мамандардың пікіріне жүгінуі, сенімді ақпарат көздерін пайдалануы және әлеуметтік желілерде таралатын тексерілмеген мәліметтерге сақтықпен қарауы қажеттігі сөз болды. Денсаулыққа қатысты кез келген шешім қабылдауда ақпараттың қайнар көзі мен оның ғылыми негізіне мән берудің маңызы түсіндірілді. Дөңгелек үстелге санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің маманы Б. Тастанбекова да қатысып, Кентау қаласындағы жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал мен аурушаңдықтың статистикалық көрсеткіштері жөнінде ақпарат ұсынды.

Әңгіме барысында профилактикалық екпеден бас тартудың себептері де назардан тыс қалған жоқ. Кейбір азаматтарды вакцинаның қауіпсіздігі, ықтимал реакциялар, екпе құрамындағы заттар, оның ағзаға әсері және вакцинациядан кейінгі кезең алаңдататыны белгілі. Осыған байланысты мамандар әрбір мәселе бойынша медициналық тұрғыдан түсініктеме беріп, азаматтарды өз денсаулығына қатысты шешім қабылдағанда дәлелді ақпаратқа сүйенуге шақырды. Кездесуге Кентау қалалық «Руханият» орталығының директоры Әділет Қайырбеков қатысып, вакцинация мәселесінде ұлттық құндылықтар мен қоғам алдындағы жауапкершіліктің маңызына тоқталды.

Қоғамдық денсаулық сақтау мәселесінде өзара түсіністік пен жауапкершіліктің орны ерекше. Адамның денсаулығын сақтау – жеке тұлғаның ғана емес, отбасы мен қоғамның ортақ мүддесі. Осы тұрғыдан алғанда, денсаулыққа қатысты мәселелерді талқылауда азаматтардың пікірін тыңдау, олардың сауалдарына түсінікті жауап беру және қоғамда дұрыс ақпарат қалыптастыру маңызды.

Дөңгелек үстел барысында діни тұрғыдан да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кентау қалалық мешітінің имамы Бағдат Кариев ислам дінінде адам өмірі мен денсаулығын сақтау негізгі қағидалардың бірі екенін атап өтіп, вакцинацияның дін тұрғысындағы орны жөнінде түсіндірме берді. Имам денсаулықты сақтау мен аурудың алдын алу мәселесіне жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын айтып, діни көзқарас пен медициналық ғылымды бір-біріне қарама-қарсы қоюдың қажеті жоқ екенін түсіндірді. Азаматтардың діни сеніміне қатысты сұрақтары да ашық түрде талқыланып, қатысушыларға тиісті түсініктемелер берілді. Медициналық тұрғыдағы негізгі ақпаратты дәрігер-иммунолог Г.Б. Кипчахбаева ұсынды. Маман вакцинацияның мәні, вакциналардың әсер ету механизмі және иммунитетті қалыптастырудағы рөлі туралы жан-жақты түсіндірді.

Дәрігер вакцина ағзаның иммундық жүйесіне белгілі бір инфекцияға қарсы қорғаныс механизмдерін қалыптастыруға көмектесетінін түсіндіріп, вакцинацияға қатысты жиі кездесетін сұрақтарға жауап берді. Қатысушыларды толғандырған мәселелердің әрқайсысы жеке қарастырылып, медициналық тұрғыдан түсінікті жауаптар берілді.

Сонымен қатар вакцинациядан кейін пайда болуы мүмкін қалыпты реакциялар мен медициналық бақылауды қажет ететін жағдайлардың айырмашылығы жөнінде ақпарат берілді. Азаматтарға екпе алдында медициналық маманнан кеңес алу, денсаулық жағдайын ескеру және вакцинацияға қатысты жеке мәселелерді дәрігермен талқылау қажеттігі айтылды. Кездесудің ерекшелігі – оның ашық пікір алмасу форматында өтуі болды. Профилактикалық егуден бас тартқан азаматтар өздерін алаңдатқан сұрақтарын тікелей медицина мамандарына қойып, нақты жауаптар алды. Мұндай формат тұрғындардың пікірін естуге, олардың күмәні мен алаңдаушылығының себептерін анықтауға және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын нақты мәселелерге бағыттауға мүмкіндік береді.

Вакцинация мәселесінде қоғамда түрлі пікірлердің болуы қалыпты жағдай. Алайда кез келген пікір нақты әрі сенімді ақпаратқа негізделуі маңызды. Әлеуметтік желілерде немесе мессенджерлерде таралған медициналық ақпараттың барлығы бірдей ғылыми тұрғыдан дәлелденген дерек бола бермейді. Сондықтан азаматтарға вакцинация жөніндегі ақпаратты білікті медицина мамандарынан және ресми ақпарат көздерінен алудың маңыздылығы түсіндірілді.

Мамандар профилактикалық егудің мақсаты тек ауруды жұқтырмау емес, сонымен қатар жұқпалы аурулардың таралуын шектеуге және халық арасында эпидемиологиялық тұрақтылықты сақтауға бағытталғанын атап өтті. Иммундау деңгейінің жеткілікті болуы жұқпалы аурулардың кең көлемде таралу қаупін төмендетуге ықпал етеді. Әсіресе балалардың денсаулығын қорғауда профилактикалық егудің маңызы ерекше. Баланың иммундық жүйесі қалыптасу кезеңінде болғандықтан, жұқпалы аурулардың кейбір түрлері ауыр өтуі мүмкін. Осыған байланысты ата-аналардың вакцинация жөніндегі шешім қабылдауда медициналық кеңеске жүгінуі, баланың денсаулық жағдайын ескеруі және профилактикалық шаралар туралы толық ақпарат алуы маңызды.

Кентауда өткен дөңгелек үстел осы бағыттағы жұмыстардың бірі болды. Кездесу барысында медицина, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, руханият және діни сала өкілдерінің бір алаңда бас қосуы вакцинация мәселесін әр қырынан түсіндіруге мүмкіндік берді. Іс-шара соңында мамандар азаматтарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, профилактикалық шаралардың маңызын ескеруге және медициналық мәселелер бойынша шешім қабылдамас бұрын білікті мамандардың кеңесін алуға шақырды.

Вакцинация жөніндегі түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты – азаматтарды белгілі бір шешімге мәжбүрлеу емес, олардың медициналық тұрғыдан дұрыс ақпарат алуына жағдай жасау. Халықтың сұрағына жауап беріп, күмәнін тыңдап, ғылыми негізделген түсініктеме ұсыну – профилактикалық медицинаның маңызды бағыты.

Кентау қаласында ұйымдастырылған ашық форматтағы кездесу тұрғындар мен медицина мамандары арасындағы өзара байланысты нығайтып, вакцинация туралы ақпаратты дұрыс түсінуге ықпал етті. Алдағы уақытта да профилактикалық иммундау, жұқпалы аурулардың алдын алу және халықтың медициналық сауаттылығын арттыру бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғаса береді.

МОНТАЙТАСТА ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТЕРДІ КҮТІП ҰСТАУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

Арыс қаласына қарасты Монтайтас ауылдық округінде абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Ауыл аумағының тазалығын сақтау ғана емес, елді мекеннің көркін арттырып, қоршаған ортаны жасыл желекке айналдыруға бағытталған жұмыстарға да ерекше мән берілуде. Бұл ретте көшелерді, қоғамдық орындарды және елді мекен аумағындағы көгалдандырылған жерлерді күтіп ұстау басты назарға алынған. Жақында ауылдық округ аумағында тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында сенбілік ұйымдастырылып, оған тұрғындар мен ауыл белсенділері қатысты. Іс-шара барысында арнайы белгіленген аумақтар қоқыстардан тазартылып қана қоймай, жасыл желектердің айналасын ретке келтіру, арамшөптерді отау, ағаш түптерін тазалау және көгалдандырылған аумақтардың көркін жақсарту жұмыстары атқарылды.

Жасыл желек – елді мекеннің ажарын ашатын табиғи байлықтың бірі. Ағаштар мен бұталар ауаны тазартып, шаң-тозаңды азайтуға ықпал етсе, көгалдандырылған аумақтар ауыл тұрғындары үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптастырады. Сондықтан отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау, олардың уақытылы суарылуын қамтамасыз ету және қоршаған ортаны таза ұстау – баршаға ортақ міндет. Монтайтаста бұл бағыттағы жұмыстарға тұрғындардың да белсенділігі артып келеді. Сенбілік кезінде ауыл азаматтары туған жердің тазалығы мен көркейюіне өз үлестерін қосып, қоғамдық орындарды ретке келтіруге атсалысты. Мұндай жұмыстар бір күндік тазалық шарасымен шектелмей, елді мекеннің санитарлық жағдайын тұрақты түрде сақтауға бағытталған жүйелі іске ұласуы маңызды. Әсіресе жазғы және күзгі кезеңдерде жасыл желектерді күтіп ұстаудың өзіндік маңызы бар. Ағаштардың түптерін қопсыту, суару, қажет болған жағдайда бұтақтарын реттеу, қураған өсімдіктерді алып тастау және олардың айналасын таза ұстау арқылы ауыл аумағындағы көгалдандырылған жерлердің жағдайын жақсартуға болады. Бұл жұмыстар көшеттердің жақсы өсіп-жетілуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, ауылдың жалпы эстетикалық келбетіне де оң әсер етеді.

Ауылдық округте тазалық мәдениетін қалыптастыруда тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға да көңіл бөлінуде. Әрбір тұрғын өз үйінің ауласын ғана емес, көшесін, қоғамдық орнын және табиғи ортаны таза ұстауға үлес қосса, елді мекеннің көркейіп, өмір сүруге қолайлы бола түсері сөзсіз. Көгалдандыру жұмыстарының нәтижелі болуы тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Ең маңыздысы – отырғызылған көшеттерді кейінгі уақытта күтіп-баптау. Жас көшеттің тамыр жаюы, бой көтеруі және толыққанды ағашқа айналуы тұрақты күтімді қажет етеді. Сондықтан жасыл желектерді қорғау, оларды суару және зақымданудан сақтау жұмыстары үнемі назарда болуы тиіс.

Монтайтастағы тазалық шаралары осы қағиданы негізге ала отырып, ауыл аумағын таза әрі жасыл күйде сақтауға бағытталуда. Сенбілік барысында тұрғындардың бірлесіп жұмыс істеуі қоғамдық жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетті. Бірі ағаштардың айналасын тазаласа, енді бірі көшелердегі қоқыстарды жинап, ауыл аумағын ретке келтіруге атсалысты. Осындай ортақ еңбек елді мекеннің тазалығы мен көркеюіне нақты ықпал етеді.

Жасыл желекке жанашырлық таныту – табиғатқа деген құрметтің көрінісі. Ағашты отырғызу оңай болғанымен, оны бірнеше жыл бойы күтіп, өсіріп, сақтап қалу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан ауыл тұрғындары арасында табиғатты қорғау, көгалдандыру және абаттандыру мәдениетін қалыптастырудың маңызы зор. Монтайтастағы мұндай жұмыстар ауыл тұрғындарының туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ортақ мекенге деген жауапкершілігін күшейтеді. Таза көшелер мен жайқалған жасыл желектер – ауылдың көркі ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасына әсер ететін маңызды фактор.

Қоршаған ортаны қорғау ісіне әр азамат өз үлесін қоса алады. Бір тал көшет отырғызу, оны суарып, күтіп-баптау, ағаштың түбіне қоқыс тастамау немесе көшедегі тазалықты сақтауға атсалысу сияқты қарапайым әрекеттердің өзі үлкен нәтижеге бастайды. Әсіресе жас ұрпаққа табиғатты аялаудың маңызын түсіндіру арқылы экологиялық жауапкершілігі жоғары қоғам қалыптастыруға болады.

Монтайтаста тазалық пен көгалдандыру жұмыстарының қатар жүргізілуі ауыл аумағын абаттандырудың маңызды бағыты болып отыр. Алдағы уақытта да жасыл желектерді күтіп ұстау, көгалдандырылған аумақтарды ретке келтіру және қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жалғасуы ауылдың көркін одан әрі арттыра түспек. Туған жердің тазалығы мен табиғатының көркеюі – бір адамның емес, барша тұрғынның ортақ ісі. Сондықтан Монтайтастағы тазалық бастамаларына тұрғындардың белсенді қатысуы ауылдың ажарын ашып, жасыл желекті мекен қалыптастыруға берік негіз болады. Жасыл әрі таза ауыл – келер ұрпаққа қалатын игі мұра.

Құрылтай сайлауына дайындық аясында оқыту семинары өтті

Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстары аясында Сайрам ауданында орналасқан учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинары ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – комиссия мүшелерінің сайлау процесін ұйымдастыру бойынша білімін жетілдіріп, олардың кәсіби біліктілігін арттыру.

Семинар барысында қатысушыларға сайлау күніндегі жұмыс тәртібі мен іс-қимыл алгоритмі жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, дауыс беру процесін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өткізу, сайлаушыларды тіркеу, бюллетеньдерді беру, дауыс беру барысын ұйымдастыру және сайлау аяқталғаннан кейінгі рәсімдерді дұрыс орындау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар сайлау құжаттарын толтыру және рәсімдеу тәртібі, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, дауыс беру нәтижелерін шығару кезінде заң талаптарын қатаң сақтау жөнінде практикалық түсіндірмелер берілді. Комиссия мүшелеріне сайлаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, әрбір азаматтың еркін таңдау жасауына қажетті жағдай қалыптастырудың маңыздылығы айтылды.

Оқыту барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін сайлау учаскелерінде қолайлы жағдай жасау мәселесі де назардан тыс қалмады. Учаскеге кедергісіз кіруді қамтамасыз ету, дауыс беру кезінде қажетті көмек көрсету және сайлау құқықтарын жүзеге асыруға тең мүмкіндік беру жөнінде тиісті ұсынымдар берілді. Бұдан бөлек, сайлау күні туындауы мүмкін даулы немесе шиеленісті жағдайларда комиссия мүшелерінің сабырлы әрі заң аясында әрекет етуі, азаматтармен дұрыс қарым-қатынас орнатуы және әрбір мәселені белгіленген тәртіппен шешуі керектігі түсіндірілді.

Семинар соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Мұндай оқыту шаралары сайлау комиссиялары мүшелерінің жауапкершілігін арттырып, сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сайрам ауданында Құрылтай сайлауын ұйымдасқан түрде өткізу, сайлаушыларға қажетті жағдай жасау және сайлау заңнамасының талаптарын сақтау бағытындағы дайындық жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.

ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫ – АЗАМАТТЫҚ ҚАТЫСУ МЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Осы өзгерістердің маңызды құрамдас бөлігінің бірі – Құрылтай депутаттарын халықтың тікелей сайлауы арқылы қалыптастыру.

Құрылтай сайлауы – азаматтардың өз таңдауын білдіруімен қатар, елдің заң шығару жүйесін қалыптастыруға қатысуының маңызды тетігі. Бұл үдеріс қоғамның пікірін мемлекеттік шешімдер қабылдау барысында кеңінен ескеруге және халық пен билік арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Конституциялық заңға сәйкес Құрылтай бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұрады. Олар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты заңдарды қабылдау, мемлекеттік бюджетті қарау, халықаралық шарттарды ратификациялау және мемлекеттік маңызы бар бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету сияқты маңызды міндеттерді жүзеге асырады.

Жаңа саяси модельдің басты қағидаттарының бірі – ашықтық, заң үстемдігі және азаматтардың саяси белсенділігін арттыру. Әрбір азаматтың дауысы өкілді органның құрамын айқындауға ықпал етеді. Сондықтан сайлау – тек конституциялық құқық қана емес, қоғам алдындағы азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.

Құрылтай сайлауы саяси партиялардың да бәсекелестігін күшейтеді. Сайлаушылардың сеніміне ие болу үшін партиялар нақты бағдарламалар ұсынып, өңірлерді дамыту, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және экономиканы әртараптандыру бағытындағы бастамаларын көпшілік назарына ұсынады. Бұл өз кезегінде қоғамдық пікірдің ескерілуіне және саяси мәдениеттің нығаюына ықпал етеді.

Мемлекет үшін заң шығару қызметінің сапасы ерекше маңызға ие. Қабылданатын заңдардың тиімділігі азаматтардың өмір сүру сапасына, экономиканың дамуына және қоғамдық тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Сондықтан Құрылтай құрамына сайланатын депутаттардың кәсіби даярлығы, жауапкершілігі және сайлаушылар алдындағы есептілігі маңызды рөл атқарады.

Сайлау науқанының заң талаптарына сай ашық әрі әділ ұйымдастырылуы демократиялық құндылықтарды нығайтып, мемлекеттік институттарға деген қоғамдық сенімді арттыруға негіз болады. Белсенді азаматтық ұстаным мен саналы таңдау елдің орнықты дамуының маңызды факторларының бірі саналады.

Құрылтай сайлауы – Қазақстанның жаңа саяси моделін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Бұл үдеріс мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, заң шығару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың елдің болашағына қатысты маңызды шешімдерге қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Әрбір азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігі қоғамның тұрақты дамуына үлес қосады. Сондықтан Құрылтай сайлауы – елдің бүгінгі ғана емес, ертеңгі дамуына әсер ететін маңызды қоғамдық-саяси оқиға.

№KZ89VPY00063999 Куәлік нөмірі

Lost your password? Please enter your email address. You will receive mail with link to set new password.

Exit mobile version