Архив рубрики: Ақпарат

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІ БОЙЫНША ОҢ ӨСІМ КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Біріккен Ұлттар Ұйымының даму құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Сурья Девамен кездесті. Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Түркістан өңірі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, экономика, инфрақұрылым, әлеуметтік сала бойынша оң көрсеткіштерге тоқталды.

– Түркістан өңірі әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуде Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған тұрақты даму мақсаттарына ерекше мән береді. 2026 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша Түркістан облысы халқының саны 2146,7 мың адамды құрады. Оның ішінде қалалықтар – 545,1 мың адам (25,4%), ауыл тұрғындары – 1601,6 мың адам (74,6%). Біз экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттілікті үйлестіруге, халықтың әл-ауқатын арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кешенді саясат жүргізіп келеміз, – деді ол.

Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық өсім 119,4%-ды құрап, республикада 2-орынға ие болды.

Кездесуде экологиялық тұрақтылық мәселелері де кеңінен талқыланды. Өңірде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, жасыл технологияларды енгізу және қоршаған ортаны қорғау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар көші-қон және интеграция мәселелері де ерекше назарда. Облыста азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік үйлесімділікті нығайтуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Жиында гендерлік теңдік мәселесі де сөз болды. Түркістан облысы – демографиялық өсімі жоғары аймақ. Бүгінгі таңда, өңірде 400 мыңнан аса отбасы бар. Көпбалалы батыр аналардың басым бөлігі Түркістан облысында тұрады. Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы 5611 мемлекеттік қызметшінің 1572-сі немесе 28,1%-ы – қыз-келіншектер. Оның ішінде, 233 әйел немесе басшылық лауазымдарды атқарады.

Сондай-ақ өңірде әйелдер қауымы барлық салаларда жемісті еңбектер көрсетуде. Облыс көлемінде шамамен 210258 мың кәсіпкер болса, оның 91 мыңнан астамы – әйелдер. Статистикаға сәйкес, шағын және орта кәсіпкерліктің 43,1%-ында әйел адамдары басшылық жасауда.

Кездесуде азаматтық қоғамды қолдау, отбасы құндылықтарын нығайту және әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған бастамалар да талқыланды.

Жиын соңында Ертай Кенжебекұлы БҰҰ арнайы баяндамашысының тәжірибесі мен сараптамалық көзқарасының өңір үшін маңызды екенін атап өтіп, пікір алмасу Түркістан облысының даму стратегиясын жетілдіруге және халықаралық тәжірибені енгізуге серпін беретінін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тәжірибе алмасуды жалғастыруға ниетті екенін білдірді.

АРДАГЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Бүгін Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері Анартаев Ахмеджан атаны 9 мамыр – Жеңіс күнімен “Ауыл” партиясының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиал төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Қалмұратов Төрегелді Оразалыұлы арнайы құттықтады.

Кездесу барысында майдангерге сый-сияпат табысталып, құрмет көрсетілді. Ел үшін от кешкен ардагердің ерлігі мен өнегелі өмір жолына ризашылық білдіріліп, жылы лебіздер айтылды.

Ахмеджан ата ақ батасын беріп, елге амандық, жұртқа тыныштық тіледі. Ардагерлердің ерлігі – кейінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі. Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

Елді мекеннің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосты.

Бүгін Мақтаарал ауданы, Бірлік ауылдық округіне қарасты Алғабас елді мекенінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай сенбілік ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында ауыл аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, шарбақтар сырланып, айнала шөптерден тазартылды. Бұл игі бастама елді мекеннің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосты.

Аталған сенбілікке “Ауыл” партиясының Мақтаарал ауданы бойынша аумақтық ұйымның төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Бексұлтан Абзал Ермаханұлы, “Бірлік” бастауыш партия ұйымының төрағасы Асқар Елшеев және партия белсенділері белсене қатысып, ортақ іске жұмыла кірісті.

Мұндай шаралар ауыл тұрғындарын бірлікке шақырып, туған жерге деген жанашырлықты арттыруға ықпал етеді.

PGL Astana 2026: әлемнің үздік командалары елордада бас қосады

Астана тағы да әлемдік киберспорттың назарын өзіне аударады. Қалада PGL Astana 2026 халықаралық турнирі өтеді. Counter-Strike 2 бойынша өтетін бұл додаға әлемнің үздік 16 командасы жиналып, миллиондаған аудитория көз тігетін ірі аренаға айналады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Турнир 15-17 мамыр аралығында Barys Arena алаңында өтеді. Оған әлемдік деңгейдегі 16 команда қатысады.

2025 жылы өткен турнир үлкен табысқа жетті: онлайн көру көрсеткіштері рекордтық деңгейге жетіп, халықаралық аудитория тарапынан жоғары қызығушылық болды. Соның нәтижесінде Астана әлемдік киберспорттың жаңа орталықтарының бірі ретінде өз мәртебесін нығайтты. 2026 жылы турнирдің қайта өткізілуі осы жетістіктің логикалық жалғасы болды.

Турнирдің ұйымдастырушысы – PGL Esports SRL, киберспорт жарыстарын өткізетін әлемдегі жетекші операторлардың бірі.

2026 жылы турнирдің жүлде қоры 1,6 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтылды. Бұл оны «Counter-Strike 2» бойынша мейджорлардан (киберспорт турнирлер сериясынан) жоғары жүлде қоры бар жарыстардың біріне айналдырады.

ТҮРКІСТАНДА «ТҮЛЕКТЕРДІҢ АҒАШ ЕГУ» ЭКО-ЧЕЛЛЕНДЖІ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы №33 жалпы білім беретін «Келешек» мектебінің бітіруші түлектері «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджін өткізді. Игі бастама аясында мектеп ауласына көшеттер отырғызылды. Түлектердің бұл бастамасы – жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, мектеппен байланысын нығайтатын тағылымды шаралардың бірі болмақ.

Биыл аталған білім ордасынан 28 дарынды түлек үлкен өмірге жолдама алмақ. Олардың қатарында Хақназар Шеріпхан «Алтын белгі» иегері атанса, Жасұлан Пернехан «Үздік аттестат» иегері. Сонымен қатар, мектеп шәкірттері білім мен спорт саласында да жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтқанда, Арафат Молдағалиев 2025 жылы Беларусь елінде өткен «Даму кубогы» халықаралық турниріне қатысып, ел намысын қорғаған. Ал Расул Досан өз білімінің арқасында Дания елінде ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі байқауларда үздік нәтижелер көрсеткен.

Түркістан қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Turkestan Night Run – 2026» атты алғашқы түнгі жүгіру марафоны өтті.

«Turkestan Night Run – 2026» – тек жүгіру жарысы емес, Ұлы Жібек жолының рухын заманауи форматта жаңғыртқан түнгі фестиваль. Іс-шараның басты ұраны – «Сен жай ғана жүгірмейсің – сен ғасырларға созылған жолдан өтесің». Бұл идея қатысушыларға ежелгі керуен сапарын символикалық түрде сезінуге мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жарысқа қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі.

– Бұл іс-шара тек спорттық жарыс қана емес, бұл – бірлік пен жігердің, салауатты өмір салтын дәріптеудің мерекесі. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ шетелден келген кәсіби атлеттер мен әуесқой спортшылар бас қосуда.
Түркістан төрінде осындай ауқымды іс-шараның өтіп жатқанына қуаныштымыз. Марафон арқылы бұқаралық спорт дамып қана қоймай, қаламыздың туристік және спорттық әлеуеті де кеңінен таныстырылады, – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.

Жарыс кешкі уақытта басталып, қала көшелері ерекше жарықпен, музыкалық сүйемелдеумен және театрландырылған қойылымдармен көмкерілді. Трасса бойында «Оазис», «Уақыт құмдары», «Қасиетті Түркістан» секілді тақырыптық аймақтар құрылып, әрбір қашықтық тарихи сапардың кезеңдерін бейнеледі.

Халықаралық деңгейдегі марафонға жалпы саны 3 мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде 6 елден келген 70 шетелдік спортшы және Қазақстанның әр өңірінен жиналған 800-ге жуық адам бар. Жалпы ауқымды додаға 5 мыңнан аса адам жиналды. Марафонға қатысушылар 5,10 және 21 шақырым қашықтықтарда бақ сынасты.

Кеш барысында көрермендер үшін би сайыстары, викториналар және балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары өтті. Жарыс соңында жеңімпаздар марапатталып, қатысушыларға сыйлықтар табысталды.

«Turkestan Night Run – 2026» – спорт, мәдениет және тарихты тоғыстырған ерекше жоба. Бұл бастама Түркістанды халықаралық деңгейдегі спорттық-туристік орталық ретінде дамытуға бағытталған.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТАҢҒАЖАЙЫП ЖОБА: ХАНТАҒЫДА ЖАҢА ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫ САЛЫНУДА

Түркістан облысында туризмді дамыту бағытында жаңа әрі ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылындағы көркем тау бөктерінде заманауи капсулалық демалыс орындары алғаш рет бой көтеруде.


Қазіргі таңда «Хантау» демалыс аймағының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба туристерге қолайлы жағдай жасап, өңірдің тартымдылығын арттыруға бағытталған. Жалпы құны шамамен 1 млрд теңгені құрайтын бұл бастама аймақтың туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтермек.
Жоспар бойынша демалыс аймағы бір мезетте 200-ден астам келушіні қабылдай алады.

Сонымен қатар, ай сайын 20 мыңға жуық туристке қызмет көрсету көзделуде. Бұл жоба ішкі туризм мен кіру туризмін дамытуға серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді.


Сондай-ақ, инвестор тарапынан инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілуде. Атап айтқанда, су үстінен көпір салынып, 6 шақырымға дейін электр желілері тартылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта осы аумақта кәсіп бастаймын деген азаматтарға қолайлы жағдай жасап, жаңа жобалардың жүзеге асуына негіз болады.

Аталған демалыс аймағы табиғат аясында сапалы демалыс ұсынатын бірегей орынға айналып, өңір туризмінің жаңа орталығы болары сөзсіз.

ЫНТЫМАҚ ТҮБІ-БІРЛІК!

Мен бүгінгі мерекеге орай құттықтауымды мақал-мәтелден бастасам деп отырмын.

Ауыл болса-қауым бол, Ауылы бірдің-ауызы бір демекші, елімізде өмір сүріп жатқан әрбір ұлт, дінімізге, тілімізге, нәсілімізге бөлінбей, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып бірлік пен ынтымақты насихаттап бір аспанның астында ғұмыр кешу әрбіріміз үшін өте үлкен мәртебе деп білемін. Бір үйдің балаларындай бір-бірімізге қамқор, жанашыр болып, ауызбіршілігіміз бір жерден шығып, Отанымыздың ұйытқысы болу неткен керемет сезім десеңізші….
Қазақта балаға ЫНТЫМАҚ-БІРЛІК деген егіздердің есімін беру тектен-тек емес екен ғой шіркін-ай….

БАРШАҢЫЗДЫ АТАУЛЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАЙ ОТЫРЫП, ЫНТЫМАҒЫМЫЗ ЫДЫРАМАЙ, БІРЛІГІМІЗ БЕКЕМ БОЛСЫН ДЕП ТІЛЕЙМІН!! ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!!

Түркістан облыстық мәслихат депутаты, Қалыйма Жантөреева!

80-90 ЖЫЛДАРДАҒЫ ХИТ ӘНДЕР ҰЛТТЫҚ АСПАПТЫҢ СҮЙЕМЕЛДЕУІНДЕ ОРЫНДАЛДЫ

Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының, «Жұбановтар әуені» байқауының жеңімпазы «Сүгір» атындағы қазақ-ұлт аспаптар оркестрінің,Алаш вокалды аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен ескіні еске алған әсерлі кеш өтті.

Кештің ерекше тұсы 80-90 жылдары танымалдығы артқан ретро, хит әуендер шырқалды.


Әйгілі Досмұқасан, ABBA, Modern Talking, Ю. Шатунов сынды отандық және әлемдік танымал әртістер мен топтардың, әлемге танымал кинофильмдердің саундтрегі филармония әншілерінің орындауында көрерменге жол тартты.

Ұлттық аспаптың дәрежесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған концерттік жоба алғаш рет өткен жылдың желтоқсан айында ұсынылған болатын. Өнерсүйер қауымның өтінішімен бұл жылы да жаңа сарында одан әрі шыңдалып,жанданып қайта ұсынылды.

Күнделікті күйбеңнен бір сәт демалып, өткеннің естеліген еске салған әсерлі кеш көрермен қауымның көңілінен шығып, ыстық ықыласына кенелді.

Әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті

Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма екінші сессиясы қарсаңында облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.

Тұрақты комиссия отырысына Алмас Салимов төрағалық етті.

Күн тәртібінде мына мәселелер қаралды:
1. «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2025 жылғы 15 желтоқсандағы № 20/268-VІIІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
2. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 24 тамыздағы № 14/172-VI шешіміне толықтырулар енгізу туралы;
3. Түркістан облысы әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерісті келісу туралы;
4. «Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 12/161-VIII шешіміне өзгерістер енгізу туралы.

Тұрақты комиссия мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, өз пікірлерін айтып, аталған мәселелерді мәслихат сессиясының қарауына ұсынды.