Архив рубрики: Қоғам

«Парктер шеруі» экологиялық акциясы басталды

Туған жер табиғатына ұқыпты қарауды насихаттау, экологиялық мәдениетті дамыту және құқықбұзушылықтың алдын-алу мақсатын көздеген жыл сайын дәстүрлі түрде «Парктер шеруі» экологиялық акциясы өткізіліп тұрады. Аталған акция барысында Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында су айдындарын тазалау, тораңғы ағашын, қызғалдақ гүлін, жабайы аңдарды қорғау секілді шаралар өткізіледі. Екі айға созылатын экологиялық акцияның ашылуы Сауран ауданы, Құсшы ата елді мекені «Балауса» балалар сауықтыру лагерінде өтті. Өскелен ұрпаққа экологиялық тәрбие беру мақсатында мектеп оқушыларының сайысы форматында өткізілген додаға саурандық және кентаулық жас экологтар қатысты.

Балалар өз топтарын таныстырып, қоршаған ортаны қорғауға насихаттайтын сахналық көріністермен қазылар алқасының көңілінен шықса, табиғат туралы нақыл сөздер, мақал-мәтелдер айтумен жарысып, күмбірлеген күйлер ойнады. Жарыс барысында жеткіншектер өздері жасаған қолөнер бұйымдарымен көпшілікті таныстырды. Салтанатты іс-шара қатысушыларына табиғи парк әкімшілігі сияпаттар мен алғыс хаттар табыстады. Экоакцияның ашылуына орай Құсшы ата елді мекеніндегі екі мектептің аумағына орманшылар ағаш отырғызып берді.

Құрылғанына 10 жыл толып отырған табиғат қорғау мекемесі елімізне бұқар бұғыларының питомнигімен әйгілі. Парк аумағын басып жатқан торанғы орманы елімізде Сырдария мен Іле өзендері жағалауында ғана кездеседі. Ал Бәйдібек ауданында орналасқан Тұттыбұлақ сарқырамасы соңғы үш жылда парктің ең танымал демалыс орнына айналған. Бұл акция аясында табиғи парк қызметкерлері экологиялық полиция өкілдерімен қызғалдақты жұлудың алын-алу рейдтеріне шықпақ. Қазіргі таңда лалагүлдерді сақтап қалу басты міндеттердің бірі дейді Сырдария-Түркістан МӨТП бас директорының орынбасары Мұрат Айтимбетов.

«Ғалымдардың айтуынша Қазақстан қызғалдақтардың отаны болып табылады. Бұл керемет гүлдер Ұлы Жібек жолы арқылы Түркияға, сосын Голландияға жеткен. Ғылымдар гүл атауын парсы toliban (шығыс халқының бас киімі) сөзінен шыққан деп пайымдайды. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында қызғалдақтың 34-тен астам түрі өссе, оның 18 түрі Қазақстанның Қызыл Кітабына енген. Бұлардың ішінен Грейг, Борщов, Берікқара (Кауфман), Түркістан, Леман, Бузе, т.с.с. танымал. Эндемиктер қатарына Колпаковский, Зинаида, Борщов, Островский, Регель, жалған қосгүлді, Альберт, Кеш қызғалдақ болып есептеледі» – деп түсіндірді М.Айтимбетов.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339 бабында Қызыл кітапқа, сирек, құрып бара жатқан өсімдік жануарларды жою үш мың АЕК (10 350 000 теңге) айыппұл немесе қоғамдық, түзету жұмыстарына тарту, тіпті бостандықтан айыруға әкеледі.

 

Жанар Жапанова: “Мұндай жағдайды теледидардан ғана көретінмін” (видео)

Жапанова Жанар: «Сатып жібердік, үйді босатыңыз, деп шығарып жіберетін»
Қасиетті Рамазан айында Түркістандық бір отбасы баспаналы болды. Күні кеше Оразаның соңғы күні 3 баласы мен 4 немересін бағып отырған жалғыз басты Жанар Жапановаға жаңа үйдің кілті табыс етілді. Мұндай қуанышты әрі сауапты іске Түркістан қаласының Шауғар секторының тұрғындары ұйытқы болды. Қалада ескіден «РМЗ» деп аталып кеткен мөлтек ауданның азаматтары мен бір топ жастары оразада игі іс жасауды жоспарлап, жағдайы төмен отбасы қатарынан сол аумақта тұратын Жанар есімді жерлестеріне ауыл азаматтарының дауысқа салуымен, жер үй салып беруге бел буған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

– Мұндай жағдайды теледидардан ғана көретінмін. Шын мәнінде қамқор ауыл азаматтарының арқасында мүлдем армандамаған баспананың иесі атанамын деп ешуақытта ойыма келмепті. Жолдасым 2 жыл бұрын бақиылық болды. Өзім тойханада еден жуамын. Сол жерден қалған азын-аулақ тамақтар болса уйге бала-шағама әкеліп күн көріп отырмыз ,- деп көзіне жас алды.
Алдымен 10 соттық жер сатып алып, оны екіге бөліп жалпы 12 млн 500 мың теңге қаржы жинаған. Бөлінген 5 соттық жерге жаңа баспана көтеріп, ыдыс-аяқ, үйге қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз еткен.

– Қасиетті айда маған көмек берген жерлестеріме шексіз ризамын. Үй жаңа. Сапалы, өте әдемі! Қажетті заттардың барлығы бар екен. Алладан қайтсын! Жерлесіміз, жақында депутат болып сайланған Самат Рысбековке және Дүкенбай Бақытжан, Ақиқат, Нұрбек, Қазыбек есімді азаматтарға, осы РМЗ тұратын жастардың барлығына рахмет айтамын. Сіздердей азаматтарымыздың арқасында мен сияқты мұқтаж отбасылардың барлығы баспаналы болсын, деп тілеймін деді Жанар.
Айта кетейік, ауызбіршілікі мығым ауылдың азаматтары, қалған 5 соттық жерге баспанаға мұқтаж, жағдайы төмен отбасыға екінші үй салып беруді қолға алуда.

2,5 ПАЙЫЗДЫҚ НЕСИЕНІ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ? (видео)

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталды. Жобаға облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады.Жоба бойынша кооператив басшылар мен мүшелерінен құжат қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Несие кімдерге және қалай беріледі? Басты ережелері мен талаптары қандай? Бұл сұрақтарға «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев жауап берді.

“ГАЗ. АҒЫН СУ. ЖАНАРМАЙ.” ФРАКЦИЯДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция мәжілісінің отырысы өтті. Партия фракциясының мәжілісін облыстық партия филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Үмбеталиев Алтынсары Дүйсенбекұлы ашып, жүргізді. Жиынға облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбіш пен облыстық мәслихатының депутаттары, облыстық прокуратураның өкілі және аудан әкімдері мен бірқатар басқарма басшылары қатысты.

Күн тәртібінде негізгі 4 мәселе: Сарыағаш ауданы, Жібек жолы елді мекенінде орналасқан автоматтандырылған газ тарату станциясын (АГРС) іске қосу мәселесі, 2023 жылға каналдардың, егістіктерді ағын сумен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, 2023 жылға мемлекеттен жеңілдікпен бөлінген жанар-жағармай және минералды тыңайтқыштармен шаруа қожалықтарын қамтамасыз ету және Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы мәселелер қаралды.

«Жібек жолы» Автоматтандырылған Газ Тарату Станциясын (АГРС) іске қосу жұмыстары 2012 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан үлкен проблемалардың бірі. Сондықтан да, халық қалаулылары бұл мәселені облыстық «AMANAT» партиясы фракциясында қарауды жоспарлаған болатын. АГТС құрылысы Сарыағаш ауданы Жібек Жолы ауылының тұрғындарының тұрмыс жағдайы мен тұрмысын жақсартуға бағытталған. Жоба бойынша өткізу каблеттілігі 20,0 мың.м³/сағ болатын АГТС және де жеткізуші газ құбыры құрылысы жүргізілуі қажет. Жиында нысанның газ беруге дайын болмауы себебінен бір қатар елді мекендер толықтай газбен қамтамасыз етілмей отырғандығы сөз болды. Депутаттар бұл мәселені талқыға салып халықтың тиімді әрі қолжетімді бағамен пайдалануына тоқталды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Далиев Сакен Шалабайұлының, «Қазтрансгаз» ААҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Түймебаев Нұржан Бақытжанұлының, «Интергаз Орталық Азия» АҚ Түркістан облыстық филиалы директоры Исмайлов Сакен Сұлтанұлының есептері тыңдалды. Облыстық партия филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Үмбеталиев Алтынсары Дүйсенбекұлы тарапынан бұл мәселе бойынша нақты тапсырмалар беріліп, орындауға жауапты мекемелерге мерзімдері белгіленіп,қаулы қабылданды.

Күн тәртібіндегі мәселенің бірі 2023 жылға каналдардың, егістіктерді ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша “Казсушар” РМК Түркістан облысы бойынша мекеме басшысы Қазбек Бедебаевтың есебі де тыңдалды. Мекеме басшысының баяндамасын тыңдаған отырысқа қатысушылар көкейдегі өз сауалдарын қойды. Олар қаржының дұрыс игерілуі мен жұмыстың жүйелендіру мәселесін алға тартты. Облыстық мәслихаттың депутаттары Жетісай ауданындағы К-28,К-30, Достық магистральдік каналдардағы құрылыс жұмыстарына байланысты нақты шешім қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, Сарыағаш ауданындағы Зах, Ханым, Үлкен Келес, Қазығұрт ауданындағы Үлкен Келес каналдары мен гидранттардың мәселелері, Мақтаарал ауданындағы К-19 каналдың жағдайы қызу талқыланды. Бедебаев Қазбек депутаттарға айтылған проблемалар бойынша жұмыстың жасалатындығын жеткізді. Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар бойынша ортаға өз ойларын салған халық қалаулылары мәселенің заң аясында шешілуін талап етіп, Парламент Мәжілісіне ұсыныс ретінде жолдау қажеттілігін де айтып өтті. Бүгінгі фракция отырысында қаралған барлық мәселелер фракция мүшелері тарапынан бақылауға алынып, фракцияның жергілікті жерлердегі көшпелі жиынында қаралатын болып шешілді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызмет

ЕРЛІК ІСТЕЛМЕСЕ, ЕШКІМ ДЕ ҚАЛАМ ТЕРБЕМЕЙДІ!

Сайрам аудандық Дендросаябақта Ұлы Отан соғысында ерен Ерліктің үлгісін көрсетіп, кеудесін оққа тосып қаза тапқан Претов Ергаш атамыздың топырағы елге жеткізіліп, ауданымыздағы туыстарына табыстау іс-шарасы өтті. Бұл айтулы іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрмахан Дюсебаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының төрағасы Алмас Әбдіқадыров арнайы қатысты. Претов Ергаш Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарамұрт елді-мекенінің тумасы. Ардагердің немересі Абдуғани Претов атасының жерленген жерін көп іздеген. Нәтижесінде Ресей Федерациясы, Новгородский облысы, Парфинский ауданынан тауып, сол жердегі аудан басшысымен бірге, майдангер атамыз жатқан «Бауырластар» мазарына барып тағзым жасап, топырағын туған жеріне алып келді. Елдің қайсар перзенті 1906 жылы дүниеге келіп, сұрапыл соғыс майданына аттанып, ажалмен бетпе-бет арпалысты. 1943 жылы ерлікпен қаза тауып, сол маңда жерленген болатын.


«AMANAT» партиясының«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында өткізілген шарада сөз алған Алтынсары Дүйсенбекұлы сол бір соғыстың салқыны бүкіл елдің жүрегін мұздатып, ананы баладан, баланы әкеден айырып қан жылатқанын көкейге салды. Ештен кеш жақсы,- деп бұл іс-шара өскелең ұрпаққа зор үлгі екенін түсіндірді.
Сондай-ақ маңызы орасан іс-шарада Отан үшін от кешіп, жанын қиған боздақтарға арнап құран бағыштап, осы істі жасаған Абдуғани Претов ағамыздың ісі бүкіл Сайрам ауданы халқына мақтаныш екенін атап өтті.
Өз аяғымен елге жете алмаған ҰОС ардагелерін осылай елге жеткізуіміз үлкен үрдісіке айналды. Былтырғы жылы ҰОС ардагері Жундуров Елемес атамызды Беларус жерінен жеткізсек биылда тағы бір іс шараның куәгері болдық.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Нұрсұлтан мен Сара Назарбаеваның ресми ажырасқаны рас па?

БАҚ беттерінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Алпысқызы өз тегін алғаны туралы ақпарат тарады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап ТАQ.KZ сайты

Shishkin_like Telegram-арнасының мәліметіне сәйкес Сара Алпысқызының  атына “Назарбаева Сара Алпысқызы” жеке кәсіпкерлігі тіркелген. Алайда оның басшысы ретінде Қонақай Сара Алпысқызы көрсетіліпті. Нұрсұлтан Назарбаевпен 1962 жылы отау құрғанға дейін оның тегі “Қонақай” болған екен.

Ресми құжаттарға сүйенсек экс-президенттің жұбайы тегін 2005-2012 жылдар аралығында ауыстыруы мүмкін. Себебі ол 2012 жылдың 4 ақпанында жарияланған “Халық-Life” Халық банктің өмірді сақтандыру бойынша еншілес компаниясы” АҚ-да үлестес тұлғалар тізімінде Қонақай тегімен көрсетіліпті.

Ал 2005 жылдың 19 қыркүйегінде Тимур Құлыбаевтың иелігіндегі “Алмэкс” Холдинг тобы” АҚ-ның үлестес тұлғасы ретінде Сара Алпысқызы “Назарбаева” деген текпен тіркелген.

Әйткенмен Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Назарбаеваның ресми ажырасқаны туралы ақпарат жоқ. Ал “Бөбек” қайырымдылық қорының Instagram-парақшасында деректер 2018 жылдың 15 сәуірінен бері жаңартылмаған, мұнда оның тегі Назарбаева деп көрсетілген.

Еске салайық, бұған дейін Сара Назарбаева енгізген “Өзін-өзі тану” міндетті пәндер тізімінен шығарылған еді.

САЙРАМДАҒЫ “ҚАНДЫ СУ” (видео)

“Түркістан облысы Сайрам ауданы аумағында эпидемиологиялық жағдайға талдау жүргізу қажет. Аудан аумағында көптеген бойнялар бар. Ол жерлерде күнделікті мыңдаған бас мал сойылып жатыр. Ал олардан шыққан қалдықтарды өңдеу, залалсыздандыру орындары жоқ. Қалдықтарды (тері,бас-сирақ,қан,ішкі органдар) рұқсат етілмеген жерлерге тастап жатыр. Ондай орындар күн сайын көбейіп жатыр.Мыңдаған тонна қан жер асты суларына қосылуда, басқа қалдықтар ашық далада сасып жатыр”- дейді табиғат жанашырлары. Видео әлеуметтік желіден алынды
https://www.youtube.com/shorts/bIJb1aq5Nhg
https://www.youtube.com/watch?v=11Aqha8nw1A&t=28s

МӘСЕЛЕ – ШЕШІЛУІМЕН ҚҰНДЫ

`AMANAT` партиясы Ордабасы аудандық филиалында облыстық мәслихат депутатының қатысумен қоғамдық қабылдау өтті. «Өңірдегі өзекті мәселелер — шешілуімен құнды», – деген депутат Дулат Әбіш жергілікті азаматтардың мәселесін тыңдады.
Мәселен қабылдауға келген тұрғын Бибарыс Рыскұлбек, Бөген ауылындағы шаруа қожалықтарының егістік науқанында тиісті деңгейде ағын сумен қамтамасыз етілу мәселесін көтерді.


Ал, Садуардин Исақ ақсақал — Аққойлы, Жусансай, Сарытоғай ауылдарында 2019 жылы құрылысы басталып, сол жылы бітуі тиіс ФАП құрылысының мәселесін айтты. Төрт жылдан бері жырға айналған проблема облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына айтылған.
— «Оңтүстік қыш» ЖШС-нің қызметкері Айбек Бекбаев кәсіпорынға электр қуатын алу бойынша заңды көмек сұрады. Халыфқ қалаулысы аталған мәселе бойынша жергілікті билік пен «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-нен сұрап, тиісті шара көретінін айтты.
-Темірлан ауылының тұрғыны, білім ұясының алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру бойынша ауқымды шаралар ұйымдастыруды сұрады.
-Ерғали Әліпбайұлы Аққойлы ауылындағы тозығы жеткен электр бағаналарын жаңарту бойынша тұрғындар атынан өтініш білдірді.


Қабылдауға келген өзге де азаматтар түрлі әлеуметтік мәселені алға тартты. Ол жағдайды депутат қабылдау барысында нақтылап, инфрақұрылым мен медицина саласы бойынша жауапты мамандарға жолдады.
“AMANAT” саяси партияға арыз-шағыммен келген сегіз азаматтың мәселесі — әлеуметтік көмек, денсаулық, білім саласы, инфрақұрылым, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жайында болды. Облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш айтылған проблемаларды назарға алып, кейбірі бойынша жауапты орындарға хабарласып анықтады. Нәтижесінде қабылдау барысында бірқатар азаматтардың мәселесі оң шешімін тапты.


Сонымен қатар, депутат кездесуде көтерілген мәселелерді толық зерттеп, депутаттық сауал жолдайтынын да жеткізді.

ЖАНАРМАЙ ҚҰЮ БЕКЕТТЕРІНДЕГІ БЕНЗИН БАҒАСЫ

ҚР Энергетика министрі А.Сатқалиевтің «Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес, бүгіннен бастап еліміздегі барлық жанармай құю бекеттерінде сұйық отын бағасы өсті.
Мәселен, Аи-80 маркалы бензин 1 литр үшін – 89 теңге, Аи-92 және Аи-93 маркалы бензин 1 литр үшін – 205 теңге, дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – 1 литр үшін 450 теңге.
Айта кетерлігі, дизель отыны қазақстандықтар жеңілдетілген бағамен сатылады. Отандастарымыз жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде 1 тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде 1 литр үшін –295 теңгеге сатып ала алады. Ал жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде 1 тәулігіне 300 литрге дейін көлемде литріне – 295 теңгеге алады.

«Ауыл аманаты» жобасында қандай мүмкіндіктер бар?

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында партия бағдарламасында көрсетілген «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы туралы отырысы өтті. Аталмыш жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы төрағалық етіп жүргізді. Басқосуға басқарма басшылары мен «Ауыл аманаты» партиялық жобасын жүзеге асыру бойынша мониторингтік топтың мүшелері қатысты. Жобада халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретіні айтылған.


Жиында алғаш болып Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов баяндама жасады.

– Бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы Республикалық бюджеттен бағдарламаға жыл басында 11,0 млрд. теңге, қосымша 8,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Жалпы бөлінген 19 772 410 мың теңге қаржыға 4 000 бірлікке жуық жобаға қолдау көрсетіледі. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде – деді өз баяндамасында Т.Оспанов.

Сонымен қатар, «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мыңбаев Мұхит Мамытұлы жобаның жүзеге асырылу барысына кеңінен тоқталды. Айтуынша, Түркістан облысы халқының саны 2 млн. 115 мың адамды құраса, олардың 75,5 пайызы немесе 1 млн 596 мың адам ауылда тұрады. Олардың ішінде:
– атаулы әлеуметтік көмек алушылар (аз қамтылғандары) 181,3 мың адам;
– аз қамтылған отбасылар саны 30,9 мың отбасы;
– жұмыспен қамтуды қажет ететін адам саны 93,5 мың адамды құрап отыр.
Осы орайда, ауылды жердегі халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтерудің бір жолы – ол қосалқы шаруашылыққа қолдау көрсетіп, дамыту екендігін айтты.

Жиынға қатысушылар «Ауыл-Аманаты» жобасы халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретін жоба екендігін алға тартты. Біршамасы жобаның іске асырылуы кезінде тап болатын проблемаларды да назарға алды. «Ауыл аманаты» партиялық жобасын жүзеге асыру бойынша мониторингтік топтың мүшесі Жандос Әзімбай аталған бағдарламалық жобаның халыққа қолжетімділігі дұрыс болуына бақылау қажет деді. Яғни, төмен пайызбен несие аламын деген азаматтарға мүмкіндік толық жасалу қажеттігін жеткізді. Жиында орта жолдан қосылып халықты алдау мен арбауға салынатын құйтырқы әрекеттерден сақ болу керектігі де айтылды.
Жиынның қорытындысы бойынша «Ауыл аманаты» партиялық жобасының орындалуына талдау жасау үшін ағымдағы жылдың мамыр айында облыстық партия филиалына қайта жиналуға шешім қабылдады