2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы – азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашатын маңызды саяси оқиға. Бұл сайлау тек өкілдерді анықтау ғана емес, елдің болашағына қатысты маңызды мәселелерді бірге талқылауға мүмкіндік беретін демократиялық үдеріс.
Құрылтайдың басты мақсаты – халықтың пікірін тыңдап, қоғамдағы өзекті мәселелерді ортақ талқылау арқылы тиімді шешімдер қабылдауға ықпал ету. Сондықтан әр азаматтың сайлауға қатысуы – ел дамуына қосылған нақты үлес.
Сайлау барысында ашықтық пен әділдік қағидаттарының сақталуы қоғамның сенімін арттырып, азаматтық жауапкершілікті нығайтады. Белсенділік танытып, өз таңдауыңызды жасау – болашаққа бейжай қарамайтын азаматтың белгісі.
23 тамыз күні өтетін Құрылтай сайлауына қатысу – ел тағдырына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың маңызды қадамы. Бірлігіміз бен жауапкершілігіміз ортақ мақсатқа жетелеп, қоғамның тұрақты дамуына негіз болады.
Қазіргі заманда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының да атқарып отырған қызметі маңызды. Ассамблея – еліміздегі этносаралық келісім мен өзара түсіністікті қамтамасыз ететін бірегей қоғамдық институт. Оның қызметі елдегі тұрақтылықты сақтауға, түрлі этнос өкілдерінің ортақ шаңырақ астында татулықта өмір сүруіне, мәдениеттер мен дәстүрлердің өзара сабақтастығына мүмкіндік береді.
Созақ ауданында да Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған бастамаларын ақпараттық сүйемелдеу мен түсіндірудің маңызы зор. Себебі кез келген азамат еліміздегі қоғамдық келісімнің мәнін, оның тарихи негізін және болашақ үшін маңызын түсінуі керек.
Қазақстанның бірлігі – тек этностардың бейбіт қатар өмір сүруімен ғана шектелмейді. Бұл – ортақ Отанға деген сүйіспеншілік, мемлекеттік тілге құрмет, ортақ тарихты қадірлеу, заңды сақтау, бір-біріне қолдау көрсету және ел болашағына деген ортақ жауапкершілік. Әрбір азамат өзін осы елдің толыққанды мүшесі ретінде сезінгенде ғана шынайы қоғамдық келісім қалыптасады.
Созақбай Исаұлының айтуынша, жалпыұлттық бірліктің негізінде ортақ құндылықтар жатыр. Ол – Тәуелсіз Қазақстан, бейбітшілік, туған жер, мемлекеттік тіл, ұлттық мәдениет, отбасы, еңбек және адамгершілік.
«Біздің ортақ үйіміз – Қазақстан. Біз осы елдің болашағына бәріміз бірге жауаптымыз. Қай этносқа жататынымызға қарамастан, бәріміздің Отанымыз бір. Сондықтан бір-біріміздің мәдениетіміз бен дәстүрімізді құрметтей отырып, ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуымыз қажет. Елдің жетістігі – әр азаматтың жетістігі. Ал елдің тыныштығы – бәріміздің ортақ аманатымыз. Бұл ойдың астарында үлкен мән бар. Себебі қоғамның бірлігі тек мерекелік іс-шаралармен немесе ресми кездесулермен ғана қалыптаспайды. Бірлік – күнделікті өмірдегі қарым-қатынастан басталады. Көршімен тату болу, өзгенің пікірін құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, қиындыққа тап болған адамға қол ұшын беру – мұның барлығы қоғамдық келісімнің нақты көрінісі. Ал ұлтаралық келісім – Қазақстан қоғамының тұрақты дамуының маңызды негіздерінің бірі. Бірлік бар жерде ғана береке болады. Түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластықта өмір сүруі – еліміздің ең үлкен құндылықтарының бірі. Мұны сақтау үшін қоғамның әр мүшесі өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. Әсіресе жастар тәрбиесі бұл бағытта айрықша маңызға ие. Жастар – елдің ертеңі. Олардың бойында отансүйгіштік, еңбекқорлық, білімге құштарлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ұлттық құндылықтарға адалдық секілді қасиеттер қалыптасуы қажет.», – дейді ол.
Созақбай Исаұлы жастар тәрбиесінде құр сөзден гөрі нақты өнегенің маңызды екенін алға тартады. Оның пікірінше, жас ұрпаққа ақыл айтумен қатар, жақсы іспен үлгі көрсету керек. Өйткені жастар үлкендердің ісіне қарап бой түзейді.
«Жастарға «үлкенді сыйла», «елді құрметте», «бірлік керек» деп айту жеткіліксіз. Мұны өз өмірімізбен көрсетуіміз керек. Үлкендер өзара тату болса, жастар да татулықты үйренеді. Отбасында ата-ана бірлікті дәріптесе, бала да елдің бірлігін қадірлейді. Сондықтан тәрбиенің ең үлкен мектебі – адамның өз ісі. Бұл тұрғыдан алғанда, Созақ ауданындағы аға буынның өнегесі жас ұрпақ үшін үлкен мектеп бола алады. Елдің өткенін білетін, тарихтың талай белесін көрген азаматтардың әңгімесін тыңдау, олардың өмірлік тәжірибесінен сабақ алу – жастардың дүниетанымын кеңейтеді. «Ата мұра – ұрпаққа аманат» деген ұғымның өзі үлкен жауапкершілікті білдіреді. Атадан қалған мұра – тек материалдық дүние емес. Оның ең қымбат бөлігі – тіл, діл, салт-дәстүр, ұлттық тәрбие, туған жерге деген сүйіспеншілік, елдік сана және адамгершілік қасиеттер. Осыларды кейінгі ұрпаққа жеткізу – бүгінгі буынның басты міндеті.
Созақтың тарихы мен тағылымы да осы құндылықтармен тығыз байланысты. Бұл өлкенің әрбір тауы мен тасы, әрбір тарихи орны – ұрпаққа аманат. Сондықтан туған жердің тарихын білу – ел тарихын білу деген сөз. Өзінің туған жерін қадірлеген адам Отанын да құрметтейді. Бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарды сақтау – өткенге ғана қарау емес, болашаққа сеніммен қадам басу. Ұлттық дәстүр мен заманауи дамуды сабақтастыра білу – қоғамның рухани тұрақтылығының кепілі. Біз әлемдік өркениетке ұмтылған кезде өз болмысымызды жоғалтпауымыз керек. Ал ұлттық болмыстың негізі – отбасы, тіл, дәстүр, тарих және елдік сана.» – дейді ол.
Созақбай Исаұлының пайымынша, қоғамдық келісімнің берік болуы үшін адамдар арасында сенім болуы қажет. Сенім бар жерде түсіністік болады. Түсіністік бар жерде татулық орнығады. Ал татулық бар жерде елдің іргесі берік болады. Сондықтан қоғамдағы кез келген мәселені шешуде сабыр, парасат және өзара құрмет басты орында тұруы тиіс. Әсіресе әлеуметтік желілер кең тараған қазіргі кезеңде жалған ақпаратқа ермей, арандатушылық сипаттағы пікірлерге бой алдырмай, әрбір ақпаратқа сын көзбен қарау – азаматтық жауапкершіліктің бір көрінісі.
«Дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да қоғамдық келісімнің маңызды бағыттарының бірі. Дін – адамның рухани дүниесіне әсер ететін маңызды құндылық. Сондықтан діни сауаттылықты арттыру, дәстүрлі діни құндылықтарды дұрыс түсіндіру, жастарды түрлі радикалды және теріс ағымдардың ықпалынан қорғау – ортақ міндет. Бұл бағытта қоғамның барлық институты бірлесе жұмыс істеуі қажет. Созақ ауданында дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндірумен қатар, қоғамдық және ұлтаралық келісімді нығайту, жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттау бағытындағы жұмыстардың да өзара сабақтастықта жүргізілуі маңызды. Себебі бейбітшілік пен тұрақтылық – барша азаматқа ортақ құндылық. Біздің мақсатымыз – ел ішінде алауыздыққа жол бермеу, адамдарды бірлікке шақыру. Дін де, дәстүр де, тәрбие де адамды ізгілікке бастауға тиіс. Жастардың діни сауаты дұрыс қалыптасса, олар түрлі жат ағымдарға ермейді. Ал елдің тарихын, дәстүрін, мәдениетін жақсы білген ұрпақ өзінің кім екенін, қандай елдің азаматы екенін терең түсінеді. Сондықтан рухани тәрбие мен қоғамдық келісім қатар жүруі керек», – деген ой білдіреді Созақбай Исаұлы.
Шын мәнінде, ұлттық құндылықтарды сақтау мен қоғамдық келісім бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Өз мәдениетін құрметтеген адам өзгенің мәдениетін де сыйлай білуі керек. Өзінің тілін қадірлеген адам өзге тілге де құрметпен қарауы тиіс. Өз тарихын білген азамат басқа халықтың тарихын да бағалай алады. Осындай өзара құрмет қана қоғамда тұрақты келісім орнатады. Бүгінгі таңда еліміздің басты байлығы – бейбітшілік пен тұрақтылық. Бұл құндылықтарды сақтау – тек мемлекетке немесе белгілі бір қоғамдық ұйымдарға ғана жүктелетін міндет емес. Ол – барша қазақстандықтың ортақ жауапкершілігі.
Созақбай Исаұлы Әбдіқұловтың өмірлік ұстанымы да осы елдік мұраттармен үндеседі. Аға буын өкілі ретінде ол жастарға бағыт-бағдар беріп, ел ішіндегі ынтымақты нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақтар арасындағы байланысты сақтауға ерекше мән береді.
«Созақ ауданының болашағы да ең алдымен оның тұрғындарының ауызбіршілігіне байланысты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, жастардың болашағы, ауылдардың өркендеуі, елді мекендердің көркеюі – барлығы да қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністікке тікелей қатысты. Сондықтан ел ішінде бірлік пен татулықты сақтау – баршаға ортақ міндет. Әрбір отбасы өз шаңырағында татулықты дәріптесе, әрбір ауылда көршілік сыйластық орнаса, әрбір азамат өзгені құрметтеп, елдің заңын сақтаса, қоғамның іргесі де берік болады. Ата-бабамыздан қалған ең үлкен аманат – елдің тұтастығы. Қазақ халқы талай тарихи қиындықты бірлік пен ынтымақтың арқасында еңсерді. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – сол аманатқа адал болу. «Ата мұра – ұрпаққа аманат» деген сөздің мәні де осында. Біз атадан қалған рухани мұраны сақтап қана қоймай, оны заман талабына сай жаңғыртып, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы жастардың бойына елжандылықты сіңіреміз. Ұрпақтар сабақтастығын сақтау арқылы тарихи жадымызды жаңғыртамыз. Ал қоғамдық және ұлтаралық келісімді нығайту арқылы Қазақстанның тұрақты болашағына жол ашамыз.» дейді ел ағасы.
Созақбай Исаұлының сөзімен түйіндесек, елдің ең үлкен күші – оның бірлігінде. Бірлігі жарасқан ел ғана биік мақсаттарға жете алады. Сондықтан әрбір азамат қоғамдағы татулықты сақтауға өз үлесін қосып, елдің болашағына жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Созақтың сайын даласында қалыптасқан елдік дәстүр мен ұлттық тәрбие, үлкенге құрмет пен кішіге ізет, ағайын арасындағы сыйластық – бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес мұра. Осы құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі буынға жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өйткені ата мұраны сақтау – өткенді құрметтеу ғана емес, болашаққа жол ашу. Ал елдің бірлігін сақтау – бүгінгі ұрпақтың ең үлкен аманаты.
Түркістан облысы – тарихы терең, мәдениеті бай, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары сабақтастық тапқан қасиетті өңір. Осы аймақтағы әрбір ауданның өзіндік орны мен ерекшелігі бар. Солардың бірі – тарихы тағылымға толы, елдік пен ерліктің, дәстүр мен өнегенің алтын бесігі болған Созақ ауданы. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында өзіндік із қалдырған бұл өлке бүгінде де ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында маңызды жұмыстар атқарып келеді.
Осындай игі бастамалардың өзегінде аға буынның өмірлік тәжірибесі мен тағылымды сөзі, ел мен жердің тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізу міндеті тұр. Өйткені ұлттың ұстыны – оның тарихи жады мен рухани құндылықтарында. Ал атадан балаға жеткен аманатты сақтау – әр азаматтың ортақ парызы.
Осы орайда Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің «Жол-жөнекей» бағдарламасында «Ата мұра – ұрпаққа аманат» тақырыбында Созақ ауданының «Құрметті азаматы», Түркістан облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Исаұлы Әбдіқұлов арнайы сұхбат беріп, ұлттық құндылықтар, ұрпақтар сабақтастығы, отбасы тәрбиесі, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік мәселелеріне қатысты өз ойын білдірді. Одан бөлек, ел ағасының ел бірлігіне қатысты жиындарда айтқан пікірлерін қоса отырып, оқырманға ұсынғымыз келеді.
Созақбай Исаұлы Әбдіқұлов 1954 жылдың 12 тамызында Түркістан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылында дүниеге келген. Ғибратты ғұмырын елдің қоғамдық өмірімен байланыстырып, халықтың бірлігі мен ынтымағын, ұлттық құндылықтар мен дәстүр сабақтастығын дәріптеп келе жатқан азамат ретінде аға буын өкілдерінің қатарында өзіндік орны бар.
Оның пайымынша, бүгінгі қоғам үшін ең маңызды құндылықтардың бірі – елдің татулығы мен тұрақтылығы. Себебі кез келген мемлекеттің дамуы ең алдымен оның ішкі бірлігіне байланысты. Қоғамда өзара түсіністік пен сыйластық орныққан кезде ғана елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жастардың жарқын болашағына және мемлекеттің тұрақты дамуына берік негіз қаланады.
«Біз үшін елдің бірлігі – ең үлкен құндылық. Қазақ халқы ежелден «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп бекер айтпаған. Қандай кезеңде де халықты алға жетелеген күш – ауызбіршілік пен ынтымақ. Бүгінгі Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі де – түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп, ортақ мақсат жолында еңбек етіп келе жатқандығы. Бұл – баршамызға ортақ үлкен жетістік әрі оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Шындығында, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік – бір күнде қалыптасатын құндылық емес. Ол күнделікті қарым-қатынастан, көршіге деген құрметтен, өзара сыйластықтан, әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Мемлекеттің тұтастығы мен қоғамның тұрақтылығы да осындай қарапайым, бірақ маңызы зор құндылықтардан құралады.
Созақ ауданының тұрғындары үшін татулық пен ынтымақтың маңызы айрықша. Кең байтақ даланың төсінде орналасқан аудан – талай тарихи кезеңнің куәсі болған қасиетті мекен. Мұнда ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр мен ұлттық тәрбие, үлкенді сыйлау мен кішіге қамқор болу секілді адамгершілік қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Созақтың әр ауылында елдің ынтымағын сақтауға, қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жұмыстардың мәні зор. Бүгінде аудан көлемінде дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, қоғамдық және ұлтаралық келісімді нығайту, жалпыұлттық бірлікті дәріптеу бағытында да түрлі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындарға елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің қадірін түсіндіру, қоғамда өзара сыйластық пен толеранттылық мәдениетін қалыптастыру, жастарды теріс діни ағымдардан сақтандыру және ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру.» – деген пікірін білдіреді Созақбай Исаұлы.
Созақбай Исаұлының пікірінше, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау ісінде тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі бар. Әсіресе, отбасы, білім беру ұйымдары, қоғамдық институттар мен аға буын өкілдерінің өзара байланысы берік болғаны маңызды.
«Қоғамдық келісім ең алдымен отбасындағы тәрбиеден басталады. Үйінде үлкенді сыйлаған, кішіге ізет көрсеткен бала ертең қоғамда да өзгені құрметтей білетін азамат болып қалыптасады. Сондықтан балаға елдің тарихын, туған жердің қадірін, ата-бабаның аманатын түсіндіру – ата-ананың басты міндеттерінің бірі. Ұлттық тәрбие бар жерде ұлттық сана қалыптасады. Ал ұлттық санасы биік азамат елдің тыныштығы мен бірлігін бағалайды.Бұл ретте отбасы институтының қоғамдағы рөлі ерекше. Өйткені бала бойындағы алғашқы түсінік пен алғашқы тәрбие отбасында қалыптасады. Үлкеннің сөзі, ата-ананың өнегесі, әженің тәрбиесі, атаның ақылы – ұрпақтың рухани қалыптасуына әсер ететін үлкен мектеп.
Созақ сияқты тарихы терең, дәстүрі берік өңірде мұндай құндылықтардың маңызы тіпті жоғары. Қазақтың «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» қағидасы – қоғамдағы өзара сыйластықтың негізі. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі жастарға дұрыс бағыт-бағдар берсе, жастардың жаңашылдығы мен ізденісі елдің дамуына серпін береді. Осылайша ұрпақтар арасындағы сабақтастық сақталады.», – дейді ол.
Созақбай Исаұлы Әбдіқұлов өз сөзінде аға буынның қоғамдағы орнына ерекше тоқталады. Оның пайымынша, ақсақалдар – халықтың тарихи жадын сақтаушы, елдің бірлігін ұйыстырушы рухани тірек. Ақсақалдың сөзі – көпке бағыт, жастарға өнеге. Сондықтан аға буын өкілдерінің қоғамдық мәселелерге белсенді араласуы, жастармен пікір алмасуы, өмірлік тәжірибесін бөлісуі – қазіргі қоғам үшін аса қажет.
«Ақсақал деген сөздің өзінде үлкен жауапкершілік жатыр. Ақсақал ел ішіндегі татулыққа дәнекер болып, дау-жанжалды ушықтырмай, адамдарды сабырға, түсіністікке шақыруы керек. Біздің бабаларымыз да ел арасындағы мәселелерді ақылмен, мәмілемен шешкен. Осы дәстүрді бүгінгі ұрпаққа жеткізуіміз қажет. Жастар үлкендердің ақылын тыңдап, ал үлкендер жастардың талабын түсініп, қолдау көрсетуі керек. Сонда ғана ұрпақтар арасында берік байланыс орнайды», – деген ой айтады Созақбай Исаұлы.
Елімізде 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстары жалғасуда. Бұл маңызды саяси науқан азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына және елдің дамуына қатысты өз таңдауын жасауына мүмкіндік береді.
Сайлау – демократиялық қоғамның басты құндылықтарының бірі. Оның ашық, әділ әрі заң талаптарына сәйкес өткізілуі қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтады. Сондықтан сайлау науқаны барысында заң талаптарын сақтау, ресми ақпаратқа сүйену және әрбір азаматтың сайлау мәдениетін қалыптастыру ерекше маңызға ие.
Құрылтай сайлауы аясында сайлаушыларға қажетті ақпарат кеңінен түсіндіріліп, олардың құқықтары мен міндеттері жөнінде ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың сайлау үдерісіне саналы әрі жауапкершілікпен қатысуына ықпал етеді.
Әрбір азаматтың таңдауы – елдің ертеңіне қосқан үлесі. Сондықтан алдағы Құрылтай сайлауына белсенді қатысу, заң талаптарын құрметтеу және азаматтық жауапкершілікті жоғары қою – баршамызға ортақ міндет
Арыс қаласында қоршаған ортаның тазалығын сақтау, қала аумағын абаттандыру және тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Игі бастамаға қала тұрғындарымен қатар белсенді жастар да қатысып, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосты. Сенбілік барысында қала аумағындағы арнайы белгіленген орындар, көшелердің бойы, қоғамдық орындарға жақын аумақтар мен қоқыс жиналған жерлер тазартылды. Қатысушылар шашылған қоқыстарды жинап, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға шығарды. Сонымен бірге айналаны ретке келтіру, көркейту және абаттандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл ретте тазалық жұмыстарында жастардың белсенділігі ерекше байқалды. Қоғамдық жұмыстарға ерікті түрде қатысқан жас буын өкілдері өздерінің туған жерге деген жанашырлығын нақты іспен көрсетті. Олар сенбілік кезінде тек аумақты тазалап қана қоймай, қоршаған ортаны қорғаудың, қоғамдық орындарды таза ұстаудың маңыздылығын түсіндіруге де атсалысты.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олардың кез келген игі іске белсенді араласуы өзгелерге де үлгі болады. Әсіресе қоршаған ортаны қорғау, көгалдандыру, тазалық сақтау сияқты қоғамдық маңызы зор бастамаларға жастардың қатысуы өскелең ұрпақтың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді. Сенбілікке қатысқан жастар үшін бұл шара қарапайым тазалық жұмысы ғана емес, туған өлкенің дамуына үлес қосудың бір көрінісі болды. Әрбір жиналған қоқыс, тазартылған аумақ және ретке келтірілген орын – қала тазалығына қосылған нақты үлес. Осындай жұмыстар арқылы жастар қоршаған ортаға ұқыпты қарау, ортақ мүлікті қадірлеу және қоғамдық тәртіпті сақтау құндылықтарын насихаттайды.
Тазалық – бір күндік науқан емес. Ол күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Қала қаншалықты таза әрі көрікті болуы ең алдымен тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігіне байланысты. Бір адам өзінен кейін қоқыс қалдырмаса, екінші адам сол тазалықты сақтаса, осылайша бүкіл қоғамда оң өзгеріс қалыптасады. Сондықтан тазалық мәселесіне тек коммуналдық қызметтердің міндеті ретінде қарамай, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі ретінде қабылдаудың маңызы зор. Осы ретте жастардың бастамашылдығы ерекше мәнге ие. Олар қоғамдық ортада тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақыратын түрлі шараларға белсенді қатысып келеді. Жастардың мұндай белсенділігі олардың азаматтық ұстанымының қалыптасқанын көрсетеді.
Сенбілік барысында жастар ұйымдарының, еріктілердің және белсенді азаматтардың бірлесіп жұмыс істеуі де ауызбіршіліктің жарқын үлгісіне айналды. Бірі қоқыс жинап, аумақты тазартса, енді бірі көркейту жұмыстарына атсалысты. Нәтижесінде тазалық жұмыстары ұйымшылдықпен жүргізіліп, қала аумағының бірқатар бөлігі ретке келтірілді. Мұндай шаралар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға да мүмкіндік береді. Қоғамға пайдалы іске араласқан жас өз ортасына оң ықпал етіп, азаматтық белсенділігін арттырады. Сонымен қатар ортақ мақсат жолында еңбек ету жастар арасында ынтымақтастық пен өзара қолдауды күшейтеді.
Туған жердің тазалығы – оған деген сүйіспеншіліктің бір белгісі. Өз қаласының көркейіп, таза әрі жайлы болғанын қалайтын әрбір азамат осы іске өзіндік үлесін қоса алады. Ол үшін үлкен бастамаларды күтудің қажеті жоқ. Қоқысты белгіленген жерге тастау, аула мен көшені таза ұстау, ағаштарды қорғау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау сияқты қарапайым әрекеттердің өзі қоршаған ортаны сақтауға бағытталған маңызды қадам.
Арыста ұйымдастырылған сенбілік – осы түсінікті қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың бірі. Әсіресе жастардың белсенді қатысуы тазалық мәселесіне бейжай қарамайтын азаматтардың қатары артып келе жатқанын аңғартады. Қоршаған ортаны таза ұстау – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Бүгін тазартылған аумақ, отырғызылған тал, күтіп-бапталған көше – ертеңгі ұрпаққа қалатын игіліктің негізі. Сондықтан тазалыққа әр азамат өз үлесін қосуы қажет. Ал жастардың бұл бағыттағы белсенділігі өзгелерге үлгі болып, қоғамда экологиялық мәдениеттің қалыптасуына серпін беретіні сөзсіз.
Таза қала – тұрғындарға жайлы орта қалыптастырып қана қоймай, оның сыртқы келбетін айқындайтын маңызды фактор. Бірлігі бекем, туған жеріне жанашыр азаматтары көп елді мекеннің болашағы да жарқын болады. Арыстағы сенбілік барысында жастардың белсенділігі осының айқын дәлелі болды. Олар туған жердің тазалығы мен көркеюіне атсалысып, ортақ іске жауапкершілікпен қараудың үлгісін көрсетті.
Медицина саласының қарқынды дамуы жаңа технологиялар мен заманауи медициналық құрылғыларды күнделікті тәжірибеге енгізумен тығыз байланысты. Бүгінде медициналық көмектің сапасын арттыру, диагностикалау мен емдеу үдерістерін жеңілдету, пациент қауіпсіздігін қамтамасыз ету – денсаулық сақтау жүйесінің басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта Кентау қалалық емханасында медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған заманауи технологиялардың бірі – веневизор құрылғысы тиімді қолданылып келеді. Аталған медициналық құрал медицина қызметкерлеріне тері астындағы көктамырлардың орналасуын арнайы жарық проекциясы арқылы анық көруге мүмкіндік береді.
Кейбір пациенттерде көктамырлар тері астынан анық көрініп тұрса, енді бір адамдарда тамырлардың орналасуын көзбен анықтау қиынға соғады. Мұндай жағдай әсіресе балаларда, егде жастағы адамдарда, артық салмағы бар пациенттерде, сондай-ақ жиі медициналық процедуралардан өткен немесе көктамырлары әлсіз көрінетін азаматтарда кездесуі мүмкін. Осындай сәттерде веневизор медицина қызметкеріне қажетті көктамырды нақтырақ анықтауға көмектеседі.
Веневизор – көктамырлардың тері астындағы орналасуын визуализациялауға арналған заманауи медициналық құрылғы. Оның жұмыс істеу принципі арнайы жарық технологиясына негізделген. Құрылғы тері бетіне жарық проекциясын түсіріп, көктамырлардың орналасуын визуалды түрде көрсетуге мүмкіндік береді. Медицина қызметкері алынған көрініс арқылы көктамырдың бағытын анықтап, инъекция немесе қан алу үшін қолайлы орынды таңдауға мүмкіндік алады. Бұл әсіресе көктамырды бірден табу қиын болған жағдайларда медициналық қызметкердің жұмысын жеңілдетеді.
Кентау қалалық емханасының медицина мамандарының айтуынша, веневизорды қолдану – медициналық процедураларды орындау кезінде қосымша технологиялық мүмкіндік беретін маңызды құрал. Әсіресе көктамыры қиын көрінетін пациенттерге медициналық көмек көрсету барысында құрылғының пайдасы зор. Мамандардың түсіндіруінше, веневизор медицина қызметкерін алмастырмайды және медициналық процедураның нәтижесіне толық кепілдік беретін құрал болып саналмайды. Дегенмен ол көктамырлардың орналасуын визуалды түрде анықтауға көмектесетін қосымша технология ретінде процедураның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Веневизордың артықшылықтарының бірі – балаларға медициналық процедуралар жүргізу кезінде қолдануға болатындығы. Балалардың көктамырлары ересектерге қарағанда жіңішке әрі тері астында нашар көрінуі мүмкін. Әсіресе кішкентай балалар медициналық процедура кезінде мазасызданып, қозғалып қалуы ықтимал. Мұндай жағдайда көктамырды іздеу медицина қызметкері үшін де, бала үшін де қиындық тудыруы мүмкін.
Заманауи құрылғы көктамырлардың орналасуын алдын ала бағдарлауға мүмкіндік беріп, қажетті аймақты таңдауға көмектеседі. Бұл медицина қызметкерінің жұмысын жеңілдетіп, процедураны ұйымдастыруға қосымша жағдай жасайды. Мамандардың айтуынша, балалармен жұмыс істеу кезінде медициналық процедураның барынша жылдам әрі ұқыпты орындалуы маңызды. Себебі бала үшін медициналық манипуляцияның өзі психологиялық тұрғыдан әсер етуі мүмкін. Сондықтан заманауи технологияларды пайдалану медициналық қызмет көрсету барысын барынша қолайлы етуге ықпал етеді. Жасы ұлғайған адамдарда да көктамырларды анықтау кей жағдайда қиын болуы мүмкін. Терінің өзгеруі, қан тамырларының ерекшеліктері және басқа да физиологиялық факторлар көктамырға қол жеткізуді күрделендіруі ықтимал. Осындай кезде веневизор медицина қызметкеріне көктамырлардың орналасуын визуалды түрде бағалауға мүмкіндік береді. Бұл пациентке медициналық процедура жүргізу кезінде қажетті аймақты таңдауға көмектесетін қосымша құрал ретінде пайдаланылады.
Кентау қалалық емханасының мамандары атап өткендей, әр пациентке жеке тәсілмен қарау – сапалы медициналық көмектің маңызды қағидаларының бірі. Сондықтан пациенттің жасына, денсаулық жағдайына және медициналық процедураның ерекшелігіне қарай заманауи технологияларды тиімді пайдалану медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Кейбір адамдардың көктамырлары тері астынан анық байқалмайды. Мұндай жағдай түрлі себептерге байланысты болуы мүмкін. Мәселен, дене ерекшелігі, тері астындағы май қабатының қалыңдығы, адамның жас ерекшелігі немесе бұған дейінгі медициналық процедуралар көктамырдың көзге көрінуіне әсер етуі мүмкін. Әсіресе жиі қан тапсырған немесе ұзақ уақыт бойы көктамыр ішіне ем қабылдаған пациенттер үшін медициналық процедураларды орындау күрделірек болуы мүмкін. Мұндай жағдайда веневизор медицина қызметкеріне көктамырдың бағытын анықтауда қосымша көмек көрсетеді.
Медицина қызметкерлерінің пікірінше, құрылғыны пайдалану кезінде ең бастысы – пациенттің қауіпсіздігі мен медициналық процедураның сапасын қамтамасыз ету. Веневизор арқылы алынған визуалды ақпарат медицина қызметкерінің кәсіби тәжірибесімен және клиникалық бағалауымен бірге қарастырылады. Заманауи медициналық технологиялардың басты артықшылықтарының бірі – медицина маманының жұмысын тиімді ұйымдастыруға көмектесуі. Көктамырды анықтау кезінде медицина қызметкері пациенттің анатомиялық ерекшеліктерін ескере отырып, қажетті аймақты таңдайды. Веневизор осы үдеріске қосымша визуалды ақпарат береді. Бұл әсіресе көктамыры қиын анықталатын пациенттермен жұмыс кезінде пайдалы болуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, медициналық технологияларды енгізу тек жаңа құрылғы сатып алумен шектелмейді. Оны дұрыс пайдалану, медициналық қызметкердің біліктілігі және құрылғыны белгіленген талаптарға сәйкес қолдану да маңызды. Сондықтан Кентау қалалық емханасында заманауи медициналық жабдықтарды тиімді пайдалану бағытында медицина қызметкерлерінің тәжірибесін арттыруға, технологиялық мүмкіндіктерді медициналық қызмет көрсету үдерісіне дұрыс енгізуге мән беріледі.
Веневизорды қолдану пациент үшін бірнеше маңызды артықшылық бере алады. Ең алдымен, ол көктамырды визуалды түрде анықтауға мүмкіндік беріп, медицина қызметкерінің қажетті тамырды табуына көмектеседі. Бұл әсіресе көктамыры қиын көрінетін пациенттер үшін маңызды. Себебі медициналық процедура кезінде уақытты тиімді пайдалану, пациентке қолайсыздықты барынша азайту және медициналық қызметкердің жұмысын жеңілдету – сапалы қызмет көрсетудің маңызды құрамдас бөліктері. Дегенмен мамандардың айтуынша, веневизорды қолдану барлық жағдайда көктамырды бірден және міндетті түрде табуға мүмкіндік береді дегенді білдірмейді. Әр адамның ағзасы мен қан тамырларының орналасуы жеке ерекшеленеді. Сондықтан кез келген медициналық процедураны білікті медицина қызметкері жүргізуі қажет.
Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында цифрландыру мен заманауи медициналық технологияларды енгізу жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Диагностикадан бастап емдеу мен оңалтуға дейінгі барлық кезеңде жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Кентау қалалық емханасында веневизор құрылғысының қолданылуы да осы бағыттағы жұмыстардың бірі. Мұндай технологиялар медицина қызметкерлерінің кәсіби мүмкіндіктерін толықтырып, пациенттерге көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіруге жағдай жасайды.
«Біздің басты мақсатымыз – әр пациентке сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсету. Веневизор сияқты заманауи құрылғылар медицина қызметкеріне көктамырларды анықтауда қосымша мүмкіндік береді. Әсіресе балалар, егде жастағы адамдар және көктамыры қиын көрінетін пациенттер үшін бұл технологияның маңызы зор. Дегенмен кез келген құрылғы медицина қызметкерінің кәсіби білімі мен тәжірибесін алмастырмайды. Ол тек маманның жұмысын толықтыратын көмекші құрал ретінде қолданылады. Біз заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы медициналық қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыруға ұмтыламыз», – дейді медицина мамандары.
Медициналық ұйым жұмысының тиімділігін бағалауда тек заманауи құрал-жабдықтардың болуы ғана емес, пациентке көрсетілетін қызметтің сапасы, медицина қызметкерінің кәсіби біліктілігі, медициналық қауіпсіздік талаптарының сақталуы және пациентпен дұрыс қарым-қатынас орнату да маңызды. Заманауи технология осы үдерістердің барлығын толықтырып, медицина қызметкерлеріне өз міндеттерін тиімді орындауға мүмкіндік береді. Ал пациент үшін бұл – медициналық көмектің заманауи талаптарға сай көрсетілуінің бір белгісі.
Кентау қалалық емханасында веневизор құрылғысының қолданылуы – медициналық қызмет көрсету сапасын жетілдіруге бағытталған нақты қадамдардың бірі. Мұндай технологияларды тиімді пайдалану арқылы медицина мамандары пациенттерге көрсетілетін көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға өз үлесін қосуда. Заманауи технологияларды денсаулық сақтау саласына енгізу – уақыт талабы. Ал медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған әрбір жаңа мүмкіндік – ең басты құндылық саналатын адам денсаулығын қорғауға жасалған маңызды қадам.
Адам денсаулығы – қоғамның ең басты байлығы. Ал сол байлықты қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Әсіресе, елді мекендердегі медициналық көмектің сапасын арттыруда ауылға ат ізін салып, өз білімі мен тәжірибесін халық игілігіне арнаған жас мамандардың орны ерекше. Бүгінде денсаулық сақтау саласында жас дәрігерлердің қатарын толықтырып, ауылдық жерлерде еңбек етуге ниет білдіріп жүрген мамандардың қатары артып келеді.
Солардың бірі – Рақманқұлов Сапар. 1995 жылы Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында дүниеге келген жас дәрігер қазіргі таңда өзінің туған өңіріне жақын орналасқан Шаштөбе елді мекенінің тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп келеді. 2026 жылдың мамыр айынан бастап Кентау қалалық емханасына қарасты Шаштөбе фельдшерлік-акушерлік пунктінде жалпы тәжірибедегі дәрігер болып жұмысқа орналасқан Сапар үшін бұл – кәсіби жолындағы маңызды әрі жауапты қадам.
Дәрігер мамандығы – үлкен жауапкершілікті талап ететін кәсіп. Өйткені дәрігердің қабылдауына келген әрбір науқас оның білімі мен біліктілігіне, тәжірибесі мен адамгершілігіне сенім артады. Адам өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты шешім қабылдайтын маманнан кәсіби шеберлікпен қатар, сабырлылық, мейірімділік және үлкен жауапкершілік талап етіледі.
Сапар Рақманқұловтың айтуынша, дәрігер болу – оның бала күнгі арманы. Бұл арманның орындалуына отбасындағы тәрбиенің де ықпалы зор болған.
– Дәрігер болу – бала кезімнен армандаған мамандығым. Отбасымның маған көрсеткен қолдауы мен ықпалы өте үлкен болды. Себебі біздің жанұямызда медицина саласында абыройлы еңбек етіп жүрген жандар бар. Олардың халыққа қызмет етіп, адамдардың алғысына бөленіп жүргенін көріп өстім. Сондықтан медицина саласын таңдау мен үшін кездейсоқ шешім болған жоқ. Бұл – бала күнгі арманымның жалғасы, отбасымнан алған тәрбием мен өмірлік ұстанымымның нәтижесі, – дейді жас дәрігер.
Сапар Рақманқұлов 2014 жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығына оқуға түсіп, 2021 жылы оқу орнын сәтті тәмамдаған. Жоғары білім алғаннан кейін медициналық саладағы еңбек жолын бастап, өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауға кірісті. 2021-2026 жылдар аралығында Қостанай облысының Лисаковск қаласында жалпы тәжірибедегі дәрігер болып еңбек еткен жас маман солтүстік өңірдегі медициналық қызмет көрсету жүйесінде тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыдан шыңдалды. Түрлі жастағы науқастармен жұмыс істеп, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бағытында тәжірибесін арттырды. Бірнеше жыл бойы жинақтаған білімі мен тәжірибесін енді өзі туып-өскен Түркістан өңіріне жақын елді мекен тұрғындарының игілігіне жұмсауды жөн көрді.
Қаладан ауылға келіп, еңбек ету – жас маман үшін жаңа ортаға бейімделуді ғана емес, халықтың сұранысына сай жұмыс істеуді, тұрғындардың денсаулығына ерекше жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Ауылдық жердегі дәрігердің жұмысы сан қырлы. Мұнда дәрігер тек науқасты қабылдап қана қоймайды. Ол тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, аурудың алдын алу, ерте диагностикалау, диспансерлік бақылау, профилактикалық шараларды жүргізу секілді маңызды жұмыстардың басы-қасында жүреді.
Шаштөбе елді мекеніне жұмысқа орналасуының өзіндік себебі бар. Жас дәрігердің басты мақсаты – ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетіп, олардың денсаулығын жақсартуға өз үлесін қосу.
– Мен үшін адам денсаулығына қызмет ету – жай ғана мамандық емес, өмірлік таңдау. Дәрігерлік жолды таңдаған адам әрдайым ізденісте болуы керек деп ойлаймын. Себебі медицина үнемі дамып отырады. Жаңа ауру түрлері, жаңа емдеу тәсілдері, жаңа технологиялар пайда болады. Сондықтан дәрігер өзінің білімін үнемі жетілдіріп, біліктілігін арттырып отыруы қажет. Менің Шаштөбеге келудегі негізгі мақсатым – ауыл тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету. Әрбір тұрғын өз денсаулығына қатысты мәселемен келген кезде тиісті кеңес алып, қажетті медициналық көмекті уақытылы алғанын қалаймын, – дейді Сапар Рақманқұлов.
Жас дәрігердің пікірінше, ауылдық медицинада халықпен етене жұмыс істеудің маңызы зор. Себебі дәрігер мен тұрғын арасында сенім қалыптасса, көптеген аурудың алдын алуға және денсаулыққа қатысты мәселелерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік мол.
– Ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау үшін ең алдымен аурудың алдын алуға көңіл бөлу қажет. Көп жағдайда адамдар дәрігерге ауруы асқынған кезде ғана жүгінеді. Ал медицинадағы ең маңызды бағыттардың бірі – профилактика. Тұрғындар уақытылы медициналық тексеруден өтіп, қан қысымын, қандағы қант мөлшерін және басқа да көрсеткіштерін бақылап отырғаны дұрыс. Әсіресе созылмалы аурулары бар азаматтар дәрігердің бақылауында болғаны маңызды. Біздің міндетіміз – науқасты емдеу ғана емес, оның денсаулығын сақтауға бағыт-бағдар беру, – дейді дәрігер.
Жалпы тәжірибедегі дәрігердің ауылдық жердегі жұмысының тағы бір ерекшелігі – тұрғындардың әртүрлі мәселесімен бетпе-бет келуі. Бір күннің ішінде балалар мен қарттарды, жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар азаматтарды қабылдауға тура келеді. Сондықтан жалпы тәжірибедегі дәрігер әмбебап білім мен жан-жақты тәжірибеге ие болуы қажет.
Сапар Рақманқұлов үшін Қостанай облысындағы еңбек тәжірибесі де кәсіби қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Лисаковск қаласында бес жылға жуық еңбек еткен уақытында ол медицина саласындағы теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, науқастармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерді. Енді сол тәжірибесін Шаштөбе елді мекенінің тұрғындарына қызмет көрсету барысында тиімді пайдалануды көздеп отыр. Жас дәрігер ауылдағы медициналық пункттің жұмысын тұрғындарға барынша қолайлы етуге, медициналық көмектің сапасын арттыруға және халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға ниетті. Оның айтуынша, дәрігер үшін ең үлкен марапат – науқастың алғысы мен оның денсаулығының жақсаруы.
– Дәрігердің еңбегін бағалайтын ең үлкен көрсеткіш – халықтың сенімі деп ойлаймын. Адам сізге өзінің ең қымбат дүниесін – денсаулығын сеніп тапсырады. Сондықтан әр науқасқа жауапкершілікпен қарау қажет. Кейде дәрігердің айтқан бір ауыз жылы сөзі мен дұрыс кеңесінің өзі науқасқа үлкен демеу болады. Сол себепті мен әрбір тұрғынды тыңдап, мәселесіне барынша мұқият қарауға тырысамын. Ауылға келген соң халықпен жақын араласудың, олардың қажеттілігін түсінудің маңызын одан әрі сезіне түстім, – дейді Сапар.
Бүгінде елімізде ауылдық жерлердегі медициналық көмектің сапасын арттыруға, медициналық кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағытта жас мамандардың ауылға келіп, тұрақты еңбек етуі – маңызды қадамдардың бірі. Себебі ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімді болуы – әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін фактор. Жас дәрігердің таңдауы – осы бағыттағы жақсы бастамалардың бірі. Қаладан ауылға келіп, халыққа қызмет етуді таңдаған Сапар Рақманқұлов өз мамандығына деген адалдығын нақты іспен көрсетіп отыр. Оның еңбек жолы – жас маманның туған жерге қызмет етуге деген ұмтылысының көрінісі. Дәрігер болу – тек ақ халат киіп, науқас қабылдау емес. Бұл – әр адамның тағдырына жауапкершілікпен қарау, үнемі іздену, білімді жетілдіру, адамға жанашырлық таныту. Осыны жақсы түсінетін Сапар Рақманқұлов алдағы уақытта да өз кәсіби біліктілігін арттырып, ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға бар күш-жігерін жұмсауды жоспарлап отыр.
«Адам денсаулығы – ең үлкен құндылық» деген ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған жас дәрігердің ауылды таңдауы – көпке үлгі. Себебі елді мекендердің әлеуметтік дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда білімді, білікті әрі отаншыл жастардың еңбегі айрықша маңызға ие.
Бүгін Шаштөбе елді мекенінде еңбек жолын бастаған жас дәрігер ертең талай адамның дертіне шипа тауып, көптеген жанның алғысын арқалайтыны сөзсіз. Оның бұл таңдауы – медицина саласына келген жас мамандарға да үлкен ой салады. Өйткені туған жерге қызмет ету, ауыл халқына медициналық көмек көрсету, адам өмірі мен денсаулығын қорғау – үлкен жүректі, биік жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет.
Ал Сапар Рақманқұлов үшін бұл міндет – жай ғана қызмет емес. Бұл – бала күнгі арманына адалдық, отбасының өнегесін жалғастыру және адам денсаулығына қызмет ету арқылы елге пайдасын тигізудің нақты жолы.
Сайрам ауданында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық жұмыстары аясында халықаралық байқаушылармен жұмыс кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу Сайрам ауданының аумақтық сайлау комиссиясында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының халықаралық байқаушылары Massoni Marco және Alexandra Ursula Karin-нің қатысуымен өтті. Жиынның негізгі мақсаты – сайлау науқанын өткізу барысында қалыптасқан тәжірибемен бөлісу, сайлау рәсімдерінің заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылу барысын таныстыру және халықаралық бақылаушылардың сауалдарына нақты жауап беру болды.
Кездесу барысында халықаралық байқаушылар Сайрам ауданындағы сайлау процесінің ұйымдастырылуына қатысты бірқатар бағыт бойынша ақпарат алды. Атап айтқанда, сайлау учаскелерінің дауыс беруге дайындығы, комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығы, сайлаушыларға қажетті жағдай жасау және дауыс беру рәсімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқығын толыққанды жүзеге асыруына жағдай жасауға басымдық берілді. Байқаушылар сайлау күні аталған санаттағы азаматтардың учаскеге кедергісіз келуі, дауыс беру рәсіміне қатысуы және қажетті жағдайда тиісті көмек алуына байланысты ұйымдастырылып жатқан жұмыстарға қызығушылық танытты.
Сонымен қатар комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Сайлау процесінің сапалы ұйымдастырылуы тікелей комиссия мүшелерінің заңнаманы дұрыс білуі мен белгіленген рәсімдерді нақты сақтауына байланысты екені айтылды. Осыған орай оқыту семинарлары мен практикалық сабақтардың маңызы талқыланды. Халықаралық байқаушылар тұрғындардың сайлау процесіне қатысу белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстарға да қатысты сұрақтар қойды. Бұл ретте сайлаушыларды ақпараттандыру, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, дауыс беру тәртібі жөніндегі мәліметтерді қолжетімді түрде жеткізу бағытында атқарылып жатқан шаралар таныстырылды.
Кездесу кезінде сайлау комиссиясының өкілдері сайлау процесін ұйымдастырудың әрбір кезеңінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы басшылыққа алынатынын атап өтті. Сайлау комиссияларының қызметінде ашықтық, заңдылық және азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету қағидаттарына ерекше мән берілетіні айтылды. Комиссия төрағасы халықаралық байқаушылар тарапынан қойылған сауалдардың барлығына нақты түсініктемелер беріп, сайлау рәсімдерінің заң талаптарына сай өткізілуіне бағытталған жұмыстар туралы жан-жақты мәлімет ұсынды. Сонымен бірге сайлау процесіне қатысты сындарлы пікірлер мен ұсыныстарды талқылауға әрдайым ашық екендігін жеткізді.
Мұндай кездесулер сайлау саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеуге ғана емес, жергілікті деңгейдегі сайлау рәсімдерінің ұйымдастырылу сапасын бағалауға және өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Халықаралық байқаушылардың жұмыс сапары барысында көтерілген мәселелер сайлау процесінің барлық қатысушылары үшін маңызды бағыттарды айқындауға ықпал етеді. Сайрам ауданындағы сайлау комиссиялары алдағы саяси науқанды белгіленген талаптарға сәйкес өткізуге дайындық жұмыстарын жалғастыруда. Басты міндет – сайлаушылардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етіп, дауыс беру процесінің ұйымдасқан, ашық әрі заң талаптарына сай өтуіне жағдай жасау.
Арыс қаласында қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қала аумағында құрылған жұмысшы топ өкілдері кезекті рейд барысында санитарлық тазалық талаптарының орындалуын тексерді. Рейд «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қалаға кіреберіс аумақта жүргізілді. Мамандар кәсіпкерлік нысандар мен жеке сектор аумақтарын аралап, тұрғындар мен нысан иелеріне тазалық талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Атап айтқанда, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген уақытта шығару, көшелер мен ортақ пайдаланылатын аумақтарға қоқыс тастамау, құрылыс материалдары мен қалдықтарын жол жиегіне және басқа да орындарға орналастырмау қажеттігі ескертілді. Құм, тас, топырақ секілді материалдардың көшеге төгілуі де қаланың санитарлық жағдайына кері әсер ететіні айтылды.
Жұмысшы топ мүшелері тұрғындарға тазалық мәселесінің тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін түсіндірді. Әсіресе жеке аула мен оған іргелес аумақты таза ұстау, қалдықтарды белгіленген тәртіппен шығару маңызды екені атап өтілді.
Рейд кезінде талаптарды бұзған азаматтарға ескерту жасалып, заң талаптары түсіндірілді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы негізінде үш қала тұрғынына әкімшілік құқық бұзушылық туралы ескерту түріндегі хаттамалар толтырылды. Жауапты мамандар анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жою қажеттігін ескертті.
«Талаптарды орындамаған немесе заңбұзушылықты қайталаған тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынуы мүмкін. Қала тазалығы мен қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Тұрғындарды белгіленген талаптарды сақтап, қоғамдық тазалыққа жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.» – деді мамандар.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аумақтық мекеме жетекшілері, дербес бөлім басшылары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Мәжілістің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе — тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдар мен жоғары тұрған органдардан жолданған қызметтік хаттардың орындалу барысы болды. Бұл бағыт бойынша аудан әкімі аппаратының жалпы, әкімшілік және мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің бас инспекторы Нұрбол Боранбаев баяндама жасады. Жыл басынан бері аудан бойынша 2269 өтініш тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 385 өтінішке азайған. Аталған нәтиже тұрғындардың мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге, өтініштерді қарау барысында бірқатар жауапты мамандар тарапынан заң талаптарын бұзу фактілері анықталған.
Аудан әкімі Бақыт Асанов бұл мәселеге ерекше тоқталып, заң бұзушылыққа жол берген мекеме басшыларынан ауызша түсініктеме алып, алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеуді тапсырды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе — аудан аумағындағы пайдаланылмай жатқан коммерциялық, өндірістік, ауыл шаруашылығы, жайылымдық және өзге де мақсаттағы жер телімдерінің жай-күйі мен оларды тиімді пайдалану шаралары болды. Бұл бағыт бойынша ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы Өсер Мырзамдамов пен сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ербол Тұрғанбаев баяндама жасады. Жүргізілген түгендеу жұмыстары нәтижесінде жалпы аумағы – 130 гектарды құрайтын 40 игерілмей жатқан жер телімі анықталған.
Жер иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін 13 жер телімінің иесі өз аумағын игеруге кіріскен. Бұл телімдердің жалпы көлемі 40 гектарды құрайды. Сонымен қатар, 59 гектар жер телімі иесінің қайтыс болуына байланысты иесіз мүлік ретінде рәсімдеу жұмыстарына бағытталса, нақты игерілмей жатқан 30 гектар аумақ бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін облыстық жер ресурстары басқармасына хат жолданған. Жиында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғабит Полатов мемлекеттік акт рәсімделуі қажет ішкі көшелер, тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды түгендеу және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар туралы баяндады.
Қазіргі таңда ауданда мемлекеттік акт алуы қажет 323 көшенің 191-іне тиісті құжат рәсімделген. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп, қалған көшелер бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Тұрғын үй кезегіне қатысты мәліметке сәйкес, ауданда 2453 азамат тіркелген. Оның ішінде 2185 азаматтың деректері түгендеуден өткен. Қалған 268 азамат бойынша жұмыстарды аяқтау қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында елді мекендердегі тазалық пен тәртіпті сақтау жұмыстары да қаралып, жыл басынан бері 59 азаматқа ескерту беріліп, 6 азаматқа әкімшілік айыппұл салынған. Қазіргі таңда кенттер мен ауылдық округ әкімдіктеріне арнайы планшеттер беріліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу және бақылау жұмыстары жүргізілуде.
Аппараттық мәжілістің қорытындысында аудан әкімі Бақыт Асанов жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне көтерілген мәселелер бойынша жұмысты күшейтіп, белгіленген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Мақтаарал ауданында жер телімдерін үлестіру жұмыстары – жер ресурстарын тиімді басқару, ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және тұрғындардың заңды жерге деген сұранысын қамтамасыз ету бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі болып табылады. Жер – елдің экономикалық әлеуетін қалыптастыратын негізгі ресурстардың бірі.
Сондықтан оны әділ әрі ашық бөлу, мақсатты пайдалануын қамтамасыз ету және заң талаптарын сақтау – жер қатынастары саласындағы басты міндеттердің қатарында. Мақтаарал ауданы ауыл шаруашылығына бейімделген өңір болғандықтан, жер телімдеріне деген сұраныс жоғары. Әсіресе ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану, шаруаларға қолжетімді ету, бос жатқан немесе игерілмей жатқан учаскелерді айналымға енгізу мәселелерінің – маңызы зор. Жерді дұрыс басқару арқылы жаңа өндірістер ашылып, ауыл шаруашылығы көлемі артып, халықтың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасалады. Ауыл шаруашылығына арналған жерлер егін егуге, мал шаруашылығын дамытуға және басқа да аграрлық мақсаттарға пайдаланылса, елді мекендердегі жер учаскелері тұрғын үй салу, әлеуметтік нысандар орналастыру, кәсіпкерлік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін берілуі мүмкін. Мақтаарал ауданында жер қатынастарына қатысты жұмыстарды жүйелеудің негізгі бағыттарының бірі – жер қорын түгендеу және оның нақты жағдайын анықтау. Жер учаскелерінің кадастрлық мәліметтерін өзектендіру, пайдаланылмай жатқан және заң талаптарын бұза отырып игеріліп жатқан жерлерді анықтау -жерді тиімді басқаруға жол ашады.