Архив рубрики: Ақпарат

«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ОҚУ СЕМИНАРЫНА ҚАТЫСУШЫЛАР СЕРТИФИКАТ АЛДЫ

Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінде “Қарызсыз қоғам” атты қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша өткен оқу семинары өз мәресіне жетті. Пилоттық жобаға 70-ке жуық ауыл тұрғындары қатысты. Оқу семинарын сәтті аяқтаған тұрғындарға “AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбеталиев арнайы келіп, сертификат табыс етті.


-“Бүгінде 6,3 миллионға жуық қазақстандықтың банктік несиелері өтелмеген. Сонымен қатар 1,2 миллион қазақстандық микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері, ең бастысы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі – жыл сайын халықтың қарызының өсуін арттырады.


Халықтың қарыз ауыртпалық мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді. Қазіргі уақытта 1 миллионнан астам адам кем дегенде бір несиесін кешіктіріп отыр.
Оқыту курсының негізгі мақсаты – елімізде болашақта ел экономикасын қалыптастыратын халықтың, жас ұрпақтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін құру” — деді филиал төрағасы.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Шорнақ бастауыш партия ұйымының төрағасы Сүлейменов Баймахан Тоймаханұлы курсқа қатысып, өз білімін жетілдірген тұрғындарға алдағы уақытта ұрпаққа үлгі боларлықтай сауатымызды арттырып, қарызсыз қоғамды қалыптастыруды үйрену керектігін айтты.

Бұл семинар қатысушыларға қаржылық сауаттылықты арттыру, өз қаражатын тиімді басқаруды үйрену, қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын және алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екендігін үйретті. Курсқа қатысуға ниет білдіріп келген ауыл тұрғындары айтылған мәселелермен толық танысып, қаражатты қалай жұмсау туралы толыққанды ақпараттарын қаржы сарапшысы Жандос Әзімбайдан алды. Жоба мамыр айында басталып, қараша айына дейін жалғасады. Кез – келген оқуға ниет білдірушінің жобаға қатысуға мүмкіндігі бар. Ол үшін тұрғылықты жерде орналасқан «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласып, тіркелуі қажет.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

«Линда» есірткіні тауып берді

Қызметтік иттің көмегімен шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдік ұсталды.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Жібек жолы» шекара бақылау бекетінен хабарлама келіп түсті. Онда «Линда» атты қызметтік ит Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына өтіп бара жатқан шетелдік ер адамға белгі бергені көрсетілген.
Содан полицейлер күдік тудырған ер адамға тінту жүргізді. Нәтижесінде шетелдіктің шалбарының қалтасынан есірткіге ұқсас зат табылды. Сараптамада қорытындысы алынған зат «гашиш» екенін растады. Тексеру кезінде ер адам Өзбекстан елінің азаматы екені анықталды.
Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

АРЫСТА «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

«Ауыл Аманаты» жобасы халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретін жоба.
Осы мақсатта бүгін, «АMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Ауыл Аманаты» жобасы аясында ашылған ақпараттық қолдау орталығында «Ашық есік» күні өтті.

 
Аталған шараға «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Айдос Сазанов, «Ырыс» МҚҰ ЖШС-нің Арыс қаласы бойынша аймақтық менеджері Бәкен Сартаев және Ақдала, Дермене ауылдық округ әкімі аппараттарының жауапты мамандары қатысты.


Ашық есік күнінде қалаға қарасты Ақдала және Дермене ауылдық округтерінің тұрғындарына өз ісін ашуға мүмкіндік бере отырып, халықтың табысын ұлғайтуға ықпал ететін «Ауыл Аманаты» жобасы кеңінен таныстырылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«AMANAT» партиясының қалалық филиалы атқарушы органдармен бірлесіп ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізетін болады.

#AMANAT

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 2,5 ПАЙЫЗДЫҚ НЕСИЕНІ АЛАТЫН ЖАСТАР ІРІКТЕЛІП ЖАТЫР

2023 жылы Түркістан облысында жаңа бизнес-идеялар ұсынған 1688 азаматқа грант беру жоспарланса, 594 жасқа 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі. Мемлекеттік қолдаулар халықтың табысын арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының қатысуымен бағдарламалардың аймақта іске асырылу барысын талқылау жиыны өтті. Мәжіліске Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, барлық аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының өкілі, жергілікті әкімдіктердің жанынан құрылған жұмысшы топ мүшелері шақырылды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша басқарма басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, «Еңбек» бағыты бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант берудің бірінші легі 20 ақпан — 3 наурыз аралығында жүргізілген. Үміткерлердің өтінімдері Business.enbek.kz кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай онлайн терезесі арқылы қабылданып келеді.
Алғашқы лекте 385 азаматқа грант қарастыру көзделіп, 5199 адам өз жобаларын аталған платформаға жолдаған. Нәтижесінде 381 қатысушыға грант беріліп, игілігін көруде. Мемлекеттік қолдауға қол жеткізгендердің қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасы мүшелері, мүгедектігі бар азаматтар мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған тұлғалар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін жәрдемақыларды алушы санаттарындағы азаматтар бар.
Осы тұста Әсия Құралқызы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін аудан, қалаларда грант беру жөніндегі комиссия отырыстарының барысы жергілікті Халықты жұмыспен қамту орталықтарының әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетілімі жүргенін айтты. Грант берудің екінші легі 15 мамырда басталып, 26 мамырға дейін өтінімдер қабылданды. 2023 жылдың 22 мамырындағы мәліметке сүйенсек, өңір көлемінде 3862 жоба тіркелген.
Мәжіліс барысында облыс әкімінің орынбасары жастарға арналған жеңілдетілген несие беру шараларын баяулатпай, сапалы әрі жедел орындау керектігін қатаң ескертті.
– Бұл мәселе облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауында. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бағдарламаларды жүргізуге селқос қарамай, басты назарда ұстаңыздар. Халық игілігін көруі тиіс. Жастар арасында бағдарлама жөнінде толық ақпарат жетпейтіні байқалады. Өйткені, басым бөлігі мал шаруашылығы бойынша жобаларын ұсынуда. Дегенмен бізге басқа да кәсіп түрлерін өндіріп, қызмет көрсету саласын дамыту қажет. Жан-жақты ізденулері үшін жастарға бағыт-бағдар мен кеңес беріп көмектесіңіздер. Сенім білдірілген агент ретінде айқындалған «Аграрлық несие корпорациясы» өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруын жеке қадағалауыма аламын. Сондай-ақ грант алған азаматтар жобаларды мақсатына сай пайдалануына талдау жасау керек. Былтыр мұндай жағдайлар орын алып, тосқауыл қоя білдік. 2022 жылы кәсіпкер ретінде тіркелмеген 93 азаматтың қаржысы Заң аясында кері қайтарылды. Осы жұмыстар жалғасын табады, – деді Ермек Кенжеханұлы.
Айта кетейік, Түркістан облысының жастарына 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие үлестіру үшін мемлекеттен 2,9 млрд. теңге бөлінген. Агенттіктің хабарлауынша, бүгінге дейін жалпы 256 жас кеңес алуға келіп, оның 130-ы бизнес-жобасын ұсынған. Комиссия қарауына 105 жастың құжаты өткізіліп, 25-26 мамыр күндеріне жоспарланған комиссия отырысында өз жобаларын қорғайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

30 отбасы азық-түлік алды

1-маусым «Балаларды қорғау күні» мерекесі қарсаңында «АMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қалалық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен, осал топтағы аз қамтамасыз етілген 30 отбасыға азық-түлік таратты. Қайрымдылық іс шараға Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов бастаған бір топ елағалары, облыстың бас имамы Ержан Сматұлы Түлепов қатысып, әруақтарға арнап құран бағыштап, Түркістан облыстық «АMANAT» партиясының төрағасы А.Үмбеталиев бастаған ұжымға алғыстарын жеткізді.


Шараға қатысқан партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, бүгінгі күні «АMANAT» партиясының бастамасымен біршама әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып отырғандығын айтты.
Бұл жобалардың басты мақсаты – еліміздегі әлеуметтік жағынан, осал топтағы азаматтарға демеу болып, олардың тұрмыстық жағдайын мейілінше жақсартуға көмек беру болып табылады.
Сондықтан да, Облыстағы кәсіпкерлер мен белсенді партия мүшелері бірігіп, облыстағы тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созып келеді.


— Дана халқымыз «Кісіні кейде таршылық сынайды, кейде баршылық сынайды» демекші, өкінішке орай, тағдырдың тәлкегінен әлі де болса, тұрмысы төмен отбасылардың саны азаймауда. Біз бұл бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз, — деді А.Үмбетәлиев.
Сонымен қатар, партия төрағасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов ақсақал бастаған бір топ елағаларына алғысын білдірді.

«AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Сауран ауданында 12 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті Сауран ауданының 12 мектеп басшысын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Себебі, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген лицензиялау нормаларын бұзған, деп хабарлайды ТAQ.KZ ақпараттық агентігі
Айта кетейік, лауазымды тұлғалар мектептің атауы өзгергеннен бастап отыз күн ішінде лицензияны немесе лицензияға қосымшаны қайта ресімдеуге өтінішті бермеген.
Осыған байланысты, Департамент Сауран ауданының 12 мектеп басшысына 1 млн 863 000 теңге көлемінде айыппұл салған.
Айта кетейік, «Лицензияны және лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу үшін өтініш беруші мынадай құжаттарды ұсынуы қажет» — дейді Департамент басшысы Ғалымжан Алматов
1) өтiнiш;
2) лицензиялық алым төлегенін растайтын құжат – 1 (бір) АЕК;
3) лицензияны және лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу үшін негіз болған өзгерістер туралы ақпарат қамтылған құжаттардың көшірмелері;
4) ҚР заңдарында көзделген өзге де құжаттар.
Лицензиаттың лицензия алған кезде көрінеу анық емес ақпарат беруі,
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген лицензиялау нормаларын бұзу, оның iшiнде лицензияланатын қызмет түрлерiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келмеу;
әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік), сондай-ақ лицензияның қолданылуын тоқтата тұру мерзімі өткеннен кейін әкімшілік жауаптылыққа әкеп соққан;
лицензиялау нормаларын бұзушылықтарды жоймағаны үшін жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келетіндігін назарларыңызға салғымыз келеді.

9 дана «Iphone» ұялы телефонын белгісіз біреу жымқырып келген

Кентау қалалық полиция бөліміне электронды техника сататын сауда орталығының басшысынан арыз түсті. Оның айтуынша, сатылымда тұрған 9 дана «Iphone» ұялы телефонын белгісіз біреу жымқырып келген. Жәбірленшуіге келген шығын көлемі 6 миллион теңге.
Мән-жайды анықтау үшін тәртіп сақшылары оқиға орнына барып, қажетті шараларды атқарды. Куәлардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Арнайы бейнебақылау камералары тексерілді. Нәтижесінде тәулік ішінде қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол сауда үйінінің сатушы жас жігіт болып шықты.
Анықталғандай, күдікті жігіт осы сауда орнынан ұялы телефондарды күн біртіндеп жымқырған. Содан соң телефондарды ломбардқа өткізіп, ақшасын өз пайдасына жаратқан. Жас жігіттен қолды болған ұялы телефондардың бір бөлігі тәркіленіп, иесіне тапсырылды.
Аталған факт ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алынды. Қазіргі таңда жас жігіттің қылмысы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түлкібастағы өзекті мәселелер шешімін табады

Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов Түлкібас кентінде болып, кент аумағындағы өзекті мәселелермен танысты.
Бірінші кезекте теміржол бекетіне табан тіреген аудан басшысы соңғы жылдары жергілікті тұрғындар тарапынан көтеріліп жүрген кенттің оңтүстігі мен шығысын байланыстырып тұрған жаяу жүргіншілер көпірінің бүгінгі жай-күйін бақылады.
1990 жылы соғылған 100 метрді құрайтын аспалы көпір жергілікті тұрғындардың айтуынша бүгінде тозығы жеткен.
   
Нұржан Жақсылықұлы сол жерде «Қазақстан Темір Жол» АҚ филиалының учаскіге жауапты маманы, кент әкімі және ауыл тұрғындарымен бірге көпірдің кемшілік тұстарын аралап көріп, өзекті мәселені шешу мақсатында кент әкіміне тиісті құжаттарды әзірлеп, жауапты органдарға жолдауды тапсырды.
Содан соң, аудан басшысы кент орталығындағы ауруханаға ат басын бұрып, медициналық нысанның бүгінгі жағдайымен танысты.
Өткен ғасырдың орта тұсында бой көтерген нысанның бүгінде тозығы жеткен.
Нұржан Жақсылықұлы аталған түйіткілді мәселені жауапты орынбасарына толық зерделеп, аудандық аурухананың бас дәрігерімен бірге тиісті басқармаға ұсыныс дайындауды тапсырды.
Кент аумағындағы басқа өзекті мәселелермен танысқан аудан әкімі, тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешу мақсатында тиісті шаралар атқарылатындығын атап өтті.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Көші-қон мәселесі талқыланды

Бүгін Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішовтың төрағалығымен облысымыздан солтүстік өңірге қоныс аудару процесін ынталандыру мәселелері жөніндегі делегациямен жиын өтті. Делегация құрамында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ж.Ағабеков, «Отандастар қорының» Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Ә.Мыңбай, көші-қонмен айналысатын «TAUEKEL» ұйымының төрағасы Б.Даканов, Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры Б.Баржанов болды.
  
Кездесу барысында делегация мүшелері өздерінің «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында Түркістан облысынан Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниетті азаматтармен кездесу бағдарламасымен таныстырып өтті. Солтүстіктен келген осы азаматтар бағдарламаға сәйкес бүгін Түркістан қаласы мен Сауран ауданының солтүстікке көшуге ниетті тұрғындарымен кездесіп, көші-қон саясатын түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін айтып өтті. Делегация мүшелері келесі осы сияқты кездесулер 23.05.2023 ж. — Жетісай қаласы мен Мақтаарал ауданында, 24.05.2023 ж. – Келес, Сарыағаш аудандарында, 25.05.2023 ж. – Қазығұрт, Төлеби аудандарында, 26.05.2023 ж. — Сайрам, Ордабасы аудандарында өтеді деп өз жоспарларымен бөлісті.
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов бұл игі бастаманы толық қолдайтындығын жеткізе келе, аталған көші-қон мәселесі бойынша Түркістан облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы арасында меморандум түзу мәселесін пысықтау, сол өңірге мәслихат депутаттарының баруын ұйымдастыру жөнінде жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

ТҮРКІСТАН: ЖАЙЫЛЫМ ЖЕР БАСТЫ НАЗАРДА

Бүгін, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбеталиев қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарға жеке қоғамдық қабылдау өткізді.

Қоғамдық қабылдауға Қазығұрт ауданы, Қ.Абдалиев ауылдық округіне қарасты Еңбекші елді мекенінің бір топ тұрғындары ауыл маңындағы жайылым жерлердің заңдылығын анықтап, бұлақ басын ашып беру қажеттігі жөнінде өтініштерін білдірді. Өтініштері бойынша «Жер Аманаты» жобасы аясында заңдылығын анықтап, партия тарапынан тиісті жұмыстары жүргізетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Еңбекші елді мекенге ФАП салу қажеттігін алға тартты. Өтініші бойынша жазбаша өтініші қабылданып, бақылауға алынды.

Қабылдауға келгендер партия Төрағасына ризашылығын айтып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

@amanat