Архив рубрики: Ақпарат

ТҮРКІСТАНДЫҚ ДӘРІГЕР «ЖАҚСЫ АДАМ-2024» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Жақсы адам-2024» сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өткен болатын. Биыл арнайы сыйлықпен Созақ ауданының тұрғыны, саналы ғұмырын ауыл медицинасына арнаған абзал жан Бүркіт Арынбеков марапатталды.

Көптің ыстық ықыласына бөленген дәрігер Созақ ауданы, Құмкент ауылының тумасы. Ол ғұмырының 58 жылын медицинаға арнап келеді. Осы аралықта жалпы саны 10 мыңнан аса ота жасаған хирург. Бүркіт Арынбеков дәрігерлік жолында шалғай ауылдағы бөлімшелік ауруханада күрделі ота жасап, науқасты аман алып қалған. Сондай-ақ, босану кезінде ана мен бала өміріне қауіп төніп, екеуінің де жанын ажалдан арашалаған. Бүгінде ол білгенін Созақ аудандық орталық ауруханасында жас мамандарға үйретіп, оталарға бірге кіріп, тәжірибесімен бөлісіп жүр.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Телерадиокешені, «Jibek joly» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі шара биыл үшінші мәрте өткізіліп отыр.

Түркістан облысында заңсыз тұрмыстық химия өндірісімен айналысқан жерасты цехы әшкереленді

2024 жылдың 18 желтоқсанында әділет органдарының қызметкерлері «Белизна» тауар белгісі иесі өкілінің өтініші негізінде тұрмыстық химия өндірісі бойынша заңсыз жерасты цехын анықтады. Аталған цех Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылының аумағында Өзбекстан Республикасымен шекарадан 50 км жерде жеке үйде орналасқан.

Жоспардан тыс тексеру барысында «К» жеке кәсіпкерінде «Белизна» тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі анықталды. Зияткерлік меншік құқықтарын өрескел бұза отырып дайындалған 1500 бірліктен астам жалған өнім (жуу және дезинфекциялау құралдары) тәркіленді. Құқық иесіне келтірілген залал 3 миллион теңгеден асты.

Айта кету керек, заңсыз жерасты бизнесі өкілдері көлемі 800 ш.м. асатын үй-жайда жаппай заңсыз өндіріс пен өнімді буып-түюді жүзеге асырып, оны Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің көтерме сауда базарларына жеткізіп отырған. Заңсыз өнімдер бағаның төмендігіне байланысты тез сұранысқа ие болған. Бірақ бір ескертетін жайт оның жасырын қаупі мыңдаған азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретінін айта кеткен жөн.

Жалған жуғыш заттар өнімі қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін арзан және сапасыз компоненттерден жасалған. Мұндай өнімдерде терінің тітіркенуін, аллергиялық реакцияларды, тыныс алу жолдарының ауруларын және тіпті улануды тудыратын улы заттар мен аллергендер болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта кінәліні жауапқа тарту мәселесі қарастырылуда. Іс материалдары Түркістан облысы Әділет департаментінің қарауында.

Әділет органдары Азаматтар мен заңды бизнестің мүддесі үшін зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуын анықтау және қорғау жөніндегі жұмыстарын жалғастырады. Заңды бизнесті қолдау өндірушілердің құқықтарын қорғап қана қоймай, тұтынушыларға қауіпсіз және сапалы тауарларға кепілдік береді.

ТҮРКІСТАНДА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 2 МЫҢ ОРЫНДЫҚ ТАҒЫ БІР МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Түркістанда «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы бір мектеп ашылды. 2 мың оқушыға арналған білім ұясы «Жаңа қала» ықшамауданында бой көтерді. Мұнда балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған білім ұясының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен білім саласының ардагерлері қатысты.

– Еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтары салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Сіздердің мектептеріңіз жай ғана жаңа ғимарат емес. Бұл – даму мен оқу үшін тамаша жағдайлар жасалған орын. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын! – деді Дархан Сатыбалды.

Аталған білім ордасы қаладағы 2 мектептегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласының «Жаңа қала» аумағында салынған 4 қабатты білім ордасындағы физика, химия, биология және робототехника кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталған. Білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін мектепте спорт залдары, шеберлік залдары, зертханалар мен демалыс аймақтары ұйымдастырылған. Жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жекелеген блоктарда оқиды. Балалардың жас ерекшелігіне орай блоктардың әрқайсысы оқу сыныптарымен, санитарлық тораптармен, спорт залдарымен және жеке шкафтармен қамтылған.

Айта кетейік, елімізде «Жайлы мектептердің» басым бөлігі Түркістан облысында салынуда. Қазір өңірде 29 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның үшеуі ашылып үлгерді.

ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені пайдалануға берілді. Заман талабына сай ғимараттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, бапкерлер мен спортшылар және спорт ардагерлері қатысты. Өңір басшысы көпшілікті ғимараттың ашылуымен құттықтады.

– Алдымен баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құтықтаймын! Бүгін Түркістан төрінде қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында спорт саласын дамыту міндетін жүктеді. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет екенін айтты. Осы бағытта Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлінуде. Өңірде 3500-ден астам спорт нысаны бар. Биыл 11 айда облыста 10 ірі спорт кешені пайдалануға берілді. Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері шаһарда «Түркістан-Арена» стадионы, «Olympic Center» спорт кешені, «Теннис орталығы», «Мұз сарайы» ғимараттары пайдалануға беріліп, спортшыларымыз тыңғылықты жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда ескек есу каналы мен халықаралық талапқа сай атшабардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұның бәрі – спорт саласына жасалған қамқорлық әрі үлкен қолдау. Ал бүгін қазақ халқының даңқты перзенті, Түркістаннан шыққан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені ел игілігіне берілуде. Түркістан өңірінде чемпионның атын ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгін ашылғалы тұрған спорт кешенін де ел перзентіне лайықты құрмет деп білеміз. Біз спортты дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова игі іске мұрындық болған азаматтарға алғысын айтып, аймақта «чемпионның ізбасарлары көбейе берсін» деген тілегін жеткізді.

«Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов та көпшілікті құттықтап, жаңа ғимарат чемпиондарды даярлауға үлесін қосатынын атап өтті.

Бұл нысанның құрылысына Түркістан облысы әкімдігі тарапынан 2,7 млрд теңге бағытталды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорынан технологиялық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге, ішкі әрлеуге, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 500 млн теңге бөлінді. Ғимараттың ауданы – 7248 шаршы метр, жалпы жер ауданы – 1,8 гектар.

Бұл спорт кешенінде бокс, қазақ күресі, грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресі, таеквондо, каратэ, үстел теннисі және ойын спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік бар. 300-ден астам жанкүйер сыятын көрермен залы, жаттығу залдарымен қамтылған. Республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге болады.

Айта кетейік, Түркістан облысында спорт қарқынды дамып келеді. Өңірде 29 олимпиадалық, 34 ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлері дамып жатыр. Биыл Түркістан облысының спортшылары әлем чемпионаттарынан 106 медаль, Азия чемпионаттарынан 214 медаль жеңіп алды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 16 алтын, 10 күміс, 5 қола медаль олжалады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ 900-ДЕН АСТАМ МЕКТЕП ҒАЛАМТОР ЖЕЛІСІНЕ ҚОСЫЛҒАН

Бұл туралы брифингте Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, Түркістан облысындағы 1 082 орта білім беру мекемесінде 554 753 оқушы білім алып жатыр. Шағын мектептерді қоспағанда 826 мектеп 2 201 арнайы пән кабинетімен қамтылған. Сондай-ақ, биыл облыстағы мектептердің кітапханалары 1 522 107 дана оқулықпен және 118 359 дана көркем әдебиетпен толықты.

«Облыстағы 915 мемлекеттік мектептің барлығы интернетпен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, өңірде 2024 жылы бюджет есебінен 50 мектептің құрылысы басталған болатын. Оның ішінде, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен – 29 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын дамыту қоры» және өзге де бюджеттер есебінен – 21 мектеп және жекеменшік 35 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жалпы облыста 2025-2027 жылдар аралығында 13 000 орынды 44 мектептің құрылысын жүргізілу жоспарланған. Ал, мектептерді жаңғырту жобасына облыстан 115 мектеп енгізілген»,- деді Жандос Маханбетов.

Жалпы өңірдегі 915 мемлекеттік мектептің 719-ы жедел басқару орталығына қосылған. Бүгінде қалған білім беру ұйымдарын бейнебақылауға қосу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, биыл облыстағы 217 елді мекенде 17 081 бала арнайы мектеп көлігімен мектепке тасымалданып жатыр. Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылында 11 сыныпты 31 367 түлек бітірсе, 24 538 түлек ҰБТ тапсырған. Оның ішінде жоғары оқу орнына түскендер саны – 19 126, грантқа түскендер – 11 044.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 48 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Түркістан облысы, Созақ ауданында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға арналып салынған жаңа баспаналардың құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Бүгін созақтық 48 отбасы жаңа баспаналарының кілттерін алды. Игі шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

– Биыл облыс көлемінде әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін бірқатар маңызды шаралар атқарылды. Бұл жұмыстар облыс басшысы Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында тұр. Жеке инвесторлармен бірлесіп, тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ел игілігіне ұсынылған әр баспана аудан тұрғындарына жайлы әрі заманауи қолайлы орта сыйлайды, – деген облыс әкімінің орынбасары тұрғындардың сапалы әрі жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған жаңа баспаналар аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға қосылған үлкен үлес екенін де тілге тиек етті.

Жаңа баспаналардың қасбеті біркелкі әрленіп, аулалар темір қоршаумен қоршалған. Су және жылу жүйелері толық орнатылған. Тұрғын үйлерде тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Әр пәтердің жалпы алаңы 71,1 шаршы метрді құрайды.

ТҮРКІСТАН: МАМАНДАР ҚЫС МЕЗГІЛІНДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН САҚТАУҒА ШАҚЫРАДЫ

Елімізде соңғы аптада балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтамау және-ауа райының қолайсыздығын ескермеу салдарынан 9 адам суға кетсе, оның 3-і кәмелетке толмаған балалар. Бұл жайында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Дүйсен Оразгелді брифингте мәлімдеді.

«Түркістан облысында тұрғындардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында департамент тарапынан жылдың барлық мезгілінде профилактикалық, рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Жалпы қысқы кезеңдегі рейдтік шаралар барысында судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін 10 адамға айыппұл салынды. Ал, жыл басынан бері 76 жеке тұлғаға 1 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Атқарылған іс-шараларға қарамастан облыстағы су айдындарында балық аулау кезінде өткен жылы 1 қайғылы жағдай тіркелді. Жалпы облыс аумағында 2018 жылдан бері бүгінге дейін 16 адам балық аулау кезінде суға батып қайтыс болған»,- деді Дүйсен Нұрмаханұлы.

Сонымен қатар, брифингке қатысқан Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрболат Педен жаңа жыл уақытындағы қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Оның сөзінше, өңірдегі сауда орталықтарында пиротехникалық өнімдерді сату басталып кеткен.

«Негізінен пиротехникалық заттарды сатуға рұқсаты жоқ немесе сақтау тәртібінде заң бұзушылықтары бар сауда орындарына полиция қызметкерлері тарапынан айыппұл салынып, пиротехникалық заттар тәркіленеді. Бүгінде жаңа жыл мерекесіне орай пиротехникалық заттарды сату және сақтау тәртібіне бақылау жүргізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы ретте мерекелеу кезінде өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша қала тұрғындарының арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, жаңа жыл шыршасы өтетін орындарда мемлекеттік инспекторлармен өрт қауіпсіздігін сақтау, қадағалау жұмыстары атқарылады. Одан бөлек, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, облыс аумағындағы сауда орталықтары мен базар басшыларымен және қоғамдық тамақтану орындарының өкілдерімен дөнгелек үстелдер өткізілуде»,- деді Нұрболат Нұржанұлы.

ЖОЛДАУ: САУРАНДА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА АРНАЛҒАН ҚОС МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек»- деген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданында қос медициналық нысан пайдалануға берілді. Шаға ауылдық округі, Шаға елді мекенінде фелдьшерлік акушерлік бекеттің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

Шараға Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, аудандық емхананың бас дәрігері Бахыт Стамқұлов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Медицинанлық нысанның ашылуына қатысқан ауыл тұрғындары облыс, аудан басшылығына өз тараптарынан алғыстарын білдіріп, игі тілектерін жеткізді.

Сондай-ақ, ауданға қарасты Оранғай ауылдық округі, Бостандық елді мекенінде де фельдшерлік акушерлік бекеттің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Қос нысанның ашылуы аудан тұрғындарын ерекше қуанышқа бөлеп, емдік шараларды енді облыс орталығына барып қабылдамай-ақ, өз ауылдарында алуға мүмкіндік туғанына ризашылығын білдірді.

ТҮРКІСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНДА ТУРИСТІК БАҒЫТТАР АШЫЛАДЫ

Түркістан облысының делегациясы Өзбекстандағы Туризм комитетінің өкілдерімен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында екі ел арасындағы туризм саласын дамытуға бағытталған маңызды мәселелер талқыланды. Жиында екі тарап шекаралық туризмді жандандыру, ортақ туризм өнімдерін әзірлеу және туристік инфрақұрылымды дамыту жөнінде ұсыныстар айтты.

Сонымен қатар, «Жібек жолы» бағыты аясында бірлескен маркетингтік шаралар мен комбо-турларды ұйымдастыру туралы бастама көтерілді. Нәтижесінде Өзбекстан елінің Туризм комитеті тарапынан бұл бастамаларға қолдау көрсетілетіндігі айтылды. Осы ретте екі елдің туристік әлеуетін арттыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нақты жобаларды іске асыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.

 

ТҮРКІСТАН: «ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ – АДАМЗАТТЫҢ БОРЫШЫ» АТТЫ СЕНБІЛІК ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы басталған болатын. Осы ретте

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, экологиялық сана мен қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Табиғатты қорғау — адамзаттың борышы» атты сенбілік өтті.

Сенбілік Түркістан қаласының шағын саябағы мен Сауран қалашығындағы тарихи-мәдени орталықтың маңайында ұйымдастырылды. Қатысушылар қатарында облыстық жастар орталығының қызметкерлері, Сауран ауданының мамандары және еріктілер болды. Жастар мен еріктілер тобы аймақтың тазалығын сақтап, көгалдарды күтіп, қоқыстарды жинап, қоршаған ортаның көрікті әрі таза болуына үлестерін қосты. Бұл сенбілікке қатысушылар табиғатқа деген қамқорлықтың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, экологиялық мәдениетті насихаттауға бағытталған жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.