Архив рубрики: Қоғам

“Жарты жыл уақыт берші”. Энергетика министрі уәде берді

Бұған дейін қазақ тілінде сөйлей алмай ұятқа қалған энергетика министрі алты айда тілді меңгеруге уәде берді,-деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап ТАQ.KZ тілшісі

Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев қазақ тілін меңгеру үшін алты ай уақыт беруді сұрады

“Ана тілімді білемін, бірақ тілді білу деңгейімді көтеру керек. Маған жарты жыл беріңіз, мен қазақша барлық сұраққа жауап беремін. Жарты жыл уақыт берші. Сапалы болғанша, мен орысша жауап беремін”, – деп мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Алмасадам Сатқалиев депутаттардың сауалына қазақ тілінде жауап бере алмай, сынға ұшыраған болатын. Қазақша сөйлеуге келгенде іркіліп, әбден қысылған министрге депутат Бақытжан Базарбек мемлекеттік тілде сөйлеуі керектігі жөнінде ескертпе айтқан.

Түркістан облысында есірткі контрабандасы 7-ден 58 фактіге артқан

2023 жылдың 3 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 158 дерек тіркелген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 42 дерекке өскен, – деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы өңір көлемінде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабының кезекті отырысында айтылды. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы А.Әмірбековтің айтуынша Түркістан облысында есірткі контрабандасы 7-ден 58 фактіге артқан. Заңсыз айналым барысында 105 кг 647 гр есірткі тәркіленіпті.  Ал, 2022-2023 жылдарына арналған бірлескен профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, мектеп оқушылары мен студент жастар арасында 22 мыңнан астам қатысқан 44 нашақорлыққа және есірткіге қарсы шара өтізілген.

Айта кетейік, аталған штабқа Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев төрағалық етеді.

 

ДЕПУТАТ УӘДЕСІН ОРЫНДАДЫ

Түркістан облысы Төлеби ауданынан сайланған депутат халыққа берген уәдесін орындады. Ол ауданға қарасты Үңгіртас көшесіне өз қаражаты есебінен арнайы техника жалдап, жолдарды тегістеп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Халық қалаулысы Ерболат Жабаев бұған дейін тұрғындармен кездесуде айтылған ұсыныс-тілектерін назарға алып, нақты іске кіріскен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шакырылымдағы Қазақстан Республикасы Парлам енті Мәжілісінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде сайлау алдындағы уәделер мен бағдарламаларды орындаудың маңыздылығына тоқталған болатын. Сайлау алдындағы бағдарламалар және уәделер ретімен орындалу керек. Сонда азаматтардың билікке және шынайы өзгеріске деген сенімі артады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлының идеясын қолдау, сайлау алды бағдарламада көрсеткен уәделерін орындау мақсатында Төлеби аудандық мәслихат депутаты Ерболат Жабаев аудандағы жол мәселесін ретке келтіруде.
Бүгінде ауыл тұрғындары көптен көрген жол азабынан құтылып, сертіне берік депутатқа алғыстарын жеткізді.

Түркістан облысында Грейг қызғалдақтарын жұлу орын алуда (Видео)

Бұл туралы табиғат жанашыры Ғани Назарбек өзінің фейсбук әлеуметтік желісінде жариялады. Оның айтуынша, аталған видео материалдарды Рабиға Сәрсембиева деген азаматша жолдаған.

 

“Түркістан Облысының Полиция Департаменті Шымкент-Түркістан тас жолы бойы Темірлан ауылы маңында ҚР Қызыл Кітабына енген Грейг қызғалдақтарын жұлу орын алуда. Бұл жағдай қазіргі кезде облыс аумағында жаппай орын алып жатқан болуы мүмкін. Құрметті Мұрат Кабденов мырза табиғи байлығымызды сақтап қалу үшін қызғалдақтардың тығыз шоғырланған аумақтарда арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізсек.” – деп жазба қалдырды Ғани Назарбек. 

“ТҮНГІ ҚАЛАДАҒЫ БАЛАЛАР”

Түркістан облысы Полиция департаментінің нұсқауына сәйкес 27-29 наурыз аралығында Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері “Түнгі қаладағы балалар” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Негізгі мақсат – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, кешкі және түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және үйден тыс жерлерде болған жасөспірімдерді анықтау.
Қазіргі уақытта Кентау қаласының аумағында полицейлер рейдтік іс-шараларды ойын-сауық орындары, саябақтарда жүргізіп, басқа да жастар көп жиналатын орындарға назар аударуда.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта үйден тыс жерде болуына жол бермеуге және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.

Түркістанда ІІІ Республикалық «JAS TALANT» байқауы өтеді

Түркістандағы «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубы ІІІ Республикалық «JAS TALANT» онлайн байқауын өткізеді. Режиссерлік және актерлік қабілеттері бар дарынды жастарды анықтауға арналған бұл байқау мектеп бітіруші оқушылар мен колледж бітіруші студенттердің шығармашылық қабілеттерін арттыруға, өскелең ұрпақты көркем шығармашылық жанрға баулуға және еліміздегі жасөспірімдер туризмін дамытуға бағытталған.

Бұл байқау Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Халықаралық туризм және меймандостық университеті, М.Ауезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеттерімен өзара ынтымақтастық меморандум аясында өткізіледі.
Конкурс жеңімпаздарын анықтау «Өнерлі жас», «Бармақтар», «Өлкетану», «Хареография», «Жас дарын», «Мәдени-тынығу жұмысы», «Бейнелеу өнері», «Сән, интерьер дизайны және өнеркәсіптік дизайн» номинациялары бойынша жүзеге асырылады. Әр номинация бойынша үш жүлделі орын болады. Сайыс жеңімпаздары аталған ЖОО-лардың грантына ие болады.

Байқауға Республика көлеміндегі ережеге сай келетін кез-келген өнерпаз қатыса алады. Олар орта мектептер мен мектеп-лицейлердің 11 сынып оқитын оқушылары немесе бітіруші колледж студенттері болуы қажет. Конкурс қатысушыларының қолөнер туындылары мен бұйымдары «Оқушылар сарайы» ғимаратына табысталады. Байқау материалдары сұраныс кестесімен бірге 2023 жылдың 10 мамырына дейін jastalant2022@gmail.com электрондық почтасына жолдануы қажет.

Мекен-жайы: Түркістан қаласы, 162 квартал, 387 телім. Қосымша ақпарат алу үшін +7 747 937 17 54 (Дощан Асел Бауыржанқызы) нөміріне хабарласуға болады.

Шымкентте олимпиадаға келген оқушылардың жаппай ауыруының себебі айтылды

Шымкентте олимпиадаға келген оқушылардың жаппай ауыруына ішек таяқшасы тобындағы бактериялар себеп болуы мүмкін екендігі айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Тaq.kz сайты

Бұл туралы Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов мәлімдеді. Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүргізген зертханалық зерттеулерге тағам үлгілері, су сынамасы, сүртінді және асхана қызметкерлерінен бактерия тасымалдаушылыққа бактериологиялық зерттеуге анализдер алынған. Зерттеу нәтижелерінде сүртінділерден ішек таяқшасы тобындағы бактериялар табылған. Ал, қалған сынамалар бойынша әлі де жұмыс жүргізіліп жатыр.

“25 наурызда 15 науқас бала сауығып, стационардан шығарылды. Барлығында бактериологиялық зерттеулер нәтижесі – теріс. Оларға “Басқа және анықталмаған гастроэнтерит және инфекциялық колит” қорытынды диагнозы қойылды. Сондай-ақ, 23 наурызда №5 жатақханада тұратын 1 олимпиадаға қатысушы “желшешек” диагнозымен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды, бүгінде сонда ем қабылдап жатыр”, – деді Алдарқұл Ахметов.

Сондай-ақ, СЭҚБ мамандары жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде біршама шаралар қабылданған.

“23 наурыздан бастап №5 жатақханада тұратын олимпиадаға қатысушыларды тамақтандыру №1 қалалық мектеп-гимназиясының асханасына ауыстырылды. Берілген ұсыныстарға сәйкес, оқушылардың қатысуымен өтетін олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімі тоқтатылды. 2023 жылдың 3-8 сәуірінде Шымкент қаласында өткізу жоспарланған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың форматы қайта қаралып, олимпиада аймақтарда өткізілетін болды”, – деді ол.

Балықшының қайығы аударылып, мерт болды

Қызылорда облысында 61 жастағы тұрғынның ағаш қайығы көлде аударылып, қаза болды. Оқиға 24 наурызда Қармақшы ауданында болған. Бұл жөнінде Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Дағдарыс жағдайында басқару басқармасына хабарлама түсті.

“Онда Қуаңдария ауылындағы Жетікөл көлінде балық аулау кезінде ағаш қайығы аударылып, оқиға салдарынан 1962 жылы туған азаматтың суға батып кеткені айтылған. Марқұмның денесін жергілікті тұрғындар өз күшімен судан шығарып алған. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаменті, аудандық полиция бөлімінің мамандары тиісті жұмыстар жасады», – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Айгүл Нұрманова.

Дәрігерлер сәбилердің ағзасынан 100-ден астам бөгде затты алып шыққан

Жамбыл облысында кішкентай балалардың тыныс алу жолдарына бөгде заттардың түсуі жиілеген, деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Былтыр осындай жағдаймен дәрігерге жүгінудің 30 дерегі тіркелсе, биыл небәрі үш ай ішінде 27 адам шағымданған.  Сондай-ақ, былтыр асқорыту жолындағы бөгде заттарды алу процесі 160 рет болса, биыл алғашқы үш айдағы жағдай 50-ден асыпты.

Осыдан бір ай бұрын тараздық дәрігерлер бірнеше ине жұтқан баланы аман алып қалған болатын. Аймақта жыл басынан бері балалардың ағзасынан осындай ірілі-ұсақты 100-ге тарта бөгде зат шығарылыпты. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың ағзасынан алынған заттардың қатарында ілгек, түйме, тиын, кішкентай қыздардың шаш түйрегіштері, перде ілгіш, кілт, майда ойыншықтар, тіпті есту аппараттары бар.

“Бөгде заттар баланың ағзасына ауыз, мұрын, құлақ арқылы түседі. Тыныс алу жолдары арқылы кірген зат мұрын ішінде, кеңірдекте, өкпе тінінде тұрып қалуы мүмкін. Ең қауіпті жер – көмей мен кеңірдек. Тез арада медициналық көмек көрсетілмесе, балаға ауа жетпей 1-2 минут өтпей-ақ, көз жұмуы ықтимал. Мұндай жағдайлар, әсіресе 1-3 жастағы сәбилер арасында жиі кездеседі,” – дейді №2 қалалық балалар ауруханасының дәрігері Ержан Серікбекұлы.

Шымкентте оқушылардың жаппай улануынан кейін жедел штаб құрылды

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова Шымкенттегі жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша республикалық олимпиадада балалардың улану жағдайынан кейін мәлімдеме жасады. Сөзінше, қазір мән-жай белгілі болып, оқиға себебін анықтау үшін жедел штаб құрылған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап ТАQ.KZ тілшісі

Шолпан Қаринова өзінің Facebook парақшасында олимпиаданың өту форматы қайта қаралатынын жазды.

“3-8 сәуір аралығында Шымкентте өтетін қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың форматы қайта қаралады. Ол аймақтарда өтеді”, –  деді ол.

Ол ауырған мектеп оқушыларының олимпиада нәтижелері мәселесі қаралып жатқанын жеткізді және олар үшін әділ және объективті шешім қабылданатынын айтты.

Биыл бұл олимпиадаға барлығы 891 оқушы қатысуда

“Олимпиада барысында 14 балада әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, асқазан-ішек жолдары қызметінің бұзылуы ауруы, ал бір қатысушыда желшешек ауруының белгілері байқалды”, –- деді Білім бірінші вице-министрі.

Вице-министрдің сөзінше, ауруханада жатқан оқушылардың жағдайы тұрақталған.

Олимпиадаға қатысушылардың қалған бөлігі қалалық гимназия мектебінің асханасында тамақпен қамтамасыз етіліп, орналасқан жерлерде санитарлық шаралар ұйымдастырылған.

“Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мән-жайды анықтау және олимпиаданы одан әрі өткізу бойынша кешенді жұмыстарды жалғастыруда. Министрдің тиісті шаралар қабылдау үшін оқиға орнында жедел штаб құрылды. Штаб құрамына министрлік өкілдерінен бөлек, денсаулық сақтау, білім басқармаларының, Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері кірді Жағдай Білім министрінің жеке бақылауында”, – деді Шолпан Каринова.

Еске салсақ, Шымкентте мектеп олимпиадасы кезінде 15 оқушы уланып қалған болатын.