Архив рубрики: Ақпарат

МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ АҚ ЖАУЛЫҚТЫ АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов ақ жаулықты әжелер мен алтын құрсақты аналарды үйіне барып құттықтады.

Бүгінде, Түркістан қаласында тұратын ардақты әжелер мен аяулы аналар – Бибісара Тойғараеваның, Зәуре Момбекованың, Жанар Альчинбаева мен Қаламқас Арыстанова өз әулеттің берекесі мен ұйытқысына айналып отыр.

Мәслихат төрағасы кездесуде қазақ халқы ежелден әйел қауымын ерекше құрметтегенін айта отырып, өзінің жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, осындай батыр апаларымыз бен аналарымыздың көп болып, жас қыз-келіншектердің үлгі алу қажеттігін айтып өтті.

Салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді ұл-қыздарымыздың бойына сіңіріп, ұрпақ тәрбиелеудегі ерен еңбектеріне, шексіз мейірімділіктеріне алғысын білдірген Нұралы Әбішов көпбалалы аналарға мерекелік сыйлығын да табыс етті.

Өз кезегінде, ардақты әжелеріміз бен көп балалы аналар мәслихат төрағасының арнайы құттықтап келгеніне ризашылықтарын білдіріп, Түркістанды өркендету бағытындағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Айта кетерлігі, Бибісара Тойғараева – тыл еңбегінің ардагері, 98 жаста. Түркістан қаласының тұрғыны. 10 баланың анасы.
Зәуре Момбекованың жасы 96-да. 7 баланың анасы, 25 немере, 80 шөбере, 32 шөпшек тәрбиелеп отыр.

Қаламқас Арыстанова жас көпбалалы ана. Жолдасымен 9 баланы тәрбиелеп отыр. Аспазшы. Жанар Альчинбаева да 9 баланың анасы. Бүгінде мейірбике болып жұмыс жасайды.

АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨТІНІШІ ОРЫНДАЛДЫ

Осы уақытқа дейін мәселесін айтып талай есікке барған Қабылсай ауылы тұрғындарының мәселесі өз шешімін тапты. Елді мекен халқының талап-тілегіне назар аударып, дер кезінде орындалуына ықпал жасаған Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов пен облыс мәслихатының депутаты Ержан Қосмамбетов. Яғни, халық қалаулылары бұған дейін өңірге қарасты қала, аудандарды аралап сайлаушылар алдында кездесулерін өткізген болатын. Нәтижесінде депутаттар тұрғындардан түскен арыз-шағымдар бойынша нақты жұмыстар атқарып келеді.

Солардың бірі Арыс қаласына қарасты Қабылсай елді мекенінің мәселесі. Нақтырақ айтсақ, кестеге сәйкес Арыс қаласында сайлаушылармен жүздескен мәслихат төрағасы Н.Әбішов пен мәслихат депутаты Е.Қосмамбетовке жұртшылық екі жылға жуықтаған тас жол бойындағы жарық шамдардың іске қосылмай, тұрғындар қараңғыда қиналып отырғанын айтқан болатын. Арада ұзақ уақыт өтпей Қабылсайлықтардың мәселесі шешімін тапты. Депутаттар талап-тілекті басты назарға алып, оның дер кезінде орындалуына ықпал жасады.

— « Бұл ауылдағы негізгі көшенің бірі. Осы жолдың бойында мектеп бар. Әсіресе, қыс мезгілінде мектепке баратын балалар үшін қараңғы көшелер қолайсыздық тудыратын еді. Жолдың бойы жарқырап қалды.Осы күнге дейін әкімдікке де, басқа да жауаптыларға барып жарық қосуды сұрадық. Араға ұзақ уақыт салып, Нұралы Әбішов пен Ержан Қосмамбетовтың қабылдауына барған кезде ғана бұл мәселе шешімін тапты. Ауыл халқы атынан шексіз алғыс айтамыз»,-деді ауыл тұрғыны Е.Жақсылықұлы.

Айта кетейік, Қабылсай ауылында 600 ден аса халқы бар. 100 – ге жуық отбасы тұратын ауыл көшесі енді жарқырап тұр. Жарық шамдары орнатылған тас жолдан қала тұрғындары Арыс- Монтай бағытына қатынайды. Арыс қаласы облыстық маңызы бар КХ-92 «Арыс –Монтайтас» автокөлік жолы, Арыс қаласы, Монтайтас ауыл округі, Қабылсай елді мекенінің тұсына Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 67 дана жарық шамдар орнатылып, Арыс қаласы әкімдігінің теңгеріміне берілген.

Бүгінде, ел игілігі үшін жасалған жұмыс, арыстықтар үшін игі іс болып есте қалды.

Гүл өсіріп табысын еселеп отыр

Түркістан облысы Республикада жылыжай шаруашылығы бойынша көш басында тұр. Яғни, жылыжайлардың  70% түстік өңірге тиесілі және жалпы көлемі — 1 640 гектарды құрайды. Өткен жылы өңірдегі жылыжайлардан 140 мың тонна өнім жиналып, республика халқының 42%-ы көкөніспен қамтамасыз етілген.

Түркістан облысында көкөністермен қатар, гүл өсіруді қолға алған шаруаларда бар. Солардың бірі, Қазығұрт ауданындағы «Пасека-Бал» шаруа қожалығы. 2010 жылы іске қосылған қожалықтың қазір 18 гектар егістік жері бар. Оның ішінде жылыжай көлемі – 1,46 гектар.  Кәсіп иесінің гүл өсіретін үш жылыжайы бар. Онда жылына 1 миллионнан астам гүл қырқылады. Гүл бағында бүгінде раушанның «Misty Bubbles», «Каталина», «Қара сиқыр» деп аталатын үш түрі өсіріледі.

Шаруа қожалықтың төрағасы Азизбек Қасымовтың  айтуынша, бір ғана жылыжайдан жылына 400 мыңға дейін гүл қырқылады. Ал, өнімдерді Шымкент, Алматы, Қызылорда қалаларына жөнелтеді. Гүлдердің орташа бағасы — 150-170 теңге. Сонымен қатар, жылыжайда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

 

ҚАЗЫҒҰРТТА 300 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Бүгін Алғыс айту күні қарсаңында Қазығұрт ауданы Сарапхана ауылдық округінде А.Байтұрсынов атындағы 300 орындық мектеп ашылды. Жаңа оқу орнының ашылу салтанатына БАҚ өкілдері арнайы баспасөз турымен барды.

 

 

Білім ордасының құрылысы республикалық бюджет есебінен 2021-2024 жылдар аралығында жүрген. Қазіргі таңда мектепте 261 оқушы екі ауысымда білім алады. Мектеп құрылысын тәжірбиелі мердігер «Өмірзақ» ЖШС-гі атқарған және толық заман талабына сай жабдықталған.

 

 

Оқу ордасында физика, химия, биология, информатика, кабинеттерінен бөлек, тігін шеберханасы мен үлкен спорт зал бар. Осылайша ауыл тұрғындары көктемнің алғашқы күнінде қуанышқа кенеліп отыр.

 

Айта кетейік, өткен жылы ауданда 3 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Ал биыл қосымша 3 білім беру ғимаратының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

 

ДЕПУТАТ СУДЫ СУБСИДИЯЛАУ ҚАҒИДАСЫНА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗУ ҚАЖЕТ ДЕП ЕСЕПТЕЙДІ

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа суға мемлекеттен субсидия беру мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады.

«Ауыл шаруашылығы министрінің «Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілген қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларының» 1-тарауындағы 4-тармаққа сәйкес егіс алқабында су есептегіш құралдары мен құрылғылары орнатылмаған жағдайда субсидия берілмейді. Яғни, суға мемлекеттен субсидия алу үшін су есептегіш құралы болуы қажет. Ал диқаншылық маусымдық болғандықтан, шаруалар су есептегіштерінің орнатылуын күте алмайды. Оның үстіне көптеген шаруалардың қондырғы орнатуға өз күші жетпейді және олардың қаражаты да шектеулі. Сондықтан, аталған қағидадағы 1-тараудың 4-тармағын алып тастауға ықпал етуіңізді және бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіндіктен, «AMANAT» партиясының қатаң бақылауында болатынын ескеруіңізді сұраймын», – деді халық қалаулысы.

Ауыл белсенділерімен тығыз байланыс орнату қажет

Ауыл аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалар мен нысандар жергілікті халықтың игілігі үшін салынады. Яғни, оның сапасы сол тұрғындар үшін маңызды.
Түркістан облыстық мәслихатың депутаты Төрегелді Қалмұратов Сайрам ауданының халқымен кездесуде осылай деп мәлімдеді.
Халық қалаулысы өз сөзінде, ауылдың белсенділері мен елдімекендердің тұрғындарын барлық бақылау жұмыстарына қатыстыру керек екенін айтты.


“Президент айтқандай, Әділетті Қазақстан құру бастамасын шын мәнінде жүзеге асыру үшін, билік өкілдері де ашықтықты қамтамасыз ету қажет. Әрбір жобаға қоғамның бақылауын, ауыл белсенділерінің қатысуын қамтамасыз еткен дұрыс. Ауыл әкімі бір бөлек, ауыл биі мен тұрғындар бір бөлек болмауы тиіс. Дауласудың басты себептері де осындайдан басталады” — деді халық қалаулысы Төрегелді Қалмұратов

Айта кетейік, Түркістан облыстық мәслихат депутаттары халықпен кездеулер өткізіп, атқарылған жұмыстардың есебін беріп жатыр. Сонымен қатар, аудан-қала тұрғындарына алдағы жоспарларды баяндауда. Кезекті кездесуде мандат иелері Сұлтан Көшенов, Бекжан Айтқұлов, Сайдірасулхан Ералиев, Нұржан Жамалбеков және Төрегелді Қалмұратов Сайрам ауданының халқымен есеп беру кездесуін өткізді. Халық қалаулылары Сайрамның қордаланған мәселелеріне мән беріп, проблемаларын тыңдады.

Бірінші сөз Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Сұлтан Бахытұлы Көшеновке беріледі. Облыстық мәслихаттың кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, жиынға қатысушыларға облыстық мәслихатының 2023 жылы атқарылған жұмыстары бойынша есебін баяндады.

Баяндамадан кейін қатысушылар сұрақ-жауап, ұсыныс-пікір білдірді. Нақтырақ айтқанда, Қарақұрт ауылында қоқыс полигоны, Жібек жолы ауылында интернет жүйесінің жоқтығы және Ақдала ауылында СВА салу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, Сайрам ауданына қарасты жолдарды жөндеу және жарық орнату бойынша да тұрғындар шағым білдірді. Жалпы бұл күні ауданның инфрақұрылым, интернет және ауыз су мәселесін айтып келушілер қатары көп болды.

Жиын соңында депутаттар айтылған барлық ұсыныстарды назарға алатындарын айтып, алдағы уақытта арнайы комиссия құрып проблемасы бар елді мекендерге бару керек деп келісті.
Айта кетейік, есеп беру кездесуден кейін депутаттар тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдау өткізіп, арыз-шағымдарын тыңдады.

СОЗАҚ: Депутаттарға тұрғындар алғысын білдірді

Созақ ауданында жалпы өнеркәсіп көлемі жыл санап артып келеді. Тиісінше кәсіпорындардың ашылуы, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына, ауылдардың әлеуетін арттыруға септігін тигізуде. Одан бөлек республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттарға халықтың игілігіне қажетті нысандар салынып жатыр. Ал, осындай жобалардың жүзеге асуына Созақ ауданынан облыстық мәслихаттың депутаттығына сайланған депутаттар Мағауия Тұрысбеков пен Бегімбет Байғараев ықпал жасауда. Елдің сенімі мен үмітін арқалаған халық қалаулылары аудандағы өзекті мәселелердің шешімін қарастыру бағытында билікке бұқараның талап-тілегін жеткізіп, оның орындалуын басты назарға алып жүр.

Міне, осындай істердің есебін беру үшін қос депутат Созақ ауданының тұрғындарымен кездесіп, 2023 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы және 2024 жылдың жоспарлары бойынша баяндап берді.

Қазіргі таңда, Түркістан облысы бюджетінің жалпы көлемі 1 триллион 353 миллиард құрайды. Ал,  Созақ ауданына 2024 жылы 21 нысанға 6 миллиард 808 миллион теңге бөлінген. Бұл, өткен жылмен салыстырғанда 1 миллиард теңгеге артық. Яғни, депутаттардың ықпалымен Созақ ауданына өткен жылдан да көп қаржы қарастырылып отыр.

Сондай-ақ, халық қалаулысы Мағауия Тұрысбеков Созақ ауданына 5 жаңа тракторды тарту етті. Мандат иесі бұл тартуын сайлаушылармен кездесу барысында мәлімдеді.

“Бүгінде облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы өңірдегі тазалық, абаттандыру жұмыстарына баса көңіл бөліп отыр. Бұл халық үшін өте маңызды. Себебі барлық тірлік тазалықтан басталады. Сондықтан , аталған тракторлар аудан тазалығы мен өзге де қажетті салаларға қызмет ететін болады”,-деді Мағауия Сексенбайұлы.

Қайырымдылық — асыл қасиет.  Мағауия Тұрысбеков өткен жылы аудандағы бір отбасыға демеушілік жасап, баспана салып берген болатын. Бұл игі үрдісті халық қалаулысы биыл да жалғастырмақ ниетте екен.

Жиын соңында қос депутат тұрғындардың өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Тұрғындар тарапынан көтерілген елді мекендердің мәселелері, депутаттар тарапынан назарға алынды. Жалпы, аудан халқы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы істеріне сәттілік тіледі.

БИЫЛҒЫ КӨКТЕМДЕ 500 МЫҢНАН АСА КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛҒЫ КӨКТЕМДЕ 500 МЫҢНАН АСА КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында ел аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд. және қалалар мен елді мекендер аумағын 15 млн. ағаш көшеттерін отырғызу керек екені айтылған. Осыған сәйкес, Түркістан облысында 110 210 гектар жерге 170 млн. ағаш көшеттері отырғызу жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімдігі мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі кешені жоспар аясында тиісті жұмыстар жүргізіп, ауқымды шараны 5 жылда жүзеге асырады.

 

 

 

Сонымен қатар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген болатын. Аталған жоспар аясында өңіріміздегі 852 елді мекеннің шамамен 90% көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу жоспарланып отыр.

 

 

Бүгінгі таңда жоспар бойынша елді мекендерді көгалдандыруға 2022 жылы – 251 685 дана, 2023 жылдың көктем айларында – 532 682 дана және 2023 жылдың күз айларында 556 262 дана әртүрлі көшеттер отырғызылды. Осы бағытта облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев бастаған топ аудан, қаладағы орман шаруашылығы мекемелеріне барып, аталған жоспар бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысуда. Сонымен қоса өңір басшысы өзге елдердің тәжірибесін пайдалана отырып. Облыс аумағында заманауи тұқымбақ ашуды тапсырған болатын. Бүгінгі таңда тиісті жұмыстар атқарылуда.

 

 

 

Мәселен, облыстағы замануи тұқымбақты «Жасыл аймақ» КММ-нің базасында ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда тұқымбаққа арналған жерлер нақтыланып, мемлекеттік акт алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, қалған орман шаруашылығы мекемелерінде қосымша замануи тұқымбақ бұрыштары ашылады. Тұқымбақты ашу мекеменің тапқан табысы, үнемделген қаржылары мен инвесторларды тарту арқылы атқарылады. Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасы аясында мекеме басшылары мен салаға жауапты мамандар Өзбекстан, Ресей елдері мен облыстардың тұқымбақтарындағы заманауи зерттелген үздік тәжірибелерді енгізу бойынша тәжірибе алмасу сапарымен барып қайтқан болатын.

– Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды елді мекендерге егілген ағаштарды күтіп-баптау, өсіру ісін сапалы атқаруды, өңірде ағаш өсіретін тұқымбақтардың санын арттыруды және көгалдандыруға қатысты жұмысты күшейтуді тапсырған болатын. Осы орайда қазіргі таңда аудан, қала әкімдіктеріне жергілікті көнімділігі жоғары көшет түрлері мен гүлді ағаштарды босату жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2023 жылы аудан, қала әкімдіктеріне жалпы 1 миллионнан астам көшет, оның ішінде 101 573 дана гүлді ағаштар егілді. Биылғы жылдың көктем айларында жоспарға сәйкес 522935 дана көшет егіледі деп жоспарлануда. Оның ішінде гүлді ағаштардың 5500 түбі әзірленіп, аудан, қалаға үлестіруге дайын тұр. Бүгінде аудан, қала елді мекендерін көгалдандыруға босатылатын көшеттердің нақты түрлері мен саны, босататын орман шаруашылығы мекемесі көрсетілген жоспар бекітілді, – деді басқарма басшысы.

Өткен жылы Түркістан облысында «Экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын.

 

 

Оған Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан, Пәкістан елдерінен келген академиктер мен профессорлар мен еліміздің экоглог және орман шаруашылығы мамандары, ғалымдары мен профессорлар қатысып, олар Түркістанды жасыл желекке айналдыру бағытындағы қажырлы еңбекке оң бағаларын берді.

 

 

Одан бөлек, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің өңірімізге іссапары кезінде, мамандардың және ғалымдардың нұсқамасына сәйкес, көгалдандыру жұмыстары барысында елді мекендердің аумағына, кіреберіс қақпалары мен жол бойларына жергілікті көнімділігі жоғары көшет түрлерін егу ұсынылып, ал қылқанжапырақты сәндік ағаштарды арнайы ғимараттар мен мекемелердің алдыңғы беттеріне егу тәжірибесін қолдану дұрыс екендігі айтылды.

Қ.Нышанов: Ауыл тұрғындарының талап-тілегі басты назарда

Елімізде жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы  Заңына сәйкес  мәслихаттар жылына кемінде бір рет халық алдында атқарылған жұмыстар бойынша есеп береді. Осыған сәйкес, Төлеби аудандық Мәдениет үйінде Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Нұрлан Қозыбақов, Ханай Әшірбеков және Ғалымжан Елшібаймен бірге халықпен кездесіп, тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап бердік.
Басқосуда тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныстар мен талап-тілектер айтылды.  Солардың қатарында Зағамбар ауылының тұрғыны Мәдениет үйінің  құрылысын жүргізуді, Бейнеткеш елді мекенінің көшесін асфальттауды өтінді. Қасқасу ауылының тұрғыны оқушыларды мектепке тасымалдау мәселесі мен ауыл жастарынан құрылған воллейбол командасын қаржылай қолдауды сұрады. Сондай-ақ, Ленгір қаласы №8 колледжінің  ұстаздары спорт зал мен шеберхана қажеттігін, бұған қоса білім ошағының ғимараты апатты жағдайда тұрғанын жеткізді.
Аудандағы тағы бір өзекті мәселе мамандандырылған Дарын мектебіне қосымша ғимарат құрылысын жүрізу болса, Кемеқалған елді мекенінің зейнеткері Абай шағын жинақты мектебінің ғимаратын жаңартуға көмек сұрады. Ал, Екпінді мен Қосағаш елді мекенінің халқы ауылға спорт кешенінің қажет екенін айтты.
Ауыл тұрғындарының әлеуметтік маңызды мәселелері қашанда басты назарда болады. Тиісінше, халықтың өтініштеріне сәйкес аудағы уақытта, тұрақты комиссия отырыстарында жауапты сала басшыларына сауалдар жолданып, облыстық деңгейде шешімін қарастыру, бюджетке енгізу шаралары жүргізіледі.
@Қанат Нышанов — Түркістан облысы мәслихатының депутаты

ӘЙЕЛДІҢ АСЫЛЫ ІСІНЕН БІЛІНЕДІ

Өткен жылдың қараша айында «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Таңатқызы Каринованың Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында партияның облыстық филиалы жанынан Әйелдер қанаты құрылғанын хабарлаған болатынбыз. «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайда ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасын негізге ала отырып, әйел азаматтардың мемлекеттік басқаруға белсенді қатысуын кеңейтуде Әйелдер қанатын құру жөнінде бастама көтергені белгілі.

Партияның Түркістан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жұмысын жүргізу – Парламент Мәжілісінің спикері, партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың қолдауымен партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөрееваға жүктелді. Бүгінге дейін жаңадан құрылып жатқан ұйымның алдағы міндеттерін белгілейтін іс-шаралар тізбектері түзіліп, іс-құжаттарының жобалары әзірленді.

Әйелдер қанатының алғашқы кеңейтілген мәжілісінің күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты мақаласын талқылау және партияның облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту мәселелері қаралды. Жиынға қатысушылар мәжілісте қаралатын мәселелер мен жиынның жұмыс регламентін бірауыздан қабылдады.

Қазақстанның жаңа саяси мәдениеті шеңберінде әйелдердің қоғамдағы рөлін ілгерілету мақсатында құрылған Әйелдер қанатының жұмыс бағдарларын түсіндіріп өткен Қалыйма Жантөреқызы, Мемлекет басшысының еліміздің ата басылымына берген сұхбатында еліміздің ішкі-сыртқы саясатына қатысты ұстанымын жария еткенін атап өтті. «Қазақстан Республикасының Президенті өзінің кең көлемді сұхбатында мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Қаңтар қасіреті, қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, АЭС құрылысы секілді қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғады. «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі саналатын ұйым болғандықтан, өңірімізде құрылған Әйелдер қанатының алғашқы кеңейтілген отырысын Мемлекет басшысының сұхбатын талқылаудан бастауды ұйғардық», — деп атап өтті Қалыйма Жантөреева.

Президент сұхбатында айтылған ойлар мен айқындалған міндеттер бойынша Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры Жазира Исаеваның баяндамасы, Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Ақмарал Құдайбергенованың, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Қазақ филологиясы» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әдемау Толысбаеваның, Арыс қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Мөлдір Сарыпбекованың хабарламалары тыңдалды. Жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселе бойынша өзара пікір алмасып, ой тұжырымдарын жеткізді.

Жиында қаралатын екінші мәселе бойынша кең көлемді мағлұмат берген Қалыйма Жантөреқызы Әйелдер қанатының қызметі 10 басымдық бағытты қамтитынын, оның қызмет арнасы әйелдердің әлеуметтік, құқықтық және басқа да проблемаларын шешуге бағдарланатынын атап өтті. Әр бағыт бойынша қоғамда өзіндік орны бар, белсенді азаматшалар бағыт жетекшілері болып бекітіліп, әрі қарай әр бағыт тізбегінде 8-10 адамнан тұратын жұмыс топтары құрылатынын мәлімдеді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының: «Әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау» бағытына –
партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева; «Ғылымдағы әйелдерді қолдау» бағытына – Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры, Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Жанар Темірбекова; «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға көмектесу» бағытына – Түркістан облыстық оқушылар сарайының директоры Индира Икапова; «Еңбекті қорғау және өндірістегі әйелдердің қауіпсіздігі» бағытына – «Түлкібас әк зауыты» ЖШС директоры Перизат Абдыбекова; «Психологиялық қызмет институтының дамуына ықпал ету» бағытына – «Ұлы Дала елі» орталығының директоры Гүлжанат Дүйсенбаева; «Ауылдық жерлерде әйелдер бизнесін дамытуға жәрдемдесу» бағытына – «Атамекен» ҰКП Түркістан облыстық филиалы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Қуаныш әлемі» балабақшасының негізін қалаушысы Салтанат Төлегенова; «Заң жобаларының гендерлік сараптамасын ұйымдастыру» бағытына – Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры Жазира Исаева; «Инклюзивті қоғамның дамуына жәрдемдесу» бағытына – Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Ақмарал Құдайбергенова; «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту» бағытына – «Қуаныш» ЖШС директоры, Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Инара Намазбаева; «Әйелдердің денсаулығы мен отбасы құндылықтарын насихаттау» бағытына – Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Қазақ филологиясы» кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Әдемау Толысбаева жетекшіліп етіп, үйлестіретін болды.

Мәжіліске қатысушылар Әйелдер қанатының 2024 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасын жан-жақты қарастырып, онда қамтылған іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу мәселелерін талқылады. Түркістан өңірі қыз-келіншектерінің салт-санаға берік қасиеттерін жан-жақты қолдау, іскерлік қарым-қабілетін шыңдау, тәлім-тәрбиелік ізгілік мұратын ілгерілету мәселелері партияның тұрақты бақылауында болатыны мәністеліп, мазмұндалды.