Архив рубрики: Ақпарат

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ ЕСКІ ҚАЛАШЫҚТЫҢ ОРНЫ ТАБЫЛДЫ

Келес ауданындағы Мыңтөбе қорымынан археологтар ежелгі қалашықтың орны тауып, қазіргі таңда зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар табылған дүниелерді құнды жәдігерге балап отыр.
— Келес ауданының аумағынан бірнеше қыш ыдыстар мен садақ жебесі табылды. 1800 жылдан астам тарихы бар киелі нысанда жүргізілген жұмыстар барысында сол дәуірдің мәдениетін анықтауға баса мән беріліп отыр. Бұл қаңлы дәуірі кезіндегі ежелгі діни наным-сенімдер туралы білуге мол мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сол маңнан Күлтөбе қалашығының орнын таптық, — дейді Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ жетекші ғылыми қызметкері, phd докторы Музаффар Гурсой.
Археологтардың айтуынша, Күлтөбе қалашығында алып құрылыс нысаны болған. Себебі қазба барысында кесектен салынған қабырғалар анықталған. Ол жерден шыққан қыш ыдыстар VIII-IX ғасырларға тән. Келес өзенінің Сырдарияға құяр тұсындағы бұл аймақта 600-ден аса қорым мен обалар бар. Сонымен қатар, археологтар қазба жұмыстарын жүргізу барысында ІІ-ІV ғасырға тиесілі жәдігерлерді тапты.
Жобаны іске асыру обалардың құрылымдық ерекшелігін, жерлеу дәстүрін, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын айқындауға мүмкіндік береді. Археологиялық қазба жұмыстары әрі қарай жалғасатын болады. Қалашық және қорым маңынан табылған жәдігерлер арнайы мамандардың зертханалық сараптамасынан өткен соң музей қорына тапсырылмақ.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

45 АУДАН МЕН ОБЛЫСТЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ҚАЛА ӘКІМІ САЙЛАНАДЫ

45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау 5 қарашада өтеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты.
«Биыл аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауы алғаш рет пилоттық режимде өтеді. Заңнамаға сәйкес, пилоттық өңірлердің тізбесін және аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауды өткізу күнін белгілеу жөніндегі өкілеттіктер мәслихаттарға бекітілген. Сонымен 17 облыстың мәслихаттары пилоттық режимде сайлау өткізу үшін 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың тізбесін бекітті. Оның ішінде — 3 қала және 42 аудан. Сондай-ақ сайлау өткізу күнін белгілеп шықты. Мәслихаттар қабылдаған шешімдер негізінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау қараша айының бірінші жексенбісінде, яғни 5 қарашада өтеді», — деді Нұрлан Әбдіров комиссия отырысында.
Оның атап өтуінше, «Сайлау туралы» Конституциялық заңның нормаларына сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауды тиісті аумақтық сайлау комиссиялары мәслихаттың шешімімен белгіленген сайлауды өткізетін күнге дейін кемінде 50 күн бұрын, яғни, 15 қыркүйектен кешіктірмей тағайындауы керек.

Түлкібас: Бес баланың әкесі өз шаруашылығын өркендетіп отыр

Балықты ауылдық округіне қарасты Көкбұлақ ауылының тумасы, бес баланың әкесі Әбдіқадыров Ерлан есімді азамат «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниет білдіріп, 2,5 пайызбен 7 000 000 млн теңге көлемінде несие алған. Алғашында «Балық» шаруашылығына қызығушылық танытып, кейіннен мал шаруашылығына бет бұрған. Ағымдағы жылдың тамыз айында өтінімі мақұлданып қабылданған соң, қаржыны мақсатты пайдалану үшін 12 бас жылқы алып, өз шаруашылығын бастап отыр. Ерлан  Әбдіқадыров мақсаты жылқы санының басын көбейтіп, кәсіп көзіне айналдыру.

 

 

«Бүгінгі таңда, ауыл тұрғындарына жақсы көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысы да ауылдарды өркендету, дамыту, тұрғындарына қолайлы жағдай жасауды үнемі айтып келеді. Бұл «Ауыл аманаты» жобасының берері мол деп білемін. Тек істің көзін таба білу керек, сонда ғана табыс көбейеді. Бастапқыда балық шаруашылығын бастауды ойлағанмын, кейін отбасы, туған-туыспен ақылдасып жылқы, яғни бие асырауды жөн деп санадық. Қазақ халқы қашанда жылқыны серік еткен ғой. Сондықтан бізде осындай шешім қабылдадық. Енді алдағы уақытта жылқы санын көбейтіп, биелерден саумал, қымыз алуға болады. Тағы да басқа жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік алып отырмыз. Мемлекеттің мұндай қолдауына ризашылығымды білдіремін», дейді Көкбұлақ ауылының тұрғыны Ерлан Әбдіқадыров

 

Түлкібас: Мансап орталығының қызметкерлері түсіндірме жұмыстарын жүргізуде

Түлкібас аудандық Мансап орталығының директоры Байбатчаев Ерсұлтан Жаңабайұлы және орталықтың қызметкерлері ауыл тұрғындарымен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі мен жаңа жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты шараларды қабылдап келеді.  Олар халыққа “2021 — 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы “ туралы , “Жастарға арналған 2,5 пайызды несие” және “Атаулы әлеуметтік көмек” бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінге күнге дейін жұмысшы топ Шақпақ, Жабағылы, Кемербастау ауылдық округтері мен Түлкібас кентінде болды. Сонымен қатар Машат, Келтемашат, Майлыкент, Жаскешу, Балықты, Арыс, Ақбиік, Рысқұлов, Тастұмсық, Мичурин ауылдық округтері және Састөбе кентінде де тұрғындарымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

 

 

 

Жиында Мансап орталығының мамандары жалпы «2021-2025  жылдарға  арналған  кәсіпкерлікті  дамыту жөніндегі  ұлттық  жобасы» аясында субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру қалай жүзеге асатынын атап өтті.

Айта кетейік, Ұлттық жоба аясында  жұмыспен қамтудың белсенді шаралары іске асырылады. Бірінші жұмысы және табысы жоқ,  лайықты жұмыс іздеп жүрген адам, жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін өтініш жасаған кезде тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына тікелей немесе  «электрондық үкімет» веб-порталы және  «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталы арқылы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеле алады. Үш жұмыс күні өткеннен кейін жұмыс іздеуші ретінде тіркеуде тұрған адам жұмыссыз мәртебесіне ие болады.  Жұмыссыз мәртебесіне ие болған адамдар мамандықтарына немесе жас мөлшеріне қарай  уақытша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстырылады.

 

 

Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу үшін мемлекеттік және жеке сектордағы мекемелер (ауылдық округ әкімшіліктері, бөлімдер, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер) электронды еңбек биржасы арқылы тапсырыс бере алады.  Берілген тапсырыстарды жергілікті атқарушы орган қарап, оң немесе теріс шешім шығарады.

Жұмыспен қамтудың белсенді шараларының бірі — қоғамдық жұмыс.

Қоғамдық жұмысқа жұмыссыздар 12 айға дейін қатыса алады.  Қоғамдық жұмысқа басым бағыт мамандығы жоқ жұмыссыздар болып табылады.  Қоғамдық жұмысқа жеке секторлар да жұмысшы алуға болады.  Жалақы мөлшері 70 000 теңге.

 Тиісті құжаттар:

  1. Жеке басты куәландыратын құжат көшірмесі;
  2. Еңбек қызметің растайтын құжат көшірмесі;
  3. Бар болса, білімі туралы құжат көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом).

Ал, қысқа мерзімдік курсқа жұмыс берушілдердің тапсырысы негізінде  жұмыссыз адамдар оқытылып, сол мамандықтары бойынша тұрақта жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар. Мемлекет тарапынан жұмыссызға ай сайын   21 787 теңге шәкірт ақы, медасмотрден өтуге 2 АЕК (6900 тг),  жол шығынына (ары-бергі шет жақ ауылдар үшін ) 4 АЕК(13 800тг), алыс елді мекендерден келіп оқитындар үшін жатақхана шығынына ай сайын 10 АЕК (34 500 тг) төленеді.

Тиісті құжаттар:

  1. Жеке басты куәландыратын құжат көшірмесі;
  2. Еңбек қызметің растайтын құжат көшірмесі;
  3. Бар болса, білімі туралы құжат көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом).
  4. Денсаулығы бойынша медициналық анықтамасы.

Әлеуметтік жұмыс орны – халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт негізінде жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшiн олардың жалақысын субсидиялау арқылы жұмыс беруші құратын жұмыс орны. Жалақының субсидияланатын мөлшері 35%-ды құрайды, бірақ 20 АЕК-тен аспайды. Мерзімі 12 айға дейін.

Әлеуметтік жұмыс орындары барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда, сондай-ақ үйде ұйымдастырылады, бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды ұдайы жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін жұмыс берушілер қатысуға жіберіледі.

Тиісті құжаттар:

  1. Жеке басты куәландыратын құжат көшірмесі;
  2. Бар болса еңбек қызметің растайтын құжат көшірмесі;
  3. Бар болса, білімі туралы құжат көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом).

 

 

 

 Жастар практикасы меңгерген мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы, алдыңғы 3 жыл ішінде оқуын аяқтаған және 29 жастан аспаған жұмыссыздарға арналған.

Жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие болады. Жастар практикасының ұзақтығы 12 (он екі) айдан аспайды. Жалақысы 30 АЕК (103500 тг. қолдарына 79811 тг).

Тиісті құжаттар:

  1. Жеке басты куәландыратын құжат көшірмесі;
  2. Бар болса еңбек қызметің растайтын құжат көшірмесі;
  3. Бар болса, білімі туралы құжат көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом).

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы шеңберінде жұмыс берушілерге жіберілетін 29 жасқа дейінгі орта білімі бар жұмыссыз жастар қатыса алады. Мемлекет тарапынан ай сайын жұмысшыға 30 АЕК (103500 тг.қолдарына 79811 тг)  субсидия мақсатында жалақы төленеді. Қатысу мерзімі  бойынша 18 айдан аспайды және қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін келісім шарт бойынша жұмыссызды кемінде 12 (он екі) ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына жұмысқа қабылдауға міндетті.

Тиісті құжаттар:

  1. Жеке басты куәландыратын құжат көшірмесі;
  2. Бар болса еңбек қызметің растайтын құжат көшірмесі;
  3. Бар болса, білімі туралы құжат көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом).

Күміс жас  жобасына 50 жастан асқан зейнет жасына дейінгі жұмыссыз адамдар 3 жыл мерзімге  қатыса алады.Мемлекет тарапынан 1 жылы жалақының 70%-ы 30 АЕК-ке дейін (103500тг), 2 жылы 65%-ы 30 АЕК-ке дейін, 3 жылы 60%-ы 30 АЕК-ке дейін субсидияланады. Жұмыс беруші келісімшарт аяқталғаннан кейін қатысушыны зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа қабылдауы тиіс.

Тиісті құжаттар:

  1. Жеке басты куәландыратын құжат көшірмесі;
  2. Бар болса еңбек қызметің растайтын құжат көшірмесі;
  3. Бар болса, білімі туралы құжат көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом).

 

 

 

Ұрпақтар  келісімшарты  жобасына соңғы 2 жыл ішінде орта және жоғарғы оқу орындарын аяқтаған 29 жасқа дейінгі жастар мамандығына сәйкес қатыса алады. Мерзімі 6 айға дейін, жалақы 30 АЕК (103500тг. қолдарына 79811 тг). Жұмыс беруші 6 ай мерзімге зейнеткерлікке шығатын адамды тәлімгер ретінде тағайындайды.  Тәлімгер зейнеткерлікке шыққан кезде қатысушы тұрақты жұмысқа қабылдануы тиіс.

Тиісті құжаттар:

  1. Жеке басты куәландыратын құжат көшірмесі;
  2. Бар болса еңбек қызметің растайтын құжат көшірмесі;
  3. Бар болса білімі туралы құжат көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом).

«ЕГІСТІК АЛҚАБЫНАН-СӨРЕГЕ»

Түлкібас ауданы орталығында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің ұйымдастыруымен «Егістік алқабынан-сөреге» тәсілімен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Бұл жерде экологиялық тұрғыда таза, өңірде өндірілген көкөністер, консервалар, ет, жеміс-жидектер және сүт өнімдері базар, дүкен бағасынан 10-30 пайыз жеңілдетілген бағада саудаланды.
 
Мысалыға, қызанақ келісі 110 теңгеден, қой еті келісі 2300 теңгеден, жоғары сұрыптағы алмалар келісі 300-400 теңге аралығында, хан балық(фарель) келісі 2800 теңгеден, консервіленген 2 литрлік қызынақ пен қияр 700 теңгеден көпшілікке ұсынылды.
Аталған шараға аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов қатысып, сауда қатарларын аралады.
Жәрмеңкенің мақсаты шаруа қожалықтарының өндірген өнімдерін делдалсыз тұтынушыларға тікелей ұсынуға жағдай жасау, тамақ өнімдерін ауыл тұрғындарына нарықтық бағадан төмен бағада ұсыну.
Мол өнімді тиімді бағада алған аудан тұрғындары шаруалардың еңбегіне дән риза екендіктерін жеткізді.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Түлкібас: Павлодар облысынан жұмысшы топ келді

Павлодар облысынан келген жұмысшы топ Түлкібас ауданынан қоныс аударуға ниетті азаматтармен жиын өткізді.
2023 жылғы 7 қыркүйек күні Түлкібас ауданына Павлодар облысынан келген жұмыспен қамту саласына жауапты басшылары мен әкімдік өкілдері «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында халқы тығыз орналасқан оңтүстік халқын солтүстікке көшіруді насихаттау бағытында аудан тұрғындарымен Састөбе кентінде кездесу өткізді.
Кездесу барысында еңбек күшінің ұтқырлығын арттыру мақсатында, қабылдау өңірі Павлодар облысындағы өңірлік квотаның орындалуы, бос орындар жәрмеңкелерімен таныстыру, еңбек нарығындағы жағдай, жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныс, қоныс аударудағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат ұсынылды.
Насихаттық топ құрамында: «Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің маманы
Омарбаев Марат Нургалиевич; тел: 8-705-571-32-24;
Павлодар қаласы «Мансап орталығы» филиалының директоры
Ұнатулы Аманбек; тел: 8-777-933-95-75;
Баянауыл аудандық «Мансап орталығы» филиалының директоры
Сағынтаев Таңат Кайратулы; тел: 8-777-081-84-55;
Успен ауданы Лозовое ауылдық округінің әкімі
Баймульдинов Болат Қабылдаұлы;
Успен аудандық «Мансап орталығы» филиалының директоры
Қайыргельдинов Серік Мақатайұлы; тел: 8-705-153-05-09;
«Тереңкөл ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің» басшысы
Муханов Азамат Ануарбекұлы; тел: 8-777-461-38-08;
Кездесуге аудан тұрғындары тарапынан көпбалалы отбасы мүшелері, жастар, алқалы билері қатысты.

БАСТЫ МАҚСАТ – КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ

Түркістан қаласының әкімдігі «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ «Қамқорлық жанұя орталығы» КММ мен Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының арасында меморандум түзілген. Екі жақты келісім бойынша қос тарап көпбалалы мұқтаж отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласқан.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев «Қамқорлық жанұя орталығы» КММ-не арнайы барып, кәсіпкерлермен жүздесті. Жанұя орталығының директоры Жібек Әшірхантегі Асылан Сейілбекұлын мекемеде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Кездесу барысында палатының жанынан ашылған әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығымен тығыз жұмыс жүргізу жөнінде сөз болды.

 

«Аз қамтылған, мүгедектігі бар жандарды тәрбиелеп отырған және көпбалалы толық емес отбасылардың мұқтаждықтарын анықтау, кеңес беру, отбасы мүшелерін тұрмыстық депресиядан шығару үшін психологиялық қолдау көрсету, бейімдеу шараларына қатыстыру, оқу курстарын ұйымдастыру, құқықтық кеңес беру, демеушілер есебінен қолдау көрсету бағытында қызмет көрсетудеміз. Бүгінде 240 азаматша оқу курстарын аяқтап, 8-і мемлекеттік грант иегері атанды. Ал 20 ана қаладағы мейрамхана мен сұлулық салондарына жұмысқа орналасты. Аспаздық курсын бітірген 12 анамыз үйден жартылай фабрикат жасап, тігін курсын бітірген 17 ана тойбастар жасап, үйінде табыс тауып отыр»,- деді Жібек Маштайқызы.

 

 

Аталған орталықта тегін оқу курстарына қатысып жүрген азаматшаларға Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының мамандары «Шағын және орта кәсіпті мемлекеттік қолдау шаралары» және кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің, сонымен қатар әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының қызметтері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, «Бастау бизнес» жобасына тіркелуге көмектесіп, мемлекеттік гранттар мен төмен пайыздық жеңілдетілген несиелер алу бойынша тегін консультация берілуде.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТҚА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛАДЫ

Түлкібас ауданы бойынша 11-22 қыркүйек аралығында 400 АЕК көлеміндегі мемлекеттік гранттың III-ші легі бойынша өтінім беру басталады. Бұл туралы Түлкібас  аудандық әкімдігі мен  «Мансап» орталығының әлеуметтік парақшаларында жарияланды.

Өтінімдер қабылдау «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады. Ал, интернет желісі төмен немесе порталға қосылуға мүлдем мүмкіндігі жоқ азаматтар тікелей орталықтың көмегіне жүгіне алады.

Мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет қана ала алады.

Өтінім беру үшін қажет:

Порталда тіркелу;

Грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

Порталда көрсетілген бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу (өз бетінше бизнес-план жарамайды);

Өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, «Мансап» орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім беруге болады.

Төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

Еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;

Қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;

Өңіраралық қоныс аударушылар

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар;

Мүгедектігі бар баланы (18 жасқа дейінгі бала) тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);

Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;

Сонымен қатар, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

 

 

Айта кетейік гранттар мынадай мақсаттарға: қажетті жабдық (инвентарь), еңбек құралдары, технологиялық жабдық, жануарлар, төрт түлік, құс, ағаш көшеті, бұталы өсімдіктер, тұқым, көшет сатып алу, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға қажет орынжайды жалға алуға беріледі.

Гранттар несие төлеу, тұрғын жылжымайтын мүлікті сатып алу және салу, жер учаскелерін сатып алу, акциздік өнімдерді өндіру сынды тұтынушылық мақсаттарға берілмейді.

Негізі, «Бастау Бизнес» жобасы халықты кәсіпке үйретудің үздік үлгісі болып табылады. Яғни, адамның өзі-өзіне жұмыс істеуіне, табысын еселеуге, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаңа бизнестердің қалыптасуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді.

Жалпы, Түлкібас ауданында Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» бойынша 608 азамат жұмысқа орналасып, ал жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант 44 азаматқа берілген. Бұдан бөлек, аудандағы мүгедектігі бар еңбекке қабілетті 283 адамға әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Оның ішінде 8 азамат әлеуметтік жұмыс орнына, 2 азамат жастар практикасына, 2 азамат күміс жас жобасына, 1 азамат алғашқы жұмыс орнына, 45 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа, 190 азамат «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсына жолданса, осындай топтағы 15 азамат жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант алған.

 

 

 

 

Облыстық мәслихат депутаттарының баспасөз мәжілісі жалғасуда

️«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы ғимаратында, партия филиалының ұйымдастыруымен бекітілген кестеге сәйкес барлық деңгейдегі мәслихат депуттарының, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтетін баспасөз мәслихаты жалғасуда.
Кезекті брифингке, Сарыағаш ауданының мәслихат депутаттары Алмас САЛИМОВ, Жәнібек СУЛЕЙМЕНОВ, Уалихан РАХИЕВ және Жомарт АБДИБАЕВ қатысты.

 

Халық қалаулылары БАҚ өкілдерінің алдында 4 айда атқарған жұмыстары туралы баяндады. Жалпы депутаттар бүгінге дейін бекітілген кестеге сәйкес қоғамдық қабылдауларды тұрақты өткізіп, сайлаушылармен кездесу жұмыстарының өткендігін, жол картасы туралы атқарылған жұмыстарына кеңінен тоқталды.

 

Журналистер Сарыағаш ауданы бойынша шешімін таппай отырған күрделі мәселелер мен депутаттың ықпал етуімен атқарылған жұмыстар туралы сұрады. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы бойынша және идеология мәселесі төңірегінде де сөз қозғады. Баспасөз мәжілісі аясында депутаттар, журналистердің толғандырған сұрақтарына жауап беріп, алдағы жұмыс жоспарларымен толыққанды бөлісті.

 

Айта кетейік, алдағы уақытта да барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының баспасөз мәжілісі, кестеге сәйкес жалғасын табатын болады.

Түлкібастық косметолог әжімді операциясыз да кетіруге болатынын айтады

«Бизнес бастау» жобасымен  қайтарымсыз грант алып, өз ісін бастаған Түлкібастық косметолог Ғалия Жайшаева беттегі әжімді операциясыз да кетіруге болатынын айтады. Ол мемлекеттік қолдаудың арқасында шетелден арнайы медицицналық құрал жабдықтар сатып алып, қазір соның көмегімен қыз-келіншектердің беттеріндегі қара дақтар мен безеулерді емдеп келеді. Кәсіпкердің бұл салаға келуі де жәй-жәй емес екен. Бұған дейін Ғалия Жайшеваның өз денсаулығында кінәраттар болып, одан арылу жолын іздеген. Косметолог маман бүгінде денсаулығындағы кінәраттан толық арылыпты. Кәсіпкер, жалпы қыз-келіншектердің  ажарлы, әсем болып жүргені үлкен бақыт екенін айтады.

 

 

«Мен бұған дейін түрлі-түрлі косметологтарға бардым. Алайда емі ешқандай табылған жоқ. Одан кейін өзім, бұл салаға өзім кіріскенді жөн көрдім. Себебі бұл қадам болашақта тек маған ғана емес, өзгеде адамдарға қажет екенін білдім. Сондықтан, нақты шешім қабылдап өз ісіме кірісіп кеттім. Құдайға шүкіршілік етемін, қазір дәл осы бағытта, бұл салада қызмет жасап жүргеніме төрт жылдай уақыт болды. Алғысын білдіретін азаматшалар да арта түсті. Ал, табысым бұрынғыға қарағанда он есеге көбейді десемде болады», дейді косметология орталығының иесі Ғалия Жайшаева.

 

Бүгінде, Түлкібастықтар Ғалияны еркелетіп «сұлу келіншек» деп атайды екен. Өйткені ол қаншама қыз-келіншектің бетіндегі әжімін отасыз кетіріп, қара дақтары мен безеуін емдеп беріпті. Айта кетейік, сұлулық салонында 16 жыл еңбек еткен келіншек бұған дейін өзінің бетіндегі қара дақтарды  қанша емдеткенімен кетіре алмаған айтады. Сосын тәуекелге бел байлап косметология саласына түбегейлі ден қойған. Тиісінше Алматы қаласында білім алып, адамның бет күтімін сақтау және оған қажетті шараларды қолдану бойынша толық зерттеп шыққан.

 

 

Мемлекеттен жаңа жобасы арқылы қайтарымсыз грант жеңіп алған кәсіпкер, сол қаражатқа  шетелден заман талабына сай арнайы жаңа медицицналық құрал сатып алуға мүмкіндігі болғанын айтады. Озық технология беттегі әжімнен бастап қара дақтар мен безеуді емдейді. Әзірге, Түлкібас ауданында бұл құрылғының баламасы жоқ екен.

 

 

Адамның ажары өте нәзік. Сондықтан оған ерекше күтім қажет. Тіпті дұрыс тамақтанбау мен реніштің өзі беттің бұзылуына әкеп соғады, дейді Ғалия Жайшаева.

«Отасыз да әжімді кетіруге болады. Оны арнайы құрылғының көмегімен жүзеге асырамыз. Төрт қабылдаудан кейін нәтижесін көруге болады. Оданда басқа беттегі безеулерден арылуға мүмкіндік береді. Оның көмегімен көптеген кінәраттардан арылуға болады», дейді косметолог.

 

Жаңа құрылғы қара дақтарды айтапғанның өзінде денеге салынған түрлі суреттерді де кетіреді екен. Бетті медицицналық құрылғымен ғана емес,  қарапайым жолмен де әрілеуге болады. Қас-кірпік пен ерін тіпті түтіктерді кетірудің оңай жолы бар, дейді маман.Өзіне келген әрбір қыз-келіншекті мұқият қарап тексеріп, жағдайы ауырлар адамдарды дәрігер кеңесіне жібереді екен. Ал, бетіне әжім түсіп немесе бөртіп кеткен келушілер көп ұзамай, 3-4 қараудан кейін нәтижесін көріп жатыр екен.

 

«Химиялық, механикалық тазартулар да бар. Плазмолифтинг бар. Бетті вакуммен тазалау, микротоки әдісі де бар. Тек жалғыз құрылғымен жұмыс жасау жеткіліксіз. Мен, мемлекеттік грант арқылы өзге де қосымша керекті құрал-жабдықтарды да алдым. Олардың барлығы отасыз бетті тартуға көмектеседі», дейді Ғалия Жайшаева.

 

 

Түлкібас ауданында өткен жылы Ғалия Жайшаева секілді жеке кәсібін бастайымын деген 183 адам қайтарымсыз гран жеңіп алған. Барлығы өз кәсібін дөңгелетіп, дамытып келеді екен. Ал, биыл 90 адамға қаржы бөлінбек. Қазіргі таңда оның 44-і комиссия қорытындысымен грант алып, бизнестерін бастап кеткен. Барлығы жіті бақылауға алынып, кәсіпкерлер әр тоқсан сайын «Enbek.kz» сайтына өз жұмыстары туралы есеп беріп отырады екен.

 

«Барлық ақпарат интернет желісіндегі «Enbek.kz» сайтында жарияланған. Бұл бағытта қайтарымсыз грантқа мүгедек бала асыраушы отбасылар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылған отбасылар, мүгедектігі бар бірақ жұмысқа жарамды жұмыссыз азаматтар, көші-қон бағдарламасымен өзге өңірлерден көшіп келген адамдар, сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар да «Enbek.kz» сайты арқылы  өтініш білдірсе болады», дейді Түлкібас аудандық «Мансап» орталығының директоры Ерсұлтан Байбатчаев.

 

Жуырда жобаның үшінші кезеңіне құжат қабылдау басталады екен. Барлығы онлайн түрінде жүргізіледі. Сондықтан мекемеге келіп кезек күтудің қажеті жоқ. Егер интернеті нашар ауыл тұрғындары немесе сайтқа өтінім беруді білмейтін азаматтар болса, Түлкібас ауданының орталығындағы «Мансап» орталығына келіп тіркелуілеріне  болады. Онда арнайы бұрыш жасақталып, мамандар тегін кеңес береді, дейді орталықтағылар.