“Өнерлі өлке”: Ұлттық салт-дәстүр дәріптелді

Сарыағаштықтар шараның алғашқы күні Этноауыл аумағында салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністерін көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Қонақтар қазақ халқының өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатқан қолөнер бұйымдарының әсемдігіне, сан алуан өрнегімен адамдарға рухани ләззат сыйлаған дүниелерге тәнті болды. Көз салып байыптап қараған адамға бұйымдардағы түрлі-түсті ою-өрнек, оның орналасуы адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан сонау заманнан келе жатқан қарым-қатынасын, көңіл-күйін, жан дүниесіндегі тылсым күштердің бірлігін аңғаруға болады.

Солардың қатарында тоқу өнері – қазақ халқының ежелден келе жатқан қолөнер саласының бірі. Бұл тамаша өнер қазіргі заманда жалғасын тауып, дамып, көркемдігімен көз тартып, кейінгі ұрпаққа дәріптеліп келеді. Сарыағаш ауданының қолөнер шеберлері де табиғат сұлулығын өнер туындыларына арқау етіп, тоқыма тоқу өнерін көпшілікке насихаттай білді.

 

“Жалпы, тоқу өнері – қазақ халқының ежелден келе жатқан, ең алғаш киімі мен үй жабдығының негізі болған қадірлі өнері деп айтуға болады. Тоқымамен айналысқанда адам жеке басына аса қажет нәрсені жасау үшін тоқымайды: осы тоқу үстіндегі түрлі түсті бояулар әлемінің үйлесімділігін, алуан түрлі сән үлгілерін таңдап, түрлі тоқу әдістерін меңгеруі адамның талғамын, шеберлігін, ой-өрісін жетілдіріп, көркемдікті сезіну қабілетін дамыта түседі. Бүгінгі таңда халқымыздың ежелден желісі үзілмей келе жатқан көне де, ізгі дәстүрі жас ұрпақты ұлттық қолөнерге баулуда ерекше маңызға ие. Шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар күнделікті тіршілікпен қатар, сол заманның ортақ қолөнер мәдениетінің баға жетпес үлгісі екені анық. «Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Нағыз шеберлікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық, білім қажет. Шығармашылық ізденіс үстіндегі халық шеберлері тұрмысқа қажетті қолөнердің алуан түрлерін ойлап табуда. Өз ұрпағының “сегіз қырлы, бір сырлы”өнегелі, өнерлі болып өсуін мақсат еткен халқымыз асыл қасиеттерін ұрпақтан ұрпаққа үйретіп келеді. Сарыағаштықтар да мәдени күндер аясында қазақтың тұрмыс тіршілігін, салт-дәстүр мен мәдениетін, әдет-ғұрып таныстырып, этноауылда ерекше орта қалыптастырды”,- дейді мәдениет майталмандары.

 

Сондай-ақ, бұл күні ұлттық тағам түрлері де таныстырылды. Ежелден-ақ қазақ халқы үшін ақ дастарханнан және дәмнен үлкен нәрсе болмаған. «Ас адамның арқауы» деп есептеген қазақтың ұлттық дастарханында бұрыннан қолданылған тағамдардың негізгі түрлерін еттен, сүттен, қымыздан, сарымайдан, құрттан және мал өнімдерінен әзірлеген. Сондай-ақ осы тамақ түрлерінің емдік қасиеттері де жетерлік. Мәдени күндер аясында ұннан пісірілген ұлттық тағамдардың бірі бауырсақ таратылып, дәнді дақылдардан ашытып жасалған сусын боза да дастарханға қойылды. Сонымен қатар, ет қазақтың бұрыннан келе жатқан ұлттық тағамдарының бірі. Мерейлі шарада еттен жасалатын тағам түрлері де ұсынылды. Жалпы, ұлттық тағамдардың ішінде әсіресе ет өте құнды болып саналады. Өйткені оның құрамынан адам ағзасына қажетті пайдалы заттың барлығын табады. Сол себепті етті баптап сақтау мен дер кезінде дастарханқа қоюдың маңызы зор.

 

«Айта кетейік, қазақ халқы бұрыннан етті көп мерзімге сақтаған. Соғым етін сақтаудың түрлі әдісі бар. Мәселен, кейін жас сорпа дайындау үшін малдың еті, әсіресе қол етін бүтіндей аязға қатырып тастайды. Етті қатырған уақытта ыстық не жылы күйінде салқынға шығармай суық жерде сорықтырып барып, шығарған. Кейін әбден қатқан соң барлығын етханаға жиналып, еттің дәмі кетпес үшін күнге және желге тигізілмей сақталған. Ал, етті сүрлеу деп етті кептіріп алуды айтады. Әдетте еттің сұрпы жағы ғана яғни, қазы-қарта, жал-жая, омыртқа мен төс еттер сүрленген. Ал бас, сирақ, өкпе-бауыр, ішек-қарын сүрленбейтінін айта кетейік. Әсіресе Солтүстік өңірлерде тұратын қазақтар етті сүрлеу мақсатында ыстайды. Ал Оңтүстік аймақтағылар көбінесе батыстағылар етті ыстамайды. Тек тұздап сүрлейді. Сүрленетін еттер негізінен онша қалың қақталмайды және оларды біріне-бірін тигізбей, араларын жел, түтін еркін тиетіндей етіп іліп қояды. Ыстап сүрленген ет толық тобарсыған уақытта арнайы шошалаға іліп, астына түтін салып, есігін жауып тастайды. Етті ыстауға тобылғы, қараған, арша, шырша секілді отынға жағылады. Егер түтін көп сіңіп қалса, ет онша дәмді болмайды. Тек құрым татып кетеді. Бастысы бұған да аздаған шеберлік қажет. Жаз кезінде етті сүрлеу үшін оны алдымен жұқалап қақтайды. Кейін киіз үйдің іргесіне көлеңкелі жерге іліп тастайды. Кейде жас етті тұздайды және отқа бір қайнатып, кептіріп те алады. Сондай-ақ жаздыгүні шыбын-шіркей қонбас үшін етке күнбағыс не мақта майын   жағып қояды және қара бұрыш себеді.

Сонымен қатар жал да ұлттық тағамдардың бірі. Оны жылқының желке майынан әзірлейді. Жаңа сойылған жылқының жалы ұзын етіп тілінеді әрі тұздалады. Кейін оны ыдысқа салып, үстіне ащы тұздық құяды. Және салқындау орында сақтайды. Шамамен бір-екі күн өткен соң ұшы үшкір пышақпен болмаса бізбен теседі және жіп өткізеді. Кейін іліп қояды. Он сағаттай кептіреді. Әсіресе оны түнде салқын жел соғатын орында кептірген жөн. Жалпы жаяны сүрлеп те, ыстап та сақтай береді. Жаяны пісірер алдында алдымен салқын сумен шайып алу қажет. Кейін қазандағы қанжылым суға салып дайындайды. Оны баяу отта пісірген дұрыс. Дайын болғаннан кейін арнайы ыдысқа салып, салқындатады. Салқындаған соң жұқалап турайды және табаққа сәндеп орналастырады. Ал үстіне дөңгелектеп жуа салынады. Негізінен жалды ыстық күйінде жеген дұрыс. Алайда ол тым майлы болғандықтан салқын тағам ретінде беріледі. Ал қадірменді меймандарға жаямен бірге туралып ұсынылса, оны жал-жая деп те атайды», -дейді Сарыағаш ауданының тұрғыны Бейскенкүл Молдабекқызы.

 

Сондай-ақ этноауылда ұлттық тағамдардың ішінде ежелгі және көпшілікке ортақ тағамның бірі құрт жасау әдісі де көрсетілді.«Ағы бардың бағы бар» деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі және құт деп білген. Сүтті соншалық қасиеттеудің басты себебі – ол тіршілік арқауы, одан неше алуан құнарлы тағамдар әзірлеп, дастарқанның молшылығын жасаған. Яғни қымыз, шұбат, айран, қатық, сары май, ірімшік, құрт, сүзбе, қаймақ сияқты ішетін, жейтін, сусындайтын алуан түрлі тағам әзірлеу де қазақтың салтында бар үрдіс. Ал, сүттен жасалған ұлттық тағам  ретінде кеңінен қолданатын тағамының өте көне түрінің бірі ол – құрт.

«Құртты ежелгі замандарда қалыптасып, дамып, бүгінгі күндерге дейін өз қасиетін жоғалтпай, жақсы сақталған ұлттық тағам ретінде пайдаланып келеміз. Халқымыздың бүгінгі күні бізге жеткен құртының түрі көп. Құрт  күнделікті өмірде тағамның бір түрі ретінде, немесе басқа тағамдардың дәмін келтіру үшін  қолданылатын  тағам десек те болады. Құрт – сүттен  жасалған ұлттық тағам. Құрт – сөзінің мағынасы да құрғатылған, кептірілген сүт деген мағынаны береді. Бұл тағам ақуыздарға өте бай, адам денсаулығына өте пайдалы. Құрттың адам денсаулығына өте пайдалы екенін бұрынғы ата-бабаларымыз біліп, құртты үнемі пайдаланған екен. Мал бағуға кеткенде қалталарына құрт салып алған және күнделікті тағамдарға қосып ішкен немесе құртты езіп ішкен, сондықтан ол кісілер көп ауырмаған, дәрі-дәрмек пайдаланбаған. Ертеректе тіс дәрігері де болмаған, ата-бабаларымыздың тістері ауырмаған.  Атап айтқанда, адамның тісінің қалыптасуына құрттың пайдасы зор екен. Егер бала жастайынан құрт жеп өссе оның тісі өткір, қатты,  ауырмайтынына көз жеткіздім.  Құрт, ірімшік жеп, қымыз, айран, сүт ішкен баланың денсаулығы  мықты болады екен. Құртты адам алыс сапарға шыққанда пайдаланса,    қарны  ашпайды, шөлдемейді, ал самолетпен ұшқанда құрт құлақтың бітпеуіне және жүрек айнымауына көп ықпал етеді екен. Сонымен қатар, құрт дәрумендерге бай, адамның ас қорытуында әсері өте жоғары , атап айтсақ кейбір ас қорытуға арналған дәрілерге пара-пар сияқты. Ал қыста құртты езіп ішсең ол тамаша қорек болады , әрі адам суыққа тоңбайды екен..  «Құрт – қыстың қымызы» – дейтіні сондықтан болса керек.»,- дейді сарағаштық ақ жаулықты аналар.

Ұлттық тағамдардан бөлек, бұл күні ұлттық ойындардан сайыстар өтті. Яғни асық ату, қой көтеру және садақ атудан да сайыстар ұйымдастырылды.  Асық ату – ертеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Қазақ халқы мал шаруашылығына бейім болғандықтан қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді.Қазақ баласының есепке жүй­рік­тігі, міне, осындай ойындар­ды ой­наудан қалыптасқан. Асықты еш­кім қолдан жасап жатпайды. Табиғи нәрсе. Оның жақсы сал­мақ­ты түрлерінен сақа жасайды. Қазақта «қой асығы болғанмен, қолыңа жақсы сақа тұт, жасы кіші болса да, ақылы асса аға тұт» деген мақал бар. Бір нәрсенің дайын екенін білдіретін «сақадай сай» сөз тіркесі де кездеседі.

Қазақтың ұлттық ойындарының қай-қайсысын да қазіргі ұрпақ жылы қабылдайды. Этноауылда өткен «қой көтеру» ойыны да көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. «Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес» деп  айтқандай ойындар бойынша сайысқа түскен қатысушылар бір-бірінен тай салмады. Әсіресе қой көтеру ойыны жоғары деңгейде өтіп, барша жұрттың қызығушылығын арттырды.

Одан бөлек, садақ ату сайысы да қыза түсті. Садақ ату – мергендік спортының бір түрі десек, бұл әдіс-тәсіл қазақ халқы үшін жат дүние емес.  Бұл спорт біздің қанымызда бар. Дәстүрлі садақ ату – бұқаралық спортқа бейім спорт түрі. Мұны ұйымдастыруға садақ пен оқ және алаң болса жеткілікті. Сарыағаштың ағайын да мергендік өнерінің өрісін кеңейтіп, нысана көздеудің қыр сырын дәріптей білді.

Ұлттық спорттық ойын түрлерінен, атап айтсақ, қошқар көтеру, алыптар сайысы, асық ату, ләңгі тебу, садақ ату, қазақ күресі сынды түрлі тағы басқа ойындардың жеңімпаздарына сыйлықтар да үлестірілді.

Бұл күні, Сарыағаш ауданының жетістіктері туралы кітап және фото көрмелері, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі де жасақталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Түркістандағы Сарыағаш ауданының мәдени күндері, яғни «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұйымдастырылған іс-шара қатарынан екі күн бойы қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «Керуен сарай» туристік кешенінде аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала- концертке Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев арнайы қатысып, келген көрерменге алғысын білдірді. Концерт барысында «Еркетай» би тобы, «Саялы Сарыағаш» этно- фольклорлық ансамблі, «Назар тобы», Фархат Ескенеев, Глафира Богатова, Нұрлыбек Бұқарбай, Нұрсейіт Шырынхан, Дастан Шәріпбай, Бекзат Есалы, Ержан Исақов, Әлжан Шекербеков, Сәнім Исакқызы, Сая Бектұрсын, Хабиба Бауыржанқызы, Мадина Асқарова және тағы басқалар өнер көрсетті.

Айта кетейік, фестиваль мақсаты ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамыту, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту болып саналады. Өнер байқауы жаз бойы өткізіліп, күз айларына дейін жалғасады.

“АЛТЫН БЕЛГІ” ИЕГЕРЛЕРІМЕН ЕРКІН ФОРМАТТАҒЫ КЕЗДЕСУ

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов ашық аспан аясында биылғы оқу жылында ҰБТ-ден жоғары балл жинап, «Алтын белгілерін» ақтап шыққан 70-ке жуық білімді жастармен кездесті. Кездесу еркін форматта қаладағы С.Қожанов саябағында ұйымдастырылды. Жиынды қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы С.Азат жүргізіп отырды.

Қала басшысы ең алдымен жастарға ұстаздарының және ата-аналарының үмітін ақтап, Кентау қаласының мерейін үстем еткен жетістіктерімен құттықтап, алғысын білдірді.

«Сіздердің осындай жетістікке жетуде бойларыңызға білім мен тәлімді тәрбие беруде тер төккен ұстаздарыңыздың еселі еңбектерінің нәтижесі деп білемін. Алдағы уақытта Абай атамыз айтқандай: “бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық” бола білсеңіздер, жақындарыңыз бен жанышырларыңыздың мақтанышына айнала бересіздер. Енді бұдан кейін үлкен өмірге қанат қағып барасыздар. Қанаттарыңыз талмай, биіктерге самғай беріңіздер! Жоғары оқу орнына оқуға түсіп, студенттік дәуірді қызықты өткізіп, абыроймен бітірулеріңізге тілектеспін. Таңдаған мамандықтың мықты иесі, кәсіпқойы болыңыздар!», деді қала әкімі.

Жайма шуақ жаздың керемет сәтінде өткен кездесуде жастар тарапынан қала басшысына түрлі тақырыпта еркін сауалдар жолданып, ойларымен бөлісті.

Еліміз бойынша ҰБТ-ден ең жоғарғы 138 балл жинаған Айдос Қожанов сөз алып, қала басшылығына өз ризашылығын жетікізіп, білім беру жолындағы ұлағатты ұстаздарына алғысын жеткізді. Айдос Хайруллаұлы 10 жыл бойы №16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінде оқып, 11 сыныпта «Грант» мектебіне ауысқан. Айдос әке жолын қуып болашақта математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді.

Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы кездесу барысында жастарға алдағы өмірлеріне үлкен сәттіліктер жолдап, «Алғыс хаттар» табыс етті. Сонымен қатар, ұлы ғұламалардың терең мағынаға толы кітаптарын тарту етті.

Қала бойынша 2023-2024 оқу жылында 928 түлек оқуын аяқтады. Мектеп бітіруші түлектердің арасында 53 оқушы «Алтын белгі», 30 оқушы «Үздік үлгідегі аттестат» иегерлері болды.

Айта кетейік 2023-2024 оқу жылында Түркістан облысы бойынша мектепті 31210 оқушы бітіріп, 27 340-і Ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынады. Түркістан облысында биыл 45713 оқушы 9 сыныпты бітіріп, бәріне аттестат берілді. Оның ішінде «Үздік аттестатқа» 4367 оқушы қол жеткізді. Ал, 11 сыныпты 31210 оқушы аяқтап, қолдарына мектепте білім алғандарын растайтын аттестат тапсырылды. Осылайша 2023-2024 оқу жылында Түркістан облысында 9,11 сынып түлектерін қосқанда 77 мыңға жуық оқушыға аттестат табысталды. Сондай-ақ, 11 жыл үздік оқыған түлектерге өздері оқыған білім ордасында “Алтын белгі” табысталды. 2023 -2024 оқу жылында Түркістан облысында 1704 түлек “Алтын белгі” иесі атанды. Сондай-ақ, 2400 оқушы “Үздік аттестат” алды.

КЕНТАУДА “ТАЗА ҚАЗАҚСТАН” ЭКОАЦИЯСЫ БЕЛСЕНДІ ЖАЛҒАСУДА

ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде “Таза Қазақстан” экоакциясы қарқынды жүруде. Бұл акцияға кентаулықтарда өз үлестерін қосып Кентауды таза қалаға айналдыру бағытында белсенділік танытуда. Сенбілікке қаладағы 33 мекеменің қызметкерлерінен құралған 200-ге жуық азамат қаланы қоқыстан тазарту жұмысына қатысты.
Экобелсенділер өздеріне бекітілген аймақтардағы арық-атыздарды тұрмыстық қалдықтардан, жасыл жекелектің түптері мен жол жиектерін арам шөптерден, қураған бұталардан тазартты.
Жиналған қоқыстар мен кесілген ағаштар, орылған шөптерді тазартуға коммуналдық мекеменің қызметкерлері мен 5 техника жұмылдырылды.
Сенбілік аясында 20 тоннадай қоқыс полигонға шығарылды.
Республикалық акция аясында қаланы көгалдандыру, абаттандыру, тазалық шарасын жүйелі жүргізу Көктемнің алғашқы күнінен бастау алған.
Жалпы қалада аллеяларды ретке келтіру, тал түптерін әктеу, гүлдер мен талдарды суғару, арамшөптерді ору, көшелердегі тазалық шаралары күнделікті жұмыс жүйесімен жүзеге асырылып келеді.
Кентау қаласын таза қалаға айналдыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Төлеби ауданы: Қоғамдағы татулық пен бірлікті қамтамасыз етудегі медиацияның рөлі

Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалы, Түркістан облысы, Төлеби аудандық соты және кәсіби медиатор Ләззат Балтабайқызы Асанованың ұйымдастыруымен аудандық білім бөлімінің ғимаратында «Қоғамдағы татулық пен бірлікті қамтамасыз етудегі медиацияның рөлі» атты тақырыпта жиын өтті. Жиынды кәсіби медиатор Л.Асанова ашып, жүргізіп отырды.

Жиынға Төлеби аудандық сотының төрағасы Ғ.Байарыстан, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиал басшысы Е.Айтжанов, «Еуро-Азияль медиация орталығы» ҚБ директоры, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша медиация кеңесінің төрайымы Л.Ақшегирова, Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Тойлыбаев, кәсіби медиатор Л.Асанова, Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығының директоры, кәсіби медиатор Д.Кенжеқұлова, Төлеби АПБ ЖПҚ-нің басшысы Н.Қонысов, Төлеби ауданының бас биі М.Бекболатов, аудандық білім беру мекемелерінің басшылары мен құзырлы мекемелердің салаға жауапты қызметкерлері және кәсіби медиаторлар қатысты.

Төлеби аудандық сотының төрағасы Ғ.Байарыстан:

«Медиация туралы заң 2011 жылы қабылданған. Алайда 2015-2016 жылдан бастап қарқынды жұмыс жүргізе бастады. Жалпы медиация ұғымына келетін болсақ, орын алған қақтығысты сотқа жеткізбей ауыл билерінің және кәсіби медиаторлардың көмегімен екі тарапты бітімгершілікке шақыру. Кез келген азаматтың сотқа жүгінуге құқығы бар алайда, осындай жағдайларда медиация көмегімен екі тарап келісімге келіп, татуласқаны әлдеқайда оңтайлы шешім деп ойлаймын. Орта есеппен аудан бойынша жылына 1500-ге жуық азамат сотқа арыз түсіреді. Осы арыздың 30-40% медиация көмегімен шешіліп жатыр. Сол себепті болмашы дүниелер үшін бір-бірімізге деген сыйластықтан айырылып қалмайық. Еліміздің дамып, өркендеуі үшін ең алдымен береке, бірлік керек. Барлығымыз бірлікте, татулықта болайық», – деген пікірін білдірді.

 

Ал, «Еуро-Азияль медиация орталығы» ҚБ директоры, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша медиация кеңесінің төрайымы Л.Ақшегирова:

“Халық нотариус, адвокат және сот ұғымдарын біледі, алайда медиация сөзін енді ұғынып жатыр. Медиация сөзі жемқорлық, зорлық-зомбылық, экстремизм-терроризм және нашақорлықпен айналысып, ұсталған жағдайларда қолданылмайды. Ажырасу, еңбек және жер даулары, көршілер арасында және ата-ана мен ұстаздар арасында кикілжіңдер орын алған жағдайда істі сотқа жеткізбей медиация көмегімен шешуге болады”,-деп атап өтті.

 

Төлеби ауданының білім бөлімінің басшысы Б.Тойлыбаев:

“Қазіргі уақытта медиация қоғамға, ортаға әсіресе әрбір отбасыға қажет дүние. Бұрында ата-бабаларымыз қандай да бір кикілжің орын алған жағдайда екі тарапты бейбіт жолмен келісімге шақырып, татуластырған. Ал қазірше? Қазір болмашы нарсеге аразданып жатамыз немесе сотқа шағымданып, уақытымызды босқа жұмсаймыз. Мұның керегі қанша? Ысырапшыл деген ұғым бар ағайын. Ол ақшаны немесе басқа да дүниелерді ысырап ету емес, уақытты ысырап ету. Осындай болмашы жағдайлар үшін бір-бірімізге аразданып, қырсығып, кешірім бермей алтын уақытымызды бос жұмсап жатамыз. Сондықтан құрметті жиынға қатысушылар бір-бірімізге кешірімді болайық, тура жол көрсетіп, бірлікте, татулықта өмір сүрейік», – деп, ынтымақ пен бірліктің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығының директоры, кәсіби медиатор Д.Кенжеқұлова Түркістан  облыс бойынша «Мектеп медиациясы» деген жоба іске асырылып жатқанын мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта Түркістан қаласы «Ататүрік» мектебінде бұл жоба іске асуда. Қандай да бір дау орын алған жағдайда сотқа емес медиацияға жүгіну керек. Өркениетті қоғамның берік іргесі – заң болса, тұғыры – құқық. Медиация дегенде, ең алдымен дауласушы тараптарды құқықтық жолмен өзара келісімге келтіру, заңның үстемдігі арқылы бірлікті сақтау мәселесі айтылады. Дау-дамай бұрын да болған, қазір де бар. Қай қоғамда, қай заманда өмір сүрсекте, ең алдымен ынтымақты сақтай білуіміз керек», – деді Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығының директоры, кәсіби медиатор Д.Кенжеқұлова

 

«Қоғамдағы татулық пен бірлікті қамтамасыз етудегі медиацияның рөлі» атты тақырыпта өткен жиында Төлеби ауданының бас биі М.Бекболатов та қазақ халқының тарихында келісім мен әділ билердің шешімдері ел бірлігін бекемдегенін тілге тиек етті.

«Жалпы, медиация маз­мұ­ны қазақ халқы үшін таңсық дүние емес. Халқымызға ежелден таныс ұғым. Қара қылды қақ жа­рып, әділдігін айтатын билердің көме­гімен ел бірлігі мен ауызбіршілігін сақтап, даула­сушы тараптарды мәмілеге келтіру – ата-бабаларымыздың ерте­ден келе жатқан дәстүрі. Атап айтсақ,  халқымыз «ара­ағайындық», «бітімгер», «мәміле» және тағы басқа да терминдерді қолдан­ған. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген ұс­таныммен өмір сүрген дана хал­қымыз аталы сөзге тоқтау­ды білген және әділ шешімге келісіммен қарай білген. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағи­даны берік ұстанған билердің мәртебесі жоғары болып, елдің бірлігін, жердің тұтастығын сақ­тауға ықпал еткен. Бүгінгі таң­дағы әлемдік ахуал жедел өзгеріс­терімен, тұрақсыздығымен ерекшеленуде. Қалыптасқан жағдайда қо­ғамның ішкі тұтастығы мыз­ғымас берік болғанда ғана бола­шақты бағамдап, межелеген мақ­сат­қа нық сеніммен қадам басуға болады»,-деді Төлеби ауданының бас биі М.Бекболатов

 

Жалпы азаматтық жетілу мен жауапкершілік, қоғамның құқықтық мәде­ниетінің даму деңгейін жоға­рылату дегеніміз азаматтардың кез келген жан­жалды шешу барысында ымыраға келуге дайын болуын қамтамасыз ету болып табылады. Яғни бұл Қазақстанның бүкіл әлеуметтік құрылымының әлеу­меттік жағдайы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Сондықтан медиация институтын дамытудың маңызы ешқашан төмендемейді және оның қоғамдағы маңыздылығы әрқашан жоғарғы деңгейде болып қала бермек. Мұндай жұмыстар медиация институтын жүйелі түрде нығайтуға үлес қоса отырып, ҚХА республикалық және өңірлік қоғамдық құры­лым­дарының өкілдері арасынан кәсіби медиаторлар мен келіссөз жүргізушілерді даярлау арқылы жүзеге асырылып келеді. Яғни, медиа­цияның әлеуетін ұтымды пайдалану арқылы, қоғамда орын алатын дау-дамайларды оңтайлы реттеп, ішкі бірлікті бекемдеп, ынтымақты арттырып, ел іргесінің аман болуына үлес қосу басты мәселе.

Бүгінде мемлекетіміздің бірден-бір алға қойып, мақтан етіп айтар айнасы – этносаралық татуластық. Қазақстан әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдердің бірі. Біздің елімізде сан ұлттың өкілі татулық пен достықтың буынын бекітіп, әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылып келеді.Жер шарының картасына көз салсақ, қазақ жерінің ұлан байтақ атырапты алып жатқанын көреміз. Қазақ елінің көңілі де дәл сондай, кең, дархан. Соның арқасында, Қазақстан жерінде 130-дан аса ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп келеді. Бізбен көршілес кей елдердегі, тіпті алыстағы көптеген мемлекеттер өз ішінде дау-дамай туғызып, жанжалдасып, қанды шайқасқа дейін баратындары жайлы құлағымыз естіп, көріміз көрген. Соларға біздің «Жұмылғанда жұдырық, ашылғанда алақан» болып отырғанымыз үлкен сабақ болып жатқан шығар деген ой түйіп, «осы күнімізге де шүкір, тәуба»,- деп қоямыз.

Киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған өзге этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» дегенді ұранға айналдырған. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанда тұрып жатқан әр ұлттың өкілі келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, атсалысады. Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеті – достықты нығайту ғана емес, оған қоса әр ұлттың тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бағытында түрлі іс-шаралар өткізу болып табылады. Телеранттылық ұстанымына сәйкес өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін, тарихын, мәдениетін, дәстүрін жете білуі керек. Дегенмен, олар өз ұлтының құндылықтырын еркін меңгеріп өсіп келеді. Қиын-қыстау заманда қазақ елін паналап, қамқорлығын, жақсылығын, кеңпейілділігін, адамгершілігін, қонақжайлылығын көрген өзге этнос өкілдері қазақ халқын жоғары бағалап, құрметтейді. Өзге ұлт өкілдері қоныстанған аймақтарда, сол ұлттың тілінде балабақша, мектеп көптеген ұйымдар өз міндеттерін атқарады. Өз тілдерінде еркін сөйлеп, өз ойларымен биік шыңдарды бағындырып жүргендері де бар. Бұл қазақ елінің жомарттығының айқын дәлелі.

Қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнері дәріптелген байқау

Түркістан облысының орталығында республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылардың ішінен алматылық Құрметжан Ербах бас жүлдені иемденді. Жүлдені Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев тапсырды. Ал, салтанатты марапаттау рәсімінде қазылар алқасы байқаудың өту барысына тоқталып, пікірін білдірді.

Терме – халық ауыз әдебиетінің жарқын үлгілерінің бірі деп айтуға болады. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жедел қарқынмен дами бастаған бұл өнер – қазақ халқымен қатар, қарақалпақ, қырғыз, өзбек халық шығармашылықтарында да кездеседі. Ал, әсіресе Қазақстанның батыс аймағы мен сыр бойында мол дамыған. Халықтық дәстүрлер негізінде қазіргі кезде терме, айтыс өнері қайтадан жаңғырып, жанданып келеді. Термешілік өнердің кең құлаш жаюына теледидар, радио, ақындар айтысының өткізілуі зор мүмкіндікдіктер туғызып отыр.

«Егістік жерді жаздың ыстық айларында бірнеше рет суармаса, шыққан егін мүлде қурап кететіні секілді дер кезін­де жалғастығын таппаған дәстүр де жо­ға­­лады». Белгілі ғалым Рахманқұл Бердібай айтқандай, ұлт­тық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа баулып тәрбиелейтін, байырғы ата-бабала­рымыздың наным-сенімдерінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, жақсы мен жаман туралы түсініктерінен тұратын жыр-толғау, терме жанрларын кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру өте маңызды істердің бірі. Республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауының мақсат-міндеттері де: мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, талантты жастарды жан-жақты қолдау, «жыр-терме» ұлттық жанрын жастардың арасында кеңінен насихаттау, ұлттық жанрды жаңғырту және дамыту, қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін дамыту, халық арасында ұлттық мұрамызға және  рухани құндылықтарымызға деген қызығушылықты арттыру болды.

Екі кезеңнен тұратын байқауда 16 жыршы-термеші бақ сынады. Жалпы сайыс екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде қатысушы оңтүстік өңірінің термелерінен ұйымдастырушылар ұсынған екі шығарманы орындады. Ал екінші кезеңде оңтүстік термелерінен кеңінен таралып, ел ішінде көптеп орындалып жүрген, терме толғаулардан жеребе бойынша бір терме орындауы тиіс.

Әуезді әуеннің, мағыналы мақамы мен сиқырлы сазды иірімдері ұлан-ғайыр даламыздың табиғаты мен тыныс тіршілігін, алуан түске бояп, түрленіп отырады. Қазылар алқасының құрамында Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров, жыршы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қорқыт ғылыми зерттеу институтының ғылыми жетекшісі Елікбай Иса, термеші, ақын, сазгер Жәкен Омаров, әнші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов, жыршы, термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Аяз Рүстемов бар.

Байқау жеңімпазын екі кезең нәтижесі бойынша қазылар алқасы анықтады. Алматы облысынан келген Құрметжан Ербах бас жүлде иегері атанды. Жүлделі І орын Жетісу облысынан келген Дина Ақниетке, ІІ орын Павлодар облысының өнерпазы Тілеужан Баянбек пен Жамбыл облысының жыршысы Бекарыс Көштаевке бұйырды. Қызылордалық Айдос Тұрар мен Астана қаласынан қатысқан Салтанат Ерсұлтан, Көкшетау облысынан келген Нұрдыхан Арыстан жүлделі ІІІ орын иегері атанды. Сонымен қатар Майлықожа Сұлтанқожаұлы атындағы арнайы жүлде Ақмола облысынан Әлихан Дүйсенбайға, Мұсабек Байзақов атындағы арнайы жүлде Түркістан облысынан Қозарбай Маралға, Құлыншақ Кемелұлы атындағы арнайы жүлде Қостанай облысынан Байдос Қожасағиевке тапсырылды.

Елімізде, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ұлттық өнерді, қазақтың салт-дәстүрін қайта жаңғырту, дәріптеу жұмыстары қарқын алды. Бүгінгі таңда, мектеп оқушыларына арналған «Домбыра» оқулығы жарық көріп, орта білім жүйесіне қосымша пән ретінде енгізу мәселесі де басты назарға алынды. Бұл бастама күй өнеріне қоса текті сөздің төресі ретінде салт-санамызбен бірге жасасып келе жатқан жыр-толғау, терме дәстүрін де жандандырып, тәрбиенің бөлінбес бір бөлшегіне айналады деген үмітке жетелейді. Осындай шаралар арқылы жас ұрпақ өз заманының мұңын жырлаған Шернияз, Майлықожа, Тұрмағамбет, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен сияқты т.б. ақындарымыздың термелерімен сусындап, адамгершілік қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды, мәдениет пен әдепті үйренеді.  Сондықтан, өнер бұлағының көзін одан әрі жандандыра түсу және насихаттау маңызды.

Салт-дәстүр мен ұлттық ойындар насихатталды

Қазақ халқының салт-дәстүрінде ұлттық ойындардың алар орны ерекше. Ертеден келе жатқан ұлттық ойындарымыз кейінгі жылдары қайта жаңғырып, ел арасында кеңінен насихатталып жүр. Ұлттық ойындарымыздың тәрбиелік мәні, сонымен қатар рухани байлық пен денсаулық үшін де пайдасы орасан зор екені анық. Ұлттық ойынның бала тәрбиесіне, денсаулығы мен ойлау жүйесіне әсері мол. Сондықтан, жаман қылық пен ерсі әрекеттерден алшақтатып, ұлтжанды ұрпақ өсіру, ұл-қыздардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, ұрпақ санасын арттыруға үлкен серпіліс беру өте маңызды істердің бірі.

 Дәл осындай бағытта, Келес ауданы әкімдігінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен “Ауылдағы бір күнім” атты іс шарасы өтті. Іс-шараның мақсаты жас ұрпақты ауылдың тыныс тіршілігімен, негізгі кәсібі мал шаруашылығымен, атқа міну мәдениетімен таныстыру, қазақ халқының ауыл шарушалығына байланысты ұмыт қалған көне сөздерді жастардың жадында жаңғырту, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттау. Аталған шараны Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Осындай ұлттық салт-дәстүрлерімізді қала берсе ұлттық ойындарымызды насихаттайтын іс-шаралар ауданымызда көптеп ұйымдастырылса, ұмыт болып бара жатқан дәстүрлеріміз қайта жанғырары сөзсіз— деді аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев.

Жалпы ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі, дәстүрлі шаруашылық өмірінен бастау алады. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізділген. Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Яғни, ата-бабаларымыздан бізге жеткен, өткені мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлық, асыл қазына деуге болады. Яғни, ұлттық ойындар адамның шығармашылық қабілетін оятып, ойдың қалыпты дамуына жол ашады. Әсіресе жастардың санасына ұлттық құндылықтардың тәрбиесін сіңіре отырып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып нақыштарымен тәрбиелеу өте орынды. Келес ауданында ұйымдастырылған шара барысында ауданға қарасты ауыл және ауылдық округтерден жиналған 100ге жуық жастар өзара команда болып бөлініп қазақтың ұлттық ойындарынан белдесіп кіл мықтылардың арасынан шын мықтыны анықтады. Атап айтар болсақ, арқан тарту, садақ ату, қой көтеру, ләңгі тебу,сиыр сауу түрлерінен болған сайыс қызық әрі тартысты өтті.

Жалпы, ұлттық ойындар педагогиканың дәстүрлі құралы болып саналады. Ол, бала өмірінің табиғи серігі, көңіл-күйінің бұлағы. Онда адам өмірінің бейнесі, тұрмысы, салт-дәстүрі, еңбегі, халықтық намыс, батылдық туралы көзқарастары, жылдамдық, шеберлік қимылдарды меңгеру, сондай-ақ шығармашылық тұрғыда ойлау қабілеті, ептілік пен тапқырлыққа деген талпыныс айқындалып жетіле түседі. Осылайша жасөспірімдер санасына жастайынан туған елдің мәдениетіне, әдет-ғұрпына деген қызығушылық, сүйіспеншілік және қадірлеу секілді сезімдер қалыптасады. “Ауылдағы бір күнім” іс шарасында осындай бағыттар басты назарға алынып, жастарға тағылым болсын деген мақсатпен арнайы қой сойылып, оны жік жікке бөліп жіліктеу де үйретілді.

Іс-шара барысында жастардың қызығушылығын арттырған ұлттық спорттың бірі садақ ату болды. Негізі садақ ату өнері көне дәуірлерден бері көшпенділерден жалғасып, қазақтың дәстүр-салтынан өзіндік орнын алған құндылықтардың бірі. Қазақтың тарихында жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер де өте көп болған. Оған батырлық эпостар, хисса-дастандарда кездесетін деректерде дәлел. Жалпы, садақ пен қазақ егіз ұғым деуге де болады. Оны ата-бабаларымыз ертеде аң аулауға, кейін соғыс ісінде қару ретінде пайдаланды. Сәйгүлік мінген жау-жүрек батырлар қорамсаққа қол салып, кезеген жебелері нысанадан мүлт кетпегені тарихтан белгілі. Ежелгі ата-баба қоныстарындағы таңбалы тастардағы суреттер осының айғағы.

Тіпті, өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ағаштан жасалған қарапайым садақты ұстаса, қазақтар оның жетілдірілген күрделі құрама түрін ойлап тапқан деген тарихи деректер де бар. Көшпенді өмір салтын осы уақытқа дейін ұмыт қалдырмай, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп сақтап келген қазақ халқы, ердің бес қаруының бірі саналатын садақты да көптеп насихаттап келеді. Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың тәрбиелік мәнін кеңінен дәріптеу және жастардың бойында ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында ұйымдастырылған “Ауылдағы бір күнім” атты іс шарада да дәл осы садақ ату өнерінің қыр сыры дәріптелді.

Сондай-ақ бұл күні жастар арқан тартудан өзара мықтыларын анықтады. Арқан тартыс ойынының бір өзінде көптеген тәрбиелік мән бар. Оның пайдасы өте көп. Арқан тартыс ойыны адамдарды шымырлыққа, ептілікке үйретеді. Дененің қимыл-қозғалысын ширатуда ешбір спорт түрінен кем түспейді. Сонымен бірге балалардың зердесін дүние-танымын кеңейтетін бірден-бір ойын. Қазақтың ұлттық ойыны арқан тартыс арқылы қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, туған елге, жерге, өз отанына деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыруға да болады.

Айта кетейік, бұл күні қатысушылар кешкі алау аясындағы еркін форматтағы жүздесуге қатысып, өзара әсерлерімен бөлісуге мүмкіндік алды.

ТАРИХИ МҰРАЛАР САҚТАЛҒАН МУЗЕЙ

Түркістан облысында қазақ халқының рухани құндылықтары мен тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, қазақ халқының болмысын барынша бейнелеп, мәдениетінен сыр шертетін музейлер жетерлік. Солардың бірі Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда орналасқан Сұлтанбек Қожанов атындағы музейі. Бұл нысан 1994 жылы 12 сәуірде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 100 жылдығы мерейтойы құрметіне тарихи-танымдылық мақсатта ашылған. Музейді аптаның бес күнінде барып тамашалауға болады.

2021 жылы жаңа ғимаратқа қоныс аударған музейде тарихи мұраларды сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Орта ғасырдан жеткен жәдігерлер, қазан төңкерісіне дейінгі жергілікті халықтың тұтынған заттары, балбал тастар, жергілікті күйші, ақын-жазушылардың, спортшылар құнды дүниелері, Төлеген Момбековтың, Дина Нұрпейсованың ұстаған қара домбырасы, ел тәуелсіздігінен, аудан тарихынан сыр шертетін мұралар орналасқан. Қазіргі таңда музей қорында 3000-ға жуық жәдігер сақталған. Музей тек аудан тұрғындары келетін орын емес, басқа да туристер тамашалайтын орын. Сондықтан музейдің барлық бөлімдері эстетикалық және ғылыми талаптарға сай болу бағытында жасалған. Музей экспозициясы арқылы туристер өңір тарихымен, мәдениетімен танысуда.

Музей залдарын әрлеуші суретші-дизайнерлер экспозициялық кеңістікте неғұрлым айқын формадағы архитектуралық-көркемдік үйлесім таба білген. Жоғарғы ауқымдағы идеямен архитектуралық-көркемдік деңгейге ие, қазіргі кезеңдегі техналогияның мүмкіндіктерін экспозициялық кеңістікте кеңінен пайдаланып, кешендік шешім жасалған. Экспозициялық кеңістікте ауданның табиғат диорамасы көрнекті орналасқан. Кіріспе бөлімде Созақ ауданының табиғи картасы ұсынылған: климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі кең көлемде ұсынылып, келушілерге муляждар, суреттер түрінде мол мағлұмат береді.

Киелі орындары, кесенелер түсініктеме баннерлер, макет, фотолар арқылы кенінен сыр шертеді. Жарығы мол, кең залдың көрікті көрінісі келушіні бейжай қалдырмайды. Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың ғұмыр жолына арналған бас экспозицияда қайраткердің ғұмыр тарихы, көріністері айшықты ұсынылған.

Айта кетейік, Сұлтанбек Қожанұлы Қожанов – 1894 жылы 10 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында дүниеге келген. 1910 жылы Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін, 1913 жылы 3 сыныптық қалалық мектепті, Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Ал, 1927 Мәскеуде Марксизм-ленинизм курсын  бітірген. Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес»  атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарған қайраткер.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері өлкеде кеңестік билік тұсында болған  ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдаушылық танытып, оны Кеңес үкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқ асты етушілік деп бағалады. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылы қараша  айынан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Түріккомиссияның Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуге, таптық күресті шиеленістіре түсуге, сөйтіп ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекетіне қарсы тұрды. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Сұлтанбекті тағы бір қырынан танытатын «Есеп тану құралы» атты оқулығы. Ол көпшілікке арналған қазақ мектебінің математикадан бірінші оқулығы болатын. Кітап өте түсінікті, қызықты жазылған. Арифметиканың негізгі тәсілдерінен басқа да қыр-сырларын аша түседі. Қайраткердің алғыр қабілеті, терең білімі, қайсар мінезі туралы да елде көп аңыз-әңгімелер тараған. Сұлтанбек Қожанов 1921 жылы Бүкілодақтық 12-ші съезде Қазақстанның жағдайын ашып айтып, көкейінен кетпейтін ұлт мәселесіне де жеке тоқталады. Патшалық құрылыс тұсында теңдік көрмеген халықтарға білім беру мәселесін көтереді. Ұлттардың салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін дамыту жолдарына тоқталды.

Жалпы жұртқа арналған ұлт мектептерін, кәсіптік оқу орындарын көбірек ашу керегін анық көрсетеді. «Еуропа мектептерін үлгі ретінде алғанмен, олардағы оқу процессін ана тілінде өткізу керек»,-деп өз ұсынысын жеткізеді. Жергілікті ұлт өкілдерінен маман кадрлар дайындау, курстар, институттар ашу мәселесіне де тоқталады. Институттарға түсу үшін жастарға дайындық көрсететін курстар, бөлімдер ашып, көмектесу қажеттігін баса айтады.
Сондай-ақ, ол Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараны жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты.

«Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922 жылы Түркістан республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды. Қожановтың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына – «қазаққа» түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті. Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі жеке кітап болып шыққан.

Ол 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған. Сондай-ақ, бүгінде Созақ ауданында Сұлтанбек Қожанов атындағы музей де өз жұмысын атқарып келеді. Бұл музейде оның қайраткердің суреттері және құжаттарының көшірмелері қойылған. Шығармашылығына сөре арналған. Хаттары ілінген. «Шүлен көже таратуы» да тарихи маңызды екені ақиқат. Бұл да экспозициядан көрнекті орын алған.

Екінші қабатта қазақтың тарихи кезеңдері де лайықты шешімін тауып, келушіге мол мағлұмат беретін экспонаттармен жасақталған. Мемлекетіміздің қилы кезеңдері, өлкеміздің өсу, өркендеу жолы деректері де мол қамтылған. Осы қабатта өзге экспонаттармен әдемі үйлескен киіз үй көз тартар көрнекті орында орналасып, қазақ тұрмысынан мол мағлұмат береді.

Археология бөлімінде Созақ жерінен табылған балбалтастар, таңбалы тастар да өлке тарихынан сыр шертеді. Созақ елі ҰОС 1941-1945 жылдарында, өлке әдебиеті мен өнер саңлақтары, айтулы тұлғалар жайлы арнайы стенділер, тағы басқа бағалы дүниелер арнайы сөрелерде келушілер назарына ұсынылуда.

КЕЛЕСТЕ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ДӘРІПТЕГЕН АЙТЫС ӨТТІ

Келес ауданында айтыскер ақын Жарқынбек Наушабековты еске алуға арналған «Жыр жүйрігі – Жарқынбек» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасының ашылу салтанатында Келес аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, айтыскерлерге сәттілік тіледі.

 

– Қазақ жанының айнасындай болған айтыс қай заманда болмасын қилы тағдырды, тарихымызды көрсетіп, ұлттық болмысымызды, тұрмысымызды ерекшелеп, бүгінімізді бағдарлап, келешегімізді кемелдеп отырған. Жарқынбек Абазбекұлы жалпы айтыс өнерінде көптеген жетістікке жетіп, жиырмаға жуық бас жүлдені жеңіп алған. Бүгін біртуар азаматты еске алып, республикалық аламан айтыс өткізіп отырмыз. Ауданымызға арнайы келген жыр жампоздарына қош келдіңіздер демекпін. Барша тұрғындар атынан зор ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені сіздер Алла берген таланттарыңыздың арқасында, ұлттық өнерімізді дәріптей отырып, еліміздегі айтыс өнерінің дамуына, халықтың мәдениетін арттыруға, өскелең ұрпақты ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрге тәрбиелеуге зор үлес қосып келесіздер, – деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев

 

Жалпы айтыс алуан қырлы өнер. Қоғамдық ойды қозғаушы күш деуге болады. Қазақ халқы үшін айтыс өнерінің орны бөлек. Кешегі қиын қыстау кезеңдерде де ұмыт болмай, талай ғасырлардан бері жалғасын тауып келе жатқан мәдени мұра, ата-бабадан аманат болған ұлттық өнердің мәңгілік екенін және оның алтын арқауы үзілмейтінін тарих пен уақыттың өзі де дәлелдеп берді. Бүгінде айтыс өнерінің дамып, халықтың рухани байлығы ретінде жалғасып келе жатқаны халықты қуанышқа бөлейді. Сол арқылы өзекті мәселелер, елдің бірлігі мен ынтымағы, көкейде жүрген әрбір азаматтың айтары, мәдениет пен тарих, жалпы қоғамдағы шындық, бәрі де ақындардың жүрегінен елдің жадына жеткізіледі.

Келес ауданында ұйымдастырылған аламан айтыста да елімізге белгілі айтыскер ақындармен қатар, өңірдің жас ақындары да сынға түсті. Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында қазіргі қоғамдағы жайттар, құрдастар әзілі, жеңге мен қайын іні, жастық жалын, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты.

Қазылар алқасы шешімімен жыр додасында Мұхтар Ниязов (Қызылорда) бас жүлде иегері атанды. Ал І орынды Анар Жаппарқұлова (Шымкент), ІІ орынды Айбек Қалиев (Арқалық), ІІІ орынды Айтбай Жұмағұлов (Қарағанды) пен Шұғайып Сезімхан (Алматы) иемденді. Сонымен қатар облыстық мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесі Дәурен Ақсақаловқа (Түркістан), Келес ауданы әкімінің арнайы жүлдесі Бекарыс Шойбековке (Түркістан), Көпбай Омаров атындағы арнайы жүлдесі Қажымұхан Абзал (Түркістан), Қалдыбек Әліқұлов атындағы арнайы жүлдесі Нұрлыбек Мейірманов (Түркістан), Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлдесі Жақыпбек Нұрмаханға (Түркістан) бұйырды. Айтыскер ақындарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТТЫҚ ТОП ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДАҒЫ ЕЛДІМЕКЕНДЕРДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің өңір тұрғындары арасындағы кездесулері мен фокус-топтық зерттеу жұмыстары жалғасуда. Осы орайда, жоспарға сәйкес, Бірінші Мамыр ауылдық округі, Зағамбар елдімекені және Киелі тас ауылдық округі, Сұлтан Рабат елдімекенінде кездесулер өтті. Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің Этносаралық қатынастар саласы мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімің басшысы Х.Исақов, аудандық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенді мүшелері, дін саласының өкілдері, ауыл ақсақалдары, көше билері және белсенді тұлғалар қатысты. Бұл ретте, облыс тұрғындары арасында өтетін кездесулер «Ұлт болып ұйысуда бірлік пен ынтымақтың алатын орны», «Зайырлылық және діндарлық. Діндар зайырлы болуы мүмкін бе?» тақырыптарында және «Этнос өкілдерінің қазақстандық қоғамға интеграциялануы» атты фокус-топтық зерттеу жұмыстарын қамтиды.

Статистика деректері бойынша, елде 140 этнос пен 46 діни қауымдастық бар екені белгілі. Этностар мен діни қауымдастықтардың осыншама көп екеніне қарамастан, елімізде ешқандай келіспеушілік, дүрдараздық белең алмаған және алмауы да тиіс.Барлық ұлт, барлық дін өкілі Мәңгілік Қазақстанымызды ортақ Отаны санайды. Қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтардың екіншісі қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім . Бұл бәріміздің жадымызда мәңгілік сақталатыны сөзсіз.Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Жалпы халықтар достығы – қазақ  халқының  дархан пейілі, көңілінің кеңдігі, таза ниетінінің арқасында деп айтуға болады. Яғни, мұндай ұстаным  ұлтаралық келісім мен этностардың  татулығына  арқау болып отыр. Достық пен ынтымақ бар жерде, бірлігі бекем және  татулығы  берік орныққан  елде  ғана  ұлтаралық келісім болады. Біртұтастық  пен  жалпы қазақстандық  патриотизмді  қалыптастыруда мәдени орталықтардың да атқарып жатқан жұмыстары орасан.  Қазақстан  халқы  Ассамблеясы жұмысының  талап тұрығысында ұйымдастырылып, алдына қойған  мақсаты да осы бағытты қамтиды.

Ұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу өзінің мағыналық құрылымы бойынша халықтар арасындағы келісімге негізделеді. Осындай өзекті мәселелер алдында Қазақстанның беті ашық, жүзі жарқын деуге әбден болады. Қазақ елінің тағдыры тауқыметке толы болғанмен, ешқашан өзгені өзегінен теппеген. еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарынан бастап, этносаралық татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, олардың қауіпсіздігі мен бейбіт тұрмысын қорғауға бар күш-жігерін салды. Этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық, келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау ісіне жіті көңіл бөлініп келеді. Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарына баса мән береді. Қазақ халқы қай заманда да елдікке, соның ішінде ел берекесінің тұрақты болуына үлкен назар аударған. Сондықтан да болар, ел аузында: «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» деген нақыл сөздер қалды. Бұл – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның басты қағидасына айналды және тәуелсіздіктің негізі. Бүгінгі таңда  ұлттық  мерекелер Халқымыздың  бейбітшілік  пен келісімінің  қазақстандық үлгісін  әлемге  танытушы айрықша  дәстүрге айналды. Әрбір  қазақстандық  азамат үшін  ұрпақтар  сабақтастығы  арқылы тарихи қалыптасқан татулық, сенім мен тең құқықтылық ең маңызды  қасиеттер екенін  дәріптейді. Еліміздің барлық этностар арасындағы шынайы келісім  мен бірлікте   тұрмыс кешуі, ең алдымен  қазақ халқының  ата-дәстүрі мен табиғи  кеңпейілдігі,ұлттық  дінінің кеңдігі арқасында.

ҚР Конституциясы тұтастықтың, татулықтың кепілі болғандықтан Қазақстан халқы түсіністік, достық, бейбітшілік және келісім жағдайында бейбіт өмір сүріп келеді Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек. Бұқара халық әрдайым тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ал, ұрпағының амандығы – келешегінің кемелдігін білдіреді. Өткен тарихқа көз салсақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай етіп анық көрсетуде. Бірлікті сақтау, соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу – қазіргі ХХІ ғасырдың да ең өзекті мәселелерінің бірі деп айтуға болады. Сауатты да саналы, парасатты елдің ұрпағы өткеніне көз жіберіп, ата-бабасының жолынан сабақ алары ақиқат. Сонысымен тарихын бағамдап, келешегін кемелдей түседі. Біз де өткенімізге үңіле қарайықшы. Қазақ халқы да тағдырдың талай қатал сынын басынан кешті. Салдарынан жер бетінде ұлт ретінде жойылып кету қаупі әлсін-әлсін қайталанды. Соғыстар, көтерілістер, онан қалды ашаршылықтар мұның барлығы халықтың қырылып, азып-тозуына әкеп соқты. Әйтседе, «мың өліп, мың тірілген» бабаларымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруының нәтижесінде бүгінгі бейбіт аспанға қол жеткізді. Қай ұлт, қай ел болмасын бейбітшілікті, бірлікті, ашық аспан мен бақытты, терезесі тең, керегесі кең елдер қатарында болуды аңсайды. Өйткені, татулық пен келісім, бейбітшілдік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді. Қабан (Қабылиса) жырауда: Бақыт қайда барасың? Көршімен болған бірлігі, Тағат, ғибадат тірлігі Ұйымшыл елге барамын, – деп жырлаған екен. Бабаларымыздың мұндай жырлары талай санаға сәуле құйып, түсінген жанға үлкен үгіт болатыны сөзсіз. Иә, адамдар арасында бірлік болса, олар ынтымақта, тату-тәтті өмір сүреді. Өзара сыйласып, ұйымшылдық көрсеткен кезде ғана бірлікке қол жеткізуге болады. Халқының қамын жеген Әлихан Бөкейханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» – деп ынтымақ-бірлікке үндеген. Ал, ынтымақ-бірлікке апаратын жол халықтың өзара тату болуы. Дана халқымыз: «Татулық табылмас бақыт», «Жолдасы көптің – олжасы көп» – деп тектен-тек айтпаса керек. Хакім Абай атамыз: «Татулықтан артық жолдас жоқ» – деген. Бейбітшілікте, есендікте өмір сүруге ұмтылу қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені сөзсіз.  Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге ынтымағы жарасқан ел екендігін мойындата білген Қазақстан – ғаламдық татулықты сақтау мен нығайту ісінде өзге елдерге үлгі екені жасырын емес. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді ұлы халқымыз. Расында халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрқашанда маңызды болып қала бермек. Кешегі бабалар өмірі де мұны бізге сабақ етеді.

Басқосу барысында жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде ой қозғалып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Сондай-ақ жиналған жұртшылық өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды. Еске салсақ, Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалдының 2024 жылы бекіткен «Түркістан облысының этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі 2024 жылға арналған ведомствоаралық жоспарына» сәйкес, өңірдің этникалық топтар тығыз шоғырланған елді мекендерінде ақпараттық-түсіндіру және әлеуметтік зерттеу жұмыстарын іске асыру мақсатында мамыр айының 27-31 және маусым айының 03-19 күндері аудан, қалаларда кездесулер өткізу жоспарланған.

СЫР САҚТАҒАН СЫРҒАЛАР

Сырғалар жасалған материалы мен жасалу тәсіліне қарай алтын, күміс сырға, қарала сырға, лажылы сырға, шытыра сырға, қолқа сырға, қозалы сырға, үзбелі сырға, күмбезді сырға, қоңырау сырға, ай сырға, айшықты сырға, ақық сырға, иықты сырға, иінді сырға, лағыл сырға, гауһар сырға, тұмарлы, салпылдақ, омыраулы, қозалы, жапырақты сырғалар, шілтерлі сырға, шұбыртпа сырға болып көптеген түрге бөлінеді. Бүгінде осындай сырғалардың бірнеше үлгісін Түркістан облысындағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы қорынан кездестіруге болады. Музейдің ғылыми қызметкері А.Үркінбаева қазақ халқының салт-дәстүрінде әшекейлердің өзіндік мәні мен маңызы бар екенін айтады.

«Ертеде қыздың басы бос, атастырылмаған болса, керегеге, кілемге, тіпті бақанға сырға іліп қою салты болған. Үйге келген қонақ немесе жолаушы ілулі тұрған сырғаны көрсе: «бұл үйдің бойжетіп келе жатқан немесе бойжетіп отырған қызы бар екен, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмапты, қыздың басы бос екен», — деген ой түйген. Салт-дәстүр бойынша қазақ халқында атастырылған қыздың құлағына сырға тағу рәсімі бар. Сондай-ақ, қазақтар үзбелі салпыншақтар сылдырымен жын-шайтанды үркітіп отырады деп түсінген. Мұндай ұғым басқа халықтарда да кездеседі. Мысалы, якуттарда сырғаны бесікті қорғау үшін ілетін болған. Ал қорым мен көктаста сырғаның бейнеленуі қайтыс болған адамның әйел екендігін білдіреді. Құлаққа сырға тағып жатқан кезде: «Құлағың ауырмасын, жаманшылық естіме, бетің ажарлы болсын» деген тілек айтылады. Қалыңдық санатына қосылған қыздардың сырғасындағы күн, жұлдыз, ай, дән, жапырақ, бидай түрінде ілінген салпыншақтар астарында ұрпақтың өсіп-өнуіне деген ізгі тілек жатыр. Мұнымен қатар сырға құлақ арқылы жаман күштің бойға енуіне жол бермейді деген наным қалыптасқан. Ертеректе қыз баланы қырқынан шығара салып, құлағының сырғалығын тары дәнімен уқалап, етін өлтіріп, отқа қарылған инемен тесіп, оған жібек жіп өткізіп, тұйықтап байлап қоятын. Құлақтың тесігі бітеліп қалмау үшін кейінірек кішігірім күміс сырға тағатын. Ол «жас нәрестеге тіл-көз тимесін» деген ізгі тілектен туындаса керек. Бұрын ер баласы тұрмай жүрген немесе баланы өте кеш көрген ата-аналар ырым етіп қартайғанда көрген осы ұлымыз тұрсын, тіл-көзден, әр түрлі жаман күштерден аман болсын деген мақсатпен оны ұл емес қыз, деп құлағына сырға тағып қоятын болған. Баланың буыны бекіп ер жете бастағанда ғана оны құлағынан шешіп алған. Ел арасында мұндай ғұрып ХХ ғасырдың басына дейін сақталып, тіпті сирек те болса ХХ ғасырдың 40-50 жылдарына дейін де кездесіп қалып отырған», -дейді «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері.

 

Деректерге сүйенсек, ең алғаш сырғалар Шығыс Европада шамамен 3000 жыл бұрын пайда болған екен. Алғашында сырғаны тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да соның ішінде жауынгерлер мен батырлар бір сырға ғана тағатын болған. Сырға неолит заманында сүйектен, мүйізден жасалса, қола дәуірінде металға көшкен. Ал б.з.б. ІІ ғ -.б.з ІІ ғасырынан бастап алтын мен күміске асыл тас орнатылып, сырғаның өте сәнді түрлері шыға бастапты.

Ал, жалпы қазақ халқының  ұлттық әшекейлері күмістен, алтыннан, қоладан және мыстан жасалған.  Қыздар мен әйелдер үшін бұл негізгі материалдар болды. Тастардың ішінде інжу, кәріптас, маржан, аметист, рубиндерге артықшылық берді. Негізгі сенімдер бойынша олар қиыншылықтар мен зұлымдықтардан қорғаған. Сондай-ақ, қазақ халқының танымал әшекейлері – алқалар мен салпыншақтар. Олар әлеуметтік-мәдени және діни маңызға баса назар аудару үшін ерекше формада жасалады. Мысалы мұндай зергерлік бұйымдарын үйленбеген қыздар, қалыңдықтар, жас әйелдер мен бала емізетін аналар кие алады. Бұл массивті әшекей және жақсы мүсінді қажет етеді. Наным бойынша, бұл әшекей зұлым көзден, зұлым рухтардан және аурулардан құтқарады.

Зергерлік бұйымдардың тағы бір нұсқасы ол – тұмарша (бойтұмар) және алқа. Бұл екі жағында тізбектерде орналасқан салмақты үшбұрышты салпыншақ. Төменгі жағында оны монеталар немесе қоңыраулар толықтыра алады. Олар жағымды әуен шығарады. Салпыншақтың беті күміс немесе алтын жалатылған. Көбінесе тұмарша былғарыдан немесе тығыз матадан жасалған. Қуыс үшбұрыштың ішіне құран парақтарын салуға болады. Бұл әшекейді Шығыс Түркістан қыздарының костюмдерінен жиі көруге болады.

Алқаның тағы бір түрі – омырауша. Ол доға түрінде жасалынады. Көнеден халқымызда әйелдің табиғи энергиясын арттыру үшін зергерлік бұйымдарды кигізген. Көбінесе мұндай бұйымдарды ақықпен жасаған, өйткені ол сәттілік сыйлап, денсаулығын қорғап, күш-қуатын арттырады деген сенім болған.

Сондай-ақ, түркі тілдес халықтардың әйелдері мен қыз-келіншектерінде болуы міндетті әшекей сырға екені белгілі. Олар да тұмар қызметін атқарған деген деректер бар. Олар әрбір ханымды зұлым рухтардан қорғайды деп сенген және сырғалардың көбісі арнайы өсімдік немесе жануарларға ұқсас ою-өрнекпен бейнеленген. Мұндай өнімдер сондай-ақ әйелдің мәртебесін, оның отбасылық жағдайын білдірген.

Қазақстанның мұндай ұлттық зергерлік бұйымдары пішіні мен дизайны бойынша бөлінеді. Олар: ай және айшықты, ай және ай тәрізді сырғалар; тұмарша үшбұрышты әшекейлер; салпыншақты сырғалар; астары бас әшекейлер, қаралы – қараға боялған; иықты- иыққа тиетін сырғалар; сояу-үшкір бұйымдар және күмбезді әшекейлер болып табылады. Қазіргі уақыттың өзінде еліміздегі үйлену тойларында сырға салу және сырға тағу рәсімдері бар. Яғни, қалыңдыққа көбіне алтын сырға тағады.

Ал, салт-дәстүрімізде күміс бас киімдерді жауынгер ер адамдар киген. Олардың дулығасы оюлармен безендірілген және нақышталған. Тиісінше әйелдері де бастарында күміс немесе алтын ою-өрнектері бар талғампаз зергерлік бұйымдарды киген.

Қазақ қыздары әрқашан ұзын және қалың шаштарымен ерекшеленген және танымал болған. Мысалы: сақиналармен жалғанған ұштарында салпыншақтары бар таспалар,яғни шашбау болған. Ол, нақыштармен, қоңыраулармен немесе монеталармен қосымша безендіріліп отырған. Сондай-ақ, шолпы – ол інжу, агат және маржан, алтын мен күміспен безендірілген қыздарға арналған арнайы бас киім. Қазақ қыздары оны  кәмелетке толғанға дейін киген. Ал үкі аяқ дегеніміз, бөлшектерді тырнақ түрінде қолданатын бас киімге арналған салпыншақ. Қыздардың басына арналған мұндай зергерлік бұйымдар әшекейлер мен тұмарлардың рөлін атқарған. Мысалы, шолпы қыздарды тәрбиелеу үшін қажет болса,  әшекейлер әуезді дыбыс шығарып, қыз баласының мүсінін көркейте түскен. Сонымен қатар елімізде ұлттық әшекейді әйелдер де, ерлер де тағатын сақина болды. Бүгінде жүзіктердің бірнеше түрі бар. Мысалы құдағи жүзік – бірден екі саусаққа тағылатын жүзік, қызды жақсы қабылдағаны үшін алғыс ретінде қалыңдықтың отбасынан қайын енесіне беріледі. Құстұмсық – қалыңдық үйлену тойына дейін киіп, туған ауылына күйеу жігіттің отбасында оны жақсы қабылдағанының белгісі ретінде беретін сақина. Тағы бірі жүзік – оны сиқыр мен дуадан қорғайтын тұмар деп білген. Жүзіктердің бөлшектерін құю және нақыштау арқылы жасаған. Қазақ дәстүрінде бұл зергерлік бұйым әрқашан салмақты болған, тастармен және ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген.

Қазақ әйелдердің танымал әшекейлерінің бірі ол – білезіктер. Әйелдер оларды жас кезінен бастап киіеді, ал қартайған кезге әшекейлер көбейіп, олар үй иесінің білегін толығымен жауып тастайды. Кейбір дереккөздерде қыздың алғашқы білезігін күйеу жігіттен сыйлық ретінде алатыны айтылған. Бұл уәделесу сақинасының баламасы секілді болған. Атап өтетін болсақ бес білезік – қалыңдықтың киіміне кіреді, шынжыр баумен байланған сақиналар мен білезіктерден тұрады. Ал, тасты білезік – ұқыпты жақтаудағы асыл тастардан тұрған. Жұқа селдір білезіктің құрылымы да үлдір болып келген.

Қазақтың дәстүрлі әйелдер әшекейлері заманауи бейненің бір бөлігі бола алады. Зергерлік бұйымдар тек әдемі және қымбат бұйымдар емес. Бұл халықтың этникалық ерекшелігін сақтау тәсілі. Қазақтар мәдениетінің қалай дамығанын, ата-бабаларымыздың қандай дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары болғанын, олардың ғасырлар бойғы тәжірибесінен не үйрене алатынымызды дәл зергерлік бұйымдар көрсете алады. Күнделікті көрініске шолпы, білезік немесе шашбау қосуға болады. Тәжірибе жасап, сақиналар, сырғалар және басқа да бұйымдарды қосудан қорықпаңыз. Ұлттық әшекейлер де заманауи қыздардың әшекейлер жиынтығында болуға лайық. Қазақ әшекейлерінің, соның ішінде сырғаның ғұрыптық мән-мағынасына тоқталсақ алғашқыда ол құлаққа дүлей күштерден сақтау мақсатында тағылатын болған. Сырғаның тұтас тұрпаты да, жекелеген бөлшектері, материалы мен ою-өрнегі де белгілі бір мән-мағынаны білдірген. Мысалы, көз қондырылған бұйымның көз тиюден алдын-ала сақтайтын киелілік және емдік қасиеті бар. Қазақтар мен түркімендердің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, тұрмысын зерттеген неміс этнографы Карутц Рихард айтқандай: «Ұзақ уақыт бала көтере алмай, кеш босанған әйелдер баласының құлағын әдеттегіден ертерек, үш жасында тескен, бұл баланың өмірін ұзартуға ықпал етеді деп сенген». Қыз бала үшін міндетті саналатын құлақ тесу дәстүрі сүндетке отырғызумен бірдей саналған. Сондықтан да, ел аузында құлақ тесу – қыздың сүндеті деп айтылады. Ұзақ күттірген ұл дүниеге келгенде, оның да құлағын тесіп, сырға салатын болған. Бұл бір жағынан тіл-көзден қорғау үшін жасалса, екінші жағынан жын-шайтанды шатастыру мақсатын көздеген. Мұндай ғұрып тувалықтарда болған, ал өзбектер мұндай жағдайда көп балалы жеті әйелдің әшекей сынықтарынан балқытып сырға жасаған. Қазақтарда ұл бала мұндай сырғасын бес жасқа дейін тақса, ал өзбектер үйленгенге дейін сырғасын алмаған.»,- дейді музейдің ғылыми қызметкері А.Үркінбаева

№KZ89VPY00063999 Куәлік нөмірі

Lost your password? Please enter your email address. You will receive mail with link to set new password.

Exit mobile version