«AMANAT» партиясы Сарыағаш аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыстық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Салимов Алмас Алтайұлы тұрғындардың арыз – өтініштері бойынша қабылдау жүргізді.
Қабылдауға аудандық мәслихаттың депутаты, фракция мүшесі С.Нарбаев қатысты.
Қабылдауға Дербісек, Атамекен елді мекенінің тұрғындары келді. Тұрғындардың негізгі өтініштері жол, бағаналарды ауыстыру, жер, табиғи газ мәселесі жайлы болды.
Барлық мәселе бойынша қабылдау үстінде Алмас Алтайұлы жауапты бөлім басшыларымен хабарласып нақты жауаптарды берді. Сондай-ақ аудан көлемінде атқарылатын жұмыстардың оң шешілуін С.Нарбаевтан ықпал жасауын сұрады.
Қабылдауға келген азаматтар халық қалаулысына алғыстарын білдірді.
Арыс қаласындағы Төлеген Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылында 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында «AMANAT» партиясы Орталық Аппаратының ұйымдастыруымен салтанатты іс-шара өтті.
Тағдырдың сынына мойымай, асқақ арманға қанат қаққан қаршадай балаларға арналған қуанышты шараға «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков және қалалық мәслихат депутаты Ерғазы Медетбеков арнайы қатысып, бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
Мерекелік шарада сөз алған филиал төрағасы баланың қуанғанынан артық әлемде бақыт жоқ екендігін жеткізіп, бүлдіршіндерге ақ тілегін арнады.
Бұдан кейін балалар ауылындағы бүлдіршіндерге демеушілер тарапынан тәтті балмұздақтар тарту етіліп, оларды шексіз қуанышқа бөледі. Балғындардың кіршіксіз көңілдеріне қуаныш сыйлаған шараның жалғасы концерттік бағдарламаға ұласты. Әрмен қарай мерекелік дастархан жайылып, мереке иелеріне тәттілер таратылды. Іс-шараның соңында мекеме ұжымы мен тәрбиеленушілер игі шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Бала – бауыр етіміз. Болашағымыз. Өміріміздің жалғасы. Балдырғандарымыздың риясыз күлкісіне бөлене берейік. Мереке құтты болсын!
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңес Бюросының отырысы өтті. Онда 5 жылға арналған облысты дамытудың Жол картасы талқыланып, бекітілді.
Саяси Кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, «Жастар Рухы» жастар қанаты мен партияластар қатысқан мәжілістe «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты Сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасы бекітілді.
Жалпы Жол картаның 4 бағыты бойынша 136 іс-шара қарастырылған. Жол картасы – бұл сайлауалды бағдарламаның әрбір тармағы бойынша көрсеткіштерді, мерзімін және орындаушылары көрсетілген нақты іс-қимыл жоспары.
Бағдарламада облысты дамытудағы өзекті мәселелердің шешілу жолдары белгіленіп, бірнеше бағытқа топтастырылған. Оны іс жүзінде тиімді іске асыру үшін арнайы Жол картасы әзірленіп, 136 іс-шарадан тұратын құжатта Сайлауалды бағдарламада аталған барлық іс-шаралар мен көрсеткіштер ескерілген және әр жылға бөлінген. Аталған Жол картасы барлық мемлекеттік органдармен келісілген, халықтың талап – тілегі ескерілген.
Жиында Жол картасын іске асыру жөнінде алда бірлесе атқарылатын жұмыстар айқындалып, күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты нақты қаулылар қабылданды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
«AMANAT» партиясы мен Halyk Bank қолға алған «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылықты арттыру жобасы Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауыл округінде өтті.
Аталған шара барысында аудандық пария филиалының төрағасы жобаға қатысушы ауыл тұрғындарына сарапшы Р.Мамытбековты таныстырып, дәл қазіргі уақыттағы қарыздар санын азайтудың қандай жолдары бар екенін, несиелік тәртіп мәселелерін шешу жолдарын сарапшы түсіндіріп беретінін айтып өтті. Шарбұлақта өткен шараға 70 тен аса ауыл тұрғындары қатысты.
Айта кетейік, жобаның негізгі мақсаты – азаматтардың әсіресе, берешегі бар қарыз алушылардың (жеке тұлғалар) қаржылық сауатын арттыру. Оқыту жұмысы жыл соңына дейін жалғасады.
Жобаға қатысушылар, өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды үйренеді. Олар қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын, несиелік қарыздар санын азайтудың қандай жолдары барын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екенін білетін болады.
Қаржы мамандарының дәрісінен бөлек, қосымша оқу процесіне қатысушыларға заңгер көмегі көрсетіледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке-жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша тәжірибелік кеңес береді және бизнес жоспар жасауға көмектер көрсетеді.
Оқуға құжаттар мен өтінімдер жергілікті жерлердегі «AMANAT» партиясы филиалдарының ғимаратында қабылданады.
Парламент мәжілісінің депутаты Болатбек Әлиев Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында 4 пайыздық жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасына қарсы пікір білдірді, деп хабарлайды ТАQ.KZ ақпараттық агенттігі informburo.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, автонесие бағдарламасымен берілетін көліктер отандық, яғни Қазақстанда құрастырылған дегенмен, оның бөлшектерінің бәрі Қытай, Кореядан әкелінеді. Сәйкесінше, ақша сол елдердің экономикасына кетіп жатыр. Ал, халыққа тұтыну кредитін көптеп беру инфляция көрсеткішін арттыра бермек.
«Мұның бәрі – тұтыну кредиті. Көлік телефонмен алғанмен бірдей, екеуі де өнім шығармайды. Оны тек тұтынасыз. Ал тұтыну кредиті инфляцияны күшейте береді. Үкімет тұтыну несиесін беру арқылы инфляциямен күресудің орнына керісінше жасап отыр. Анығында, халық көшеге көлігі болмағандықтан емес, айлығының аздығынан, табысының төмендігінен шығады. Ал біз адамдардың мойнына тағы да кредит салмағын салып жатырмыз. Қазақстан бүгінде суперәлеуметтік мемлекетке айналып отыр», – деді Болатбек Әлиев.
Мәжілісменнің айтуынша несиені керісінше, ауыл шаруашылығы техникаларын алуға бағыттау керек.
«Бізде «халықта ақша жоқ» деген түсінік бар. Онда несиеге автокөлік берсеңіз, оның өтеуін қалай төлейді? Несиені адамдар мемлекеттің қолдауымен банктен алады. Неге сол несиені ауыл шаруашылығы техникасын алуға бермеске? Сонда шаруа жұмыс істеп, өнім шығарып, сатып, ақша табар еді. Тапқан қаржысына автокөлігін өзі-ақ алады ғой. Мемлекет 100 млрд теңгені жеңілдетілген автонесиеге бергенше, техника алуға берсін. Керісінше, техникаға бөлінген 30 млрд теңгені жеңіл автокөлік алу үшін бөлсін. Халық шаруашылықпен айналысып, өнім өндіріп, жағдайын дұрыстап жатса қаржысын бала-шағасына, азық-түлікке, көлікке жұмсайды. Есесіне банкке тәуелді болмайды», – деп түсіндірді ол.
Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінде “Қарызсыз қоғам” атты қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша өткен оқу семинары өз мәресіне жетті. Пилоттық жобаға 70-ке жуық ауыл тұрғындары қатысты. Оқу семинарын сәтті аяқтаған тұрғындарға “AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбеталиев арнайы келіп, сертификат табыс етті.
-“Бүгінде 6,3 миллионға жуық қазақстандықтың банктік несиелері өтелмеген. Сонымен қатар 1,2 миллион қазақстандық микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері, ең бастысы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі – жыл сайын халықтың қарызының өсуін арттырады.
Халықтың қарыз ауыртпалық мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді. Қазіргі уақытта 1 миллионнан астам адам кем дегенде бір несиесін кешіктіріп отыр.
Оқыту курсының негізгі мақсаты – елімізде болашақта ел экономикасын қалыптастыратын халықтың, жас ұрпақтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін құру” — деді филиал төрағасы.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Шорнақ бастауыш партия ұйымының төрағасы Сүлейменов Баймахан Тоймаханұлы курсқа қатысып, өз білімін жетілдірген тұрғындарға алдағы уақытта ұрпаққа үлгі боларлықтай сауатымызды арттырып, қарызсыз қоғамды қалыптастыруды үйрену керектігін айтты.
Бұл семинар қатысушыларға қаржылық сауаттылықты арттыру, өз қаражатын тиімді басқаруды үйрену, қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын және алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екендігін үйретті. Курсқа қатысуға ниет білдіріп келген ауыл тұрғындары айтылған мәселелермен толық танысып, қаражатты қалай жұмсау туралы толыққанды ақпараттарын қаржы сарапшысы Жандос Әзімбайдан алды. Жоба мамыр айында басталып, қараша айына дейін жалғасады. Кез – келген оқуға ниет білдірушінің жобаға қатысуға мүмкіндігі бар. Ол үшін тұрғылықты жерде орналасқан «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласып, тіркелуі қажет.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Қызметтік иттің көмегімен шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдік ұсталды.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Жібек жолы» шекара бақылау бекетінен хабарлама келіп түсті. Онда «Линда» атты қызметтік ит Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына өтіп бара жатқан шетелдік ер адамға белгі бергені көрсетілген.
Содан полицейлер күдік тудырған ер адамға тінту жүргізді. Нәтижесінде шетелдіктің шалбарының қалтасынан есірткіге ұқсас зат табылды. Сараптамада қорытындысы алынған зат «гашиш» екенін растады. Тексеру кезінде ер адам Өзбекстан елінің азаматы екені анықталды.
Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
«Ауыл Аманаты» жобасы халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретін жоба.
Осы мақсатта бүгін, «АMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Ауыл Аманаты» жобасы аясында ашылған ақпараттық қолдау орталығында «Ашық есік» күні өтті.
Аталған шараға «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Айдос Сазанов, «Ырыс» МҚҰ ЖШС-нің Арыс қаласы бойынша аймақтық менеджері Бәкен Сартаев және Ақдала, Дермене ауылдық округ әкімі аппараттарының жауапты мамандары қатысты.
Ашық есік күнінде қалаға қарасты Ақдала және Дермене ауылдық округтерінің тұрғындарына өз ісін ашуға мүмкіндік бере отырып, халықтың табысын ұлғайтуға ықпал ететін «Ауыл Аманаты» жобасы кеңінен таныстырылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«AMANAT» партиясының қалалық филиалы атқарушы органдармен бірлесіп ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізетін болады.
2023 жылы Түркістан облысында жаңа бизнес-идеялар ұсынған 1688 азаматқа грант беру жоспарланса, 594 жасқа 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі. Мемлекеттік қолдаулар халықтың табысын арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының қатысуымен бағдарламалардың аймақта іске асырылу барысын талқылау жиыны өтті. Мәжіліске Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, барлық аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының өкілі, жергілікті әкімдіктердің жанынан құрылған жұмысшы топ мүшелері шақырылды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша басқарма басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, «Еңбек» бағыты бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант берудің бірінші легі 20 ақпан — 3 наурыз аралығында жүргізілген. Үміткерлердің өтінімдері Business.enbek.kz кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай онлайн терезесі арқылы қабылданып келеді.
Алғашқы лекте 385 азаматқа грант қарастыру көзделіп, 5199 адам өз жобаларын аталған платформаға жолдаған. Нәтижесінде 381 қатысушыға грант беріліп, игілігін көруде. Мемлекеттік қолдауға қол жеткізгендердің қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасы мүшелері, мүгедектігі бар азаматтар мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған тұлғалар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін жәрдемақыларды алушы санаттарындағы азаматтар бар.
Осы тұста Әсия Құралқызы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін аудан, қалаларда грант беру жөніндегі комиссия отырыстарының барысы жергілікті Халықты жұмыспен қамту орталықтарының әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетілімі жүргенін айтты. Грант берудің екінші легі 15 мамырда басталып, 26 мамырға дейін өтінімдер қабылданды. 2023 жылдың 22 мамырындағы мәліметке сүйенсек, өңір көлемінде 3862 жоба тіркелген.
Мәжіліс барысында облыс әкімінің орынбасары жастарға арналған жеңілдетілген несие беру шараларын баяулатпай, сапалы әрі жедел орындау керектігін қатаң ескертті.
– Бұл мәселе облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауында. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бағдарламаларды жүргізуге селқос қарамай, басты назарда ұстаңыздар. Халық игілігін көруі тиіс. Жастар арасында бағдарлама жөнінде толық ақпарат жетпейтіні байқалады. Өйткені, басым бөлігі мал шаруашылығы бойынша жобаларын ұсынуда. Дегенмен бізге басқа да кәсіп түрлерін өндіріп, қызмет көрсету саласын дамыту қажет. Жан-жақты ізденулері үшін жастарға бағыт-бағдар мен кеңес беріп көмектесіңіздер. Сенім білдірілген агент ретінде айқындалған «Аграрлық несие корпорациясы» өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруын жеке қадағалауыма аламын. Сондай-ақ грант алған азаматтар жобаларды мақсатына сай пайдалануына талдау жасау керек. Былтыр мұндай жағдайлар орын алып, тосқауыл қоя білдік. 2022 жылы кәсіпкер ретінде тіркелмеген 93 азаматтың қаржысы Заң аясында кері қайтарылды. Осы жұмыстар жалғасын табады, – деді Ермек Кенжеханұлы.
Айта кетейік, Түркістан облысының жастарына 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие үлестіру үшін мемлекеттен 2,9 млрд. теңге бөлінген. Агенттіктің хабарлауынша, бүгінге дейін жалпы 256 жас кеңес алуға келіп, оның 130-ы бизнес-жобасын ұсынған. Комиссия қарауына 105 жастың құжаты өткізіліп, 25-26 мамыр күндеріне жоспарланған комиссия отырысында өз жобаларын қорғайды.
1-маусым «Балаларды қорғау күні» мерекесі қарсаңында «АMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қалалық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен, осал топтағы аз қамтамасыз етілген 30 отбасыға азық-түлік таратты. Қайрымдылық іс шараға Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов бастаған бір топ елағалары, облыстың бас имамы Ержан Сматұлы Түлепов қатысып, әруақтарға арнап құран бағыштап, Түркістан облыстық «АMANAT» партиясының төрағасы А.Үмбеталиев бастаған ұжымға алғыстарын жеткізді.
Шараға қатысқан партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, бүгінгі күні «АMANAT» партиясының бастамасымен біршама әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып отырғандығын айтты.
Бұл жобалардың басты мақсаты – еліміздегі әлеуметтік жағынан, осал топтағы азаматтарға демеу болып, олардың тұрмыстық жағдайын мейілінше жақсартуға көмек беру болып табылады.
Сондықтан да, Облыстағы кәсіпкерлер мен белсенді партия мүшелері бірігіп, облыстағы тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созып келеді.
— Дана халқымыз «Кісіні кейде таршылық сынайды, кейде баршылық сынайды» демекші, өкінішке орай, тағдырдың тәлкегінен әлі де болса, тұрмысы төмен отбасылардың саны азаймауда. Біз бұл бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз, — деді А.Үмбетәлиев.
Сонымен қатар, партия төрағасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов ақсақал бастаған бір топ елағаларына алғысын білдірді.
«AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі