Архив рубрики: Жұмыс

Президент тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы нақты қадамдар жасады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында 20-ға жуық жаңа инвестициялық жоба бойынша маңызды келіссөздер өтті. Сапар аясында өңір делегациясы Шаньдун провинциясының Циндао қаласында ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, логистика және туризм бағыттары бойынша Қытайдың жетекші компанияларымен нақты жобаларды талқылап, ірі өндіріс орындарында болды. Сапардың басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге тікелей инвестициялар тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау. Президент атап өткендей, өңірлік дамудың жаңа кезеңі халықаралық серіктестік пен нақты жобалар арқылы жүзеге асуы тиіс. Осы ретте Түркістан облысы бұл бағыттағы белсенділігін нақты қадамдармен көрсетіп отыр.

Делегация сапар барысында әлемдегі ең ірі сыра өндіруші кәсіпорындардың бірі – «TSINGTAO BREWERY CO., LTD.» зауытының жұмысымен танысты. 1903 жылы негізі қаланған бұл компания бүгінде Қытайдың ішкі нарығында көш бастап, өнімін 120-дан астам елге экспорттап отыр. Зауыт тек сыра өндірісімен шектелмей, денсаулыққа пайдалы сусындар өндіру, сондай-ақ «TSINGTAO1903 Bar» сияқты мәдени-көпшілік кеңістіктер құру бағытында да жобаларды іске асыруда. Компанияның технологиялық дамуға бағытталған саясаты мен ішкі нарықпен қатар сыртқы нарыққа бағытталған стратегиялық көзқарасы Түркістан облысының кәсіпкерлері мен инвесторларына жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Қос тарап осы салада өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын қарастырды. Келесі кездесу «Qingdao Sigma Chemical Co., Ltd.» компаниясымен өтті. Аталған кәсіпорын ауыл шаруашылығы тыңайтқыштары мен экологиялық қауіпсіз химиялық өнімдер өндірісінде Қытайдағы көшбасшылардың бірі саналады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл кездесуде өңірде шегірткемен күрес және ауыл шаруашылығын химияландыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Облыста дәріленетін аумақ көлемі жылдан-жылға артып келеді, бұл өз кезегінде жаңа технологиялар мен қауіпсіз өнімдерге деген қажеттілікті арттырады. Осы салада нақты жобаларды бірлесе іске асыруға шақырған облыс басшысы бұл бағыттағы ынтымақтастықты жүйелі зерттеуді тапсырды. Компания, сондай-ақ электр жабдықтары мен құрылыс материалдарын өндірумен айналысады және Қазақстанмен сауда-логистикалық қатынасты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

Жұмыс сапары барысында Түркістан делегациясы «Qingdao International Investment Co., Ltd.» мемлекеттік холдингімен келіссөздер жүргізді. Жарғылық капиталы 1,5 миллиард юань болатын бұл компания Қытайдың стратегиялық инвестициялық жобаларын жүзеге асыруда жетекші рөл атқарады. Холдинг венчурлік қаржыландыру, активтерді басқару және салалық инновациялық жобаларға инвестиция тарту бағытында жұмыс істейді. Қазіргі таңда компания 622,6 миллиард юань көлеміндегі қаржыны басқарып отыр. Қорлар арқылы цифрлық трансформация, жасыл технологиялар және өңдеу өнеркәсібін қолдауға бағытталған бастамалар іске асырылуда. Бұл құрылыммен әріптестік – Түркістан облысы үшін ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылық пен технологиялық даму кепілі болмақ.

Сапар барысында ауыл шаруашылығы бағытындағы бірқатар жаңа жобалар ұсынылды. Атап айтқанда, Дазэшань жүзімі – климаттық ерекшеліктері Түркістан облысына ұқсас Циндао аймағында өсірілетін жоғары сапалы өнім. Қытайлық кәсіпкерлер бұл жүзім түрін Түркістан өңіріне бейімдеу және тәжірибе алмасу бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар көкөністі кептіру және терең өңдеу зауытын салу, жержаңғақ өңдейтін орталық ашу, бизнес-қонақүй мен туристік кешен салу жобалары жан-жақты талқыланды. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық бейінін әртараптандыруға, экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға ұсынылған жобаларды жан-жақты зерделеп, жүзеге асыру жолдарын пысықтауды тапсырды.

Қытай тарапынан Түркістан облысына деген қызығушылық жоғары. Бірлескен жобаларды іске асыруға дайындық пен ашықтық танытқан кәсіпорындар өңірдің әлеуетін жоғары бағалап отыр. Бұл сапар бір ғана экономикалық емес, сонымен қатар технологиялық серіктестік, экспорттық әлеуетті арттыру және өңірдің жаһандық нарықтарға шығуына жол ашу тұрғысынан да аса маңызды болды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізге тікелей инвестиция тарту және жаңа өндірістер ашу арқылы халықтың табысын арттыруды тапсырды. Бұл сапардың негізгі мақсаты – осы міндеттерді нақты жобалармен жүзеге асыру. Түркістан – тек тарихи және рухани орталық қана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі аграрлық, индустриялық және қаржылық серіктестікке ашық. Бүгінгі келіссөздер ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен инвестициялық серіктестік бағытында маңызды нәтижелерге жол ашады деп сенеміз, – деп атап өтті Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Қытай Халық Республикасына жасалған бұл жұмыс сапары Түркістан облысы үшін стратегиялық маңызға ие. Жүздеген миллиард юаньдармен өлшенетін инвестициялық әлеует, технология трансфері мен ауыл шаруашылығын терең өңдеу тәжірибесі – облыстың жаңа даму кезеңіне өтуіне мүмкіндік беретін нақты факторлар.

Қытайдың Шаньдун провинциясындағы Циндао қаласы – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ең ірі өнеркәсіптік, сауда-логистикалық және агроөнеркәсіптік орталықтардың бірі. Бұл қала Қытайдың ашық экономикалық аймақтарының алғашқы легінде дамыған, бүгінде халықаралық бизнес пен технологиялық инновациялардың жаңа хабына айналған. Циндао – 10 миллионнан астам тұрғыны бар мегаполис. Қаланың ішкі жалпы өнімі 2024 жылы 1,6 триллион юаньнан асты (шамамен 220 миллиард АҚШ доллары), бұл оны Қытайдың экономикалық тұрғыдан ең қуатты қалаларының қатарына қосады. Қаланың экономикалық құрылымында өңдеу өнеркәсібі, жоғары технологиялар, логистика және агроөнеркәсіптік кешен шешуші рөл атқарады.

ТУРИЗМ САЛАСЫНДАҒЫ ІРІ ЖОБАЛАР ӨҢІР ӘЛЕУЕТІН АРТЫРАДЫ – 1

Төлеби ауданы – шығыс пен батысты жалғастырған әйгілі Жібек жолының күре тамыр даңғылы өткен жер. Өлкеміздің тұмса табиғаты қаншама ақын өлеңіне, суретшілердің қылқаламына арқау болды. Таулы аймақ тамылжыған табиғатымен ғана тартымды емес, ата тарихымыздың куәсі, елдігіміздің тұмары, өркениетіміздің жәдігер мұраларына өте бай өлке. Сондай-ақ, елді мекенде табылған мәдени ошақтар ашық аспан астындағы мұражайға айналды.

Тарихы шежіреге бай аудан таулы аймақта орналасқандықтан, туризм саласын экономиканың негізгі драйверіне айналдыру бағытында бірқатар жобалар қолға алынуда. Ауданда демалушыларға қызмет көрсететін орындар саны 200 нысанға жуықтайды.

Ауданда жыл бойы туристік қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі тау шаңғы курорты «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» құрылысы жүргізілген. Курорт аумағында бірнеше қонақ үйлер, мейрамханалар, арқан жолы, бассейн және тағы басқа нысандар жоспарланып, жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туризм саласындағы ауқымды жоба жылына 120 000 жуық демалушы қабылдай алады. Жоба айналасында туристерге қызмет көрсететін бірнеше нысандар ашылып, жалпы 2000-нан астам адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Жоба бойынша шаңғы трассасы биіктігі 1880-3155 метр (Шымбұлақ 2260-3163метр), трассасының жалпы ұзындығы – 33,4 шақырым болады.

Бұған дейін Төлеби ауданында құны 1,2 млрд теңгеге 4 туристік нысан ашылды. Аталған салаға көптеп инвестиция тарту үшін және дамыту мақсатында Біркөлік, Ақмешіт, Қасқасу елді мекендеріндегі туристік рекреациялық аймақтарының егжей-тегжейлі даму жоспары әзірленген. 2024–2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 млрд. теңге болатын ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Ауданның туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Ауасы таза, табиғаты керемет, тауы, бұлағы бар ауданның болашағы жарқын болары сөзсіз. 2030 жылдарға дейін туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 млрд. теңге болатын 23 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Жалпы Түркістан облысында туризмді дамытуда жаңа идеялар мен тәсілдер қолданылып жатыр. Өңірде туризм саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған іс-шара жоспары әзірленді. Аталған бағыттағы жұмыстар мен жоспарлар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің басты назарында. Өңір басшысы әр аймақтың туристік мүмкіндігін толық пайдалану маңызды екенін айтып келеді. Аймақ басшысы туризм саласы бойынша бекітілген идикаторлар толық орындалуы тиіс екенін және облыстағы туристік нысандарды ретке келтіруді, туризм саласын дамыту мақсатында нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оны жүзеге асыруды тапсыруда.

Ал, Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, 2029 жылға дейін аймақтағы туристер санын 1 млн. адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделуде. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарланған.

Өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсарту бойынша туризм саласына инвестициялар тартылып, жаңа туристік бағыттар мен қызметтерді іске асыру, Түркістан облысының табиғи, мәдени және тарихи байлықтарын тиімді пайдалану арқылы аймақтың туристік тартымдылығын арттыру жоспарланып отыр. Екіншіден, өңірдің туристік кластерін дамыту көзделуде. Жоспар үш негізгі кластерді қамтиды: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Үшіншіден, облыстың туризм саласында жаңа қызметтердің түрлерін кеңейту міндеті қойылған. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Халықаралық туристік дестинацияларда туристерге ұсынылатын бірыңғай қызмет түрде қарқынды дамыған. Соның ішінде City Pass туристік картасы үлкен сұранысқа ие. Бұл ретте өңірдегі мұражайлар, қонақүйлер, ресторандар, такси қызметтері және туристерге көрсетілетін басқа да қызметтерді біріктіре отырып, жеңілдетілген бағада туристік бағдарламаларды сату арқылы экономикалық табысқа қол жеткізуге болады. Сондықтан Turkistan City Pass электрондық туристік карта жүйесі іске қосылады. Өткен жылы Италияның «Alpin Tour», «Tomiris Travel» компаниялары мен серіктестеріне Түркістан облысының туристік бағдарламалары таныстырылып, Италия нарығында сатылымға шығарылған болатын. 2025 жылы Италия нарығынан 24 топ Түркістан облысына 2 күндік бағдарламамен келеді деп күтіліп отыр. Аймақта туризмді дамыту жұмыстары жалғасын табатын болады. Олардың қатарында Төлеби ауданының мүмкіндіктерін пайдаланып, табиғатты әсем аймақтағы демалыс орындарының санын арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру басты назарда.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУДЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді жаңа экономикалық модельге көшіру міндеттерінің маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Бұған әділ және бәсекеге қабілетті экономикалық жүйе құру, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңарту, бизнесті қолдау және инвестиция тарту кіреді. Бірнеше жыл ішінде Қазақстан біртіндеп өңдеуші өнеркәсібін дамытуға баса назар аударуда. Президент ұлттық экономиканы дамыту үшін өңдеуші өнеркәсіптің маңыздылығын белгіледі. Қуатты индустриялық базаны қалыптастыру және еліміздің өңдеуші саласын үдемелі дамыту бойынша басым міндеттерді айқындап берді. Жоғары өңдеу саласын дамытуға баса назар аудару елдің сыртқы тәуекелге осалдығын азайтуға және экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта әр облыста жаңа жобалар жүзеге асырылып, өңірлердің әлеуметтік – экономикалық өркендеуі оң көрсеткіштерге де қол жеткізуде.

Ал, Түркістан облысында жалпы құны 130,3 млрд теңгені құрайтын 100-ге жуық инвестициялық жоба индустриалды аймақтарда жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу жұмыстары Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Қазіргі таңда жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, облыс экономикасына 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық адам жұмысқа орналасып, облыс қазынасына 2,1 млрд теңге салық түсті.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлының төрағалығымен өткен мәжілісте «Turkistan» индустриалды аймақтарындағы жобалар мен олардың жүзеге асу барысы жан-жақты қаралды. Жиында әкім индустриалды аймақтарды кеңейту мен жаңадан құрылатын өндірістік алаңдарға инфрақұрылым жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

– Индустриалды аймақтар – аймақтың экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі, нәтижелі жүргізуді талап етемін, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Аймақта инфрақұрылым жеткізу жұмыстары басты назарда тұр. Индустриалды аймақтардың тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті электр, су, газ және жол желілерімен қамту мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Сонымен қатар облыс әкімі индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру және заманауи стандарттарға сай келтіру қажеттігін атап өтті. Бұл – өндіріс орындарында жайлы орта қалыптастырып, инвесторларға тартымды жағдай жасауға жол ашады.

Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында, сондай-ақ Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Қазіргі уақытта тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Мақсат – әрбір аудан мен қалада өндірістік алаңдарды қамтамасыз етіп, кәсіпкерлікті дамытатын инфрақұрылым құру.

 

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов мәжіліс барысында сала бойынша атқарылған жұмыстар мен негізгі көрсеткіштерді баяндады. Жобалар аудан, қала әкімдіктері мен салалық басқармалар арасында тығыз үйлесімде жүзеге асырылуда. Индустриалды аймақтарда жүзеге асып жатқан жобалардың көпшілігі құрылыс материалдары өндірісі, дайын металл өнімдері, металлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өндірісі бағыттарына бағытталған. 2024 жылы өңірлік үйлестіру кеңесі 18 инвестициялық жобаны мақұлдап, олар тиісті индустриалды аймақтарға енгізілді.

Айта кетейік, жалпы еліміз бойынша 2025 жылы шамамен 1,5 триллион теңгенің 190 индустриялық жобасын іске қосу көзделіп отыр. Бұл 22,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға және отандық экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Басымдық берілетін салалар — металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және басқа да жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын салалар. Сондай-ақ, жаңа жобаларды жүзеге асыру, өндірісті жергіліктендіруді ынталандыру, экспортқа бағытталған салаларды дамыту басым бағыттардың бірі болмақ. Яғни, өнеркәсіп саласындағы бизнесті ынталандыру үшін мемлекет 800 миллиард теңге бөлуді қарастырды, оның ішіне өнеркәсіп алаңдарын құру жобаларына жеңілдетілген қаржы бөлу де кіреді. Импортты алмастыру бағытында импортқа тәуелділікті төмендету және ішкі қосылған құн тізбегін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Экспортты дамыту үшін сыртқы нарықтарды кеңейту және қазақстандық өндірушілерді шетелде қолдау шаралары да жүргізіліп жатыр.

ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ МАҚТА-ТОҚЫМА КЛАСТЕРІНІҢ ЖАҢА ДӘУІРІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА

Түркістан облысында 2025–2026 жылдары толық циклді мақта-тоқыма кластері құрылады. Қазақстанда теңдесі жоқ инвестициялық жоба аясында 4 мақта өңдеу зауыты мен толыққанды тоқыма кешені іске қосылады. Атап айтқанда, егіс алқабынан бастап иіру өндірісі, мата шығару мен бояу, өңдеу және дайын өнімге дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

30 000 гектардан астам алқапта заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, мақта өсіріледі. Бұл ірі жоба – тоқыма саласындағы тәуелсіздікке, экономикалық тұрақтылық пен технологияда көшбасшылыққа жетелейтін маңызды стратегиялық қадам. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланумен қатар,ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына мол үлес қосады. Экологиялық бағытта да тиімді тәсіл саналады.

«Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ (SPK Turkistan) және «Алтын дала мақта» ЖШС 2024 жылы Отырар ауданында толыққанды тоқыма кешенін салуды қолға алды. Қазіргі таңда жеке шикізат базасын, ұлттық тоқыма өнеркәсібінқалыптастыруда. Жобаның артықшылығы – шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық берілуінде.Салаға қажет технологиялар, оның ішінде тамшылатып суару жүйелері импортқа тәуелді болмай аталған кешенде өндіріледі.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі — 140 миллиард теңгеден асады. 4 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Жобаның өндірістік қуаттылығы:
Мақта өңдеу – жылына 180 000 тонна;
Мата – 45 миллион погон метр;
Үйге арналған тоқыма бұйымдары – 7 миллион дана.

Бастамаға кеңесші ретінде қытайлық «Lihua Spinning Technology Co., Ltd» ЖШС тартылған.Компания тоқыма және тігін өнеркәсібі секторы бойынша нарықта 20 жылдық тәжірибесі бар Қытайдағы ірі кәсіпорын. Әлемге танымал брендтермен тікелей жұмыс істейді. Бүгіндеөндіріс орнының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар тамшылатып суару жүйелері орнатылып, біршама аумаққа мақтаның элиталық сорттарының тұқымы себілді.


Кластерлік тәсіл – барлық өндірістік тізбекті бір алаңда біріктіретін тиімді модель.Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және технологияның бірлігінен туындайтын синергия. Шығындарды азайту, сапаны жақсарту мен жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында екі зауыт салынады.

Түркістан облысы – елімізде мақта өсіретін жалғыз өңір. Аграрлық әлеуетті ілгерілетуге бағытталған мұндай баламасы жоқ жобалар тұтас ел экономикасына әсер етіп, жаңа даму нүктесіне айналдырады.

 

ӘЛЕМДІК КӨШБАСШЫ КОМПАНИЯ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТОҢАЗЫТҚЫШ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ АШТЫ

Түркістан облысы, Сауран ауданындағы Шағын өнеркәсіптік парк аумағында «UBC» халықаралық компаниясының тоңазытқыш шығаратын «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» зауыты іске қосылды. Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «UBC Group» президенті Игорь Гуменный, өндіріс жөніндегі вице-президент Игорь Бурдыленко, коммерция жөніндегі вице-президент Александр Гуменный, «UBC Group» холдингінің зауыттары мен бөлімшелерінің басшылары, шет мемлекеттердің және еліміздің серіктес компанияларының жетекшілері қатысты.

Салтанатты іс-шарада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, зауыттың жұмысына сәттілік тіледі.

– Бүгін біз тек облысымыз үшін ғана емес, бүкіл ел үшін тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Әлемдік деңгейдегі үздік компанияның зауыты Түркістан облысында іске қосылуда. «UBC Group» компаниясының тынымсыз еңбегі мен осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан команданың жұмысының нәтижесінде жаңа өнеркәсіптік тоңазытқыштар зауытын ашып отырмыз. Бұл бастамалар тікелей Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асуда. Мұндай заманауи өндіріс орнын ашу – Түркістан облысы үшін тек маңызды экономикалық қадам ғана емес, сонымен қатар өңірдің инновациялар және заманауи технологияларға дайын екендігінің көрсеткіші. Кәсіпорын жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірімізге қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік бермек. Бұл бастама – шет елдермен ынтымақтастықтың жарқын көрінісі. Біз жаңа жобаларға, жаңа инвесторларға ашықпыз және қолдау көрсетуге дайынбыз. Сіздерді Түркістан облысына инвестиция құюға шақырамын. «UBC Group» басшылығы мен ұжымына осындай маңызды жобаны жүзеге асыру үшін Түркістан облысын таңдап, көрсеткен сенімдері үшін алғыс айтамын. Жаңа зауыт Түркістан облысының жаңа мүмкіндіктер, инновациялар және тұрақты дамуының символына айналсын! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

«UBC Group» басшысы Игорь Гуменный 2023 жылы өндірістік алаңдарын Қазақстанда орналастыру туралы шешім қабылдап, жаңа зауыт салу үшін бірқатар аймақтың арасынан Түркістан облысы таңдалғанын айтып өтті. Көрсетілген жан-жақты қолдау үшін алғысын жеткізіп, тоңазытқыштар өндірісі жобасының сәтті жүзеге асатынына сенім білдірді.

UBC Group – тоңазытқыш жабдықтарын өндіру саласында жұмыс істейтін және сәтті дамып келе жатқан Украинаның ең ірі өнеркәсіптік холдингтерінің бірі. Компанияның тұтынушылары әлемнің түкпір-түкпіріндегі танымал брендтер мен ірі корпорациялар.

Екі ел арасындағы бірлескен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қысқа мерзімде компания барлық қажетті құжаттарды рәсімдеп, зауыттың құрылысын бастады. Жобаға сәйкес, бір шаңырақ астында өндірістік цехтар, қоймалар, әкімшілік және кеңсе ғимараттары орналасатын заманауи кәсіпорын бой көтереді. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі 30 миллион еуроға дейін жетеді.

Жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде зауыт жылына 40 мың дана сауда тоңазытқышын шығаруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде мұнда 350-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Жоба толық іске қосылғанда 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Өндіріс орнының ашылу рәсімінен кейін қонақтарға зауыт аумағына экскурсия ұйымдастырылды. Өндіріс барысы көрсетіліп, жаңа зауытта өндірілген өнімдер таныстырылды.

Айта кетейік, бүгін Түркістанда 100-ден аса отандық және шет мемлекеттердің бизнес өкілдерінің қатысуымен ауқымды бизнес-форум өтті. Халықаралық форумға қатысушылар қатарында Украина, Түркия, Грузия, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан және еліміздің ірі компания иелері мен өкілдері бар. Онда Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, өңірдегі мүмкіндіктер туралы айтылды. Қатысушылар ашық диалог алаңында жаңа идеялар айтып, пікір аламасты.

2018 жылы құрылған Түркістан облысы сауда-экономикалық байланыстарды және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін үлкен әлеуетке ие. Қазіргі уақытта өңірдің инвестициялық қоржынында 2025-2028 жылдарға жоспарланған 110 инвестициялық жоба бар. Бұл жобалар 4,6 миллиард АҚШ долларына дейін инвестиция тартуға және 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өңірде «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және индустриалдық аймақтар сияқты инвестициялық алаңдар бар. Соңғы 6 жылда Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауының арқасында өңірде инвестиция тарту бойынша ауқымды шаралар атқарылды. 2018 жылдан бері облысқа шамамен 9 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестициялар тартылды. Инвестициялар өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға бағытталды.

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСУШЫЛАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында балық шаруашылығына қызыққан кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны болса, оның 82-сі — балық шаруашылығына бекітілген. Саладағы жұмыстармен танысу үшін БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Шарада журналистер әуелі Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында форель балығын өсіретін шаруашылық жұмысымен танысты. «Қанапия Мақсат Нармаханұлы» шаруа қожалығы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6 млн теңге көлемінде қаржы алған. Жоба құны 9,1 млн теңгені құрайтын қожалықта бүгінгі таңда 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, тур аясында аудандағы «Утепов М» мал бордақылау алаңының жұмысы таныстырылды. Ауданға қарасты Бөржар ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалығы жылқы мен ірі қара малын бордақылаумен айналысады. Сонымен қатар, жылына 350 тоннаға дейін ет өндіреді. 2021 жылы жұмысын бастаған қожалықта 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда алаңда 600 бас жылқы және ірі қара мал бордақылауға мүмкіндік жасалған. Жоба құны 500 млн теңгеге бағаланып отыр.
Ауданда жылыжай шаруашылығымен айналысушылар саны да артқан. Мәселен, Шұбарсу ауылдық округінде орналасқан «Ерімбетов А» жылыжай кешені 2017 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қызанақ және қияр өнімдерін өсіретін кәсіпкерлік нысанда бүгінгі таңда 50 адам тұрақты жұмыс тапқан. Жоба құны 500 млн теңгені құрайтын жылыжай кешенінің өндіріс алаңы 4 гектарды құрайды. Онда өсірілген көкөністер еліміздің бірнеше облыс-қалаларына экспортталады.

ТҮРКІСТАН: «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫНА» ОРАЙ «БІР КОЛЛЕДЖ – БІР ӨНІМ» ЖОБАСЫ ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу жөніндегі өңірлік жоспар бекітілді. Өңірлік жоспар 7 бағыт, 64 қадамнан тұрады. Бұл туралы Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова мәлімдеді.

«Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу аясында салалық басқармалар, аудандық және қалалық әкімдіктер мен техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарының бірлескен жұмыстары жүзеге асырылмақ. Жалпы облыста 50 колледж жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі көпсалалы колледждер. Оның ішінде, ауылшаруашылық саласы мамандарын – 10, қызмет көрсету және туризм саласы мамандарын – 3, ал құрылыс саласы бойынша мамандарды – облыстағы 11 колледж даярлайды. Бүгінгі таңда 75 мамандық бойынша 45 студент білім алып жатыр. Сондай-ақ, 30 колледжде жұмысшы мамандар даярланады, студенттер саны 16 100-ді құрайды. 2024-2025 оқу жылында 15 525 мемлекеттік тапсырыс болса, оның ішінде 8 678-і – жұмысшы мамандықтар. Ал, 2025-2026 оқу жылына 15 500 мемлекеттік тапсырыс жоспарланған, оның ішінде жұмысшы мамандықтарының санын 9 500-ге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Биыл «Бір колледж-бір өнім» деп аталатын жобаны енгізе отырып, 5 колледждің базасында цехтар ашып, кіші кәсіпорындарға айналдыру жұмысын жүргізудеміз. Білікті жұмысшы маман дайындаудың жолы – дуалды оқыту жүйесі қолға алынған. Бүгінгі таңда 35 колледжде дуалды оқыту жүйесімен 64 мамандық бойынша 10 353 білім алушы қамтылған»,- деді спикер.

Айгүл Ерғалиқызының сөзінше, биыл «Мамандықтар атласы» даярланады. Сондай-ақ, инвесторлар мен кәсіпорындардың сұранысы негізінде жаңа мамандықтарды ашу бойынша жұмыстар жүргізілмек. Оның ішінде лифт және эскалатор, жылжымайтын мүлікті басқару, ет және ет өнімдерін өндіру, агрохимия, пилотсыз ұшу аппараттары, мақта шитін өңдеу және жіп иіру, вагон жөндеу слесары, жасыл энергетика, гидротехникалық құрылыс мамандықтары бар.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашовтың сөзінше, өңірде еңбекке қабілетті 850 мың адам бар. Оның ішінде, 200 мың адам жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ, бекітілген ұлттық кәсіби классификаторда 1 270 мамандық тобы және 12 185 мамандық пен қызмет түрлері енгізілген.

«2025 жылға «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітіліп, 130 769 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл «Ұлттық жобалар» аясында жүзеге асырылатын 375 жоба шеңберінде 4 074 жұмыс орнын ашу көзделуде. «Еңбек» бағытындағы бос жұмыс орындары бойынша ашылатын 57 221 жұмыс орны мен 32 448 субсидияланған жұмыс орны бойынша да жұмысшы мамандықтарға басымдық беріледі. Сонымен қатар, облыста биыл 125 инвестициялық жоба негізінде 2004 жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінде жаңа жұмыс орындарына жолданатын азаматтарды қысқа мерзімдік кәсіптік оқытудан өткізу үшін жеке инвесторлармен меморандумдар түзіліп жатыр. Бұдан бөлек, 2025 жылы 32 448 адамды уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау жоспарлануда»,- деді спикер.

Айта кетейік, облыста биыл бос жұмыс орындары жәрмеңкелері мен өндіріс орындарында ашық есік күндерін өткізу жоспарланған. Аталған жәрмеңкелерде 350-ге жуық жұмыс берушілерден 1500-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылуда. Бос жұмыс орындарының 57 пайызы жұмысшы мамандықтарға тиесілі.

ТҮРКІСТАНДА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында «Мансап» орталықтарының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шараға пробация қызметі есебінде тұрған азаматтар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғалар мен мүгедектігі бар адамдар қатысты. Жәрмеңкелерде «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Күміс жас» сынды бағдарламалар арқылы бос вакансиялар ұсынылды.

Бұл шара әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуге, олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына және кәсіби бейімделуіне ықпал етуді көздейді. Жұмыс іздеушілер жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, сұхбаттасты. Сондай-ақ, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы толық ақпараттар алды. Нәтижесінде жәрмеңкелерге 529 жұмыс беруші қатысып, 2 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Сондай-ақ, 2318 тұрғын жәрмеңкеге келіп, 1205 адамға тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолдама берілді.

Айта кетейік, жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес, облыста 84 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен 38 рет ашық есік күндерін өткізу жоспарланған. Осы жұмыстардың аясында 14 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген.

Н.КӨШЕРОВ: «АЛДЫМЕН ЖЕРГІЛІКТІ МАМАНДАРДЫ ЖҰМЫСҚА АЛУ КЕРЕК»

Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу жөніндегі өңірлік жоспар бекітілген. Бұл бағытта ауқымды шаралар жүзеге аспақ. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте Президент тапсырмасын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Онда облыс әкімі барлық жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Облыстағы колледждер мен арнаулы білім орталықтарында мемлекеттік тапсырыспен оқытылып жатқан мамандықтарды қажетті жұмысшы мамандықтарына сәйкестендіруді, инвесторларға алдымен жергілікті мамандарды жұмысқа алу бойынша талап қоюды міндеттеді.
Қазақстан Президенті өз Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл шешім жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру, оларды жастар арасында танымал ету және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мақсатында қабылданды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады»,- деп атап көрсеткендей, еңбек адамы бүгінде көпке үлгі болуы тиіс. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы маңызын дәріптеуіміз керек. Жауапты басшыларға колледждер мен арнаулы білім орталықтарында мемлекеттік тапсырыспен оқытылып жатқан мамандықтарды қажетті жұмысшы мамандықтарына сәйкестендіруді тапсырамын. Өңірімізде іске асырылып жатқан жеке инвестиция жобаларына қажетті мамандықтарды айқындап, колледждерге кәсіби маман даярлауға ұсыныс енгізіңіздер. Жұмысшы мамандақтарын белсенді дамыту керек. Инвесторларға ең алдымен жергілікті мамандарды жұмысқа тарту бойынша талап қою қажет. Жұмысшы мамандардың әлеуметтік қорғалуы, жалақы мен еңбек жағдайларын жақсарту, олардың жұмысқа деген ынтасын арттырады. Осыған байланысты еңбек ақыны көтеру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыруды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өңірде еңбекке қабілетті адам саны 800 мыңнан асады. Соның ішінде 200 мыңнан астамы жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Мәжілісте баяндалғандай, бүгінгі таңда облыстағы жұмыс берушілерден 3600-дей жұмысшы мамандықтарға қажеттілік анықталған. Колледждерге бөлінетін мемлекеттік тапсырыс қалыптастыру барысы осы қажеттілікке қарай реттеледі. Яғни, қажетті мамандар еңбек нарығының сұранысына қарай даярланады.
2025 жылға «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітіліп, 130 769 жұмыс орындарын ашу жоспарланды. Оның 57% -ы жұмысшы мамандықтар болмақ. «Ұлттық жобалар» аясында жүзеге асырылатын 375 жоба шеңберінде 4 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады. «Еңбек» бағытындаға бос жұмыс орындары бойынша ашылатын 57 221 жұмыс орындары мен 32 448 субсидияланған жұмыс орындары бойынша да жұмысшы мамандықтарға басымдық беріледі.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде 125 инвестициялық жоба негізінде 2 мыңнан астам жұмыс орындары ашылуы көзделуде. Олардың тең жартысы – жұмысшы мамандар. Сұранысқа сәйкес жаңа жұмыс орындарына жолданатын азаматтарды қысқа мерзімдік кәсіптік оқытудан өткізу жоспарланды. Яғни, жеке инвестор өз базасында кәсіби оқытуды жүргізсе, оқытудың шығындары мемлекет тарапынан өтеліп, әрі қарай, жеке инвесторда тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, мақта өндіру саласын дамытып жатқан шетел инвесторына 1 400 жұмыс орындары ұсынылды.
Бекітілген кестеге сәйкес, Түркістан облысында барлық аудан, қалаларында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Онда 1500-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынуда.

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 100 МЫҢ ТОННА ҚҰС ЕТІН ӨНДЕЙТІН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жалғасуда. Өңір басшысының тапсырмасымен Түлкібас ауданында да жобалар жоспарлануда.
«Қарқын Трейд» ЖШС биылғы жылдың күз айларында Жабағылы ауылының маңынан жылына 100 мың тонна құс етін өндейтін өндірістің құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Бүгін аталған кәсіпкерлер аудан әкімі Асқар Естібаевтың қабылдауында болып, жобаны іске асыру барысын талқылады. Ауданның басты даму жоспарына енген жалпы құны 28 млрд. теңгені құрайтын жоба 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Бұл жерде өндіріс ошағы негізгі төрт бөліктен яғни, құс ұстау орны, жем шығаратын цех, балапан ашатын орын (инкубатор) және қасапханасынан тұрмақ. Кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда 268 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Кәсіпкелермен жобаны егжей-тегжейлі талқылаған аудан басшысы ол жердегі ашылатын жаңа жұмыс орындарының 95 пайызына жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды ескертті. Жауапты мамандармен осы бастан қажетті инфрақұрылыммен (су, электр желісі) қамту жағын пысықтауды тапсырды.
Жоба иелерінің қосымша жер телімін қарастырып беру мәселесін назарға алып, бүгінгі таңда бөлінген 104 гектар жерге құрылыс жұмыстарын бастай беру керектігін атап өтті. Қажеттілігіне қарай қосымша жер телімі қарастырылатындығын жеткізді.
Айта кетейік, өндіріс орны іске қосылған жағдайда ол жерде жұмысқа қабылданған азаматтар сол мекеме тарапынан мамандығына қарай арнайы курстардан өтеді.