Архив рубрики: Ақпарат

Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің сардары– Нышанов Нұрбек Садықбекұлы 63 жаста!

Төрт онжылдыққа жуық саналы ғұмырын ел денсаулығын қорғау жолына арнаған Нышанов Нұрбек Садықбекұлы – Түркістан облысындағы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің көшбасшысы ғана емес, нағыз майталман маман, өз ісінің шебері. Бүгінде Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы қызметін абыроймен атқарып жүрген ол, бұл салада іргелі өзгерістер мен оң нәтижелерге қол жеткізген тәжірибелі маман ретінде кеңінен танымал.

Кәсіптік жолдың бастауы
Нұрбек Садықбекұлының еңбек жолы 1986 жылы Ордабасы ауданының Бөген ауылындағы санитариялық-эпидемиологиялық станцияда дәрігер-эпидемиолог қызметінен басталды. Жас маман алғашқы күннен бастап адалдықты, жауапкершілікті ту етіп, қиын да күрделі санитарлық-эпидемиологиялық саланың қыр-сырын терең меңгеруге күш салды.

1988-1992 жылдары Леңгір аудандық СЭС-те еңбек етсе, кейіннен облыстық деңгейдегі аса жауапты қызметтерге көтерілді. Әр кезеңде де өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіріп отырды.

Қиындықпен шыңдалған тәжірибе
2000-жылдардан бастап оның кәсіби жолы шын мәнінде серпінді өзгерістерге толы болды. Ол аса қауіпті жұқпалы аурулар бөлімін басқарды, аудандық санитариялық қадағалау басқармаларын басқарды. Нұрбек Садықбекұлының бастамасымен өңірде түрлі эпидемияларға қарсы іс-шаралар қолға алынып, қоғамдық денсаулық сақтау саласында жүйелі жұмыстар атқарылды.

2019 жылғы Арыс қаласындағы жарылыс кезінде облыстық штаб құрамында болып, жарылыс аймағына алғашқы болып кірген эпидемиологтардың қатарында жүрді. Ауа мен судың радиациялық құрамын зерттеп, қала аумағын санитарлық талаптарға сәйкестендіру жолында тынбай еңбек етті. Арыс қаласын қайта құру құрылыс жұмыстарын жүргізген он мыңнан астам жұмысшылардың сапалы тағаммен қамтамасыз етуге атсалысып тағамнан уланудың алдын алу жұмыстарын да жүргізді.
Пандемиямен күрестегі көшбасшылық
2020 жылы бүкіл әлемді дүр сілкіндірген COVID-19 пандемиясы кезінде Нұрбек Нышановтың рөлі айрықша болды. Түркістан облысының бас санитариялық дәрігері ретінде аймақтың шекараларында бақылау бекеттерін ұйымдастырып, індеттің таралуына қарсы қатаң шаралар қабылдады. Жүйелі әрі уақтылы жүргізілген шаралардың арқасында Түркістан облысы ұзақ уақыт бойы «жасыл аймақ» деңгейінде болды.

Оның басшылығымен 2020 жылы – 46, 2021 жылы – 22, 2022 жылы – 3 санитариялық шектеу туралы қаулы қабылданып, індетпен күресте нақты және нәтижелі шаралар жүргізілді.

Су тасқыны кезінде сыналған төзім
2021 жылдың мамыр айында орын алған Сардоба су қоймасының жарылуы — тағы бір үлкен сын сағаты болды. Мақтаарал ауданының тұрғындары қауіпсіз аймақтарға көшіріліп, эпидемиологиялық ахуалды бақылау міндеті санитарлық қызметтің иығына артылды. Су басқан елді мекендерде мамандар ауыз су мен тұрмыс жағдайын жіті тексеріп, 4 миллион шаршы метрден астам аумаққа дезинфекция жүргізді. Бұл – үлкен ұйымдастырушылық пен кәсібилікті талап еткен күрделі жұмыс еді.
Мемлекеттік марапаттар мен мойындау
Осы жылдар арасында Нұрбек Садықбекұлының ел үшін жасаған еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол:
«Денсаулық сақтау ісінің үздігі»,
«ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі,
«ҚР үздік мемлекеттік қызметшісі» төсбелгісі,
ҚР Президентінің Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталған.

Бұл – тек марапаттар ғана емес, оның халық денсаулығы жолында жасаған еңбегінің шынайы бағасы.

Бүгінгі күн тынысы
Бүгінде оның басшылығындағы департаментте 320-дан астам мемлекеттік қызметкер мен 160 әкімшілік қызметкер қоғамдық денсаулық сақтау, санитариялық талаптардың орындалуын бақылау, тағам өнімдерінің қауіпсіздігін қадағалау секілді күрделі де маңызды жұмыстарды атқарып келеді.

Құрметті Нұрбек Садықбекұлы, сіз — нағыз кәсіби маман, өз саласының ірі тұлғасысыз. Сіздің еңбек жолыңыз жас мамандарға үлгі болары сөзсіз. Қиын кезеңдерде тайсалмай, жауапкершіліктен жалтармай, әрдайым алдыңғы шепте жүріп елге сіңірген еңбегіңіз әрдайым құрметке лайық. Туған күніңіз құтты болсын. Елдің дамуы мен ынтымағы жолында аянбай еңбек ете беріңіз.

Құрметпен, жұртшылық пен байланыс бойынша бас маман Б. Қазбеков

Вирусты гепатит А алдын алу

А вирусты гепатиті-бұл жедел жұқпалы ауру, басқаша айтқанда, бауыр мен өт шығару жүйесінің зақымдануымен жүретін вирусты ауруы. «А» гепатитімен барлық жастағы адамдар ауырады, бірақ көбінесе – балалар мен жасөспірімдер. Байланыс арқылы және тұрмыстық жолмен беріледіАурудың қоздырғышы-пикорнавирустар тұқымдасына жататын А гепатиті вирусы. Ол сыртқы ортада өте тұрақты, +4 ° C температурада бірнеше ай бойы және минус 20 ° C температурада бірнеше жыл бойы сақталады. Вирус бес минуттық қайнатудан кейін ғана өледі.

Аурудың қандай түріне қарамастан, ауру адам инфекция көзі болады: сарғаю немесе сарғаюсыз. Ең үлкен қауіп-инкубация кезеңінің соңында және сарғаю алдындағы кезеңде.
Вирус ағзаға келесі жолдармен енуі мүмкін: сумен – инфекция жұқтырған ауыз суды тұтыну және жұқтырған суға шомылу кезінде мүмкін; тамақпен – салаттар, көкжелек, жемістер және т.б. жеу нәтижесінде; ауру адамдармен тығыз байланыста болған кезде, жұқтырған ыдыс-аяқ, ойыншықтар, тұрмыстық заттар арқылы. Вирустың таралуы, әсіресе жеке гигиенаның өте төмен деңгейінде, қайнар көзімен тығыз байланыста болуы мүмкін. Аурудың инкубациялық кезеңі орта есеппен 2-3 аптаға созылады, максимум 50 күн, ал кем дегенде 7 күн.
Аурудың белгілері: науқаста тәбет нашарлайды, оң жақ қабырға астында ауырсыну, жүрек айну, жиі құсу пайда болады, нәжіс түссізденеді, зәр қараяды, терінің және шырышты қабаттардың сарғаюы пайда болады, бауыр үлкейеді. Кейбір жағдайларда аурудың басталуы тұмауға ұқсайды: дене қызуы көтеріледі, тұмау, жөтел, бүкіл денеде ауырсыну пайда болады. Осы кезеңде науқас басқаларға өте қауіпті, өйткені вирус денеден қарқынды түрде шығарылады.

Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Н. Нышанов

Су көздерінің санитариялық қауіпсіздігі: халық денсаулығының негізгі кепілі

Адам ағзасы 70%-ға жуығы судан тұрады, сондықтан сапалы ауыз судың болуы – өмірдің негізі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер шарындағы әрбір төртінші адам қауіпсіз ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Бұл – миллиондаған адамның денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп-қатер төндіреді.
Су арқылы таралатын аурушаңдық
1. Жұқпалы аурулар:
• Ластанған су көздері ішек инфекцияларының негізгі көзі болып табылады.
• Холера, дизентерия, іш сүзегі, гепатит А, ротавирус инфекциялары – су арқылы жұғатын ең қауіпті аурулардың түрлері.
• Әсіресе балалар мен қарттар арасында асқыну қаупі жоғары.
2. Инфекциялық емес аурулар:
• Өндіріс қалдықтары мен ауыл шаруашылығында қолданылатын тыңайтқыштар жер асты суларына түсіп, нитраттар мен ауыр металдардың мөлшерін арттырады.
• Бұл бауыр мен бүйрек ауруларына, қаназдыққа, тіпті онкологиялық сырқаттарға әкелуі мүмкін.
3. Паразиттік аурулар:
• Қауіпсіздігі тексерілмеген ашық су көздерінде шомылу кезінде лямблиоз, амебиаз, шистосомоз сияқты паразиттік аурулар жұғуы ықтимал.
Санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
Су көздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар атқарылады:
• Зертханалық бақылау: ауыз судың құрамындағы микробиологиялық, химиялық, радиологиялық, паразитологиялық көрсеткіштер тұрақты тексеріледі.
• Дезинфекция: су тазарту станцияларында хлорлау, озондау, ультракүлгін сәулемен өңдеу әдістері қолданылады.
• Қорғау аймақтары: су ұңғымалары мен су қоймаларының айналасында санитариялық-қорғау аймақтары белгіленіп, химиялық, биологиялық ластануды болдырмау.
• Құбыр жүйесінің жағдайы: су құбырлары уақтылы жөнделіп, апатты жағдайлардың алдын алу маңызды және су құбырларын жуу, тазалау, дезинфекциялау.
Тұрғындардың назарына!!!
• Тек зертханалық тексеруден өткен және қауіпсіздігі бақыланатын суды пайдалану.
• Қайнамаған немесе белгісіз, күмәнді көздерден алынған суды ішпеу.
• Құдықтарды санитариялық талапқа сай ұстау (қақпақпен жабу, жан-жағын қоршау).
• Жеке гигиенаны сақтау (қолды жуу, тағамды таза сумен дайындау).

Нұрбек СадықбекұлыТүркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы

Халықтың декреттелген топтарына гигиеналық оқыту жүргізу тәртібі

Гигиеналық оқытуға жататын халықтың декреттелген тобына барлық типтегі білім беру объектілерінің, балаларды сауықтыру ұйымдарындағы және шипажайлар, барлық түрлердегі (үлгідегі) мектепке дейінгі ұйымдардың және балалар үйлерінің, денсаулық сақтау және медициналық-әлеуметтік оңалту объектілерінің, ауыз суды дайындаушы және су құбырының құрылыстары мен желілерінің, тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы (моншалар, хауыздар, бассейндер, спорттық-сауықтыру ұйымдары, шаштараздар, косметологиялық салондар, кір жуатын орындар, химиялық тазарту орындары, қонақүйлер, хостелдер), тамақ өнімдерін өндіру, сақтау, өткізу, кәдеге жарату, тасымалдау кезінде тамақ өнімдерімен жанасатын қызметкерлер жатады. Аталған қызметкерлер жұмысқа тұру кезінде бастапқы және одан әрі жылына бір рет кезеңділікпен гигиеналық оқытудан өтуі тиіс.
Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI ҚРЗ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы Кодексінің 96-бабына сәйкес Халықтың декреттелген топтарын гигиеналық оқытуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органдардың аумықтық бөлімшелерін “Рұқсаттар және хабарламалар туралы” Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабардар ертуге міндетті.
Халықтың декреттелген тобына гигиеналық оқытуды жүргізудің сапасын бақылауды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары:
1) қызметінің басталғаны және тоқтатылғаны туралы хабарламаларды мониторингтеу;
2) гигиеналық оқытуды жүргізу тәртібі мен бағдарламасының сақталуын тексеру;
3) тексерулер, профилактикалық бақылау барысында декреттелген топқа жататын адамдардың білімін тексеру арқылы жүзеге асырады.
Халықтың декреттелген топтарын гигиеналық оқыту қағидалары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы № ҚР ДСМ-195/2020 «Халықтың декреттелген тобындағы адамдарды гигиеналық оқыту қағидаларын бекіту» туралы бұйрығымен айқындалған.
Аталған бұйрыққа сәйкес, халықтың декреттелген топтарына гигиеналық оқытуды жүргізу тәртібі төмендегідей:
Халықтың декреттелген тобының гигиеналық оқыту бойынша қызметті “гигиена және эпидемиология” мамандығы бойынша медициналық білімі бар жеке тұлғалар немесе заңды тұлғалардың өкілдері жүзеге асырады;
Гигиеналық оқыту бағдарламасы білім алушылардың кәсіптеріне байланысты сағат саны 12-ден 18-ге дейін теориялық оқытуды және 2 сағат көлемінде емтиханды қамтиды;
Гигиеналық оқытуды жүргізуге арналған оқу үй-жайлары көп функционалды ғимараттар немесе өзге мақсаттағы ғимараттар құрамындағы жеке үй-жайларда орналастырылады;
Гигиеналық оқытудан өткеннен кейін гигиеналық оқытуды жүргізетін жеке және заңды тұлғалар бекітетін тестілік сұрақтар түрінде емтихан өткізіледі;
Тестілеу нәтижесі дұрыс жауаптар 80%-дан артқан жағдайда оң деп саналады.
Қанағаттанарлықсыз баға алған жағдайда білімін қайта тексеруді бір айдан кешіктірмей белгілейді;
Оң нәтиже болған жағдайда гигиеналық оқытуды жүргізген жеке және заңды тұлғалар емтихан тапсыру туралы мәліметтерді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелеріне ақпарат ұсынуы тиіс.
Гигиеналық оқытуды жүргізу туралы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіне енгізеді.
Гигиеналық оқытуға ақы төлеуді халықтың декреттелген тобының өз бетінше не тараптардың келісімі бойынша жұмыс беруші жүзеге асырады.

 

Нұрбек Садықбекұлы – Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.

САУРАН: «ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚТЫ САҚТАУДАҒЫ ДІННІҢ РӨЛІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖИЫН ӨТТІ.

Ағымдағы жылғы 12 тамыз күні Аумақтық басқармалар үйінде «Этносаралық татулықты сақтаудағы діннің рөлі» тақырыбында аудан имамдарымен жиын өткізілді.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев жүргізіп отырды.
Жиында ауданның бас имамы Е.Полатов, облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалының басшысы А.Раматуллаев, Ардагерлер кеңесі төрағасының м.а. Т.Ақай және имамдар сөз сөйлеп, этносаралық татулықты нығайтудағы діннің рөлі туралы ұсыныстарын айтты.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Кеңесбекұлы қорытындылап, жиынға қатысқан имамдарға алғысын білдіріп, діни тұрақтылықты сақтауда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Бұл басқосу-еліміздегі бейбіт өмір мен ұлттық бірліктің маңыздылығын терең ұғындыруға бағытталды.
Қоғамда рухани тұтастықты сақтауда, жастарды тәрбиелеуде, халқымыздың ынтымағын арттыруда маңызды рөл атқарып келеді.


Этносаралық келісім мен дінаралық татулық — тәуелсіздігіміздің тұғыры, еліміздің даму жолындағы басты құндылықтардың бірі. Осы бағытта баршаңызды бірлік пен өзара сыйластықты сақтауға шақырамыз.
Бейбітшілік пен татулық — бәріміздің ортақ игілігіміз!

Конституция – Заң үстемдігінің негізі

Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің құқықтық және демократиялық дамуының тірегі. Ол адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын жоғары құндылық ретінде белгілеп, мемлекеттік биліктің барлық тармақтары үшін ортақ құқықтық алаң қалыптастырады.
Конституцияның басты қағидаттары:
• Адам және адамның өмірі – ең жоғарғы құндылық;
• Мемлекеттік билік – халықтікі, ол сайлау мен референдум арқылы жүзеге асады;
• Заңның үстемдігі – құқықтық мемлекеттің басты қағидасы;
• Билік тармақтарының тежемелік және тепе-теңдік жүйесі сақталады.
Заң үстемдігі – Қазақстан Республикасының тұрақты дамуы мен әділетті қоғам құрудың алғышарты. Конституция осы бағытта елімізді әрқашан жаңғыртып отыруға мүмкіндік беретін құқықтық негіз болып табылады.
30 жыл ішінде Қазақстан құқықтық реформалар арқылы сот жүйесін, жергілікті өзін-өзі басқаруды және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіріп келеді. Бұл өзгерістердің барлығы Конституциямен үйлесімді түрде жүзеге асып келеді.

Сайрам-Өгем ұлттық паркінің аумағында “Таза Қазақстан” акциясы өткізілді.

Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Түркістан облыстық туризм басқармасы Сайрам-Өгем ұлттық паркінің аумағында “Таза Қазақстан” акциясын өткізді.

Таза Қазақстан экологиялық акциясы аясында тазалық шаралары ұйымдастырылды. Акция барысында 40-қа жуық мекеме қызметкерлері парк аумағын тазалап, қоқыстарды жинау жұмыстарын жүргізді.


Акцияның басты мақсаты – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту мақсатында құрылған қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау.


«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бәріміз бірге табиғатты қорғап, туризмнің дамуына атсалысайық!

Туған күніңмен, ұлы тұлға!

Абай елінде ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған негізгі іс-шаралар легі аталып өтуде. Мерейтойға куә болу үшін еліміздің әр өңірінен қонақтар көптен баруда. Соның ішінде киелі Түркістаннан облыстық мәслихатының өкілі ретінде облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимовта бар.

– Семейде күн сайын түрлі ісшараларға қатысудамыз. Соның бірі, “Адамзаттың Абайы” республикалық айтысы өтті. Облыс әкімі Берік Уәли мырзаның ақ дастарханынан дәм татып, ақын аға бауырлармен, қазақтың марғасқаларымен жүздесіп арқа-жарқа болып қалдық. Түркістан облыстық мәслихатының арнайы құттықтау жедел хатын оқып, облыс басшысына табыс еттім. Тарихи сәтке куә болғандар атынан ризашылық білдіремін. Бұдан өзге, көрме, кітаптардың тұсаукесерлері, республикалық конференциялар өтуде. Осы айтулы шараға Түрістан облысының атынан келіп, хакімнің тойында қызмет ету бұйырғанына шүкір,- деді халық қалаулысы!

Абай шығармалары мен мұралары ұрпаққа өшпес өнеге! Абай ұлы қазақ ақыны, философы, сазгері және ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толды. Оның шығармашылығы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына негіз болды, ал философиялық идеялары халықтың рухани дамуына терең әсер етті. Абай білімге, прогреске және бірлікке деген сүйіспеншілікті насихаттады. Оның «Қара сөздері» сияқты еңбектері бүгінгі күнге дейін өзекті болып, жаңа буындарды шындық пен үйлесімділікке ұмтылуға шабыттандырады.
– Сапар барысында тың дүниелер мен бай мұралар қорын көзбен көрдік. Тарих өшпес мәңгілік. Абай жолы -ізгілік. Еңлік-Кебек кесенесіне, Абай атамыз бен Шәкәрім атамыздың Кесенесіне арнайы кіріп дұға еттім. Бұл сапар бабалар тағылымын дәріптеу. Жидебай төрінде ұлы ақынға құран бағыштадық. Зиялы қауым өкілдерімен Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық,-деді А.Алтайұлы.

Бұдан өзге делегаттар Семейдегі Невазаровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде болды. Ұлтымыздың ұлы ұстазы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы тағы да құтты болсын.

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА СПОРТТЫҚ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Түркістан қаласында заман талабына сай жаңа «A.B.L.» фитнес орталығы ашылды. Қуанышты сәтке облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жұртшылықты құттықтады.


– Түркістан – тек рухани астана ғана емес, сонымен қатар спорт орталығына айналып келе жатқан өңір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірімізде спорт инфрақұрылымының халыққа қолжетімділігін арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, былтыр жалпы құны 73 спорт нысанының құрылысы аяқталса, ал биыл 54 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың қатарында елімізде теңдесі жоқ екі ірі жоба – ипподром мен ескек есу каналы бар. Бұл – спортты дамытуға және ұлт денсаулығын нығайтуға бағытталған мемлекетіміздің берік ұстанымының айқын көрінісі. Біз тек спорттық нысандарды салып қана қоймай, олардың тиімді жұмыс істеуіне және тұрғындар үшін қолжетімді болуына ерекше мән беріп келеміз. Бұл кешен – Түркістан қаласы тұрғындарының денсаулығын нығайтып, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыратын маңызды орынға айналатынына сенімдімін, – деген облыс әкімі қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен жүйелі түрде айналысуға шақырды.

Заманауи талаптарға сай салынған фитнес орталығында спортпен шұғылдануға, саламатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалған. Жаттығу залдары, волейбол және жекпе-жек залы бар. Сонымен бірге бассейн және өзге де дене шынықтыруға қажетті құрылғылармен, бөлмелермен қамтылған.

АБАЙДЫ АЙТЫП ЖҮРЕЙІК!

Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына – 180 жыл толып отыр. Дүбірлі мерейтой еліміздің түкпір-түкірінде кең көлемде тойлануда. Абай Құнанбайұлы – ақын, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің және тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер ретінде қазақ халқының мәдениеті мен тарихында алтын әріптермен жазылған тұлға. Бұл ақынға деген құрмет. Өшпес ізгілік! Абайдың өзі “Осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын” демей ме?! Абайды танымайтын адам жоқ. Шығармаларын оқымаған жан кемде-кем! Оның әр бір өлеңі, шығармасы көпке үлгі. Абайдай болу баршаға арман! Өшпес шығармасы, тарихы бүгін мен ертеңге үлгі. Абайды айтқанда селт етпейтін қазақ жоқ!
Ақынның мерейтойы құтты болсын! Ақынның туындылары мақтанып, марқайып, ұлт сабақтастығына рухани азық болып жалғаса берсін.

Түркістан облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков!